2 тарау.
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Халық даналығы «Бала - балқыған қорғасын, оны қандай қалыпқа да құюға болады» дейді. Сондықтан баланың көркем әдебиетке деген қызығушылығын қоламтасында өшіріп алмай үрлеу қажет, осыған әрекет жасау керек. Орыс балалар әдебиетінің кеңес дәуіріндегі қамқоршысы М.Горькиий балаларға жазған хаттарында олардың оқуына ұсынылатын кітаптарды жүйелі түрде көрсетіп отырған екен. 1979 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Балаларым - бақытым» кітабының соңғы бөлімінде балалар оқуға тиісті кітаптарға Горькийдің берген қысқаша түсініктемесі келтірілген. Бұнда батырлар жыры, ертегілер, А.С.Пушкин, И.С.Тургенев, Л.Н.Толстой, В.Г.Короленко, В.В.Бианки, С.Я.Маршак, К. И.Чуковский, Г.Х.Андерсен, М.Твен, Ә.Сеттон-Томпсен және тағы басқа көптеген авторлардың шығармаларының аты аталып, түсі түстелген, олармен міндетті түрде танысудың қажеттілігі айтылған.
Балалар әдебиетін жасаудың ең бір оңтайлы жолы - бала талап-тілегін білу, біліп қана қоймай оны орындау екендігін Горький ерте еске тұтса керек. Әйткені 1912 жылдың өзінде-ақ орыс жазушысы балалардың өтініштері бойынша «Торғай балапаны», «Евсейкомен болған уақиға» ертегілерін жазды. 1918-19 жылдары «Ақымақ Иван туралы», «Самауыр», «Яшка» ертегілері жарық көрді. Өзін ешқашан балалар жазушысы есептемегенмен Горький бала өмірі жөнінде көп жазды.
Горькийдің оқушы балалардан алған хаттары бойынша С.Маршак «Балалар Горькийге жауап береді» мақаласын жазды. Мақала балалар әдебиеті ерекшеліктері мен балаларға арналған кітаптарға қойылатын талаптарды айқындауда маңызды мәнге ие болды. Кеңес балалар әдебиеті алдына жаңа бағыт-бағдар межеледі. Кішкентай оқырмандарға арнап шығарма жазуға ниеттенген қаламгер қауымы үшін пайдалы дүниеге айналды. Үлкендер әдебиеті мен балалар әдебиетінің жалпы міндеттері мен принциптері, көркемдік әдістері мен тарихи тағдыры бірдей.
Балалар әдебиеті - әдебиеттің жеке бір саласы. Сондықтан оған ерекше қасиеттер тән. Балалар әдебиетінің ерекшелігі жайындағы мәселе 30-жылдары да, одан кейін де талай рет талас өзегіне айналды. Көбінесе бір-біріне кереғар пікірлер легі толастамады. Ақын-жазушы, сыншы және педагогтардың кейбірі балалар әдебиетінің басты ерекшелігі - оның тематикасында, екіншілері - оның ұғынықтылығында, үшіншілері - оның балаларға лайықталған ерекше тілінде деп түсінді. Бірқатары балалар әдебиетінің ерекшелігі бала оқырманның жас өзгешелігін есепке алуда деп есептеді. «Әйтпегенде, - дейді М.Горький. -жазушы қаламынан балаға да, ересек адамға да қажетсіз, адрессіз кітап тууы мүмкін». Балалар әдебиеті баспасы жұмысының күрделілігін С.Маршак оның үш тілде кітап шығаруымен байланыстырады, өйткені бес жастағы бала бір тілде, он жастағы бала екінші тілде, ал он бес жастағы бала үшінші тілде сөйлейді.
«Жастан-жасқа толуымен өзгеретін бала табиғаты дәуірден дәуір, ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын да өзгеріске түседі. Адамзат та есейеді. Кезінде үлкендердің өздері үшін шығарылған көне мифтер қазіргі уақытта балаға арналған ертегіге айналған» - дейді И.Мотяшов.
Балалар жазушысы болу үшін оған білім қажет. Жазушы білімді қайдан алады? Өз балалық шағынан алады. Балалармен арадағы қарым-қатынастан, оларды бақылау нәтижесінен тірнектеп жинайды. Балалар кітаптарының тематикасына шектеу қоюға болмайды, онда адамның бүкіл қоғамдық және жеке өмірі қамтылады. А.Макаренконың айтуы бойынша, бұл жерде «не туралы?» деген сұрақ болмауы тиіс, «қалай?» деген сұрақ қойылуы керек.
Балалар әдебиетінің тағы бір қасиеті - юмор. Онсыз ол балалар әдебиеті болмақ емес. Бұның өзі балалар табиғатымен белгіленеді. Балада К.Чуковскийдің айтуы бойынша, «күлуге деген үлкен қажеттілік» (есть великая потребность смеяться) бар. Осы қажеттілікті өтеу үшін жарамды материал ұсынылуы қажет. Көркем шығарма балаларды көңілдендіру үшін ғана күлдірмейді, олардың бойында юмор сезімін тәрбиелеу үшін күлдіреді. Әйткені юмор сезімі бала өскенде оның кез келген қолайсыз ортаға қарсы қорғаныс қабілетін арттырады және ұсақ-түйек қажетсіз кикілжіңдерден жоғары тұруға үйретеді. Ашықжарқындылық балалық шаққа тән болатыны сияқты юмор балалар әдебиетіне тән.
Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінен Қожаның әжесінің аңқаулығын сипаттайтын эпизодты тұтасымен келтірейік: «Әжем менің қызық адам. Тұрмыстың қарапайым қағидасына бұдан жүйрік кісі осы ауылда, сірә де, табыла қояр ма екен. Сөйте тұрып ол көп мәселе жөнінде сәбидей аңқау. Қараңғы болған соң аңқау болмай қайтсін. Мен қанша әуреленсем де, оған осы күнге дейін жердің домалақ екенін ұғындыра алмай-ақ қойдым. Айтысып-айтысып келеді де, қолын бір-ақ сілтейді. - Бар аулақ. Жер домалақ емес, сен домалақсың. Басымды қатырмай, бар!- дейді. Кейде екеуміз құдай жөнінде керісіп қаламыз. - Құдай жоқ болса, дүниені кім жаратады? - деп сұрайды әжем. - Дүниені ешкім де жаратқан жоқ, өзі жаралды. - Сен немене, сонда қасында қарап тұрып па едің, дінсіз неме? -Қарап тұрғаным жоқ, кітаптан білем. - Ал, адамды кім жаратты? - Адам маймылдан жаралған. – Тәйт, сандалған неме. Сандалмай бар онда ана ормандаға маймыл әке-шешеңе».
Сонымен, балаларға арналған шығармаларға керек нәрсе юмор екен. Көңілді шығарма балаға тез сіңеді. Баланы күлдіре отырып, оның жанына ізгілік дәнін егуге болады.
«Менің атым Қожада» бала жанына жақын әдемі юмор бар. Белгілі әдебиеттанушы Қ.Ергөбек «Менің атым Қожаның» бас қаһарманы жайында былай дейді: «Қазіргі күнге Қожаның өзі олқы соғатыны және шындық. Әйткені қаһарман жаңалануы керек. Өйткені, қаһарманды тұлғалайтын, ішкі жан-дүниесін ашатын мотив жаңалануға тиісті. Бірақ, Қожа қазақ балалар әдебиеті тарихында белгілі бір кезеңде өмірге келген қызықты қаһарман болып қала береді». Әрине, Қожа қаһарман ретінде балаларды ендігәрі қызықтырмайды деуге болмайды. Дегенмен, бүгінгі оқушылардың өз уақыты деңгейіндегі шығармаларды оқығысы келетіні тағы шындық.
Балалар әдебиеті - балалар өмірінің энциклопедиясы. Бала кітап арқылы өзін, өз өмірін танып біледі. Балалар өмірінің энциклопедиясы халық өмірінің энциклопедиясын да танытады, өйткені бала тағдыры халық тағдырынан ажырағысыз. Бұның өзі балалар әдебиетінің халық әдебиетімен органикалық бірлікте екендігін байқатады.
Мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап он алты жасқа дейінгі жасөспірімнің жас ерекшелігіне лайық оқылатын кітаптар бар. «Балаларға арнап шығарма жазу былай тұрсын, жазылған жақсы шығарманы жыға танып қабылдаудың өзі бір мәселе. Әлгі шығармаларды түсіну үшін алдымен кім-кімге де бала бола білу, балаша ойлау, балаша қабылдау керек» - дейді әдебиеттанушы Қ.Ергөбек (16,171). Қазақ балалар ақын-жазушылары да өз шығармаларын жазуда баланың жас ерекшелігін басты нысанаға алады. Әрбір қаламгер шығарма жазарда, оның жасы кіші балаға немесе ересек балаға арналатындығын алдын-ала болжайды. Автордың кей жағдайда шығармасы жазылып біткеннен кейін ғана оның қай жастағы балаға лайық екендігін анықтауы мүмкін.
Қ.Ергөбектің «Көркем шығарманы өмірдің өзі деп қарайтын, солай қабылдайтын бүлдіршіндердің көңіліне қаяу салмау үшін оларға арналған көркем шығармада иненің жасуындай жасандылық болмауы шарт. [...] Бар ойыңды бала мінезіне құрып жеткізуің керек. Ең бастысы, бұл жастағы балаларға бағытталған шығарма сезім арқылы көңілге ұялауы шарт.» - дегенімен келіспесіңе болмайды (16,168). Ал жасөспірімдерге арналған шығармалар жөнінде не деуге болады? Ә.Бөпежанова былай дейді: «Төл балалар әдебиетімізде жеке кейіпкерлер психологиясын көрсетуде табыстар бар болғанмен, уақыт рухын терең беретін шығармаларға зәрулік сезіледі. Үлкен масштабтармен келгенде-жинақтау, қоғамдық ой айта білу, баланың рухани әлемін, жан-дүниесіндегі қиян-кескі «майданды» зерделеу, оның бойындағы тазалық - рухани күш-қуаттың терең қыртыстарын қопару жағы кемшін. Характер ірілендіру, характер біртумалылығы, жаңа көркемдік ізденіс-шешімдер де қажет-ақ» (11,124). Демек, уақыт рухын терең беретін шығармалар туғызу - қазіргі қазақ балалар ақын-жазушыларының алдында тұрған келелі міндеттердің бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |