Қазақ балалар әдебиетінің 50-60-жылдары зерттелуі. Балалар әдебиеті жайында жазылған сын-мақалалар, әсіресе, Отан соғысы жылдарынан кейін кең қанат жайды. Қазақ балалар әдебиетінің әр түрлі жанрлары жайында С.Қирабаевтың, Ә.Тәжібаевтың, А.Нұрқатовтың, С.Сейітовтің, Ә.Дербісәлиннің, С.Ордалиевтің, Б.Сахариевтің, Н.Ғабдуллиннің мақалалары баспасөз беттерінде жарияланды.
Соғыстан кейінгі кезеңде С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Б.Соқпақбаев, С.Омаров, М.Гумеров, Ә.Дүйсенбиев, Н.Серәлиев, Қ.Мырзалиев, Ж.Смақов, Қ.Ыдырысов, Қ.Мұқышев, Б.Ысқақов С.Сарғасқаев, А.Байтанаев сынды ақын-жазушылар қазақ балалар әдебиетінің тұрақты маман кадрларына айналды. Бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге арналған туындыларымен Қ.Аманжолов, М.Хакімжанова, Қ.Бекхожин, Ж.Саин, С.Сейітов, Ш.Смаханұлы, І.Мәмбетов, О.Әубәкіров, Ш.Хұсайынов, Н.Ғабдуллин, Б.Тәжібаев, С.Жүнісов, М.Ақынжановтар көзге түсті. 50-60 жылдары жарық көрген мақалалар 40-50 жылдардағы қазақ балалар әдебиетінің даму ерекшеліктерін аталмыш қаламгерлер шығармашылығы негізінде қарастырды, балаларға арналған шығармаларда кездескен кемшіліктердің болу себептері мен олардан арылу жолдарын көрсетті, «кішкентайлардың үлкен әдебиеті» алдына орындалуға тиіс мақсат-міндеттер қойды.
1954 жылы жазылған «Қазақ совет балалар әдебиетінің кейбір мәселелері» мақаласында С.Қирабаев 40-жылдардың алғашқы жартысын қазақ балалар әдебиетінің еркін дами алмаған кезеңі ретінде атап көрсетеді. Қазақ балалар әдебиетінің бұл тұстағы кенже қалуының екі түрлі себебін атайды: біріншісі, тиісті орындардың әдебиеттің бұл саласын өркендетуге мән бере қарамауы, екіншісі, балалар әдебиеті саласында жұмыс істерлік арнаулы маман жазушы кадрлардың жоқтығы.
С.Қирабаев 40-шы жылдардың соңында жағдайдың біршама өзгергендігін баяндайды, яғни 1948-1949 жылдары балаларға арналған кітаптардың көптеп басылып шыққандығын айтады, сондай-ақ балаларға арналған бірер өлеңін бетке ұстап шығып кеткен өлең кітаптардың да болғандығын ескертеді. Балалар әдебиеті кадрларының жетіспеушілігі осыдан да байқалса керек. Осы кезең балалар прозасы мен балалар поэзиясы даму ерекшеліктеріне сыншының жасаған сындарлы талдауы ақын- жазушылардың шығармаларындағы орын алған бірқатар кемшіліктерді аңғартты. Көпшілік шығармалардағы оқушы бейнесінің солғын, жансыз шығу себебін сыншы төмендегіше түсіндіреді: бірінші, жазушы балалар өмірін жеткілікті дәрежеде зерттемейді, өмірдің жаңалығына еркін бойламайды, шығармаларын ескі әсерлеріне сүйеніп жазады; екінші, шығарма оқиғасын дайын схема бойынша тізіп, баяндап шығады, оқиға адам тағдырымен байланыспай жалаң белгіленеді, кейіпкерді ойдан шығарылған жалған қиыншылықтармен шырмайды; үшіншіден, адам характерін ашуға тіпті көңіл бөлмейді, өздері жасаған характерлерге өздері сенбейді, геройларының іс-әрекеттері жайында қосымша түсініктер беріп отырады.
Мақаладағы «Балаларға арналған шығармалардың басты геройы бала болуы міндетті емес, тіпті бір де бала қатыстырмай балаларға арнап шығарма жазуға болады» - деген (21,100) сыншы пікірі қазіргі кезең оқулықтарының біріндегі «Литература для детей нигде и никогда не была плодом усилий только детских писателей. Ж.Ж.Руссо когда-то объявил, что «Робинзон Крузо» - лучшая детская книга, хотя она не была написана именно для детей. Юные читатели приняли книгу, потому что она отвечала их потребности открывать мир, самих себя, испытывать свои возможности, воображая, переживая иллюзию участия в необычной ситуации» (42,4) деп келетін тұжырыммен үндесіп жатыр.
Балаларға арналған поэмалардың көбінің тым жеңіл оқиғаға құрылатындығын, не құрғақ баяндау жолына түсетіндігін, шығарма тілінің мейлінше ауыр болатындығын, шағын сюжетті өлеңдерін көпшілік ақындар «дастан» деп атайтындығын айтқан сыншыны балалар әдебиетінің бағбаны демеске негіз жоқ. «Меніңше, балаларға арналған өлеңдердің тілінің жатық, идеясының анық берілуі өз алдына (бұл бүкіл поэзияға керек қасиет қой), онда гипербола, дыбыс үнділігі, сөзді ойната білу, қызықты ұйқастарды қайталау керек пе деймін» (21,103). Сыншы бұл тұрғыда Маяковскийдің балаларға арналған өлеңдерін, А.Барто, С.Михалов, Д.Родари туындыларын үлгі етеді.
Сыншы балалар қаламгерлерінен нақтылықты талап етеді. Мәселен, мектеп жасына дейінгі және кіші мектеп жасындағы балаларға арналған әдебиеттің қандай болуы керектігі жайында төмендегідей кеңес береді: «Балаларға арналған кітаптың ерекшелігі - оның мейлінше қарапайым, нақтылы, әдеби образға бөлеп жазылуымен байланысты. Бөбектердің кітабы оқушыны әрі көңілдендіретін, қуанышқа бөлейтін, жеңіл оқылатын, оның үстіне баланың санасын оятарлықтай ойға құрылуы керек. Көркем әдебиеттің басқа саласы сияқты ол да қайнаған өмірден алынып, образды түрде жазылуға тиіс. Әрине, бұл жерде жазушының көркемдік суреттеушілік құралы үлкендердікінен өзгешерек болады» (21,104). Әдебиетші ғалым әңгіме жанрының өркендемей отырғанына қынжылыс білдіреді. Суретті кітапшалардың сапасына қатысты сын айтады. 40-50 жылдары кеңес заманының табаны тұтқыр ілімін ұстанушылар кеңестік балалар ұшы-қиыры жоқ арманнан, шығармашылық фантазиядан, қиял-ғажайып элементтері бар кез келген ертегілік дүниелерден бойларын аулақ ұстаулары қажет деп санады. Әлбетте, бұл жағдайға байланысты да сыншы позициясы айқын: «Бөбектердің өте сүйіп оқитын шығармалары - ертегі бізде анда-санда басылады.[...] Оның үстіне біздің кейбір сыншыларымыз ертегінің өзіндік ерекшеліктерін ескермей, айуанаттар туралы ертегілердің көбеюіне қырсығын тигізді. Әдетте, көп ертегілерде аңдар басты кейіпкерлер ретінде алынады. Ал, бұл біздің кейбір сыншыларымызға ұнамайтын көрінеді. Сондықтан олар «адам туралы жазбай, аң туралы неге жазасыңдар, аңдарың адамнан да ақылды болып көрінеді» деп ұрысады» (21,106).
З.Серікқалиев 1961 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Балалар поэзиясы туралы» мақаласында балалар ақындарына, бірінші кезекте, балалар фольклоры шығармаларын үлгі етеді. Сәбилердің үндес, ұқсас дыбыстарды айтуға ұмтылу ерекшелігі ойнақы өлеңдердің тууына жағдай жасайтындығын, бұл міндетті балалар фольклорының толығымен атқарып отырғандығын үлкен қуанышпен жеткізеді.
З.Серікқалиев ойынша, қазақ балалар ақындары үшін орыс балалар қаламгерлерінің балаларға арналған шығармалары әрқашан да үлгі. Сыншының XX ғасырдың 60-жылдарына дейін бір-екі ғасырлық тарихы қалыптасқан орыс балалар әдебиетін, жасы кіші балалар талғамы, қабілет-қарымы, психологиясын зерттеу нәтижесінде бүлдіршіндер талғамына жауап беретін тамаша жыр жауһарларын дүниеге әкелген К.Чуковский, С.Маршак туындыларын қазақ балалар ақындарына үлгі ретінде ұсынуы, әрине, заңды. Орыс балалар ақындарының балалар өлеңдерін жинап, жұртшылыққа таныстыру, тарату тәжірибесін алға тартады. Қазақ балалар әдебиетінде бұндай үрдістің дамымай отырғандығына қынжылыс білдіреді. Балалар психологиясын, тілі мен тірлігін зерттеу - қазіргі күннің де өзекті мәселесі. Чуковскийдің «Екіден беске дейін» кітабы жөнінде пікірі жоғары. Орыс қаламгерлерінің ыңғайынша автордың өзі де қазақ балаларының бірді-екілі өлеңдеріне тоқталып, олардың аяқ алыс, беталыстарына қуаныш сезімін білдіреді. Осы орайда ата-аналар, тәрбиеші, педагогтар мен балалар ақындарының бала аузынан шығатын сөзді жазып алу ісіне мүлдем қырсыз екендігін ашық айтады. Бұл істі бірігіп қолға алса ғана, өзіндік нәтиже беретіндігін ескертеді. Сын мақаланың шын бағасы балаларға арналған шығармалардың ерекшеліктерін көрсетуінен көрінеді:«Бала психологиясына, оның ойлау, түйіндеу ерекшелігіне сай оқиғаның, көркем образдың айнала қоршаған ортадан неғұрлым нақты, көрнекті алынуы; жирендіріп не қуандырып, бүлдіршіннің ішкі сезім дүниесіне бірден әсер ететіндей баяндаудың күшті лиризммен берілуі; оқиға өрбуі мен шешімінде, кейіпкерлер қарым-қатынасын, мінезін, характерін ашуда суреттеудің динамикалы келуі; ойнақы, жеңіл, бейнелі тілімен сәби жүрегін ғажайып бір шат сезімге бөлеп, оларды белгілі бір идеалға, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке, адалдық пен ерлікке меңзеу, - міне, бұлар нағыз ақын, нағыз суретші қаламынан туатын шығармаға тән қасиет».
Сыншы жиі жазылатын тақырыптарға тоқталады. Олар: мектеп, мектеп бағы, оқушылардың жазғы демалысы және табиғат құбылысы, жан-жануарлар мен жәндіктер туралы өлең-жырлар. Аталмыш тақырыптардағы өлеңдер бойынша аталған кемшіліктер елеусіз емес. Мектеп тіршілігі жайындағы өлеңдердің көпшілігі жалаң сөзді болып келеді. Бұларда нақты ой, түйін, көркемдік шешім жоқ. Бейнелі сурет, образ көрінбейді. Оқушылардың жазғы демалысы жөніндегі өлең-жырларға тән кемшіліктер бұдан гөрі қомақтырақ. Біріншіден, өлеңдерде жаңалық жоқ. Әйткені автор құбылысқа жалаң таңданады. Оқиға мәні мен астарына терең үңілмейді. Екіншіден, авторлар тарапынан оқиғаны үстірт баяндаушылық, риторикаға бой ұру байқалады. Фактілер мен құбылыстардың фотографиялық көшірмесін жасайды. Жалаң дидактика, үгіт айту басым.
Қазіргі уақытта да келелі тақырып болып отырған табиғат, хайуанаттар әлемі жайындағы поэзиялық туындылар кемшіліктері дегенде, сыншы бұлардың бір-біріне қоянның көжегіндей ұқсас келетіндігін көлденең тартады. Шешім, ой, мораль тұрғысы, бірін-бірі тұп-тура қайталайды дей келіп, Ә.Табылдиев, Т.Шопашев, Б.Тұрсынбаев, І.Мәмбетов, Ш.Смаханұлы, Қ.Мұқышев өлеңдерін мысалға келтіреді. Сондай-ақ, қазақ балалар поэзиясында сонау 30-жылдардан бері орнықпай келе жатқан тақырыптарды да қадап айтады. Қазақ балалар әдебиетін жасауға ең алғаш саналы түрде көңіл бөлген қаламгер І.Жансүгіров 1931 жылы жазған «Мен қалай жаздым?» мақаласында «Бізде, әсіресе, техника, өнер жайында шығармалар туған жоқ. Енді бұл кетікке кірпіш қалауымыз керек дейміз» деген болатын (2,193).
«Жыл сайын мыңдаған жас ұрпақ мектеп бітірісімен өмірге жолдама алып, фабрикалар мен заводтарға, құрылыстар мен колхоз-совхоз далаларына жұмысқа аттанады. Халық игілігіне бағышталған осындай сан алуан ұлылы-кішілі істердің мән-жәйін кішкентайларға бейнелі поәзия тілімен жырлап беру балалар ақындарының ардақты міндеті емес пе? Бізде, әдетте, үлкендер еңбегі жайында жазғанда оқиғаны, шындықты тек жасөспірімнің ұғымымен бағалап, солардың білім деңгейінде ғана жұқалап айту керек дейтін үстірт пікір бар. Туған жер келбетіндегі тамаша өзгерістерге әзірше өзі тікелей үлес қосып, қолма-қол араласып кете алмаса да, дүние сырын жаңа-жаңа ұға бастаған білімқұмар сезімтал жас оқушыға шахтер мен болат құюшының, мұнайшымен теміржолшының өмірін, қажырлы еңбегін нағыз көркем шығарма арқылы жан- жақты білу неге қызық болмайды» деп ағынан ақтарылады З.Серікқалиев. Бұл тақырыптардағы өлеңдердің балалар әдебиетінде көп тарала қоймауын тапсырыспен жазылған дүниелерді жаны нәзік, сезімтал балдырғандардың қабылдай алмауымен, соны жан-тәнімен сезінген сезімтал ақын қауымының сергектігімен түсіндіруге болатын сияқты. Сонымен автор 60-жылдар ішінде жарыққа шыққан өлең жинақтары мен суретті кітапшаларына тән ортақ кемшілік ретінде мазмұн жұтаңдығын, тақырып тарлығы мен идеялық шешімнің бірыңғайлығын көрсетеді.
1961 жылы «Жұлдыз» журналының кейінгі нөмірлерінің бірінде Ә.Тәжібаевтың «Жас ұрпаққа жақсы әдебиет жасайық» деген мақаласы жарияланды. Мақала авторы балалар әдебиетін жанрлық даму тұрғысынан бағалайды. Балалар поэзиясы, прозасы және драматургиясы салаларының өсіп-өркендеуі жөнінде ой бөліседі. Ж.Саиннің, М.Хакімжанованың, О.Әубәкіровтің, С.Сейітовтің, Ә.Табылдиевтің, Қ.Ыдырысовтың, Қ.Бекхожиннің, Ә.Дүйсенбиевтің өлең-жырларына тоқталады. Кемшін жағы турасында Серікқалиевтен асып ештеңе айта қоймайды, жетістік жағын көбірек қаузайды. О.Әубәкіровтің «Менің інім», «Шолжаң» өлеңдері жөнінде «Баланың міні мен сыны, ойыны мен шыны түп-түгел қабысып жатыр» дейді. Мақалада автор қазақ ақын-жазушыларынан балалар әдебиетінің арнаулы ақын-жазушыларын ажыратып, бөлек отау иелері ретінде алғашқылардың бірі болып айтады.
Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі жөніндегі сын төмендегідей: «Лирикалық герой сахнаға шыққанда қарны ашып шығып еді, кітап біткенше бір тойынбай қояды. Аңсайтыны қант. Ол қант көрсе ұрлап та жейді, сатып алып та жейді. Бір рет ашығуға болар, өне бойы аштықты айта беру қызық емес». Мақала авторы үнемі сын айта бермейді. Әсіресе, поэзия саласы бойынша барынша көрегенділік танытады. Жылт етіп көрінген жауһарды жаза баспай таниды. «Толағай» поэмасының авторы өз кезегінде Ә.Тұрманжановтың «Құмырсқалар, аралар - қиыспас дос, құдалар» мысал-поэмасына сүйсінбей тұра алмаған. Ә.Дүйсенбиевтің «Бәтеңке, Шұжық, Балқаймақ» поэмасы жөнінде «Тілі жатық, ұғымға жеңіл, оқуға қызықты, балалар үшін бір жағы ермек, бір жағы тәрбие. Шығарманың мазмұны үшін түрін, композициясын ауырлатпай, дөрекі білгірлікке ұрынбай өте татымды, өте тартымды шығарған» деп пікір білдіреді. Сондай-ақ, ақын назарынан шағын өлеңдер де таса қалмаған. Қ.Мұқышевтің «Тауық пен жылан», Қ.Мырзалиевтің «Күшігім», Ә.Табылдиевтің «Сары маса мен инелік» өлеңдерінің жас жеткіншектерді баурағыш қасиетін ақындық сезімталдықпен таниды. Алдында ғана өлеңдері таң-тамаша еткен ақындардың келесі бір туындыларын бекер дүниелер деп есептейді. Сөйтіп, сәттісін де, сәтсіз шыққандарын да таныстырып өтуді міндет санайды. Балалар әдебиеті сыны дамуына қынжылыс білдіреді. Ә.Тәжібаев М.Әлімбаев пен З.Серікқалиев мақалаларынан өзге іліп аларын таппайды.
Болашағы үлкен жанрдың бірі ретінде балалар драматургиясын атай отырып, Ш.Хұсайыновтың, С.Омаровтың, Н.Ғабдуллиннің, М.Гумеровтің, С.Ахметовтің, Б.Тәжібаевтың, С.Жүнісовтің, Қ.Мұқышевтің мектеп сахналарына арналған пьесаларын жаңа бастама деп қабылдайды. Б.Ысқақовтың «Кішкене театр» және бірнеше автордың «Мектеп сахнасы» жинақтарының жарыққа шығуын үлкен табыс деп бағалайды. Орыс тілінде жазылған пьеасалардың үлгі алар тұстарын баса айтады.
Балалар драматургиясының жай-күйі С.Ордалиевтің «Балалар драматургиясының жайы» мақаласында (1964) біршама көрініс тауып, бұл олқылықтың орны толтырылған. Зерттеуші соғыстан кейінгі жылдары туған пьесалар авторларына орыс балалар драматургиясы туындыларын үлгі етеді. М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин», М.Ақынжанов пен Қ.Бадыровтың «Алтын сақа», Ш.Хұсайыновтың «Нұрлы тас», «Есірткен ерке», Ш.Байжановтың «Әлия Молдағұлова» пьесаларының тақырыптық, мазмұндық, идеялық ерекшеліктерін көрсетуге күш салады. Ересек адам (колхозшы қарт Қуаныш, колхоз председателі Нарын), әсіресе, мектеп мұғалімдері (мектеп директоры Ақтан, отряд бастығы Дариха) бейнелерінің солғын шыққандығын «Нұрлы тас» пьесасы нәтижесінде көрсетеді. «Автордың суреттеуінше, Ақтан, Нарын, Қуаныштар - ұнамды образдар. Бірақ оларды автордың өзінен басқа ешкім сүймейді, өйткені сүйетіндей, сүйсінетіндей олардың ешбір әрекеті, қимылы айқын көрінбеген» (41,230). Пьесадағы оқушылар - ересектерге қарағанда әлдеқайда көреген, алыстан болжағыш, ақылдырақ. Автор өз пікірін орыс әдебиеті драматургиясы үлгісінде дәлелдеуге тырысады. Бұл жайт түсінікті де. Орыс балалар әдебиетінің қарқынды дамуында оның драматургиясының да алғы шепте болғандығын сол тұстағы пьесалардан байқаймыз. Пьесадағы тіл олақтығы мен бас кейіпкер бейнесінің ашылмауына байланысты ескертпе Ш.Байжановтың «Әлия Молдағұлова» пьесасына жасалады. Бас кейіпкері әсіреленуі нәтижесінде басқалары ұмыт қалған пьеса деп Ш.Хұсайыновтың «Есірткен ерке» (1953) пьесасын атайды. «Қазақ драматургтерінің балаларға арнаған шығармаларында іс-әрекетті шынайы көрсетудің орына риторикалық репликалар мен көп сөзділікке салыну, геройлардың тіліне елеусіз қарау көп кездеседі. Соның салдарынан ол шығармалардың кейіпкерлері бір-біріне өте ұқсас, бәрі бір типтес болып келеді, мұның өзі сөз жоқ, пьесалардың сапасын түсіріп, құнын төмендетеді» (41,236).
«Балалар прозасы» атты мақаласын(1965) А.Нұрқатов балалар әдебиетінің дамуы мен жанрлық ерекшеліктеріне шолу жасаудан бастайды. Н.Серәлиевтің «Намыс» жинағына енген әңгімелеріне назар аудара отырып, олардағы бала мінезін, бала қылығын танытатын сипаттарды басты жетістік ретінде атайды. Повестерден Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», С.Сарғасқаевтың «Сұлутөрдің балалары», А.Байтанаевтың «Ерденнің басынан кешкендері» туындылары жөнінде әр қилы пікір білдіреді. Бастапқы екі повесть турасында көркемдік, тіл ерекшеліктерін бағалай келіп, бұларда өмірдің көлеңкелі жақтарын суреттеуге көп орын берілген деген тұжырьш жасайды. «...өмірдің тек көлеңкелі жақтарын көбірек көріп, қызықтаушылық Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты басқа повесінде де баршылық.[...] Мұнда да автор ұнамсыз жәйттерді, өмірдегі және адамдардың басындағы көлеңкелі күйлерді тәптіштеп, қазбалап суреттеуге үйір-ақ. Автордың назары ауа беретін - ылғи бір жұтаңдық, тапшылық, қолқысқалық» (40,390).
А.Нұрқатов Сарғасқаев повесін С.Антоновтың «Жасыл алқап» шығармасына ұқсатады. Жазушы шығармасы тілін «Балалар» атты жинағындағы әңгімелері тілімен салыстырады, повестегі тіл шұбалаңқылығынан жинақ әңгімелерінде арылғандығын атап көрсетеді. Есесіне, А.Байтанаевтың «Ерденнің басынан кешкендері» повесінің ұнамды жақтарын молдау көрсетеді. Біріншіден, повесть оқиғасының қызғылықтығы. Екіншіден, балалар мен ересектер бейнесінің жан-жақты көрінуі. Үшіншіден, шығарма тілін бейнелі етудегі жазушы ізденісінің көрініс беруі. Дегенмен де, қаламгердің кейіпкер толғаныстарын бейнелеуге терең бойламай жатқандығын ескертіп өтеді.
Әдеби ертегі жөнінде С.Қирабаевпен қатар пікір айтқан - А.Нұрқатов. С.Бегалин, Б.Тұрсынбаев ертегілерінің кемшілігі дегенде халық ертегілері мен аңыздары желілерін қайталау қасиетін алға тартады. М.Гумеровтің, С.Омаровтың, Ж.Байжановтың аңыздық, ертегілік тақырыптарға арналған суретті кітапшаларының да аңыз, ертегілерден алыс кетпегендігін ескертеді.
Балалар әдебиеті жайында сөз болғалы бері айтылып келе жатқан жайт, оның бала жасына сәйкес келуі. Демек, суретті кітапшалар тақырыбының тарлығы ғана емес, олардың қабілеті, бала ой-өрісіне сәйкессіздігі де - басты кемшілік.
Балаларға арналған прозада типтік образ жоқ. Типтік бейне сомдауды ойға алуға тиіс қаламгерлер ертеде шыққан шығармаларын атын ғана өзгертіп тың туынды ретінде қайтадан ұсынуда дейді А.Нұрқатов. «Балдырған» журналының жарыққа шығуы - бөбектер үшін тамаша сый. Бірақ балалар және жастар баспасын ашу - кезек күттірмес шаруа. Халық ертегілері басылып шығуда, бірақ сирек шығуына байланысты қазіргі күні олар аздық етуде. Зерттеуші алда атқарылар шаруаның біршамасын атайды. Балаларға арналған таңдаулы шығармаларға мезгілімен конкурс жариялап отыру, жеткіншектерге арнап шығарма аудару ісін жандандыру. Кемшілік атаулының қатарында жазушының бала өмірін терең зерттемеуі аталады. Қарапайымдылықты желеу еткен қаламгерлердің көркемдік қасиеті кем, әсер етушілік қуаты жоқ туындыларды туғызатындығы рас. Бала тірлігін, кезең шындығын зерттеу жазушыларға міндет саналады. Балалар жазушысы болу үшін оған білім қажет. Жазушы білімді қайдан алады? Өз балалық шағынан алады. Балалармен арадағы қарым-қатынастан, оларды бақылау нәтижесінен тірнектеп жинайды. Аталмыш талап-тілек бүгінгі күні де өзекті. Оның көкейкесті болу себебі, балалар әдебиетінің объектісі әрдайым бала болып саналады. Демек, объектіні зерттемей ол жайында шынайы туынды туғызу мүмкін емес. Мақала авторлары, жалпы алғанда, 1940-50 жылдардағы балалар әдебиетінің тыныс-демін объективті түрде көрсете алған.
40-50 жылдардағы қазақ балалар әдебиетінің жай-күйі 50-60 жылдары жарық көрген ғылыми еңбектерден де көрініс тапты. 1960 жылы Ш.Ахметовтің «Балалар әдебиетінің очеркі», 1963 жылы «Қазақ совет балалар әдебиеті» еңбектері жарыққа шықты. 1964 жылдың 16 мамырында С.Мұқанов Ш.Ахметовтің «Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі» кітабының алғысөзінде былай деп жазған болатын: «Өткен жылдармен, әсіресе, революциядан бұрынғы жылдармен салыстырғанда советтік дәуірде балалар әдебиеті қазақ тілінде де орасан өсуі, жылдан жыл биіктеп, салмақтанып, көркемденіп келе жатуы мәлім. Бұл жөнде әр кезде жазылған мақалалар да аз емес. Шеген Ахметовтің оқушыларға ұсынып отырған мына кітабы - сол мақалалардың биік өркеші сияқты еңбек» (2,3). Әр кезде жазылған сол мақалалардың қатарында С.Қирабаевтың, Ә.Тәжібаевтың, А.Нұрқатовтың, С.Ордалиевтің, З.Серікқалиевтің жоғарыда аталған мақалалары бары анық. Бұлардан өзге авторлардың да, атап айтсақ, С.Сейітовтің, Ә.Дербісәлиннің, Б.Сахариевтің, Н.Ғабдуллиннің қазақ балалар әдебиеті мәселелеріне арналған мақалаларын Ш.Ахметов кітап кіріспесінде атап көрсетеді. «Бұлардан басқа да балалар әдебиеті жайында жазылған ірілі-уақты жиырма шақты мақалалар кездесті. Осы аталған игі еңбектердің бәрінде де қазақ совет балалар әдебиеті жайында айтылған өрелі ойлар мен құнды пікірлер бар. Оны жақсарту, көркемдігін арттыру мәселесі жайында да елеулі ұсыныстар жасалған» - деген (2,8) Ш.Ахметов осынау құнды пікір, өрелі ойлардың біразын басшылыққа алғанға ұқсайды. Мәселен, кітабының кіріспесінде балалар әдебиетінің алты түрлі ерекшелігін атайды. Олар - оқиға мен көркем образдың нақтылығы, лиризмнің болуы, суреттеудің динамикалылығы, пейзаждық суреттің қажеттілігі, шығарма мазмұнының белсенділікке шақыруы және шығарма тілінің ойнақылығы, жеңілдігі мен бейнелілігі.
С.Қирабаев, З.Серікқалиев, Ә.Тәжібаев, С.Ордалиев А.Нұрқатов өз мақалаларында балалар әдебиетінің белгілі бір сипаттарға ие болу қажеттігін балаларға арналған әр шығарманы талдау барысында ескертіп отырады. Демек, балалар әдебиетінің сан қилы мәселелеріне байланысты туатын пікірталастардың барлығы да балаларға арналған туындылардың түбегейлі зерттелуімен тікелей қарым-қатынаста өрістейді. Зерттеу еңбектерінің де белгілі бір сала проблемалары бойынша бұрын айтылған тың, пікір, ой- тұжырымдарға иек сүйейтіні тағы шындық.
Достарыңызбен бөлісу: |