Қоршаған ортаның биологиялық ластануы
Табиғи ортада химиялық және радиациялық ластанулардан басқа адамда әртүрлі ауру туғызатын биологиялық ластанулар да кездеседі. Биологиялық ластаушыларға ауру туғызатын микроорганизмдер, вирустар, құрттар, қарапайымдар жатады. Олар ауада, суда, топырақта, тірі организмдердің және адамдардың организмінде кездеседі.
Жер бетіндегі 1500000 жануарлардың 50000 жуығы паразиттік тіршілік етеді, соның ішіндн 500-дей түрі адам паразиті болып есептелінеді. Адам паразиттерінің көбісі ауыру тудыратын жәндіктер. Иесінің денесінде тіршілік етуіне қарай паразиттер: уақытша және тұрақты болып бөлінеді. Уақытша паразиттер иесінің денесінде тамақ керек болғанда ғана пайда болады. Оларға: сүліктер, кенелер, масалар, бүргелер жатады. Ал, тұрақты паразиттердің иесі тек азық үшін ғана емес, тіршілік ететін ортасы. Оларға: безгек плазмодиі, аскаридалар, қышыма қоздырғыштары жатады.
Микробтардың ауру қоздыруына қажетті бірден-бір шарт – адам организмінің әлсіреуі, оның қорғансыз қалуы. Дені сау организмге түскен микробтар өсіп өнуге айрықша жағдай керек. Эволюциялық өзгерістер арқасында микробтар адам организмінде де белгілі клеткаларда өсіп-өнуге бейімделеді. Мысалы, безгек қоздырғышы тек қанның эритроцитінде өсе алады. Сол сияқты тек ішек-қарынның шырынды сілекей қабығында өсіп-өнуге бейімделген, тек сол қабыққа жеткенде ғана ауыру шақыра алатын тырысқақ, қантышқақ, іш сүзегі микробтары басқа жерлерде ол ауыруларды тудыра алмайды.
Тіршілік етуге бейімделген клеткаларға микроорганизмдердің жетуіне қарай жұқпалы ауырулардың таралу жолдары бірнеше түрге бөлінеді. Бірінші – ауадағы тамшылар көмегімен тарау, яғни жұқпалы ауырулардың тыныс жолдары арқылы жұғуы, ал сырқат түкіргенде, жөтелгенде, сөйлегенде ауру қоздырғыш микробтар шашырап, ауамен бірге өзі бейімделген тыныс жолдарының шырышты сілекей қабығына жетеді. Осылай тарайтын ауыруларды ауалы-тамшылы ауырулар тобы деп атайды. Оларға: қызылша, тұмау, шешек ауырулары жатады.
Екінші – ауыз арқылы тарау, яғни микробтардың ішек қарын жолдарына түсуі. Ал, қоздырғыш микробтар болса, қоршаған ортаға үлкен және кіші дәрет арқылы шығады. Бұл жолмен ішек-қарында болатын жұқпалы ауырулар тарайды. Оларға: қантышқақ, тырысқақ, сальмонеллез, полиемелит жатады. Бұл ауырулар жуылмаған лас қол мен шыбын арқылы да тарайды.
Үшінші – қан арқылы тарау, яғни микробтардың маса, бүрге, қандала , бит сияқты жәндіктер арөылы қанға түсуі. Бұл ауырулар тобына безгек, бөртпе, сүзек, оба, туляремия, энцефалиттер, т.б. жатады.
Төртінші – жұқпалы ауырулар қоздырғышымен зақымдалған және зақымдалмаған адамдардың терісі мен шырышты сілекей қабығының бір-біріне жанасып тиуі немесе сүйкесуі арқылы таралуы. Бұған жыныстың жұқпалы ауырулары (мерез, гонорея, СПИД), құтыру, сіреспе, газды гангрена, т.б. жатады. Жұқпалы ауырулардың осындай таралуы эпидемиялық тұрғыдан шапшаң және жәй таралатындар деп аталады. Ол ауыру жұғу үшін, теріде, шырышты сілекей қабықта жарақат болуы қажет.
Биологиялық ластаушыларды жұқтырудың негізгі көзі топырақ болып саналады. Сіреспе, ботулизм және басқа да кейбір жұқпалы ауырулардың қоздырғыштары үнемі топырақта тіршілік етеді. Жеке басының тазалығын сақтамаудың нәтижесінде, жуылмаған жеміс-жидек, көкөніс арқылы дененің терісін жарақаттап алған кезде олар адам организміне келіп түседі.
Көптеген ауыру туғызғыш микроогранизмдер жер асты суларына өтіп, жұқпалы ауырулардың тарауына себеп болады. Сондықтан, артезиан суларын, құдық пен бұлақ суларын пайдалану алдында қайнату керек, өзен, көл, тоған сияқты ашық су көздері көбінесе осы микроорганизмдермен ластанады. Су көздерінің тырысқақ, іш сүзегі, қантышқақ ауыруларының таралуына себеп болған кездері жиі кездеседі.
Ауа райы ыстық елдерде су арқылы адам организміне түсіп, амебиоз, эхинококк және басқа ауыру тудыратын паразиттер кең таралған. Эхинококкоз көбінесе ит пен мысық арқылы, кір қол арқылы немесе тамақ арқылы жұғады. Амебиоз ауыруы лас суларды ішуге пайдаланғанда жұғады.
Биологиялық ластаушылар адамға ауа арқылы да жұғады және түрлі тұмау, көкжөтел, дифтерия, қызылша және басқа ауыруларды тудырады. Бұл ауырулардың қоздырғыштары ауаға ауыру адамдар жөтелгенде, түшкіргенде тіптен сөйлегенде ауаға тарап отырады.
Безгек ауыруларын безгек масасы таратады. Адам қанына безгек қоздырғышы спорозит түрінде түседі де бауырға өтеді. Бауырда өсіп, дамып, бөлініп, одан келіп қанға өтеді де, қанға түскен соң олар өздерінің уларын бөледі, сол кезде бүйрек ауыруы басталады. Жұқпалы оба ауыруын егеуқұйрық бүогесі таратады. Ұйқы ауыруының қоздырғышы трипаносомаз це-це шыбыны арқылы адамның қанын сорғанда жұғады. Бұл ауырумен ауырған адамның бұлшық еттері әлсіреп, ақыл-есі төмендеп, ұйқы басады.
Паразиттерге тән белгі олардың ауру тудырғыштығы, міне сондықтан да осындай жұқпалы аурулар таралған аймақта болған кезде түрлі сақтық шараларын жасау керек. Көктемде және күзде орманды жерже жұмыс сітейтін адамдарға энцефалит тырыспасына қарысегу жүргізіледі. Жас нәресте туа салып оған дифтерияға, туберкулез ауыруына қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Оба, сүзек, безгек ауырулары шыққан аймақтарға карантин жарияланып, оның алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |