289
бүркіт кейіпті, сэнмура атты итбас, балық қабыршақты, қанатты құс бар.
Ежелгі адамдар ол арқылы аспан мен жерді
және жер астын билеген
дегенді нысандаған (Лелеков Л.А., 1991-501).
Самұрық қазақ қисса-дастандарына, негізінен, иран әдебиеті арқылы
кеңінен жайылса керек. «Самұрық» атты қазақ қиссасы да бар. Онда
Самұрық Мағұрып пен Машырықтағы екі ғашықты қоспау үшін қызды
жан баласына көрсетпей, адам аяғы баспайтын жерге бағып өсіреді.
Бәрібір қыз бен жігіт есебін тауып қосылып, балалы болады. Оны білмей
«нар кеудесіне» салып, ұшып, Сүлеймен пайғамбарға қызды алып келеді.
Нар кеудесін ашып жібергенде бір қыздың орнына үш адам түскенін
көріп, Самұрық талып қалады.
Тұрмағанбеттің «Рүстем-Дастанында» Рудабе босана алмай, қиналған
соң, Зал самұрықтың бір тал жүнін тұтатқанда, ол ұшып келеді.
Бір талын осы түктің салғанда отқа,
Айналды ап-ашық күн қара бұлтқа.
Жұп-жұмыр
жұмыртқадай бұршақ жауып,
Бір ауыл болды душар бүкіл жұртқа.
Адамдар көрді дағы қалды құлап,
Ойбайлап қарттар жатыр, жастар жылап.
Бұл бұршақ – Самұрықтың аққан тері,
Төгілген тез ұшқаннан жанды қинап.
Баланы анасының ішінен Самұрық құс жарып алады. «Сейфүлмәлікте»:
Сейфүлмәлік дарияның ортасында жалғыз
қалған жерінен құс пайда
болып, өлімнен құтқарады.
Пері – қисса-дастандар жиі кездесетін мифтік кейіпкер. Ондағы
оқиғалар кейіпкердің пері қызына ғашық болуынан басталады
(«Сейфүлмәлік», «Баһрам»).
Перілердің мекені – Ирамбақ, жағымды бейнеде көрінеді. Пері
мұсылман дәуірінде емес,
одан да бұрын, тіпті біздің заманымызға
дейінгі мифтерде айтылған. Мысалы, Авестада – пайрика, әйел кейпіндегі
жағымсыз бейнелер. Кейінгі нұсқаларында адам кескінінде, аң кейпінде
болып келеді. Кейде ұшып жүреді. Адамдармен қосылып, одан туған
балалар ерекше күшті, алып болып шығады.
«Қорқыт ата кітабында» Аруздың Қоңыр қойшысына пері қызы: «Сен
оғыз еліне жамандық әкелдің. Мендегі
аманатыңды бір жылдан кейін
аласың», – дейді. Пері қызы әкеліп тастаған түйіншектен жалғыз көзді
бала шығады.
Перілер адамдар еліне қосылып, бірге де өмір сүреді. Пері қызы
Бәдіғұлжамалға қосылған Сейфүлмәлік екі елді бірдей билейді:
290
Шаһзада пері, адамға үкім қылар,
Кей уақыт Ирамбаққа барып тұрар.
Мәликенің атасы Сарандилге,
Кей күні анда барып сейіл құрар.
Кей уақыт өз жұртында болушы еді,
Кей заман Ирамбаққа қонушы еді.
Өзі пері жұртына кеткенінде,
Сағадатты өз орнына қоюшы еді.
(Ғашық наме. 1976-174).
Пері Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білігінде» диюмен қатар айтылады.
Екеуі де жауыз күштер түрінде беріледі. Бір ұғымға саяды:
Қане, дию, пері, құсқа, адамға,
Ұлық болған пейілі таза жаһанда
(Баласағұн Ж., 1986-439).
Бұл жерде әңгіме аң-құс, дию-перінің тілін білген Сүлеймен мен
пайғамбар туралы болып отыр.
Орта Азия мифтерінде
еркін перілер де бар, олар бақсылардың
жәрдемшісі, тіпті тұтас әскер де құрайды (Басилов В.Н., 1991-429).
Мысалы: Жүніс пері, Жұлдыз пері, Құндық пері,
Мысқал пері,
Рахман пері, Молда пері т.б.
Қазақ аңыздарында су перісі де кездеседі. Кейде Қорқыттың
анасы пері қызы болып та кетеді. Ол Қорқытты ерекше күш, өнер
иесі етіп көрсетуден туған миф болуы керек.
Қазақ аңыздарында періге ұқсас, пірлер туралы да айтылады. Бұл
– таза мұсылман ұғымы, діни ұстаз мағынасында болса керек. Өте
ескілікті бір «Аушадияр» жырында (Иран азаматы Насрулла Тайбай-
ұлы жіберген):
Аушадияр пір дейді,
Ашса кілем кірлейді.
Ата-анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы пір дейді.
Аушадияр екі-ді,
Қорасан қалмақ кекілді.
Жаста
қылған тәубеңіз,
Тас жазудай бекіді.
(Аушадияр. 1991).
291
Қорқыт атаны да кейінгі бақсылар «пір» деген. Ежелгі перілердің
бақсыларға көмекшілік рөл атқарғанын ескерсек, «пір» де періге жақын
кейіпкер болса керек:
Әуелі бақсы пірі – Қорқыт ата,
Тілеймін медет бер деп кетсе қата.
Адамнан ер Сүлеймен өткеннен соң,
Мойнына көп жамағат салған бата.
(Марғұлан Ә., 1985-215).
Достарыңызбен бөлісу: