«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»
146
Педагогикалық курста жоғарыда аталған оқытушылармен бірге Түркістан ұлттық элитасының
көрнекті өкілі Сералы Лапиннің қыздары Райхан, Хадишамен бірге інісі Жағыпар Лапин, Сара
Есова, Шамғали Сарбаев, Тәңірберген Отарбаев және тағы басқалары сабақ берді. Алғашқы
түлектердің қатарында қысқа мерзімде қайраткерлік қызметімен Түркістан жастарының
жетекшісіне айналған Ғани Мұратбаев пен ұлттық кәсіби театрдың негізін қалаушылардың
бірі Құрманбек Жандарбековтерді ерекше атауға болады [6, 222 п]. 1919 жылдың 1 маусым
күні Түркістан Республикасы үкіметінің шешіміне сәйкес, біржылдық өлкелік педагогикалық
дайындық курстары қосымша ашылатын дербес педагогикалық училище болып қайта құрылып,
оның директорлығына И.Тоқтыбаев тағайындалды [12, 5 п]. Бірнеше айдан соң ол яғни, 1919
жылғы 11 қарашадағы Ағарту ХК алқасының қаулысымен Комиссариаттың, өлкенің қазақ
халқы арасында ағартуды ұйымдастыру мәселесін бақылайтын бөлімінің нұсқаушы қызметін
атқарды [13, 303 п].Түркістан басшылығы уақыт талабына сәйкес, 20-жылдардың басында-
ақ республиканың ұлттық мектептері үшін білікті мұғалім кадрларын дайындауға арналған
ірі педагогикалық оқу орындарын ұйымдастыру мәселесіне баса назар аударуға кірісті. Осы
бағыттағы жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында 1920 жылы 27 сәуірде Түркістан ОАК
шешімімен Халық Ағарту комиссариаты алқасының жаңа құрамы құрылып, оған Н.Төреқұлов
(Ағарту Комиссары), Лепешинский (комиссардың орынбасары), мүшелері болып Н.Ходжаев,
Дволайцкий, И.Тоқтыбаев кірді. 1920 жылғы маусымға дейін аталған алқа Түркістандағы білім
беру Институттарының Ережелерін әзірлеп, бекітеді [14, 169 п].
Сонымен 1920 жылы 1 қазанда Ташкент қаласында ашылған Қазақ халық ағарту институты
1917 жылдан бастап жұмыс істейтін қазақ педагогикалық училищесінің негізінде бой көтерді.
«Қазақ Халық ағарту институты туралы Ережеге» сәйкес институттың бес жылдық негізгі
курсынан өзге, бір жылдық курстар, мектепке дейінгі тәрбие курстары, мектептен тыс білім
беру курстары ашылды [15, 1-2 пп]. 1920 жылы 10 қарашада өткен Ағарту халкомы алқа
мәжілісінде И.Тоқтыбаев Халкомының нұсқаушылар бөліміне нұсқаушылықпен қатар Қазақ
педкурсының меңгерушілігіне тағайындалды. Ол осы қызметті 1920 жылдың тамызына дейін
атқарды [16, 59 п]. Бұдан соң И.Тоқтыбаев 1921 жылғы қаңтарда Ташкентте ашылған Қазақ
ғылыми комиссиясын басқарды [17, 83 п].
1921 жылы қаңтарда құрылған Қазақ ғылыми комиссиясы құрамына жоғары оқу
орындарының қызметкерлері енгізілді. «Қазақ ғылыми комиссиясы басқа ұлттық комиссиялардан
интеллектуалдық тұрғыда өте қуатты жеке құрамымен ерекшеленді. Оның мүшелері қазақ
фольклорын жинаушы Ә.Диваев, жас ғылыми қызметкер М.Әуезов және тағы басқалары болды
[17, 453-454 пп.].
1921 жылы қазанда Қазақ Ғылым комиссиясының төрағасы болып Х.Досмұхамедов,
комиссия мүшелігіне Ә.Диваев, У.Танашев және Е.Омаров тағайындалды. Х.Досмұхамедовке
зор жауапкершілік артылып, жұмысты жандандырып, жолға қою тапсырылды. Қазақ Ғылыми
комиссиясы мектеп кітаптарын даярлауға басты назарын аударып, 1921 жылы 30 шілдеде
И.Тоқтыбаевтың «Жағрафия» атты оқулығын қарап, оны баспадан ешқандай кезексіз 5000
данамен шығару туралы қаулы қабылдады[18, 243-244 пп].
Иса Тоқтыбаев, кейін Х.Досмұхамедов басшылық жасаған Қазақ Ғылыми комиссиясы 1921-
1922 жылдары орта мектептерге арнап қазақ тілінде біршама кітаптарды дайындап шығарады.
Атап айтқанда 1921 жылы 50000 данамен «Үлкендерге арналған әліппе», 1920 жылы 10000,
1922 жылы 3500 данамен А.Байтұрсыновтың «Қазақ тілінің граматтикасы», 1922 жылы 50000
данамен М.Дулатовтың «1 сатылы мектепке арналған тапсырмалар», 1922 жылы 40000 данамен
«Әліппе» оқу құралы, 1922 жылы 7500 данамен А.Байтұрсыновтың «Маймыл және көзілдірік»
атты кітабы, 1922 жылы Диваевтың «7 дастан қолжазбасын (Қобыланды батыр, Жарық ұлы
Шор, Бекет батыр, Алпамыс батыр, Қамбар батыр, Шора батыр, Едіге мырза)» шығарып,
М.Дулатовтың «Тапсырмалар» атты оқу құралы, Иса Тоқтыбаевтың «Бастауыш жағрафиясы»
мен «Түркістанның жағрафиясы», Х.Досмұхамедовтың «Анатомия мен физиологиясы»,
|