СҮЛЕЙМЕН ЕСҚАРАЕВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІ:
ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМ
Ә.Д. Кушекбаев,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым хатшысы
Қызылорда қ., Қазақстан
Егемендік алғаннан кейінгі кезеңдегі мемлекетіміздегі жаңарулар мен тың серпілістер тарихи
оқиғаларға жаңа тарихи таным бағытында зерттеу мен тың деректер негізінде қайта сараптап
зерттеу мүмкіндігін әперіп, Отандық тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің орнын толтырып,
болған оқиғалар мен құбылыстарға жаңа көзқарас тұрғысынан сараптап, тарихи шындықты
зерттеп, зерделеп жария етіп отыратыны ұлттық зиялылар қызметі арқылы жүзеге асатыны
мәлім. Егеменді Қазақ мемлекетін құру жолында ұлттық сананың қалыптасуы мен қазақ ұлтының
өткен тарихын, жекелеген тұлғалары мен тарихи үрдістерін шынайы түрде толық қарастыруды
қажет етіп отыр. Қоғамда ұлттық зиялы қауым өкілдерінің, саяси қоғам қайраткерлерінің, тіпті
ел ішінде танымал болған белгілі мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлердің есімдері ХХ
ғасырдың 20 жылдарының соңынан басталған кеңестік жүйенің арнайы жүргізген саяси іс-
шараларының құрбаны болып кете берді. Кеңестік тарих ғылымы жекелеген ұлттық тұлғалардың
өмір жолдары мен ұлтына арнаған қоғамдық-саяси қызметтерін өмірге жанаспайтын ұғымдар
тұрғысынан қарастырды, зерттеуге тыйым салды, ал зерттеле қалғандары сыңаржақ бағаланып,
тарихи шындық тұрғысынан бағалауға мүмкіндік бермеді[1, 15 б]. Сондықтан да тарихтың бұл
беттерін қайта қарастырып, әлі де болса қолданбай келген мұрағат құжаттары арқылы жаңа
шынайылық көзқараспен сынай отырып, қазақтың зиялыларының бірі Сүлеймен Есқараевтың
патша үкіметі, кеңес үкіметі тұсындағы өмірі мен қоғамдық-саяи және мемлекеттік қызметтері
туралы тарих саласында осы күнге дейін толық, арнайы түрде ғылыми тұрғыдан зерттелмеген
тұстарын кешенді түрде ашып көрсету бүгінгі күні көкейтесті мәселе болып отыр.
Ташкент қаласындағы Өзбекстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағатында
сақталған Сүлеймен Есқараевтың жазып қалдырған қысқаша өмірбаянында ол 1896 жылы
бұрынғы Түркістан генерал-губерниясы, Сырдария облысының Қазалы уезіне қарасты қазіргі
Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жаңақала ауылында дүниеге келгені туралы [2, 5
п] жазылады. Ол 1910-1918 жылдарда Ақмешітте (қазіргі Қызылорда) кірпіш зауытында,
теміржолда жұмыс істеген. 1918 жылы Сүлеймен Есқараев большевиктер партиясы қатарына
қабылданады. Перовскіде командир Николай Селиверстовтың ұйымдастырған партизан
отрядына қатысып, онда алғашқылардың бірі болып өз еркімен революцияны қорғауға аттанады.
Оның арты азамат соғысына ұласып, Ақтөбеден Ташкентке дейінгі жорық жолында болады.
Атап айтсақ, 1918-1919 жылдары Ақтөбе майданында, Осипов бірлігін жоюға және Шымкент
түбіндегі шайқастарға қатысқан [3, с. 60].
Сүлеймен Есқараев Ташкентте төтенше Комитетте көп іс тындырғаннан кейін Ақмешіт
қалалық атқару комитетін басқарды, одан кейін республика ішкі істер халық комиссары болды.
Сүлеймен Есқараев 1919 жылы Ташкенттегі кеңес-партия мектебіне қабылданады. Жаңа
құрылған жыл кеңес өкіметін нығайтуға, оның принциптерін жүзеге асыруға халықтың бетін
бұруға Сүлеймен Есқараев сияқты адамдар қажет болды. Түркістан республикалық атқару
комитеті Сүлеймен Есқараевты Сырдария облыстық кеңестерінің съезін шақыру жұмысына
жібереді. Бұл тапсырманы ол мүлтіксіз орындайды. Бұдан әрі сол кездегі жағдайға байланысты
партия оны Ташкент облыстық төтенше комиссия бастығының орынбасарлығына жібереді [3,
с. 61].
1924 жылы қыркүйек айының 25-28 күндерi аралығында болған РК (б) П Қазақ облыстық
комитетiнiң 2-шi пленумының күн тәртiбiнде қаралған негiзгi мәселердiң бiрi – Қазақ АКСР-
на Түркiстанның қазақ аудандарының қосылу жағдайы, барысы, қорытындылары болды.
|