Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Е



бет62/73
Дата22.08.2023
өлшемі0.56 Mb.
#476180
түріОқулық
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   73
Rustemov okulik 00

Сұрақтар мен тапсырмалар

    1. «Әтебай Тұрманжанов туралы естеліктер»(2005), негізінде ақынның шығармашылық өмірбаянын әңгімелеңіздер.

    2. 1960-80 жылдардағы балалар мысал-поэмаларының тақырыптық ауқымын анықтаңыздар. ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары мен Ә.Тұрманжанов мысалдарындағы дара және стильдік белгілерді айқындаңыздар.



Оқуға ұсынылатын кітаптар

  1. Ә.Тұрманжанов. Менің кітабым. -Алматы: ҚМКӘБ, 1962.

  2. Ә.Тұрманжанов. Таңдамалы шығармалар. -Алматы: Жазушы, 1965.

  3. Ә.Тұрманжанов туралы естеліктер. - Алматы: Білім, 2005.

  4. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. -Алматы: Мектеп, 1980.

  5. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 3 кітап. - Павлодар: Арман, 2004.

3 тарау. М.ӘЛІМБАЕВ


Өлеңдері. 2007 жылы «Балауса» баспасынан жарық көрген «Балдәурен, балалық» кітабы «Бүлдіршін, бүлдіршін күнмен бір күлсін», «Жарқырай бер, жұлдызша», «Табиғат тамашалары», «Жас ұлан, асулардан ас ұлан», «Жұмбақтар», «Жаңылтпаштар», «Ән шырқашы әуелетіп», «Дастандар», «Аруақты ата-бабалар», «Атамекен аяулы», «Атыңның затын анықта», «Айналадағы алуандық» атты он екі бөлімнен тұрады. Ақын жазған өлеңдерін, алдымен, балалардың өздеріне тыңдатады. Олар - балабақшадағы бүлдіршіндер, мектеп оқушылары, бауырлары, өз балалары, туысқандарының, әріптес, жора-жолдастарының балалары, немерелері.
Ақын әр жастағы балалармен сұрақ-жауап арқылы сұхбаттасады. «Кімнің баласысың?» деген сұраққа қыз бала мен ұл бала төмендегіше жауап береді:

  • Қыз! Қыз!

Сен кімнің қызысың?

  • Анамның.

  • Ұл! Ұл!

Сен кімнің ұлысың?

  • Атамның.

Өлең, сондай-ақ, «Тұз - даланікі, гүл - Отандікі» деген тұжырым ұсынады. «Міне, өстіп сұрақ-жауап арқылы да бүлдіршіндермен сұхбаттасып, алдымен олардың жауаптарын тыңдап, мен Тұз бен Гүл арқылы оларға өз көзқарасымды ұсынып, саналарына ой салғым келеді. Қыз бен Ұл өздігінен назарларын аударып, Тұз бен Гүлдің орнына өздерін қойьш көрсе екен деймін».
«Менің ойыншықтарым» өлеңі соғыстан кейінгі кезеңде «Пионер» журналында басылып шығады. 1949 жылы бұл өлеңді өзімен қызметтес бір адамның кішкентай қызының аузынан естиді. Кішкентай қыз қуыршақпен ойнап отырып өлеңді жатқа айтады. Жеке шумақтардан құралған өлеңнен үзінді келтірейік:
Ашытпайды көзіңді,
Шомыла ғой, балақай!
Қарашы енді өзіңе:
Аппақ болдың, алақай!
Түсті түймең үзіліп,
Неге қадап алмайсың?
Тұр ғой әне ине-жіп,
Неге ұқыпты болмайсың?
Өлең жалғыз қуыршаққа ғана емес, ойыншық құлыншаққа, бұлбұлға, күшікке, қоянға да арналады. Сондықтан өлең «Менің ойыншықтарым» деп аталады.
Ақын өлең-жырларының басты тақырыбы - еңбек. Еңбек тақырыбындағы өлеңнің бірі -«Он саусақ». Өлең жөнінде автор былай дейді: «Еңбек қозғалыстан, әрекет етуден басталады. Екі саусақты біріктіру де, онымен ине ұстау да еңбек. Енді одан әрі не түйме қадалады, не киім тігіледі. Әстіп еңбек екі саусақтан, аздан, кішкенеден өрбиді. Сөйтіп үш саусақ біріксе қалам ұстауға, хат жазуға, білім алуға жарайды. Ал, он саусақ кіріссе үй де салынады, жол да жасалады. Саусақ арқылы адамдарды меңзеп тұрғанымды алғыр балалар өздері-ақ аңғарады».
М.Әлімбаев үшін еңбексүйгіштік пен жалқаулық - егіз тақырыптар. Автор еңбекті дәріптеу арқылы жалқаулықты әшкерелейді. Еріншектікті әшкерелеу арқылы еңбексүйгіштікті мадақтайды. «Егер де...» өлеңі төрт шумақтан тұрады. Жалқау бала атқарылуға тиіс шаруаларды істемес үшін күлкі туғызатын сылтаулар айтады. «Аяғым су болмаса, бақшаның қарын күрер едім, үстіме шаң қонбаса, бақшаны баптар едім, қарым талмаса, су әкелер едім, ағаш қатты болмаса, отын жарар едім, Жанатты жыламаса жұбатар едім, арифметика болмаса сабақты жақсы оқыр едім» деген сылтау иесін автор сын тезіне салады:
Айтайық біз Кәрімге
Бұл мінезін қоймаса:
Тындырар ең бәрін де,
Жалқаулығың болмаса.
Жалқаулықтың неге апарарын түсіндіретін өлең - «Жалқаудың жауабы».
Ана есікті жаба салшы,
Ілгегін де сала салшы.
Жалқау әрең ыңыранды:
Жел соқпай ма, Сол жаппай ма?!
Үйдің ішін суық алды...
Жалқаудың әрекетсіздігінен үйдің іші суып кетті. Есік жабуға ерінбегенде бұндай жағдай болмаған болар еді.
Халық өлеңі сарынымен жазылған «Шай қайнатып берейін» өлеңі екі бөлімнен тұрады. «Үлкенге - құрмет, кішіге - ізет» принципі байқалады. Апатайы Бағилаға шай қайнатып, інісі Мерейге сүт пісіріп бермекші болады. Апасына деген қамқорлығы «Шайға қанып, терлей ғой, өзіңді-өзің емдей ғой» дегенінен көрінеді. Бөбегіне деген жанашырлығы тілекпен ұштасқан: «Әппақ сүтке тоя ғой, жылағаның қоя ғой».
Ақын өлеңдері мақсатты. «Санамақ» өлеңінің мақсаты - бүлдіршіндерге санауды үйрету. Бірден онға дейінгі сандардың мәнісін түсіндіре келіп өлең соңында былай дейді:
Сан білмеген айта ма,
Санамақты қайтала!
Сондай мақсатты өлеңнің бірі - «Шынықсаң, шымыр боларсың» өлеңі. Өлең дене шынықтыру жаттығуларының жасалуы жөнінде.
Сағаттың тіліндей
Иіліп оңға бір,
Сағаттың тіліндей
Иіліп солға бір,
Сағатқа қарап ап
Жаттығу оңай-ақ!
Жаттығу түрлері осылай жалғаса береді. Жаттығу түрлерін үйренуге деген талап-тілек және автор тарапынан үйретуге деген ықылас осыну өлең-нұсқауды дүниеге әкелген. Өлең суретті кітапша түрінде де жарыққа шықты.
М.Әлімбаев өлеңдерінің көпшілігі сұрақ-жауапқа құрылады. Оқушыны сұрақ қойып сынайды. «Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?» өлеңінде, алдымен, сұрақ қойылады, содан соң бұрыс жауабы көлденең тартылады. Соңында «Бұл сені сынау, дұрысы мынау» деп дайын жауаптарды ұсынады:
Інінде - жылан,
Шөлінде - құлан,
Тайгада - бұлан,
Көгінде - қыран,
Елінде- ұлан.
Ақын сөзбен сурет салады. Бұл ретте сөзді үнемді пайдаланады. Үнемшілдіктің бір көрінісі - «Ай мен Ая» өлеңі.
Айдың беті әппақ,
Аяның беті сатпақ.
Неге олай?
Ол былай
Бұл ай
Аунамайды жерге,
Шомылады көлге.
Бейнелі, суретті өлең. Автор Ай қадір-қасиетін айту арқылы Аяның салақтығын танытқан. Сөзге үнемшілдіктің тағы бірі көрінісі - «Орманда» өлеңі. Екі-ақ жолдан тұратын өлең.
Отын жардық жұмылып,
Орман кетті жылынып.
Бұл өлең өзіне «еңбек түбі - зейнет» деген ойды еркін сыйдырып тұр. Ақынның балаларға арналған кітапшаларының бірі «Биікке-биікке» деген өлеңінің атымен аталады. Өлеңде астарлы ой бар.
Көктемде, көктемде
Күн нұрын төккенде,
Қар еріп ақты су,
Жоғары тартты бу.
Көк шыбық былтырғы
Көгерді - құлпырды.
Құлпырды, құлпырды,
Жоғары ұмтылды!
Биікке ұмтылған көк шыбық - адам перзенті бөбекті меңзейді. Бөбектің тілегі де - өсу, өсіп-жетілу. Адам - табиғат перзенті. Адам өмірі табиғаттан ажырағысыз. Демек, ақын ойы екінші бір құбылыспен астастырыла айтылады.
М.Әлімбаев бір затты екінші затқа, бір құбылысты екіншісіне ұқсату әдісін «Күн тоқыған кілем» өлеңінде де сәтті қолданады.
Күн кілем тоқиды,
Нұрмен тоқиды,
Гүлмен тоқиды.
Ол - Асыл зер кілем,
Жалпақ, кең кілем,
Жерге тең кілем.
Ол - Сен де сиярлық,
Мен де сиярлық,
Ел де сиярлық кілем.
Күн мен бейбітшілік - егіз ұғымдар. Соңғы шумақтан «жер үсті татулығын сақтайық» деген тілек аңғарылады.
Бала өмірін, тірлігін, мінез-құлық, әрекетін табиғат құбылыстарымен байланыстыру -ақын өлеңдерінің басты қасиеті. «Балақай мен қалақай» өлеңі аңғал бала мінезі мен әрекетіне құрылған. Өлеңде сюжет бар.
Саяхаттап көрдік қыр,
Қырға бардық, тердік гүл
Айқайлады балақай:

    • Алақай-ау, алақай!

Жапырақты үземін,
Гербарий ғып тіземін.
Ол бүтаны бас салды,
Міне, шатақ басталды.
Қарып қалды қалақай,
Жылап қалды балақай...
Бұл - табиғат аясындағы бала тірлігі. Дала тартуын баяндайтын, танымдық сипаттағы сюжетсіз өлеңнің түрі - «Мен дала бардым».
Мен дала бардым,
Қыр гүлін берді,
Көл суын берді,
Күн нүрын берді.
М.Әлімбаев жыл мезгілдерін жасы кіші бала түсінігіне лайық етіп жырлайды. Халықтың маусымдық өлеңдері дәстүрінде жазылған «Күз келді» өлеңінде күздің көңілсіз көрінісі лирикалық кейіпкер атынан баяндалады. Ерекшелігі, жаңа заман келбеті көрінеді. Сондай-ақ, бала ұғымына лайық тіл бар. Әйткені лирикалық кейіпкер, ол - бала. 5 буындық өлең өлшемі қолданылған. 12 жолдан тұрады. «Сарғайды тоғай, сап-сары маңай, соңғы әнін айтып, құс кетті қайтып» деген жолдар бала танымын айқын береді. Өлең соңында «Сонда да бізге қызық көп күзде» деген тұжырым жасалады.
«Күз» атты өлеңінің бірінші шумағында бір сурет екіншісіне жылдам ауысады:
Ұшты талдан жапырақ
Сары көбелек секілді.
Аспанда жай шатырлап,
Тамшы жерге секірді.
Өлең жолдары бала табиғатына үйлес ойнақы шыққан. Екінші шумақта ақын даланы еңбеккер алыпқа теңейді:
Барын беріп халыққа,
Жұмыстан соң қалжырап.
Дала ұқсайды алыпқа
Дамыл алған маужырап.
Дала өлеңде еңбеккер әке, ата мағынасында, ағаш жапырағы мен жаңбыр тамшысы перзент ұғымында қолданылған. Секіріп ойнаған бөбек пен жұмыстан шаршап келіп демалып жатқан әке бейнелері қылаң береді. Бүлдіршін жүрегіне жақын сурет.
Балалар фольклоры үлгілерінде тамаша жыр туғызған ақынның өтірік өлеңге бет бұруы әбден заңды. «Суайттың өтірік өлеңдерінен» атпен ұсынған шумақтарда ақын алуан түрлі өлең өлшемдерін қолданады. 7, 8, 11 және аралас буынды өлең өлшемдері кездеседі. Авторлық өтірік өлеңдерден халық өтірік өлеңдері кейіпкерлерімен де жүздесеміз, заманына сай жаңа сөз қолданыстарын да кездестіреміз.
Поезға арттым жалғыз қауырсынды,
Тарта алмай тепловозың ауырсынды.
Тышқанға қоса тіркеп беріп едім,
Жүйткіді әлгі поезд дауыл сынды.
Сурет салып отырған кішкентай бала көлге әкеп тіреп, жолды жоғалтады. Ақын жолды көлдің арғы жағалауынан күрең қарындашпен алып шығады. Жол көлге шомылып шығады. Осы оқиға негізінде «Жол қайда жоғалды?» өлеңі туады.
Жоғалды ма жол оңай,
Суға кетті-ау. Обал-ай!
Іздеп жүрсек жан-жақтан,
Сүңгіп шықты ар жақтан.
Балалар ақындары өлеңдері ішінде мысық жайында өлең көп. М.Әлімбаев өлеңі – «Мысық пен құмыра».
Сүтке толы құмыраны
Айналшықтап қызығады.
Төңкеріп тастап қарап отыр,
Енді ернін жалап отыр.
Ақын көргенін қаз-қалпында жеткізген. Бар-жоғы төрт жолдан тұратын өлең. «Басқа пәле - тілден» деген ойды «Ұзын тіл» өлеңі аңғартады. Тілдің қызармайтын себебі, ол - туғаннан-ақ қызыл. Қызармайтын тіл ұялмайды да.
Адам нанбас сөз айтып,
Бөскен сайын ұзарар
Сол тіл үшін көз тайқып,
Бет пен құлақ қызарар.
«Жарқырай бер, жұлдызша» бөлімі «Монтер ағай» өлеңімен басталады. Жарық тарататын монтер ағайда бір жылылық бар.
Көшеде, үйде, кеңседе
Жүреді ағай шам жағып.
Түн ішінде келсе де,
Ол жүрген жер жап-жарық.
М.Әлімбаевта омоним сөздерге, логогриф, шарада, метаграммаға құрылған өлең түрлері бар. Өлең басында омоним, логогриф, шарада, метаграмма дегендерге қара сөзбен қысқаша түсінік беріледі. Осындай ішкі жанр үлгілерінің мол болуы ақын ізденісі аясының кеңдігін байқатады.
М.Әлімбаев өлеңдеріне ән де жазылды. «Мұғалім ол біздің», «Бесік жыры» өлеңдері бұған дәлел. «Мұғалім ол біздің» өлеңінде мектеп мұғалімінің бүкіл қадір-қасиеті көрінеді. Ол қадір-қасиет ұстаз міндетінен шығады. Ұстаз міндеті - білім дәні мен ізгілік дәнін егу. Осы міндеттер үддесінде қызмет етуші жан бәріне де сыйлы. Ұстаз - бәрінен бұрын оқушы қамқоры. «Бесік жыры» халықтың дәстүрлі бесік жырын еске салады. Бірақ мазмұндық айырым айқын. Ақын бөбек ұйқысын күш жинау тұрғысында түсіндіреді.
Күш жинап ал, бөпешім,
Ер жеткенде шаршама?!
Сондай-ақ, ұйқы зардабын да айтуды міндет санайды.
Ұйқышының үлесі аз,
- Осы бастан біліп қой.
Ақын ойы еңбек жайындағы қорытынды ойға ойысады:
Өмір сүйген тыншымас,
Еңбек - нағыз қызық той.
«Әлди-әлди, бөбегім, әлдилесін өлеңім» деген қайталау дәстүрлі бесік жырынан өзгеше. Астарлы мәнге ие.
«Ақынның ең жақсы сыйы - өлеңі, сол өлең өздеріңе арналады» деген ой бар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет