Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Е



бет23/73
Дата22.08.2023
өлшемі0.56 Mb.
#476180
түріОқулық
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   73
Rustemov okulik 00

Абай мысалдары. Абайдың аударма мысалдары алғаш рет 1909 жылы Санкт Петербургте «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Абай аударма мысалдарымен қатар А.Байтұрсыновтың «Қырық мысал» (1909), бір жыл кейін С.Көбеевтің «Үлгілі тәржіма
(1910), төрт-бес жыл кейін Б.Әтетілеуұлының «Жиған- терген» (1914), С.Дөнентаевтың «Уақ-түйек»(1915) жинақтары жарық көрді. 1986 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдық шығармалар жинағының екінші томында Абайдың И.А.Крыловтан аударған 13 мысалы берілген. 1995 жылы шыққан қостомдықта Абайдың И.А.Крыловтан аударғандары деп 12 мысал көрсетілген. Абайдың Крыловтан аударған мысалдарының бірі - «Шегіртке мен құмырсқа». Крылов бұл мысалды Лафонтеннен алған. Крылов мысалы 30 жолдан, аударма 36 жолдан тұрады. 8, 9 буынды а, б, в, б үлгісімен жазылған. Бірінші шумақ жаз қызығын қуған шегіртке тірлігін баяндауға арналады. 2, 3, 4, 5-шумақтарда күз бен қыстың бейқам жан шегіртке сорлыға қолайсыздық әкелгендігі баяндалады. Шегіртке жаз бойы еңбек еткен құмырсқаға бас ұрып «қарағым, жылыт, тамақ бер, жаз шыққанша асыра!» деп жалынады. «Жаздай не бітірдің?» деген құмырсқа сауалына «Ән салудан қолым тимеді» дейді шегіртке.
Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!
Құмырсқаның үні өктем, үкімі кесімді. Абай Крылов мысалындағы инеліктің орнына қазақ оқырманының ұғымына жақын шегірткені алған. Абай И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалын 2 нүсқа етіп аударған. Аударманың бірінші нұсқасы 47 жолдан тұрады. 6, 7, 8, 10 буынды аралас ұйқас үлгісінде келген. Мысал көлемі түпнұсқада 26 жол. «Қарға мен түлкі» аударма мысалының бірінші нұсқасы төмендегідей кіріспе сөзден басталады.
Жұрт біледі, күледі,
Сұрқия тілдің жаманын,
Қошеметшілердің амалын.
Сонда да солар қайда жоқ?
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ.
Содан кейін барып кіріспе сөздегі ойға қатысты оқиға басталады. Қарға тауып алған ірімшігін жеп, аллаға шүкіршілік қылмақшы болады. Олжалы қарғаны көзі шалған түлкі оны тәтті тілмен алдай бастайды. Қарғаның мойны мен көзі, тұмсығы мен жүні - жалпы көркі мақталады.
Осы көрікпен, бұл жүнмен,
Әншілігің білінді,
¥ялмай, қалқам, бір сайра,
Біз де алалық үлгіні.
Құс төресі біздерге
Сіз боларсыз бір күні!
Бұл мақтау түлкі тілегін қабыл алмасқа еш мүмкіндік қалдырмайды. Ән салмаққа ыңғайланып аузын ашқан қарға ірімшігінен айрылып тынады.
«Қарға мен түлкі» аудармасының екінші нұсқасы 57 жолдан тұрады. 6-7 буынды аралас ұйқас үлгісімен жазылған. Аударма өлеңнің бірінші нұсқадан айырмашылығы, бұнда оқиға бірден баяндалады. Автордың мысал кейіпкерлеріне деген бағасы, айталық, іштартуы мен жек көруі, немесе оқиғаға қатысты бағасы, болжамы ұдайы сезіліп отырады. Мәселен, тауып алған ірімшігін ағаш басында отырып асықпай жемек болған қарға әрекетін автор бірден далбасалық деп табады.
Жем іздеген бір түлкі
Кездей келді сорына!
Автордың түлкіге деген жеккөрініш сезімі мына шумақтан байқалады:
Жуасып, жабырқап,
Таң қалып, таңырқап,
Қарады жүзіне.
Қарашы залымның,
Бұл жұртқа мәлімнің
Алдаған сөзіне!
Бұл мысалда да қарға көркі мақталады. «Алыстан бір өзіңді іздеп келдім. Бір ән салып берші, құмарым тарқасын» дейді түлкі. Мақтауға есіріп аузын ашқан қарға ірімшігінен айрылады.
Антұрған,
Сол тұрған
Жеріңде бол күлкі!-деп автор мысал соңын ызалы кекесінмен аяқтайды. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі бес кеселдің бірі мақтаншақтық. Залымдық жөнінде отыз сегізінші сөзінде жеріне жеткізе айтқан болатын: «Залымдық - адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады».
Абайдың «Емен мен шілік» мысалы емен мен шіліктің жауаптасуларына құрылған. Алғашқы төрт шумағында емен шілікті мейлінше жазғырып сөгеді. Оны бейшара, сорлы деп таниды. Бейшаралығың аллаға жазықты болудан дейді. Шілікке анық менсінбеушілік танытады.
Тырп етпес менің күшім жауын, желге,
Жапырағым көлеңке талай жерге.
Иығыма сені де алып қорғар едім,
Иең сені бітірген иен дөңге. Ақын шілік жауабына екі шумақ қана арнайды.
Шілік өз жауабын қысқа қайырады, тірлік мәнін және тәкаппарлықтың қатерлілігін бір-ақ ауыз сөзбен береді.
Бүгінгі аман бола ма үнемі аман?
Кердеңдікпен деп тұрсың не бар маған.
Шалқақтық иілмейтін кімге жаққан,
Екпінге ерегіссең, қатер саған.
Ақыры тәкаппарлық еменнің түбіне жетеді, ал бас үрған шілік аман қалады. Абайдың «Есек пен бұлбұл» аудармасы 28 жолдан тұрады. Бастапқы 6 шумағы 11 буынды, жетінші шумағы 7 буынды өлең ұйқасымен кестеленген. И.А.Крылов өлеңінің көлемі 29 жол. Есектің бұлбұлға айтқан өтінішінде оның даңқынан хабардар екендігі білінеді.
Сенбісің ақын бұлбұл, жаңа көрдім,
Атыңа жұрт мақтаған құмар едім.
Бір сайрап берсең, қалқам, өзім естіп,
Рас па екен жұрттың өзі, сынар едім.
Бұлбұлдың әні жан біткенді таңырқатады.
Жан атаулыны мың күйге салып толқытады. Қой да, қойшы да тапжылмай тыңдайды. Жел де соқпай, құс та шуламай тына қалады. Есектің «сен біраз әтеш әнін үйрен» деген сөзі көпшілік бағасына қарсы харекет. Жұрт мойындағанды мойындамау білімсіздік, топастық. Абай өз ойын төрт жолмен түйіндейді:
Демеймін жұрт мақтасын,
Я жақсын, я жақпасын.
Сүйтсе де мұндай сыншыдан
Құдайым бізді сақтасын.
Абай «отыз сегізінші» сөзінде күллі адам балсын қор қылатын үш нәрсенің бастапқысын надандық, екіншісін еріншектік, үшіншісін залымдық дегенді айтқан болатын. «Надандық - білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады». Абайдың «Қарға мен бүркіт» аударма өлеңі 41 жолдан тұрады. 6-8 буынды аралас ұйқас үлгісімен кестеленген. Аспаннан сорғалап келіп қозыны іліп әкеткен бүркітті көріп қарға желігеді. Қозыны менсінбей қошқарға жабысады. Кешікпей қарғаның бүркіттей емес екені білінеді. Тырнағы қошқардың жабағысына шықпастай болып ілінеді. Тәкаппарлық, мақтаншақтық, ойсыздық, білімсіздік құдайға жақпайды. Сондықтан
Әддін білмес шіркінді
Құдай әбден қарғады.
Кұдайдың қарғысына ұшыраған қарға мүшкіл халге түседі. Қойшылар қарғаны ұстап алып, қанат, құйрығын қияды. Аяғына жіп байлап, балаларға ойынға береді. Абай аударма мысалының соңы бұйрықтық мағынада ызалы күйінішке толы түйінде келеді. Кұдай қарғысы түрінде қабылданары хақ.
Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет