Өлеңдері. «Қазақ хрестоматиясы» ақынның ағартушылық мақсатта жазған екі өлеңімен ашылды. Автор оларды «Сөз басы» деген атпен кітаптың алғашқы беттерінде жариялады. Ыбырай бұл өлеңдерінде қазақ жастарын білім алуға, мәдениеттің жаңа дәстүрін меңгеруге шақырды. «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі - өлең-білімнің пайдасын түсіндіретін өлең. Өлең алғашында «Бір құдайға сыйынып» деп басталған болатын. Кеңес идеологтарының араласуымен бұл жол кеңестік дәуірде түсіріліп тасталған болатын. Хрестоматияның соңғы басылымында (2003) түзетілді. Ыбырайдың түсінігінде «бір құдайға сиынып барып» оқуға кірісу өз нәтижесін бермек. Сол себепті сөз басын «бір құдайға сиынып, кел, балалар, оқылық!» деп бастайды. Оқу білген адам бір жаратқан иені танығын үстіне тани түседі деген ой өлең соңында берілген:
Оқу білген таниды
Бір жаратқан құдайды.
Құдайды танымаса, құдайға ұнамауы кәдік. Құдайға ұнамаған жанның осыған дейінгі істеген ісінің бәрі бос әрекет болуы мүмкін деген ой «Танымаған құдайды неғылғанда ұнайды» дегеннен қылаң береді. Баланы құдайдан сұрау - халықтың ауыз әдебиеті үлгілерінен, әсіресе, ертегілер, батырлар жырынан келе жатқан дәстүр. Баланың өнегелі болып өсуіне бесік жыры, тұсау кесу жырында қандайлық мән берілетін болса, бұл өлеңде сол ата-ананың тілегіне сондайлық мән беріледі.
Шырағым адам болғай деп,
Ата-енең жылайды.
Баладан қайыр болмаса,
Баланы неге сұрайды.
Ата-ана құдайдан қайырсыз ұл сұрамайды, өз үмітін ақтайтын ұл сұрайды. Әйтпесе, бала сұрап несі бар дейді ақын. Автор баланын жанды жеріне дөп тиетін сөзді тауып айтады. Күндердің күнінде ата-ананың қартаятын күні туар. Қартайған ата-ана мал табуға қауқарсыз. Осы кезде сүйенетінің оқумен тапқан білімің болмақ. Демек, тұрмыстың жақсаруы үшін оқу керек. Ендеше, балаға жүктелетін міндет үлкен. Сол міндетті атқару үшін оқуға кірісу керек деген автор ойы айқын.
«Кел, балалар, оқылық!» өлеңі - Ыбырай өмір сүрген дәуірдің рухына, шындығына толы. Өлең құндылығы - қазақ қоғамының сол дәуірдегі өмір шындығынан көрініс бере алатындығы. Ақын өзінің идеясын оқушыға қазақ тұрмысындағы белгілі жағдайлар арқылы жеткізуді көздейді. Мал байлығы мен білім байлығын қатар салыстырады. Малдың «жұтқа» ұшырауы сияқты қазақ өміріндегі апаттарды суреттейді. Өлеңнің екінші құндылық жағы - оның халық дәстүрі, халықтың ұғым өлшемі негізінде жазылғандығы. Бұл жағдай өлеңнің халық арасына оңай және тез сіңісуіне мүмкіндік туғызған фактор ретінде көрінеді. Оқу үшін қандай қасиетке ие болу керек екендігін бұрынғыдан жеткен нақыл сөздермен түсіндіреді. Бірде«Аяңшыл ат арымас, білім деген қарымас» немесе «білмегенді білуге есті бала тырысқан, есер бала ұрысқан»,«надандықтың белгісі - еш ақылға жарымас» деп халықтық түсінікпен тұжырса, енді бірде «жөн білмеген наданға қыдыр-ата дарымас», «оқу білген адамдар май тамызған қылыштан» деп өзіндік қорытынды жасайды. Еңбектің нарқын қазіргі күні нақылға айналып кетіп отырған төмендегі мына шумақ танытады:
Сиса көйлек үстіңде
Тоқуменен табылған...
Сауысқанның тамағы
Шоқуменен табылған...
Өнер-білім бәрі
Оқуменен табылған.
Өлең әр дәуір ұрпағын тәрбиелеуге үн қосып келе жатыр. Білім-ғылымнан, өнерден алыс жаткан қазақ балаларына осы тәріздес үгіттік, ұрандық мәні бар өлең оқу ол дәуір үшін тың жаңалық еді. Өлеңнің «Кел, балалар, оқылық!» деп қайталанып отыратын үш тармағы ойды бекітіп, оның үгіттік әсерін арттыра түседі. Ыбырайдың «Әнер-білім бар жұрттар» өлеңі «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің жалғасы тәрізді. Өлеңде ғылымның жетістіктерін мадақтайды, мәдениетті елдің озық салтын баяндайды. «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде ғылым мен техниканың сол кездегі ең басты жаңалықтары толық баяндалады. Жалпы өнерге уағыздау ертедегі жыраулар поэзиясынан келе жатқан дәстүр болғанымен, соның айқын көрінісін XIX ғасыр жыраулар поэзиясынан да байқауға болады. Ы.Алтынсариннің тұстасы, ақын, жырау Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898) «Ілімге толса көкірек» толғауында
«Жігіттің көркі - өнері»
Жақсылардан шыққан сөз
Алтынды-гауһар бедерлі.- дейді. Ал Ыбырай болса
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
«Әнер - жігіт көркі» деп
Ескермедік мақалды.- деп жырлайды. Өлеңде ғылым мен техниканың соны жаңалықтарын баяндау және балаларды жаңалыққа ұмтылуға уағыздау бар. Демек, уағыз жалаң емес. Мұнда баланың көңілін сендіргеннен кейін айтылатын үгіт «Біз де бекер жатпалық, осыларға таныспай» немесе «жасөспірім достарым, қатарың кетті-ау алысқа-ай, ұмтылыңыз қалыспай» түрінде келіп, жеткіншектерді намысқа шақырады.
Ыбырай ақындығының тағы бір жаңашылдық сипаты оның төл әдебиетімізге хат үлгісінде жазылған өлең түрін әкелуінде десек қателеспейміз. «Қазақ хрестоматиясы» кітабының «Балалар туралы ұсақ әңгіме-ертегілер» деген бөлімінде оқудағы балалардың үйіне жазған хаттары берілген. Бұл хаттарды оқудағы бала ауылдағы атасы мен әжесіне, ағасына, досына жазады. Ең алдымен атасының немересіне жазған хатымен («Балғожа бидің баласына жазған хаты») танысып көрейік:
Үміт еткен көзімнің нұры балам,
Жаныңа жәрдем берсін құдайтағаллам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл берсең басыларсың;
Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,
Надан боп, білмей қалсаң аһ ұрарсың.
Енді немересінің атасына қайтарған жауабын оқиық;
«Қамқор, дуагөй атам мен әже, сіздерге ықыласты сәлемдерімді жолдап қаламын. Өзім сіздердің оң баталарыңыздың арқасында сау-саламат бармын. Әткен поштадан жіберген сәлем хатыңызды, азын-аулақ ақшасымен жолығып алдым. Ықыласыммен құдай-тағаладан тілеймін, сіздердің еңбек қамқоршылығыңызды бізге де қызметімізбен өтеуге жазғай еді деп.
Ата, сіз әрқашан ақыл айтушы едіңіз: «балам, алаң болмай, ұстаздарыңның айтқанын орнына келтіріп, берген сабақтарын толық үйреніп, білуге тырыс» деп, мен ол сөздеріңізді ұмытқаным жоқ. Оқыған оқуымыз турасында бұл күнде ұстаздарымыз сонша разы және де ең жақсы оқыған балалардың есебіне қосып, жазып қойды». Оқудағы балалардың үйіне жазған хаттары - қазақтың жазба тіліндегі эпистолярлық жанр үлгісі.
Ы.Алтынсарин ана тақырыбындағы өлең түрін де туған әдебиетімізге енгізді. «Бұл кім?» өлеңінде бар мейірімін баласына арнайтын ана бейнесі оның нәрестесі үшін атқарған қамқорлық істері арқылы нанымды беріледі.
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп
Түнде бесік таянған.
Үш шумақ өлеңнің алғашқысының өзі-ақ «бұл ана» дегізеді. Ананың балаға жасар қамқорлығын санамалап тауысу мүмкін емес.
Аялы қолда талпынтқан,
Қаймақты сүттей қалқытқан.
Суық болса жөргегін,
Қорғасын оқтай балқытқан.
Ақын ананың тек іс-әрекетін ғана береді. «Анаң қамқоршың, жанашырың, сондықтан сен оны сүй, құрмет тұт!» деген уағыз жоқ. Бірақ ананың бірден-бір қамқоршы екеніне бірден сенесің, кеудеңді оған деген шексіз ризашылық пен құрмет сезімі кернейді.
Айналасына ас қойып
Изені көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.
Өлең ананың баласын үйықтату, тамақ беру, күту, мәпелеу әрекеттеріне құрылған. Бұл тұрғыда бесік жырын, уату- алдарқату жырларын, түсау кесу жырын, мәпелеу жырларын айтатын қазақ әйелінің бейнесі еріксіз еске түседі. Бала күтімі жөніндегі халық түсініктерін қайыра әкеп жүрегімізге ұялатады. Кез келген баланың жаттауына оңай, ұғымына жеңіл тиетін ойнақы өлең түрін Ыбырай ана арқылы ұсынған. 6,7, 8 буын аралас келетін өлең. Ыбырай сұлу суретті табиғат лирикасын жасады. Ыбырай табиғатты жалаң алып, өмірден оқшау жырлаған жоқ. Табиғатты адам өмірімен байланыстыра жырлады. Ыбырайдың табиғат туралы өлеңдері реалистік суреттермен ерекшеленеді. «Жаз» өлеңінде табиғат көрінісін мал баққан шаруаның тұрмысымен ұштастыра баяндайды, көшпелі елдің өміріне сай сурет жасайды. Жазғы уақытты халықтың көтеріңкі көңіл-күйімен ұштастыра жырлайды. «Жаз», «Әзен» өлеңдері халықтың 11 буынды қара өлеңінің ұйқасы негізінде жазылған.
Достарыңызбен бөлісу: |