9.1. Агалактия және гипоагалактия
Агалактия – (Agalactia) – сүттің болмау және гипогалактия Hypogalactia (гипо – аз) азсүттілік аналық малды дұрыс азықтандырмаудан, бағып күтпеуден, ауру мен іштен туа болған ауытқу салдырынан дамитын сауу кезеңі ақауы. Агалактия мен гипогалактияны организмдегі түрлі ауытқулардың жиынтығы деп карау қажет. Агалактия мен гипогалактия себептеріне байланысты жеті түрге бөлінеді.
Туа болған агалактия мен гипогалактия аналық малдардың сүт безінің нашар дамуынан байқалады.
Себептері агалактия мен гипогалактия сүт өнімді малдардың өндіру жұмыстарын дұрыс ойластырмаудан, жүйелі таңдаудың болмауынан байқалады. Сонымен қатар малдардағы жақын туыстық, туыстық шағылыстыру салдарынан да дамуы мүмкін.
Клиникалық белгілері. Қабыну белгілері мүлдем көрінбегенімен, сүт безінің нашар дамуы байқалады. Мегежіндерде үрпілері цилиндр, не конус тәрізді болып келеді.
Алдын - алу шаралары. Ен бірінші зоотехникалық шаралар жасалуы қажет. Аз өнімді сүт беретін аналықтарды шығынға шығарып, сүтті аналықтарды жоғары өнімді аталықтармен шағылыстырады.
Кәрілік салдарынан болатын агалактия мен гипогалактия. Аналықтардың сүт безі мен басқа органдарының жасаралық өзгерістерге ұшырауына орай сүт өнімділігінің төмендеуімен сипатталады.
Клиникалық белгілері. Сүт безінің қалыпты семуі (атрофия), тығыздалуы (ет тәрізді желін), борпылдақ не тығыз, кейде тас тәрізді бөліктердің пайда болуы, сүт сапасы мен мөлшерінің төмендеуі. Сүтте тастар мен құмдар болуы. Кейде тастар альвеоланы жыртып, сол жерде осының әсерінен дәнекер тканнің өсуі байқалады.
Алдын алу. Малдарды уақтылы бір мерзімге дейін және дұрыс пайдалану. Табынды өз төлінен толтыру.
Алиментарлық (азықтық) агалактия мен гипогалактия - сауынның, азықтанудағы ауытқулардың салдарынан бұзылуы.
Себептері. Жас малдарды дұрыс дайындамау, азықтандырудағы олқылықтар, біркелкі рацион, ас қорытылуының бұзылуы. Рацион сапасыздығы сүт өнімі сапасын төмендетеді. Алиментарлы гипогалактия кезінде көмірсу алмасуының бұзылуы салдарынан, қанда қант пен гликоген мөлшері азаяды, гипогликемияде керісінше сүт, пировиноград қышқылдары көбейеді. Май алмасуы бұзылғанда қанда және зәрде бір мезгілде кетон денелері көбейеді (ацетон,ацетоуксус, в-оксимай, қышқылдары). Осының себебінен кетонурия ауруы дамиды.
Гипогалактия ауыз суының төменгі температурасында (2-60С) дамуы мүмкін. Бір күнде 70 литрге дейін су ішіп сиыр оның температуасын 380С-ға дейін жылытқанда 2500-ге дейін ккал жұмсайды. Малдарға оптимальды температуралы суды беру оның сүттілігін 10-20%-ға дейін көтереді (С.И. Плаценко, В.Т. Сидоров).
Аналық малды аз суару салдарынан да агалактия мен гипогалактия дамиды.
Алдын-алу шаралары аналық малды, сапалы рациондармен азықтандыру. Сүттің әрбір литрімен организмнен 33г белок, 35г май, 47г сүт қанты, 1,4г Са, 1,1г Р, 1-2г лимон қышқылы шығатындығын ескере отырып рацион құрастыру қажет.
Жүре пайда болған агалактия мен гипогалактия сау мал желіндерін, сүттен толық сарықпаудан шартты рефлекстер бұзылуынан, қолмен сауудан, сауын аппаратымен саууға ауысудан және малмен жеке жұмыс істеу ережелерін бұзудан дамиды. Бұл жағдайда жүйке жүйесінің атқарар қызметі зор.
Алдын алу. Малдарды сауу мен бағып-күту ережелерін қатаң сақтау.
Климаттық гипогалактия - ауру микро- және макроклиматтық шамалардың бұзылуына байланысты дамиды.
Себебі: Малдарды ылғалды, қараңғы, желденбейтін қора жайларда ұстау, серуеннін жетіспеуі, ыстықта ұзақ уақыт бағу.
Белгілері. Ұнамсыз климат факторларына байланысты сүт өнімі азаяды.
Қолданғаннан болатын агалактия мен гипогалактия – сауу мерзімінде малдарды мөлшерден тыс тым көп пайдалану нәтижесінен болады. Мысалы сауу мерзімін 300 күнге және одан да көп ұзарту, құнажындарды олардың денесінің физиологиялық жетілуіне жетпей ұрықтандыру, сиырлар саууын дұрыс ұйымдастырмау, бірінші төлдейтін құнажындарды дұрыс саууға дайындамау, сауу мерзімін ұзарту салдарынан сиыр желінінің тым тітіркенуінен сүтті толық алмау.
Әдетте сиыр сүттілігін бір лактация кезінде сауып алынған сүт санынан қарап анықтайды. Бұлай анықтау дұрыс емес. Сүт өнімділігінің негізгі көрсеткіші болып, бір лактация кезіндегі емес, сиырдан бір жыл ішінде сауып алынған жалпы сүт санының көрсеткіші санылауы қажет.
Сиырды бір күнде сауу санын анықтағанда негізгі көрсеткіш болып желін сиымдылығы және сүт пайда болу көрсеткіштері саналады. Сиырды тым сирек және тым жиі сауу сүт өнімділігін төмендетеді. Төлдеуден кейінгі бірінші айларда, әсіресе малдар жайылымда бағылса сүт пайда болу үрдісі тез өтеді, сондықтан сиырларды жиі сауады, ал лактация аяғында сүт бөліну үрдісі азайғанда – сирек, бірақ 2 реттен кемітпей сауады. Күніне екі рет сауу кезінде сау кезеңінің аралығын бірдей сақтау қажет. Сиырды таңеретең тым ерте сауса онда желіні сүтпен толуға үлгермейді, ал күндіз тым толып, сүт пайда болу үрдісі кешкі сауын мерзімінен бұрын тоқталады.
Негізгі алдын алу шарасы малдарды дер кезінде сауалту. Суалым мерзімін 60 күннен қысқарту келесі лактацияға қайшы әсер етеді, керісінше тым ерте суалту келесі лактацияда сүт өнімділігін төмендетеді.
Лактация басында сиырлардың қоңдылығы жақсы болуы қажет. Лактация мезгілінде жоғары сүтті сиырлар өз организмінің коректі заттарының қорын жұмсайды да тез жүдейді. Егер сиырдың лактация басында қоңдылығы төмен болса, ол тез жүдейді, бедеу болады, сүт өнімділігі күрт төмендейді. Сиырларды сауу барлық организмнің қайта құрылуымен өтеді, бұл жағдайда тек сүт безі ғана емес, сонымен қатар басқа органдар және организм жүйелерінің функциялары өзгереді. Зат алмасу үрдісінің белсенділігі жоғарылайды. Сондықтан асырау ережелері, сауу ритмі бұзылуы зат алмасу, жүйке және жүрек-тамыр жүйелеріне қолайсыз жағдай туғызады.
Сонымен сиырларды сауу ережелерін, оларды дер кезінде суалту және суалым кезеңінің мерзімін қатаң сақтау қажет.
Симптоматикалық агалактия мен гипогалактия – сауылып жүрген мал организміндегі лактацияның бұзылуы салдарынан болатын ауытқу. Оларға желінсау және сүт безінің басқа ауруларының әсерінен лактацияның барлық бұзылулары жатады. Көбінесе олар желінге микробтардың емшектер арқылы, лимфогенді немесе өзге факторларлар арқылы енуінен байқалады және бұған олардың патогендік қасиеттерінің көрінуі, әдетте малдарды қорада ұстау мен оларды пайдалану ережелерінің бұзылуы жатады.
Симптомдық агалактия мен гипогалактия әр түрлі басқа аурулар (лептоспироз, аусыл, өкпе, ішек-қарын, бүйрек және басқа ағза аурулары), зат алмасу үрдісі бұзылуы салдарынан дамуы мүмкін. Алдын алу шаралары малдарды аурулардан сақтандыру болып саналады.
Сүт бөлінуінің кешеуілдеуі. Кейбір сиырларда, ешкілерде сауын кезінде сүт бөлінуі кешеуілдейді. Осы көрініс көбіне бұзауды айырғанда байқалады. Осыдан басқа организмнің жоғары резистенттілігі, жыныс аппаратында қабыну болуы, т.б. себептер осы көріністі тудырады.
Сүт кешеуілдеуі гипофиздің артқы бөлігі, бүйрекүсті бездері қызметінің бұзылуынан және жылтыр бұлшық етке рефлекторлы әсер етуден де болады.
Клиникалық белгілері. Диагноз қойғанда толып тұрған желіннен сүттің бөлінбеуін агалактия мен гипогалактиядан айыру керек.
Емі. Желінге массаж жасайды. Ауру сиырды қолмен сауады. Сауыншыларды және сауын аппараттарын дұрыс дайындайды. Ауру белгілері байқалса қажетті терапия (вагинит, вестибулит т.б.) қолданады. Р. Прахов пен Н. Нанчев сүт тежелуінің алдын алу үшін қынапқа ауа үрлеу әдісін ұсынған. Ол үшін футбол камерасына 50-60 см шланг түтік жалғап қынапқа енгізеді. Камераны мал аяғын ашып, бүкірейгенше ауамен толтырады. Сосын камерамен жалғасқан шлангты байлайды 10-15 минуттан соң сүт пайда болады.
Желіннің функциональды бұзылуы мен ақаулары.
Сүт безінің қабынуынан, жаралануынан, тыртықталуынан, туындылар салдарынан сфинктердің босаңсуы не параличтенуінен болатын атрофия белгісін лакторея деп атайды. Кейбір сиырларда лакторея кезеңімен пайда болады, бұл қозу кезеңді өтеді және сыртқы орта температурасына байланысты болады.
Клиникасы сауын кешеуілдеуінде, әсіресе малдардың жжайылымнан оралуы кезінде өздігінен сүт бөлінуі орын алады. Сүт тамшылап, немесе сауылдап ағады; сауынға дайындау барысында желінді сүрту, уқалау кезінде көптеп бөлінеді. Сынамалы сауу кезінде сүт цистернадан сауылдап ағады, яғни сфинктер тарапынан кедергі көрмейді.
Болжамы - паралич, тыртықталу, түйінділер кезінде аурудың соңы өте күмәнді.
Емі. Саусақтар арасында сырғытып уқалау жақсы нәтиже береді. Әрбір үрпіні жеке-жеке 10-15 минуттан уқалаған жөн. Сфинктер жұмысын жақсарту үшін 1-2% йод сықпамайын қолданады. Сүт шықпау үшін сауып болғаннан кейін үрпінің ұшын сүртіп құрғатады да, коллодий салынған стаканға 1-2 секунд бастырады, не үрпінің ұшына резина сақина кигізеді. Сақина қан айналымына бөгет жасамайтындай, үрпіні өліетке айналдырмайтындай етіп салынады, бұның нәтижесінде сүт тоқтауы тиіс. Сфинктер параличке үшыраса, семіп әлсіресе, сауып болсымен 5-10 минут бойы үрпіні уқалап, оған массаж жасайды. Үрпі жолын тарылту үшін 5%-дық йод ерітіндісіне малынған жібекпен оның айналасын бұрап тігеді 8-10 күннен соң тігістегі жіпті алып тастайды.
Параличтенген сфинктерді қоздыру және оның саңылауын механикалық жолмен тарылту үшін үрпі маңы терісінің астына жұқа 5% йод ерітіндісінде ылғалданған лигатура салып қалталы тігіспен үрпіні тарылтады. Түйінді байламас бұрын канал саңылауына сүт катетерін не жуан науа зондын салады. 9-10 күннен соң лиагатураны алады. Тыртықтар мен туындыларда пластикалық операция жасайды.
Сүт тастары. Сүт жолдарында фосфор тұздары тұнғанда не казеиннің әктелуінен тастар пайда болады. Сауын кезінде осы тастар цилиндр қуысына, сосын сүтке түседі. Олар тығыз, эластикалық, қаттыға дейін болады.
Клиникалық белгілері. Сүтте алдымен «сүт құмы» байқалады. Содан кейін ауыр сауылуы білінеді.
Емі. Үлкен тастарды үрпек катетерімен ұсатуға болады. Кейде массаж жасап ұсатады. Ірі тастарды алу үшін цистернаны жарып ашып, жараға тігіс салады, ал үрпек жолына жара жазылғанша катетер бекітеді.
Желін жаралары - жыртылған түрде көп кездеседі. Олар өте баяу жазылады да көбіне инфекциямен асқынады. Жарадан микроорганизмдер сүт жолы, лимфа тамырлары арқылы желінге не желін жартысына жайылады да, іріңді желінсау флегмона және басқа асқынулар тудырады. Әсіресе ішіне ене болған жаралар қауіпті. Осы кезде секрецияның мүлдем үзілуі де мүмкін.
Емі. Беткейлік жараларды әдеттегідей емдейді. Мұқият тазалаған соң түйінді тігіс салынады. Зақымдалған ұлпаларды, өлі еттенген шеттерін кесіп алады не скарификициямен жандандырады. Кіре болған жараларды толық тікпеу керек. Төменгі жағында жалқаяқ бөлінер санылау қалдырылады. Үлкен жараларда білте (дренаж) салынады. Тым үлкен болса пластикалық операция қажет.
Үрпек науасының бітелуі. Сфинктер жыртылуынан, тыртықталуынан туындылао өсуінен болады. Бітелуі үрпектін ұлғаюімен, дәнекер ткань өсуімен сипатталады.
Емі. Бужир арқылы үрпек науасын кеңітеді. Сүт өнімділігін сақтау үшін жасанды фистула қолданады. Бұл үшін үрпек науасына, тот баспайтын темір жабдығын енгізеді, ол үрпектің жоғарғы ұшында дәнекер тканьмен ұсталып тұрады. Төменгі шеті винтикпен жабылады. Сауған кезде оны алады.
Сүт бездері туындылары мен ісіктері. Сүт бездері мен желінде ботримикоз, папиллома тәрізді туындылар болады.
а) Ботримикоз биелерде кездеседі, ол көптеген ауырсындырмайтын туындылар болуымен сипатталады. Үстіңгі жағында орналасқан ботримикомалар өздігінен түсіп жазылмайтын, өзектер қалдырады. Уақыт өткен соң зақымдалған желін бөлігі тығыз, бұдыр ісікті беткейге айналады.
Емі. Оперативті (экстирпация).
б) Папиллома жас сиырларда жиі кездеседі. Олар бір-бірлеп не қаптап өсуі мүмкін. Себептері ашылмаған.
Емі. Егер сауынға кедергі жасамаса тиіспенген жөн. Көп болып өскенде оларды бұрап алады, аяқтарын азот қышқылымен күйдіреді. Қанды тоқтатып жараға 1-2 түйінді тігіс салады. 30 мл магнезий күніне 2 рет беру, папилломалардың өздігінен жоғалуына әкеліп соғады.
Сүт безінің ісіктері. Қатерлі және қатерсіз ісіктер болуы мүмкін. Олар миксома, липома, фиброма, карциома, саркома, т.б. Аралас ісіктер де жиі кездеседі. Мысалы, миксо–, фибро-, хондро-, остеосаркома үлкен көлемді ісіктер.
Емі оперативті. Қатерлі ісіктерді толығымен сау тканьдерден кесіп алу қажет.
Желіннің үсікке шалдығуы. Сиырларда көбіне сауу (лактация) кезінде, биелерді аязды күндері жұмысқа салғанда байқалады. Көбіне алдыңғы үрпілері шалдығады. Бірнеше сағаттан соң тері қызаруы байқалады. Желін қатты ауырсынады. 1-2 күннен соң тері жылтырайды. Сау тканьдерден кейін жылтыр қабық жарылады да тері қанталайды. Беткейлік үсу, зақымдалған бөліктің эпителиленуімен, ал терең үсулер кезінде үрпі гангренасы болуымен аяқталады.
Емі. Үсіген жерлерге жұмсартатын майлар жағады. Үрпі жолына катетер енгізеді.
Желін шиқаны - көбіне түкті желінді сиырларда байқалады. Кейде шаруашылықта осы көрініс жалпы ауытқуға айналады. Қоздырғышы ақ және сары стафилококк пен стрептококк.
Клиникалық белгілері. Желін терісінде, әсіресе желін аралығында бір не бірнеше қабыну ошақтары байқалады олардың көлемі түйіршіктен бұршақ дәніне дейінгі көлемде болады. Піскен шиқан ортасында борпылдау белгісі байқалады да олар өздігінен жарылады, аққан жалқаяқ түктерді желімдейді. Қасындағы тканьдердің зақымдануы жаңа шиқандардың пайда болуына әкеп соғады.
Емі - теріні жылы сабынды сумен жуу, түктерін қысқа етіп қырқады. Қабынған тері беткейін 1:500-1000 қатындасындағы йод ерітінділерімен сүртеді. Шиқанға ихтиол, ихтиол-глицерин жағады. Жергілікті еммен қатар мал жағдайын жасқарту және серуен ұйымдастыру қажет. Организмнің қорғаныс күштерін қалпына келтіру үшін аутогемотерапия, лактотерапия және күре тамырға СаСІ егеді.
г) Желін шешегі (оспа) көбіне жас сиырлар мен қойларда байқалады.
Клиникалық белгілері. Ауру тары дәніндей дөңгелек дақтар пайда болуымен басталады. Уақыт өткен соң орнына түйіндер, кейін сірі не ашық сары жалқаяққа толы өзектер пайда болады. Бірнеше күннен соң өзек құрамды іріңге (пустула) айналады. Олар жарылып орнына терең емес ойық жаралар (язва) пайда болады. Ойық жаралар эпиелийленеді, тыртықталады. Әдетте патологиялық процесс 2-3 аптаға, кейде 2-3 айға созылады.
Емі. Дезинфекциялық және жұмсартқыш майлар (стрептоцид, бор, цинк, ксероформ қолданылады). Зақымдалған бөліктің таза, құрғақ болғанын қадағалау қажет, шешек байқалғанда карантин т.б. мал дәрігерлік зандылығындағы шаралар ұйымдастырылуы қажет.
Емшек сүйелі. Сүйел - эпителий тканінен құралған уытсыз ісік. Ол үрпі терісінің ішінде орналасады не оның үстіне саңырауқұлақ тәрізді бұлтиып шығып тұрады.
Себебі. Сүйелдің қандай себептен пайда болатыны осы уақытқа дейін әлі белгісіз. Үрпі терісі ұзақ уақыт тітіркенсе онда оған сүйел шығуы мүмкін.
Емі. Жеке шыққан ірі сүйелді хирургиялық әдіспен алып тастайды. Сүйел түбіне 4-5 мл мөлшерінде 1%-дық новокаин ерітіндісін жібереді де, сүйелді терімен қоса сылады. Бұдан соң үрпі терісін 1-2 жерден тігеді, не жараны электр тоғымен күйдіреді. Сондай-ақ сүйелді қылқиған мойнынан шалып алып, байлап тастауға, азот және карбол қышқылдарының біреуімен, ляпсиспен күйдіруге, оған салицил қышқылы аралас каллодий (салицил қышқылы 10 г, сүт қышқылы 6 г, каллодий 100 г) жағуға болады. Оны әбден жойылғанша, күн сайын ертеңгі сауылымнан кейін майлап отырады. әрбір сауыннан соң вирусқа қарсы қолданылатын майлы заттарды сүйелге жағу да қанағаттанарлық нәтиже береді. Бұл жағдайда сүйел 5-6-шы күні түсе бастайды.
Үрпі жолының іштен туа болмауы және бітеліп калуы.
Үрпі жолының туа болмауының іште өсу кезіңінде жарылмауынан, (дамымауынан), ал бітеліп қалуы оның жарақаттанып қабынуынан болады.
Клиникалық белгілері. Сауғанда сүт шықпайды.
Емі. Үрпі жолы тек терімен бітелген болса, онда үрпіні сауған кездегідей етіп сығып қысады не қүйдіреді. Үрпі жолы бітеліп қалмауы үшін малды жиі-жиі сауып отырады, үрпі ұшына микроб дарытпайтын сүртпе май жағады. Үрпі жолы бітеліп қалса, онда үрпі қабырғасының ұшын қақ ортасынан теседі де, үрпі цистернасына тірей жіңішке троакар тығады. Үрпі жолын керегінше кеңейтеді де, бітеліп қалмас үшін оның ішіне натрий цитраты қосылған Вишневский эмульсиясына малынған (№10) жібек өткізеді, жіпті сол қалпында 48-60 сағатқа қалдырады. Жіпті суырып алған соң, сиырды абайлап жиі-жиі сауып отырады. Осы мақсатпен үрпі жолына полиэтиленнен жасалған түтік енгізеді.
Үрпі цистернасының тарылуы және бітелуі.
Үрпі цистернасының тарылуы мен бітелуі туыстықтан не сыртқы әсерден болуы мүмкін.
Себебі. Үрпінің дұрыс қалыптаспауынан, үрпі цистернасының ішкі бетінің ұзақ уақыт қабынуынан, оның ішіне сүйел, бүртік шығуынан, цистернаны дәнекер ткань қаптап, тыртыққа айналуынан болады.
Клиникалық белгілері - әрбір желін бөлігіне көп болып сүт жиналады да, желін тырысып кетеді, сауғанда одан сүт шықпайды: үрпінің қақ ортасы нығыздалып қатайған: үрпіге катетер енгізгенде едәуір кедергі туады, не катетер мүлдем кірмейді.
Емі. Сүт цистернасы толық тарылса не бітеліп қалса, емнен ешқандай нәтиже шықпайды. Цистерна сәл ғана тарылса үрпі жолы не үрпі қабырғасындағы тілік арқылы пышақ тығып, оны кеңейтеді.
Операция жасарда үрпіні айналдыра жансыздандырады. Сосын үрпі ішіне жұмыр бас пышақ тығады да цистернаны бітеп тұрған тканьді тіліп жібереді, сөйтіп оның жолын әдеттегі қалыпқа келтіреді. Ткань үзінділері мен қанды сауу арқылы шығарып тастайды. Үрпі цистернасын стрепотмицин ерітіндісімен шайып жібереді де, үрпі жараланғандағыдай етіп, оның ішіне полиэтиленнен не полихлорвинилден жасалған түтік тығады. Операциядан кейін 5-6 күн бойы сол түтік арқылы үрпіге микроб дарытпайтын ерітінділер мен эмульсиялар жібереді. 10-12 күннен кейін түтікті алып тастайды.
Үрпі жаралары. Бұл қабынуына, не үрпі жолының бітеліп қалуына себепші болуы мүмкін.
Себебі. Жайылымда жүргенде үрпілерге бұта, ағаш бұтақтары, томар тиіп олардың зақымдануынан: ал қорада баққан кезде шеге, жаңқа кіруінен, қасындағы малдың тебуінен болады.
Клиникалық белгілері. Үрпі өрім-өрім болып жыртылған, тесілген: кейде одан саулап сүт ағады.
Емі. Зақымданған үрпіні белгілі бір залалсыздандырғыш ерітіндімен жуып жібереді де, оның жүйке сезімін жояды үрпі түбінің айналасына новокаиннің 0,5-1%-дық ерітіндісін енгізеді не желін жүйесінің сезімін жояды. Үрпі цистернасына сүт катетерін тығады да, жараланған жердің үстіндегі жағына бұрау салады. Өрім-өрім болып жалбыраған тканьдерді, сондай-ақ өлі тканьдерді сылып тастайды да, жараның ернеулерін бір-бірімен ұштасатындай етіп тегістейді. Бұрауды алып тастайды, қан шыққан тамырларды жіп салып буады. Жараны пенициллин ерітіндісімен не басқа бір антибиотик ерітіндісімен шайып жібереді, оның ернеулерін бір-бірімен қабыстырып тігіп тастайды. Жараны байлап таңады, не оған лейкопластырь жапсырады, ал үрпі цистернасына полихлорвинилден жасалған түтік енгізеді. Бұл түтіктің сыртқы ұшын теріге тігеді де, жібек жіп ұшын үрпі терісіне бекітеді. Тігісті түтікті 7-8 күннен кейін алып тастайды.
Желіннің ісуі. Желін әдетте төлдеу кезінде не мал төлдегеннен кейінгі алғашқы күндері іседі.
Себептері. Төлдеу уақыты жақындаған мал денесіндегі қанның ағымы баяулауынан, буаз мал өзінен-өзі уланады, жүрегі мен бүйректері ауруға шалдығады.
Клиникалық белгілері. Желін ұлғайып, оның терісі көгеріп кетеді, үрпісі қамыр тәрізді болып жұмасарады, іскен жерді саусақпен басқанда, ауырмайды.
Емі. Шырынды азықтарды рационнан шығарып тастайды да, малды сирек суарады, оны серуенге шығарады, май жақпастан, желінді төменнен жоғары қарай ысқылайды. Ісігі ұлғайып, жайылып бара жатса, малдың күре тамырына хлорлы кальцийдің не кальций глюконатының 10%-дық ерітіндісін (100-150 мл) жібереді.
Сүт шықпауы. Сиырда және басқа түліктерде кездеседі.
Себептері. Малды ұрып соғудан, оған ақырудан оны сауа білмеуден, күйлеген кезде аласұрып қозудан, кейде жыныс органдарының ауруға шалдығуынан болады.
Клиникалық белгілері. Сиырды сауа бастағанда сүттің алғашқы тамшылары саулап ағады да, содан кейін сүт мүлдем шықпай қалады.
Емі. Сүт шығару рефлексін тежейтін себептерді жою керек.
Желін сыздауығы. Бұл дертке малдардың аз бастары, кейде табындағы малдың көбі шалдығады.
Себептері. Терідегі түк баданасына, май бездеріне стафилококктар мен стрептокактар енуінен болады. Мал азығының құнарсыздығы, күтімінің нашарлығы, қора жай қолайсыздығы малды серуенге шығармау бұның бәрі аурудың дамуына себеп болады.
Клиникалық белгілері. Желін терісіне көлемі ұсақ, бұршақ дәніндей, орман жаңғағындай, кейде тіпті одан да үлкендеу нығыздалып қайтаған не жұмсарып кілкілдеген бірнеше сыздауық шығады. Олар кейде желін терісіне қаптап кетеді. Сыздауық саны тым көп болса, желін терісінің беті бұдыр болады, жарылған шикандардан ірің ағады.
Емі. Желіннің сыздауық шыққан жерлеріне құрғақ ыстық зат басады, не кварц шамымен қыздарады. Әрбір сыздауықтың үстіне ихтиол, ихтиол-глицерин, пенициллин сүртпе майын және басқа сүртпе майлар жағады лықылдап толықсыған сыздауықтарды жарып жібереді де, жараның ішіне стрептоцид себеді.
Достарыңызбен бөлісу: |