Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Е



бет15/73
Дата22.08.2023
өлшемі0.56 Mb.
#476180
түріОқулық
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   73
Rustemov okulik 00

Қиял-ғажайып ертегілерінде қиял тудырған неше алуан жан иелері көрінеді. Жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, жезтырнақ, айдаһар, жалғыз көзді дәу, алып қара құс, тұлпар ат, алтын шашты қыз т.б. қатысады. Қиял-ғажайып ертегілерінің тіл кестесі, сөздік құрамы, жалпы әңгімелену ерекшеліктері өзгеше. Ертегі «баяғы өткен заманда», «ерте, ерте ерте екен, ешкі жүні бөрте екен, қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен», «есте жоқ ерте заманда» деп басталады да, «барша мұратына жетіпті», «барша мұрат басына жетіпті», «бақытты ұзақ өмір сүріп, мұраттарына жеткен екен» деп аяқталады. Қиял-ғажайып ертегісінде басты кейіпкер аса қатерлі жаумен (жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, жезтырнақ, айдаһар, жалғыз көзді дәу т.б.) алысады. Ертегіде қажыр-қайрат, қимыл-әрекет адамының қуатына сену бар. Олар - Ер Төстік, Кер құла атты Кендебай сияқты өз ақыл-ой, қажыр-қайратына сүйенген жандар. Бас қаһарманға көмек көрсететіндер - ай десе аузы бар, күн десе көзі бар ару қыздар (Күн астындағы Күнікей қыз, Ай астындағы Айбарша т.б.), таусоғар, көлжұтар, желаяқ, саққұлақ сияқты ғажайып жан иелері, алып қара құс, тұлпар ат т.б. Сиқырлы қазан, алтын сақина, айна, дастарқан, кездік, тоқпақ, семсер сияқты заттар да қаһарман керегіне әрекет етеді. Қиял-ғажайып ертегілерінде тұрақты сөз тіркестері мен қолданыстары жиі кездеседі. Қимыл-әрекетті жылдамдату, тездету мақсатында «заманды күндер болғанда», «күндердің күнінде», «қотыр тай ұстағанда құнан, жүгендегенде дөнен, ерттеп мінгенде бесті ат болады», қиын-қыстау күн туғанда «маңдайы тасқа тиіп, табаны жерге тиіп», «ұшқан құстың қанаты күйеді, жүрген аңның тұяғы күйеді», «қара құсқа қоң етін кесіп береді» т.с.с. тіркес сөздер молынан ұшырасады. Қиял-ғажайып ертегілері фольклордың басқа жанрларының көптеген стилистикалық әдіс-тәсілдерін өз бойына жинақтаған. Қиял-ғажайып ертегісіндегі айрықша сөздік үлгілер оны өзге ертегілер қатарынан бөлекше етіп көрсетеді.
Аңыз әңгімелер. Өмірде болған, болып кеткен оқиғаларға қатысты туған шығармалар - аңыз әңгімелер. Тарихи аңыздар тарихта болған ірі тұлғалар жөніндегі әңгімелер екені мәлім. Тарихи аңыз сюжеті шағын, басты қаһармандары тарихи адамдар (Асан қайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр, Қорқыт, Абылай, Жошы т.б.) болып келеді. Тарихта болған адамдар ішінде халық қаһарманы ретінде есте мәңгі қалатыны — Асан қайғы. Асан қайғы өзінің сын болжаулары арқылы заман жайында біршама дерек қалдырған жан. Асан қайғы жайындағы аңыз әңгіменің мағыналысы - оның халық үшін жайлы қоныс іздеуі жайындағысы. Қиялындағы мекенге «Жерұйық» деп ат қояды. Мұндай қиял мекенін орыс аңызы да(«суы - сүт, жағасы - балқаймақ») айтқан болатын. Жиренше шешен туралы аңыз халық аузында көп айтылады. Жиреншеге шешендік, тапқырлық, шапшаңдық, қасиеттері тән. Аңыз әңгімеде Жиренше зорлықшыл хан жанында жүреді. Хан Жиреншенің әйелі Қарашашқа қызығады. Оны адам қолынан келмейтін іске жұмсайды. Жиренше арам ханның зорлығынан өзінің ақыл-айласы, тапқырлығы арқылы құтылып отырады. Әйелі Қарашаштың ақылы, қасиеті артық. Жиреншеге адал жар. Хан қармағынан құтылу жолын Қарашаш ойлап табады, ақылдылығының айлалығының арқасында Жиреншенің де омірін сақтап қалады, өз басын да құтқарады. Алдар көсе жайындағы аңыз әңгімелердің көрнектісі - «Алдардың Шық бермес Шығайбайды алдауы». Әңгімеде Алдар дүниеқоңыз байды мазақ етеді. Сараң байдың бермесін алады. Әткірлік, алғырлық, шапшаңдық қасиеттеріне ие Алдар алдампаз шайтанның, қомағай саудагердің, арамза бақсының, зорлықшыл ханның сазайын тартқызады. Айлаға айла, амалға амал қолданады. «Ел қиялы Алдар көсенің басына сансыз көп, шексіз кең оқиға, әңгімелердің бәрін жамай, құрай берген. Алдар көсенің аты сондықтан да жеке-дара ат емес, мысал түрінде жаппай ат болып кеткен» (6,229). Қорқыт жайындағы аңыз әңгіменің түрі сан алуан. Бірақ бәрінде де Қорқыт өлмеске шара іздейді. Әлімнен құтылу үшін шартарапты кезеді. Қайда барса да, алдынан қазылған көр шығады. «Бұл Қорқыттың көрі» деген жауап естиді. Қорқыт - күй атасы. «Қазақ аңызы бойынша, жер жиһан күй дегенді естімеген шақта, адам баласы ән-күй білмей түрған шақта осы өнерді бірінші аспаптың қылына оралтып шығарған Қорқыт еді дейді. Сондықтан Қорқыт жер үстіндегі күй атасы болды дейді» (6,237). Күй атасы болу арқылы Қорқыт өлімге қарсы амал тапқан жан болып есептеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет