Сұрақтар мен тапсырмалар
Қазақ балалар әдебиетінің зерттелуі жөнінде әңгімелеңіздер.
Ш.Ахметовтің «Қазақ балалар әдебиеті тарихының очерктері» кітабында (1965) қазақ балалар әдебиетінің қандай ерекшеліктері аталып көрсетіледі?
Балалар әдебиетінің ерекшеліктері туралы әдебиеттанушы ғалымдардың, ақын-жазушы, педагогтардың ой-пікірлерін мысалға келтіріңіздер. Өз ой-тұжырымдарыңызды айтыңыздар.
Оқуға ұсынылатын кітаптар
Ш. Ахметов. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. - Алматы: Мектеп, 1965.
Ә. Бөпежанова. Әрнектер. - Алматы: Жазушы, 1991.
М. Горький. Әдебиет туралы. - Алматы: Жазушы, 1984.
Қ. Ергөбек. Арыстар мен ағыстар. 1-2 кітап. - Алматы: Әркениет, 2003.
С.Қирабаев. Көп томдық шығармалар жинағы. 1 том. - Алматы: Қазығұрт, 2007.
Сөзстан. 4 кітап. - Алматы: Жалын, 1983.
II БӨЛІМ
ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ НЕГІЗДЕРІ
1 тарау. ХАЛЫҚ АУЬІЗ ӘДЕБИЕТІ
Балалар фольклоры. Балалар фольклорына аясына не жатады? Балалар фольклоры ұғымына ауыз әдебиеті үлгілерінің көптеген жанрлары мен жанрлық түрлері жатады. Олардың ішінде қара сөз түріндегі шығармалар мен өлең-жырлар бар. Демек, балалар фольклоры қара сөз түріндегі шығармалар мен үлкенді-кішілі өлең-жырларды қамтиды. Қара сөз түріндегі шығармалар балаларға арналған ертегілер, аңыздар, әңгімелер, мысалдар саналады.
«Хайуанат жайында балалар үшін айтылатын қазақ ертегісінің бір алуаны «Күшік пен мысық», «Қотыр торғай» сияқты кішкене жануарлар жайындағы ертегілер. Ақылсыз күшік, айлакер мысық балаға әр жәндікті әр кейіпте танытумен бірге күлкі, көңілді, баланың өз мінезіндей ойнақы күйде әңгімеленеді. «Қотыр торғай» ертегісінде әңгімелік құрылыс жағынан қызық айтылатын ерекше түр бар. [...] Құрылыс ерекшелігінен басқа, балаға арналған бұл ертегіде сол баланың өз мінезінің шағымпаздығын әзіл еткен мағына да бар. «Құйыршық» ертегісінде де сондайлық, бала мінезінің тынымсыз, мазасыз тыпырлаған қалпын кейіптеу бар. Ойнақы тынымсыз баланы тынымсыз ешкінің үнемі жыбырлап, тыным бермей тұратын құйыршығымен салыстырып әзіл ету бар»- деген (6,25) М.Әуезов пікірін еске алсақ жеткілікті.
Балалар фольклорының арнайы сала болып бөліну себебі, оның өзіне тән көптеген ерекшеліктерінің болуында. Ол ерекшеліктер К.Ісләмжанұлының балалар фольклорына берген анықтамасынан көрінеді: «...балалар фольклоры - балалар психологиясын, көркемдік талғамын, шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы. Ол өзінің бала қабілетіне лайықтылығымен, логикалық жүйелілігімен, тілінің нәрлілігімен, ақ пен қараның жігін айқын ажыратқан тәрбиелік маңыздылығымен, эстетикалық талғамдылығымен бағалы» (50,12).
Достарыңызбен бөлісу: |