1.11. Почталық-жинақ жүйесiн дамыту
Почта байланысын жаңғырту және почталық-жинақ жүйесiн қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 20 қазандағы N 1077 Қаулысымен Қазақстан Республикасының почта-жинақтау жүйесiн дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды.
Бағдарлама мақсаты жаңа технологиялар енгiзу және тиiмдi ақпараттық басқару жүйесi арқылы саланы коммерциялық жағынан бағдарланған және бәсекеге қабiлеттi етiп қайта қалыптастыру мақсатында почта саласын қайта құрылымдау және почталық-жинақ жүйесiн қалыптастыру болып табылады.
Соңғы жылдарда почта алмасу өсiмiнiң оң серпiлiсiне қол жеткiзiлдi. Қаржы секторында көрсетiлетiн қызметтер көлемiнiң елеулi өсiмi болды.
1.12. Даму институттары
Мемлекеттiк инвестициялық қызметтiң тиiмдiлiгiн жетiлдiру және арттыру елiмiздiң экономикасына сыртқы және iшкi инвестицияларды тартуға септiгiн тигiзу мақсатында даму институттары құрылды.
"Қазақстан Даму Банкi", "Қазақстанның инвестициялық қоры", "Ұлттық инновациялық қор", "Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры", "Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөнiндегi мемлекеттiк сақтандыру корпорациясы", "Инжиниринг және технологиялар трансфертi орталығы" және "Маркетингтiк-талдамалық зерттеулер орталығы" акционерлiк қоғамдары сияқты қаржылық және сервистiк даму институттары құрылды.
2006 жылғы 1 шiлдедегi жағдай бойынша даму институттарының ("Қазақстан Даму Банкi" АҚ, "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ, "Ұлттық инновациялық қор" АҚ, "Инжиниринг және технологиялар трансфертi орталығы" АҚ, "Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөнiндегi мемлекеттiк сақтандыру корпорациясы" АҚ) жиынтық жарғылық капиталы 144 199,9 млн.теңгенi құрайды. 2006 жылғы 1 шiлдедегi жағдай бойынша институттардың инвестициялық жобаларының портфелi 1 012,7 млн.АҚШ доллары даму институттарының қатысуымен жалпы сомасы 3 632,0 млн.АҚШ долларына қаржыландыруға мақұлданған 136 жобалардан тұрады.
792,6 млн. АҚШ доллары даму институттарының қатысуымен жалпы сомасы 2 560,1 млн. АҚШ доллары 109 жобаларды қаржыландыру басталды.
Тұтастай алғанда, Қаржы секторын дамытудың 2003-2006 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберiнде қойылған мәселелер орындалды. Қалған ұсақ мәселелер, сондай-ақ қаржы секторында қосымша тәуекелдердiң пайда болу мәселелерi Үкiметтiң, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнiң және Агенттiктiң жаңа бастамалары шеңберiнде шешiлетiн болады және 2010 жылға дейiн қаржы секторын дамытудың келесі орта мерзiмдi кезеңге арналған тұжырымдамасын әзiрлеу қажеттiлiгiн түсiндiредi.
2. Қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған басымдықтары
2.1. Қазақстанның экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарының құрамында республиканың қаржы секторы дамуының ұзақ мерзiмдi көрiнуi
Қазақстан Республикасының қаржы секторын одан әрi дамыту, оның құрауыштарының тиiмдiлiгiн арттыру Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 1 наурыздағы "Қазақстанның әлемдегi бәсекеге барынша қабiлеттi 50 елдiң қатарына кiру стратегиясы Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпiлiс жасау қарсаңында" Қазақстан халқына Жолдауында белгiленген республиканың әлемдегi бәсекеге барынша қабiлеттi 50 елдiң қатарына кiруiн қамтамасыз ету жөнiндегi мәселенi iске асыруда маңызды құралдардың бiрi болып табылады.
Осыған байланысты қазақстандық экономиканы дамытудың негiзгi бағыттары мыналар болып табылады:
Қазақстанның iшкi экономикалық жүйелерiн жаңғырту;
Қазақстанның өңiрлiк экономикалық көш басшылығын және оның ТМД және Орталық Азияның бизнес-орталығы ретiнде қалыптасуын қамтамасыз ету;
республиканың экспортқа, оның iшiнде қаржылық қызметтердiң экспортына да, бағдарлануын арттыру.
Тиiсiнше, қаржы секторын дамытудың Үкiмет көрiнiсi "Қазақстан Республикасының ТМД және Орталық Азия өңiрлерi шеңберiнде қаржы ағынын тиiмдi қайта бөлудi қамтамасыз ететiн өңiрдiң негiзгi қаржы орталығы ретiнде қалыптасуы" болып табылады.
Ұзақ мерзiмдi перспективада қаржы секторын дамытудың көрiнiсiн iске асыру қаржы секторының жеке сегменттерiнiң көш басшы өңiрлiк ұстанымға қол жеткiзу есебiнен қамтамасыз етiлуi мүмкiн:
Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының ТМД және Орталық Азиядағы ең өтiмдi және қол жетiмдi нарық ретiнде қалыптасуы;
Қазақстанда валютаның негiзгi түрлерi бойынша ең өтiмдi валюта нарығын қалыптастыру қазақстандық қаржы институттарының ТМД және Орталық Азия өңiрлерiнiң қаржы ресурстарына мұқтажын қамтамасыз етуге қабiлеттi iрi өңiрлiк қаржы ұйымы ретiнде қалыптасуы, сондай-ақ қазақстандық кәсiпорындардың инвестициялары мен мүдделерiн өңiрлiк нарықтарға алып шығу және қолдау;
Қазақстан қаржы секторының көрсеткiштер бойынша экономикалық жағынан дамыған стандарттарға қол жеткiзуi; тұрақтылық, қалыптылық, айқындылық, сондай-ақ ТМД мен Орталық Азияда деңгейi, сапасы және қаржы өнiмдерiнiң әртүрлiлiгi жағынан көш басшы болуы.
Бұл ретте, Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiруi қарсаңында тұрақты ұстанымды сақтау және шетел компаниялары келген жағдайда қаржы институттарының бәсекеге қабiлеттiлiгi маңызды мәселелердiң бiрi болып табылады.
Қаржы секторын дамытудың ұзақ мерзiмдi көрiнiсiн iске асыру жөнiндегi Үкiмет жоспарларын жүзеге асыруға жүйелi орта мерзiмдi жоспарларды iске асыру арқылы қол жеткiзiледi, оның бiрiншiсi Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы болып табылады.
2.2. Қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдар кезеңiне арналған мақсаттары мен мiндеттерi
Қазақстанның ТМД және Орталық Азияда қаржы секторында өңiрлiк көш басшылыққа қол жеткiзуi үшiн 2007-2011 жылдар кезеңiнде бiрiншi кезеңде негiзгi күш Қазақстанның қаржы секторын нығайтуға, оның тұрақтылығын арттыруға, кәсiпорындар мен халықты қаржы секторының қызметтерiмен қамтуды кеңейтуге, оның жеке сегменттерiн одан әрi дамытуға бағытталады, бұл iшкi нарықта қазақстандық қаржы ұйымдарының көзқарасын күшейтедi және өңiрде және ауқымды өңiр экспансиясында қаржы тарту орталығы ретiнде оның қалыптасуына түрткi болады.
Осыған байланысты, қазақстандық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлердiң бiрi бола тұрып, бәсекеге қабiлеттiлiктi арттыру мәтiнiнде қаржы секторының ролi едәуiр кең және Қазақстанда экономикалық қатынастарды жаңғыртуға маңызды қатысушылар көзқарасы жағынан анықталуы тиiс.
Осылайша, қазақстандық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру және ұзақ мерзiмдi қаржы секторын iске асыру жөнiндегi стратегиялық мәселелер мәтiнiнде республиканың қаржы секторын одан әрi дамыту 2007-2011 жылдар кезеңiнен бастап мыналарға бағытталады:
қаржы секторының және оның институттарының тұрақтылығы мен қалыптылығын арттыру;
қаржы секторы қызметтерiнiң және олардың қол жетiмдiлiгi сапасын арттыру;
өтiмдi қор нарығын және оның құрауыштарын қалыптастыру;
қаржы секторын реттеу стандарттарын арттыру;
қаржылық қызметтер нарығында бәсекеге қабiлеттiлiктi арттыру мақсатында қаржы секторын ырықтандыру.
Бұдан басқа, қаржы секторында адал бәсекелестiктi дамытуға, сондай-ақ қаржы қызметтерiн тұтынушылардың заңды құқығы мен мүдделерiн қорғауға бағытталған қаржы ұйымдарын монополияға қарсы реттеудi жетiлдiру орынды болып табылады.
Мемлекеттiк саясаттың тиiстi шараларын iске асыру арқылы қойылған мәселелердi шешу қаржы секторының экономика субъектiлерiнiң iс-әрекетiне маңызын және әсерiн елеулi арттыруы тиiс.
2.3. Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығын дамыту
Мақсаты мен мiндетi
Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығын (бұдан әрi - қаржы орталығы) құру мақсаттары бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен шоғырлануы, Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларды тарту қазақстандық капиталдың шетел бағалы қағаздар нарығына шығуы болып табылады.
Қаржы орталығының мiндеттерi шетел де, қазақстандық та инвесторларды, бағалы қағаздар шығарушыларды және кәсiби қатысушыларды қаржы орталығының арнайы сауда алаңына тарту, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығының тиiмдi дамуы үшiн жаңа қаржы құралдарын әзiрлеу және енгiзу, сондай-ақ қаржы орталығын одан әрi дамыту болып табылады.
Ағымдағы жағдай
Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасында активтерi жыл сайын екi eceгe дейiн өсетiн, негiзiнен жинақтаушы зейнетақы қорларымен ұсынылған институционалдық инвесторлар қатты дамып келе жатыр. Сондықтан, ұсыныстары шектеулi қаржы құралдарына сұраныстың артуы туындайды, бұл бағалы қағаздар нарығының толыққанды дамуына кедергi жасайды.
Қазақстан Республикасының 2006 жылы 5 маусымдағы "Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы туралы" Заңы қабылданды және Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне тиiстi өзгерiстер енгiзiлдi. Осы жылы қаржы орталығының уәкiлеттi органы - Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу агенттiгi жұмысын бастады.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы қаржы орталығына қатысушылардың дауын шешу үшiн "Алматы қаласында мамандандырылған қаржы сотын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 17 тамыздағы N 158 Жарлығы қабылданды.
Бiрiншi кезеңде қаржы орталығын iске қосу үшiн заңға тәуелдi қажет нормативтiк құқықтық актiлер қабылданды.
Қаржы орталығының қызметiне қатысты мәселелерде әлемдiк тәжiрибенi пайдалану жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу және Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу агенттiгi жанынан қаржы орталығын дамытудың стратегиясын әзiрлеу мақсатында консультативтiк-кеңес органы ретiнде Халықаралық кеңес құрылды.
Негiзгi шаралар
Орта мерзiмдi перспективада қаржы орталығын дамытуға бағытталған негiзгi шаралар мыналар болады:
2006 жылғы 5 маусымдағы "Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы туралы" және 2006 жылғы 5 маусымдағы "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығын құру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарында салынған стимулдарды iске асыру;
қаржы орталығының арнайы сауда алаңында ұлттық компаниялардың және банктiк сектор ұйымдарының акцияларын (IРО) бастапқы орналастыруды жүзеге асыру эмитенттердi, инвесторлар мен бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушыларын қаржы орталығының арнайы сауда алаңына тарту үшiн қаржы орталығының, конференциялардың, семинарлар мен дөңгелек үстелдердiң кең жарнамалық компанияларын өткiзу;
инвесторлардың кең ауқымына қол жетiмдi (институционалдық инвесторлар үшiн де, жеке тұлғалар үшiн де) индекстiк қорлар, (EFT), секьюрителендiрiлген активтер (SPV), фьючерстер, опциондар, ислам құралдары (сукук және т.б.) жаңа қаржы құралдарын әзiрлеу және енгiзу;
бағалы қағаздар нарығының қазiргi заманғы халықаралық стандарттарына жауап беретiн қаржы орталығының жаңа технологиялық инфрақұрылымын құру;
халықаралық биржалармен бағалы қағаздарды өзара тану туралы уағдаластықтарға қол қою;
Қазақстанның Даму Банкiнiң қаржы орталығының қызметiне қатысуын белсендiру;
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жыл сайын мемлекеттiк қазынашылық мiндеттемелерiн шығаруы;
қазақстанның клиринг палатасын құру;
ұзақ мерзiмдi салымдарға бағдарланған жаппай инвесторлардың iшкi ресурстарын тарту жолымен iшкi инвестициялық мүмкiндiктердi барынша қатыстыру;
экономикалық өсудiң мультипликаттық тиiмдiлiгiне және халықтың өмiр сүру сапасын жақсартуға байланысты iрi инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру. Нарыққа мемлекет қатысатын iрi отандық инвестициялық жобалармен мемлекеттiк жобалау облигацияларын шығару қажет және оларды институционалдық инвесторларға, атап айтқанда жинақтаушы зейнетақы қорларына қатыстыру;
Алматы қаласының аумағында қаржы нарығы инфрақұрылымының ұйымдары, реттеушi органдар, бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушылары және т.б. ұсынылуы мүмкiн бизнес орталығын құру эмитенттердiң, инвесторлар мен қаржы орталығы қатысушыларының тәуекелдерiн сақтандыру кезiнде перспективада салық жеңiлдiктерiн беру;
жинақтаушы зейнетақы қорларына қаржы орталығының қатысушылары ретiнде тiркеу үшiн еншiлес ұйымдар құруға рұқсат беру.
Көрсетiлген шараларды iске асыру Бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасының, Сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасының, Жинақтаушы зейнетақы жүйесiн дамыту бағдарламасының, Алматы қаласын дамытудың орта мерзiмдi бағдарламасының тиiстi мiндеттерiн шешуге ықпал етедi және оны орындаудан тәуелдi.
3. Қазақстан Республикасының қаржы секторын реттеу саласындағы мемлекеттiк саясаты
Қазақстанның қаржы секторы жүйелiк сипаты бар факторлардың әсерiмен қалыптастырылады және жұмыс iстейдi. Түрлi факторлардың жиынтықты әсер етуi қаржы секторы институттары қызметi практикасы әзiрленетiн және бекiтiлетiн ортаны құрады, яғни қаржы секторының экономиканың нақты секторына және бәсекелі қабiлеттiлiкке әсер ету деңгейiн анықтайды.
Осыған байланысты мемлекет саясатының басымдығы қаржы институттарының қызметi практикасын қалыптастыруға ұзақ мерзiмдi әсер ететiн жүйе құрушы факторларды жетілдiру болуы тиiс:
мемлекеттiк реттеу сапасы;
корпоративтiк заңнама сапасы;
бағалы қағаздары бағалы қағаздар нарығында айналымдағы қаржы ұйымдарының да, нақты сектор кәсiпорындарының сенiмдi және сапалы ақпараты болуы (оның iшiнде қаржы есептiлiгi), сондай-ақ оған еркiн қатынау;
қаржы секторы инфрақұрылымның даму деңгейi;
халықтың қаржы секторының қызметтерi туралы сенiмдiлiгi мен хабардарлығы деңгейi;
қаржы нарығы үшiн кәсiби кадрларды даярлау;
қаржы нарығы мен қаржы құралдары қатысушыларының бухгалтерлiк есебi мен салық салуын жетiлдiру.
3.1. Қаржы секторын мемлекеттiк басқарудың сапасын нығайту мен арттыру
Қаржы секторын реттеу мен қадағалаудың 2007-2011 жылдарға арналған негiзгi мiндеттерi қаржы секторын мемлекеттiк реттеу мен қадағалау функцияларын жүзеге асыру мынадай мемлекеттiк органдарға бекiтiлген: оларға заңнамалық бекiтiп берiлген функциялар мен өкiлеттiктер шеңберiнде Yкiмет, ҚҚА, Ұлттық Банк және Алматы қаласы өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi агенттiк.
Осы мемлекеттiк органдардың жұмысы мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
қызметкерлердiң кәсiбилiгiн арттыруға және қаржы секторы институттарының мониторинг сапасын арттыру үшiн мүмкiндiктер құруға бағытталған Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттiгiн институционалдық нығайту;
тәуекелдердi бағалау негiзiнде (risk based supervision) қадағалау әдiстерiн енгiзу жолымен қаржы ұйымдарын пруденциалдық реттеу және қадағалау жүйесiн жетiлдiру;
мүмкiн реттеушi тәуекелдердi талдау және олардың қаржы жүйесiне әсер етуiн азайту;
шоғырландырылған қадағалауды жетiлдiру;
қаржы ұйымдарының тәуекелдердi басқарудың iшкi жүйелерiн дербес және тәуелсiз сыртқы бағалауын жүргiзу үшiн жағдайлар қалыптастыру;
акционерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету;
Халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына (ХҚЕС) сәйкес қаржы ұйымдарында бухгалтерлiк есептi жүргiзу және қаржылық есептiлiк жасау жүйесiн одан әрi жетiлдiру, және нақты сектор ұйымдарында ХҚЕС енгiзу;
елдiң банк секторының сыртқы қарыз алуын басқару тиiмдiлiгiн арттыру;
халықаралық ұйымдармен және басқа мемлекеттердiң уәкiлеттi органдарымен өзара iс-қимыл жасасу.
Ақша-кредиттiк реттеу операциялары мен құралдарын жетiлдiру
Алдағы үш жылда Ұлттық Банк алдына инфляцияның төменгi деңгейiн қолдау мiндетiн қойып отыр. Мiндеттi мұндай қою мыналарды шарттайды:
ақша-кредиттiк реттеу және қаржы секторын талдау әдiстерiн одан әрi жетiлдiру қажеттiлiгi;
Ұлттық Банктiң инфляциялық таргеттеу қағидаттарына негiзделген ақша-кредит саясатына режимiне көшу дайындығын жалғастыру;
Ұлттық Банктiң операциялары бойынша ставкалардың реттеу рөлiн арттыру;
Үкiметпен бағалардың тұрақтылығын қолдау мәселелерi жөнiнде тығыз үйлесiм.
Тұрақтылықты қамтамасыз ету қаржы тұрақтылығының негiзi бола отырып, елдiң экономикалық дамуына, оның бәсекелес қабiлеттiлiгiн арттыруға жәрдемдесетiн болады, сонымен қатар елдiң ДСҰ-ға кiруi үшiн негiз жасайды.
Өз кезегiнде қаржы секторын талдауды тереңдету, елде қаржы қызметiнiң неғұрлым баламалы ахуалын алу қажеттiлiгi ақша-кредит саясатын институционалдық қамтуды кеңейтудi талап етедi. Осыған байланысты қаржы секторын неғұрлым толық шолуды жасау үшiн басқа (банктiк емес) қаржы ұйымдарының шоттарын қамту жөнiндегi жұмыс жүргiзiлуде.
Ұлттық Банкiнiң саясатын жетiлдiру экономикалық коньюнктураның өзгеруiн сандық және сапалық бағалаумен, сондай-ақ макроэкономикалық деңгейде де, өңiрлер және жеке салалар деңгейiнде де негiзгi тенденцияларды экономикалық талдау және қысқа мерзiмдi болжамдау сапасын арттырумен қамтамасыз етiлуi тиiс. Бұл үшiн Ұлттық Банк қажет шамасына қарай жетiлдiрiлiп отыратын нақты сектор кәсiпорындарының мониторингiн жүргiзедi. Ағымдағы кезеңде осы мәселенi кезiндегi негiзгi проблема банк жүйесiнiң артық өтiмдiлiгi болып табылады. Артық өтiмдiлiк жағдайында нарықтық пайыз ставкаларына әсер ету қиын. Бұдан басқа, артық өтiмдiлiктiң, өзi инфляциялық қысымды ұстап тұруға септiгiн тигiзедi. Банк өтiмдiлiгiн реттеу үшiн ашық нарық операцияларын пайдаланудың толық ауқымдылығын шектейтiн Ұлттық Банктiң бағалы қағаздар қоржынының жеткiлiксiздiгiмен жағдай ушығады. Ұлттық Банкiнiң пайыздық ставкалары әсерiнiң өсiмi артық өтiмдiлiктiң жоқ болған немесе оның төмен деңгейiнде болуы мүмкiн.
Қойылған мақсаттарға қол жеткiзу үшiн Ұлттық Банк мынадай шараларды жүзеге асырады:
1. Ақша-кредит реттеу әдiстерiн жетiлдiру:
ақша-кредит саясаты құралдарын жетiлдiру жолымен қаржы нарығында шығынды өтiмдiлiктi қысқарту жөнiнде одан әрi шаралар қабылдау;
ақша-кредит саясатының макроэкономикалық көрсеткiштерге, атап айтқанда инфляцияға әсерiн модельдеу әдiстерiн одан әрi жетiлдiру;
инфляциялық таргеттеу қағидаттарын пайдалана отырып, ақша-кредит саясатын жүргiзу схемасын әзiрлеу;
Үкiметпен негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштер бөлiгiнде өзара iс-қимыл жасасу;
2. Ақша-кредит саясатын жетiлдiру
Ақша-кредит статистикасын институционалдық қамту және банктiк емес қаржы институттары (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдар мен жинақтаушы зейнетақы қорларының шоттарын енгiзу есебiнен қаржы секторын неғұрлым толық шолуды жасау жөнiндегi жұмыстарды жалғастыру.
3. Шынайы сектор кәсiпорындарының мониторингiн белсендiру кәсiпорындарды iрiктеудi ұсынуды арттыру есебiнен экономиканың шынайы секторында экономикалық процестердiң ахуалын және күтiлетiн өзгерiстердi бағалауды жақсарту;
ақша-кредит саясатын ағымдағы жүзеге асыру үшiн тiкелей бағдарлар ретiнде қорытынды индикаторларды әзiрлеу.
3.2. Мемлекеттiк органдар мен қаржы секторы институттарының өзара iс-қимылы
Республиканың қаржы секторының бәсекелес қабiлеттiлiгiн одан әрi арттыру, экономиканың шынайы секторында бәсекелес қабiлеттiлiктi жаңғырту мен арттыруда оның жоғары ролiн қамтамасыз ету процесiн негiзгi құрауыш мемлекеттiк органдар мен қаржы секторы институттарының арасында ақпарат алмасудың тиiмдi тетiгiн құру болып табылады.
Осы мәселе мемлекеттiк органдар қабылдайтын шешiмдердiң айқындылығын арттыру, мемлекеттiк аппараттың жоғары кәсiбилiгiн қамтамасыз ету және қаржы секторы институттарының қаржы секторы мен оның жекелеген сегменттерiнде мемлекет саясатының жаңа мақсаттары мен мiндеттерiн толық түсiну мәтiнiнде берiледi.
Осыған байланысты, алдағы кезеңде 2007-2011 жылдардан бастап, осы жұмысқа қаржы институттарының кең ауқымының мүдделерiн бiлдiретiн ресми бизнес бiрлестiктерi мен қауымдастықтарын тарту арқылы мемлекеттiк органдар мен қаржы секторлары арасында үнемi өзара iс-әрекеттi және ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етудiң қалыпқа келтiрiлген тетiктерi әзiрленетiн болады.
Осы тетiк шеңберiнде мынадай негiзгi бағыттар бойынша жұмыс жүргiзу қамтамасыз етiледi:
мемлекеттiк органдар қаржы секторы мен мемлекеттiң экономикалық саясатын дамытуға қатысты қабылдайтын шешiмдерi бойынша пiкiрмен алмасу;
қаржы секторының стандарттары мен қызметтерiн экономикаға неғұрлым кеңiнен тарту және енгiзу жөнiнде бiрлескен бастамалар жүргiзу;
қаржылық қызметтердiң халыққа қол жетiмдiлiгiн арттыру және олардың сапасын арттыру;
халықтың қаржылық бiлiм деңгейiн арттыру;
Қазақстанның өңiрдiң қаржы орталығы ретiнде қалыптасуы;
қазақстандық қаржы институттарын өңiрлiк нарықтарға көтеру;
қаржы секторының орнықтылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Жоспарланған жұмыс тұрақты форумдар, дөңгелек үстелдер өткiзу арқылы iске асырылатын болады, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың, қаржы секторының бизнес-бiрлестiктерi өкiлдерiнiң және қаржы институттары өкiлдерiнiң қатысуымен қаржы секторының мәселелерi бойынша үнемi жұмыс iстейтiн жұмыс тобын қалыптастыру мүмкiн. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы "Жеке кәсiпкерлiк туралы" Заңына сәйкес сарапшы кеңестердiң мемлекеттiк органдар жанындағы кәсiпкерлiк мәселелерi бойынша жүргiзетiн аккредиттелген кәсiпкерлер бiрлестiктерiмен бiрге нормативтiк құқықтық актiлер жобаларын сараптау жөнiндегi жұмысы жалғасын табады.
Даму институттары мен қаржылық ұйымдардың өзара iс-әрекеттерiн жетiлдiру бөлiгiнде олардың арасында ақпараттық алмасу жөнiндегi жұмыс жандандырылады. Атап айтқанда, даму институттары мен екiншi деңгейдегi банктер, лизингтiк және сақтандыру компаниялары, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығына кiретiн венчурлiк және инвестициялық қорлар арасында қаржы ұйымдары қызметтерiнiң прейскуранты туралы, отандық та шетелдiк те инвестицияларды тарта отырып, iрi инвестициялық жобаларды бiрлесiп iске асыруға мүмкiндiктер туралы ақпаратпен алмасу жүйесi ретке келтiрiледi.
3.3. Теңдестiрiлген ақша-кредит және фискалдық саясаты және олардың негiзгi құралдарының тиiмдiлiгiн арттыру
Ақша-кредит және фискалдық саясатын үйлестiру бiрнеше бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиiс.
Бiрiншiден, осы саясаттарды iске асыру кезiнде негiзгi шарт бiрыңғай ұзақ мерзiмдi мақсаттарға немесе бағдарға бет алу болып табылады. Қазақстанның әлемдегi бәсекеге барынша қабiлеттi 50 экономиканың қатарына кiруi осы мақсат болып қызмет ете алады. Осы мақсатқа қол жеткiзу үшiн жеке, мiндеттер іске асырылуы тиіс, мысалы, тиiстi мемлекеттік саясатты жүргізу арқылы ЖIӨ-нiң жоғары және тұрақты өсiмiн сақтау, инфляция деңгейiн төмендету, халықтың әл-ауқатын жақсарту, бюджет тапшылығын азайту және т.б.
Екiншiден, фискалдық және ақша-кредит саясатын тығыз үйлестiру үшiн негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштердiң болжамдары негiзiнде, сондай-ақ осы болжамдарды түзету негiзiнде жататын маңызды жорамалдар мен жол берулердi келiсу қажет. Әдетте, көрсеткiштер тенденциялары бойынша жорамалдар мен жол берулердегі алшақтықтар болжамдардағы елеулi айырмашылықтарға және, қорытындысында, қолданатын шаралар бағыттарындағы алшақтықтарға алып келедi. Осылайша, соңғы бiрнеше жылдарда бюджет шығыстарының елеулi өсiмiне бағытталған экспансионист бюджет саясаты, бір тараптан және оны қатайту жөнiндегi шаралармен сипатталатын шектеулi ақша-кредит саясаты, екiншi тараптан, жүргiзiледi. Осы саясаттар шараларының әр бағыттылығы инфляция деңгейiн төмендетудi қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермейдi.
Алайда, ақша-кредит және фискалдық саясатты үйлестiру олардың бiр-бiрiне тәуелдi болуын болжамдамайды. Ұлттық Банкiнiң өкiлдi және атқарушы өкiмет органдарынан тәуелсiздiгi Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 наурыздағы "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы" Заңында бекiтiлген.
2007-2011 жылдарға арналған негiзгi мәселелер
Теңдестiрiлген ақша-кредит және фискалдық саясатты жүргiзу мақсатында мынадай шаралар қабылдау болжамдалады:
мемлекеттiк экономикалық саясаттың бірыңғай ұзақ мерзiмдi мақсатын және олардың басымдығын белгiлей отырып қысқа мерзiмдi кезеңдегi мақсаттарын анықтау төмен тұрған мақсаттардың жоғары тұрғандарға тәуелдiлiгiн сақтау;
негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштер болжамдарының және әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарының параметрлерiнiң, орта мерзiмдi фискалдық саясаттың және Ұлттық Банкiнiң ақша-кредит саясатының негiзгi бағыттарының негiзiнде, сондай-ақ осы болжамдарды түзету негiзiнде жататын бiрыңғай жорамалдар мен жол берулердi келiсу жөнiндегi тетiктi жетiлдiру;
әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарының, орта мерзiмдi фискалдық саясаттың және Ұлттық Банкiнiң ақша-кредит саясатының негiзгi бағыттарының шеңберiнде жарияланатын көрсеткiштер мен параметрлер тiзбесiн анықтау;
мақсаттарға қол жеткiзу жөнiнде келiсiлген шаралар қабылдау бойынша Ұлттық Банкi мен Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiнiң өзара iс-әрекетiнiң тетiгiн жетiлдiру.
Достарыңызбен бөлісу: |