k-20-1u,k-19-1,3keshen. kazak adebi tilinin tarih zhane dialektologiyas
Дәріс №11 90-жылдардағы әдеби тіл дамуындағы жаңа үрдіс Егеменді Қазақстандағы жаңа тіл саясаты.
Мерзімді баспасөз беттеріндегі тіл тазалығы мен тілдік норма.
Баспасөз құралдарындағы жаңа бағыт және оның нәтижелері.
Әдеби тілдің дамуы қоғамдық құрылыстың, оның экономикалық жүйесі мен негізгі саяси ұстанымдарының өзгеруімен, қоғамның ана тіліне деген көзқарастарымен тығыз байланысты десек, ғасырдың соңғы он жылдығы қоғам тарихында дүбірлі оқиғаларға толы жылдар болды.
Жетпіс жыл бойы таптық идеология мен ұжымдық шаруашылыққа негізделген кеңестік империяның өз ішінен ши шығып, өз-өзінен ыдырауы, соның нәтижесінде бірнеше тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы ХХ ғасырдың аса ірі өзгерісі еді. Сол мемлекеттердің бірі ретінде Қазақстанның өз егемендігін жариялауы оның бүкіл болмысын-саяси құрылысын, экономикасын, мәдени өмірі мен салт-санасын түбірлі өзгерістерге ұшыратты.
Ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы оның үкімет тарапынан қамқорлыққа алынуы-бүгінгі өміріміздегі жаңа үрдістердің бірі. Еліміздің егемендік алуына сәл бұрын қайта құру, жариялылық кезеңінде – ақ қоғадық пікір ескеріліп, 1989 жылы Тіл туралы заң қабылдағаны белгілі. Ол заң өз кезінде ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуде елеулі қызмет атқарды. Халықтың рухын көтеріп, санасын оятты. Жер-жерде қазақ тілі қоғамдары құрылып, олар қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында едәуір жұмыстар істеді. Қазақ балабақшалары, қазақ мектептері көбейді, барлық жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдері ашылды, орыс тілді топтарда қазақ тілі пән ретінде жүргізіле бастады. Іс қағаздарын орыс тілімен қатар мемлекеттік тілде жүргізу қолға алынды. Алайда бұл тегеурінді басталған жұмыс, әдеттегідей, 2-3 жыл өтпей-ақ өз қарқынын бәсеңдетіп алды. Тіл туралы заң талаптарының орындалуына деген сұрау біраз бәсеңдеп, тіліміз бұрынғы мүшкіл халіне қайта келетін болды деген пікір белең алды. Тіл саясатын берік ұстанып, заң ережелерінің орындалуын қадағалап отыратын өкілетті орган бір құрылып, бір тарап, мәселе қожырай бастады. Заңды жүзеге асыратын механизм іске қосылмады, мемлекеттік органдарда қазақша іс жүргізудің бағдарламасын үкіметтің өзі қайта өзгертіп, оны енгізудің мерзімін жергілікті жердің өз құзырына қалдырды. Міне, осы тұста яғни 1995 жылы әуелі тіл саясатының тұжырымдамасы, одан кейін 1997 жылы Тіл туралы екінші рет заң қабылданды.
Үкімет 1998 жылы заңды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Өйткені мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуын тек үкімет қана қамтамасыз ете алатын еді. Үкімет тарапынан барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен оның басшыларына қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іске асырудағы негізгі жауапкершілік жүктелді. Жаңа заңда қазақ тілі мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жазу тілі деп жарияланды.
Тілді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында заң талаптарын жүзеге асыруға нақтылы міндеттер қарастырылған, онда мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейту, тіл білімінің өзекті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу, тілді оқу орындарында оқыту мен үйрету әдістемелерін жетілдіру, оқулықтармен, техникалық құралдармен қамтамсыз ету, бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің қолданысын жандандыру, іс жүргізуді кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру, тарихи, географиялық топонимикалық атауларды қалпына келтіру және көрнекі ақпаратты ретке келтіру сияқты шаралар бар. Бұл мемлекеттік бағдарламаның қабылдануы-Тіл туралы заңның орындалуын қаржылық, материалдық, ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз ету деген сөз.
Бұл көзделген шаралардың бәрі бірдей өз шешімін таба алған жоқ, дегенмен бұл саладағы істеліп жатқан қол жеткізген кейбір нәтижелерге тоқтала кеткен жөн болмақ. Ең алдымен, қазақ мектептері мен қазақша лицей, колледждердің санының өсуін атап айтқан жөн. мәселен, 2000-2001 оқу жылында елімізде жалпы білім беретін 8290 орта мектеп болса, оның 3471-і қазақ, 2514-іорыс, қалғандары өзбек, ұйғыр тілдерінде білім береді екен. Бұған шағын елді мекендердегі 3900 бастауыш мектепті қосуға болады, өйткені олардың бәрі дерлік қазақ мектептері.
Бағдарлама бойынша мемлекеттік органдардағы іс қағаздарын жүргізу бірте-бірте мемлекеттік тілге көшірілуі керек. Алайда бағдарламаның бұл бабының орындалуы күні бүгін көңіл кеншітпейді. Әзірге мәдениет, өнер, білім беру және баспасөз салаларында мемлекеттік тілдің үлес салмағы қанағаттанарлық дәрежеде болса, мемлекетті басқару жүйесіндегі, басқа министрліктердегі жағдай көңілден шықпайды. 1999 жылдың маусымындағы мәлімет бойынша республиканың 10 облысында, 4 қаласы мен 78 ауданында кеңсе ісі мемлекеттік тілде жүргізіле бастаған.
Тіл туралы заң шыққанынымен, мемлекеттік тілді үйрену әлі ойдағыдай емес. Қазақ тілін жеделдетіп үйрету курстарында ғана емес, мектептер мен жоғары оқу орындарында басқа мамандық иелерінің қазақ тілін жүргізуі орын алуда. Сондықтан оқыту сапасына сын айтушылар көп.
Қоғамымыздағы әлеуметтік, экономикалық мәдени өзгерістер өз жаңалықтарымен ұлттық тілімізге әсер етпей қоймайды. Бұл әсер, ең алдымен, қазақ тілі лексикасынан көрінуде. Соңғы жылдары тіліміздің лексикасында жаңа, соны сөздердің толассыз тасқыны пайда болды. Жаңа сөздердің бірқатары қоғамдық өмірімізде болып жатқан әртүрлі саяси-әлеуметтік жағдайға, шаруашылық, ғылым мен техника саласындағы жаңалықтарға орай пайда болуда. Мәселен, жекешелендіру (приватизация), баж (пошлина), ғарышнама (космонавтика), жал (аренда), кепіл, кепілдік (гарантия), мәртебе (статус), құнды қағаз (ценные бумаги), делдал (брокер,маклер), мұрат (идеал), бағам (курс), жарғы (устав) т.т.
Енді бірсыпыра жаңа қолданыстар бұрын аударылмай алынған шет тілдік сөздерге балама іздеу барысында өмірге еніп жатыр. Мысалы, әнұран (гимн), көлік (транспорт), өркениет (цивилизация), саралау (анализ), егемендік (суверенитет), бағдарлама (программа), жолсерік (проводник) сияқты қолданыстар да неологизмдер қатарын толықтыруда. Ең бастысы-орыс тілінің ықпалымен лексикалық қорымыз толығып келеді деген бұрынғы түсініктен арылып, лексикамызды молайтуда тілдің өз ішкі мүмкіндіктерін пайдаланып термин жасау үрдісі кең орын алуда. Өмірге толассыз еніп жатқан жаңа ұғымдарға жаңа баламалар іздеу, бұл жолда олардың бірнеше варианттарын ұсынып, кейін оның біреуін таңдап алу тәжіриебесі етек алуда. Мұндай тәжірибе тіліміздің тарихында бұрын да болған.
Сонау 1920 жылдарда яғни қазақ тілі орыс тілімен қатар мемлекеттік тіл болып жарияланған кезеңде жаңа кіріп жатқан ұғымдарға ана тілінен балама іздеу процесінде де осындай варианттылық жиі кездескен еді. Бұл –заңды құбылыс. Бұл жағдайда балама ретінде бұрын тілімізде болып, қолданыстан шығып қалған немесе жергілікті қолданыс аясындағы сөздерді қайта тірілту әрекеті де байқалады. Тілші қауымының алдындағы міндет-осы жаңа сөз тасқынын лингвистикалық тұрғыдан сараптап, өмірге икемді, тіл заңына сай келетіндерін тіліміздің лексикалық қорына енгізіп, сөздіктерде көрсету. Лексиканың алғы шебінде жүретін терминологияны заман ағымына сай түпкілікті жетілдіріп, бір ғасырлық тарихы бар термин шаруашылығын бүгінгі күн талабына сай реттеу мемлекеттік міндет ретінде қаралуы керек. Бұл ыңғайда үкімет мемлекеттік тілдегі терминдерді тездетіп әрі сапалы етіп қабылдауға мүдделік танытып отыр. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі жанынан Терминологиялық сөздіктер бас редакциясы құрылды. Ол сөздіктер сериясын шығарудың рет-жүйесін анықтап, термин сөздіктерінің компьютерлік қорын жасауға мұрындық болуда. 1998-2000 жылдарда ғылым салалары бойынша 31 том сөздік шығару жоспарланған болатын, алғашқы кітаптары мен сөздіктер жарық көрді. 1999 жылы Мемлекеттік терминология комиссиясының жаңа құрамы мен Ережесі бекітілді.
Бағдарламаның ғылыми-лингвистикалық саласы бойынша да көрсетілген жұмыстар негізінен орындалды. Қазақ тілінің академиялық грамматикасы (3 кітап), қазақ әдеби тілінің тарихы (ХХ ғасыр), Тіл мәдениетінің негіздері атты монографиялар, қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық сөздігі, Орысша-қазақша сөздік әзірленіп баспаға тапсырылды. «Тілімізді қорғап, сақтап, дамыта алатын бірден бір құдіретті күш,-дейді белгілі демограф ғалым М.Тәтімов,-халқымыздың демографиялық өсімін көтеру. Тіл туралы заңды жүзеге асыру үшін алдымен демографиялық базаны нығайтып алу керек... Қазақтар аз тұратын аймақтарда қазақтардың арасалмағы кем дегенде төрттен бірі болмай кез-келген заң-өлі заң».
Академик Ә.Т.Қайдаровтың «Тіл өміріне ауадай қажетті тілдік ортаның қалыптасуына шешуші рөл атқаратын факторлардың бірі-жеке адамдар мен белгілі әлеуметтік топтардың тілге деген көзқарасы, жауапкершілігі, оған қосқан нақтылы үлесі. Дәл осы орайда қоғам қайраткерлерінің, әр дәрежедегі мемлекеттік қызметкерлердің және басқа да зиялы қауым өкілдерінің жеке басының үлгісін, ана тілі алдындағы азаматтық парызы мен перзенттік борышын сезіне білуін парасаттылықтың, мәдениеттіліктің, адамгершіліктің нышаны деп таныған жөн» деген пікірін қолдау қажет.