Әдебиет тарихын зерттеудің кейбір мәселелері
Б.Кенжебаевтың «Әдебиет тарихын зерттеудің кейбір мәселелері»
атты зерттеуі алғаш рет 1955 жылы, «Қазақ әдебиеті» (№7, 18-ақпан.)
газетінде жарық көрді.
Бұл мақаласында да ғалым даулы мәселелерді айта келіп, әдебиеттің
жастығы, әдебиет тарихының кенжелігі ел мақтанышы болмау керектігін,
шын мақтану үшін халқымыздың тым тереңде жатқан рухани мәдениетін
қазып, аршып алып, дәлелдеп, бүгінгі жастарды отаншылдық рухта
тәрбиелеуге қызмет еткізе білу қажет екендігі жайлы құнды тұжырымдар
келтіреді. Бұл жайында профессор Д.Ысқақұлы: «Өз кезіндегі әдеби
өмірге белсене араласқан Б.Кенжебаевқа нені болса да жалтақтамай
турасын айту, кемшіліктерді нақтылап көрсетіп, бетке басу, шындық
үшін күрестен тайқымау сияқты қасиеттер тән» деп, әділ бағасын береді
(Сынталқы. – Алматы, 2005, 16-б.). Сонымен қатар осы мәселе жайында
ғалымның басты мақсаттарының бірін іске асырған шәкірттерінің бірі
М.Жолдасбеков: «Ақ жүрегінен аршылып, төгіліп жазған маржандай
ойларының бәрі кесіліп, қайшыменен қиылып, күзеліп, жүнін жұлған
тауықтай болып жарияланатын. Ол замандарда Бейсекеңнің бір сөзі
жүзеге асқан жоқ, жазған мақаласының бірде-бірі тұтас күйінде
жарияланбады. Бәрі сүзгіден өткізіліп, мағынасы жойылып, халыққа
түсініксіз күйде жетіп жатты. Сонда да Бейсекең айтқанынан қайтқан
жоқ» деп (Біз білетін Бисекең // Егемен Қазақстан, 2011 жыл, 24 қыркүйек)
жүрек жарды пікірін білдіреді.
Бұл зерттеу мақаланың келесі басылымы ғалымның «Әдебиет
белестері» (Алматы, Жазушы, 1986.) атты оқулығында жарық көрді.
Зерттеу мәтінінің 1986 жылғы басылымы «Қазақ әдебиеті» (1955)
газетіндегі ғылыми мақалаға қарағанда көлемі жағынан біршама
ұлғайтылып, өңделген. Зерттеу еңбек соңғы рет «Түрік қағанатынан
бүгінге дейін» (Алматы, Ана тілі, 2004) атты жинақта жарияланды.
Кітапқа кіріп отырған зерттеу мәтіні соңғы жарияланым негізінде
өзгеріссіз алынды.
Тоекина Б.
Достарыңызбен бөлісу: |