Ас қорыту түтігінің жалпы құрылысы. Ас қорыту түтігінің кез келген бөлігінің қабырғасы келесі қабаттардан тұрады: шырышты қабықшадан, шырыш асты негізден, бұлшықетті қабықшадан және ең сыртқы сірлі немесе адвентициальды қабықшадан (2 сурет). Тек ауыз қуысының құрылымдарында ғана шырышты қабықшаның немесе шырыш асты негізден кейін басқа құрылымдар анықталады.
2 сурет. Ас қорыту түтігінің жалпы құрылымы (Афанасьев Ю.И., Кузнецов С.Л., Юрина Н.А. бойынша)
А – ұлтабар
Б – өңеш
В – тоқ ішек
Г – аш ішек
Шырышты қабықша. Ол – үстіңгі беті бездерден бөлініп шығатын шырышпен ұдайы ылғалданып отыратын болғандықтан осындай атау алған. Шырышты қабықшаның бедері ас қорыту түтігінің бүкіл өне бойында біркелкі емес. Оның үстіңгі беті тегіс (ерін, ұрт), ойлы-қырлы (асқазандағы шұңқырлар, ішектердегі тереңдемелер), қатпарлы (барлық бөліктер), бүрлі (аш ішекте) болуы мүмкін.
Бұл қабықша әдеттегідей үш табақшадан: шырышты қабықшаның эпителийлік табақшасынан, шырышты қабықшаның меншікті табақшасынан және шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасынан құралады.
Эпителийлік табақшаны құраған эпителий тіні ас қорыту түтігінің алдыңғы бөлімінде көпқабатты жазық, ал ортаңғы бөлігінде – бірқабатты текшелі, кейде цилиндр тәрізді болып келеді. Ас қорыту түтігінің артқы бөлімінде эпителий қайтадан көпқабатты болып, басында текшелі, кейін жазық мүйізденбейтін, аяғында жазық мүйізденетін болып анықталады. Бездер шырышты қабықшаның меншікті табақшасында (өңеш, асқазан) және шырыш асты негізде (өңеш, ұлтабар), эпителийдің ішінде (ішектердегі бокал тәрізді жасушалар), кейде асқорыту түтігінен тыс (бауыр, ұйқы безі) орналасады. Олар экзокриноциттерден, эндокриноциттерден және қосымша жасушалардан тұрады.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийдің астында жайғасып, одан базальды мембранамен ажыратылады және борпылдақ талшықты дәнекер тіннен құралады. Бұл жерде қан және лимфа тамырлары, жүйкелік элементтер, лимфалық тіннің жиынтықтары орналасады. Ас қорыту түтігінің кей бөліктерінде (өңеш, асқазан) бездер орналасады.
Шырышты қабықшаның бұлшықет табақшасы шырыш асты негізбен шекаралас жайғасады да, тегіс бұлшықет жасушаларынан құралған 1-3 қабаттан тұрады. Кей бөліктерде (тіл, қызылиек) тегіс бұлшықет жасушалары болмайды, яғни бұлшықет табақшасы жоқ.
Шырыш асты негіз. Ол борпылдақ талшықты дәнекер тіннен тұрады. Шырыш асты негіздің болуы шырышты қабықшаның қозғалғыштығын, қатпарлардың түзілуін қамтамасыз етеді. Шырыш асты негізде қан және лимфа тамырларының, сондай-ақ лимфалық тіннің шоғырлары және шырыш асты жүйке өрімі болады, кейбір бөліктерінде (өңеш, ұлтабар) бездер орналасады. Ауыз қуысында кей аймақтарда шырыш асты негіз болмайды, ол жерлерде шырышты қабықша төменгі қабаттардың құрылымдарымен тікелей байланысып орнығады, сондықтан қозғалысы мүмкін емес.
Бұлшықет қабықшасында әдетте (асқазаннан басқа) екі қабат болып орналасқан бұлшықет құрылымдарын ажыратады. Қабаттарды құрайтын бұлшықет элементтерінің орналасу ерекшелігіне орай бұл қабаттарды сыртқы бойлай және ішкі айналмалы деп атайды. Асқазанда үшінші қиғаш қабат қосылады. Қабықшаны түзейтін тіндер бұлшықеттің екі тобына жатады: көлденең-жолақты қаңқалық (өңештің және тікішектің кейбір аймақтарында) және жазық (ас қорыту түтігінің қалған бөлігінде).
Бұлшықет қабықшасының құрамында дәнекер тіннің жұқа қабаттары болады. Бұл қабаттардың құрамында бұлшықет аралық жүйке өрімдері, қан тамырлары орналасады.
Сыртқы қабықша кей жерде адвентициальды, кей жерде сірлі болады. Адвентициальды қабықша тек дәнекер тіннен құралып, жұтқыншақ, өңеш және тікішектің каудальды бөлігінде анықталады. Ас қорыту түтігінің басқа аймақтарында орналасқан қабықша сірлі деп аталып, дәнекер тіннен және оны сыртынан қаптап жатқан мезотелийден тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |