Тоқ ішек
Тоқ ішектің жалпы ұзындығы шамамен 1-1,5 м, ені 4-7 см-ге жуық болады. Тоқ ішектің құрамына келесі бөлімдер кіреді: соқыр ішек, аппендикс, жиекшелі ішек, тікішек. Жиекшелі ішектің өзін жоғары өрлейтін, көлденең, төмен бағытталған және сигма тәрізді деп бөледі.
Тоқ ішектің ішкі бетінің бірнеше құрылымдық ерекшеліктері бар. Біріншіден ол жерде айшық пішінді айналмалы қатпарлар болады. Қатпарларды түзеуге ішек қабырғасының барлық қабаттары қатысады. Қатпарлардың пайда болуы бұлшық ет қабықшасының құрылысына байланысты. Қатпарлар бұлшық еттің жолақтары орналасқан жерлерде болмайды. Бұл қатпардың пішінінің айшық тәрізді болуының себебі болып табылады. Екінші ерекшелік тоқ ішекте бүрлердің жоқтығы. Криптілер болады.
Тоқ ішек химустан белсенді түрде су сіңіру және нәжіс қалыптастыру секілді қызметтерді атқарады. Сұйықтықты сіңіру қабілетін дәрігердік тәжірибеде ауруға клизманың көмегімен қоректік заттарды енгізу үшін пайдаланады. Тоқ ішекте ас жентегінің ішектермен жылжуын жеңілдетіп, қорытылмаған тамақ қалдықтарының тұтасуына септесетін шырыштың әжептәуір мөлшері бөлінеді. Тоқ ішектің бір қызметі – бөлушілік қызметі. Бұл ішектің шырышты қабықшасы арқылы бірқатар заттар, мысалы, кальций, магний, фосфаттар, ауыр металдардың тұздары т.б. бөлінеді. Тоқ ішекте К және В витаминдері түзіледі. Бұл үрдіс ішектерде ұдайы болатын бактериалдық флораның қатысуымен жүзеге асады.
Тоқ ішекте бактериялардың көмегімен клетчатканың (талшықтардың) қорытылуы іске асырылады.
Дамуы. Жиектік және тік ішектің жамбас бөлігінің эпителийі энтодермадан дамиды. Тік ішектің анальді бөлігінің терілік және аралық аймақтарындағы эпителий – эктодермалық. Ішек тік және терілік эпителийлерінің арасындағы шекара көмескілеу көрінеді және тік ішектің бағаналы және аралық аймақтарының арасында орналасқан. Ішек түтігінің эпителийі ұрықтың құрсақ ішілік өмірінің 6-7–ші аптасында тез өседі. Эмбрионның ішегінің шырышты қабықшасындағы бүрлер мен криптілер бір мезгілде дерлік пайда болады. Кейінірек осы жерге мезенхима кіреді де, бұл бүрлердің ішек саңылауына көбірек шыға орналасуына алып келеді. Эмбриональдық дамудың 4-ші айында тоқ ішектің бастамасында бүрлердің мөлшері өте көп болады. Одан әрі шырышты қабықша бетінің жылдамдата өсуі бүрлердің созылуына және тегістелуіне әкеледі. Эмбриогенездің аяғына қарай тоқ ішекте бүрлер болмайды. Тоқ ішектің бұлшық етті қабықшасы құрсақ ішілік дамудың 3-айында, ал шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасы 4-ші айында жетіледі.
Тоқ ішектің қабырғасының құрылысы ас қорыту түтігінің жалпы құрылымдық принципіне сәйкес. Оның құрамында төрт қабықшаны ажыратады: шырышты, шырыш асты негіз, бұлшық етті, сірі қабықшалар. Шырышты қабықшаның криптілері аш ішекпен салыстырғанда тереңірек, кеңдеу және көптеу болады. Жасушаларының ішінде ең көбі шырыш өндіретін бокал тәрізді эпителиоциттер. Бағаналы эпителиоциттердің саны аздау, микробүрлері аласа болады. Панет жасушалары мен жетілмеген эпителиоциттер криптілердің түбіне қарай орналасады. Эндокриноциттердің ішінен келесілерін көруге болады: ЕС-жасушалар, Д-жасушалар, Д1 -жасушалар.
Достарыңызбен бөлісу: |