Аппендикс
Бұл мүшеге лимфа тінінің үлкен шоғырларының болуы тән . Аппендикстің саңылауы балаларда – үшбұрыш, ересектерде – дөңгелек пішінді. Жыл өткен сайын бұл саңылау дәнекер тінмен бітелуі мүмкін.
Аппендикстің шырышты қабықшасында құрамында аз ғана мөлшерде бокал тәрізді жасушалары бар бір қабатты призмалық эпителиймен жабылған криптілер болады. Аппендикс криптілерінің түбінде, тоқ ішектің басқа бөлімдеріне қарағанда, ацидофильді түйіршіктері бар экзокриноциттер жиірек кездеседі. Бұл жерде олардан басқа жіктелмеген эпителиоциттер және эндокриндік ЕСL жасушалар орналасқан.
Тоқ ішектен аппендикстің айырмашылықтары болады. Айшық тәрізді қатпарлар болмайды, бокал тәрізді жасушалардың саны аса көп емес, бұлшық ет қабаттары тұтас. Шырышты қабықшаның құрамында,кейде шырыш асты негізге де кіре орналасатын, ірі лимфалық түйіншелер және фолликулааралық лимфоидты тін болады. Шырышты қабықшаның бұлшық ет табақшасы өте нашар дамыған.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы, шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшаның нашар жетілуіне байланысты, айқын шекарасыз шырыш асты негізге жалғасады. Меншікті табақшада және шырыш асты негізде лимфа тінінің көптеген топтары бар. Ішектің саңылауына инфекция түскен кезде оның қабырғаларында елеулі өзгерістер жүреді. Лимфа түйіндерінде үлкен ашық түсті орталықтар пайда болады. Лимфоциттер меншікті табақшаның дәнекер тінініне көптеп шоғырланады және олардың бір бөлігі эпителий арқылы аппендикстің саңылауына өтеді. Бұл жағдайларда ішектің саңылауларынан түлеген эпителиоциттер мен жойылған лимфоциттердің жиынтығын көруге болады. Шырыш асты негізде қан тамырлары және нервтің шырыш асты өрімі орналасқан.
Бұлшықетті қабықшаның екі: ішкі – айналмалы және сыртқы – бойлы қабаттары бар. Ішектің сыртқы жағы әдетте оның меншікті шажырқайын түзейтін сірі қабықшамен жабылған.
Аппендикс қорғаныштық қызмен атқарады. Ондағы лимфа тінінің жиынтықтары иммундық жүйенің шеткері бөлімдерінің құрамына кіреді. Бұл организмді инфекциядан қорғайды, бірақ қарқынды түрде жүрген қабыну үрдісі аппендикстің қабырғасының тесілуіне әкелуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |