МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗ, ГАЗЕТ-ЖУРНАЛ АТАУЛАРЫ
«Жұлдыз» – республикалық әдеби журнал. Шолпан (1922), Таң (1924)
журналдарының ізбасары саналады. Алғашқы саны 1928 жылы жарық
көрген. Әр жылдары «Жаңа әдебиет» (1928 – 32), «Жыл құсы», «Әдебиет
майданы» (1932 – 39), «Майдан» (1941 – 45), «Әдебиет және искусство»
(1939 – 1941 және 1945 – 1957) деген атаумен шығып тұрды. 1957 жылдан
«Ж» деген атпен шығады. Алғашқы редакторы – С.Сейфуллин. Журналға
Ғ.Мүсірепов, З.Қабдолов, Ә.Нұрпейісов, С.Мәуленов, Ш.Мұртаза,
Б.Тілегенов, М.Мағауин т.б. әр жылдары бас редактор болды.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» – ғылыми-педагогикалық, әдістемелік
журнал. 1958 жылдың наурыз айынан 1959 жылғы қарашаға дейін шығып
тұрған. Алғашқы бас редакторы Т.Ақшолақов. Еліміз тәуелсіздік алғаннан
кейін, 1991 жылы қайтадан шыға бастады. ҚР Білім министрлігінің
алқасының 1993 жылы 20 желтоқсандағы шешімі негізінде 1994 жылы
шілдеде журналдың ғылыми тәлім-тәрбиелік “Ұлағат” қосымшасы
жарыққа шыға бастады.
«Қазақ әдебиеті» – Қазақстан Республикасының әдебиет, мәдениет
және өнер газеті. Әр апта сайын, жұма күні шығады. Газет – Қазақстан
Жазушылар одағының органы ретінде тұңғыш саны 1934 жылдың
қаңтарында жарық көрген. 1940-1954 жылдары газеттің шығуы
тоқтатылып, 1955 жылдың қаңтар айынан қайта шыға бастады. «Қазақ
әдебиеті» ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби һәм мәдени
өмірін жан-жақты қамтитын басылым. Апталық өнер сүйгіш оқырман
қауымның эстетикалық талғамын тәрбиелеуде елеулі рөл атқарды.
Редакторы – Жұмабай Шаштайұлы.
«Парасат» – республикалық қоғамдық-саяси, әдеби-көркем
безендірілген журнал журнал. Алғашқы саны 1958 жылы шілдеде
“Мәдениет және тұрмыс” деген атпен шықты. Журналдың тұңғыш
саны 10 мың дана тиражбен жарық көрді. 1990 жылдан «Парасат» деп
аталады. Журнал бетінде тарих пен әдебиет, мәдениет пен өнер, руханият
мәселелері көтеріледі. Басылымның «Ойтолғақ», «Жаңғырық», «Тарих-
тағдыр», «Таным», «Дерек пен дәйек», «Салауат», «Ғұмырдария», т.б.
тұрақты айдарлары бар.
Достарыңызбен бөлісу: |