Ќазаќстан Республикасыныњ Білім жєне ѓылым министрлігі



бет23/24
Дата01.04.2024
өлшемі0.87 Mb.
#497193
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24
b226

Біржан сөзі:
Тұлпармын...
Тез алдырт, күйеуіңді, Сара саңлақ.


Сараның мұңы:
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім...


Біржанның Сараға айтқаны:
Шырағым, Сара, сендей тумас бала,
Шежіре туармысың мұндай дана!
Обалың Есімбек пен Тұрысбекке,


Біржанның Сараны қорғап, оның туыстарына айтқаны:
Обал тұрған орында сауап та тар,
Жиенқұл тең емес қой бұл байғұсқа.
Жақсыны қор қып болмас бір жаманға
Және де аят пен хадисте бар,
Жылатып берме деген еш наданға...

1) Мәтіннен Сара мен Біржанның сөз саптастарындағы поэтикалық (құбылту мен айшықтаудың түрлерін) тіл қолданыстарынан қандай балау мен теңеу, эпитетті аңғарасыңдар?


2) Екі айтыскердің тіл шеберлігін бағала?
3) Екі рудың айтысының ел тағдырына қатысы бар ма?
4) Екі айтыстың кілтті сөздері мен ой-түйінді сипаттайтын жолдарды теріп жазып, салыстырып, қай ақын жеңді деп ойлайсыңдар?
ҚОСЫМША Ә


М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Біржан салдың жастарға ізгілікті тәлімі туралы бақылау жұмысына мәтіндеме

Абай Әйгерімді осыдан үш ай бұрын ұзатып әкелген еді. Қазір басында желегі бар жас келіншек қалың қонақ ортасында, Абай қасында отыр.


Бұл екеуінің осы жолғы қонағы да өзгеше. Ол - өңшең қыз, сылқым келіншек пен сәнді сұлу бозбала. Жиын бастығы Абай болып, қазіргі сәтте мына ауылдың өзге тірлігінен оқшау бөлінген бір топ тәрізді. Ызғарлы, қатал, жуан ауылдың шырқын әнмен, өнермен бұзып отырған топ. Жайлаудағы ең әнші, өнерлі жастарды жиып әкеп, соларға бар бейілін беріп отыр. Осындай ойын-сауық жиынының ортасында ең қадірлі бір қонақ бар. Шет елден келген қонақ. Бұлар – қазіргі төрдің тап ортасында, жағалай көрпе үстінде, үлкен ақ жастықтарды шынтақтаған сал-серілер. Солардың ішіндегі ең көрнектісі және бар жиынға қадірлі, сүйіктісі - мынау қос ішекті домбыраны безілдетіп отырған орта бойлы, қызғылт жүзді, кең ақ маңдайлы, нұрлы жігіт. Ол – Арқаға аты шыққан, бүкіл Орта жүзді асыл саз, әсем әнімен ұйытқан Біржан сал.
Тобықты ішіне сонау алыс Көкшетаудан келген сирек, сый қонақ. Өзі ақын, өзі әнші, өзі сері Біржан. Үстінде қара мақпал, кең, жеңіл шапаны бар. Омырауы ағытылған, «сері жаға», ақ көйлектіің сыртынан киген сарғылт түсті, қытайы жібек кемзалы бар. Оқалы тақиясының жібек шоғы ырғала түседі. Құйқылжыған әніне қалың жиын қыбыр етпей ұйып, мүлгіп отырғанда, кербез әнші өзі де, жүзіне жылтыр майда рең бітіп, нұрлана құбылады.
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Жұртыма зияным жоқ жүрген жанмын,
Кісіге өзім қатар бас ұрмаймын –
Өзім ақын, өзім сал кімге зармын...-
деп бір кетеді.
Әншінің «Біржан сал» атты осы бір әні өзінің майда қоңыр, сырлы сазымен бастала жөнелгенде, өзге көп жұрт ішінде, демін тартып, қатып тыңдаған кісінің бірі Абай.
Қадірлі ақын, құрметті қонағына Абай қадалып қарап қапты. Ақ-қарасы әлі де айқын, таза, ұзынша көздері өзгеше боп телміре түсіп, шарасынан асып үлкейіп қарайды. Бірақ қазіргі сәтте, кірпік қақпай қарағанмен, бұл көз - әнші жүзін көріп отырған көз емес. Ән мен өлең сөзді, өнерлігің өзін түгел қосып, бір бітім, бір тұтас тұлғадай қиял суретімен елестетіп, көріп отырған көз.
Ерекше әсері бар күй менен аса ұнаған ән тыңдаған уақытта Абай, сол сарын сөзбен қатар, өзге бір дүниені жарыса ойлап кететін. Өмір қиял суреттерін, уақиға тасқындарын, жаратылыс, құбылыс толқындарын көріп, соған шомып кетеді.
Қазірде, міні, белгілі өр қиялы бар ән, ірі туысты әншіні мынау ортадан бөліп-жырып, аулаққа әкетті. Шырқау алыс қиялға әкетті. Тұлғасы ерен, кең кеуделі асқақ үнді әнші, сахараның ғажайып бір алыбы боп апты.
Сол алып, өнер алыбы, Сарыарқаның ең заңғар биігі Көкшенің басына шығып тұрып, бар ұлан ұзақ Сарыарқаға, сахараның салқын бел, самал көліне қонған ел-жұртына көз тастайды. Жуансып күштісі, артықсып асқағы, күңіреніп көбі жүрген жон-жотаға көз тастап қоймай, үн қатады. Ән тіл қатады. Ескек, асқақ атойдай қып, зор кеуденің алып күйін азынатып төгеді.
«Мен келемін! Өнер әкелемін! Танымай көрші, аңдамай бақшы! Сай-сүйегің босамай, алпыс екі тамырың йімей көрші!»... деп, бас идіре ән төккенде, ән емес, нұр төккендей. Әлемнің жүзінен жауыздық зұлымдығын қуып әкетіп, қиялда болса да дүние бетін, Арқа жүзін сан сұмдықтан тазартып бара жатқандай... Ол ән, асқақ етіп соққанда, Көкшенің қалың сыпсың қарағайы – мынау әнші басындағы оқалы тақияның жібек шоғындай болып, теңселіп барып, төгіле жапырылып, жол береді, бас иеді... Арқаның қара түні де мынау ақын үстіндегі қара мақпалдың бетіндей майда, мейір түні болады... Сонда ел жүзі де осы ақын жүзіндегі жылтырап көрінген нұрға толғандай болады. Ел жүзінде, қазіргі ақын түсіндегі, ән үстінде езу тартқан жарастық күлкідей боп, шат қуаныш күлкі көрінеді Абай көзіне.
Сүйткенде, үй ішінің ілесе сөйлеген, алғыс айтқан үндері шығып жатыр екен... Ән үзіліпті. Абай қиялы ғана үзіле алмай, аяқтап келген қалпы екен. Ол шарасынан шыққандай болған отты, ойлы көзімен, әнші жүзіне әлі аңыра қадалып, қарап қапты.
Абайдың тал бойы ұйып қалғандай, осы халін елден бұрын сезген Әйгерім, қасында отырып, күйеуінің тізесіне сүйенген боп, шынтағымен Абайды сәл түрте қозғап қалып, ақырын ғана күліп оятты... Абай ең алдымен селт етіп, Әйгерімге қарап, ес жия бергенде, өзі де күліп жіберді. Бірақ өңі құп-қу болған. Күлген демі де дірілдеп шығады. Бұның өзін жақсы бағып, жақсы ұғып отырғаны үшін, сезімтал Әйгерімге сүйсіне қарап қалды да, енді Біржанға бұрылды:
Өзге өзгеңді не қылайын, Біржан аға, - деп бастап, қонағына жаңа бір қуаныш жүзімен қарады. – Ел ақтаған бір ақын болушы еді. Тілін безеп, жанын жалдап, тіленшілікпен байды сауып, сөз қадірін сол кетіруші еді. Үн түзеген бір әнші болушы еді. Кім көрінгеннің қосшысы. Әр кез, әр мырзаның қосалқысы. Ән қадірін түсіріп, бір атым насыбайдай, арзан етіп еді. Сен әнді босағадан өрлетіп, төрге шығардың, соныңа ғана қуанам. Осының-ақ қадір-қасиетіңді тануға жетіп тұр!..- деді.
Біржан құп тыңдап, өзі де сүйсіне көтеріліп:
- Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушым сен болсайшы, Абай! – деді. Әйгерім де, өзге жиын да екеуін дәл ұғынғандай, түгел қостап күлісті.
Абай жаңағы өз ойын аяқтатып тоқтатпақ боп:
- Бай, бағлан боп қадірлі болмайды жігіт! Өнерлі боп, сол өнерін ұстай біліп, қадірлі болады. «Өнерпаз болсаң - өр бол» дейді Біржан аға. Жалқы бол, жарлы бол, ол кемшілік емес. Өнерлі ақын, асқақ әнші болсаң – ел көңіліндегі мұңды айтып, көзіндегі жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадірлі болмасқа тиісті! – деп, Абай өз қасында отырған Әйгерім мен інісі Әмірге қарап, бір түйін тастағандай болды.
Тобықты жасының бұл жиынындағы үлкені, жігіт ағасы боп қалған Базаралы күле сөйлеп, жауап қатты. Ол төрдегі сый қонақтардың қатарында отыр еді. Абайға қалжыңдап:
- Осының бәрі рас, Абай. Жігіт қадірі өнерімен өлшенсін! – деді, әдейі ойнақыланып, серпе сөйлеп. – Пәлей! Мақұл-ақ! Ал ендеше мен нені айттым?! Менің айтқаным да, істегенім де түгел Тобықты бәріне танытам дегенім де осы ғана емес пе еді, сығыр-ау! Кедейшілігіме қарама, кісілігіме қара демеп пе ем? Өй тәйір-ай, іші терең жігіт десем, сен де осындай үстірт пе ең, Абай? Саған осыны ұғындыру үшін сонау Көкшетаудан, иісі Арқадан тек Біржан ғана келу керек пе еді? – деп назбенен, ойын пішінмен сақ-сақ күлді...
Базаралының ашық қалжыңы Біржан бастаған бар қонақты да, өзге жиын жасты да күлдірді.
Абай да күле отырып, іле жауап қатты:
- Рас-ау оның, Базеке, бәрі рас! «Кедейлігіне қарама, кісілігіне қара» десе, түгел Тобықтыдан сені атау дұрыс. Бірақ біз өнерді айтып отырмыз. Бір тайпа Тобықты деген елдің жігіті екеніңіз рас. Жігітіміз – сіз бен біз, бірақ біз өнерлі жігітпіз бе? Сол өнерге келгенде сіз екеуміз ел есінде қалар не көрсеттік, нендей үлгі шаштық? Қандай еңбек еттік ортамызға?! – деп, Абай қатты үнмен шыншыл жүзімен бір сұрақ қойды да, аз үндемей жағалай қарап шықты. Ешкім: «мен өнер көрсеттім», «еңбек еттім» дей алмайтын сияқты. Сонан соң Абай Базаралыға көз тоқтатты да, баяу, әсерлі ғана үнменен:
- Базеке! Сіз бен бізден «жас буыным», «жаңа төлімнің басы» деп, ел үміт қылатыны рас. Сіз екеуміздің, бір өнер тастайтын кісідей, дәмелендретініміз де рас. Ал шынды, сырды айтайық!.. – дей бергенде, Базаралы көтеріле түсіп, күле отырып, көңілденіп:
- Бәсе, шын босын, сыр босын. Барыңды, шыныңды айт! – деп, ентелей түсті.
Абай жауабы біткен жоқ еді. Ол да қымызды көтеріп қойып, қыза түсіп:
- Базеке! – деп, қатаң үнмен тоқтата сөйледі. Базаралы сынай күлді де, Абайға қадалып отырып, тосып қалды.
- Сіз бен біз дәметтірдік те, соның ар жағында берерді бергеміз жоқ қой. Тоны сұлу тұғырымыз ба? Жоқ, ағызып жүрген жүрісі бар, бірақ өзінен туар құлыны жоқ тұл бедеуміз бе? Сын мен есеп пе? – деді.
Базаралы таңдайын қағып, басын шайқады.
- Ондай сынды серт еткен Базаралы жоқ болатын. Бұл ойыңда мен жоқпын. Менде жоқты іздепсің, оныңды Базаралы қайдан тапсын?! – деп мойнын бұра күлді де, жастығына жантая кетті. Абай сұрағына жауап жоғын барлық жас ұғынған еді. Базаралы әнші де, ақын да емес-ті. Жұрт күліп қана жайды ұқты.
Абайдың сөзі Біржан өнерін сонша зор көтеріп, өз елінің бар жасына «бізден бұл артық!» деп отыр. Осыны жалған намыс ойламай, соншалық кең, жақсы көңілмен айтып отырғаны Біржанға жаңа бір ой салғандай болды.
Ол тағы да домбырасын біраз бебеулетіп, желдіртіп алып кеп, «Жанботаны» шырқап кетті. Жастар бұл әннің неден туғанын, Біржанның қай жарасын ашатынын білуші еді.
Ол, Біржанды жаңа Абай айтқан «бай, бағлан» дегендердің бірі сабап күйдіргенін ашық айтқан ән болатын.
Жанбота, өзің болыс әкең Қарпық,
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азнабайдың Поштабайы
Қолымнан домбырамды қалды тартып.

Тартса да домбырамды бергем жоқ,


Есерді Поштабайдай көргенім жоқ,
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,
Намыстан, уа дариға, өлгенім жоқ.

Жанбота, осы ма еді өлген жерім,


Көкшетау боқтығына көмген жерің.
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьяда көрген жерің?..-
деп қайырады.
Мұң айтып, күйік шағу. «Сен мені елден асқан десең менің кеудемді осындай ыза, намыс дерті басқан. Жуан содырдың қамшы соққысы басқан!» дегендей.
Бұл саналы көңілдің бір шемені еді. «Жетіскендей көресің, қарық боп жүрген Біржан қайсы екен?» дегендей. Абай Біржанға жаны ашып, жұбату сөйлемек боп:
- Сонау Жанбота, әне біреу Азнабай ма әмірлі, кәрлі дегендері. Бай, бағлан дегені? Солардың сол айуандықты тоңмойындықпен етіп отырса да, дәл жаңағы Біржан ағамның «Жанбота» әнінен соң «бота» түгіл, «бұта» құрым болмай, жапырылып, тапталып қалған жоқ па? - деп, тағы бір түпкірлі алыс ойға кеткендей сөйледі.
- Азнабайлар, мынау жерде, бүгін ғана азынайтын шығар. «Мен жер құдайымын» дейтін шығар. Бірақ ертең олардан із де, тозаң да қалмайды, қалмасы хақ! Сонда, тек Сарыарқаның атырабынан, Атығай, Қарауыл, Керей, Уақтың шежіресінен өзіңнің ғана атың қалады. Және сол Азнабай жауыздың, Жанбота жуанның бетіне соққан соққың қалады. Кейінгі нәсілді олардан жирентетін ұят таңба, шақпақ таңба боп қалады. Қалады сол, не қыласың, Біржан аға! – деді.
Бұл сөздерді жиынның бәрі ұқпаса да, естияр жағы түгел қостағандай болды. Әсіресе, төрде отырған аға жастар – Базаралы, Жиреншелер құптай жөнелді.
- Аты қалған деген сол емес пе, осы мына отырған өңшең, әнші болам деген жалынды жас, екі айдан бері еріп жүріп, Біржан әнін үйренген екен. Енді сол алғанын әсте ұмытар емес. Әнді ұмытпаса, айтушысы үлгісі Біржанды ұмытар ма? – деп Жиренше, осындайда көрінетін зерек ұғымталдығымен, жаңағы Абай сөзін іліп алып, дұрыс өрістетті. Сонымен ілес, өз сөзіне дәлел болсын дегендей, Әмірге қарап:
- Міне, мынау Әмірдің Біржаннан артық дейтін өнерлісі бар ма екен? – деді.
Жұрт көзі тегіс Әмірге қараған еді. Ол ақырын тыңқылдатып, өз домбырасына, Біржан үйреткен «Жиырма бес» дейтін әнді салып отырған.
Біржан жас жігіттің жүзінен бір шабыт көргендей боп:
- Басып жіберші, кәне осыған! – деп, аға бұйрық етті.
Әмір іркілген жоқ. Ақ сұр жүзі тек біраз толқына түсіп, шырқап кетті. Үні жіңішке, таза, сәнді екен. Біржанның өзі үйреткен нақыстарын зор ықыласпен, дәлшығармақ боп, ынта салып айтады. Сөзін де, әнімен бірге қызыға сүйсініп, Біржаннан ұққан. Жаңа замандарда зілқара шығарған әсем «Жиырма бес», Тобықты әлі естімеген толқыны, сәні бар, нағыз тамыр бойлар ән еді. Сөзі де жас жиынға жалын тастағандай болатын:
Беріп кет сақинаңды мыс та болса,
Жүрейік күліп, ойнап қыс та болса,
Шеш тағы етігіңді байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан ұстап алса...- деп еркелене ырғалып кеткенде, Базаралы жастықтан басын жұлып алды. Сұлу жүзіне ыстық бір тасқын қан ойнап:
- Алда, айналайын осы қыз-ай! Жаудыраған қара көз қалқатайым, көрермін бе сені, көрмеспін бе мен бейбақ! – деп, үйдің ішін ду күлдірді.
Біржан Базаралының жүзіне тілеулес, дос ажарымен қарап:
- Базеке, о не дегенің! Көрермін бе ең не? Қасыңда отыр ғой Балбала боп, сол қара көз! – деді. Базаралының өз қасында отырған, сұлу бойжеткен –Балбала атты көршісі бар-ды. Біржан сөзінің тұсында Базаралы оқыс жарқ беріп:
- А, астапыралда, солай ма еді? – деп, әдейі ойнақыланып, құбыла беріп, Балбалаға қарай қалды. Бұл қарасы, томағаның астындағы саңылауынан сығалап, дәл қасынан, тұғырының түбінен өтіп бара жатқан мысыққа қараған қырын шеңгірдің қарасындай еді... Жұрт онысына да күліп, сүйсініп қалғанда, қырындау отырған Балбала да жалт етіп, Базаралыға бір қарап қалды. Ажарлы сұлу қара көздерін, қырын отырып, төңкере қарады. Үлкен көздерге жарасатын, бір қиғаш қарас болатын. Өңіне де ұяла қысылған әдемі, жұқа қызғылт қан соқты. Тартымды назы бар жандай боп, кішкентай ғана қабақ шытып, үнсіз ғана езу тартты. Аппақ сұлу тістері көріне түсіп, қайта жасырынды. Базаралы Балбаланың көзімен көзі кездескенде, жазығын мойнына алып, тәубеге келгендей болып, бірақ сол халін, соншалық бір талантты артистше, әдемі қып, баппен ойнап берді.
- Тәубе! Тәубе Күпірлік екен айтқаным... түф, түф, түф, - деп, түкірген белгі етті. Балбала жаққа бас ие берді де, тез жалт етіп, жұртқа қарап: - Отыр екен, бар екен қалқаларым! – деп, әр жердегі, әр сұлу қыз-келіншекке жағалай қарап өтті.
Біржан да, Балбала қысылып қалмасын деп және өзгелерінің көңіліне келмесін деп, Базаралыны қостап, іле жөнелді.
- Ән де біледі, айтса тілі орамды, шырқаса үні балдай. Тәрбие-тәлімімен жібек талдай, отыр ғой, міне, жақсы шәкірт, жақсы інілерім!
Біржан «қыздар», «қарындастар» деген сөздерді әдейі айтпады. Сол сөздерді әдепсіздеу, тұрпайылау көрді. Және әдейі аға боп, бауыр тартып сөйледі. Осында отырған бірнеше өнерлі, көрікті жас әйелдерге жағалай көз тастап өтті. Аттары аталмаса да, зор құрметпен еске алғандары - өзі мен Абайды, Базаралыны айнала қоршап отырған – Балбала, Керімбала, Үмітей, Әйгерімдер болатын.
Мағыналы сөз қатып, одан да мағыналы жүзбен Біржан көз салғанда, барлық жаңағы жас әйелдердің шыншыл, сезгіш жүздеріне жағалай дауылдап, шапшаң толқын, жеңіл қызғылт нұр жүгірді. Бейне бір таң сәскеде түңлікті ашып жібергенде, шаңырақтан күн сәулесі түскендей. Сол кезде батсайы шымылдық, дүрия көрпе, манат мақпал түскиізді күн сәулесі қуанта бір алгүл қаққызып, жағалай сәулелендіріп, жайнатқан тәрізді. Жас әйелдердің Біржандай әз ағадан, әсем өнерпаздан естіген мақтаулары да сондай әсер етті.
Үй ішінде сыңқыл-сылтың да, мәз қошамет те қатар қаулап, әзіл мен жарастық күлкі көп естілді.
Сыпайы сыйластық ажарлары, өнерлі жастар мәжілісі реңдене түскендей.
Абай мен Әйгерімнің бұл жолғы қонақтары шынында Тобықты жастарының ең бір өнерлі, нәрлісі болатын. Осыдан екі күн бұрын осы Құнанбай ауылы отырған Барлыбай өзеніне Ырғызбайдан, Торғай-Көтібақтан және Жігітектен, одан арғы Бөкеншіден көп қыз-келіншек, жас жігіттер әдейі шақырылып, арнаулы қонаққа келген-ді.
Абайдың қасында отырған – інісі, жас бозбала Әмір Құдайбердінің баласы. Ол өз нөкерімен келгенде, Үмітей сұлу да ерте келген. Базаралы қасында отырған Балбала – Әнет қызы. Ол да бір топ қыз нөкерімен әдейі шақырылған.
Бөкеншіден Сүгір баласы Әкімқожа – мынау. Ол өз қарындасы Керімбаланы ертіп, Жігітектен Базаралының әнші, сері інісі Оралбайды ала келген.
Сол жастың бәрі де өнер құмар және тегіс жақсы әнші. Олар Біржанды бұл жолы ғана көрген емес.
Осы күндерден екі айдай бұрын Тобықтының шетіне келген Біржанның хабарын Абай естіп, алдынан Әмірді жіберген-ді. Абайдың ең бір қадірлес ағасы Құдайберді жастай өлгенде, содан жетім қалған бес баланың ортаншысы Әмір болатын. Құдайберді өлерде, Абай оған: «Балаларыңды әке орнына бағу қарызым болар» деп, «жетімдік көрсетпесін» деп ант еткендей болатын. Айтқанындай, Абай содан бері Құдайберді балаларын өзімен туысқан Оспаннан да, өз балаларынан да қатты еркелететін.
Ал Әмір болса, сол балалар ішіндегі әнші, өнерлісі боп келеді. Ерке, серілігі де бар. Өзінде шалқып, серпіп шығарлықтай бір шығым бар, дәмелі жас. Аса тілеулес ағасы Абай оның алдынан шықпайды және ешкімге бетін де қақтырмайды.
Сол Әмірді Біржанға құр шақыртушы етіп жібермеген-ді. «Бар, көр. Шын өнерлі, қызықты болса, елге әкел. Еркімен көсілтіп, ойын-сауық ет. Жас буын өнер үйренсін, үлгі алсын. Мен де көмекші болармын» деген...
Әмір Біржанмен ел шетінде кездесіп, екі-үш күн бірге болып, өз ортасына шақырып қойып, өзі үй тіктірмек боп, алдымен келген. Аялдамастан Абайға кеп, өзгеше бір қызғын жайын, көңіл мен жүзден танытқан.
Абай содан соң-ақ Біржанды әуелі Әмірдің қонағы етіп, Құнанбайдың осы үлкен ауылына әдейі келтірткен-ді.
Содан бері екі ай өтті. Біржан Әмірге ғана емес, Абайға да ерекше ұнады. Екеуі ескі мұңдас, достай кездесіп, тез табысып кетті.
Абай осы бүгінгідей етіп өз ауылына Тобықтының әнші, күйші жасынан жігіт-желең, қыз-келіншегінен талайын тайлай рет жинаған. Біржанға оларды танытып, оларға ақын әншінің қасиет қадірін танытып, көп қызық мәжілістер құрған.
Өздері әнін үйретіп, сыйластық, құрметтестікке жеткен соң, көп ауылдың жастары Біржан мен Абайды өз ауылдарына шақырып, үзілмеген ұзақ сауық күн-түндерін өткізген.
Біржандар Әмірдің, Үмітейдің де қонағы болған. Сүгірдің әнші қызы, сәнді бойжеткен Керімбала мен Әкімқожаның қонағы боп, ол меймандос ауылда да көп сый көрген. Одан қайтыс жолда, Базаралы, Орайлбайлар Жігітек ішінде, көп күндер қыдыртып, қонақ еткен-ді. Бөкенші, Жігітек жастары үнемі бірге араласып, айырылыспай күтіскен.
Сонымен қазір Біржандар қайтатын шақ жеткен соң, Абай осы тұрған төрт үйді әдейі қонақтарды шығарып салу тойына арнап тіккізген. Енді бүгінгі түстіктен кейін, кешке қарсы көп қонақ атқа қонбақшы боп отыр. Өйткені, ертең Біржандар еліне қарай аттанбақ. Соның алдында «сый қонақтар бір кеш көпшіліксіз болып, тынығып аттансын», деп, Абайға Базаралы, Ербол, Жиреншелер, айтқан-ды. Абай да соны мақұл көрген.
Сөйтіп, бұл мәжіліс жаздай асыл аға, үлкен ұстаз болған Біржан мен Тобықты жасының айырылар мәжілісі еді. Сол себепті жаңағы Әмірді «Жиырма беспен» сынап тыңдағандай, өзге әнші жастардың бәрі де, бір-біріне жаңа әнмен өз өнерін көрсетпек керек.
Әмір айтқаннан кейін, әлгі қалжың әзілдер басылған соң, домбыраны Оралбай біраз күйлеп кеп, қасында отырған Керімбаланың әніне жетекші болды.
Ауылының сауығын, жастығын сақтаған, сәнді, мінезді қыз, ағайын аялаған жас болғандықтан, Сүгірдің өзі де, әсіресе мына Әкімқожадай серілік, сауық сүйген балалары да, мұны Қаракесектегі қайнына әлі бере қоймай, сақтап келе жатқан.
Керімбала бұл күнде осы үйдегі Тобықты қызының ішінде оң жақта ең көп отырғаны. Бірақ ауылдың, ата-ананың, өзінің де қадір-қасиетін кетірер жаманаты шықпаған. Сүгірдің ұзатпай сақтауына мұның осы ерекше мінезділігі де себеп болған.
Шошақтау боп біткен үлкен қой көзді, ақ қызыл жүзді, қалың шашты Керімбалада саналы қайрат бар, ұстамды, сырлы салмақ бар. Сонысымен ол әрі сәнді, әрі өзгеше біткен сұлу.
Керімбала да Біржаннан өзі сүйіп ұққан әнін айтты. Ол да Тобықты ішіне Біржан әкеп үйреткен бұрынғы бір ән. Біржандай көп әнші, ақынның айтуынан өтіп, сырланып жеткен, атсыз бір әнші шығарған – «Қарға».
Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде...-
деп сөзі кетті. Бүгінгі әнші, өнерлі жастардың біріне-бірі көрсетіп жатқан құрмет, ғыззат, сый-сұхбат арасындағы нәзік жарастық күйі болды. Біржан мен Абай үлкен ілтипатпен тыңдасып еді.
Керімбаланың осы әніне орай қып, Оралбай да бір кербез әнге шырқай жөнелді. Оның әні – «Гауһартас».
Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,
Артыңда таққан шолпың, күміс сырғаң...-
Ән зор дауысты, сұлу пішінді, ақ құба жігіт айтқанда жаңа сыр тапқандай. Әсіресе, Оралбайдың айтуында сол өзі суреттеп отырған «шолпылы» сұлуды нағыз ынталығындай сезіну бар. Жан тартып, демін, лебін сезіп отырған ыстық жалын білінеді.
Жұрт Оралбай әніне қатты сүйсініп, аласұрып, тоя алмай қапты. Біржаннан бұрын Керімбала бұрыла қарап, сүйсіне күлді. Көп сақиналы, үлкен білезікті аппақ қолын сәл көтере түсіп, жігітке сыпайы тілек етті.
- Тағы бір ауыз! – деп еді.
Оралбайға:
- Тағы! Тағы! – деп, Біржан да ықыласпен айтты. Әнші алғашқы қайырмасының аяғын үзбестен ілгері өрлеп, тағы да сәнді үнмен, шабыттанып, толқытып кетті...
Есілдің ар жағында көрдім сені,
Сырғаңды қайық қылып өткіз мені,
Сырғаңды қайық қылып өткізбесең,
Болсаң да хордың қызы көрмен сені, -
Жігіт ерке тілек айтады. Дос жүрегіне сенеді... Ынтыға тұрып еркелейді. Күн көзіне керіліп еркеленген жас тағыдай, өз отына, оның отына да қуанып сенеді. Онсыз жас жігіттің қуанышы қуаныш па? Еркелет те, еркеле. Жалынмен жалын ойнап, жарысып қосылсын.
Бар жиын, әсіресе Базаралы, Жиренше, Абайдай аға жастар шіміркене түседі. Ақ қызғылт рең Керімбаланың да жүзіне бір толқын соғады. Ақырын ғана көркем сыңқыл әсем үнмен Әйгерім күліп, қызарады.
Аппақ, кесек ақ тістерін сұлу қызыл еріндері аша түсіп, қайта жасырып, Балбала езу тартады.
Өз қасында отырған шабытты әнші, көрікті құрбысы – Әмір жасқа көз алмай Үмітей қарайды.
«Осы жас-ау! Сондай еркелікті батыл айтатын, жарыстыра айтатын жас осы Әмір-ау!» дейді ішінен. Тоңазыта діріл қақтырған бір толқынға бой бергендей. Ақша маңдайлы, кең сұлу жүзді Үмітей, ашық үнмен сыңқ-сыңқ етіп, үй ішіне естірте күледі.
Ән, домбыра кезегі қыдыра жағалап осы Үмітейдің өзіне келгенде, о да іркілмей «Баян аулыны» бастады. Әмірдің домбырасы қостай ереді. Қоңыр ғана, ақырын ғана тартса да, шынында, бүліне бебеулеген тілеулес, үндес күй бұралады.
Баян ауыл басынан бұлыт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсым жетпес.
Ақ боз үйдің сыртынан аттандырып,
«Қош қалқатай» дегенің естен кетпес...-
Үмітей бұл әннің сөзін арманды күдікпен, аса бір құпия сыр етіп айтады. Сондықтан осынау сөз, саз бұрын емес, дәл осы арады ең алғаш айтылғандай болады. Бір туған айдай, қылдай нәзік, бірақ емеуріндей анық сыры бар. Дәл көңілдің өз үні боп шықты.
Әйгерім ән шырқады. Мұның айтуында, ең алғашқы ұзақ «ахаудың» өзі де нақысты ырғақтай.
Жас жарына көлденең қарап отырған Абай, тағы да Біржан салғандағы сияқты өзгеше сезіммен толқып, тағы бір жақсы созылған өмір-сурет дүниесіне шомып кетті.
Ал, Бибай, саған айтам гигайымды...-
Арғы сөзі Абайдың құлағына кірген жоқ. Барды айтып жатқан сөз емес, әуен мен үн... Көп күміс қоңырау сән түзеп, бір үн сала ма? әлде нендей ғайып текті ақ қанатты асыл зат көк жүзінде күнге шағылыса ма! Күміс сыбдыр нұр шашып, сырлы аспанға, мәлімсіз сапарға, серікке шақыра ма?! «берші сараң, сырдаң бойыңды! Түйіліп қалған жүрегің, тартынып қалған, ашылмай тығылған жан сырың бар. Ашшы соныңды! Өрге, өнерге шақырайын бар үніммен. Иықтан басқан зілден, мынау делсал күйден өтші!...
Қорыта келгенде, көркем әдебиетті Біржан салдың өмірдегі келбетімен үндесіп келуіне оқушылар назар аударады.
М.Әуезовтің кеңестік дәуірде Абай Құнанбаевтың болмысын суреттеу барысында Біржан салды қатыстыруы салдық өнерге ерекше мән бергенін танытады және оның тәлімдік, білімдік ықпалын айрықша сипатпен сомдауы аңғарылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет