4. Ауыспалы говорлар
Әр тілде сөйлейтін халықтардың түйіскен территориясында не бір халықтың өкілдері екінші бір халықтың ортасында отырып, екі тілдің бір-біріне әсер ету нәтижесінде пайда болған немесе бір тілдің ішіндегі диалектілердің арасындағы говорларды ауыспалы говор дейміз. Ауыспалы говорларды сипатына қарай екі топқа бөлуге болады:
1. Диалектикалық говорлар немесе ішкі ауыспалы говорлар – бір тілдің ішіндегі диалект пен говорлардың арасында екі не үш диалектінің элементтер бойына сіңірген говорлар. Мысалы, батыс пен оңтүстік диалектілерінің арасындағы Қызылорда говорын осы сипаттағы говор деп есептеуге болады.
2. Тіл аралық говорлар немесе сыртқы ауыспалы говорлар. Бұл говорлар әдетте екі тілдің түйіскен территориясында пайда болады. Мысалы, Өзбекстан мен Қазақстан территорияларының түйіскен жерінде өзбек тілінің әсер етуі нәтижесінде пайда болған говорлар бар. Енді бірқатар говорлар екі халықтың түйіскен жерінде орналаспай, бір халықтың өкілдері республика шекарасынан жырағырақ барып, екінші бір халықтың территориясын мекендейді. Олардың тілінде ауыс-түйіс, кірме элементтер көп болады да, ерекшелеу бір аралас говор пайда болады.
Қазақ диалектологиясында лингвистикалық география тұрғысынан жазылған мақала, еңбектер аз. Бұған С.Омарбеков, Н.Жүнісов т.б. еңбектерін атауға болады. Бұл салада әсіресе Т.Айдаровтың монографиялық еңбегі ерекше көзге түседі. Диалектология саласындағы талас мәселелерді шешу, кейбір долбар ретінде айтылған пікірлердің дұрыс-бұрысын анықтау, әдеби тілдің нормасын белгілеудегі вариант сөздердің рөлін анықтау т.б. мәселелердің түбегейлі шешілуі, түптеп келгенде, осы лингвистикалық география саласындағы зерттеулермен тығыз байланысты болып келеді.
Дәріс № 15
Әдеби тіл, диалектологиялық сөздіктер жайында
Жазу және емле мәселелері
Жазу – адамзаттың ұлы мәдени құндылықтарының қатарына жататын, өркениет дамуының құрамдас бөлігі. Адамзат мәдениетінің өркениетке аяқ басуы дыбыстық жазу типінің пайда болуынан басталса, өркениеттің әлемиетке ұласуы жазба коммуникацияның, жазба тілдің жоғары даму сатысына жеткенінен хабар береді. Жазу кеңістігі ұлғайғаны соншалық оны жазу және өркениет, жазу – ұлт, жазу мен ойлау сияқты іргелі ұғымдар қатарында қарауға болады. Өйткені дыбыстық жазу адамның эмоциялық, экспрессивтік сезімдерін таңбалаудан гөрі, ақпарат тарату, сақтау қажеттілігі туғанда мемлекеттің пайда болуымен қатар шықты. Сондықтан бүгінгі таңда ұлттың мәдени-әлеуметтік, экономикалық дамуы жазудың тұрақтылығына, жетілуіне қатысты болады.
Жазба мәдениеті дамыған ареалдардың жазу тарихында үш кезең болды: 1) Әркім өз қалауынша жазған шығармашылық кезең; 2) Жазба коммуникациясының ұлғаюымен байланысты жазу узусы болған кезең; 3) Жазу нормасы, орфографиясы пайда болған кезең. Сонда ХХ ғ. жазу нормаларын қалыптастыру, негіздеу дәуірі болса, ХХІ ғ. жазудың таңбалық код болу сипаты күшейетін, әлеуметтік коммуникацияны өзгертіп, қайта құратын, ауызша тілді нормалайтын кезеңі болады.
Мемлекеттік құрылыстың дамуы, бұқаралық коммуникацияның қарқындауы және ақпараттар тасқынының күшеюі жазудың қосалқы қызметтерін жоғары деңгейге көтереді. Ол, біріншіден, бұқаралық ақпарат аудиториясының ауқымдылығына байланысты. Бұқаралық ақпарат бүгінгі тілдік, мемлекеттік, мәдени шекаралардан аттап өткен, қоғамның саяси, идеологиялық, өндірістік, мәдени құралы болуда. Сондықтан ақпаратты жүйелейтін, жағдаятты эксплицитті түрде баяндауға мүмкіндік беретін, жазылған мәтінге қайта оралып, жөндеуге болатын жазу ақпараттар мәтінін құрудың тәсіліне айналды. Оны бүгінгі теледидар, радио, шаршы топ алдындағы сөз стильдерінен байқауға болады.
Екіншіден, саяси қоғамды басқару жүйесінің күрделілігіне байланысты кез келген елде жазудың факт, аргумент, дәлел болу қызметі бар. Бүгінде ресми құжаттар (мемлекеттік, заң, құқықтық, нотариалдық) мен іс қағаздар «тірі адамның өзі» ретінде жүретін болды. Біз сөйлеп тұрған кісімен емес, қолындағы қағазымен сөйлесетін кезге келдік. Бұл, бір жағынан, бүгінгі қоғамның «қағазбастылық», «формалдылық» сияқты жағымсыз сипатына да айналып барады. Оған қазіргі жоғары оқу орындарындағы «ешкім оқымайтын» құжаттар мен хаттардың көбейгенін мысалға алсақ болады. Кеңестік дәуір кезеңінде бір кезде жүргізген «қағазбен күресу» науқанын осы мезеттерде де жүргізетін уақыт жетті.
Үшіншіден, жазу – адамның жазба есі, жады болу қызметін атқарады. Бұл оқу-ағарту (мектеп) саласында ауызша үйретумен қатар жаздырып, түсіндіруден көрінсе, кейін жоғары оқу орнында тек жаздыру арқылы түсіндіру немесе ауызша түсіндірілгенді студент, магистранттың өзі қағазға «түртіп» отыруынан байқалады. Жазудың жадылық қызметі қоғамның бұдан да басқа салаларында кеңірек қолданылады.
Қазіргі түркі тіл білімінде жазуды ауызша тілдің қағазға түскен көшірмесі, вербалды коммуникацияның қосалқы құралы деп тану басым, яғни академик Л.С.Выготский айтқандай, мектеп оқушыларын жазбаша сөйлеуге емес, сөзді жазуға үйретеді, сондықтан белгілі бір дәрежеде жазбаша сөйлеуге үйрету таза, көркем жазу деңгейінен (жаджазу) әлі көтеріле қойған жоқ. Осыған орай тілдердің фонетикалық, морфемдік, лексикалық, синтаксистік жүйесі ретінде жазба тіл арқылы нормаланған, әдеби тіл нормасы танылады. Ал ауызша сөйлеу тілі тіл білімі зерттеу нысанынан тыс қалады. Бірақ жазу – ауызша тілдің қағазға әріптер тіркесі арқылы түскен көшірмесі – ауызекі тілді өзі емес, өзіндік деңгейлері бар, жүйелі құрылым екені ескерілмейді. Егер ауызекі тіл жүйесіз болса, оны сол қалпы таңбалаған жазу да жүйесіз болу керек, ал жүйесіз жазба материалдан тілдің жүйесін табу мүмкін еместігі аян, сондықтан мәтінді жазба тілге алмастырып, кодтап, жазба жүйе жасай аламыз. Ендеше тіл бірліктері деңгейлері ретінде зерттеліп келген категориялар бүкіл түркі тілдері үшін жазба тіл дүниесі болып шығады. Сонда бүгінгі түркітанудан мынадай қайшылықты көреміз. Жазу – коммуникацияда ауызша тілге көмекші құрал –►ауызекі тіл – жүйесіз –► жазба тіл – жүйелі –►тіл – жүйе.
Сөйтіп, түркі тілдері жазба тіл арқылы жүйеленді, кез келген түркі тілдерінің тіл құрылымы жазу арқылы реалды бейнеге көшті. Сондықтан бүгінгі халықтардың мәдени кеңістігінде қалыптасып қалған кедергілер алдымен әліпбиге байланысты, екінші, емле ережелері мен емле проблемаларын негіздеуде ортақ уәждердің жоқтығына байланысты деген ойдамыз.
Жазу саяси-экономикалық қажеттіліктен туындады. Адамдар арасындағы күрделі қоғамдық қатынастың дамып жетілуін ауызша сөйлеу тілі қанағаттандыра алмады. Сондықтан жазудың шығуы ең алдымен қарым-қатынастың маңызды бір құралына деген қоғамдық мұқтаждыққа қарыздар.
Ауызша сөйлеудің екі кемшілігі бар: кеңістік және уақыт жағынан шектеулілік. Адамдардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық қатынасында жоғарыдағы олқылықтарды толтыру үшін пайда болған жазудың миссиясы тереңде.
Тіл – тілдік санадағы ғасырлар бойы қалыптасқан құрылым мен жүйесі бар таңбалар арқылы ойды жарыққа шығарып, жазу ауызша айтылған ойды оптикалық құралдар арқылы визуалды дүниеге айналдырады. Сонда жазу тек қосалқы қызмет атқаратын құрал болып шығады. Алдымен аса маңызды қатынас құралы болған – тіл ауызша түрде өмір сүрді. Талай жүз жылдықтар бойы басқа қатынастың түрін іздемеді. Сөйтіп ойды жарыққа шығарудың және айналасына қатынас жасаудың жалғыз түрі ауызша сөйлеу ғана болды. Жазу енді тілдің осы екі қызметінің көшірме түрі ретінде қосалқы қызмет атқаруға келгендей. Оны сызба ретінде былай нобайлауға болады:
Тілдік сана ––► тіл ––► ауызша сөйлеу ––► жазу
Сондықтан да: «Письмо – это вспомогательное к звуковому языку средства, общения»1. «Язық же написанный является до некоторой степени мертвым языком» 2. «Произносительно-слуховое может возникать и мыслиться совершенно независимо от писанно-зрительного: писанно-зрительное же имеет смысл осмысливается только в связи с произносительно-слуховым» 1 деген анықтамалар әсіресе, жазу тарихына барған ірі ғалымдардың еңбектерінде көп кездеседі.Үшінші мыңжылдықтағы жаңа технологиялар тасқыны, ғылыми-техникалық прогресс, ақпарат таратудағы жаңа көздер, қашықтық пен уақыт барьерін жеңетін жаңа техника түрлерін ойлап табудың жоғары деңгейіне келдік. Сондықтан ауызша коммуникацияның жетілген технологиялы бүгінгі кезеңінде жазудың адамзат өркениеті үшін атқарар қызметін парықтаудың қажеттілігі бар. А.Байтұрсынұлы «Біздің заман – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деп өткен ғасырдың бастауында қазақ сауаттылығы әлдеқайда төмен кезеңде айтқан екен.
Жазусыз өркениет болмасы анық. Тас дәуірінен атом дәуіріне дейінгі адамзат мәдениетінің жетістіктерінің бәрі жазудың арқасында. Біздіңше, өркениеттің дамуын сипаттауда жазудың маңызынан бастап айту оның әлдеқайда жүйелі, күрделі, дербес құрылым болып қалыптасқанын, жазудың адамзат өркениетіндегі болашақта атқарар қызметін танытпақ. Мысалы, шумер елінде дыбыстық жазудың пайда болуы ең алдымен мемлекеттік құрылыстың дамуы мен жетілуіне, сауданың өркендеуіне байланысты болғаны белгілі. Жазудың сол антикалық дәуірдегі қызметін бүгінгі әлемиет дәуірінде қайта күшейтіп, жазу мемлекеттілікке, заңнама, құжатнамаға қызмет етеді. Бүгінде ресми іс қағаздар адамдардың өзі барып араласуынсыз-ақ өзара түсінісетін, құжаттар өзара «сөйлесетін» жүйе құрайды. Ресми іс қағаздар – заңдылықтың, дәлдіктің, аргумент, фактінің құжаты болды. Яғни, мемлекеттің күшеюімен байланысты жазудың дерек болу (визуалды) сипаты артып отыр. Ендеше, жазудың бүгінгі күн тұрғысынан басты маңызы мен қызметі белгілі кеңістік шегіндегі әлем үн қосуларын бекітетін, растайтын деңгейге жетіп отыр. Сонымен, жазудың бүгінгі күн тұрғысынан қызметін саралап көрейік. Алдымен, жазу – тілді жаңғыртудың, бекітудің құралы. Жүйесі мен құрылымы бар тілдік таңба жазуға түсіп, денотаттық тұрпатқа ие болғаннан кейін мәңгілік құндылыққа айналды. Өйткені, жазу ауызша тілді таңбалап қана қоймайды, адамның тіл туралы түсінігін кеңейтеді, тереңдетеді. Тілдің инвариантты, абстракті, күрделі құрылымдық деңгейге жетуіне әсер етеді: «Письмо идентифицирует и дифференцирует то, что идентифицировано и дифферцировано в самом языке». Соған сәйкес тілдегі синтаксистік құрылымдар, күрделі фразалық тұтастықтар жазудың негізінде пайда болады.
Түркі тілдерінде жазба тіл тілдің (әдеби тілдің) стильдік тармақтарының саралануына, стиль нормаларының қалыптасуына әсер етті. Сөйтіп, жазу түркі тілдерінде ауызша тілде елене бермейтін тілдің барлық қатынастарын нақтылаудың негізінде тілдің сұрыпталып, нормаланған, електен өткен құрылымын ғана таңбалап, жазу нормасына сай сөйлемдер мен мәтіндерді тілдік жүйеге жатқызды.
Ауызша сөйлеудегі еркіндікті тілдік қалыпқа салу, яғни жазуға түсіру кез келген сауатты адамның қолынан келмейді. Адам күнделікті қарым-қатынас тілімен біреуге хат жазу мүмкіндігіне ие болғанмен, өзінің ойын жүйелі, толыққанды, мазмұнды етіп жазбаша жеткізуде қиындыққа тап болады. «В своем значении письмо уступает только возникновению речи – важнейшему средству общения в пределах человеческого общества. Умение писать – более специфическая черта человека, чем умение говорить, но оно предполагает существование языка, по отношению к которому письмо является в некотором смысле усевершенствованием»1.
Сонымен, жазудың екінші қызметі тілдің жүйелі құрылымға айналуына әсер етуі болып табылады. Тілдің барлық потенциалды мүмкіндіктерін ашып, пайдалануға әсерін тигізеді. Сондықтан да бүгінде түркі тілдерінде жазылған дүниені сол тілдің жүйесі мен құрылымы ретінде тануға, қабылдауға, тілдің «өзі» деп түсіндіруге, түсінуге күмән қалмаған.
Үшіншіден, жазу – адам ойының материалданып, жарыққа шығуының, дәлірек айтқанда, творчестволық әрекетінің құралы. «Көңілдегі көрікті ойдың сыртқа шыққанда өңі қашатын» болса, жазудың арқасында қағазға түскен шашыраңқы ойды жүйелеуге болады. Жазудағы стандарттық құрылымдар, сөйлеу мүшелерінің нормативті орны тәртібі ақыр соңында сыртқа шыққан адам ойын өзгеше сипат алдырады. Оның үстіне жазылған мәтінде қайталап оқып, толықтыруға, қысқартуға, нақтылауға, қайта құруға мүмкіндік бар. Жазба мәтінді араға уақыт салып, қайта қарап, жетілдіруге болады. Сөйтіп, жазу түптің түбінде адамның өз сөзінің бөгделенуі болып шығады. Жазудың арқасында сөз екінші өмірге, дербес өмірге ие болады. «Слово сделовшись видимым, отделяется от человека, приобретает самостоятельное вещественное бытие, может быть сохраняемо, и пока сохраняется в внешнем образе, может без постороннего посредничества быть разбираемо другими по воле их»1. Демек, жазу қарым-қатынас құралы емес, тілдің жағдаят болмаса да адам өз ойын монологті түрде жарыққа шығаратын сананың материалдану құралы болып табылады. Оқу процесі тыңдауға қарағанда аз уақыт алады, қармап оқу, таңдап оқу, қайталап оқу мүмкіндіктерін береді. Бүгінде сөздің графикалық бейнелері фонетикалық бейне сияқты адам санасында дайын тұратын болды.
Түркі тілдерінің латын (түрік, әзірбайжан, өзбек жазба тілі), араб (қытайдағы қазақ, ұйғыр, ирандағы әзірбайжан диаспоралары), кирил (қазақ, татар, қырғыз, түрікмен, башқұрт, құмық, қарашай, ноғай жазба тілі) графикаларын қолдануы. Сондықтан, аталған ұлттардың арасындағы коммуникацияны айтарлықтай әлсіретіп отыр. Біз түрік азаматтарын олардың латын графикасын қолданғандықтан бөтенсінетініміз, Қытайдағы қандастарымызды жатырқайтынымыз белгілі дәрежеде олардың басқа графиканы пайдалануынан екінін байқамаймыз да. Өйткені қазіргі жазба тіл жетілген заманда жазу тұрпаты коммуникацияны бірінші болып айқындайды. Осы айтылғандарды түйіндей келе жоғарыдағы сызбаны былай жетілдіруге болады:
Жазу ––► тілдік сана ––► тіл
ауызша сөйлеу
Төртіншіден, жазу адам санасындағы ойдың жетілуіне, жасалуына, жүйеленуіне, реттелуіне, нақтылануына қызмет етеді. Бұл бір қарағанда жазудың алдыңғы қызметімен бірдей болып көрінуі мүмкін. Алайда соңғысы ойдың өзіндегі жетілу туралы. Алдыңғысы сыртқа шыққан ой мен мәтінді оқыған оқырманның арасындағы түсіністіктің орнауы туралы болса, мұнда адам ойын қағазға түсіре отырып, жетілдіреді, жазу арқылы ойланады, сөйтіп, жазу енді ойдың өзіне түрткі болады. Әрине, ауызша сөйлеу де адам ойының нақтылануына, жүйеленуіне әсер етеді. Алайда жазу тілдік санадағы барлық қалтарыстарды қағаз бетіне түсіруге уақыт жағынан да мүмкіндік береді. Сондықтан жазудың ойжасамдық қызметі ауызша сөздің ойжасамдық қызметіне қарағанда қорытынды, түйінді, аяққы болады.
Ал жазудың коммуникативті негізгі қызметін бүгінгі таңда ауызша коммуникацияның техникалық құралдары (телефон түрлері, интернет жүйесі) екінші қатарға ығыстырып отыр. Интернет жүйесін де ауызша коммуникация түріне жатқызып отырғанымыз, мұнда жазу графикасы мен таңбалары пайдаланғанымен, жазба тіл жүйесі сақталмайды. Ақпарат ауызша тіл жүйесінде құрылып, тіпті өздік коммуникация (аудиалды-визуалды) жүйесін жасауға айналды. Сонда жазудың коммуникация қызметі бүгінде екі формада көрініп отыр: 1) Хабарласудың ресми, іскерлік сипатында (ресми іс қағаз); 2) Интернет жүйесі арқылы хат жазысу аясында.
Алтыншыдан, жазу – адам жадының бір түрі. Біз есте сақтауға тиіс ақпаратты жазып жадылайтын болдық. Информация мазмұны жазба мәтінге көз жүгірткеннен кейін еске түсіруге, «түртіліп» алынған ойды ауызша таратып айтуға, керісінше, ауызша айтылған ойды қысқартып, «түртіп» отыруға болады. Қазіргі оқу орындарындағы оқу-оқыту процесі осы әдіске құрылған.
Жетіншіден, жазудың тіл тарихын сақтаушы, уәжін көрсетуші қызметі бар. Бұны жазудың тілтанымдық қызметі деп атаймыз. Түркі тілдері жазба тілін қолға алғанда фонетикалық принципті арқау етті. Сөйтіп, ортағасырлық шағатай дәстүрінен арылды, халық тіліне жақындай түсті. Кейін дәстүрлі және морфологиялық принципті де негіз ете бастады. Өйткені сөз тұлғасы өзгеріп, кедергілер пайда болды. Кеңес дәуірі тұсында түркі халықтарының емлесіндегі басты қағидат – фонетика-морфологиялық// морфологиялық// фонетикалық болды да, сөз ауызша тілдегі өзгерістерді таңбаламай, барлық позицияда түбір тұлғасын сақтап жазатын дәстүр қалыптастырды. Бұл, әсіресе, екі сыңар шегінде ұяңдайтын не түсіріліп айтылатын біріккен сөздер құрамы үшін пайдалы болды. Біз бүгінде түбірлер құрамынан және біріккен сөздер сыңарынан жазба тіл арқылы тіл тарихы туралы тілдік білім алып отырмыз. Сонда тіл бірліктерінің шығу тегін, уәжін, әсіресе, түбір тұрпатын өзіне бейнелеп, жазба тіл тарихы үшін аса құнды тарихи дерек жинап отырады. «Бір тілдің көне дәуірде қандай күйде болғанын, қалай өңделгенін білуіміз үшін жазу көзіне барамыз. Ауызекі тіл жазу тіліне өтсе, одан кітаптар жазылса, өткен тілдер жайлы ақпарат ала аламыз», – дейді түрік оқымыстысы. Ауызша тілде басқаша дыбыстағанмен немесе сөйлегенмен, ол бірліктердің инвариант тұлғасын жазу ғана сақтай алады. Ауызша сөз үнемі өзгерісте болады, үнемделіп отырады. Академик Л.В.Щерба ең бірінші өзгеретін сөйлеу тілі және зерттелмей жатқан сала да – сөйлеу тілі деген. «Несомненно, что при говорении мы часто употребляем формы которых никогда не слышали от данных слов, производим слова, не предусмотренные никакими словарями, и что главное и в чем я думаю, никто не сомневается, сочетаем слова хотя и по определенным законам их сочетания, но зачастую самым неожиданным образом и по всяком случае не только употребляем смешанные сочетания, но постоянно делаем новые».
Енді жазудың келесі қызметін осы айтылғаннан шығара отырып, тілді нормалаушылық деп атаймыз. Ауызша тіл бір нәрсеге табан тіреуді керек етеді. Сонда ол «тіреу» көп өзгеруді «ұната» қоймайтын консервативті жүйе – жазу болып табылады. «А потому не менее ясно и то, что будущее русское образцовое произношение пойдет по пути сближения с письмом». Тіл өзінің даму барысында реалдануға, үнемделуге; адресат пен адресанттың ішкі сөйлеуінде құрылымы бар конструкцияларды ауызша сөзге айналдырмай-ақ, яғни вербалдамай-ақ түсінісуге, тіл бірліктерінен гөрі просодикалық бірліктерді көп қолдануға, арго, жаргондарды жиі пайдалануға, тілді мамандандыруға барынша ұмтылады екен. Сонда жалпыхалықтық тілдің нормасын сақтап, узуалды, оккозианалды қолданыстарды, тілдің дыбыстық, морфемдік, лексикалық, синтаксистік бірліктерін нормалап отыратын жүйе тағы да жазба тіл болып шығады. Адам жады жазылған сөзді норма деп, белгіленбеген, көрсетілмеген сөзді норма емес деп тануды дәстүрге айналдырады. Әсіресе, ол жазба тілі жүйеленгеніне әлі ғасыр болмаған түркі тілдерінде. Сонымен, жазудың бұл қызметі ауызша сөйлеуді нормалап отырады дегенге саяды.
Кез келген қашықтықта тұрып айтылған ой, жаңалық, нәтиже кітап болып жарияланса, бүкіл адамзаттың құндылығына айналады. Адамзаттың тарих қойнауындағы санасы ұрпақтан-ұрпаққа жазу арқылы жетеді, жазу арқылы сол дәуірдің бейнесін көреміз, адамдарымен тілдесіп отырғандай боламыз. Бұл – жазудың кумулятивтік қызметі. Жазуы бар тілдердің тіл тарихын айқындауына мүмкіндігі бар. Жазба тіл ескерткіштері бар тілдің мәртебесі жоғары. Ал жазба тілі жүйеленген тілдердің болашағы зор.
Жазудың жалпы адамзатқа көрсеткен осы қызметімен қатар туыс тілдер үшін тағы мынадай қызметі бар. Бүгінде тілді құрал ретінде пайдалануда өз ойын жарыққа шығару ғана емес, біреудің ойын білу, жалпы тілдік санадан ақпарат алу басымдылыққа ие сияқты. Мысалы, түркі халықтары үшін орыс тілін білу – Абай айтқандай, Еуропаға ашылған терезе болды. Орыс тіл мен графикасын білу тіл арқылы ойлауымызға да, стильдердің саралануына да, сөйлем синтаксисінің дамуына орасан зор әсер еткенін мойындауымыз керек. Тіл, әрине, ауызша және жазбаша түрде реалданады. Бүгінде ақпарат кеңістігінің күшеюі тілдің ауызша түріне қарағанда жазба түрі рөлінің артуымен тікелей байланысты болып отыр. Тілдің ауызша түрі арқылы ақпарат алу мүмкіндігі аз. Өйткені ауызша тіл белгілі бір уақыт пен кеңістік аралығына ғана тәуелді, сондықтан шектеулі. Оның өзінде сол тілдің коммуникативтік-функционалдық жағын жақсы білсеңіз ғана. Тілді білмесеңіз, ауызша тіл арқылы ақпарат алу өте қиын немесе үстірт. Ал жазба тіл арқылы ақпарат алу және беру мүмкіндігі біршама кең. Ол уақыт пен кеңістікке тәуелді емес, кез келген уақыт пен кеңістікте отырып, ақпарат алуға қазіргі ғаламтор желісі тіптен мүмкіндік береді. Яғни туыс емес тілдерді білуің керек, болмаса қазір ғаламтор сөздігінің қызметіне жүгінесің. Тек өз тіліңнің өзге тілмен толық жүйеге түскен сөздігі болу керек. Сонда барлық әлемдік тілдегі ақпараттардың аудармасын жуықтатып алып, түсіне бересің. Ал туыстас түркі тілдерінде бұл жағынан жағдай қалай? Әрине, мүшкіл. Google аудармашысында түркі тілдерінен тек түрік тілі ғана бар еді, осы күні қазақ, қырғыз, өзбек, әзірбайжан тілдері қосылды. Қазіргі заман – ақпарат заманы. Біз ақпаратпен қарулану үшін кез келген тәсілді пайдаланумыз керек. Әсіресе, туыс тілдердің графикасы ортақ болу – өзара ақпарат алмасуды едәуір жеңілдетеді. Ал жетілдірілген әліпбиі мен емлесі бар тілдер бір тілдің диалектісіндей қарым-қатынас жасай алар еді. Сондықтан жазудың қазіргі қызметі, әсіресе, түркі тілдері үшін ақпараттық қызмет дегенге саяды. Ол бүгінгі таңда, әсіресе, барлық тіл иелерінің графикалық санасы тұрақтанғандықтан күшейеді.
Сонымен, бүгінгі күні тұрғысынан жазудың мынадай қызметтері бар деп білеміз:
Аргументтік қызмет (әлеуметтік қызмет);
Тілжүйелеушілік қызмет;
Ойжасамдық қызмет;
Ойды жарыққа шығару қызметі;
Жады қызметі;
Тілтанымдық қызмет;
Ақпараттық қызмет;
Тілді нормалаушылық қызмет;
Кумулятивтік қызмет (мәдениетті сақтайтын, жеткізетін қызмет); 10)Коммуникативтік қызмет.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген - қазақ тілінің сөз байлығын молынан қамтитын 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» жарық көрді.
Сөздіктегі сөздік бірліктер әліпби тәртібімен беріліп, олардың мағыналары ықшам түрде түсіндіріледі, грамматикалық, стильдік мағыналары сараланып, кейбір сөздердің қолданылу аясы мен саласы, этимологиясы көрсетіледі.
Сөздік негізінен көпшілік қауымға - баспасөз, ғылым, білім, мәдениет, оқу-ағарту қызметкерлеріне; ана тілін тереңірек білсем, қазақ тілін үйренсем деген жұртшылыққа арналады
Достарыңызбен бөлісу: |