мен туған жерiнiң өзгертiлуi
1. Бала асырап алудың құпиялылығын қамтамасыз ету үшiн бала асырап алушының өтiнiшi бойынша асырап алынған баланың туған күнi, бiрақ алты айдан аспайтын мерзiмге, сондай-ақ оның туған жерi өзгертiлуi мүмкiн.
Асырап алынған баланың туған күнiн өзгертуге үш жасқа дейiнгi бала асырап алынған кезде ғана жол берiледi.
2. Асырап алынған баланың туған күнiнiң және (немесе) туған жерiнiң өзгертiлуi жөнiнде бала асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
88-бап. Бала асырап алғандарды асырауға алынған баланың
ата-анасы ретiнде жазу
1. Бала асырап алушылардың өтiнiшi бойынша сот туу туралы жазбалар кiтабына бала асырап алушыларды өздерi асырап алған баланың ата-анасы ретiнде жазу туралы шешiм қабылдай алады.
2. Осы Заңның 84-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, он жасқа толған асырап алынған балаға қатысты мұндай жазба жасау үшiн оның келiсiмi қажет.
3. Мұндай жазба жүргiзу қажеттiлiгi жөнiнде баланы асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
89-бап. Бала асырап алудың құқықтық салдары
1. Асырап алынған балалар және олардың ұрпақтары бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар және олардың туыстары асырап алынған балалар мен олардың ұрпақтарына қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттер жағынан тегi бiр туыстарға теңестiрiледi.
2. Асырап алынған балалар өздерiнiң ата-аналарына (өздерiнiң туыстарына) қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтарынан айрылады және олар жөнiндегi мiндеттерден босатылады.
3. Баланы бiр адам асырап алған жағдайда, егер бала асырап алушы еркек болса, шешесiнiң тiлегi бойынша, егер бала асырап алушы әйел болса, әкесiнiң тiлегi бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттердiң сақталуы мүмкiн.
4. Асырап алынған баланың меншiгiндегi мүлiктiң сақталуы үшiн бала асырап алушы жауапты болады. Бала асырап алудан бас тартқан жағдайда бұл мүлiктi қайтару жөнiндегi мiндет те бала асырап алушыға жүктеледi.
5. Асырап алынған баланың ата-анасының бiреуiмен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастары сақталуы жөнiнде баланы асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
6. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген бала асырап алудың, осы баланың туу туралы акт жазбасындағы бала асырап алушылардың ата-анасы ретiнде жазылуына қарамастан, құқықтық салдары пайда болады.
90-бап. Асырап алынған баланың зейнетақы мен жәрдемақы
алу құқығының сақталуы
Асырап алынар кезiнде ата-анасының қайтыс болуына байланысты өзiне тиесiлi зейнетақы мен жәрдемақы алуға құқығы бар бала бұл құқықты асырап алынған жағдайда да сақтап қалады.
91-бап. Бала асырап алудың құпиялылығы
1. Бала асырап алудың құпиялылығы заңмен қорғалады.
Бала асырап алу туралы шешiм шығарған судьялар немесе бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырған лауазымды адамдар, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған адамдар бала асырап алудың құпиялылығын сақтауға мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған, бала асырап алудың құпиялылығын оны асырап алушылардың еркiне қарамай жария еткен адамдар заңда белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады.
92-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану
1. Бала асырап алу:
1) асырап алу туралы шешiм жалған құжаттар негiзiнде қабылданған;
2) заң бойынша мiндеттi болса да (осы Заңның 82-бабы), бала асырап алу ата-аналардың келiсiмiнсiз жасалған;
3) некеде тұрған адам жұбайының келiсiмiнсiз бала асырап алған;
4) осы Заңның 80-бабының 2-тармағында көзделген ережелер бұзылған жағдайларда жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
3. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы iстi сот қорғаншы және қамқоршы органның қатысуымен қарайды.
93-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану
туралы талап етуге құқығы бар адамдар
Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талапты асырап алынушының ата-аналары, асырап алушының жұбайы, бала асырап алуға байланысты құқықтары бұзылған адамдар, прокурор, қорғаншы және қамқоршы орган қоюға құқылы.
94-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп танудың салдары
1. Бала асырап алу туралы сот шешiмi шыққан кезден бастап бала асырап алу жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алу жарамсыз деп танылған жағдайда, асырап алынған баланың және асырап алушылардың (бала асырап алушылар туыстарының) өзара құқықтары мен мiндеттерi тоқтатылады және егер мұны баланың мүдделерi қажет етсе, баланың және оның ата-анасының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен мiндеттерi қалпына келтiрiледi.
3. Ата-ананың талап етуi бойынша балаға бұрынғы аты, әкесiнiң аты және тегi берiледi.
4. Сот бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш күн iшiнде осы шешiмнiң үзiндiсiн бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеу орны бойынша азаматтық хал актiлерiн жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органдарға жiберуге мiндеттi.
95-бап. Бала асырап алудың күшiн жоюға негiздер
1. Бала асырап алушылар өздерiне жүктелген мiндеттерiн орындаудан жалтарған, ата-ана құқықтарын терiс пайдаланған, асырап алынған балаға қатал қараған, соның iшiнде оған күш қолданып немесе психикалық зорлық- зомбылық етiп, жыныстық пәктiгiне қастық жасаған, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауырады деп танылған жағдайларда, баланы асырап алудың күшi жойылуы мүмкiн.
2. Сот баланың мүдделерiн негiзге алып және баланың пiкiрiн ескере отырып, басқа да негiздер бойынша баланы асырап алудың күшiн жоюға құқылы.
96-бап. Бала асырап алудың күшiн жою
1. Бала асырап алудың күшiн жою сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
2. Бала асырап алудың күшiн жою туралы iс қорғаншы және қамқоршы органның, сондай-ақ прокурордың қатысуымен қаралады.
3. Бала асырап алудың күшiн жою туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап бала асырап алу тоқтатылады.
Сот бала асырап алудың күшiн жою туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш күн iшiнде осы шешiмнiң үзiндiсiн бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеу орны бойынша азаматтық хал актiлерiн жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органдарға жiберуге мiндеттi.
97-бап. Бала асырап алудың күшiн жоюды
талап етуге құқығы бар адамдар
Бала асырап алудың күшiн жоюды талап етуге оның ата-аналарының, бала асырап алушылардың, он төрт жасқа толған асырап алынған баланың, қорғаншы немесе қамқоршы органның, сондай-ақ баланың мүдделерiне сай прокурордың құқығы бар.
98-бап. Бала асырап алудың күшiн жоюдың салдары
1. Сот бала асырап алудың күшiн жойған кезде, асырап алынған баланың және баланы асырап алғандардың, бала асырап алушылар туыстарының өзара құқықтары мен мiндеттерi тоқтатылады және егер баланың мүдделерi талап етсе, бала мен оның ата-анасының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен мiндеттерi қалпына келтiрiледi.
2. Бала асырап алудың күшi жойылған кезде бала сот шешiмi бойынша ата- анасына берiледi. Ата-аналары болмаған кезде, сондай-ақ баланы ата-анасына беру оның мүдделерiне қайшы келсе, бала қорғаншы және қамқоршы органның қамқоршылығына берiледi.
3. Сот баланың асырап алынуына байланысты оған берiлген аты, әкесiнiң аты және тегi сақталу-сақталмау мәселесiн де шешедi.
Он жасқа толған баланың атын, әкесiнiң атын немесе тегiн тек оның келiсiмiмен ғана өзгерту мүмкiн болады.
4. Сот баланың мүдделерiн негiзге ала отырып, осы Заңның 125 және 127-баптарында белгiленген мөлшерде бұрынғы бала асырап алушыны баланы асырауға қаражат төлеп тұруға мiндеттеуге құқылы.
99-бап. Асырап алынған бала кәмелетке толғаннан кейiн
бала асырап алудың күшiн жоюға жол бермеу
Егер бала асырап алудың күшiн жою туралы талап қойылған кезде асырап алынған бала кәмелетке толса, баланы асырап алудың күшiн жоюға жол берiлмейдi, бұған мұндай күшiн жоюға бала асырап алушы мен асырап алынған баланың өзара келiсiмi, сондай-ақ асырап алынған баланың ата-анасының, егер олары тiрi болса, сот ата-ана құқықтарынан айырмаған немесе әрекетке қабiлетсiз деп танымаған болса, олардың да келiсiмi болған жағдайлар қосылмайды.
4-бөлiм. Қорғаншылық және қамқоршылық
13-тарау. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған
балаларды анықтау және орналастыру
100-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың
құқықтары мен мүдделерiн қорғау
1. Ата-анасының қайтыс болуы, олардың ата-ана құқықтарынан айырылуы, олардың ата-ана құқықтарының шектелуi, ата-анасының әрекетке қабiлетсiз деп танылуы, ата-анасының сырқаттылығы, ата-аналарының ұзақ уақыт болмауы, ата-аналардың балаларын тәрбиелеуден немесе олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруы, соның iшiнде ата-аналардың тәрбиелеу, емдеу және басқа да осыған ұқсас мекемелерден өз балаларын алудан бас тартуы, сондай-ақ ата-аналардың қамқорлығы болмаған өзге де жағдайларда, балалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау қорғаншы және қамқоршы органдарға жүктеледi.
2. Қорғаншы және қамқоршы органдар ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтайды, осындай балалардың есебiн алуды жүргiзедi және ата-анасының қамқорлығынсыз қалудың нақты мән-жайларын негiзге ала отырып, балаларды орналастырудың нысандарын таңдайды (осы Заңның 102-бабы), сондай-ақ оларды асырау тәрбиелеу және бiлiм беру жағдайларына одан әрi бақылау жасауды жүзеге асырады.
Қорғаншы және қамқоршы органдардан басқа, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру жөнiндегi заңды және жеке тұлғалардың қызметiне жол берiлмейдi.
101-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған
балаларды анықтау және есепке алу
1. Осы Заңның 100-бабының 1-тармағында аталған балалар туралы мәлiметтер бар мекемелердiң (мектепке дейiнгi ұйымдар, орта бiлiм беретiн ұйымдар, емдеу және басқа да мекемелердiң) лауазымды адамдары және өзге де азаматтар олар туралы қорғаншы және қамқоршы органдарға балалардың нақты тұрған жерiн хабарлауға мiндеттi.
Қорғаншы және қамқоршы орган осындай мәлiметтер алған күннен бастап үш күн iшiнде баланың тұрмыс жағдайына зерттеу жүргiзуге және ата-аналарының немесе оның туыстарының қамқорлығы жоқ екендiгi фактiсi анықталған кезде баланы орналастыру туралы мәселе шешiлгенге дейiн оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар тұратын тәрбие, емдеу және басқа да мекемелердiң басшылары, баланы отбасы тәрбиесiне беру мүмкiн екендiгi белгiлi болған күннен бастап жетi күн мерзiм iшiнде бұл туралы осы мекеменiң тұрған жерi бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға мiндеттi.
3. Қорғаншы және қамқоршы орган осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған мәлiметтер түскен күннен бастап бiр ай iшiнде баланы орналастыруды қамтамасыз етедi (осы Заңның 102-бабы) және баланы отбасына тәрбиелеуге беру мүмкiндiгi болмаған кезде орталықтандырылған есепке алу үшiн және кейiннен баланы Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматының отбасына тәрбиелеуге орналастыруға жәрдем көрсету үшiн осындай бала туралы мәлiметтi тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң бiлiм беру басқармасының органына жiбередi.
Балаларды орталықтандырылған есепке алуды ұйымдастыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген мiндеттердi орындамағаны үшiн, сондай-ақ бала туралы көпе-көрнеу жалған мәлiметтер бергенi үшiн лауазымды адамдар заңда белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады.
Ескерту. 101-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
102-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз
қалған балаларды орналастыру
1. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар асырап алынып, отбасына тәрбиеленуге, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) немесе патронат шарты бойынша, ал мұндай мүмкiндiк болмаған кезде, жетiм балаларға немесе ата- аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық үлгiдегi (тәрбие, емдеу және басқа да) мекемелерге берiлуге тиiс.
Баланың мүддесiне сай оны орналастыру кезiнде оның этникалық шығу тегi, белгiлi бiр дiнге және мәдениетке жататындығы, ана тiлi, тәрбие мен бiлiм берудегi сабақтастықты қамтамасыз ету мүмкiндiгi ескерiлуi мүмкiн.
2. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, осы баптың 1-тармағында аталған отбасына немесе мекемеге тәрбиелеуге орналастырылғанға дейiн балаларға қорғаншылық (қамқоршылық) мiндеттерiн атқару қорғаншы және қамқоршы органдарға уақытша жүктеледi.
14-тарау. Қорғаншылықты және қамқоршылықты
белгiлеу тәртiбi
103-бап. Қорғаншылық және қамқоршылық
белгiленетiн адамдар
1. Қорғаншылық және қамқоршылық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған (осы Заңның 101-бабының 1-тармағы) балаларға, оларды асырау, тәрбиелеу және бiлiм беру мақсатында, сондай-ақ олардың мүлiктiк және мүлiктiк емес құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн белгiленедi.
2. Қорғаншылық және қамқоршылық әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi кәмелетке толған адамдардың мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн де белгiленедi.
104-бап. Қорғаншылық
1. Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға, сондай-ақ психикалық аурудың салдарынан немесе ақыл-есiнiң кемдiгiнен сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған адамдарға белгiленедi.
2. Қорғаншылық қайтыс болған немесе соттың шешiмiмен өлдi немесе хабарошарсыз кеткен деп танылған кәмелетке толмаған адамның, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi кәмелетке толған адамның мүлкiне тағайындалады.
Егер қорғаншылық және қамқоршылық белгiленген адамның басқа жерде мүлкi болса, онда осы мүлiктi басқару үшiн қорғаншы және қамқоршы органдар мүлiктiң тұрған жерiнде қорғаншы тағайындай алады.
105-бап. Қамқоршылық
1. Қамқоршылық он төрттен он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ спирттi iшiмдiктерге немесе есiрткi заттарға салынуы салдарынан сот әрекет қабiлеттiлiгi шектеулi деп таныған адамдарға белгiленедi.
2. Денсаулығының жай-күйiне байланысты өзiнiң құқықтарын өз бетiнше жүзеге асыра алмайтын және мiндеттердi орындай алмайтын кәмелетке толған әрекет қабiлеттiлiгi адамдардың арызы бойынша оларға қамқоршылық белгiленуi мүмкiн.
106-бап. Қорғаншы және қамқоршы органдар
1. алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.
2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары қорғаншылық және қамқоршылық жөнiндегi өз функцияларын:
- кәмелетке толмағандарға қатысты бiлiм беру мен денсаулық сақтаудың жергiлiктi уәкiлеттi органдары арқылы;
- кәмелетке толғандарға қатысты халықты әлеуметтiк қорғаудың жергiлiктi уәкiлеттi органдары арқылы жүзеге асырады.
3. Қорғаншы және қамқоршы органдар баланың және оны тәрбиелеуге үмiткер адамның (адамдардың) тұрмыс жағдайларына зерттеу жүргiзуге және зерттеу актiсiн сотқа табыс етуге мiндеттi.
4. Қорғаншы және қамқоршы органдар өздерiнiң мiндеттерiн осы органдар туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ереже негiзiнде жүзеге асырады.
Ескерту. 106-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
107-бап. Қорғаншылықты және қамқоршылықты белгiлеу
1. Қорғаншы және қамқоршы органдар қорғаншылық пен қамқоршылықты қажет ететiн адамның тұрғылықты жерi бойынша қорғаншылық пен қамқоршылық белгiлейдi. Жекелеген жағдайларда қорғаншылық пен қамқоршылық қорғаншының (қамқоршының) тұрғылықты жерi бойынша белгiленуi мүмкiн.
2. Адамды әрекетке қабiлетсiз немесе оның әрекет қабiлеттiлiгi шектеулi деп тану туралы шешiм заңды күшiне енген кезден бастап үш күн iшiнде сот бұл туралы оған қорғаншылық және қамқоршылық белгiлеу үшiн сол адамның тұрғылықты жерi бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға мiндеттi.
3. Адамға қорғаншылықты және қамқоршылықты белгiлеу қажеттiгi туралы тиiстi органдарға белгiлi болған кезден бастап бiр ай iшiнде қорғаншылық және қамқоршылық белгiленедi.
4. Қорғаншы немесе қамқоршы тағайындауға мүдделi адамдар сот тәртiбiмен шағымдануы мүмкiн.
108-бап. Қорғаншылар мен қамқоршылар
1. Мыналарды:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеттiлiгi шектеулi деп таныған адамдарды;
2) сот бойынша ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтарын сот шектеген адамдарды;
3) өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншылық (қамқоршылық) мiндеттерден шеттетiлген адамдарды;
4) егер сот олардың кiнәсiнен бала асырап алудың күшiн жойған болса, бұрын бала асырап алушыларды;
5) денсаулығының жай-күйiне байланысты (осы Заңның 80-бабы 2-тармағының 6) тармақшасы) баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттерiн жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда, екi жыныстың да кәмелетке толған адамдары қорғаншылар (қамқоршылар) бола алады.
2. Қорғаншы немесе қамқоршы тек оның келiсiмiмен ғана тағайындалуы мүмкiн.
Егер бұл қорғаншылыққа алынушының мүдделерiне қайшы келмесе, қорғаншыны немесе қамқоршыны тағайындауда жұбайының, ата-анасының, туыстарының немесе қорғаншылыққа алынушыға жақын басқа да адамдардың басым құқығы болады.
Егер қамқорлыққа алынушылардың мүдделерiнiң арасында қайшылық болмаса, бiр қорғаншыны немесе қамқоршыны бiрнеше адамға тағайындауға жол берiледi.
3. Әрекетке қабiлеттi және ата-ана құқықтарынан айырылмаған, бiрақ балаларының тәрбиесiн жүзеге асыра алмайтын ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына қорғаншы және қамқоршы тағайындалатын кезде, қорғаншылар және қамқоршылар ата-аналардың тiлегi ескерiле отырып тағайындалады.
Балаға қорғаншы (қамқоршы) тағайындау кезiнде қорғаншының (қамқоршының) адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерi, оның қорғаншылық (қамқоршылық) мiндеттердi орындау қабiлетi, қорғаншы (қамқоршы) мен баланың арасындағы қатынастар, қорғаншы (қамқоршы) отбасы мүшелерiнiң балаға деген көзқарасы, сондай-ақ, егер бұл мүмкiн болса, баланың өз тiлегi ескерiледi. Егер кәмелетке толмаған балаға қорғаншы немесе қамқоршы етiп тағайындалатын адам некеде тұрса, оның жұбайының келiсiмi талап етiледi.
4. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты қажет ететiн және тиiстi тәрбие, емдеу мекемелерiнде, халықты әлеуметтiк қорғау мекемелерiнде тұрып жатқан адамдардың қорғаншылары мен қамқоршылары осы мекемелердiң әкiмшiлiгi болып табылады.
Қорғаншының (қамқоршының) осындай мекемелерге баланы уақытша орналастыруы қорғаншының (қамқоршының) осы балаға қатысты қорғаншылық (қамқоршылық) құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатпайды.
5. Қорғаншылар мен қамқоршылар өз қамқорындағылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды кез келген адамдарға қатысты, соның iшiнде сотта арнайы өкiлеттiксiз қорғай алады.
15-тарау. Қорғаншылардың (қамқоршылардың) және
қамқорлыққа алынғандардың құқықтық жағдайы
109-бап. Қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған
адамдардың құқықтары
1. Қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған адамдардың:
1) өздерiнiң адамдық қадiр-қасиеттерiнiң құрметтелуiне;
2) қорғаншы (қамқоршы) тарапынан қамқорлық көруге;
3) осы Заңның 112-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, онымен бiрге тұруға;
4) өздерiне тиесiлi алименттерiн, зейнетақыларын, жәрдемақыларын және басқа да әлеуметтiк төлемдердi алуға;
5) тұрғын үйге меншiк құқығын немесе тұрғын үйдi пайдалану құқығын сақтауға;
6) қорғаншы (қамқоршы) тарапынан қиянат етушiлiктен қорғануға құқығы бар.
2. Қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған балалар осы баптың 1-тармағында келтiрiлген құқықтардан басқа:
1) қорғаншының (қамқоршының) отбасында тәрбиелену;
2) оларды асырап-бағу, тәрбиелеу, бiлiм беру және жан-жақты дамытуы үшiн жағдайлардың қамтамасыз етiлу;
3) тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй заңдарына сәйкес оны алу құқықтарына да;
4) осы заңның 52-54, 59-баптарында көзделген құқықтарға ие болады.
110-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, тәрбие
және емдеу мекемелерiндегi балалардың құқықтары
1. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, тәрбие, емдеу және басқа да мекемелерiндегi балалардың:
1) асырап-бағылуға, тәрбиеленуге, бiлiм алуға, жан-жақты дамуға, өздерiнiң адамгершiлiк қадiр-қасиеттерiнiң құрметтелуiне, өз мүдделерiнiң қамтамасыз етiлуiне;
2) өздерiне тиесiлi алименттердi, зейнетақыларды, жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтiк төлемдердi алуға;
3) тұрғын үй-жайға меншiк құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтауға, ал тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй-заңдарына сәйкес тұрғын үй-жай алу құқығына ие болуға;
4) аталған мекемелерде тұруы аяқталған соң Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жұмысқа орналасу кезiндегi жеңiлдiктерге ие болуға құқығы бар.
2. Қорғаншы және қамқоршы органдар осы баптың 1-тармағында аталған мекемелерде тұрып жатқан балаларды асырау, тәрбиелеу, оларға бiлiм беру жағдайларын бақылауды жүзеге асырады.
3. Осы мекемелер түлектерiнiң құқықтарын қорғау қорғаншы және қамқоршы органдарға жүктеледi.
4. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және осы баптың 1-тармағында аталған мекемелерде тұратын балалар осы Заңның 52-54, 59-баптарында көзделген құқықтарға да ие болады.
Ескерту. 110-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N 253 Заңымен.
111-бап. Қорғаншылардың (қамқоршылардың) өз
мiндеттерiн атқаруы
1. Қорғаншылар заң жүзiнде қамқоршылыққа алынғандардың өкiлдерi болып табылады және барлық қажеттi мәмiлелердi олардың атынан және олардың мүдделерiн көздеп жасайды.
2. Қамқоршылар өздерiнiң қамқоршылығындағы адамдардың өз бетiнше жасауға құқығы жоқ мәмiлелердi жасауға келiсiм бередi, қамқоршылығындағылардың өз құқықтарын жүзеге асыруына және мiндеттерiн атқаруына жәрдем көрсетедi, сондай-ақ оларды үшiншi бiр тұлғалардың тарапынан ықтимал қиянаттардан қорғайды.
3. Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, қорғаншылық және қамқоршылық жөнiндегi мiндеттер тегiн атқарылады.
Қорғаншы (қамқоршы) қамқоршылығына алынғандарды өз есебiнен асырап бағуға мiндеттi емес. Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағу қамқоршылыққа алынушының алатын жалақысы, алиментi, зейнетақысы және басқа да әлеуметтiк төлемдерi есебiнен, сондай-ақ оған тиесiлi мүлiктер есебiнен жүзеге асырылады.
Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағуға жеткiлiктi қаражат болмаған кезде, қорғаншы және қамқоршы органдар оны асырап-бағуға жәрдемақы тағайындайды.
4. Қорғаншылар мен қамқоршылар өздерiнiң қамқорлығына алынғандарды асырап-бағуға, оларды бағып-күту мен емдеудi қамтамасыз етуге, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға қамқорлық жасауға мiндеттi. Аталған мiндеттер сот әрекет қабiлеттiлiгi шектеулi деп таныған кәмелетке толған адамдардың қамқоршылығына жүктелмейдi.
5. Спирттi iшiмдiктерге немесе есiрткi заттарға салынуы салдарынан әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған адам жөнiндегi негiздер жойылса, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабiлеттi деп тану туралы және одан қорғаншылық пен қамқоршылықты алып тастау туралы сотқа өтiнiш беруге мiндеттi.
112-бап. Баланың қорғаншысының (қамқоршысының)
Достарыңызбен бөлісу: |