Дәріс №8
XIX ғасырдағы қазақ әдеби тілі
Ауызша әдеби тілді синтездеу дәуірі.
Махамбет пен Дулат ақынның қазақ әдеби тілі тарихында алатын орны.
Ауыз әдебиетінің ажыратылып, авторы белгілі болып ілгеріректен келе жатқан тарихи әдебиет XIXғ.-І жартысынан одан әрі жалғасты.
Әдебиетті зерттеушілердің пікіріне қарағанда, бұл тұста жігі айқындала түскен идеологиялық екі бағытты ұстанған екі ағымдағы қазақ әдебиеті өмір сүрді. Бірі бұқарашыл, екіншісі кертартпа реакцияшыл. Бірінші тобына Махамбет ақынның (1804-1846) Шернияздың (1817-1881). Шоженің (1808-1895) шығармалары жатса, олардың қарама-қарсысына Дулат (1802-1871), Шортанбай (1818-1881), Байтоқ, Жанұзақ т.б. шыға бастады. Әдебиетті зерттеушілер шығармаларының негізгі тақырыбы жағынан Шал ақынды XVIIIғ. уәкілі ретінде, ал Дулат, Шортанбай, Шөжелер XIXғ. орта тұсының (50-70ж) уәкілдері ретінде танып жүр. Әр алуан идеологиялық бағытта болғандығына қарамастан әдебиет дүниесінде алған орындары да аса үлкен емес қарапайым ақындар да өз тұстарындағы әдеби тілде жырлады, әрқайсысы сол тілдің дамуына азды-көпті үлесін қосып, әрі қарай дамытуға, жаратуға себепкер болды. XIXғ. І жартысында көркем әдебиет мұрасы да оның алдындағы үлгілердей, бізге ауызша таралып, сақталған нұсқасында жетті. Дегенмен, XVIIIғ. қарағанда, бір жағынан, уақыттың жақындығынан, екінші жағынан тақырыбының түрленіп, ауыз әдебиеті тақырыбы шеңберінен шығып әлдеқайда жеке авторлық сипат алғандығынан, бұл дәуірдегі көркем әдебиет үлгілерінің дәлірек жеткендігін байқаймыз. Ал бұл жағдайдың тіл тарихын зерттеуде үлкен мәні болатыны да аян.
XIXғ. алғашқы 40-50 жылдардағы қазақ тілін танытатын көркем әдебиет үлгілерімен қатар ресми-эпистолярлық әдебиет болды. Бұл кезде әлі қазақ тілінде оқу-педагогикалық, әлеуметтік-публицистикалық және ғылыми әдебиет болған жоқ. Көркем әдебиеттің өзі өткен дәуірдегідей бір ғана формада-поэзия түрінде келді. Көркем проза, оның әр алуан жанрлық салалары әлі туған жоқ-ты.
XIXғ. Іж. бұрынғы жыраулар мектебі әлсірей түсіп, ақындар мектебі бел алды. Соған орай көркем сөз шеберлері бұрынғы өсиет, ақыл-насихат, философиялық толғаныс түрінде келетін жырлардан гөрі нақты тақырыптарды сөз етуге жиірек бара бастайды. Осы аралықта-ескіні жинақтап түйіндеп, жаңаны бастауда-қазақтың төл әдеби тілінде із қалдырған сөз шеберлері тұрды. Солардың бірегейі М.Өтемісұлы болды. Махамбет тарихта жырау емес, ақын деген атпен танылды, бірақ әдебиет пен әдеби тілдегі орны жыраулық пен ақындықтың түйіскен жерінде. Ол-жыраулар мектебінің нәрі мен барын алып, оны ақындық шығармалармен қиюластырған қаламгер,-дейді ғалым Р.Сыздықова.
Махамбет- нақтылы тақырыпты сөз еткен ақын. Ол Шалкиіз, Бұхарлардай ақылгөй, кеңесші емес, бұрынғы жыраулардай өмір мен болмысты, айналадағы тұрмыс, тіршілікті сырттан бақылап, толғаушы емес, сол өмірге өзі қоян-қолтық араласушы, осы тіршіліктің өз тұсындағы оқиғалары мен іс-әрекеттеріне тікелей қатысушы. Сондықтан Махамбет жырау емес- ақын. Ақылшы емес, айтушы. Тақырыбы көбіне-көп нақтылы болғандықтан, оның еншісіне сол нақтылыққа сай жаңа образдар мен жеке сөздерді әдеби тілге қосу үлесі тиген.
Махамбет- өзіне дейінгі қазақ поэзиясының ғасырлар бойы қалыптасқан, шыңдалған, елек көзінен өткен табысын бір жерге түйіп тастап, оны әрі қарай жаңа бағытта жалғастыруға бет алған суреткер.
Көркем әдебиет стилінде жаңа белгілерді анық көрсете бастады. Үлгілер-Дулат Бабатайұлының шығармашылығы Дулат та Махамбет сияқты, алдыңғы кезеңдердегі қазақ позиясының тілдік-стильдік құралдарын өзінше пайдалана отырып, жаңаға ұластырушы, жаңа үлгілерді ұсынушы қаламгер.
Әр ақын-өз заманының жыршысы да жаршысы.
Осы кезеңдегі ақындардың тілінен сол кездегі сөздерінің қолданылу ерекшелігін де байқаймыз. Әрине, аздаған ақындардың поэзиялық шығармаларында сол кездегі қазақ тілінің сөздік құрамы толық қамтыла бермейді. Онда негізінен поэзия тақырыбына байланысты белгілі лексикалық топтар көрініс беріп отырады. Сондықтан да Дулат поэзиясы мен Махамбет өлеңдерінің лексикасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Әлбетте, хан, би, төре, мырза бай, ақсүйек т.б. әлеуметтік топтарға байланысты атауларды есептемегенде, Махамбет поэзиясында қару-жарақ атауларына байланысты, ұрыс-соғысқа байланысты жауынгерлік лексиканың жиі кездесуі, заңды да. Бұлармен қатар жазба әдебиет тілінде әлі де кітаби дәстүрдің келуін де ескеруіміз керек. ХІХ ғ. І жартысындағы қазақ төл әдеби тілінің лексикалық құрамының негізі – алдыңғы дәуірлерден сұрыпталып, нормаланып келген сөз байлығы болды. Оның басымы – қазақтың өз сөздері, екінші қабаты – араб-парсылық кірме сөздер.
Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі ілгергі дәуірлердегі жаугершілік мотивтегі әдебиет үлгілерінің тілін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік туғызды. Демек, жаугершілікке қатысты бұрынғы образдар, оларды жасайтын тілдік құрал-тәсілдерді молынан пайдаланады. Бұл әсіресе жауынгер ақын Махамбетте күшті сезіледі.Оның тілінде бұрынғы найза, садақ, сүңгі, жебе, қорамсақ, адырна, сауыт, оқ, кіреуке, дулыға деген қару-жарық, сауыт-сайман атаулары да, қол, шерік, ер, жолдас, азамат, аламан сияқты «қару ұстайтындардың» атаулары да өз мағыналарында еркін жұмсалады.Олар бұрынғыша тұрақты эпитеттермен келіп, образ жасауға да актив қатысады; алты құлаш ақ найза,толғамалы найза, қималы найза, қоңыраулы найза; садақ толған сай кез оқ, қызыл сырлы жебе, қозы жауырын оқ, сұр жебелі оқ т.б. Бұл кезеңде тек Махамбет емес, жалпы батырлық, жаугершілік тақырыпты да сөз еткен ақындар да бұрынғы әскери сөз қоймасына жүгінеді. Мысалы, «Еспембет» позмасында Дулат та кіреуке, жеңсіз берен, адырна, бадана көз тоғыз тор сауыт, сары ырғай садақ, найза, семсер, оқ, білтелі сөздерін қолданады. Сонымен қатар, бұларда әскер сөзі жандана бастайды, ол бұрынғы шерік, қол сөздерінің тепе-тең баламасы ретінде жиі жұмсалады. Бірақ осы атаулар әдебиет үлгілерінде азая береді.Тіпті «Мен едім Исатайдың Шерниязы» деп өткен Шернияз ақында соғысқа, ұрысқа қатысты сөздер әлдеқайда кем ұшырасады, ХІХ ғасырдың І жартысындағы аты аталғандардан өзгелерде олар тіпті жоққа тән.Тілдегі өзгерістердің қауырт болмауының екінші себебі әдеби тілдің дамуындағы іліктестікке байланысты. Мысалы, орда, хандық, жұрт мағынасындағы байтақ, «қазақ халқы» ұғымын білдіретін алаш, «рулас, ағайын» мәніндегі қарындас, «алыс, шет аймақ» мағынасындағы қырым, «тұтқын» мағынасындағы жетім, «заңды, заңсыз» деген ұғымдары беретін теңдікті, теңдіксіз сөздері, «ұл, бала» мағынасындағы көбеген, көбек, ұлан, «ойрандалу, жаудан жеңілу» ұғымындағы бүлу, «қол астындағы халық» мәніндегі астана жұрт, аса жұрт, әлеуметтік топ ұғымындағы бұзық, оның синонимі тентек, «ұрыс» мағынасындағы соғыс, «жазу» мағынасындағы сызу сөздерінің ХІХ ғасырдың 60-70жылдарына дейінгі қазақ әдеби тілінде орын алып келуі – әдеби тіл дәстүрінің жемісі.
ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап ене бастаған жаңа сөздердің бірі – Шортанбай сияқты ақындардың таным тұрғысынан бағаланған зар заман, ақыр заман, заман ақыр тіркестері. Соңғы тіркес, әдетте, діни ұғымға қатысты бұрыннан бар болғанмен, енді ол зар заман дегеннің синонимі ретінде де келеді.
Әсіресе, бұл кезде тілде билеуші топ пен бағынышты қалың бұқараны, бай мен кедейді қарама-қарсы қойып, ажыратып атау тенденциясы күшті: хан/қара халық, қара жұрт; ақсүйек/қара; бай/кедей/жарлы т.б. Бұл топқа патша үкіметінің қазақ даласын билеу жөніндегі 1822,1868 жылдардағы реформаларынан кейін енген аға сұлтан, болыс, майыр, старшын, онбасы, елубасы, ұлық, тілмаш, қара шығын, алым-салық, шаңырақ салығы зекет, қайыр, абақты, малды қағаздату сияқты сөздер жатады. Ондаған жаңа ұғымдардың атаулары қазақ тілінің өзінде бұрыннан бар сөздер болғанымен, олардың ендігі беретін мағыналары нақтылы бір әкімшілікке, шаруашылыққа байланысты жаңа болып келеді.
Сауданың, оның ішінде орыс саудасының қазақ жерінде күшейе түсуіне байланысты қолданылатын сөздердің ішінде бұрыннан бар сауда, саудагер, ақша, бұл, сату, батпан, таразы сияқтылар жиірек ұшыраса бастайды. Оның үстіне пайда, несие, өсім, қарыз деген сөздер терминдік дәрежеге көтеріліп, белгілі бір сауда-ақша операцияларының атауларын білдіретін болады. Сірә, теңге, сом, тиын, кір сияқты сөздер осы кезеңде ғана енген немесе активтенген элементтер болар.
Шаруашылықтың жаңа түрлеріне байланысты ылауға ат алу, ат жалдау, кіре тарту, шаруа жию, шаруа істеу тәрізді нақтылы іс-әрекеттердің аналитикалық атаулары пайда болып, көркем әдебиет тіліне енеді. Бұлар бірте-бірте атаулық сипат алады. Қазақ тілінде сайлау, атқамінер, ел пысығы деген сөздер де өткен ғасырдың орта тұсында пайда болғандар. Сайлау – әкімшілік жүйесіндегі жаңа тәртіпке сай актінің атауы.
Әкімшілік жүйесіндегі адамдардың пара алуы, ірі байлардың мал ұрлығын кәсіпке, дағдылы әрекетке айналдыруы қазақ әдеби тілінде парақор, ұры, ұры-қары сөздерін де әлеуметтік терминология саласына шығарған. Бұл кездегі әдеби тілде қолданылған ұры сөзі жай ұрының емес, қоғамдық мәні бар актіге өз бетімен және көбінесе арнайы жұмсаумен араласатын адамды білдіреді. Сондықтан да Дулат: Ақтайлақ пен Аққожа, Құрық берді ұрыға дейді.
Біз талдап отырған кезеңдегі әдеби үлгілердің тілінде бұл күнде сол мағынада актив жұмсалмайтын және бір алуан сөздер бар. Олардың бірқатарын не көне, не жергілікті сөз деуге де болмайды. Мысалы Махамбет шығармаларында ереуіл, қалықпан, қу толағай бастану, мінкен, қырқарлану, керіскен, емсеу, жемсеу, кескекті ер, мейманасы тасқан, зымыран, алаулау, мараю деген сөздер не сол дәуір үшін, не қазіргі кезең үшін норма да, актив те емес. Олар Махамбеттен өзгелерде ақын қолданған ұғымда кездеспейді.
Сол сияқты Дулат, Шортанбайлардағы мәт, жолан, мұза,топыраш, кегеже, әкпіш, ырғын, ылат сөздері де көп үлгілерге ортақ, әдеби нормадағы элементтер емес. Оларды қаламгердің өзі жасаған жаңа сөздер (неологизмдер) деуге де болмайды. Сол сияқты Шортанбай өлеңдеріндегі көксім, шернеу, селебе сөздері де көпшілікке таныс емес.
Қазақтың ескі жазба әдеби тіліне тән кейбір сөздер мен тұлғалар бұл кезең ақындарында кездесіп отырады. Мысалы, Кетпей де нешік етермін (Махамбет). Амалым нешік құдайға (Шортанбай). Мұндай сирек сөздердің кездесу фактісі ХІХ ғасыр ақындарының тіл байлығын сарқа пайдалана білгендіктерінің белгісі. Әсіресе образ үшін толағай, қалықпан, жолан, топыраш, ылат, мәт тәрізді сөздерді кәдеге асырулары – ізденістердің, тілдегі шығармашылық әрекеттің куәсі.
Сөз болып отырған кезеңдегі лексика құрамында кездесетін жергілікті ерекшеліктердің көрінісіне келсек, мыналарды айтуға болады. ХІХ ғасырдың І жартысында қазақ даласының батыс аймақтарынан шыққан ақындар тілінде қазірде әдеби нормаға жатпайтын біраз сөздер бар. Олардың бірқатары бір кезде Қазақстанның көптеген өлкелерінде жиі қолданылып, жергілікті элементке кейін айналғандар. Мысалы, «ел», «жұрт» мағынасындағы байтақ сөзі – көбінесе эпостық жырлар мен батыс аймақтарынан шыққан ақындарда кездесетін диалектілік архаизм. Бұл күнде «сой» сөзін «ата, тек, нәсіл» мағынасындағы батыс говорларына тән диалектілік сөз деп қараймыз.
Махамбет, Шернияз, Алмажан, Байтоқ, Жанұзақтарда кездесетін шандоз, зәуде (кездейсоқ), жігі-жапар болу (ынтасымен кірісу), сыңайы (реті, шамасы), жандасу (өліспей берілмеу), қасқару, жұрт сұрау (ел билеу) сөздері қазірде қазақ тілінің батыс говорларына тән диалектизмдер қатарында қаралады.
ХІХ ғасырдың басынан бастап, 60-70 жылдарына дейінгі қазақ тілінің алдыңғы кезеңдерден бір айырмашылығы – оның лексикалық құрамына орыс сөздерінің ене бастауы. Қазақстанның кей жерінің Ресейге бағынып болуына байланысты халықтың күнделікті өмір тіршілігінен бастап, әкімшілік, сот-заң т.б. салаларға қатысты жаңа зат, ұғымдар орыс тілінен алына бастады. Махамбет, Шернияздарда шай, расхот, срок, солдат сияқты төрт-бес сөз ғана бар. Бұл кезеңде едәуір дамыған сауда-саттыққа, орыс бекіністері мен қалалардың орнауына және қазақ жеріне келіп қоныс тебе бастаған орыс адамдары мен қазақтардың күнделікті қарым-қатынасына байланысты халықтың сөйлеу тіліне енген орыс сөздері бірсыпыра болған болса керек. Ғ.Мұсабаев қазақ тіліне орыс тілінен сөз ауысу процесін үш кезеңге бөліп, бірінші кезеңі ХУІғасырға дейінгі дәуірде оның өте әлсіз болғанын, ХУІ ғасырдан ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейінгі екінші кезеңде едәуір жандана түскенін атайды да, бұл кезеңде қазақтардың сөйлеу тілінде шаруашылық пен тұрмысқа қатысты соха, борона, пикет, хутор, чашка, стақан, поднос, жарма сөздері, әскери-әкімшілік саласынан комендант, пристав, майор, солдат, сот, атпекет сөздері болды дегенді жазады.
ХІХ ғасырдың 50-70 жылдарына қарай қазақ әдебиетінің сөздік құрамына орыс сөздері едәуір ене бастады. Қазақ даласын билеудің 1822 және 1867-1868 жылдардағы реформа тәртіптеріне байланысты хандық билік жойылып, әкімшілік, заң жүйесінің жаңа институттары пайда болуына, орыс саудасының күшеюіне шаруашылықтың егін салу, жер жырту, орман күту сияқты жаңа түрлерінің жандана бастауына байланысты ондаған орыс сөздері қазақ әдеби тілі айналымына түседі.
Қазақтың ауызекі сөйлеу тілінде де, ауызша әдеби тілінде де араб және парсы тілдерінен ауысқан сөздер қай кезеңде болса да едәуір орын алып келді. Оған Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген халықтардың ислам дініне енуі, мұсылманша оқу-ағартудың орын алуы, ортағасырлық түркі әдебиетінің қазақ қауымына да таныс болуы сияқты факторлар себеп болды.
Араб-парсы сөздік қабаты барлық ақындарда бірдей емес, олар Махамбет, Шернияз, Алмажан, Шөже, Орынбай, Нысанбай, т.б. өлеңдерінде өте аз, барлары халық тілінде қалыптасқандары.
Араб-парсы сөздерінің аз-көп қолданылуы авторлардың сауаттылығына байланысты болды. Дулат, Махамбет, Шортанбай сияқты ақындар мұсылманша сауатты болған адамдар. Сондықтан қаламынан шыққан дүниелерде шет тілдік элементтердің, оның ішінде жалпыхалықтық сөйлеу тіліне енгендерден өзге сөздердің ұшырауы заңды. Мысалы, Дулат, Шортанбайларда кәнігі халық тіліне сіңген араб-парсы сөздерінен өзге шафағат, кәләл, фурқан, ғаран, ғафил, муһмин, раббы, қаһар, қатым, ғарип, әбһәм сияқты сөздер бар.
Өткен кезеңдердегі қазақ тіліндегі араб-парсы сөздерін екі топқа бөліп талдауға болады: бірі – мұсылманша діни ұғымдарды білдіретін сөздер, екіншісі – діни ұғымға қатысы жоқ сөздер. Діни лексикада Шортанбайдың тілінде тек қана дінге қатысты бейіш, тәркі, тамұқ, зекет, жаббар, иман, хұда, сұбқан, алла, періште, құдайдың пәрмені, сүннет, парыз, Мұхаммед, Мұстафа, Ибраһим т.б. діни сөздер айтылады.
Осы кезеңде ақын сөзімен қатар шайыр; өлең, толғау сөздерімен қатар бәйіт деген араб сөздері қолданылады және екеуі де ақындар шығармаларының кітап болып жариялануына байланысты кездеседі. Мысалы, Шортанбай «Бала зары», «Қисса-и Шортанбай» деген кітіптарында «Бәйіт айтып, баян қып, Жарастырдым әрнеге» дейді. Дулат: «жыршылардың шайыры, Асыл сөзді езбеген» десе, мұнда да өлең шығарушы, таратушы жалпы жыршылардың ішінен жаңа типтегі ақындарды шайыр деп бөліп алады.
Сөйтіп, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың төл әдеби тілінің құрамында кірме сөздердің молдау қабатын араб пен парсы тілдерінің сөздері құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |