3.Лексикалық ерекшеліктерді көрсететін сызықтар
Жер-жердегі тіл ерекшеліктерін лингвистикалық география әдісімен зерттеп, картаға түсіргенде, кейбір атауларға, сөздерге назар аударып, көңіл бөлуді қажет етеді. Ондай жиі қолданып, көбірек ұшырайтын сөздің бірі – изоглосса (изо – грекше izos тең, бірдей; glossa – тіл, сөйлеу; ағылшынша – izototic tine). Изоглосса деп диалектілік құбылыстардың таралу шегін көрсететін сызықтарды айтады. Изоглосса сөзі мағынасы жағынан ареал терминімен ұштасып, сабақтасып жатады. Изоглостық белгілер тілдің фонетикалық, грамматикалық, лексикалық, семантикалық ерекшеліктерінің таралу шегін көрсетуі мүмкін. Тілдегі фонетикалық ерекшеліктердің таралу шегін көрсететін сызықтарды изофон деп атайды.
Осыған орай олар бірнеше түрге бөлінеді. Изотон – тілдегі интонациямен байланысты әр түрлі тон, дауыс ырғақтарының таралу шегін көрсететін белгі. Изоморфема – тілдегі морфологиялық ерекшеліктердің таралу шегін көрсететін сызықтар. Изосинтагма – лингвогеографиялық карталарда синтаксистік ерекшеліктердің шегін көрсететін сызықтар. Изолексема – лексикалық ерекшеліктердің таралу шегін көрсететін белгі, сызық. Изосема – лингвистикалық картадағы белгілі бір сөз мағынасының тарылу шегін көрсететін сызықтар. Мысалы, там сөзі қазақ тілінде екі түрлі мағынада қолданылады:
Үй (баспана мағынасында);
Мола, бейіт.
Мәселен, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары тұрғындары тіліндегі там сөзі үй мағынасында қолданылып келеді де, Қызылордадан асып, Аралға жақындай бергенде, бұл мағынасынан айырылып, мола, бейіт мағынасына ауысып кетеді. Осы екі мағынаның түйіскен жерін, шегін көрсететін картадағы сызықты изосема дейміз.
Қазақ говорларында мұндай құбылыстар тіркестерде көбірек кездеседі.
Бірнеше изоглостардың жиынтығын, тілдік ерекшеліктердің таралу шегінің шоғырын изоглостар шоғыры деп атайды. Батыс пен оңтүстік говорлар тобының түйісіп, араласатын Қызылорда говорында изоглостар шоғыры жиі кездеседі. Мысалы, батыс диалектісінде жар (қабырға) сөзінің біраз жерде қолданылуы немесе дуал, жәлеке, шаттауық, шымшуыр, қол орақ т.б. сөздердің батыс, оңтүстік говорлар тобының аралығында қатар қолданылуы осыған дәлел бола алады.
Изоглостық шекаралардың бір-бірімен тоғысуына қарай тілдегі изоглостардың сипаты да әр түрлі болады. Олар:
Диалектілік изоглосса;
Әдеби изоглосса;
Аралас изоглосса.
Диалектілік изоглосса деп біз диалектілік ерекшеліктердің таралу шегін көрсететін изоглостарды айтамыз. Ал әдеби сөздің таралуын көрсететін изоглостар әдеби изоглосса деп аталады. Говорларда әр жерде әр түрлі варианттары, сыңарлары бар сөздер де кездеседі. Мысалы, оңтүстік аймақ тұрғындары тіліндегі қолғап сөзі Қызылорда облысынан батысқа қарай аса бергенде биялай болып өзгереді де, сол тұлғада бүкіл батыс, орталық-солтүстік аймақтарға тарап кетеді.
Аралас изоглостарда бірнеше диалектілік құбылыстар қатар қолданылады да, біреуі әдеби, екіншісі диалектілік құбылыс болып жарысып отырады. Яғни кейде екі тілдің немесе бір тілдің ішіндегі диалектілердің түйіскен жеріндегі тілдік құбылыстардың жарыспалы түрде қатар айтылуын вибрациялық аймақ деп те атайды. Осыған орай аралас изоглостар диалектілік сипатта не әдеби-диалектілік сипатта болады. Мысалы, шәмбе, сама, шама сөздерінің изоглосасы – диалектілік сипаттағы сөздер. Ал қияр, бәдірен, бадыран сөздерінің изоглосы әдеби-диалектілік сипатқа жатады. Изоглостың таралу шегі, қамтитын аумағы бірдей емес. Тіл ерекшеліктерінің таралу кеңістігіне қарай кең аумақты, орта аумақты, тар аумақты изоглостар деп үшке бөлініп қаралып жүр.
Кең аумақты сипаттағы изоглостарға Қазақстан аумағын қолдану жағынан екіге бөліп тұратын немесе оның үштен екі бөлігін қамтитындай құбылыстарды жатқызады. Мысалы, құдағи, құдағай сөздерін алсақ, алғашқысы Қазақстан аумағының үштен екі бөлігін қамтиды. Тек Астрахань, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында құдағай сөзі қолданылады.
Орта аумақтағы изоглостарға бір немесе екі облыс территориясын қамтитын ерекшеліктер жатады. Мысалы, шоқ қысатын құралдың атауы шымшуырды Алматы, Жамбыл облыстары қысқаш, Атырау облысы әтешкір, Ақтөбе облысы маса темір деп атайды.
Шағын аумақты изоглостар деп кейбір жеке говорлар шеңберінде айтылып, басқа жерге тарамаған сөздерді айтамыз. Оларға нағашы орнына айтылатын таға, бәкі – мұштар, пақса – балшық, зұлпын – есіктің ілгегі, мансұр – лайық, нәпиза – таза т.б. сөздерді жатқызуға болады.
Қазақ диалектологиясында қолданылып жүрген терминдердің көпшілігі тұрақталған атаулар: диалект, говор, изоглосса, ауыспалы говор, диалектологиялық атлас т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |