Мысалдары. Сұлтанмахмұттың «Арыстан мен тышқан» аудармасы (1912) мен Спандиярдың осы аттас мысалы арасында айырмашылық бірден байқалады. Бір тышқан айдалада ұйықтап жатқан арыстанның үстіне ойнақ салады. Бас жағына барған кезде арыстан тышқанды ұстап алады. Тышқан «босат!» - деп жалынады. «Менен де бір жақсылық көрерсің!» - дейді.
Арыстан күліп айтты: «Сорлы тышқан! Не жақсылық қайтады сен байғұстан? Дүниеде саған қалған күнім құрсын, Күшің кем жүдырықтай шымшық құстан» Ақыр соңында «көңіл көтеріп, күлдіргенің үшін босатайын!» - деп тышқанды қоя береді.
Арыстан бір күні торға түседі.
Даусын танып баяғы тышқан келіп,
Құтқарды торды қиып, тістеп үзіп.
Мысал осылай аяқталады. Мұнда қорытынды жасалмайды. Қорытынды жасау оқырман үлесіне қалдырылады. Ә.Бөкейхан аудармасында оқиғаны қара сөзбен баяндап беру бар. Ал С.Көбеевтің «Арыстан мен тышқан» мысалы Мінеке, сізге ғибрат болсын бұл да, Жаратты жанға не қып бізді құда.
-деген жолдармен түйінделеді. Әрі тышқан кезінде өзін келемеж қылған арыстанды сөгеді. Ғ.Тоқайдан аударған «Екі тышқан» мысалында да (1912) ынтымақ, бірлік мәселесі көтеріледі. Екі тышқан даладан тауып алған майды бөлісе алмай жанжалдасады. Төреші болған маймыл майды жоқ қылады. Алғашқы мысалдан бір өзгешелігі, бұнда қорытынды түйін бар:
Сорлының жанжалдасқан мйы қайда:
Бермейді ешбір уақыт жанжал пайда.
Өзара қосылмаса ынтымағың,
Жем болдың көрінгенге әрбір жайда.
«Көк өгіз» (1912) мысалында табынын тастап, жылқыларға қосылған өгіз жайы баяндалады. Ордалы қасқыр қамаған кезде жылқы үркіп қашады. Қасқырдың ортасында қалған өгізді өзге сиырлар құтқарады.
Әпендім, ой жіберсең бұл бір ақыл,
Бұрынғы кәриелерден қалған ақыл,
Жынысы басқа жылқылар тастап кетіп,
Бәледен өз жынысы құтқарды ақыр.
Автор нақты оқушысынан мысал астарына үңілуді сұрайды. Ақынның бір шумақтан тұратын «Мысал» атты өлеңі бар. Жанр өзгешелігін Сұлтанмахмұттың «Мысалы» әбден айғақтайды.
Бір жерде бір бас қосқан жиын, топыр,
Ішінде бір бишара көзі соқыр.
Алдар деп көзі бардың соңына ермей,
Жоқ болған жарға құлап байғұс соқыр.
Мысалда сюжет те бар, осы оқиғаның дамуы (соқырдың жиын, топыр арасында болуы), шарықтап шешілуі (көзі барға сенбегендіктен жарға құлауы) де бар. Мораль екінші бөлімде. Түйін жасаудың ешқандай қажеті жоқ. Қарап отырсақ, Сұлтанмахмұт мысалдарының барлығы бір ғана мәселеге, өзара ынтымақ, ауызбірлік мәселесіне арналған. Ақын мысалдары шағын көлемді. 11 буынға құрылған.
Достарыңызбен бөлісу: |