Жатырдың айналып түсуі. Ауру көбінесе сиыр мен саулықта кездеседі. Туу актісінен кейін 4-5 сағат өтпей жатыр кілегей қабығымен теріс айналып жамбас қуысынан сыртқа шығып кетеді.
Себептері. Буаз малды серуенге шығармай бір орнында ұзақ мерзімде байлап ұстағанда, тұрған орны артқа қарай еңкіш болғанда, рационы құнарсыз, жеткіліксіз болғанда, төл өте үлкен болып, немесе қағанақ қабықтары әсерінен жатыр созылып кеткенде, төлді жылдам тартып шығарғанда, жатыр атониясында, түспей тұрған шуға ауыр зат байлап қойғанда, бұзаудың кіндігі қысқа болып туғанда жатырдың айналып түсуі кездеседі.
Клиникалық белгілері. Алғашқы кезде сиыр құйрығын көтеріп, белін бүкірейтіп, қайта-қайта күшеніп, түйнек болған мал сияқты мазысызданып тұрады. Бұл кезде жатырдың айналып шығып бара жатқанын анықтау қиын, уақыт өте келе жатыр біртіндеп сыртқа қарай айналып шыға береді де, бір кезде толығымен түседі. Сиырдың сарпайынан тілерсегіне дейін салбырап, сыртында үлкендігі тауық жұмыртқасындай көптеген түйіндері бар қанталап тұрған қызыл-қоңыр түсті денені көруге болады. Сиыр жатқан кезде оның айналып түскен жатыры зәр-нәжіс, шөп-шаламмен ластанып, ісініп ұлпасы өлі етке айнала бастайды. Қыстың күні үсікке шалынып, жазды күндері тез іріп-шіри бастайды да, сепсиске айналады.
Емі. Жатыр ұлпасында терең өзгерістер болмай тұрғанда, тез арада оны орнына салу керек. Ол үшін алдымен эпидуральды /сакральды/ анестезия жасайды, содан кейін жатырды таниннің немесе марганец қышқылды калийдің ерітіндісімен тазалап жуып, шіріген жерлерін алып тастап орнын йодпен күйдіреді, содан кейін жатырды түгелдей стрептоцид эмульсиясымен майлап ішіне қарай итеріп орнына салады. Жатырдың көлемін кішірейту үшін оның қабырғасына жалпы дозасы 40-50 ӨБ окситоцин егеді.
Жатыр мойынының жиырылуы. Кей жағдайда жыныс аппараты патологиялық процесстерінің бұрыс көріністері байқалады: неғұрлым жатыр қатты жиырылса, соғұрлым оның мойын жолы тығыз жабылады. Осының нәтижесінен туу актісі бұзылады.
Жатыр мойынының жиырылуын көп жағдайда әлсіз күшену деп санайды.
Емі. Акушерлік көмекті көрсетуін тоқтата тұрып, малға тыныштық береді. Ноздрачев бойынша анестезия жасау жақсы нәтиже береді.
Жатырдың жыртылуы. Жатыр мойыны толық ашылмай қалғанда, төл теріс келіп, дене мүшелері қайырылып қалып, мал өздігінен туа алмай қатты күшенгенде /қарқынды толғақ/ жатыр қабырғасы, жатыр мойыны жыртылуы мүмкін. Кейде тек кілегей қабығы мен ішкі етті қабығы ғана жыртылып сыртқы қабықтары аман қалады /жатырдың жартылай жыртылуы/, ал енді жатыр қабырғасының барлық қабаттары жыртылып төл қағанақ қабықтарымен құрсақ қуысына түсіп кеткенде /жатырдың толық жыртылуы/ малдың жағдайы өте ауыр, оған көмек көрсету де қиын болады.
Туа алмай жатқан малға көмек көрсетемін деп төлді күшпен тартып суырып алғанда жатыр мойыны жыртылып кетуі мүмкін, немесе кептеліп қалған төлді жатыр ішіне қарай клюкамен итергенде байқаусызда тайып кетіп жатырды тесіп кетуі мүмкін.
Клиникалық белгілері. Жатыр мойыны жыртылса сыртқы жыныс органдарынан қан ағуы байқалады, ал жатырдың өзі жыртылса малдың қансырағанын анықтау қиын, қан құрсақ қуысына кетеді, немесе жатыр ішіне жиналады. Малдың күшенуі бірден тоқтайды, тамыр соғу әлсіз, көрінетін кілегей қабықтары бозарып қаны қашып тұрады. Жатырдың бүтіндігін ірі малдың тік ішегіне қол салып анықтауға әрекет жасайды.
Емі. Тез арада төлді сыртқа шығаруға тырысады, содан кейін жатырдың жиырылуын күшейту үшін питуитрин, прегнантол, немесе окситоцин қолданылады, күре тамырға хлорлы кальцийдің 10% ерітіндісін 200-300 мл шамасында жібереді, қан көп кеткен жағдайда күре тамырға адреналин қосып 2-3 литр шамасында физиологиялық ерітінді құяды. Толығымен жыртылған жатырдың қабырғасын тігу керек, ол үшін алдымен лапоротомия операциясын жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |