Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы


Ғашықтық желісі мен мінсіз әйел бейнесі



Pdf көрінісі
бет81/126
Дата01.11.2023
өлшемі2.92 Mb.
#482164
түріБағдарламасы
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   ...   126
4100d37a29d9cd8e6f0c6385f1c84be9

Ғашықтық желісі мен мінсіз әйел бейнесі. Бірінші тарауда ежелгі 


314
мифтер бойынша Жүсіпті жолдан тайдырмақшы болған Потифар 
деген Египет уәзірінің жұбайы болғанын айтқан едік. Ол кейін Жүсіп 
пен Асенеф желісіне ұласқан болатын. Осы желілерді дамыта отырып, 
Потифардың жұбайын Зылихаға айналдырып, ғашықтық оқиғасын 
қоюландыра түскен Фирдоуси еді. Ол кісінің тектен-текке дастанның 
атын «Жүсіп-Зылиха» қоймағаны анық.
Осы ғашықтық желіні дамыта түсуде парсы ақындарының біраз 
еңбек сіңіргендігін Е.Э.Бертельс айтқан (1935-59). Жәми, Ансари 
дастандарында Зылиханың Жүсіпке деген ынтықтығын ақтап, дәлелдей 
көрсету жолында ақындық ізденістер жасалған. Өйткені, өз күйеуі 
бола тұрып, қол баласына ғашық болған әйел бейнесі шығыс салтына 
келіспейтін еді. Сондықтан, «түс көру арқылы сырттай ғашық болу 
желісі» кіргізілді. Таймұс шаһтың қызыу Зылиха Жүсіпті түсінде үш рет 
көреді. Бірінші көргеннен-ақ ғашық болған Зылиханың тынышы кетеді:
Зылиха айтты: «Ұйқыда бір түс көрдім,
Түсімде тамашалы бір іс көрдім.
Жаһаннан сипаты асқан сурет көріп,
Зар жылап соның үшін мен хош ұрдым.
Ол сурет көз алдымнан кетпей отыр,
Ұстауға қолым менің жетпей отыр.
Ақыл-күшім, сабырымды түгел алып,
Дүниеге көңілім риза етпей отыр».
(Ғашық наме. 1976-394).
Зылиханың бір жыл өткен соң көрген екінші түсінде: «Сен – мендік, 
мен – сендікпін, тезірек кел», – деп аян береді: 
Байан білің, сен бенің, бен сеніңбен,
Бенден өзге һеч кімсені һеч білмен.
Бенім ғышқым хатрыңдан сен салумаң,
Бенден өзге һеч кімсеге бақмаң емді.
Аудармасы:
Мынаны біл: сен – мендік, мен – сендікпін,
Менен өзге ешкімге көңіл бөлме.
Мендегі махаббатты естен шығарма,
Менен өзге ешкімге көзің салма.
Жүсіпбекте:
Тыңдасаң: мен – сенікі, сен – менікі,
Тұл маған – басқа жанмен ойын-күлкі.


315
Аударма көңіліңді ғашықтықтан,
Шығарма қатеріңнен мені ішкі.
Үшінші түсінде Зылиханы Мысырға шақырады. Әли бұл тұста парсы 
туындыгерлерінің ырқында кетпей, Жүсіпті сабырлы етіп көрсетеді. 
Ол Зылиханы да сабырлы болуға шақырады, бірақ сезім шырмауында 
елтілген патша қызы тездетіп Мысырға асығады.
Сабыр біле ішлегіл үшбу іші,
Сабыр бірле ішләнұр ішләр башы.
Аудармасы:
Сабырменен істегейсің бұл істі,
Сабырменен басталар істің басы.
«Қисса Жүсіптегі» «сабыр» желісі «Махаббат намада»: «Махаббатта 
сабыр керек» дейтін тұжырым түрінде қайталанып, айтылып отырады. 
Мысырға келген Зылиха түсіндегі жігіт пен Мысыр билеушісінің бір адам 
емес екенін көріп, есінен танады. Көзін ашып, күңіне мұңын шағады:
Толун айдек балқыр еді аның йүзі,
Бал-шекерден датлу еді аның сөзі.
Күңі сабыр қылуға шақырады.
Қиссада Жүсіп пен Зылиха барлық жағынан теңдес, мінсіз бейне 
болып суреттелген. Зылиханың сұлулығы Жүсіптен бір кем емес:
Зылиха кісі еді сол кісінің,
Дүниеде адамзаттан артық көркі.
Сипаты толған айдай нұрлы жүзді,
Балқиды толған айдай нұрлы жүзі.
Зылиха әкесі дегенде, Жүсіптің Жақыпты жақсы көргеніндей, жаны 
бөлек:
Жүсіпті қандай жақсы көрсе Жақып,
Зылиха атасына ол да сондай.
Зылиха Мысырға әкеліп сатылған Жүсіпті өзіне алып, жүзін көрген 
соң, ғашықтығы бұрынғыдан да арта түседі. Әли: «Мүшкіл халға 
түседі ол осыдан соң, бір сағатқа көрмесе Жүсіп жүзін», – дейді. Сүт 
анасының ақылымен әдемі сарай салдырып, Жүсіпті соған шақырып, 


316
өз көңілін білдіреді. Бұл жерде Зылиха мен Жүсіп бейнесіндегі қатар 
жарыстырмаларды көреміз. Жүсіп те ағаларының жасаған жамандығын 
есіне түсіру үшін, оларды өз басынан өткен оқиғалардың суреті салынған 
сарайға әкеліп, тәубасына келтіретін.
Бұрынғы қиссаларда (Фирдоусин Ансари) Зылиха сарайында 
эротикалық мағынасы бар суреттер салынғандығы айтылады екен. Әли 
оның орнына түрік жұртының ахылағына сәйкес, інжу-маржан, жақұтпен 
безендірілген алтын тұлпардың суреті салынғандығын жазған. Бұл сарай 
жігіттің желігін қоздырып, жан дүниесін қозғау үшін салынған еді.
Зылиханың эротикалық сарайын Жүсіпбек те жалпы әдемілігі 
тұрғысынан ғана сипаттап өткен. Сарай салуды ұсыныс етуші күңнің 
азуымен сипатталады (Жүсіпбек оны даяшы деп жазған). «Саған арнап 
жасаттым мұны өзім, сарайдың өрнектері саған ұқсар», – деген емеурін 
ғана танытады.
Зылиха – мұсылман әдебиеті арқылы қосылған бейне. Жүсіптің 
кемел қасиеттерін, пайғамбарлығын аша түсу үшін алынған. Сөйте 
тұра қиссаларда өзінің мақсатына жету үшін күресуші кейіпкер ретінде 
елеулі тұлғаға айналып, Жүсіп сюжетіне өзіндік өзек болып тартылған. 
Сүйгеніне деген адалдық, үміт отын сөндірмей, Жүсіптің жолын 40 жыл 
тосқан Зылиха, ақыры, дегеніне жетеді («Алпамыста» - Гүлбаршын, «Ер 
Төстікте» – Кенжекей де Зылихамен тамырлас кейіпкерлер).
Парсы поэтикалық нұсқаларында Жүсіп көп әскерімен келе жатып, 
жолда отырған Зылиханы таныған соң, сарайға алып баруға ұйғарады. 
Осы кезде баласымен қауышқан Жақып ырзалығын беріп, Жүсіп-
Зылихамен қосылады. Ал, Әлиде: Жүсіп 800 мың әскермен келе жатқанда 
Зылиханы көреді:
Ошалдын таз башын Иүсүф тартды,
Қашынпа келді йәне ахуал сұрап.
Не кіші сен, не хажетің уардүр деді,
Айт беңе рауа қылсам дейүр емді.
Зылхиа айдүр: «Ешіт, уа, шаһы жаһан,
Халым зағиф, көзүм кермез, білгіл байан».
Аудармасы:
Сол жерде аттың басын Жүсіп тартты,
Қасына келді және халін сұрап:
«Нендей кісісің, не қажетің бар?
Айт маған, көмектесем», – деді енді.
Зылиха айтты: «Тыңдаңыз, жиһан шаһы,
Халім қиын, көзім көрмес, айтам баян».


317
Жүсіпбек оны қазақ ұғымына әдемілеп жеткізеді: 
Зылиха зағип болды, көзі көрмес,
Тағам, киім алмаққа халі келмес.
Сонда да көп ойлайды сүйген жарын,
Бірақ ол ғаріптігін Жүсіп білмес.
Осылай ғашықтықпен отыратын,
Өзі кәрі, көзі жоқ соқыр қатын,
Күндіз-түні жатады бұл үңгірде,
Үміт етіп Жүсіптің махаббатын.
Енді Жүсіпке Зылиханың 42 жыл күткеніне дәлел керек болады. 
Дәлел дастанда өте әсірелеу арқылы көрсетіледі. Жүсіптің қолындағы 
қамшысын сұрап алған Зылиха «аһ» дегенде, іштегі жалынымен 
қамшының сабы ериді. Сол кезде Жәбірейілден Жүсіптің құлағына уәһи 
келді:
Есітті Жәбірейілден мұны Жүсіп,
Сөз айтып, Зылихаға мейірі түсіп.
Алатынын есіттіріп Зылихаға,
Үйіне кетті қайтып жолға түсіп.
Дастанның соңы «Қорқыт ата кітабындағы» «Тоқа Қожаұлы Темірұл» 
оқиғасына ұқсайды. Онда Темірұл үшін әке-шешесі жанын бермей 
қойғанда жұбайы: «Сенен қалған төсекте жатар болсам, ол мен сары 
жылан болып шақсын», – дейді. Темірұлға деген жұбайының адалдығына 
риза болған Алла Тағала екеуіне 140 жыл өмір береді. «Қисса Жүсіпте» 
Зылиханың Жүсіпті 40 жыл адалдықпен күткені үшін Алла Тағала оны 
қайтадан жасартады:
Ұлұғ сағат Жәбірейіл хазір келді,
Қанаділе сифады, дұға қылды.
Зылиханың көзі нұры йікіт олды,
Беңзі нұры айтек балқыр емді. 
Аудармасы:
Сол сағатта Жәбірейіл жетіп келді,
Қанатымен сипады, дұға қылды.
Зылиханың көзі нұры жасарады,
Жүзі нұры толған айдай балқыр енді.
Содан Зылиха Жүсіпке қосылып, он екі ұлды болады (бұл жерде 
он екі – қасиетті сан ретінде алынған). Ал, мифте, сондай-ақ, кейбір 


318
ақындарда Жүсіптің екі ұлы – Фарахим мен Минша, Тауратта – Ефрем 
мен Манассия болғандығы туралы айтылған. Жалпы, шығыс дастандары 
Жүсіптің Зылихадан бұрынғы күңнен туған екі ұлы барын айтса, түрік 
әдебиетінде: Әлиде, Рабғузиде, Жүсіпбекте Зылиха Жүсіптің жалғыз 
некелі әйелі ретінде көрінеді. Себебі, Жүсіптің өз басы төрт шешеден 
туған балалардың арасындағы қақтығыс құрбаны болды. Туындыгерлер 
осы оқиғаның қайталанбауын тілейді. Түрік әдебиетіндегі моногамия 
желісі Әлиден көрінеді. Оның оғыз әдебиетінде де бар екендігі туралы 
Х.Короглы айтқан болатын (1976-42). Әли Низамидің замандасы ретінде, 
оның «Хұсрау-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн» дастандарын білгені анық, 
Низамиде де моногамия мәселесі көтерілген болатын (Бертельс Е.Э., 
1956-121). Әли Қиссасындағы ғашықтық желісін одан кейінгі дәуірлерде 
Жәми, Науаи, Дүрбек жалғастырған. Қазақ дастандарында үрдіс болған.
«Қисса Жүсіп» оқиғасы жақсы ниетте, адамшылық пернесін 
басқан, мажорлық нотада аяқталады. Жүсіп ағаларының өзіне жасаған 
залалдығын кешіреді:
Амандасып отырды күліп-ойнап,
Ағалары ұялды ісін ойлап.
Мен кештім, ұялмаңдар дегеннен соң,
Қуанып кетті бәрі уа, Құдайлап.
Қырық жыл үзбей күткен Зылиха мұратына жетеді. Ел-жұртымен 
қосылып, бақытты өмір сүреді.
Зылиха бейнесі кейінгі дәуірлердегі әдебиетте дараланып, ғашықтық 
дастандардың негізгі кейіпкеріне айналды. Мінсіз әйел бейнесін жасау 
дәстүрге айналады.
Әли мен Жүсіпбек қиссаларын салыстыра оқи отырып, екеуінің 
арасында оқиғалық айырмашылық жоқ екенін көреміз. Тіпті жолма-жол 
ұқсастықтары аңғарылады. Осыдан Жүсіпбек «Жүсіп-Зылиханы» Әли 
нұсқасын пайдалана отырып жазды деген қорытындыға келеміз. Ол 
Қазан баспасынпн оқып пайдаланса керек.
Әлидің «Қисса Жүсібінің» қазақ әдебиетіне қаншалықты жақын екенін 
мына өлең жолдарының Мағауияның (1869-1904) «Медғат-Қасымымен» 
ұқсастығын ағартса керек:
Бір хаши құл уар Қылыш атлу,
Құлларының жұмласындан ол һайбатлу.
Қара йүзлу, йаулық қатты, сиясатлу,
Аудармасы:
Бір қара құл бар еді Қылыш атты,
Құлдардың бәрінен де ол айбатты.
Қара жүзді, жаулығы қатты, саясатты.


319
Енді «Медғат-Қасымдағы» Қасым бейнесін салыстырып қарайық:
Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты,
Қара сұрлау пішіні, зәңгі затты.
Отты қара көзі бар, ұзын бойлы,
Тәкәппар, тәуекелшіл, бек қайратты.
ХІІ-ХІҮ ғасырдағы түрік әдебиетінде Оянушылық идеясы алғаш 
көтерілген шығарма – Әлидің «Қисса Жүсібі» деуге болады. Ондағы түрік 
Оянушылығының көріністерін Жақып бейнесінің Қорқытқа ұқсауынан 
аңғарар едік:
Жақып саучы салам қылды хабар сұрды,
Феріштелер Жақуба һәм жауаб берді.
Мәуланың бір досына ажал ерді,
Аның үчүн көр қазармых дейүрлар емді.
Аудармасы:
Жақып пайғамбар сәлем берді, жай сұрасты,
Періштелер Жақыпқа және жауап берді:
«Алланың бір досына жала ерді,
Сол үшін көр қазамыз», – дейді енді.
Бұл айтылған ойлардың «Қорқыт көрімен» сабақтастығына күмән 
келтіре алмасақ керек. Сондай-ақ, «Қорқыт ата кітабындағы» Бамсы 
Байрақтың жейдесін қанға бояп, Байындыр ханға көрсететін тұсы 
«Жақыпқа Жүсіптің көйлегін әкеліп көрсету» желісіне ұқсас.
Жоғарыдағы үзіндіде «Алланың досы» деген тіркеске назар аударуға 
тұрарлық. Пайғамбарды «Алланың досы» деген түрік сөзімен баламалау 
– Әли тұсында кездесе қоймайтын әдеби дәстүр, оны сол кездегі жазба 
әдебиетте «Жақып нәби» немесе «Жақып ғалайһи-с-салам», «Жақып 
саучы» дер еді. Бұдан Әли қиссасының түріктік рухта жазылғандығы 
көрінеді. Тағы да бір сөз – «бұғау». Ол Әли өмір сүрген әдебиетте барлық 
жерде «зынжыр» деп беріледі. Оны Әли түрік сөзінің баламасымен:
Бернлар айдыр, йа мәлік, беңа инан,
Бұ құлұсын дүтмағыл һәр кез кәмән.
Бағ бұғауны шөшмегіл аяғынан,
Аудармасы:
Олар айтты: Иәф, мәлік, бізге илан,
Бұл құлға еш уақыт сенім артпа.
Кісен – бұғауын шешпеңіз аяғынан.


320
Бұл Жүсіптің ағаларының Мәлік Дұғарға құлдыққа Жүсіпті сатып 
тұрып айтқан.
Сондай-ақ, Жүсіпке анасы моладан дауыс қылып: «Жаным, ұлым», – 
дейді. Бұл орта ғасыр ескерткіштерінде Әлиден басқа туындыгерлерде 
кездесе бермейтін түрік эпитеті: «Жаным, ұғұл, бұ жафаны неден білдің?» 
– «Жаным, ұлым, бұл қорлықты неден таптың?», – дейді.
«Қисса Жүсіпте» түрік әдебиетінің дәстүрін мұрат тұтқанынының 
тағы бір көрінісі: Жақып пайғамбар өлгенде оның жаны құс боп ұшады:
Шәриф тәндін айұрылды ғазиз жаны,
Құша беңзаб ұжмах геба учар емді.
Аудармасы:
Бекзат тәннен айырылды ғазиз жаны,
Құсқа ұқсап жұмаққа (қарай) ұшар енді.
Бұл «кеудемнен көк кептерім қош деп ұшты» (Кемпірбай) немесе 
Төлеу Көбдіковтың:
Айырылып өз бетімен жан кеткенде,
Құр дене топырақ боп қалады да, – деген жолдарымен 
үндес екені өз-өзінен көрінеді.
Жанды құс бейнесінде суреттеудің «Жұмжұма сұлтаннан» да оқимыз:
«Ей, бас, мұнша жүріп, мұнша жатасың,
Және сенен мұншалық істер өтеді.
Содан соң жанның құсы сенен ұшады» 
(Ежелгі... 1992-265).
«Құтты білікте» Одғұрмыш түс көреді:
Саты көрдім, тіп-тік әрі тым тайғақ,
Тұп-тура елу баспалдағын тұр сайлап.
Бір-бір басып көтерілдім сатылап,
Санап шықтым баспалдағын бақылап.
Бір атты адам су ұсынды басында,
Қанғанымша іштім, шөлім басылды.
Сол сәт биік көкке ұшып самғадым,
Сіңіп ізсіз-түзсіз кеттім қалмадым.
Оны өзі жорып:
Шыбын жаным көкіректен тысқары,
Енді жерге келместей боп ұшқаны! – дейді.


321
Бұдан Баласағұнидың да жанды ұшатын нәрсе ретінде түсінгендігі 
байқалады. Орта ғасырдағы түрік әдебиетінен жалғасқан «жанның
құсы» эпитеті Абайда: «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» болып 
жалғасады.
Әли Зылиханың іс-әрекетіне түріктік кейіптер береді. Ол кейде 
Кенжекейге ұқсап кетеді. Перінің қызы Бекторының айласын сезіп, 
Сорқұдықтың басына қонғысы келмесе де, елден бұрын үйін тігі п 
жіберіп, атасын қонақ қылатын жері Әли дастанында да бар екен. Ал, 
Жүсіпбекте ол жері қысқарып қалған.
Зылиха дерек үй әзірлеп, атасы Жақыпты шақырып, күтеді. Туған 
жері Ханаандағы үйіне ұқсатып жасалғанына таңданған Жақыпқа: «Ол 
үйдің жай-жапсарын Жүсіптен сұрап алдым», – дейді.
Зылиха бір кічік сарай хазір қылды,
Дарлу нығмат артына хазір қылды.
Иағқубы аңдады, келді, көрді:
– Бұны біле нечүк қылдың, – дейүр емді.
Үшбу лайық хош үйі дүзмүшсін,
Бенім көңүлүм дедікче айламашсын.
Қанғандағы бізім үгә бәнгәз етмішсін.
Зылиха айдүр: «Иүсүфдін сүрдім емді».
Аудармасы: 
Зылиха бір кіші сарай әзір қылды,
Ас-тағамын тағы да әзір қылды.
Жақып байқап, келді, көрді:
– Мұны не үшін істедің, – деді.
Маған лайық үй жасапсың,
Менің көңілімдегіні тауыпсың,
Ханаандағы біздің үйге ұқсатыпсың,
Зылиха айтты: «Жүсіптен сұрадым», – деді. 
Дастанда Зылиханың бұл әрекеттері белгілі ертегі кейіпкерімен бір 
шығып отырады. Ибалы, әдепті, ата-ене сыйлаған келін болып көрінеді.
Қорыта айтқанда, Әлидің қиссасы ХІІ ғасыр түріктерінің қарапайым 
тілінде жазылған. Оқығанда бүгінгі қазақ тіліне тым жақын екені 
аңғарылады. Ешбір аудармасыз-ақ түсінікті болады. Осының өзінен түрік 
Оянушылығының белгісін көреміз.
«Жұмжұма» – о дүние адамның екінші өмірі туралы мифтер негізінде 
жазылған шығарма. Қыжыра жыл санауымен 770 жылдары, ал жаңаша 
жыл қайыруы бойынша, 1370 жылдары жазылған. Туындыгері Хұсам 
Кәтиб жөнінде мағұлмат жоқ.
Дастанда тірлігінде күнәға батқан адамның о дүниеден азап 
тартатындығы туралы айтылады. Осы тақырыптағы әңгіме-аңыздар 


322
бұрын да күншығыс-батыс елдеріндегі бірнеше ақындардың 
шығармаларына негіз болған еді. Иранның атақты ақыны Фарид-ад-
дин Аттар (1119 ж туған.), Италия Оянушылығының алыбы Данте 
(1265-1321) осы тақырыпта «Құдіретті комедия» жазған.
Хұсам Кәтиб «Жұмжұмада» жалпы адамшылық, имандылық, ізгі 
қасиеттерді үлгі етіп, жамандықтан аулақ болуға үндеуді мақсат еткен.
Дастанның қолжазбалары Санкт-Петербургте, Қазанда сақталған. 
Бір нұсқасы 1881 жылы қазақтың қиссашы ақыны Мәлікей Жұмашұлы 
бастырып шығарған. Қазақ арасында «Жұмжұма сұлтан» деген атпен 
тараған. Кейінгі жылдары дастанның толық аудармасы жасалып, 
«Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиеті» аты хрестоматияда жарияланды 
(1992), сөйтіп, кеңестік дәуірде арнайы әңгіме болмай, діни шығарма 
деп оқытылмай келген қазақ әдебиетінің терең тамырында жатқан 
көне ескерткіш жарыққа шықты. Сондай-ақ, татар ғалымы Хатип 
Госман дастанның алты көшірмесін өзара салыстыра отырып, бір мәтін 
құрастырып шығарған (Қазан. 1970). Біз «Борынгы тюрки әм татар 
әдәбиятының чиганаклары» (Қазан. 1981) атты кітапта жарияланған 
мәтіні бойынша аударып шықтық.
«Жұмжұмада»: Иса пайғамбар Шам елінде жүріп, бір күні судың 
жағасына келіп демалады. Тас үстінде жатқан адамның қураған 
бас сүйегін көріп, бұл адам тірлігінде кім болған екен, соны білуге 
құмарланады. Алла Тағаладан: «О, құдіретің күшті, өзіңнен тілегенім, 
мына бастың ахуалын өз аузыңнан тыңдайтын қыл», – дейді. Алланың 
құдіретімен бас өз оқиғасын баяндап береді:
«Мен бір ұлық Мәлік едім «(билеуші А.Қ.). Атым Жұмжұма сұлтан 
еді. Даңқым ғаламға жайылған. Тұратын сарайымды сырттан көргендер: 
«Әйбат!» - дер еді. Төбесіне шыққандар басы бұлтқа тимес үшін, жүгінер 
еді. Қырық мың уәзірім бар еді, әрқайсысы арыстан ұстап мінгендер 
еді. Он мың құлым, он мың ай мен күндей әйелім бар еді. Сұлулардың 
ішіндегі айы еді. Бәрі де мені құшуға зар еді.
Және бір жақсы әдетім: мүскін, ғарыптардың алдына ас тартып, 
астына ат мінгізіп жіберер едім.
Мың түйе, мың ат, мың сиыр, он мың қой,
Өзге тамақ, құс еті, құрт – оларды айтпай-ақ қой.
Кесе-шанақтар қымызға толар еді,
Небір шаһтар менің алдымда мат болар еді.
(Үзінділер «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиеті» хрестоматиясынан 
алынып отыр).
Бір күні тахтымда хош көңілмен, кәнизактарымның қабында отыр 
едім, қызметші келіп, бір мүскіннің қайыр тілеп келіп тұрғанын айтты. 
Мен: «Ей, ақымақ, осы қайыр тілейтін уақыт па? Сенің де, өзгенің де 


323
өзіне арналған уақыты!» – дедім. Әлгі мүскіннің көңілі жығылып кетті. 
Қатты өкіндім.
Өз-өзіме келген соң, көңіл кірімді жумақшы болып, моншаға барып 
төбемнен бір бақыр су құйып едім, сол мезгіл қөзім қарайып, құлап түстім. 
Ешбір ем қонбады. екі қанаты Күншығыс пен Күнбатысты бірдей тұтқан 
Әзірейіл келді. Бір қолында сүңгі, бір қолында ыдыс. Көкірегіме сүңгісін 
қадап, ыдыстан ажал суын ішкізді. «Біраздан соң қауым-бауырларыңды 
көресің!», – деді. Сол замат жаным шығып кетті.
Содан көзімді ашсам, бір бөлек бөзге оранып, тозаң-топырақта 
былғанып жатыр екенмін. Аһ ұрдым:
Аһ ұрдым мен, кәне, тағым, дәулетім,
Кәне сансыз жауһар, алтын ақшалар?
Ойламаңдар енді көмегі тиер деп.
Сол кезде екі айбатты періште кірді. Кебінімнің бір шетін жыртып 
алды, қылған істерімді соған жазды, мойныма асты. Содан соң екі көр 
жолдас келді, күрзімен ұрды, жеті тамұққа дейін жеткізді. Жетпіс аршын 
шылбырмен ұрып, тілімнің ұшынан тартып, созып, мойныма салды.
Жәһаннамда бір қауым елді көрдім. Басы төмен, аяғы үстінде. Олар 
мұрнын көтеріп: «Мен, мен!» – деп жүреді. Тірлігінде менмен болғандар 
екен. Және бір қауым елдің тілі жоқ, олар қисық үкім жүргізген әкімдер 
екен.
Енді бір қауым елдің кеудесіне, көзіне шыжғырып, алтын ақшаны 
басып жатыр. Олар – малынан хақ үлесін шығармағандар. Тағы бір 
қауым ел жалаңаш, басында тәж. Тәндеріне жетпіс алуан жара шығыпты. 
Олар қайырымсыз елбасылар екен.
Содан тағы бір табытқа кіргізді. Онда тірісінде сұлтан болғандар отыр 
екен. Төрт бұрышында – жылан мен шаян, тістеп, жаншып, азаптайды.
Иса пайғамбар Жұмжұмадан: «Енді не тілегің бар?», - деп сұрайды. 
Сонда Жұмжұма: «Енді өмір қайта айналып, бір келсе, өткеніме өкініп, 
ғибадат етер едім», – дейді.
Алланың құдіретімен Жұмжұма қайта тірілді. Құлдық ұрды. 
Туындыгер Хұсам Кәтиб соңын ғибадат өлеңмен бітірген: 
Ізгілік пен жауыздықты тазала,
Мұнша патшалар бұл жаһанға келді,
Көрдіңдер ме, аяғында не болды!
Таппады ма олар дүниенің мұратын,
Тапса қалар еді ғой ізгі аты.
Тәңір берген ризықтың шүкірін қыл,
Күн сайын Алланы есің ал!
«Адам өмірі өлгеннен соң да жалғасады» деген миф, адамзат өмірі 


324
қандай көне болса, ол да соншалық көне, тылсым дүниемен тамырласып 
жатады. Қазақтар «Шыбын жан бір-ақ түтін бу секілді» деп (Әсет), жан 
кеудеден ұшып шыққан соң, екінші өмір кешеді деп түсінген. 
Жер бетіндегі жақсы тұрмыстың адам қиялындағы о дүниелік ке-
мел елесі – жұмақ. Әр халық оны өз ортасы мен өмір-тіршілігіне қарай 
елестетеді. Бір қызығы, о дүние туралы адам әуелі тек рахат өмірді айтқан. 
Ал, екінші жағы: о дүниеде жаза тарту (тозақ) – кейін пайда болған ұғым.
Үндіс тайпалары жұмаққа батысқа баратын бір жолмен жүріп 
отырып, ағысы қатты өзен-сулардан өтіп жетеді. Жабайы құс жыртылып 
айырылатын, азығы көп молшылыққа кенеледі. Кең-мол мекендегі 
бұрынғы кеткен туған-туыстарына жетеді. Үндістер тірлішік нәпақасын 
теңіз тереңінен тауып жейтін болғандықтан, о дүние мекенін (Торнгарсук) 
теңіз немесе жер астында деп елестетеді. Кейде оған бару үшін қия 
жартастардан өтіп, үңгірге кіреді. Онда – мәңгі жаз, жайнаған күн, түн 
болмайды, итбалық пен бұғыда есеп жоқ.
Гренландия мифтерінде адамның жаны қолға ұсталмайтын нәзік, 
жеңіл бір нәрсе, ал, о дүниеге барғанда, таусылмас бақытқа кенеледі. 
Жақсы өмір аспанда болуы керек, адамның жаны кемпірқосақ арқылы 
жақсы өмірге жетіп, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған 
үлкен өзеннің үстіне шатырын тігеді. Өзен суы толып кеткен кезде тасып, 
жауын жауады, ал жиегі жырылып кетсе, екінші тасқын болмақшы. Нұх 
пайғамбар кезіндегі апаттың қайталану қаупін есте ұстайтын болуы 
керек. Д.Кішібеков: «...ғылымның топшылауынша, дүниені үш рет 
топан су қаптаған. Арасы 3700-4600 жылдан. Үшінші тасқын б.э. 875, 
яғни скиф дәуірінде болған. Төртінші топан су 2858 жылы қаптайтын 
сияқты», – деп жазады (Кішібеков Д., 1993).
Мұсылман мифтеріндегі жұмақ, оңтүстік батыс Африка мифтерінде 
– «Калунг», «Скандинавияда – «Алгалл», Тауратта – «Шеол» делінген 
(Тайлор Э.Б., 1989-295).
Адамның о дүниелік өмірі «тозақ» болуы мүмкіндігін айтатын мифтер 
кейінірек пайда болған. О дүниедегі тірлік, бұл дүниедегі құлқына, 
жақсы-жаман істеріне қарай таразыланатындығы сананың бір қадам алға 
басуынан туса керек. Ол, әрине, жақсылық пен жамандық түсінігінің 
көрінісі – ежелгі «Гильгамештен», «Авестадан» көптеген замандар 
бұрын болғаны түсінікті.
Көне адамдар жақсылық пен жамандықты, әуелі «менің қауымым мен 
жауларымыз» деген ұғымда береді. Мысалы, виргиниялық үндістердің 
тозағына жаулары түседі де, өз елі үшін соғысып өлгендер жұмаққа 
барады. Ал, Гренландияның Торнгарсукында кит пен итбалықты көп 
ұстаған еңбекқорлар о дүниеде рахат өмірге жетеді. Тупинамба атты 
Бразилия тайпасында соғыста неғұрлым жеңіске жетіп, жауының етін 
көп жеген адамдар о дүниеде жақсы өмір сүреді. Ал, елін қорғамағандар 
мәңгілік азап өмір Эиньянға жіберіледі.


325
Қараиб тайпасы: «батырлар бақытты аралға барады, онда тамаша 
жемістер өсіп, мереке-тоймен, билеумен тіршілік кешеді, олардың жауы – 
аравакалар құл болып, қолына су құяды, ал қорқақ болсаң, өзің о дүниеде 
аравакаларға құл боласың» деп қорқытады. Көне адамдар «жауды өлтіру 
– батырлық, ол о дүниеде жақсы өмірге жеткізеді» деген ұғымнан: 
«соғыста өлген адам жұмаққа барады» (шейіт болу), – деген қорытынды 
жасаған. Никарагуалықтарда үйінде қайтыс болған кісі тамұққа түседі, 
ол соғыста өлсе Күншығысқа барып, Құдайларға қызмет етеді. Осындай 
дәстүр мұсылмандарда да бар екені мәлім.
Гвинея тайпаларының мифтерінде: өлім өзеніне келген кезде 
есеп береді (мұсылмандарда қыл көпір), егер Құдайларға арналған 
мерекелері ұмытпай, мезірет қылып жүрген болса, тыйым салынған 
тамақтардан тартынса, бірден жұмаққа түседі, ал оны істемеген болса, 
суға лақтырылады. 
Даяк тайпалары мәйітті өртеп: «жақсы адамның жаны түтінмен бірге 
көкке көтеріледі, ал нашар адамның жаны жер асты патшалығына түседі», 
– дейді. Тағы бір аңыздарда бүрі жоқ, тайғақ шатқалдың жанында Динга 
– Пенну атты өлілер соты (мұсылмандарда Кәрәман-Кәтибан) жақсы-
жаман істерін жазып отырады. Оны көне грек мифологиясында Зевстің 
балалары Минос, Радамант, Эак жасайды.
Келе-келе осы мифтер жақсы адамдар о дүниеден қайта тіріліп, 
жарыққа шығады, жер бетіндегі жаман адамдар өлілер мекеніне түседі 
дейтін оймен толыққан. Мұсылмандарда Ысрафил керней тартып, 
қиямет-қайым келгенін хабарлайды. Өлілер тіріліп, тірілер жер астына 
түсіп, сұраққа алынады.
Финдердің «Калеваласында» Вяйнямейнен өлілер патшалығына 
түседі. Онда тірлігінде жамандық жасағандар қып-қызыл шоқ тастардың 
үстінде, жыландардың ортасында қалады («Жұмжұма сұлтанда» осы 
мифтің көрінісі бар). Бұл жерде жақсы-жаман ұғымы ахлақтық категория.
Осы наным-сенімдер будда, христиан, мұсылман діндерінде 
түйінделіп, тұтас жүйеге түскен. Тек оның қай сатыда іске асатындығы 
мәлім емес. Мифтердің даму жүйесі бізде, әсіресе қазақ әдебиетінде 
зерттелмеген.
Рим мифтерінде өлілер мекені – Аида патшалығында орталау топтан 
шыққан адамдар тұрады, оған таяу Зевтің ұлдары Минос пен Радаманта 
сұрақ-жауап алады. Элищиум – жұмақ, тартар – тозақ, онда ыңырсыған 
күнәһарлардың дауысы естіледі.
Оңтүстік шығыс Азиядағы будда дінінде адамның әрбір ісі есептеледі. 
Мысалы, шөлдеген кісіге ыстық күнде сусын берсең немесе жұбайыңды 
ұрыс-керістен бір ай сақтандыра алсаң бір үлес беріледі. Ал, үй ішінде 
ыдыс-аяғын дұрыс жуғызып, таза ұстата алмағаннан әлгі бір үлесі 
алынып тасталынады. Бала өлтірген адамның күнәсі 100 үлеске пара-пар.
Ежелгі о дүние мифтерінің қорытындылауындағы негізгі бір 


326
басқыштың мәнін Авеста атқарған деген ойдамыз. Хұрда Авестада 
(Авестаның шағын түрі) Заратуштра Ахура Маздадан сұрайды:
- Ахура Мазда, әулием, жаратушы, бейкүнәм! Адал кісі өлгенде, сол 
түні оның жаны қайда болады? – дейді. Ахура Мазда Құдай: 
- Адамның жаны оның бас жағына тұрып: «Басқа кісіні бақытқа 
жеткізген кісі бақытты болсын. Ахура Мазда жасампаздығынан танбасын 
және билігін жалғастырсын!» – дейді.
Жақсы адамның жаны үйде үш түнеген соң нұрға айналып, гүл иісі 
бойынша бақытын айырып, жолға шығады. Хош иісті самал желдің 
қайдан соққанын сұрағанда, алдынан өз өміріндегі жақсылықтары 
мөлдіреген он бес жасар қыз бейнесінде шығады. Жақсы адам жас жігітке 
айналады. Қыз оған: «О жас жігіт, мен сенің жақсы ойларыңмын, жақсы 
сөз, жақсы істеріңмін», – дейді. Жақсы адам жұмақтың үш түрінен өтіп 
барып, «мәңгілік нұр» мекеніне жетеді.
Мұсылман мифтеріндегі жұмақтағы хор қызы, «Жүсіп-Зылихадағы» 
жақсы жандар – Зылиха мен Жүсіптің жасаруы, Темірқұлдың 140 жыл 
өмір сүруі де осы Авеста мифтерімен үндес екенін көреміз.
Авестада жаман адам көңірсіген иістің жетегімен жолға түседі. Оның 
алдынан өзінің күнәларының кейпіндегі көріксіз, қорқынышты қыз 
шығады. Оның жеген тамағы у болады. 
Адам жанының сұраққа алынып, тазалануы, жұмақ-тозақ мифтерінің 
жүйеленуі бұрынғыдай, жанның бір адамнан екінші адамға, аңға, шөпке 
ауысуына қарағанда, жаңарақ сатысы болса керек. Адамзаттың о дүниелік 
өмірді пәлсафа деңгейіне жеткізгені сондай, бұл өмір – жалған, уақытша 
о дүние – мәңгі бақи деген ұғымға келген. Ол жалғыз мұсылмандарда 
ғана емес, мысалы, геттер, бала дүниеге келгенде жылап, өлгенде қуанып 
күледі екен. Жалпы алғанда, адамға о дүниенің жоқ екеніне сенуден гөрі, 
о дүние бар деп өмір сүру жеңілірек.
Көне мифтерді қарай отырып, жан туралы ұғымнан рух ұғымы 
шыққаны аңғарылады. «Өлген адамның рухы тірілерге әсер етеді» 
дегенді австралиялықтар, караибтар, африкалықтар да айтады екен. 
Өткен ғасырдағы қытайлықтар өлген қайыршы мен аурулардың рухынан 
қорыққандықтан, бірдеме істерде қағазды отқа жағып, аластайды, не 
Құдайы береді екен. Аруақты риза қылу салты Африкада, цейлондықтарда, 
монғол, қытай, жапон, Орта Азиялықтарда, жалпы, барлық елдерде 
бар екен. Өлілердің рухын құрметтеуден Құдайлар шыққан. Мысалы, 
тастанды бала Ромул, сәбилердің денсаулығына болысатын Рим 
Құдайларының біріне айналған. «Аурулардың» анимистік теориясы 
қалыптасқан деуге болады. Мысалы, «ауруларды денеден қуып шыға 
алады» немесе «адам рухтың ренжуінен ауырады». Жекелеген заттарға 
табыну да анимизмнің бір сатысы – фетишизм болатын.
Ежелгі мифтерде өлілер мекеніне барып-қайтқандар туралы көп айты-
лады екен (Тайлор Э.Б.): Умпенгула деген бір зұлыс, бала кезінде үстін түк 


327
басқан, ергежейліні көргенін айтқан. Оның аты Ункама екен. Ункаманың 
тамағын дикобраз жеп қойып, оны қуып, терең үңгірге түсіп, одан әрі өлілер 
мекеніне тап болады. Қайтып келсе, оны «өлдіге» балап, әйелі жоқтау ай-
тып отыр екен. Содан былай Ункаманы «жер астында болған адам» деп 
атап кеткен. Ункама – Африка «Дантесі». Данте оқиғасын бастан кешіруші 
десе де болады. Тағы бір айта кететін нәрсе, Қазақтың Ер Төстігі де жер 
астына түседі, бірақ ертегіден оны өлілер мекені деген ой тумайды, әйтсе 
де, түпкі негізінде о дүние туралы миф жатса керек.
Жаңа Зеландия мифтерінің бірінде: Бір бай әйел қайтыс болғаннан 
кейін екі күн өткен соң, қайықпен жүзіп бара жатқан кісі (әңгімеші) 
жағада отырған әлгі әйелді көреді. Ол белгі беріп шақырады. Қасына келсе 
әйел шаршап-шалдығып, азып-тозған, сондағы айтқаны: Әйелдің жаны 
денеден шыққан соң, солтүстікке қарай ұша жөнеліп, бір жерге келгенде 
жер астына түсіп кетеді. Алдынан алып құс кездеседі. Одан қорқып, не 
істерін білмей тұрғанда, қайықтағы бір қарт кісіні көріп, жүгіре жөнеліп, 
құтылады. Әлгі қарттан өзінің өлген ата-бабасын сұрастырып, тауып 
алады. Олар мұны көріп, қуанып, хал-жағдайын, немересін сұрайды. 
Ақыр аяғында, немеремді ол жақта қарайтын адам жоқ деп қайтарып 
жібереді. Кетерінде немересіне арнап, екі үлкен картоп береді. Өкінішке 
қарай, жер бетіне шыққанша картопты рухтар жеп қояды. Әйел көзін 
ашып, өзін ұйықтап қалғандай сезінеді. Әлсіреп орнынан тұрса, өлген 
екен деп, есікті сыртынан шегелеп қойған екен, әрең сыртқа шығыпты. 
Осы әңгімені тыңдағандар: «Шіркін-ай, әлгі екі картоптың біреуін ала
келгенде, о дүниеге барып қайтқаныңның дәлелі болар еді», – деп өкінген 
(Тайлор Э.Б., 1989-28).
Біздің заманымыздағы дәрігер психиатр, философия ғылымының 
докторы Райионды Моуди өліп тірілген 150 адаммен сөйлесіп, олардың 
айтқан әңгімелерінің негізі бойынша, «Өлімнен соңғы өмір» атты кітап 
шығарған. Сонда өлген адамның бірі былай депті: «Өзім өлген соң, менің 
түйсігім (сознание) денемнен бөлініп шығып, реанимация бөлмесінің 
төбесіне ілініп тұрды. Дәрігерлердің өлі денемді тірілтуге күш салып 
жатқанын, «Бұл әбігерді жалғастыра береміз бе?» – деп ақылдасқанын 
бақылап тұрдым. Содан кейін төменде аурухананың кіре берісінде еңіреп 
жылап отырған сіңілімді көрдім. Түйсігім арқылы үйдің темір бетоннан 
жасалған тас қабырғаларынан ешбір кедергісіз зулап өтіп, қасына келдім. 
Сол сәтте рахатқа бөленгенім сондай, тіпті қайтып оралғым келмеді. 
Бірақ сіңілімді аяғандықтан, өз бәдәніме кіруге мәжбүр болдым», – деген.
О дүние мифтері христиан мифтерінде де бар. Апокрифтік (Ежелгі 
діни кітаптар, Олар діни сюжеттің негізгі сұлбасын сақтағанмен, 
біраз өзгерістерді де кіргізе береді. Апокриф – грек сөзі «жасырын», 
«жұмбақ» деген мағына береді). Никодим Інжілінде Иисус Христос 
көне пайғамбарларды құтқаруға тозаққа барады. Христостың тозақта 
көргендері суреттеледі.


328
Арғы-бергі о дүниені көріп қайтқан адамдар немесе барып келген 
олардың жаны туралы мифтер мен көркем шығармалардың түйінін 
жасаған адам – Италияның ХІІІ-ХІҮ ғасырдағы ақыны Данте Алигъери 
(1265-1321). Данте өз заманындағы Оянушылықтың ірі өкілі еді.
Италияда сол уақытта Азия мен Еуропаны жалғастыратын сауда 
жолы жүріп жатты. Данте туған Флоренция – мәдениет ошағы болған. 
«Құдіретті комедия» мен «Жұмжұманың» бірі – Италияда, бірі – түрік 
әдебиетінде бір заман, бір ғасырда тууы көп ойларға жетелейді. Түбі бір 
араб, иран, грек, рим, үндіс, индиялықтардың ежелгі мифтері мен жалпы 
мәдениеті бір арнада салыстыра терең зерттейтін еңбектер жазыла түсуге 
тиіс. Әзірге түйетініміз, «Құдіретті комедияны» Италия Оянушылығы 
туғызса, «Жұмжұманы» түрік Оянушылығы туғызды.
Дантенің «Құдіретті комедиясы» ақын өмірінің қорытындысы іспетті, 
өмірінің ақырында жазылып, оның дүниетанымы, қоғамға көзқарасы, 
адам ғұмыры мен өлімі туралы идеяларының жиынтығы болып шыққан. 
ақын бұл шығармасына «Комедия» деп ат берген. Өйткені, бұл заманда 
басы қайғылы басталып, көңілді аяқталатын шығарманы «комедия» 
деген. «Құдіретті комедияға» айналдырған ақын талантын құрметтеген 
кейінгі оқырман көрінеді.
Поэмада Данте қалың орманда адасып жүріп, алдынан жол тосқан 
арыстан, қабылан, бөріге кездеседі. Олар адамның билікқұмарлық, 
атаққұмарлық, дүниеқоңыздық сияқты жағымсыз қылықтарының 
бейнесі болатын (Авестадағы ой – А.Қ.). Сол жерде көмекке келген 
Дантенің сүйікті жазушысы Вергилийдің рухы келіп, құтқарып алады. 
Вергилий тозақты көрсетіп, одан әрі жастай қайтыс болған Дантенің 
бала кездегі ұнатқан көрші қызы Беатриче жұмаққа алып барады. Оны 
кейін поэзияда арман бейнеге айналдырған. Одан кейін кейіпкер қайтып, 
бер бетіне оралады.
Поэмада тозақ тоғыз шеңберден тұрады әр шеңберде әртүрлі күнәлар 
жазаланады, неғұрлым төменгі шеңберлерге күнәнің ауыры түседі. 
Бірінші шеңберге – күнәға батпаған, шоқынбаған адамдар, Данте ол 
жерден антикалық кейіпкерлер мен ақындарды көреді. Екінші шеңберде 
зинақорлар ішкі сезімнің иіріміне түсіп алып, шыркөбелек айналудан 
тынбайды. Оның ішінде алдаумен жексұрын біреуге ұзатылып кетіп, 
оның бауыры Паолоны сүйгені үшін күйеуінен екеуі бірдей өлім жазасын 
тартқан Франсеска бар. Тоғызыншы шеңберде азғындар мен сатқындар 
мұз батпақта жатыр. Ортасында Құдайға қарсы шыққан Люцифер 
(Мұсылман мифтеріндегі азғырушы) азуна Христосты сатқан Ииуданы, 
Юлий Цезарьды өлтірген Брут пен Касийді салып, шырылдатып шайнап 
тұр. Өзіне сенімсіз жасық адамдар не тозаққа, не жұмаққа кіре алмай, 
қақпаның сыртында жалтақтайды: Дантені елінен қуып жіберген 
Бонифацийдің алдында патша болған Николай ІІІ Бонифаций да келеді
деген сеніммен тозақ отына шарпылып, азап тартуда.


329
Дантенің көне грек антикалық кейіпкерлеріне сүйсініп, оның 
ортасында отырғанына қуануы, антикалық ілімді жаңғыртуы – оның 
жаңа мәдениеттің басы болғаны деп бағаланады (Данте и ...1967).
Біз Хұсам Кәтиб шығармасы мен Дантені қатар оқи отырып, кейбір 
ұқсастықтарына назар аударуды жөн көрдік.
«Жұмжұма»:
Және көрдім бір қауым мен тілі жоқ,
Һәм тағы бір қауым ел аяқ-қолы жоқ.
Бастары тәндерінен айырылып,
Және хақ құдіретімен бас бітірер.
(Аударған А.Қ.)
«Құдіретті комедия» (Данте. 19721. Көркем аударма М.Мақатаевтікі):
Барша тілдер жармасып, жабайы наз, оттаулар,
Ашу-үрей, жылау-сықтау, өтініштер, даттаулар.
Ербеңдейді, қарманады – дене-басы жоқ қолдар.
(3 жыр, 25).
«Жұмжұма»:
Тәндерінен жетпіс алуан жара шығып,
Тыйылмас еді ешбір қан, ірің ағып.
Әрқайсысы солайынша жалаңаш жүрер.
***
Жылан мен шаян төрт бұрышында тұрсам да,
Бірі шаншар инесімен, бірі тістер.
«Құдіретті комедияда»:
Тіршіліктің пендесіне келмейді олар қосуға,
Қараң қалған қалың тобыр тыр-жалаңаш босуда.
Арқаларын қанға бояп, маса-сона жосуда.
Беттерінен қан аралас көздің жасы ағуда.
Құжынаған жексұрын қарт құлқындарын қағуда,
Жалма-жан кеп жұтып жатыр, қоректерін табуда.
(«Тамұқ» ІІІ. 64, 67).
«Жұмжұма сұлтан» деген атпен ХХ ғасырдың басы кезіндегі қазақтар 
арасына кең тараған. В.В.Радлов «Оңтүстік Сібір мен Жоңғар даласын 
мекендеген түрік тайпаларының ауыз әдебиеті» атты еңбегінің алғысөзінде 
(Баспаға әзірлеген Б.Уахатов, С.А.Қасқабасов, К.С.Матыжановтар):
«Ғибрат өлеңдердің ішінде «Жұмжұма» мен «Бозторғай» басқаларға 
қарағанда өте кең тараған, оларды тіпті, кейбір сауатсыз қазақтар да 
жатқа біледі... Үлкен жиындарда айтылатын осы жырды маған бірнеше 
рет тыңдауға тура келді. Жыршы сөзін бар ынтасымен тыңдаған 
жұртшылық тірі күнінде дін шарттарын орындамаған мұсылманның 


330
өлгеннен кейінгі азабын сипаттаған кезде қорқынышты үрей пайда 
болады. Тыңдаушылардың үнсіз тыныштығын тек қана: «О, құдіретті 
Тәңірім!», «Қайырымы көп Құдайым!» деген сияқты лебіздер ғана 
бұзып отырады. Маған қазақтар арасында исламды орнықтыруға бір 
«Жұмжұманың» әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық 
тәрізді», – деп жазады (Ел қазынасы... 1994-11-12). «Жұмжұма» 
дастанының имандылыққа ұйытудағы рөлін В.В.Радловтан артық айту 
қиын.
«Жұмжұманың» ХХ ғасыр басындағы қазақша нұсқасы «Қубас» деп 
аталады. В.В.Радлов жариялаған дастанның (Ел қазынасы...) туындыгері 
аталмаған, жазу стиліне қарағанда, Жұмашев Мәулікей нұсқасы болуы 
мүмкін:
Күнінде өлген де бар, туған да бар,
Өзіңнен жақсы да бар, жаман да бар,
Бұл сөзім кітап пенен Құранда бар, – деуіне қарағанда, 
«кітап» деп отырғаны «Жұмжұма» болса керек.
«Қубастың» оқиғасында «Жұмжұмадағы» сияқты «Адам пайғамбар 
қайда?» Нұх пен Жәмшид, Зұлқарнайн, Намруд, Фридун – бәрі дүниеден 
өтті:
Шыңғысхан қайда – бәрі де өлді,
Мәлік болса да, жауыз, ашкөз болса да,
Әрқайсысы бұл жаһанды биледі,
Ақырында не болды, соны есіт:
Кетті олар бір жапырақ бөзге оранып,
Тәні өз қандарына былғанып», – дейтін Хұсам Кәтиб 
кіріспесі жоқ (Ежелгі дәуірдегі... 1992-254). Бірден: 
Жарандар, иманыңнан күдер үзбе,
Айтайын бір мәселе енді сізге.
Пайғамбар, тақсыр Ғайса бір күндерде,
Сейіл құра шығыпты мидай түзге, – деп басталады. Сол 
жерде бір қубасты көргені айтылады:
Бөксесі жоқ, кеудесі жоқ, қубас жатыр,
Жарымы су, жарымы құм боп жатыр.
Адамның басы екенін білгеннен соң,
Асасымен көтерді Ғайса батыр.
Хұсам Кәтибте:
Көрді ол сол жерде сахара тасын,
Және ол тас үстіндегі адам басын.
Не көзі қалмаған, еш нәрсесі
(Ежелгі дәуірдегі... 1992-255-256).


331
Ғайса пайғамбар дұға қылған соң, аспаннан дауыс келеді, Жәбірейіл 
періштенің көмегімен қубас Ғайсаның сұрағына жауап береді. Хұсам 
Кәтибтегі: «Құлсың ба, қожасың ба? Бексің бе, сұлтансың ба? Я кедей 
ме едің, я мүскін бишара боларсың? – деген сұрақтар «Қубаста» қысқа 
қайырылады.
Хұсам Кәтиб Жұмжұманың әңгімесін сарайын суреттеуден бастайды:
Және бір сарайым бар еді,
Бойы мен ені он мың еді, ей, хакім,
Тыстан көрген адам: «әйбат», – дер еді.
Үстіне шыққандар жүгінер еді,
Өйтпесе басы бұлтқа тиер еді.
«Қубаста» ол тұсы жоқ, бірден: «Төрт мың құлым бар еді, әрбірінің 
қолында сұңқары бар», – деп басталады. Және он алты мың сатып алған 
құлым бар, олардың «арыстандай денесі зор». Бұл жерде он мың, төрт 
мың деген сандар нақты мөлшерін емес, көптігін ғана көрсететінін 
ескеруіміз керек.
Ал, Хұсам Кәтибте:
Тағы қырық мың уәзірім бар,
Әрбірі арыстан ұстап мінер еді.
Он сегіз мың бектердің барлығы,
Күніне екі рет келіп басын иер еді.
***
Ас-су ұстайтын және он мың құлым бар еді,
Олар басын имейінше асқа қолым салмас едім, - дей келіп:
Және он мың ай мен күндей әйелдерім бар еді,
Әрбірі бір-бір падишаның қызы еді.
Және он мың кәнизігім бар еді,
Сұлулардың ішіндегі айы еді.
(Ежелгі дәуірдегі... 257).
Хұсам Кәтибте одан ары қарай Жұмжұманың байлығын суреттеуге 
мән беріледі: «Кесе, шанақтар қымызға толы еді, жиектерінде қымбат 
тастар, інжу тұрар еді». Ал, «Қубаста» ол жағы көп айтылмаған.
Қубас әйелімен күліп-ойнап отырғанда бір мүсәпір («Жұмжұмада» 
пақыр) қайыр сұрап келеді. Ал, пақырдың келгенін Жұмжұмаға 
қызметшісі келіп айтатын. Қубас мезгілсіз уақытта келгеніне ренжіп, 
қайыр бермей қайтарады. Екеуінде монша оқиғасы бірдей, моншаға 
барған жерінен ауырып қайтады.
Хұсам Кәтибте жеті күннен соң Әзірейіл келеді. «Қубаста» ол әңгіме 


332
болмайды. Жан алғыш Әзірейіл екеуінде де ұқсас суреттелген. «Қубаста» 
көбірек мән беріледі.
Шықты бір сурет алты жүзі бар,
Қан құйылған тасқа ұқсас көзі бар.
Бірі астын, бірі үстін жүздері,
Оң мен сол, артқары әрі ілгері.
Күншығыс пен батысты тұтар екі қанаты,
Әзірейіл еді оның аты.
(«Жұмжұма»). 
«Қубаста»:
Бар еді алты жүзі Әзірейілдің,
Әзірейілдің суық жүзін көре алмады.
Алдында Әзірейілдің бір жүзі бар,
Артында жаңа нұрдан бір жүзі бар.
Оң жағының ішінде бір жүзі бар,
Сол жағының ішінде бір жүзі бар,
Артында жаңа бір жүзі бар,
Үстінде нұр сипаты бар жүзі бар.
Х.Кәтиб Әзірейіл Жұмжұманың көкірегіне сүңгі ұшын қояды. 
«Қубаста» күрзімен ұрады. Көр есігінен екі кісі (періштелер) күтіп алып, 
күнәсін айтады. Тағы бір жүзі суық, жоғары ерні көк тіреген, төменгі 
еріні жер тіреген, ақырында аузынан от шығатын періште келеді (Бұл 
ежелгі мифтердегі ажал нышаны болса керек), тамұққа алып барады.
Х.Кәтиб тамұққа дейінгі оқиғаны суреттейді:
Тағы да көрдім: жендеттер келіп,
Басты мойныма оттан гүл салып.
Мойныма жіп тағып сүйрейді,
Жеті тамұқтың ішіне дейін жеткізді.
Және оттан шылбыр салып тартты.
Одан соң отқа жақты.
«Қубаста» жеті тамұқ нақты баяндалады:
1. Әулие тамұғы – ораза-намаздың орны.
2. Шағыт тамұғы – ұрлықшы мен зиянкестің орны.
3. Жаңбыр тамұғы – ата-анасын ренжіткеннің тамұғы.
4. Расыт тамұғы – кісі сыртынан ғайбат сөйлегеннің орны.
5. Ғазит тамұғы – басқы мен жамандардың орны.
6. Катим тамұғы – еріншектің орны.
7. Жаһаннам тамұғы – кәпірлердің орны.


333
Осылардың бәрін аралап көргендігін: «Сол тозақта біраз жүрдім, отыз 
түрлі азапты адам көрдім», – деген бір ауыз сөзбен айтады да, оқиғаны 
аяқтайды. 
Сол қубас ақыреттен азап көрді,
Құдайым Ғайсаменен сөйлестірді.
Дұға қылды Құдайдың досы – Ғайса,
Және тағы сексен жыл өмір сүрді.
Х.Кәтибтің «Жұмжұмасында» жетінші тамұқ «Жаһаннамада»: 
1. Беті тілінген бір қауым – нәпсіқұмарлар.
2. Басы төмен, аяғы үстінде, мұрнын көтеріп «мен, мен» дегендердің 
қауымы.
3. Доңыз денелі, қарны таудай алдамшы – өтірікшілер.
4. Көздері жоқ қауым – адамдар арасына араздық туғызғандар.
5. Тілі, аяқ-қолы жоқтар – қисық үкім жүргізген әкімдер.
6. Тілдері өз аузынан шығып, қанды ірің ағып тұрғандар – қисық сөз 
айтып, жала жабатындар.
7. Алтын ақшаны көзіне қыздырып басатын қауым – малынан хақ 
үлесін бермейтін сараңдар.
8. Отты қылышпен ұрып, басын тәнінен айырып, хақ құдіретімен 
қайта бітіретін қауым – жол тосып, бас кесіп, қан төккендер.
9. Тәндерінен жетпіс алуан жара шыққан, жалаңаштар қауымы – 
сараң билеушілер.
«Жұмжұмада» жеті тамұқ болғанымен, Дантенің «Құдіретті 
комедиясындағыдай» тоғыз қауымды көріп шыққан соң, оны апарып 
Әсфал атты бір шұңқырдың ішіне тастайды. «Онда үш әкім отырады. 
Тірлігінде азғын және алдамшы болған адам. Енді олар шаяндар 
мекенінен орын алған. Мұндай боларымызды білсек, кедей-пақыр болсақ 
та разы болмас па едік», – деп зарланады. Табыттың төрт бұрышынан 
жылан мен шаяндар шығып, шағып, Жұмжұманың етін жеп, түгескен 
соң, жаңадан ет бітеді, жылан-шаян қайтадан шағады.
«Жұмжұманың» бұл бөлігінде ең ауыр жаза тартарындар – әкімдер. 
Негізгі кейіпкер Жұмжұманың өзі де ел билеген сұлтан. «Құдіретті 
комедияда» Николай ІІІ жанған оттың үстінде қақталып тұрады.
«Қубаста» тірілген соң: «Өмір берсең, патша болмаймын!», – деп, 
патша болмай, адал өмір сүріп, екінші рет өлгенде жұмаққа кіреді.
«Жұмжұманың» соңы ғибратпен аяқталады.:
Қысқасы, түйіні, былай, ей, адамзат,
Әркім не ексе, орар соны.


334
***
Жауыздықты ізгілікпен тазала!
(Ежелгі дәуір... 264).
Қорыта атйқанда, Әлидің «Қисса Жүсібіндегі» «Кемел патша» 
тақырыбы «Жұмжұмада» екінші бір қырынан ашылған. Әділетті патша 
бола алмаған, үйіне келген қайыршыны ренжітіп қайтарған Жұмжұма 
өлген соң, тозақ отына түсіп шырылдайды. Сондықтан, «Жұмжұмада» 
жақсылық-жамандық мәселесімен бірге, әділ патша мәселесі де 
көтерілген.
Мұндағы қайыршы бейнесі: Дәуіт пайғамбардың өз туысының әйелін 
тартып алғанын, тойымсыздық жасағанын бетіне басу үшін дауласқан 
екі адам кейпінде келген періштелер туралы мифтік желінің ізі болуы 
мүмкін (Әдейі, сынау үшін қайыры болып келген періште).
Соңында өз қателігін түсінген Жұмжұмаға Алла Тағала екінші рет 
өмір береді. Онда Жұмжұма қайырымды патша болған болуы керек. 
Бұдан: адалдық пен әділдік адам өмірін ұзартады деген ой қалдырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   ...   126




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет