Негiзгi мiндет
Республиканың индустриялық-инновациялық дамуын жеделдетуге, ұлттық қауiпсiздiк пен қорғанысты нығайтуға, ғылым мен жоғары технологияларды дамытуға ықпал ететiн ғылымды қажетсiнетiн және жоғары технологиялық экономиканың секторы ретiнде толыққанды ғарыш саласын құрудың бiрiншi кезеңiн iске асыру.
Нысаналы индикаторлар
1. ЖҚҚ 2015 жылға қарай кемiнде 85,0 млрд. теңгеге өседi.
2. 2015 жылға қарай экспорт кемiнде 15,0 млрд. теңгеге өседi.
3. Бекiтiлген спутник байланысы арналарына елiмiздiң қажеттiлiгiн қанағаттандыру дәрежесi - 80 %, дәлдiгi жоғары спутниктiк навигация қызметiн көрсетуге (Қазақстан аумағын жабу %) - 30 %.
4. Тұтынушыларға берiлетiн ғарыш деректерiнiң жалпы санындағы қазақстандық ЖҚЗ ҒЖ деректерiнiң үлесi - 50 %.
Саланы дамытудың негiзгi бағыттары
Мақсатты ғарыш жүйелерiн құру мен дамыту және олардың пайдалану мыналарды:
сыртқы нарыққа кезең-кезеңмен шығумен iшкi нарықта ғарыш байланыс жүйелерiнiң қызмет көрсетулерi үшiн «KazSat» спутниктiк байланыс және хабар тарату жүйесiн;
iшкi және сыртқы нарықтарға ЖҚЗ деректерiн беру қызмет көрсетулерi үшiн ЖҚЗ ғарыш жүйесiн;
ғарыш ғылымын және технологиясын дамыту, жер сiлкiнiстерi жаршысын зерттеу мiндеттерiн шешу үшiн ғылыми мақсаттағы ғарыш жүйесiн құруды көздейдi.
Өңдеу мен қосылған құнының деңгейi жоғары ЖҚЗ деректерiне iшкi және сыртқы нарықтардағы сұранысты қанағаттандыру үшiн Ұлттық ғарыш мониторингi жүйесiн (ҰҒМЖ) дамытуды көздейдi.
Жер үстi ғарыш инфрақұрылымы объектiлерiн құру және дамыту мыналарды көздейдi:
сыртқы және iшкi нарықтарда ұшыру қызмет көрсетулерi үшiн «Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық таза «Бәйтерек» ҒЗК;
мемлекеттiк тапсырма және сыртқы тапсырмалар шеңберiнде ҒА жобалау, әзiрлеу, құрастыру және сынау бойынша қызмет көрсетулерi үшiн ҒА ЖСК;
спутниктiк навигациялау және iшкi нарықта навигациялық жабдықты сертификаттау бойынша қызмет көрсетулерi үшiн дәлдiгi жоғары спутниктiк навигация жүйесiнiң (ЖСНЖ) жердегi инфрақұрылымы;
iшкi және сыртқы нарықтар үшiн тұтынушы навигациялық жабдық өндiру.
«Байқоңыр» ғарыш айлағының бiрте-бiрте Қазақстанға өтуi мақсатында iшкi және сыртқы нарықтарда ұшыру қызметтерiн көрсетулерi үшiн «Байқоңыр» ғарыш айлағында тұрған «Зенит» және «Днепр» ҒЗК коммерциялық пайдалану жобаларына қатысу көзделедi.
Мынадай инвестициялық жобаларды iске асыру жоспарлануда:
«KazSat» («KazSat - 2,3», жерден басқарудың резервтiк кешенi) спутниктiк байланыс және хабар тарату жүйесiн құру;
«Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық қауiпсiз «Бәйтерек» ҒЗК құру;
ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенiн құру;
жердi қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесiн құру;
Қазақстан Республикасының дәлдiгi жоғары спутниктiк навигация жүйесiнiң жердегi инфрақұрылымын құру;
«Байқоңыр» ғарыш айлағында тұрған «Зенит» және «Днепр» ҒЗК коммерциялық пайдалану жобаларына қатысу;
«Бәйтерек» ҒЗК жобасы бойынша Ресей кәсiпорындары, ЖҚЗ ғарыш жүйесiн және ЖСК құру жобасы бойынша француз кәсiпорындары жұмыстар мен қызмет көрсетулердi берушiлер болып табылады.
Мемлекеттiк қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары
Бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
Ғарыш саласы үшiн мамандарды даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламасын iске асыру жалғасатын болады.
Мамандар даярлау Мәскеу авиациялық институтының «Восход» филиалында (Байқоңыр қаласы), сондай-ақ Қазақстанның, «Болашақ» бағдарламасы бойынша таяу және алыс шет елдердiң жоғары оқу орындарында жүргiзiлетiн болады.
Мамандарды қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру шетелдiк мамандар тартыла отырып ұйымдастырылады. Осы заманғы ғарыштық технологияларды игеру стратегиялық әрiптестермен ЖҚЗ және ҚұСК ғарыш жүйесiн құру жөнiндегi келiсiмшартта көзделген.
700 адамға дейiн ғарыштық бейiндегi мамандарды даярлау және қайта даярлау көзделiп отыр.
Әкiмшiлiк кедергiлердi алып тастау
Ғарыш жүйелерiн құру, пайдалану және коммерциялық пайдалану саласындағы қатынастарды мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыру үшiн ғарыш қызметi туралы заң әзiрленетiн болады.
Техникалық регламенттердi енгiзу
Саланы дамытуды техникалық реттеу саласындағы: зымыран және ғарыштық кешендердiң қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар жөнiндегi, автоматты ғарыштық аппараттардың қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар жөнiндегi, зымыран-ғарыш техникасы бұйымдарын тасымалдау құралдарының және зымыран отынының құрамдауыштарының қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар жөнiндегi регламенттер әзiрленетiн болады.
Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу
Ғарыш қызметiнiң ғылыми және ғылыми-технологиялық базасын дамыту ғарыштық техника мен технологияларды құруды ғылыми-технологиялық қамтамасыз етудi әзiрлеудi, астрофизикалық және ғарыштық зерттеулердiң ғылыми және эксперименттiк базасын дамытуды, атмосферадағы - Жердiң ионосферасындағы оптикалық және электродинамикалық процестердi зерттеу, жер қабатының жер үстi-ғарыштық геодинамикалық және геофизикалық мониторингi жүйесiн құру.
Балама энергетика
Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Қалпына келтiрiлетiн энергетика ресурстарын пайдалану Қазақстанның электр энергетикасын дамытудың және экологиялық проблемаларын шешудiң басым бағыттарының бiрi болып табылады. Қазақстанда қалпына келтiрiлетiн энергетика ресурстарының (су энергиясы, жел және күн энергиясы) елеулi әлеуетi бар.
Қазiргi уақытта Қазақстанның су энергетикасын мынадай шамамен сипаттауға болады:
Жалпы (теориялық) әлеуетi 170х109 кВтс/жыл;
Техникалық (пайдаланылуы мүмкiн) 62х109кВтс/жыл;
әлеуетi
Экономикалық әлеуетi 27/30х109кВтс/жыл.
Қазақстан аумағында су энергетикасы ресурстары бiркелкi бөлiнбеген, олардың көпшiлiгi Қазақстанның үш өңiрiнде шоғырланған:
Оңтүстiк Шығыс аймақта, Iле Алатауы тауларынан ағатын өзендер (Қаскелең, Ақсай, Түрген, Шелек, Шарын) келiп құятын Iле өзенi бассейнi және шығыс Балқаш бассейнi мен Жетiсу Алатауынан ағатын өзендер келiп құятын Алакөл көлi тобы.
Шығыс аймақта, басты ағындармен Ертiс өзенi бассейнiнде.
Оңтүстiк аймақта, Сырдария, Талас және Шу өзендерiнiң бассейндерi.
Жел энергетикасы қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiнiң ең перспективалы түрлерiнiң бiрi болып табылады. Қазақстанның жел атласы әзiрлендi.
Қазiргi уақытта Қазақстанда жел электр станцияларын (бұдан әрi - ЖЭС) салу үшiн 10 алаң зерттелдi. Бұл алаңдардың барлығын көлемi 2-3 млрд. кВтс электр энергиясын коммерциялық өндiру үшiн жалпы қуаты 1000 МВт дейiнгi iрi жел электр станцияларын салу үшiн пайдалануға болады.
Қазақстан географиялық орналасуы бойынша солтүстiк ендiкте жатқанына қарамастан, елдегi күн энергиясының ресурсы ыңғайлы климаттық жағдайдың нәтижесiнде тұрақты әрi қолайлы болып табылады. Зерттеулердiң қорытындылары бойынша елдiң оңтүстiк аудандарындағы күн энергиясының әлеуетi жылына 2500 - 3000 күн сағатқа жетедi.
Негiзгi мiндет
Елдiң энергия теңгерiмiнде қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiнiң (шағын су электр станциялары, күн қондырғылары) үлесiн ұлғайту.
Нысаналы индикаторлар
1. Қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiнен өндiрiлетiн электр энергиясының көлемiн 2014 жылы - жылына 1 млрд. кВт.с жеткiзу.
2. 2015 жылға қарай қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiнiң электр тұтынудың жалпы көлемiндегi үлесiн 1%-ға жеткiзу.
Саланы дамытудың негiзгi бағыттары
Алғашқы жел электр станцияларын салу жөнiндегi жобаларды iске асыру жоспарланып отыр. Астана қаласы, Ақмола облысы, Алматы облысының Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлiзi орналастырудың болжамды аудандары болып табылады. Өндiрiлетiн электр энергиясының болжамды қуаты бiрiншi кезеңде 50-100 МВт құрауы мүмкiн.
2015 жылға қарай электр энергиясы сағатына 400 млн. кВт болатын белгiленген қуаттылығы 125 МВт жел қондырғыларын салу көзделiп отыр.
2015 жылға дейiн Республикада электр энергиясы сағатына 300 млн. кВт болатын жалпы белгiленген қуаттылығы 100 МВт-ден жоғары жаңа кiшi ТЭС-тi пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiн пайдаланатын объектiлерден өндiрiлген электр энергиясын ескере отырып, қазiргi уақытта 2014 жылы қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiнен электр энергиясын өндiру жылына 1 млрд. кВт.с. деңгейiнде күтiлiп отыр.
Сонымен қатар ағымдағы жылы Алматы және Оңтүстiк Қазақстан облыстарында жиынтық қуаты 8,4 МВт болатын шағын ГЭС салудың жобаларын әзiрлеу және iске асыру жөнiндегi жұмысты да жалғастыру күтiлiп отыр.
Қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiн пайдалану жөнiндегi объектiлердi орналастыру жоспарын әзiрлеу көзделiп отыр.
Қазақстанның алғашқы жел атласын жетiлдiру және кеңейту жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
«Қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру мақсатында заңға тәуелдi актiлер әзiрлеу және қабылдау көзделiп отыр.
Мемлекеттiк қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары
Қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiн қолдау жөнiндегi мәселелердi пысықтау көзделiп отыр, оның iшiнде: қалпына келтiрiлетiн энергия көздерi объектiлерiн салу үшiн жер учаскелерiн беру кезiнде резервтеу және басымдық энергия беретiн ұйымдардың қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiн пайдалана отырып өндiрiлген электр энергиясын сатып алу жөнiндегi мiндеттемелерi; қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiн электр энергиясының желiлерi бойынша тасымалдағаны үшiн ақы төлеуден босату; қалпына келтiрiлетiн энергия көздерiн пайдалану бойынша объектiлердi энергия беретiн ұйымдардың желiсiне қосу кезiнде қолдау.
Атом энергетикасы
Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Бүгiнгi таңда Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшiн барлық объективтi алғышарттар бар. Оларға:
айтарлықтай барлау жасалған уран қорларының және уран өндiру және уранды қайта өңдеу өнеркәсiбiнiң болуы;
ядролық реакторлары үшiн отын және конструкциялық материалдар өндiру кәсiпорындарының болуы;
елде ядролық реакторларды пайдалану тәжiрибесi бар бiлiктiлiгi жоғары мамандардың болуы;
зерттеу реакторларымен және бiрегей электрлiк физикалық қондырғылармен және стендтермен жарақтандырылған, ядролық физика, ядролық реакторлар физикасы мен техникасы, ядролық энергетикалық қондырғылар қауiпсiздiгi саласында зерттеулер жүргiзетiн кәсiпорындардың болуы жатады.
Негiзгi мiндеттер
Атом энергетикасының инфрақұрылымын дамыту.
Атом саласы үшiн жаңа жоғары технологиялық жобаларды әзiрлеу және iске асыру.
Дамудың негiзгi бағыттары
Атом энергетикасын дамыту және елдiң үдемелi индустриялық дамуына жағдай жасау мақсатында мынадай iс-шаралар жүргiзу көзделiп отыр:
атом энергоблоктарды параметрлерiн орналастыру және таңдау схемасын негiздеу;
Қазақстан Республикасында АЭС және атом саласының басқа да объектiлерiн әзiрлеудi ұйымдастыру және жобалау;
ядролық, радиациялық және өнеркәсiптiк қауiпсiздiктi атом саласының стратегиялық объектiлерiн, нақты қорғауды және күзетудi қамтамасыз ету;
ядролық сынақтардың мониторингi;
атом энергиясын бейбiт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Мемлекеттiк қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары
Атом саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзу үшiн техникалық регламенттер мен нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеу.
Бiлiктi кәсiби кадрлармен қамтамасыз ету.
2. Басым секторлардың дамуын қолдаудың басты шаралары
Индустрияландыруды мемлекеттiк қолдау макро- және секторалдық деңгейлерде экономикалық саясаттың жүйелi шараларын, сондай-ақ экономиканың нақты секторларын қаржылық қолдаудың селективтi шараларын және қаржылық емес қолдау шараларының құрастырылған пакетiнiң негiзiнде жүзеге асырылатын жобаларды iске асыру, қолайлы макроэкономикалық орта қалыптастыру; Бағдарламаны қолдаудың қаржылық құралдарын кеңейту; инфрақұрылымдық, ресурстық және кадрлық қамтамасыз ету; бизнес-ортаны жақсарту; технологиялық жаңғырту, инновацияларды және ғылымды дамыту; тiкелей инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдайлар жасау; тиiмдi сауда және тариф саясаты арқылы жүзеге асырылатын болады.
Макроэкономикалық саясаттың жүйелi шаралары индустрияландыру мiндеттерiне сәйкес iске асырылатын ақша-кредит, фискалдық, сондай-ақ құрылымдық саясаттар құралдарын теңдестiрiп және келiсiлiп пайдалануды қамтитын болады.
Ақша-кредит және фискалдық саясаттың келiсiлуi Үкiметтiң, Ұлттық Банк пен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгiнiң жыл сайын экономикалық саясаттың негiзгi бағыттары туралы бiрлескен мәлiмдемелерiн қабылдаумен қамтамасыз етiлетiн болады.
Ақша-кредит саясаты шеңберiнде отандық қаржы жүйесiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн, сондай-ақ мыналар арқылы теңгенiң тұрақты айырбас бағамы мен елдiң төлем теңгерiмiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылданатын болады:
Қазақстан экономикасының iшкi және сыртқы бәсекеге қабiлеттiлiгi арасындағы теңгерiмдi қамтамасыз етуге бағытталған және ұлттық валюта бағамын қайта бағалауға жол бермеуге бағытталған бағамдық саясат. Айырбас бағамының саясаты әлемдiк бағаның өзгеруiне, осылайша iшкi экономиканы дамытуға iргетас қалай отырып, сыртқы сауда шарттарына барабар назар аударатын болады;
Үкiметтiң инфляцияға қарсы саясатымен бiрге кешендi түрде ұстап тұрылатын инфляцияның төмен деңгейi (жылдық инфляцияның деңгейi 2010 - 2014 жылдары 5,0-8,0 % шегiнде (бұған дейiнгi жылдың желтоқсанына);
қайта қаржыландырудың ресми ставкасын қоса алғанда, Ұлттық Банк операциялары бойынша ақша нарығындағы жағдай мен инфляциясының деңгейiне байланысты ставкаларды реттеу құралдарын пайдалана отырып, оны барабар деңгейде қолдау мақсатында банктердiң қысқа мерзiмдi өтiмдiлiгiн реттеу.
Салық-бюджет саясаты индустрияландыру процестерiн фискалдық ынталандыру, индустриялық инфрақұрылымды, ғылым мен инновацияларды, адами капиталды дамытуды қаржыландыру арқылы экономиканы жаңғырту және әртараптандыру үшiн жағдай жасауға бағытталатын болады.
Мемлекеттiк бюджет параметрлерiмен өзара байланыста мемлекеттiк институттар арналары бойынша экономикаға капитал тарту мен бөлудiң оңтайлы үлгiсiн қалыптастыру.
Ұлттық қор активтерiн қалыптастыру және пайдалану саясаты Ұлттық қордағы жинақтарды көбейтуге бағытталатын болады, бұл макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi және елдiң егемен рейтингiн арттыру мен мемлекеттiк және корпоративтiк секторлардың сыртқы қарыздарын арзандатуға қажеттi жағдайлар жасайды.
2.1 Энергетика инфрақұрылымымен қамтамасыз ету
Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Әр түрлi меншiк нысандарындағы өнеркәсiптiк және өңiрлiк бағыттағы ұлттық маңызы бар 59 электр станциясы электр энергиясын өндiрудi жүзеге асырады, олардың жалпы орнатылған қуаты - 18 992,7 МВт, қолда бар қуаты - 14 558,0 МВт, электр станцияларының 80 %-ы көмiрмен жұмыс iстейдi.
2009 жылдың қорытындылары бойынша елдiң электр станцияларында электр энергиясын өндiру 78,4 млрд. кВтс құрады, тұтыну 77,9 млрд. кВтс құрады.
Электр энергетикасы саласы активтерiнiң тозу деңгейi жоғары, оның iшiнде:
генерациялайтын жабдық - 70 %;
электр желiлерi - 65%.
Электр станцияларының электр генерациялайтын жабдықтарының одан әрi тозуына, 2009 жылдың мамырынан салаға инвестициялардың болмауына байланысты электр энергетикасында тариф белгiлеудiң жаңа тетiгi енгiзiлуде, онымен энергия өндiретiн ұйымдар үшiн электр энергиясына арналған шектi, есептiк және жеке тарифтердi енгiзу және тиiсiнше электр өндiретiн ұйымдардың энергия жинақтайтын қуаттарды қайта құру, жаңғырту, кеңейту және жаңадан салу жөнiндегi инвестициялық мiндеттемелерiн орындауы көзделген.
2009 - 2015 жылдар кезеңiнде жылдар бойынша бөле отырып энергия өндiретiн ұйымдардың 13 тобы бойынша электр энергиясына арналған шектi тарифтерi бекiтiлдi, олар саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етудi ескере отырып, жыл сайын түзетiлуi тиiс.
Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi мен энергия өндiретiн ұйымдар арасында 84,2 млрд. теңгеден астам көлемде 2010 жылға арналған шектi тарифтер шеңберiнде инвестициялардың жалпы сомасына инвестициялық мiндеттемелердi орындау туралы 36 келiсiмге қол қойылды.
Жаңа электр станцияларын салу сияқты iрi ауқымды инвестициялар iске асырылған жағдайда инвесторлар есептiк тариф немесе жеке тариф бойынша жұмыс iстей алады.
Жаңа тариф белгiлеу тетiгiн енгiзу саланың инвестициялық тартымдылығын көтеруге, салаға инвестициялар тарту үшiн жағдайлар жасауға және энергия өндiретiн ұйымдардың инвестициялар қайтарымдылығын қамтамасыз ету жөнiндегi мүмкiндiктерiн есептеуге мүмкiндiк бередi.
Негiзгi мiндет
Экономиканы электр энергиясымен қамтамасыз ету және елдiң энергетикалық тәуелсiздiгiне қол жеткiзу.
Нысаналы индикаторлар
1. Тұтыну болжамы 96,8 млрд. кВтс болған кезде электр энергиясын өндiрудi 2014 жылы 97,9 млрд. кВтс жеткiзу.
2. Көмiр өндiру көлемiн 2014 жылға қарай 123 млн. тоннаға дейiн қамтамасыз ету.
Iс-қимылдар стратегиясы
Қазақстанның экономикасы мен халқын сенiмдi түрде электрмен жабдықтау жаңа электр энергетикасы объектiлерiн салуға, жұмыс iстеп тұрған станцияларды кеңейтуге және қайта жаңартуға, ұлттық электр желiсiн жаңғыртуға, болжамдық теңгерiмдердi әзiрлеу негiзiнде қолда бар энергетика ресурстарын тиiмдi пайдалануға байланысты болады.
Негiзгi ресурстардың болжамдық теңгерiмдерiнiң негiзiнде бизнестiң қажеттiлiгiн ескере отырып салаларды дамытудың және елдiң инфроқұрылымдық және ресурстық әлеуетiн кешендi дамытудың ұзақ мерзiмдi жоспарлары үйлестiрiлетiн болады.
Жоспарланған кезеңде, жаңа қуаттарды қосу және қолданыстағыларын жаңғырту есебiнен елде өндiрiлетiн электр энергиясының жалпы көлемi болжамды тұтыну көлемiнен асып түседi.
Екiбастұз бен Ақсу ГРЭС-i есебiнен жаңғыртылатын Солтүстiк энергетикалық аймағында электр энергиясын өндiру көлемiнiң көп болуы Солтүстiк Қазақстан - Ақтөбе облысы және Солтүстiк-Оңтүстiк өңiраралық электр тарату желiлерi бойынша энергиясы тапшы Оңтүстiк және Батыс энергетикалық аймақтарына қайта бөлiнетiн болады.
Батыс Қазақстандағы энергия тапшылығы мәселесiн шешу үшiн Орал ГЖЭС-iн пайдалануға беру және Атырау ЖЭО кеңейту, елдiң оңтүстiк өңiрлерiнде - 2012 жылға Мойнақ ГЭС-iн, Ақшабұлақ ГЖЭС-iн, 2015 жылға Балқаш ЖЭС-нiң екi энергоблогын, бiрқатар электр желiлерi объектiлерiн салу, оның iшiнде «Алма» кiшi станциясын және Мойнақ ГЭС қуатын беру жөнiндегi электр тарату желiлерiн салу болжанып отыр, жұмыс iстеп тұрған электр желiлерi мен төмендететiн кiшi станцияларды қайта жаңарту жүзеге асырылатын болады.
Мынадай жобаларды iске асыру көзделедi:
1) Атырау ЖЭО. Жобаны iске асыру құны - 16,4 млрд. теңге. Қуаты 75 МВт. Iске асыру мерзiмi 2006 - 2010 жж.
2) Орал ГЖЭС. Жобаны iске а сыру құны - 9,8 млрд. теңге. Қуаты 54 МВт. Iске асыру мерзiмi 2010 -2012 жж.
3) Балқаш ЖЭО. Жобаны iске асыру құны - 360,7 млрд. теңге. 1-модулiнiң қуаты 1320 МВт. Iске асыру мерзiмi 2010 - 2015 жж.
4) Мойнақ ЖЭО. Жобаны iске асыру құны — 54,1 млрд. теңге. Қуаты 300 МВт. Iске асыру мерзiмi 2006 - 2012 жж.
5) Ақшабұлақ кен орнындағы ГЖЭС. Жобаны iске асыру құны - 17,7 млрд. теңге. Қуаты 87 МВт. Iске асыру мерзiмi 2010 - 2012 жж.
6) Екiбастұз ГРЭС-2 (№ 3 блокты салу). Жобаны iске асыру құны - 118,3 млрд. теңге. Қуаты 525 МВт. Iске асыру мерзiмi 2010 — 2014 жж.
7) Екiбастұз ГРЭС-1 (№ 8 блокты қалпына келтiру). Жобаны iске асыру құны - 23,4 млрд. теңге. Қуаты 500 МВт. Iске асыру мерзiмi 2010 - 2012 жж.
8) Ақсу ГРЭС-нiң № 2 блогын қалпына келтiру. Жобаны iске асыру құны - 12,9 млрд. теңге. Қуаты 325 МВт. Iске асыру мерзiмi 2009 - 2011 жж.
9) Шардара ЖЭО жаңғырту. Жобаны iске асыру құны — 13,6 млрд. теңге. Iске асыру мерзiмi 2009 - 2015 жж.
10) Мойнақ ЖЭО қуатын беру. Жобаны iске асыру құны - 10,3 млрд. теңге. Iске асыру мерзiмi 2010 - 2012 жж.
11) 500, 220 кВ желiлерiмен бiрге Қазақстанның ҰЭЖ қоса отырып ПС 500 кВ Алма құрылысын салу. Жобаны iске асыру құны - 30 млрд. теңге. Iске асыру мерзiмi 2010 - 2014 жж.
12) Қазақстанның Ұлттық электр желiсiн жаңғырту, II кезең. Жобаны iске асыру құны - 52,012 млрд. теңге. Iске асыру мерзiмi 2010 - 2016 жж.
13) Алматы қаласы мен Алматы облысында трансформаторлық кiшi станциялар салу. Жобаның құны - 19,9 млрд. теңге. Iске асыру мерзiмi 2009 - 2011 жж.
Көмiр өндiру көлемiнiң өсуi мынадай жобалар есебiнен қамтамасыз етiледi:
Екiбастұз көмiр бассейнiнiң разрездерiнде:
- «Богатырь» разрезiнiң көлiктiк схемасын қайта құру, разрезде жылына 48 миллион тонна көмiр өндiрiлетiн жаңа автомобильдi-конвейерлiк технологияға ауысу жобасы;
«Восточный» разрезiнде циклдық-ағымдық ашу кешенi (ЦААК) құрылысының жобасын аяқтау. ЦААК өндiрiсi жылына ашылатын кендердiң 10 млн. текше метрiн құрайды;
- 3000-5000 тонна деңгейiнде тазалау забойында орта тәулiктiк жүктеменi қамтамасыз ететiн жоғары өндiрiстiк тау-кен техникасы мен технологияларын енгiзу арқылы Қарағанды көмiр бассейнiнiң шахталарында;
- Қарағанды облысында жобалық қуаты жылына 500 мың тонна көмiрдi құрайтын «Жалын» тас көмiр кен орнының құрылысы және пайдалануға қосу.
Бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
17 мамандық бойынша мамандарға деген қажеттiлiк жоғары оқу орындарына дайындық және 80 ТКБ оқу орнының шеңберiнде жабылатын болады.
Екiбастұз қаласында 700 оқу орнына арналған Отын-энергетика саласы үшiн кадрларды даярлау және қайта даярлау жөнiндегi өңiраралық орталықтың құрылысы аяқталады.
2.2 Көлiк инфрақұрылымымен қамтамасыз ету
Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Қазiргi уақытта көлiк саласында инфрақұрылымдық жобаларды iске асыру жүзеге асырылады: қолданыстағы темiр жолдарды жаңғырту жүргiзiлуде, - Өзен - Түркiменстан мемлекеттiк шекара және Қорғас - Жетiген жаңа темiр жол желiлерiнiң құрылысы басталды; жер үстi инфрақұрылымы объектiлерiн жаңғырту және дамыту бағдарламасы iске асырылуда; 5 шешушi әуежай (Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау) қайта жаңартылды, Ақтау қаласының әуежайында жаңа әуе вокзалы пайдалануға берiлдi; автомобиль жолдарының техникалық жай-күйiн одан әрi жақсарту жұмысы жалғасуда, 6 жолақты қозғалысы бар «Астана - Щучинск» жылдам жүретiн автомагистралi ашылды; жыл сайын кеме жүзетiн су жолдарын ұстау жұмысы жүргiзiледi, Өскемен және Бұқтырма шлюздерiн қайта жаңарту жобасын iске асыру басталды.
Сонымен қатар автокөлiк инфрақұрылымының маңызды бөлiгi нормативтi мерзiм шегiнен тыс пайдаланылады, екiншiсi осы мерзiмге жақындап отыр, осыған орай көлiк жұмысының қауiпсiздiгi айтарлықтай нашарлап отыр. Қолда бар жол-пайдалану техникасы тозуының жоғары екендiгi байқалуда.
Темiр жол көлiгi саласында темiр жол желiсi жеткiлiктi дамымаған, темiр жол саласында негiзгi құралдардың тозуы, жолаушылар жылжымалы құрамының тапшылығы өсе түсуде; қызмет көрсетудiң төмен деңгейi және бәсекелестiктiң болмауы; темiржол көлiгiн жақсарту мен дамыту жеткiлiктi қаржыландырылмаған; тариф құрылымының қолданыстағы принциптерi және реттеу тетiгi тасымалдаушының клиентке бағдарлануын есепке алмайды. Елдiң транзиттiк әлеуетiн барынша тиiмдi iске асыру және темiр жол желiлерiн дамытуға жаңа (жеке) субъектiлердi тарту қажет, өз кезегiнде бұл көлiк-коммуникациялық кешенде бәсекелестiк орта қалыптастыруға және көлiк құралдары паркiн ұлғайтуға мүмкiндiк бередi.
Азаматтық авиация саласындағы негiзгi проблема Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келмейтiн өңiрлiк әуе кемелерiнiң ескiрген паркi; авиациялық персоналдың, әсiресе ұшқыш құрамының тапшылығы болып табылады.
Су көлiгi саласында порт инфрақұрылымының жеткiлiксiз қуаты, сервистiк инфрақұрылымның нашар дамығаны, бiлiктi отандық мамандар тапшылығы, кеме жүретiн шлюздердi қайта жаңғыртудың қажеттiлiгi байқалуда.
Достарыңызбен бөлісу: |