Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі туралы есеп астана қаласы 2010 жыл Мазмұны



бет6/14
Дата13.06.2016
өлшемі1.32 Mb.
#133852
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
73 өтініш келіп түскен.

ҚР Еңбек кодексінің 22 және 23-баптарына сәйкес, уақтылы және толық көлемде жалақы төлеу қызметкердің негізгі құқығы мен жұмыс берушінің негізгі міндеті болып табылады. Осы ереже еңбек шартын анықтау кезінде де бекітілді, оған сәйкес жұмыс берушінің жалақы бойынша міндеті еңбек шартының мәнін бекітетін жағдайларға жатқызылды.

Алайда іс жүзінде азаматтар жалақыны белгіленген мерзімде және толық көлемде төлеуге құқықтарының бұзылуын жиі кездеседі.

«Алматытелефонстрой» АҚ, Ақмола облысындағы «Жаңа Жер» ЖШС, Батыс Қазақстан облысындағы «Қазақалтын» ММК, «БГК-Ақсай» ЖШС және «Ақсай нан өнімдерінің комбинаты» ЖШС, Алматы қаласының 50-ден астам кәсіпорындары, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шымкентавтокомплект» ЖШС, «Автоматика» АҚ-ның қызметкерлері, тау-кең, өндеу өнеркәсібі, құрылыс кәсіпорындарының жұмыскерлері осындай жағдайға душар болған.

Осыған орай, еңбек заңнамасын бұзу фактілерінің алдын алу және жолын кесу, оның ішінде жалақыны негізсіз кешіктіру бөлігінде, прокурорлардың әрекеттері өзекті болды. Осылай, прокуратура органдары жүзеге асырған тексерулер нәтижесінде, 2009 жылдың тек бірінші ғана жартыжылдығында екі жүз мыңға жуық қызметкерлердің құқықтары қалпына келтірілді, олардың пайдасына 9 млрд. теңге жалақы өтелді. Тәртіптік жауапкершілікке 363 адам, әкімшілік жауапкершілікке – 727 адам тартылды.

2009 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына жалақыны уақтылы төлемеуге, жалақыдан зейнеткерлік алымдарды уақтылы аудармауға шағыммен 26 өтініш (36 пайыз) келіп түскен.

Уәкілдің араласуының нәтижесінде жекелеген өтініштер бойынша азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.


Мысалы, Д-нің өтінішінде Алматы облысында орналасқан «Алматы қанты» АҚ қызметкерлеріне жалақыны ұзақ мерзім ішінде төлемеу, еңбек жағдайлары зиянды учаскелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге қатысты еңбек заңнамасы нормаларын бұзу фактілері көрсетілді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің сұратуы бойынша прокуратура органдары мен әлеуметтік қорғау органдары жүргізген тексеру осы бұзушылық фактілерін растады, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсі бойынша болған іркіліс уақыты үшін жалақыны төлемеу фактілері анықталды.

Облыстық прокуратура органдары жиналып қалған берешекті дереу өтеу жөнінде 2 ұйғарым шығарды, оларды қарау бойынша аталған АҚ 2008 жылғы қыркүйектен 2009 жылғы мамырға дейінгі іркіліс үшін 2,5 млн. теңгеден астам орташа жалақыны төледі, 151 қызметкерге 700 мың теңге сомасында еңбектің зиянды жағдайлары үшін қосымша ақша төленді.

4 басшы қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, Алматы облысы Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының атына кәсіпорын директоры Б.Е. Мұқатовқа қатысты әкімшілік іс жүргізуді қозғау туралы мәселе қойып, заңдылықты бұзуды жою жөнінде ұйғарым енгізілді.




Уәкілдің атына Түркия Республикасының азаматы Ч-дан Алматы қаласындағы «Вектстрой - 2» ЖШС-нің оның еңбек құқықтарын жалақыны төлемеу және міндетті зейнетақы жарналарын аудармау бөлігінде бұзу туралы шағым келіп түсті.

Алматы қаласы Бақылау және әлеуметтік қорғау жөніндегі департамент жүргізген тексеру барысында өтініште көрсетілген фактілер расталып, осы кәсіпорынның басқа да қызметкерлері алдында шамамен 1,3 млрд. теңге сомасында жалақы бойынша берешегі анықталды.

Тексеру нәтижесінде жұмыс беруші барлық қызметкерлер, оның ішінде Ч. алдында да жалақы бойныша берешегін толық көлемде өтеді, ал арыз берушіге сондай-ақ 400 мың теңге көлемінде зейнетақы жарнасы аударылды.

Бұдан басқа, «Вектстрой - 2» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

25 өтініште (34 пайыз) арыз берушілер жұмыстан босатуға келіспейтіндігі, кейбіреулерінде еңбек шартын жасасу кезінде және оны әкімшіліктің бастамасы бойынша бұзу кезінде басшылардың заңсыз әрекеттері көрсетілген. Барлық келіп түскен шағымдар зерделенді, 17 шағым бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетіне, Бас прокуратураға сұратулар жіберілген. Шағымдарды қарау нәтижелері бойынша еңбек заңнамасы нормаларын бұзғаны үшін 2 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 2-і – қызметтен босатылды.




Мысалы, Ш. өтінішінде Шығыс Қазақстан облысының ауылдық орта мектебінен оны, сондай-ақ басқа да көптеген мұғалімдерді заңсыз жұмыстан шығаруы туралы көрсеткен. Сондай-ақ өтініште мектеп директоры жұмысқа тұрмаған көптеген ауылдастарының болуына қарамастан, жұмысқа көрші ауылдардан мұғалімдерді қабылдайтыны, бюджеттік қаражатты мақсатқа сай емес шығындайтыны көрсетілген.

Уәкілдің сұратуына байланысты осы шағым бойынша Шығыс Қазақстан облысының Білім беру басқармасы мен қаржы органдары тексеру жүргізген.

Көрсетілген тексерулердің нәтижелері бойынша директор қызметінен босатылды.

Өтініш беруші жұмысқа орналастырылды.




Уәкілге Ақмола облысы Степногорск қаласы «Мәжбүрлеп емдеуге арналған облыстық наркологиялық аурухана» МҚКК әкімшілігінің медициналық персоналдың қажет болуына қарамастан, еңбек шартын жасасу кезінде еңбек заңнамасын бұзуы (еңбек шарттары 2-3 айға жасалды) туралы Б-ның өтініші келіп түсті. Бұл кадрлардың жиі ауысуына және ауруларды емдеу процесіне теріс әсер ететін ұжымда қолайсыз жұмыс жағдайының қалыптасуына әкеп соқтырды.

Уәкілдің сұратуы бойынша осы шағымды Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы тексерді. Тексеру нәтижесінде шағымда көрсетілген фактілер расталды.

Қызметтік міндеттерін тиісті орындамағаны үшін осы медициналық мекеменің бас дәрігері мен бас бухгалтері қызметтерінен босатылды.

Тараптар әрекеттерінің құқықтық бағасын беруге, олардың құқықтық салдарын белгілеуге, сондай-ақ жұмыс берушіге жүктелген міндеттер орындалмаған жағдайда қызметкер алдында жауапты болатын субъектіні анықтауға мүмкіндік беретін еңбек шартын дұрыс жасау еңбек құқықтарын қамтамасыз етуде маңызды мәселе болып табылады. Еңбек шартын жасасу мәселелерін реттеу қызметкер еңбек міндеттерін орындау кезінде оның өміріне немесе денсаулығына келтірілген залалды өтеу, жұмыс істеу үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету және т.б. бөліктерінде жұмыс берушінің қызметкер алдындағы жауапкершілігін белгілеу үшін маңызды практикалық мәнге ие болады.

Сонымен бірге, жекелеген шағымдардың мазмұнынан жеке меншік нысанындағы кәсіпорындарға жұмысқа қабылдау кезінде көбінесе еңбек шарттары ресімделмейтіні немесе оларда заңнамада белгіленген жалақы мөлшері қарастырылмайтыны көрінеді. Ал бұл жұмыс берушінің қызметкерді жұмыстан шығаруы кезінде еңбек заңнамасын бұзуы үшін алғышарттарды жасайды.

Қызметкерлердің қауіпсіз және салауатты жағдайларында еңбек ету құқығы заңмен қорғалады. Елімізде жаңа экономикалық және еңбек қатынастарына сай келетін еңбекті қорғау жүйесін жасау жөнінде жұмыс жүргізіледі. Еңбекті қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы бақылау рөлін нығайту өндірістегі жазатайым оқиғалардың санын азайтуға мүмкіндік берді.

Уәкілдің атына келіп түсетін шағымдар еңбек құқықтарын қорғау деңгейін одан әрі арттыру, еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді орындауды қамтамасыз ету, қызметкерлердің еңбек құқықтарын бұзғаны жұмыс берушілердің жеке жауапкершілігін күшейту қажеттілігін растайды.
2.10. Зейнетақымен қамсыздандыруға құқық
Зейнетақы төлемдерінің орта көлемін 25 пайызға көтеру бөлігінде Мемлекет басшысының 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына жолдауын іске асыру мақсатында 2009 жылы зейнетақыны есептеу үшін алынатын табысты 25 еселі айлық есептік көрсеткіштен 28 айлық есептік көрсеткішке көтеруді көздейтін «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заң, сондай-ақ «2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру туралы» Үкімет қаулысы қабылданды.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің деректері бойынша 2009 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жағдайды біртіндеп тұрақтандыру нәтижесінде жинақтаушы зейнетақы қорлары 36,3 млрд. теңге сомасында табыс алды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша 2010 жылғы 1 қаңтардағы жай-күй бойынша ең төмен зейнетақының (базалық зейнетақы төлемді ескергенде) көлемі 18 325 теңгені құрды.

1952 жылғы 28 маусымдағы «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төмен нормалары туралы» Халықаралық еңбекті ұйымдастыру ұйымының конвенциясына сәйкес, орташа зейнетақының мөлшері бұрынғы жалақысының 40 пайызынан төмен болмауға тиіс (XI-бөлім).

Есепті жылы Уәкілдің атына зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша 29 өтініш келіп түсті, олар бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті сұратулар жіберілген болатын. Зейнетақыны есептеу кезінде экономикалық қызметтің түрін белгілеумен келіспеу, зейнетақы төлемдерін есептеу әдістемесі, оларды көтеру тетігі негізінен шағым мәні болды.

Зейнеткерлік жастағы адамдар үшін олар алып отырған зейнетақы табыстың жалғыз ғана көзі екендігін ескеретін болсақ, шағымдардың негізгі саны зейнетақы төлемдерінің көлемімен келіспеуге қатысты болды (15). Бұл ретте өтініш берушілер өздерінің шағымдарында ТМД елдеріндегі зейнетақы төлемдерінің көлемдерімен салыстыруларды келтіреді. 2 өтініш зейнеткерлік жиналымдарды төлеу мәселелеріне қатысты болды.

Белгіленген ең төмен зейнетақы көлемімен келіспеген 4 өтініш берушінің шағымдары бойынша, министрлік зейнетақы заңнамасымен талап етілетін орташа айлық табыс туралы мәліметтерді зейнеткерлердің бермеуіне байланысты, оларға зейнетақы ең төмен көлемде белгіленгені туралы хабарлады.

Одан басқа, Уәкілдің атына Қазақстаннан ТМД елдеріне көшіп кеткен зейнеткерлерден оларға есептелген зейнетақы төлемінің көлемімен келіспеуі туралы 3 өтініш келіп түскен.

1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарына кепілдіктер туралы келісімге сәйкес, зейнеткер Келісімге қатысушы мемлекеттер шегінде көшкен болса, оның бұрынғы тұрған орны бойынша зейнетақы төлемдері тоқтатылып, зейнетақы мөлшері тұратын елдің заңнамасына сәйкес қайта қаралады.

2003 және 2008 жылғы зейнетақыны көтеру мәселелері азаматтардың, сондай-ақ 2008 жылы құрылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қоғамдық кеңесінің құрамына кіретін Қазақстан Республикасы Зейнеткерлерді әлеуметтік және құқықтық қорғау қозғалысы қауымдастығының төрайымы И.А.Савостинаның өтініштерінде аса жиі көтеріледі.

Аталған мәселелер бойынша министрлік 2003 жылғы маусымда өткізілген зейнетақы төлемдерінің мөлшерін көтеру әдістемесі зейнеткердің орташа айлық табысын ол зейнетке шыққанға дейін еңбек еткен саладағы орташа айлық жалақымен салыстыру қағидатына негізделгені туралы хабарлаған.

Салалық қағидатты қолдану бұрынғы жылдардағы салалық орташа жалақынының өзгеруінің зейнетақы мөлшеріне әсерін ескеріп, зейнетақыны есептеу үшін қабылданған зейнеткерлер табысының үлестік салмағын зейнетақыны қайта қараудың алдындағы базалық жыл – 2002 жылы саладағы орташа жалақы деңгейінде белгілеуге мүмкіндік берді.

Кәсіпорындар мен ұйымдардың экономикалық қызметінің түрін белгілеу кезінде, әлеуметтік қорғау органдары халық шаруашылығы салаларының жалпы жіктегішін басшылыққа алған.

Зейнетақыны 2008 жылдың қаңтарынан бастап көтеру кезінде әлемдік тәжірибеде зейнетақыны көтеру зейнетақы мөлшерін тұтыну бағаларының индексінің деңгейіне индекстеу арқылы немесе жалақыны қазіргі заманғы деңгейге келтіру негізінде жүргізілетін болғандықтан, республика бойынша 2007 жылғы емес, 2002 жылғы орташа жалақы негізге алынды.

Осыған орай, бірінші кезеңде, яғни 2003 жылы зейнетақы 2003 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан адамдарға зейнетақы бұрын есептелген орташа жалақыны оны 2002 жылы қалыптасқан еңбек ақысын төлеу деңгейіне сәйкес келтіру негізінде қайта есептеу арқылы көтерілген.

Бұл ретте зейнетақыны есептеуге арналған шекті табыс өзгерген жоқ және 15 АЕК-ке тең болды.

Екінші кезеңде 2008 жылы келесі қадам жасалды – зейнетақы есептелетін табыстың жоғары шегі 25 АЕК-ке көтерілді.

Уәкілдің 2008 жылғы қызметі туралы есепте Байқоңыр қаласы зейнеткерлерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері көрсетілген болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған есепке «Байқоңыр» кешенінде тұрып жатқан және/немесе жұмыс істеп жүрген Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы азаматтарының әлеуметтік кепілдіктері туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасында жасалған келісімді тараптардың әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі міндеттерін бекіту бөлігінде қайта қарау жөнінде жұмыс жүргізіп отырғаны туралы хабарлады.

Келіп түскен өтініштерді талдау сондай-ақ әйел адамдардың зейнетке шығу жасын төмендету, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін көбейту, Ресейдегідей №2 тізім бойынша адамдарды зейнетке мерзімнен бұрын шығару, жинақталған зейнетақы қаражатын, инвестициялық табысты сақтау мәселелерінің өзектігін көрсетеді.

Зиянды (аса зиянды) немесе қауіпті еңбек жағдайларымен байланысты жұмыспен айналысатын қызметкерлер үшін зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін бір қатар жылдар бойы тау-кең металлургиясы мен көмір өнеркәсібі кәсіпорындары жұмыскерлерінің кәсіподақтары көтеріп отыр.

Олар жүргізген зерттеулерге сәйкес, 50 жастан жоғары шахтерлар мен металлургтер зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсеріне, жұмыстың ауырлығы мен қауырттылығына байланысты түрлі ауруларға шалдыққан. Шахтерлардың өмір жасының орташа ұзақтығы Қарағанды облысының ер адамдарының осындай көрсеткішінен 5-7 жылға төмен.

Осыған орай, Уәкіл Үкіметтің атына қолданылып жүрген зейнеткерлік жүйені жоғарыда аталған саланың қызметкерлері үшін зейнетке шығу жасын төмендету бөлігінде қайта қарау мүмкіндігі туралы өтініш жіберген болатын.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығының қарсанында қазіргі уақытта Парламенттің қарауындағы ардагерлер туралы заңды қабылдау ерекше өзекті болып отыр. Мұндай заң ТМД-ның бірқатар елдерінде қабылданған (Ресейде – 1999 жылы қабылданды). Бұл заңда Ұлы Отан соғысы, Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің, Чернобыльдегі апатты жоюшылардың, түрлі локалды қақтығыстарға қатысушылардың және Семей ядролық полигонында қызмет еткендердің бірыңғай мәртебесі белгіленуге тиіс.
2.11. Денсаулықты қорғауға құқық
Есепті жылы азаматтардың денсаулығын қорғау саласында маңызды оқиға болды – «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Қазақстан Республикасының кодексі қабылданды.

Осы құжатқа сәйкес, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі қолданылады, оның негізгі міндеттері медициналық қызметтер саласындағы бәсекелестік ортаны қалыптастыру, халықтың дәрігер мен емдеу мекемесін еркін таңдауды қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесін соңғы нәтижеге қол жеткізуге бағыттау болып табылады.

2009 жылы Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі – ДСМ) едәуір, оның ішінде медициналық қызметкерлер нақты оқиғалар бойынша жіберген ұйымдастырушылық, емдеу-диагностикалық сипаттағы кемшіліктерді жою жөніндегі жұмыстарды атқарғанын атап өткен жөн.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тірі және өлі туу өлшемдеріне Қазақстан Республикасының ауысуы жөнінде белсенді дайындық жұмысы жүргізілуде. Семей қаласының перзентханасындағы кувездерге қатысты Уәкілдің ұсынымы бойынша ДСМ перинаталды орталық үшін 58 млн. теңге көлемінде, қалалық клиникалық №2 перзентхана үшін 2-10 млн. теңге, №3 перзентхана үшін 8,4 млн. теңге сомасына медициналық жабдық алынғаны туралы хабарлады.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне 2005 жылдан бастап республикалық бюджеттен медициналық ұйымдарды, оның ішінде республиканың босандыру және балалар ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауды жақсартуға ағымдағы трансферттер бөлінеді.

Аналық және нәрестелік өлімнің әрбір оқиғасы денсаулық сақтау органдарының профилактикалық кеңестерінің отырыстарында қаралады.

Бұрын ДСМ-де облыстардағы денсаулық сақтау департаменттерінің шешім қабылдауына әсер етуінің болмауынан ДСМ мен жергілікті атқарушы органдар арасында келісімдер жасасу жүйесі енгізілді. Одан басқа, денсаулық сақтаудың облыстық құрылымдарының қызметін үйлестіру мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Қазақстан Республикасының кодексінде денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының басшыларын тағайындау тәртібі, денсаулық сақтаудың ведомстволық бағынышты ұйымдарының, оның ішінде медициналық және фармацевтикалық білім беру мен ғылым және т.б. ұйымдардың қызметіне басшылықты жүзеге асыру тәртібі оңтайландырылды.

Былтырғы жылы Уәкілдің атына денсаулыққа конституциялық құқығын бұзу жөнінде азаматтардан 27 өтініш, оның ішінде 3 өтініш үкіметтік емес ұйымдардан келіп түсті.

Шағымдардың жалпы санында сапасыз медициналық қызмет көрсету немесе медициналық қызмет көрсетпеу оқиғалары (15) басым, олардың 11 алдын ала қамау және бас бостандығынан айыру орындарынан келіп түскен өтініштер.

Сондай-ақ медициналық қызметкерлердің мүгедектікке әкеп соқтырған әрекеттеріне, МӘСК-тің мүгедектік тобын белгілеуден бас тартуына шағымдар баршылық, сондай-ақ тексеруді өтуге, диагноз белгілеуге көмектесу, дәрілік құралдардың бағаларына наразылық білдіру мәселелері де кездеседі.

Бас бостандығынан айыру жағдайында медициналық көмек алуға құқықты тиісті деңгейде қамтамасыз етуге байланысты мәселелер ерекше назар аударуды талап етеді. Пенитенциарлық жүйе мекемелерінде бұл жағдай ойдағыдай емес.
Есепті жылы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде медициналық көмек көрсету мәселесі бойынша Уәкіл Қазақстан Республикасы Әділет министрінің атына сотталғандарға көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыру жөнінде арнайы бағдарламаны әзірлеу және енгізу мәселесін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп қарау туралы ұсынымы жіберілген. Онда ауруларды анықтау, диагностикалау және емдеу тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық бөлімдерді білікті кадрлармен толтыруды және материалдық-техникалық жабдығын нығайтуды қарастыру ұсынылған.

Ұсынымда бас бостандығынан айыру орындарында көрсетілетін медициналық көмектің сапасына күмән келтіруге негіздеме ретінде сотталғандарға қатысты болған үш оқиға келтірілген.

Мысалы, Атырау облысында сотталғандардың біреуіне ауруының дұрыс диагнозы Уәкілдің өтінішінен кейін және наразылық белгісі ретінде колонияда 7 жыл болғаннан кейін сотталғанның өзінің денесіне зиян келтіру актісіне ҚР ӘдМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ден қоюынан кейін ғана қойылды.

Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы басқа екі сотталғанға мүгедектікті белгілеу және жеке гигиенаның арнайы заттарын беру үшін жергілікті МӘСК-ке жолдама беруден бас тартылған. Қажетті көмек олардың аналары Уәкілге жүгінгеннен кейін ғана көрсетілді.
Жоғарыда көрсетілгенге байланысты халықаралық нормалар, атап айтқанда Қамаудағыларға қараудың мейлінше төмен стандартты ережелері сотталғандарға медициналық көмек көрсету кезінде дәрігердің тәуелсіз жағдайда болуына ерекше рөл береді. Бұл мәселе 2009 жылғы мамырда Қазақстанға инспекторлық сапармен келген БҰҰ-ның Азаптау мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы М. Новак қозғаған болатын.

Дәрілік препараттарға қол жеткізу мен олардың бағасының қолайлылығы мәселесін Алматы қаласындағы С гепатитімен ауратындардың жағдайы суреттеп көрсетеді. Олар тегін препараттармен стационарлық емдеу кезінде ғана қамтамасыз етіледі, ал ауруханадан шығарылғаннан кейін препараттардың қымбаттылығына байланысты олар вирусқа қарсы терапиямен қамтамасыз етілмейді.

ДСМ-нің ақпаратына сәйкес, 2009 жылдың 8 айында 2008 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бір қатар аурулармен ауыру деңгейі төмендеген, оның ішінде асқынған вирустік гепатитпен ауыру 35,7 пайызға қысқарған, алайда, гепатитпен ауыратын адамдарды вирусқа қарсы терапиямен қамтамасыз ету мәселесі сақталып отыр.

Қазақстан азаматтарын дәрілік препараттармен қамтамасыз ету мәселесі Президенттің ел халқымен теледидар арқылы дидарласуы кезінде көтерілді, Мемлекет Басшысы бұл мәселені ең өзекті мәселелердің бірі ретінде анықтады. Жыл сайын Қазақстан дәрілік препараттардың ішкі тұтынуының жалпы көлемінің 90 пайыздан астамын сырттан әкеледі. Мемлекет Басшысының пікірі бойынша, Қазақстанда дәрілік препараттарды сатып алудың бір ортақ орталығын құру дәрі-дәрмектердің бағасын да төмендетеді, алыпсатарлықты да жояды, сондай-ақ олардың сапасын бақылауды қамтамасыз етеді. Президент 2014 жылға қарай препараттардың 50 пайызын отандық өндірісте шығару міндетін қойды, бұл үшін Астана және Шымкент қалаларында екі фармацевтикалық зауыт салу мәселесі шешілуде.

Қазақстандық медицинаның ерекше назары халыққа паллиативтік көмек көрсетуге аударылып отыр. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы 2002 жылы берген анықтамасы бойынша, паллиативтік көмек – бұл өлімге соқтыратын ауру мәселесімен кезіккен пациенттердің және олардың отбасы мүшелерінің өмір тіршілігі сапасын туындаған мәселелерді ерте айқындап және дәл бағалап, тиісті емдеу жүргізіп, сондай-ақ психологиялық-әлеуметтік және моральдық қолдау көрсетіп, азаптарын болдырмау немесе оларды жеңілдету арқылы жақсартуға арналған шаралар жүйесі.

Қазақстандағы паллиативтік көмек «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Қазақстан Республикасы кодексінің 53-бабына сәйкес, дәрігердің басшылығымен мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (хоспистерде) немесе стационар түрінде үйде емделетін ауруларға аурудың терминалды (соңғы) сатысында көрсетіледі.

XXI ғасырдың басы халықтың ғаламдық қартаюымен, онкологиялық аурулардың өсуімен, асқынған прогрессивті аурулары бар аурулар санының өсуімен ерекшеленеді, бұл аса ауыр азап шегетін және тиісті кешенді медициналық-әлеуметтік көмекті қажетсінетін инкурабельді аурулардың үлкен тобының пайда болуына әкеп соқтырады. Бүгінгі күні жыл сайын дүние жүзінде 55 миллион адам қайтыс қолады, 10 миллион адам рак аурумен ауырады (2000 ж.). 2020 жылы ауырғандардың саны 15 миллионға, ал 2050 жылы – 24 миллионға жетеді деп болжанады. (қайнар көзі: www.pallcare.ru).

«Сорос-Қазақстан» қорының қаржылай қолдауымен «Кредо» ҚБ өткізген Қазақстанда паллиативтік көмек көрсету мәселелерін зерттеу бойынша осы салада паллиативтік көмек желісі мен қызметтерін құру үшін институционалдық және адами ресурстардың жетіспеуі, медициналық және әлеуметтік қызметкерлерді дайындау және олардың біліктілігін арттыру жүйесінің болмауы, сондай-ақ жұртшылықтың осы мәселе туралы жеткіліксіз ақпараттануы байқалады, ал бұл өз кезегінде мемлекеттік емес ұйымдар мен қайырымгерлердің осы қызметтегі аса төмен белсенділігін түсіндіреді.

Жалпы алғанда, мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы елеулі жұмысын атап өткен жөн. Ол жұмыс жаңа құқықтық база негізінде жалғасын табуға тиіс.
2.12. Мүгедектігі және психикасының бұзылуы бар

адамдардың құқықтары
2008 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары туралы конвенциясының Факультативтік хаттамасына қосылды, бұл мүгедектер құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды қабылдауға және олардың құқықтарын аса тиімді іске асыру үшін құқықтық негізді жасауға дайындығын растайтын әрекет болды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2009 жылғы 6 қарашадағы өкімімен Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір тіршілігі сапасын жақсарту жөніндегі ұзақ мерзімді перспективаға әрекеттердің ұлттық жоспарын әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық үйымдардың өкілдері кірді.

2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданылады, ол қиын өмірлік жағдайдағы адамдарға (отбасыларына) арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер нарығын бәсекелес ортаны құруға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретін үкіметтік емес ұйымдарды қатыстыру есебінен кеңейтуді көздейді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 466 мыңнан астам мүгедектер бар, бұл республика халқының жалпы санының 3 пайызын құрайды, олардың төртен үш бөлігі (75,4 пайыз) еңбекке қабілетті жастағы адамдар, ал 17,5 пайызы – балалар.

Ересек халық арасындағы аурулардың нозологиялық нысандары бойынша бастапқы мүгедек серпіні оның себептері қан айналымы (24 пайыз), қатерлі ісіткер (17 пайыз), барлық локализациялау жарақаттары (14 пайыз), туберкулез (8 пайыз) аурулары екендігін көрсетеді.

Балалар мүгедектігі құрылымында – деформация дамуының табиғи ақауы және хромосомдық бұзылулар (33 пайыз), жүйке жүйесінің аурулары (25 пайыз), психикалық бұзылулар (12пайыз).

Есепті кезеңде Уәкілдің атына мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде 17 өтініш келіп түсті, олардың басым көпшілігі кәсіпорындарда еңбек жарақаты нәтижесінде мүгедек болған адамдардан болды. Олар зиянды өтеу сомаларын төлеуге, жұмыс берушінің санаторлық-курорттық емдеу беруіне қатысты болды. Аталған өтініштер бойныша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктеріне, облыс әкімдіктеріне тиісті сұратулар жолданған.
Осылай, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына Ресей Федерациясындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл В.П. Лукин кейін таратылған «Казтяжстрой» АСП-нің «Стройкомплект» МГП-да жұмыс істеген кезде жарақат алған К-нің мүддесін білдіріп жүгінген. Зиянды ай сайын ақшалай төлемдер түрінде өтеу жөніндегі міндет Әлеуметтік қорғаудың Атырау басқармасының Әлеуметтік сақтандыру қорына жүктелген болатын, алайда, ол бүгінгі күнге дейін орындалмаған.

Аталған қордың таратылуына байланысты, Атырау облыстық сотының ұйғарымы бойынша соманы өтеп алушыға төлем жөніндегі міндет Зейнетақыны төлеудің мемлекеттік орталығына жүктелді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының қаулысымен борышкерді ауыстыру туралы жоғарыда көрсетілген сот ұйғарымының күші жойылды, арыз беруші денсаулығының ауыр жағдайына байланысты осы қаулыға шағым бермегендіктен, атқарушылық іс жүргізу тоқтатылды.

Уәкілдің арасауынан кейін осы өтінішті қарау шеңберінде Астана қаласы прокуратурасының наразылығы бойынша атқарушылық іс жүргізу қайта қозғалып, арыз беруші өзінің өтінішінде сұрағандай, борышкерді Зейнетақыны төлеудің мемлекеттік орталығына ауыстыру туралы ұсыным сотқа жолданған.
Уәкілдің атына келіп түскен өтініштердің елеулі тобы мүгедектік топтарын белгілеу кезіндегі медициналық-әлеуметтік сараптама комиссияларының қызметіне байланысты болды. Уәкілдің 2008 жылғы қызметі туралы есепте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктеріне медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) комиссияларының мүгедектік топтарын белгілеу кезінде шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету мәселесін қарау туралы ұсыным жасалған болатын.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі қаулысымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптаманы өткізу ережесіне сәйкес, МӘС ұсынылған құжаттарды, куәландырылатын адамды қарау арқылы аумақтық бөлімше басшысының және кемінде екі бас маманның қатысуымен алқалық түрде жүргізілетінін хабарлады. МӘС-ті жүргізу кезінде консультанттар (педиатр, психолог, заңгер және басқа да мамандар) тартылуы мүмкін, олардың қызметтері әкімшілік шығындарға көзделген қаражат есебінен төленеді.

Бұл ретте аумақтық бөлімшенің сараптамалық қорытындысына азамат немесе оның заңды өкілі сотта шағымдана алады.

Бұрынғыдай, мүгедектерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, медициналық-әлеуметтік мекемелеріне жіберу, мүгедектер үшін жұмыс орындарын жасау мәселелері өзекті болып қала береді.

Мемлекет мүгедектерді оңалту, оларды қоғамға жан-жақты кіріктіру жүйесін жетілдіру жөніндегі шараларды қабылдайды. Алайда, мүгедектердің өздерінің құқықтарын іске асыруда тежеуші факторлар бар. Тиісті жағдайлардың, құрылғылардың – пандустардың, кіру жолдарының, кең лифттердің, дыбыстық бағдарлау дабылдарының, соқырларға арналған бағдарлы жолдардың болмауына байланысты мүгедектер қоғамдық ғимараттарға қол жеткізе алмайды, ал бұл оларға белсенді, тәуелсіз және абыройлы өмір тіршілігін жүргізуге мүмкіндік бермейді. Мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуіне байланысты көрсетілген мәселелерді Уәкіл өзінің қызметі туралы жыл сайынғы есептерде, «Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтары мен мүмкіндіктері» атты баяндамасында көтерген.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді жобалау, салу және құрылыс салу, тұрғын үй аудандарын құру, жаңадан игерілетін және қайта ұйымдастырылатын аумақтарды және басқа да елді мекендерді абаттандыру кезінде мемлекеттік стандарттарға сәйкес, мүгедектерге тұрғын, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, имараттарға және үй-жайларға қол жеткізуін қамтамасыз етуге тиіс.

Мүгедектерді кешенді оңалтудың маңызды элементтерінің бірі оларды кәсіптік оңалту болып табылады, оны ойдағыдай жүргізу олардың өмірінің деңгейін арттыруға, отбасын қамтамасыз етуге, ықтимал экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қоғам өміріне қатысуға мүгедектерге тең мүмкіндіктер жасау мақсатында заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мүгедектерге арналған жұмыс орын квотасын жұмыс орындардың жалпы санынан үш пайыз мөлшерінде белгілеу арқылы мүгедектерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді

Алайда осы міндетті іске асыру көп жағдайда жекелеген жұмыс берушілердің жұмысқа мүмкіндігі шектеулі еңбекке қабілетті адамдарды жұмысқа алудан қашқақтауына байланысты қиын болады.

Мүгедектерді жұмысқа орналастырудың ең кең тараған түрі оларды мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің мамандандырылған кәсіпорындарына қабылдау болып табылады. Сонымен қатар, осындай кәсіпорындар қызметі мәселелерінің бірі қаржы қаражатының жетпеуі, өндірістік өнімді сатудың болмауы болып табылады, ал бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекелестігінің төмен болуына әкеп соқтырады.

2009 жылғы 9 желтоқсанда Уәкіл мекемесінің қызметкерлері «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ-нің Талғар оқу-өндірістік кәсіпорнына мониторингтік сапар жасады. Оның қорытындылары бойынша жүйелік құқық бұзушылықтар анықталды.

Нарықтық қатынастар жағдайында кәдімгі өндіріске теңестірілген осы мамандандырылған кәсіпорын іс жүзінде банкрот болып табылады. Үлкен кредиторлық берешек жиналған, өнім сатылмайды, ал оның барлығысы жалақыны төлеуді кідіртуге және толық көлемде төлемеуге әкеп соқтырады, еңбек заңнамасының нормалары бұзылады.

Жұмыс көлемінің азаюына байланысты кәсіпорында көз аурулары бойынша 72 мүгедек жұмыс істейді, олар Талғар ауданында тұратын барлық көзі көрмейтін адамдардың төрттен бір бөлігін ғана құрайды.

Кәсіпорынның барлық инфрақұрылымы құлдыраған. Жеке тұлғаға қазандық орналасқан жер учаскесін қонақ үйін салу үшін сату нәтижесінде, мүгедектердің әкімшілік, өндірістік және тұрғын ғимараты іс жүзінде жылу жүйесіз қалды.

Осыған орай, Уәкіл Бас прокуратураға жоғарыда көрсетілген мекемедегі бұзушылықтарға тиісті ден қою туралы өтінішпен хат жолдаған.

«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша әрбір мүгедекке оңалту әлеуетіне сәйкес жеке оңалту бағдарламасы (бұдан әрі – ЖОБ) әзірленеді, онда оңалту шараларының кешені әзірленеді. ЖОБ бойынша мүгедектер протездік-ортопедтік көмекпен, қосалқы (компенсаторлық) құралдармен, қозғалудың арнайы құралдарымен және оңалтудың басқа да құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Мүгедектерді аталған оңалту құралдарымен қамтамасыз етуді мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Алайда, берілетін құралдар сапасы әрдайым тиісті талаптарға сәйкес бола бермейді. Мысалы, 2009 жылдың қазан айында павлодарлық мүгедектер мемлекеттік сатып алу шеңберінде сатып алынған арбалардың сапасына наразылық білдіріп, оларды Павлодар облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қайтарып берді. Мүгедектер сатып алынған арбалар лифттер мен дәретханаларға кірмейтінін, шынтақшаларының болмауын, арқалары мен отырғыштарының қатты болуын, дөңгелектерінің толық резіңке болуына байланысты топырақта жүрмейтінін айтып, сапасына шағымданды.

Есепті жылы Уәкілдің атына психикасының бұзылуы (ауруы) бар адамдардың мүддесін қорғауға қатысты 5 өтініш келіп түсті, онда олардың психиатриялық мекемелерді ұсталуының негізділігі, оларға қолданылатын емнің қажеттілігі дауланды және сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен келіспеу болды.

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1991 жылғы 17 желтоқсанда қабылдаған Психикасы ауру адамдарды қорғау және психиатриялық көмекті жақсарту қағидаттары психикалық аурумен ауыратын немесе сондай деп есептелетін барлық адамдардың адамдық жеке басынан ажырамайтын қадір-қасиетіне ізгі және құрметпен қарау қатынасқа құқықтарын белгілейді.

Адам үшін оның бостандыққа және жеке басына қол сұқпаушылыққа конституциялық құқығының маңызды болуына байланысты қоғамдық қауіпті әрекет жасаған психикасының бұзылуымен ауыратын адамдарға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары соттың шешімі бойынша қолданылады.
Уәкілдің атына сотталушы К-нің мүддесін қорғап адвокат А.Л. Морозова Қостанай облыстық психиатриялық ауруханасының сот-психиатриялық сараптама қорытындысымен келіспеу және сараптаманы жүргізу кезінде процессуалдық нормалардың бұзылуы туралы өтінішпен жүгінген.

Уәкілдің Денсаулық сақтау министрлігіне жіберген сұратуына Дәрілік және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті психиатрия саласындағы білікті маманды тартып тексеру жүргізуді белгілеген.

Осы тексерудің нәтижелері бойынша, К-нің психикалық жағдайын бағалауда орын алған айырмашылықтың болуына байланысты Комитет Департаментінің комиссиясы стационар жағдайында қайта сот-психиатриялық сараптаманы жүргізуді ұсынды.
Жалпы алғанда, психикасының бұзылуы бар адамдардың құқықтарын қорғау жүйесі психиатриялық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейту арқылы жетілдіруді талап ететінін мойындаған жөн.
2.13. Балалардың құқықтары
Уәкілдің атына есепті жылы балалар құқықтарын бұзуға шағымданып 24 өтініш жасалған. Оларда мынадай мәселелер көтерілген: алимент төлеу, баланы беру жөніндегі сот шешімдерінің орындалмауы; құқық қорғау органдары, білім беру жүйесі мекемелері, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің әрекетсіздігі; жетім балалардың тұрғын үй мәселесі; тергеу изоляторында ұстау жағдайлары; кәмелеттік жасқа толмаған баланы қайтаруға көмектесу; тұтыну несиесін банктің кейінгі қалдыруы және асырап алынған балаларды әлеуметтік қорғау. Барлық өтініштер ата-аналар мен мүдделі тұлғалардан келіп түскен.

Алимент төлеу жөніндегі сот шешімдерінің орындалмауының себептері борышкерге тіркелген қандай да бір жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктің болмауы және борышкерлердің тұратын жерін анықтаудың мүмкін болмауы. Осыған байланысты сот орындаушылары бір қатар борышкерлерге ішкі істер органдары арқылы іздеу салған.

Алименттерді төлемеу мәселесін шешуде мемлекет тарапынан принципиалды көзқарас талап етіледі және осы орайда баланы асырауға белгіленген алименттерді төлеуден жасырынатын адамдардың қылмыстық жауапкершілігін күшейту мақсатқа сай болып табылады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің деректері бойынша Қазақстанда шамамен 5 млн. бала тұрады, олардың шамамен 2 млн. – мектепке дейінгі жастағы балалар, 2,5 млн-нан астамы – мектеп оқушылары, 500-ден астамы – оқушы жастар.

Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелерде балаларға орынның жетіспеуі күрделі мәселе болып отыр, ол ерте жастағы балалардың мектепке дейінгі білімге қол жеткізуін қиындатады. Бүгінгі күні бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды оқу мен тәрбиелеудің ұйымдастырылған нысандарымен жалпы қамту 36,5 пайызды құрайды және бұл көрсеткіш әлемдік статистикамен салыстырғанда көп артта қалады.

Мысалы, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің деректері бойынша республикада 2010 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі бойынша 4972 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді, оларда 373 100 бала тәрбие алады, бұл мектепке дейінгі балалардың 38,7 пайызын қамтиды. Мектеп алды дайындығымен 5-6 жасар балалардың 83 пайызы қамтылған.

Сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балаларды, атап айтқанда олардың сапалы білім, медициналық қызмет алуға құқықтарын қамтамасыз етуге ерекше назар бөлген жөн.

Қазіргі уақытта ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің деректері бойынша республикада дамуында мүмкіндіктері шектеулі 148 мыңнан астам балалар, девианттық мінезді 20 мыңнан астам балалар анықталған. Толық мемлекеттік қамтамасыз етуде 16 мыңнан астам жетім балалар мен ана-анасының қамқорынсыз қалған балалар бар.

Бүгінгі күні мүмкіндіктері шектеулі 11 мың бала өздерінің құрдастарымен бірге жалпы білім беретін мектептерде оқып жатыр. 395 бала бақшада шамамен 3000 бала, ал 769 жалпы білім беретін мектептерде шамамен 7000 была білім алуда.

Осыған орай, Қазақстанда мүмкіндіктері шектеулі адамдардың біріккен білім алуға және оқуға құқықтары танылып, заңда белгіленгенін атап өткен жөн. Бұл Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенциясын орындау туралы екінші және үшінші мерзімдік баяндамаларға БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің қорытынды ұсынымдарына сәйкес, білім берудің инклюзивтік жүйесін құру үшін берік негіз қаланғаны туралы айтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, «Оқшауланудан теңдікке: Қазақстанда мүгедектер құқықтарын іске асыру» атты 2009 жылдағы адами даму туралы ұлттық есеп бойынша іс жүзінде мүгедек балаларды сау балалармен бірге оқыту үшін негізді іріктеу жүргізілмей, үйлестіріп түзету қолдауын көрсету үшін тиісті жағдайлар жасалмай кездейсоқ біріктіру тенденциясы байқалады.

Жалпы білім беретін мектептердің психологтары мен мүғалімдерінің жоғары оқу орындарындағы дайындығы арнайы психология мен арнайы педагогика саласындағы білімдерді алуды қарастырмағандықтан, олардың мүмкіндіктері шектеулі балаларға білікті көмек көрсету қабілетінің болмауы жоғарыда мазмұндалғандардың себептерінің бірі болып табылады.

Арнайы білім беру жүйесінің негізгі факторы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) болып табылады, ол баланың оқу, медициналық және әлеуметтік қызметтерді алуға құқығын белгілейді, олардың арнайы оқу жағдайларын қажет етуін (бір ПМПК 60 мың балалар халқына ашылады) белгілейді.

2008 жылдың желтоқсан айында «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау маңызды болып табылады. Ол қиын өмірлік жағдайдағы адамдар үшін арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету саласындағы, туындаған әлеуметтік мәселелерді еңсеру және оларға қоғам өміріне қатысудың басқа адамдармен тең мүмкіндіктерін жасауға бағытталған жағдайлардағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша республикада мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелейтін отбасыларына үйде әлеуметтік көмек көрсетудің 127 бөлімшесі жұмыс істейді, олар 17,4 мыңнан астам балаға қызмет көрсетеді.

Қиын өмірлік жағдайдағы балаларға әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу көрсету мақсатында білім беру ұйымдарында 2624 әлеуметтік педагог, 6977 психолог, 1453 мектептегі полиция инспекторлары жұмыс істейді.

Сонымен бірге, бір қатар үкіметтік емес ұйымдардың пікірі бойынша, қиын өмірлік жағдайдағы отбасылары мен балаларға қызмет көрсетудің осы саласын мемлекеттік монополизациялауға байланысты және Қазақстанда әлеуметтік жұмыс тұратын жері бойынша әлеуметтік қамтамасыз ету, педагогикалық жұмыс, халықтың мұқтаж топтарына медициналық-оңалту жұмысы және нысаналы әлеуметтік көмек беру, жәрдемақыларды төлеу шеңберінде ғана жүргізілетіндіктен, әлеуметтік қызметтерді көрсетудің қолданылып жүрген жүйесі аса тиімді емес болып табылады.

Балалар еңбегін пайдалану фактілері аса мазалайды. Атап айтқанда, балалар еңбегін Оңтүстік Қазақстан облысының орта мектептерінде пайдаланады. Мысалы, облыс прокуратурасы тексерулерінің нәтижесінде бір ғана мектепте 284 оқушыдан сабаққа 45 бала ғана қатысқан, қалғандары егіс даласында жұмыста болған.

Балалар еңбегінің аса ауыр түрлерінің алдын алу және оларды болдырмау жөніндегі әлеуметтік орталықтар жүргізген мониторинг нәтижесінде Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 2008-2009 жылдары 900-ден астам жұмыс істейтін балалар анықталған. Балалар жұмыс істейтін жағдайлар еңбек заңнамасының және санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарына сәйкес келмейді: тапшы тамақтану, арнайы киім, аяқ-қиім, бас киімі, улы химикаттардан қорғауға арналған респираторлық масқалар болмаған.

Мемлекеттік органдардың қызметінде жасөспірімдер ортасында құқық бұзушылықтардың алдын алу маңызды орын алады. Осылай, ҚР ІІМ-нің ақпараты бойынша 2008 жылы тұрмыстық құқық бұзушылықтар 19,5 пайызға, ал үстіміздегі жылы – 11,5 пайызға төмендеді.

Былтырғы жылдың тамыз айында жасөспірімдердің түңгі уақытта (22.00-06.00) ойын-сауық орындарында болғаны үшін ата-аналар мен ойын-сауық орындары меншік иелерінің жауапкершілігі туралы, сондай-ақ қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішуге тыйым салу туралы (Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 112-1, 113-баптары) заңнамалық нормалар күшіне енді. ҚР ІІМ-нің деректері бойынша кәмелетке толмағандардың түңгі уақытта ойын-сауық орындарында болғаны үшін 60 меншік иесі, кәмелетке толмағандардың 1390 өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін әкімшілік тәртіппен 9 мыңнан астам адам жазаланды.

Осыған орай, кәмелетке толмағандарға қатысты заңнама әрқашан жетілдірілетінін атап өткен жөн. Осылай, есепті жылдың желтоқсан айында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралуда.

Соңғы заң жобасы кәмелетке толмағандардың жасын көтеру арқылы бір қатар қылмыстарды қылмыстан арылтуды және кәмелетке толмағандардың қалыпты адамгершілік және тән дамуына қол сұғатын қылмыстардың жекелеген түрлері үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Осы заң жобасы бойынша жүргізілген ғылыми-криминологиялық сараптаманың нәтижелері оны қабылдау нәсіпқұмарлық сипаттағы азғындық әрекет жасағаны үшін, кәмелетке толмағандарды қоғамға қарсы әрекет жасауға тартқаны үшін балаларды тәрбиелеу жүктелген ата-аналардың, тәрбиешілердің және басқа адамдардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік беретінін көрсетті.

Ішкі істер органдары кәмелетке толмағандар арасында қылмыс жасаудың төмендеуінің тұрақты беталысын атап көрсетеді: егер, 2003 жылы 7 мыңнан астам қылмыс тіркелген болса, 2009 жылы жасөспірімдер 4654 қылмыс жасаған. Алайда, олардың құқыққа қарсы әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігі жоғары дәрежеде сақталып отыр. Кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттердің шамамен үштен бір бөлігі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Есепті жылы кәмелетке толмағандар 70 кісі өлтіру, 170 қарақшылық шабуыл және 1000 тонау жасаған. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандардың жартысына жуығы мектеп оқушылары. Бұл жағдайда мектептегі полиция инспекторларының рөлі ерекше болады, олар жасөспірімдер ортасында құқық бұзушылықтың ерте алдын алу шараларын қабылдауға, оқу орындарының ресурстары мен оқытушыларды тәрбие-құқық жұмысын жүргізуге пайдалану тиімділігін арттыруға тиіс.

Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарының (бұдан әрі - КТУОБОО) ішкі істер органдарының қарауында болуы мәселесі шешілмей келеді. Бұл мәселені Уәкіл бірнеше рет көтерген болатын.

Бала құқықтары туралы конвенцияны бекіткенде Қазақстан өзіне баланы қамауды, ұстауды немесе түрмеге қамауды заңға сәйкес жүзеге асыруын және оны ең шеткі шара ретінде және мүмкіндігінше аса қысқа тиісті кезеңде ғана пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеме алды (Конвенцияның 37-бабының б) тармағы)

Бұдан басқа, БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитеті КТУОБОО-дағы негізгі контингент панасыз және қараусыз балалар екендігін назарға алап, 2003 және 2007 жылдарда Қазақстанға берілген өздерінің Қорытынды ескертпелерінде даладағы балаларға қатысты жағдайды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі қызмет арқылы емес, ал әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы қызметтерді көрсету жүйесінде шешуді ұсынған болатын (Қорытынды ескертпелердің 73-тармағының г) тармақшасы, 2003 жыл).

Балалар құқықтарын бұзуда үлкен қауіп төндіретіні олардың отбасылық қолайсыздығы. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарында 12 мыңнан астам қолайсыз отбасылары есепте тұр, онда 34 мыңнан астам балалар өмір сүреді. Өткен жылы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында ішкі істер органдары 2 мыңнан астам ата-аналарды және оларды ауыстыратын адамдарды балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты, 855 – ата-аналық құқықтарынан айырылды.

«Әлеуметтік жетімділіктің алдын алу. Отбасылық қолайсыздықты ерте айқындау»1 жобасының нәтижелері бойынша әлеуметтік жетімділік қауіпін және қауіп тобы отбасыларының қажеттіліктерін белгілейтін себептер анықталған болатын. Олар бойынша отбасылық қолайсыздық құрылымында, әсіресе, тұрғын үй мәселелеріне, материалдық ресурстардың жетпеуіне (бірқатар жағдайларда олар қалыпты тамақтану, киім сатып алу, өмір тіршілігінің қарапайым деңгейін сақтау үшін жеткіліксіз болды), ата-аналардың (қамқоршылардың) жасына, ауруына немесе мүгедектігіне байланысты әлеуметтік-экономикалық себептер басым болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 23 тамыздағы Жарлығымен Астана және Алматы қалаларында кәмелетке толмағандардың істері бойынша мамандандырылған ауданаарлық соттар (ювеналды соттар) құрылды, ал 2008 жылғы 19 тамыздағы Жарлығымен 2009-2011 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ювеналды әділет жүйесін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Үкіметтің 2008 жылғы 18 қарашадағы қаулысымен 2009-2011 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ювеналды әділет жүйесін дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Сонымен, Қазақстанда балалар құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметі олардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, алайда, жоғарыда көрсетілген мәселелер осы кезеңде толық көлемде шешілмеген.



2.14. Әйелдердің құқықтары
Қазақстан әйелдердің жағдайына қатысты бірқатар халықаралық шарттар мен конвенцияларды, атап айтқанда Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы конвенцияны, сондай-ақ оған Факультативтік хаттаманы, «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенцияларды бекітті.

Қазақстанда заң мен сот алдындағы барлығының теңдігі Конституцияда жарияланған. Кемсітушілікке, оның ішінде жынысы бойынша кемсітушілікке тыйым салу конституциялық кепілдік болып табылады.

Әйелдер құқықтарына қатысты өзінің халықаралық міндеттемелерін орындай отырып, Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетіне екі рет есеп берді, кезекті есеп беру 2011 жылға жоспарланған.

Бұдан басқа, 2007 жылы Қазақстан Ерлер мен әйелдердің теңдігін қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою, бюджетті құру және жоспарлау процесінде гендерлік бюджеттеу технологияларын енгізу бойынша заңнамалық және институционалдық шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның Мыңжылдықты дамыту мақсаттарын іске асыру шеңберінде өзіне қосымша міндеттемелер алды.

Елімізде ұлттық заңнама тұрақты түрде жетілдіріліп отыр. Осылай, 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясы» қолданылады. Есепті жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Ерлер мен әйелдер құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңдар қабылданды.

200-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы гуманитарлық өлшемде ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде еуропалық дәстүрлер тәжірибесін пайдаланып, Қазақстанда теңдестірілген гендерлік саясатты дамыту үшін жағдайларды одан әрі жасауды көздейді.

Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы оң өзгерістермен бірге осындағы мәселелерді белгілеу қажет. Олардың ішінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық басым болады.

Зорлық-зомбылықтың осы түрінің жасырын сипаты, сондай-ақ қоғамның осы мәселеге көзқарасы оны қылмыс ретінде емес, ал ерлі-зайыптылардың «жеке ісі» ретінде қарауы жағдайды тереңдете түседі.

Осы себепке байланысты Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына аталған мәселе бойынша келіп түскен өтініштер көп емес. Уәкілдің атына келіп түскен өтініштер отбасындағы әйелге қатысты зорлық-зомбылықтың болуын растайды.
Уәкілдің атына М. жүгінген. Ол бұрынғы жұбайы оған зорлық-зомбылықты, адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін басқа да әрекеттерді қолданатынын көрсеткен. Ал ішкі істер және прокуратура органдарының оның бұрынғы жұбайына қатысты шаралар қолданбауына шағымданады.

2009 жылғы 17 маусымда Шымкент қаласы Ішкі істер басқармасы Қылмыстық кодекстің 121-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыс белгілері бойынша (нәсіпқұмарлық сипаттағы күштеу әрекеттері) М-ге қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Алайда, өтінім берушінің айтуы бойынша Шымкент қаласы Әл-Фараби АІІБ қызметкерлері бұл іске субъективті қарап, тергеу әрекеттерін қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларын бұзып жүргізуде.

Уәкілдің Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігіне өтініш беруі бойынша өтінім берушінің уәждері тексеріліп, бұрын қозғалған қылмыстық іс тергеу барысында ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 2-бөлігінің «б» тармағына (кісі өлтіру қауіпімен, сондай-ақ жәбірленушіге қатысты аса қатыгездікпен жасалған нәсіпқұмарлық сипаттағы күштеу әрекеттері) қайта дәрежеленді.
Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық әйелдер мен балаларды нәсіпқұмарлық пайдалану мен құлдыққа тартуға жағдай жасайтын себептердің бірі болып табылады.

Жоғарыда айтылғандай, әйелдерге, балаларға, қарттарға және мүгедектерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында Қазақстанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы» ҚР Заңы қабылданды, ол жәбірленушілерге қажетті психологиялық, педагогикалық, медициналық, заң көмегін беретін, оларды қабылдауды жүзеге асыратын арнайы ұйымдарды құруды көздейді. Ал бұл БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комтетінің Қорытынды ұсынымдарының 16-тармағына сәйкес келеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің «Қазақстан әйелдері мен ерлері» атты статистикалық жинағында (Астана, 2009 жыл) берілген деректер бойынша Қазақстанда, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарын есептемегенде, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөнінде 20 кризистік орталықтар жұмыс істейді. 2008 жылы аталған ұйымдарға зорлық-зомбылық фактілері туралы 21 679 телефон қоңыраулары шалынды, оның ішінде6 165 – дене жарақаттарына, 5 539 – психологиялық, 1 251 – экономикалық, 556 – нәсіпқұмарлық зорлық-зомбылыққа, 906 – әйелдер трафигі мәселелеріне, 7 262 – басқа мәселелерге қатысты болды. Берілген деректер зорлық-зомбылыққа негізінен 40 жасқа дейінгі әйелдер ұшырайтынын көрсетеді. Жұмыспен қамту жағынан алғанда аталған жылы жұмыс істейтін 9 055, жұмыс істемйтін 7 223, оқитын 2 251, зейнеткер 849 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықты басынан өткізгенін.

Уәкілдің атына келіп түскен өтініштердің келесі тобын жалғыз басты ана мәртебесін ресімдеу, алименттерді өтеп алу, баламен қатынас құру, шетелдегі қазақстандық әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелері құрайды.


Уәкілдің атына апасы Б-нің мүддесін қорғайтын Т-нің өтініші келіп түсті. Б. Қазақстан азаматшасы, қазіргі уақытта Швецияда тұрады. Шағымның мазмұнынан Б. Швецияның әлеуметтік қызметтерімен жанжалдасқаны, нәтижесінде баланы оның қамқорлығынан алып, әкесіне беру туралы мәселе қойылған. Б. бұған келіспейді. Оның қызы Швеция азаматымен азаматтық некеде туған, осы елдің азаматшасы болып табылады.

Б-нің айтуы бойынша, ол тұратын Альхольт қаласының әлеуметтік қызметтері ұзақ уақыт ішіндеоның баланы тиісті күтуіне қатысты тексерулерді жүзеге асырып келеді. Осындай тексерулерді жүргізуге негіздеме болған әлеуметтік қызметтерге үнемі келіп түсетін оның бұрынғы азаматтық жұбайының арыздары мен анонимдік шағымдар. Одан басқа, соңғы уақытта Альхольт қаласының әлеуметтік қызметтері оны балаға берілетін әлеуметтік жәрдемақыдан, осы отбасының жалғыз ғана табысынан айырған,ол толыққанды тамақтанудың болмауынан баланың денсаулығының нашарлауына әкеп соғуы мүмкін.

Осы өтініш бойынша Уәкіл Қазақстан Республикаы Сыртқы істер министрлігіне тиісті сұрату жіберді.
Бұл өтініш өзінің сипаты бойынша жеке-дара болып табылады, бірақ соңғы жылдары біздің әйелдердің шетелдік азаматтармен некеге тұруы жиі болуына байланысты, шетелдегі қазақстандық әйелдердің құқықтарын қорғау өзекті болады.

Тоқталуды талап ететін тағы бір мәселе әйелдер арасындағы қылмыстылық. Осылай, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті құрайтын статистикалық есептердің деректері бойынша 2008 жылы қылмыс жасаған 9054 әйел анықталған, бұл қылмыс жасағаны үшін анықталған адамдардың жалпы санының 11,6 пайызын құрайды. Қылмыстық санаттары бойынша бөлгенде олардың 1748-і– аса ауыр емес, 5434-і – орташа ауыр, 1601-і – ауыр, 271-і – аса ауыр қылмыстар жасаған. өткен жылы қылмыс жасаған әйел 9767 әйел анықталды.

Осыған орай, аталған санаттағы халықпен жұмыс істеу кезінде әйелдер арасындағы қылмыстылықтың алдын алуға ерекше орын берген жөн. Қандай да бір қылмыс жасағаны үшін жазаны өтеу кезінде әйелдер балаларын анасы тарапынан тиісті тәрбиесіз және бақылаусыз қалдыратындығынан олар қылмыстық жолға түсуі мүмкін екендігін ескеретін болсақ, бұл мәселе аса өзекті болады.

Соынмен, мемлекет әйелдердің жағдайын жақсарту үшін шаралар, оның ішінде заңнамалық реттеу шараларын қабылдайды. Атап айтқанда, «Ерлер мен әйелдер құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды.


2.15. Босқындардың, еңбек мигранттарының және оралмандардың құқықтары
Қазақстан БҰҰ-ның Жарғысына, Адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларацияға және осы саладағы басқа да негіз қалаушы келісімдерге, оның ішінде «Босқындардың мәртебесі туралы» конвенцияға сәйкес босқындардың мәселелерін шешуге белсенді қатысады.

2008 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың басқармасымен бірлесіп, «Орталық Азияда баспана жүйесін күшейту мақсатында институционалдық дамту мен әлеуетті нығайту жөніндегі қызмет» жобасының шеңберінде «Қазақстан Республикасында босқындар мен оралмандар құқықтарын қорғауды сақтау туралы» аранйы баяндаамсы мемлекеттік және орынс тілдерінде дайындалып, басылды.

Баяндамада босқындар мен оралмандар ұшырайтын мәселелер талданды, жоба барысында жүргізілген олардың құқықтарын сақтау мониторингі жинақталды.

Осы құжатты барлық мүдделі мемлекеттік органдар тиянақты зерделеді, оның көптеген ұсыныстары мен ұсынымдары Мемлекет Басшысы 2009 жылғы 7 желтоқсанда қол қойған «Босқындар туралы» Қазақстан Республикасы Заңын әзірлеу кезінде ескерілді. Заң босқындардың құқықтық жағдайын, Қазақстан Республикасы аумағында босқын мәртебесін беру негіздемелері мен тәртібін белгілейді, шетелдіктерге және азаматтығы жол тұлғаларға баспана беру жөніндегі қатынастарды реттейді.

Қазақстандағы экономикалық өсу мен саяси тұрақтылық баспана іздеген көптеген адамдар үшін қауіпсіздік аралы болатындығы белгілі.

Қазақстанда тіркелген босқындар саны есепті жылдың соңында 603 адам болды, оның ішінде 600 – Ауғанстаннан, 1 – Сомалиден, 2 – Эфиопиядан келгендер. Соңғы үш жыл ішінде біздің елімізге келгендердің саны өсіп отырғанын атап өткен жөн: 2007 жылы – 10, 2008 жылы – 110, 2009 – 61 босқын келген. Олардың бірде-біреуіне мемлекет тарапынан ешқандай қысым жасалмайды, оларға қашуға себеп болған жағдайлардың өзгеруіне дейін біздің елімізде заңды түрде тұру қамтамасыз етілген.

Соңғы жылдар ішінде баспана іздеген адамдарды немесе босқындарды Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару оқиғалары болмаған.

Босқындар құқықтық жағынан теңдік пен кемсітушілікке жол бермеудің жалпы қағидаттарынан басқа медициналық көмектің кепілді көлеміне, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруға, білім алуға, мәдениет жетістіктерін пайдалануға, өздерінің құқықтарын қорғау үшін сотқа және өзге де мемлекеттік органдарға жүгінуге, ар-ұждан, жүріп-тұру бостандығына және т.б. құқылы.

Еңбек мигранттарын қамтамасыз ету мәселесі қазіргі замандағы халықаралық мәселелердің бірі болып табылады.

Әрине, еңбек миграциясы экономикалық өсуді қамтамасыз ететін және қазақстандық экономиканы дамытуға жақсы әсер ететін факторлардың бірі болып табылады.

Қазақстанда миграциялық процестерді реттеу және еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау үшін тиісті нормативтік құқықтық база құрылған. «Қазақстан-2030» стратегиясы аясында 2007-2015 жылдарға арналған Миграциялық саясат тұжырымдамасы және «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітілген. Бағдарламаның мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген этникалық иммигранттарын, Қазақстанның бұрынғы азаматтарын оңтайлы орналаластыру, орналасуда көмек көрсету болып табылады. Әзірбайжанмен, Белорусьпен, Қырғызстанмен, Монголиямен, Тәжікстанмен, Өзбекстанмен еңбек миграциясы мәселелері бойынша халықаралық келісімдерге қол қойылған.

Қазақстан еңбекші мигранттарға қатысты мәселелерді реттейтін бірқатар конвенцияларға қосылды, осы салада,ы өңірлік және субөңірлік ынтымақтастықты табысты жүзеге асырады.

Шетелдік қызметкерлердің еңбегі талап етілетін экономика секторлары белгіленді. Бұл мұнайгаз секторы, құрылыс, сауда және қоғамдық қамақтандыру.

Қазақстанның ұлттық заңнамасы еңбекші мигранттарға қатысты қандай да бір кемсітушілік ережелерін қамтымайды.

Еңбек мигранттарының құқықтары Қазақстан азаматтарының еңбек қызметі процесіндегі құқықтарымен, қызметкердің еңбек міндеттерін орындау кезінде оның өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды өтеуге қатысты құқығы бірдей, олар денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қызметтерге қол жеткізе алады. Бұл ретте екі жағдайда да тиісті құқықтар заңмен белгіленген.

2009 жылы Уәкілдің атына еңбек мигранттарының құқықтарын бұзу туралы бір өтініш келіп түсті. Ол бойынша тиянақты тексеру жүргізілді, мемлекеттік билік органдарына тиісті сұратулар жіберілді.

Бұрынғыдай, оралмандардың құқықтарын сақтау мәселесі Уәкіл мекемесінің назарында болады.

Этникалық қазақтардың Қазақстанға оралуы Қазақстан халқының санын көбейтті. Алайда, тарихи отанына оралған адамдар жүйелік сипаттағы мәселелерге кезігеді. Ол құжаттарды қабылдау және ресімдеу тетігінің анық реттелмегеніне байланысты болып отыр.

Осылай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті (бұдан әрі – Комитет) қоятын талаптар Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясының талаптарымен қайшылыққа түседі:

- «оралман» мәртебесін алуға үміткр адам, квотаға кіру үшін Қазақстанға отбасын әкеліп, Комитетке оның отбасының тарихи отанында тұратынының құжаттамалық растауын (тіркеу, тұратын, оқитын, жұмыс істейдін орнынан анықтамалар) беруге тиіс. Осыдан кейін ғана «оралман» мәртебесін алған мигрант квотаға кіріп, мемлекет тарапынан материалдық көмек алуға құқылы.

- көші-қон полициясы, өз кезегінде, отбасының кәмелеттік жасқа толған мүшелерін олар қазақстандық азаматтық алуға құжаттарын тапсырғаннан кейін ғана тіркейді. Біздің еліміздің заңнамасы бойынша, азаматтық алған мигрант «оралман» мәртебесінен айырылады.

Сонымен, ағымдағы жағдайды талдау осы санаттағы адамдардың құқықтары заңнамадағы белгілі бір ақаулардың болуын көрсетеді, оларды мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен әрекеттерімен ғана шешуге және болдырмауға болады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет