Дәріс №7
XVIIІ ғасырлардағы әдеби тілдің үлгілері және көрнекті өкілдері.
1. ХУІІІ ғасырдағы қазақ әдеби тілін сипаттайтын әдебиет үлгілері.
2. Ақындар мектебінің қалыптасуы.
ХVIIIғ. қазақ даласының өз ішінде болсын, сыртқы мемлекеттерде болсын саяси-экономикалық қарым-қатынасының аса бір күрделі кезеңі болды. Бұл кезде әлі де қазақтың ұлан байтақ даласын хандар билейтін. ХVIІғ.ІІж. кіші жүз өлкесін Нұралы хан, орта жүзді Абылай хан биледі. Қазақтың билеуші топтарының ескі хандық дәуірді сақтап қалуға жасаған іс-әрекеттері де қоғамның даму екпіні мен қатты қысымшылық туғызған шаруалар көтерілістері де осы тұсқа сай келеді. Қоғамды дамытуға ескі ел билеу системасы мен әр алуан саяси-әкімшілік тәртіптің бірте-бірте әлсіреп жойылуына байланысты ел билеудің жаңа элементтері пайда бола бастады.
Қазақ экономикасына Россияның ықпалы күшейді ішкі-сыртқы сауда өсті, егіс көлемі ұлғайды, қолөнер кәсіпшілігі өркендей бастады. Қазақ даласына сауда-саттық келді. Дала тіршілігіне ақша да келе бастады. Қазақ халқының мәдени-рухани дүниесіне келсек, бұл кезде сауаттылар саны мейлінше төмен еді. Сауаттылықтың өзі тек мұсылманша, яғни араб жазуымен хат танып, Ислам дінінің ережелері мен дұға-намаздарын үйрену түрінде болды. Азаматтық білім беретін қазақ мектептері жоқ-ты. ХVIIIғ. соңғы жылдарында әр жерде Россия өкіметі тарапынан ашылған "гарнизондық" мектептер мен Омбыдағы 1799ж. ашылған "Азия мектебінде" оқу орыс тілінде жүргізіліп, оларда әскери мекемелердің кадрлары мен әкімшілік орындардың тілмаш, писарьларын дайындады, бірақ бұларда, негізінен, билеуші топтардың бірен-саран балалары оқыды.
Көркем әдебиет, негізінен, поэзия түрінде болды. Бұл кезде де әр алуан бағыттағы, әр идеологияны қоштаған ақындар мен жыраулар өмір сүрді. Әдебиет нұсқалары халық арасына ауызша тарады. Баспа орындары ашылмады.
Бұл кезде қазақ даласында баспа орындары кітап шығару практикасы, оқу-ғылым болмағанмен ХVIIIғ. ІІж. тіліміздің жай-күйін әсіресе лексикасы мен фразеологиясын, сондай-ақ кейбір грамматикалық категориялары мен нормаларын танытатын үлгі-нұсқалар бар еді. Оларға, біріншіден көркем әдебиет үлгілері жатады.
Екіншіден, әңгіме етіп отырған дәуірде қазақ ауыз әдебиетінің мол нұсқалары болады, бірақ өкінішке орай, олардың сол тұста жазылып алынған варианттары болмағандықтан, мынадай эпостың немесе ертегінің болмаса түрмыс-салт лирикасының ХVIIIғ. жырланған, айтылған түркі тілі жағынан мынадай болып еді деп сипаттай алмаймыз, осы күнгі өзіміз оқып біліп жүрген эпостың, халық өлеңдерін, ертегілердің тағы басқа фольклорлық мұраларының көпшілігінің тілі дәл солардың туған кезеңіндегі немесе тіпті ХVIIIғ. түрінде емес өзегі сақталуы сөзсіз, сонда да оларда архаизмдер, көне грамматикалық тұлғалар, ескі синтаксистік тәсілдер ұшырасады. ХVIIIғ. тілді көрсететін нұсқаларының үшінші саласы- ресми іс-қатынас қағаздары. Бұлар: хан-сұлтандарының орыс патшасына, орыс әкімшілік орындарына және бір-бірлеріне жазысқан арыз-өтініштері, мәлімдемелері, хаттары, үндеулері, тағы басқа. Бұл әдебиеттің құнды бір ерекшелігі хатқа (қағазға) түскендігі, сонда сол тұста қазақ даласында тілдің белгілі бір стилінің қандай сипатта болғанын көрсететін материал болып табылады.
Төртінші , бұл дәуірде қазақ өлкесін орыс өкіметі тарапынан танып-білу әрекеті қызу жүрді. Сол кездегі орыс саяхатшылары мен ғалымдарының және қызмет бабындағы кейбір чиновниктің орыс тілінде жазған материалдары ішінде жекелеген қазақ сөздері кездесетін.
Бесінші, ХVIIIғ. соңғы ширегінде Россия мемлекеттік тарапынан қазақ тілінің кейбір сөздердің орысша және кейбір өзге тілдердегіше баламасын көрсететін шағын сөздік іспеттес тәжірибелер болғандығын көреміз. Бұлар:
"Парсы және татар диалектілері деп аталатын 10 беттік қолжазба;
49 орыс сөзінің қазақша және монғалша аудармалары берілген қолжазба;
«Хиуа, Бұхар, Қырғыз тілдеріне аударылған Орыс сөздерінің тізімі»;
1779ж. жазылған орысша-қазақша сөздерінің қолжазбасы; т.б.
XVIIIғ қазақ әдеби тілінің сөздік құрамы екі қабаттан тұрады, біріншісі – негізгі – қазақтың төл сөздері, екіншісі– араб – парсы сөздері, үшіншісі -орыс сөздері немесе орыс тілі арқылы енген шет тіл сөздері XVIIIғ көркем әдебиет үлгілері тілінде жоққа тән. XVIIIғ қазақ әдеби тілі лексикадағы төл сөздер құрамын сипаттайтын белгілерінің бірі – кейбір тематикалық топтардың актив қолданылуы. Солардың бірі – жауынгерлік лексика тобы қазақ әдеби тілінің сөздік құрамында қару-жарақ пен әскери киім-кешек атаулары. Сондай-ақ ел қорғау, батырлық қасиеттерге байланысты сөздер молынан кездеседі. Бұлардың ішінде қазіргі лексикалық нормамызда көнеріп, пассив қолданып кеткен сауыт, дулыға, жебе тәрізді зат атаулары да жаулық елдік, біту сияқты сөздер де әлдеқайда жиі кездеседі. XVIIIғ әдеби тіл үшін бұлар архаизмдер мен историзмдер емес. Осы күнгі әдеби тілімізге дейін актив қолданылып келген батыр, мерген, оқ, найза тәрізді сөздер де жауынгер лексика қорына кіреді.
XVIIIғ қазақ әдеби тілі сөздік құрамының екінші бір қабаты араб – парсы сөздері. Бұл кезде халқының сөйлеу тілінде де, ауыз әдебиетінде, ақындар шығармаларында да, араб – парсы төркіндес сөздер едәуір орын алған. Олардың өзін екі топқа бөлуге болатын тәрізді: Ертеден сіңісіп кеткен және жиі қолданатын топтағы сөздер. Мыс. абырой, ажал, ақшам, алла, дауа, дәулет, дүние, жала, заман, күмән, құдірет, найза, несібе, пасық т.б. қазақ тілінде ерте заманнан келе жатқан сөздер.
Араб-парсы сөздерінің екінші тобы-халық тіліне сіңісіп кетпегендер бұлар жеке діни сөздер мен кейбір абстракт ұғымдарды білдіретін сөздер. Мыс. төрт шадияр, ғайбат, һәммат (ынжық) т.б.
XVIIIғ қазақ поэзиясы тіліндегі әдеби-көркемдік тәсілдер. Қазақ поэзиясының ертеден келе жатқан толғау жанрына негізінен жыраулар мектебінің үлгілеріне тән әдеби тәсілдерінің бірі-параллелизм екені мәлім. Паралеллизм әдетте көпсөзділікті талап етеді. Әдебиеттің бұл белгісі XVIIIғ үлгілерінің тіліне де тән. Мыс, Бұқар «уақытым кетті басымнан» деген ойын айту үшін құбылып тұрған бәйшешектің солған қурай болатынын да, екі қанаты талғанда, бүркіттің төмендейтінін де, қайраты кеміп, «уақыты талғанда», ханның қасынан қарашысының қалатынын да - қысқасы, айтар идеяға параллель түсетін көп жайттарды білдіреді. Дегенмен XVIIIғ поэзиясында, ақырында нақтылы бір тақырып тенденциясы күш ала бастағандықтан, әдеби – көркемдеу тәсілдерінің де өзгере бастағаны байқалады: психологиясы паралаллель кеми түседі, сөзді ауыспалы мағынамен қатар тура мағынада қолдану көбірек кездеседі. Оған мысал ретінде Шал ақынның өлеңдерін алуға болады.
XVIIIғ әдеби тілді өткен дәуірлермен салыстырғанда, жалпылықтан гөрі нақтылық басым, бұл әсіресе ақындар шығармаларында көзге түседі.
Жыраудың басты жанры-толғау. Жыраулар тілінде қалыптасқан үлгілер басым болса, ақындарда еркіндік, әрқайсысына тән өзіндік сөз қолданыс басым келеді. Мұның өзі ақын жырлайтын тақырыптың ауқымының кең екендігін көрсетеді.
XVIIIғ бастап, қазақ жыраулар поэзиясы ақындар мектебіне ығысып, орын бере бастады. Ал жыраулар мектебінің соңғы әрі ірі өкілі болып Бұхар жырау саналады. XVIIIғ – қазақтың ауызша тараған тілі алдыңғы дәуірлерінің жалғасы бола тұрып, оның әрі қарайғы дамуы, өзгеруі де болып табылады. Әсіресе бұл ғасырда авторлық даралық айқынырақ сезіле бастайды. Бұл реттен қарағанда Бұхар жыраудың орны ерекше», - деп атап көрсетеді Р. Сыздықова еңбегінде солай бола тұрса да, Бұхар өзіне дейінгі поэзия дәстүрін берік ұстанушы, жалғастырушы. Бұхар жаңашылдығы неден байқалады дегенде, ең бірінші-тіл ұшына оралатыны-кең тақырыпта жырлағаны. Екінші бір баса айтар нәрсе-образдарды жаңаша суреттеуі. Бұхар тілінде семантикасы жағынан бір-біріне жанаспайтын сөздер тіркеске түсу барысында ерекше образдар пайда болған:
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай.
Бұхарда оған дейінгі жырауларға қарағанда араб-парсы сөздері де өте көп кездеседі.
ХҮ-ХҮІIІ ғасырлардағы ақын-жыраулары тілінің лексикасына үңілетін болсақ, көпшілік сөздері күні бүгінге дейін қолданылып келген түсінікті, төл туындыларымыз болып келеді. Қазақтың халық поэзиясына тән бұл сөздер айналаға, табиғат дүниесіне, мал, жан-жануарлар, аң-құсқа байланысты екені көрінеді. Мысалы, тұрымтай, торғай, сұңқар, бүркіт, құлан, торпақ, қасқыр, тобылғы, бұлт, көл, аспан, айдын, қошқар, бура, айғыр, бұқа, көктем, жас, мас, торы ат, тобық, теңіз, терек, тышқан, аққу, құс, қиян, күлік, қилы заман, жабы, тұлпар, т.б.; қоғамның әлеуметтік құрылысына, әлеуметтік топтарына байланысты сөздер: халық, ел, жұрт, кеңес қылу, хан, қарашы, сұлтан, би, бай ұлы, жамандар, жақсылар, жарлы, т.б.; жаугершілікке байланысты сөздер: жау, дұшпан, топ бастау, қол жауып, қол бастау, жағасына адам қолы тимеу, т.б.; Қару-жарақ атаулары мен соғысқа байланысты сөздер: Тобыршығы биік жай салып, дұшпан аттым; шаһид кештім, жарақшы, сақ етер, жармай білте саларға, көбе бұзар жебе, дулыға, қайың оқтың жарқасы, атқан оғын таба алмау, қан жұқпас қайғы қара болат, жаурынына күшіген жүнді оқ шанышқан, он екі құрсау жез-айыр, садаққа салған бұлындай, шабылмаған семсер, ерлерден салсам нөкерді, ақ сауыт, алмасын арнап суарып, болат найза, қап түбіне сыймаған қара болат, қанды көбе, ала балта сияқты сөздер мен сөз орамдары жиі қол- данылғанын көреміз. Әрине, бұл сияқты сөздердің кейбірі тура мағынасында қолданылып отырса, кейбірі ауыс мәнде, белгілі образды ойды ұштай түсу мақсатында да жұмсалып отырады. Олардың стильдік мақсатта қолданылуы - өз алдына мәселе. Сондай-ақ кейбір синоним сөздер сараланып қолданылады, мысалы, жұрт, ел, алаш, т.б. сөздердің әрқайсысының өзіндік мәні,бояуы айқындала бастайды. Сонымен бірге кейбір сөздердің көне тұлғалары да жиі кездесіп отыратыны кейінгі зерттеулерде көрсетіліп жүр: дала, жапан түз мағынасындағы жазы; орау мағынасындағы құрсау; сол сияқты толғау, сақын, ағбыту, тебір, көмбідей ару жалар, нараду, үрмеу, қарындас, игі, қыршын, т.б. сөздер. Мұндағы сөз тұлғаларынан көне кезең ізін де байқап қаламыз. Қазіргі қимыл есімі (тұйық етістік) – у тұлғасының орнына бірде -ар, -ер, бірде -мақ, -мек, тұлғалары жұмсалып отырады. Жарақшылар жоқ па екен жармай білте саларға ( -салуға, Доспамбет); Жауға шаппақ (-шабу) не керек (Шалкиіз); Алқалаған ауыр қолдар тоқтарға (-тоқтауға, Шобан); Елің кеңес құрғанда, айналып ақыл табарға (-табуға, Жиембет); Қанын ішіп қанбаққа (-қануға), Жанын отқа салмаққа (-салуға, Жиембет), т.б. Немесе қосымшалардың сингармонизм заңына бағынбайтын түрі, сөздің көне тұлғасы қолданылғанын да көрсете кеткен жөн: Желге шашын үрмеген (-үрлетпеген, Доспамбет); Етеклеп (-етектеп) жиған көп халқын...; Едігеден туған ұғылдың (-ұлдың)...; Байлардың мақтанбағы малдан дүр; Арғымақ ару атлар (аттар) сескенсе; Ойда жатмақ (-жатпақ), ұсар ма! Тоқсанға жасы жетпей қарымас (-қартаймас); Он сан ноғай бүлген (-бүлінген) күн (Шалкиіз); Ес білгенден (-білгеннен) Есім хан; Қайрылып қайыр қылғуға; (қылуға). Менің менен (менімен) ханым, ойнаспа...; Қаланың қасы бүлгенде (-бүлінгенде)...; Толастар мерзім жетпей дүр (Жиембет), т.б. Сондай-ақ жоғарыда көрсетілгендей, -маспын,-меспін тұлғасының орнына -ман,-мен түрінің қолданылуы ортағасырлық поэзиядан бастап бұл кездегі жыраулар тілінде де, кейінгі ақындар өлеңдерінде де жиі кездеседі.
ХУ-ХУІІI ғасырлар осы күнгі бірқатар ұлттық түркі тілдерінің жеке-жеке халық тілдері болып қалыптаса бастаған дәуірі. Әрине бұл қалыптасу көрсетілген кезден көп бұрын басталған, әр халық тілінің фонетикалық-грамматикалық белгілері ХУІ-ХУІІ ғасырларда бір-бірінен едәуір ажыратылып, бірсыпыра орныққан деуге болады. Ол белгілер кейінгі ғасырларда әрі қарай бекітіле түскен, жалпыхалықтық тіл нормасына айнала бастаған.
Септелу тәртібі негізінен қазіргімен бірдей, тек есімдіктердің септелуінде өзгешеліктер бар. Ілік жалғауы мен, біз деген есімдіктерге жалғанғанда –ің, -ім түрінде де келеді: менім, бізің. Әсіресе менім варианты қазіргі қазақ тіліне жат, ол ноғайлық тұлға. Шығыс септіктің екі-үш жерде –дын, -дін варианты кездеседі: Ер өзіндін соңратын, Бұ кеткендін қайтпасаң (Шалкиіз). Бұл осы күнгі басылымдарда –дан, -ден түрінде берілген.
Етістіктің тұйық түрі екі түрлі тәсілмен жасалған: бірі қазіргіше –у жұрнағы арқылы, екіншісі –мақ жұрнағы арқылы. Алғашқысы өте сирек ұшырасады, негізінен бұл кезде қимыл атауы –мақ тұлғалы болып келеді: мақтанбақ, батыр болмақ, кешу кешмек. Мақсат реңкімен келетін тұстарда –уға қосымшаларымен берілетін етістік біз талдап отырған дәуірлерде –арға тұлғасымен кездеседі: Ал дегенде аларға, Алып жерге саларға. Сырғаласқан жауды сықтарға. Сырт бергенді зорларға Сыртанның ұлы Қара Қосай мырза бар (Шобан).
Есімшенің өткен шағы –ған жұрнағымен беріледі, оғұздық –мыш жұрнақты тұлға мүлде жоқ. Есімшенің ауыспалы шағын жасайтын формант негізінен –тұғын түрінде келеді: Өлетұғын тай үшін, Көшетұғын сай үшін (Асан қайғы).
Етістіктің бұйрық рай тұлғасы қазіргі қазақ әдеби тіл нормасымен сай түседі: анайы түрінде жұрнақсыз тұлға (бар, кел, сынаспа, сақын), көпше түрі –ңыз жұрнағын жалғайды: барыңыз, болыңыз.
Сонымен қатар бұл кезеңдегі әдеби тілде бұйрық райдың ІІ жақта –ғыл, -гіл жұрнағын жалғаған түрі кездеседі: Адам әзіз айтар деп, көңіліңді салмағыл. Нәпсі алдаушы дұшпанның насихатын алмағыл (Асан).
Өткен шақ есімшенің жіктеулі түрінде соңғы н дыбысын түсіріп айтушылық бар: жортқамын. Сонымен қатар оның толық түрі де (жортқанмын) бар. Бұл кезеңде қайсысы басым болғандығын кесіп айту қиын.
Етіс категориясының да морфологиялық көрінісі қазіргі қазақ тілі нормасынан көп алшақтамайды. Тек бірер жерде осы күнде –ңыз, -ғыз жұрнағымен келетін етіс тұлғалары –кер қосымшасымен берілген: Масағынан өткеріп, Басын қолға жеткеріп, Созып тартар күн қайда! (Доспамбет).
Етістіктің өткен шақ семантикасына –ғай, -гей жұрнақты тұлғамен беру бар: Қалаға қабылан жаулар тигей ме? (Доспамбет). Тұқылдықтан сартылдап Үзілер болғай сол мүйіз (Шалкиіз). Бұл-көне тәсілдердің бірі.
Ауыспалы осы шақтың болымсыз түрінің Іжақта –ма+й+мын вариантының орнына -ман жұрнақты тұлғасы да кездеседі. Және бұл амал жиі жұмсалған. Тоғай қондым – өкінбен. Ару сүйдім – өкінбен. (Доспамбет).
Шылаулар қазақ тіліне тән түрлерінде ғана кездеседі. Жазба тілдерге тән арабша уа, лекин, парсыша –һәм шылауы бір-екі жерде ғана көрінеді. Жайыңды білген қарындас, ол қарындас, һәм жолдас (Шалкиіз). Соң шылауының соңратын деген көне варианты да қолданылған.
Сөйтіп, ХУ-ХУІІI ғасырлардағы қазақ поэзиясы өкілдерінің шығармалары тілінің грамматикалық жүйесі қазіргі кездегімен көбінесе бірдей келіп отырғанымен, едәуір сәттерде ерекшеліктері де бар екені байқалады. Ол ерекшеліктер, біріншіден, әріден келе жатқан ескі тұлғалардың орын алуынан туса, екіншіден, әдебиет жанрының сөз қолданыс тәсіліне байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |