7.2. Тууды шешетін лпреациялар
Кесарь тілігі. Операцияның мәні құрсақ қабырғасы мен жатырды тіліп, жара арқылы төлді алып шығуға негізделген. Оны жатыр мойыны жабысып өскенде, жатыр бұралауында, периоститтер мен жамбас қуысындағы ақаулар кезінде, төлдің дұрыс орналаспауларында, әлсіз толғақтар мен кушенулерде (ұсақ жануарларға), тумалардың аса жетілулерінде (иттер), тумалар ақаулары мен дұрыс жетілмеулерінде орындайды. Операцияға неғұрлым ертерек кіріссе, енесі мен тума үшін қолайлы нәтиже болуы ықтимал.
Болжам, әрине оперативтік техника мен жануар түріне байланысты. Операция өткізілуі үшін тиісті жағдайлар жасалынуы керек. Қазіргі уақытта биелер, сосын ешкі, саулық және сиыр операцияны нашар көтереді деген болжам қалыптасқан. Мысық, ит, мегежінде операция көбіне сәтті аяқталады.
Сиырларда кесарь тілігін ертеректе өте сирек жағдайларда орындаған. Қазіргі уақытта жан-жақты ойластырылған әдіс құрастырылуының арқасында бұл операцияны сәтті түрде клиникада ғана емес, өндіріс жағдайларында да орындау мүмкіндігі бар. Сиырларға операцияны тұрған күйінде өткізуге болады (жануарды станоққа кіргізіп, арқанмен қалқаларына бекітіп ұстайды). Күшінен айрылған, тұра алмайтын, әлсіз жануарларға ғана жатқан күйінде операция жасаалынады. Операция алаңы дайындалады. Жансыздандырылуы жергілікті: И.И. Магда бойынша паралюмбальды анестезия кезінде соңғы қабырғааралық (n.intercostalis), мықын-қарынасты (n. Iliohypogastricus), мықын-шап (n.ilioinguinalis) нервтері жансызданады, немесе инфильтрациялық анестезия орындалады.
Сол жағынан жоғарғы, ортаңғы және тік оперативтік жету орындары жасалынады. Сиырларда көбіне ортаңғы қисық және тік кесінділер, ал астыңғы жету орынынан вентро-латеральды кесінді қолданылады. Тік кесінді сол жағынан аш бүйірдің төменгі бұрышы деңгейінде басталып, паракостальды бағытта өтеді. Қисық білікті мықын шығындысынан бір алақан карпальды буын бағытына алып жасайды. Вентро-латеральды кесінді – желін негізі үстінде тізе қатпары тұсынан краниальды бағытта қабырға доғасына қарай жасалынады (қарынның тері асты көк тамырынан 10-12 см қашықтықта жоғары алып). Сиырларда барлық кесінділер ұзындығы 25-40 см.
Жатырға ортаңғы оперативтік жету кезінде кезегімен тері мен тері асты шелі (бір сәтте), беткейлік ет қабы, тері асты бұлшық еті, сары ет қабы, сыртқы және ішкі қисық бұлшық еттер, олардың апоневроздары және көлденең бұлшық ет кесіледі. Бұлшық еттерді қабат сайын бұлшық ет талшықтары бағытын ескермей кеседі. Ретроперитонеальды шелмен қисық ет қабын кескен соң, пинцетпен құрсақ пердесін көтереді де құрсақ қуысына сол қолдың сұқ және ортаңғы саусақтары енетіндей етіп тіледі. Саусақтар бақылауымен тілік ұзындығын тік қайшы көмегімен жара көлеміндей етіп ұзартады. Құрсақ пердесін жарып ашқан соң шажырқай мен месқарынды барынша сол жақ қабырға астына ысырады. Қолды краниальды бағытта енгізіп құрсақ орыны – жатыр мүйізінің ұшын тысқа шығарады. Баспен келгенде сол қолмен артқы аяқты, жамбаспен келгенде басын ұстап жатырға акушер қолы енетіндей көлемде кесінді жасалынады. Қағанақ сулары аққанынша күтіп, оң қолмен артқы немесе алдыңғы аяқты ұстап сыртқа алып шығады.
Сосын жатыр тілігін (плацентаға тиіспей) қажетті ұзындыққа ұлғайтады да қағанақ қабыршықтарын алған соң, төлді абайлап алып шығады. Аса жылдам шығарғанда құрсақ қуысында вакуум пайда болады да қан қысымының күрт түсуіне әкеліп соғады. Кіндігін үзіп, төлді қалыпты төлдеудегідей өңдемелеуге шалдықтырады. Егер шуы еркін бөлінсе, оны жатырдан алып тастайды. Бұл әдетте өлі төл болуында байқалады. Сиырды тірі төл кезінде операцияға жүгіндіргенде шу әрең бөлінеді, көп мөлшерде қан ағады. Сол себептен шуды жатырда қалдырады. Оның бөлінуін жеделдету үшін, жатырға тігіс салған соң жатыр миометрасына 4-5 мл питуитрин немесе 40-60 ӨБ окситоцин егеді де сиырға бұзауын мұқият жалатады.
Жатыр қуысын залалсыздандырылған дәке сүзгішелерімен кептіреді. Жатыр жарасының шеттеріне екі қабатты тігіс салынады, олардың біріншісі Шмиден бойынша ("шырша" тәрізді, жатыр қабырғасының барлық қабаттарына үздіксіз тігіс) және екіншісі Ламбер бойынша (сірі-бұлшық ет тігісі). Тігіс материалы ретінде №6-8 кетгут пайдаланылады. Оны пайдалану кезінде Г. Меркт 83% операциядан өткен сиырлардың ұрықтануына қол жеткізген, ал өзге тігіс материалы қолданылғанда тек 43% болған.
Құрсақ қабырғасын үш қабатты етіп тігеді, оны салу әдістері әртүрлі және оперативтік жету орынына байланысты. Ортаңғы жету кезінде №8 кетгутті бірінші үздіксіз тігіс арқылы құрсақ пердесін, көлденең ет қабын, көлденең бұлшық етті және қарынның қисық бұлшық етін қамтиды. Екінші түйінді тігіс №10 кетгуттен сары құрсақ ет қабы мен сыртқы қисық бұлшық етке салынады.
Үшінші түйінде тігісті №10 жібімен тері жарасы шеттерін қосады да йод ерітіндісімен майлап, желімді таңумен жабады.
Мегежіндерге кесарь тілігін оң жағынан орындау ыңғайлы. Қисық кесіндіні мықын шығындысынан 3 см төмен алып бастап, алдыңғы емшегіне бағыттап 15-20 см-ге созады. Сирек жағдайларда тік немесе вентро-латеральды кесінділер жасалынады. Инфильтрациялық анестезия (жансыздандыру) қолданылады. Құрсақ қабырғасын кескен соң құрсақ пердесі қатпарланбауы үшін оны жараның ортаңғы тұсында бекітеді, яғни шетінен 0,5 см алып, құрсақ пердесін ішкі жағынан қалың лигатуралы (ұзындығы 20-25 см) инемен теседі де тағы 5-6 см алып, инені кері бағытта өткізеді. Жіп ұштарын тартып тері жарасы шеттеріне Кохер пинцетімен бекітіп қояды. Лапаротомиядан соң перитониальды сұйықтық сипатына зер болу керек: лайлануымен жағымсыз иістенуі – перитонит белгілері. Бұл жағдайда болжам қолайсыз.
Үлкен қиынды бойымен жатырдың бір мүйізін кескен соң, төлдерді алдымен бірінші, сосын екінші мүйізінен шығарады. Оларды жатыр қуысына енгізілген қол көмегімен алады. Төл құтышаларының көлемі үлкен болуына орай оларды қабығымен алуға көп уақыт кетеді де төл асфиксиядан өліп кетуі мүмкін болады. Сондықтан қағанақ қабыршықтарын саусақтармен үзеді, төлді шығарып, қағанақ маңы сулары алынып тасталынады. Осы уақытқа қарай шу өздігінен бөліне бастайды, оны жатырдан қолмен жеңіл шығаруға болады.
Жатыр былжырауында Ламбер тігісін салған соң жатыр жарасын шажырқайдың бөліктенген тұсымен немесе тартып жапқан жөн. Шажырқайды жатырға бірнеше сірі-бұлшық ет тігісімен бекітеді. Шажырқай мен жатыр бітісуін жеделдету үшін жатыр беткейін шажырқай астынан йод ерітіндісімен майлау ұсынылады. Операциядан соң бұлшық етіне антибиотиктер еккен тиімді. 3-4-ші күні серуен ұйымдастырылады. 8-10-ші күні тігістер алынады. Кесарь тілігі жасалған мегежіндерді бордақылауға жібереді, сол себептер операция кезінде овариоэктомия жасаған жөн.
Саулықтар мен ешкілерде кесарь тілігін құрсақ қабырғасына жергілікті жансыздандыру жасап өткізеді. Жануарларды бүйіріне бекітеді. Мықын шығындысынан қабырға доғасына дейін жүнін қырқып, қырады. Құрсақ қабырғасы кесіндісін қарынның ішкі қисық бұлшық еті тарамдары бағытымен мықыннан 10-12 см төмен алып жасайды. Құрсақ қабырғасын жарған соң жараны кеңейту үшін құрсақ пердесін көлденең ет қабымен бірнеше ұзын лигатуралар салып ұстайды. Акушер қолын құрсақ қуысына енгізіп, жатырды жатыр мүйізі жараға үлкен қатпарымен келетіндей етіп бұрады. Мүйіз қабырғасы арқылы иілген инемен екі қалың лигатура енгізіп, жатырды екіге бөліп тастайды. Пайда болған саңылау шеттерін құрсақ қабырғасына түйінді тігістермен тігіп бекітеді. Жатыр жарасын барша бойымен құрсақ қабырғасы жарасы шеттеріне тігеді.
Жатыр мүйізін жару кезінде қағанақты және оған жақын орныққан ірі тамырларды зақымдауға болмайды, сондықтан кесінді жасау кезінде жара арқылы енгізілген саусақтар көмегімен қағанақты үнемі сипалап, белгі-бағыт жасап отыру қажет. Ірі қатты қанталаған тамырларды кетгутпен байлайды. Осындай дайындықпен операция алаңын таза сүлгішелермен жапқан соң ғана қағанақ қабықтарын пинцеттермен бекітеді, оларға кішкене тесіктер жасалынады да, резеңке түтікше кигізіледі, ол арқылы резеңке баллонмен немесе үлкен шприцпен зәр және қағанақ маңы сұйықтығын сорып алады. Сұйықтықтарды шығарған соң қағанақ қабығы кесіндісін саусақтармен кеңейтеді, ал қағанақмаңы қуысына акушер көмекшісі қолын кіргізіп, төлді артқы аяғынан ұстап жатыр және құрсақ қабырғасы жарасы арқылы шығаруға тырысады. Баспен келгенде төлді шығаруға болмайды, өйткені бұл күрделі әрекет, осы кезде қысылу, жаншылу, ең болмағанда жара шеттері жарақаты болуы орын алады.
Жатырдан шығарылған төлдің алдымен тыныс жолдарын кілегейден босатады, тері беткейін сүртеді, сосын ғана рефлекстері болмаса, кіндігін түйер алдында оны тамыр соғуы жойылғанша саусақпен басады. Бұл тәсіл тері беткейін уқалау және кеуде клеткасын басумен қоса толық құнды тыныс шығаруға септігін тигізеді. Төлді шығарған соң, шуды алуға тырысып көру керек. Бұл әрекет кейде операцияны созып жібереді, алайда операциядан кейінгі ағым, шу қалуы кезінен көрі жеңіл өтеді. Сонымен қатар, жатырға 1-2 минутқа 5-10% натрий хлориді ерітіндісін резеңке түтік арқылы енгізу шуды шығарады. Шуды шығарған соң жатыр жарасы шеттерін құрсақ қабырғасы шеттерімен қосып тұрған лигатураларды ағытады. Егер жара шеттері жарақаттанған немесе жұлынып, үзілген болса, оларды сау ұлпаларға дейін алып тастау керек.
Жатыр мен құрсақ қабырғасына тігісті мегежіндердегідей салады. Егер, әсіресе жатыр мойыны жабық кезінде шуды алу мүмкін болмаса жатыр шеттерін құрсақ қабырғасына тігіп жақындатып жасанды жатыр-құрсақ өзегін қалдыру керек. Осы өзек арқылы шу шығады, ал фистула инволюциядан соң бітп кетеді де мықты жатыр-құрсақ жалғамын құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |