k-20-1u,k-19-1,3keshen. kazak adebi tilinin tarih zhane dialektologiyas
Диалектілердің әдеби тілге негізі жайлы Бұл мәселе қазақ диалектологтарының арасында да соңғы елу жыл бойы талас пікірге айналуда. Бұл айтыс негізінен қазақ диалектологтерін екіге бөледі. Бірі – қазақтың ұлт тілі мен әдеби тілінің диалектілік негізі бар десе, екіншілері – қазақтың ұлттық әдеби тілі диалектілік негізде емес, жалпыхалықтық тіл негізінде қалыптасты деп дауласады. Мәселен, С.Аманжоловтың қазақ ұлттық әдеби тіліне солтүстік-шығыс диалектісі негіз болды деуіне ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталатын жаңа бағыттағы қазақ әдеби тілінің негізін салушы Абай, Ыбырай шығармалары себеп болды.
Абай, Ыбырай осы өңірде туып, өмір сүрсе де, бір-бірімен аралас-құралас болмаған адамдар. Бұл осы кезеңдегі тілдік қатынастың аз болғанын көрсетеді. Олар өз шығармаларын белгілі бір аймаққа тән диалектінің негізінде жазған жоқ, қазақтың жалпыхалықтық тілі негізінде жазды. Жергілікті халық тілін әдеби нормаға келтіріп пайдаланғандықтан, аталған қаламгерлардің тілі бүкіл халыққа ортақ әдеби тіл негізіне жатады. Олар өз шығармаларында жергілікті халық тілі байлығын сұрыптап, сараптаудан өткізіп барып қолданды. Қазақ тілінің диалектілік құрылысы жағынан алғанда, бұл оның солтүстік-шығыс диалектісі еді.
Бірақ әдеби тіл бірте-бірте дамып отыратындықтан, оның қазіргі жайы солтүстік-шығыс диалектісімен бірдей деуге келмейді. Солтүстік-шығыс диалектісінде сақталып қалған кейбір диалектілік ерекшеліктер де кездеседі. Әдеби тілге тән емес (нормалар) сөздер мен грамматикалық формалар бар. Мысалы: Абайда (араб, парсы, шағатай тілінің элементтерінен басқа) «кезекпенен өлінер», «кейбір жігіт жүреді мақтан көйлеп», «малдының малын көре алмай, борышын түгел бере алмай, көрінгенге обықты», «бәрі де кісі-ақ еді қасалықты», «ақыл іздеп, ізерлеп», «артынан «ол нем» – деп, ұялып, кезнесіп», «жем іздеген бір түлкі кездей болды сорына».
Тарихи жағдайларға байланысты кейбір жергілікті диалектілер мен говорлар ұлттардың пайда болу процесі кезінде ұлттық әдеби тілдің негізіне жататындығы дәлелденген құбылыс. Мұндай тілдердегі қалған диалектілер өзіндік ерекшелігін жойып, осы тілдерге сіңіп, жоғалып кетеді. Мысалы, орыс халқының ұлттық әдеби тілі Москва говорының, әзірбайжан ұлттық әдеби тілі Баку-Шемахы диалектісінің, өзбек халқының ұлттық әдеби тілі Ташкент-Ферғана говорының негізінде жасалған. ұлттық әдеби тілдің диалектілік негізі туралы 1950 жылғы КСРО лингвистерінің ғылыми кеңесінде кейбір тілдердің ұлт тілі, әдеби тіл болып қалыптасуында белгілі диалектілердің жетекшілік рөлі болғандығы айтылды. Осындай тілдердің қатарына қазақ тілі де жататындығы көрсетілді.
Қазақ әдеби тілінің қалыптасуында белгілі бір говорлар мен диалектілердің жетекшілік рөлі болғандығын кейбір диалектологтар да қостайды. Мәселен, Ж.Досқараев бір кезде қазақ әдеби тілінің негізіне солтүстік-батыс говорлары жатқан, бірақ қоғамдық тарихи жағдайларға байланысты кейіннен олардың жетекшілік рөлі төмендеп, енді әдеби тілге оңтүстік (Жетісу) говорлары тірек болып отыр деп есептейді.
Қазақ әдеби тілінің диалектілік негізі болды дегенді көрнекті түрколог, профессор Н.А.Баскаков та қостайды: «Солтүстік-шығыс диалект қазіргі қазақ тілінің негізі болды. Абай Құнанбаев (1845-1904), Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) және басқа қазақ әдеби тілінің негізін салушылар осы диалектіде сөйледі және жазды. Сөйтіп, бұл диалект қазіргі әдеби тілге ортақ белгілермен сипаттталады»дейді.
Қазіргі қазақ тілінің диалектілік ерекшеліктері бар екені, олардың белгілі дәрежеде қазақ тілінің диалектілік құрылысын сипаттайтыны ақиқат. Алайда қазақ тілінің диалектілік құрылысын, ондағы диалектілер мен говорлардың өзара жігін, бөліну жайын, еліміздің орталық, солтүстік, шығыс аудандарын тіл жағынан жан-жақты зерттемей, бір жақты пікір айту дұрыс емес.