Қазақстан республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі 2011. 11. 01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен



бет2/35
Дата16.06.2016
өлшемі2.3 Mb.
#139603
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35

8-бап. Қылмыстық процестiң мiндеттерi

1. Қылмыстық процестiң мiндеттерi қылмыстарды тез және толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауапқа тарту, әдiл сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдану болып табылады.

2. Қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзудiң заңда белгiленген тәртiбi адамды және азаматты негiзсiз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кiнәсiз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда - оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етуi, сондай-ақ заңдылық пен құқық тәртiбiн нығайтуға, қылмыстың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесуi тиiс.

9-бап. Қылмыстық процесс принциптерiнiң мәнi

Қылмыстық процесс принциптерiнiң мәнi мынада: оларды бұзу, оның сипаты мен мәнiне қарай, iс бойынша болған iс жүргiзудi жарамсыз деп тануға, мұндай iс жүргiзудiң барысында шығарылған шешiмдердi бұзуға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдеу күшi жоқ деп тануға әкелiп соқтырады.

10-бап. Заңдылық

1. Сот, прокурор, тергеушi, анықтау органы және анықтаушы қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстiң, осы Кодекстiң 1-бабында көрсетiлген өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын дәл сақтауға мiндеттi.

2. Соттардың адам мен азаматтың Конституциямен баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдарды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға құқығы жоқ. Егер сот, қолдануға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адам мен азаматтың Конституциямен баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп ұйғарса, ол iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға және сол актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi.

3. Соттың, қылмыстық iзге түсу органдарының қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және ол заңмен белгiленген жауаптылыққа, заңсыз актiлердi жарамсыз деп тануға және олардың күшiн жоюға әкеп соғады.

11-бап. Сот әдiлдiгiн тек соттың ғана жүзеге асыруы

1. Қазақстан Республикасында қылмыстық iстер бойынша сот әдiлдiгiн тек соттар ғана жүзеге асырады. Сот өкiлеттiгiн кiмнiң болса да иемденуi заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соқтырады.

2. Соттың үкiмi бойынша және заңға сәйкес болмаса, ешкiм де қылмыс жасағаны үшiн кiнәлi деп таныла алмайды, сондай-ақ қылмыстық жазаға тартыла алмайды.

3. Соттың құзыретi, оның заңды құқығының шегi, оның қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асыру тәртiбi заңмен айқындалады және оны өз бетiнше өзгертуге болмайды. Қылмыстық iстердi қарау үшiн қандай атаумен болса де төтенше немесе арнаулы соттар құруға жол берiлмейдi. Төтенше соттардың, сондай-ақ өзге де заңсыз құрылған соттардың үкiмдерi мен басқа да шешiмдерiнiң заңды күшi болмайды және атқарылуға жатпайды.

4. Өзi қарауына жатпайтын iс бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асырушы, өзiнiң өкiлеттiгiн асыра қолданған немесе осы Кодексте көзделген қылмыстық сот iсiн жүргiзу принциптерiн өзгедей бұзған соттың үкiмi мен басқа да шешiмдерi заңсыз болады және олардың күшi жойылуға тиiс.

5. Соттың қылмыстық iс бойынша үкiмi мен басқа да шешiмдерiн осы Кодексте көзделген тәртiппен тек тиiстi соттар ғана тексерiп, қайта қарай алады.

12-бап. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау

1. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарын сотпен қорғауға құқығы бар.

2. Ешкiмге өзiнiң келiсiмiнсiз ол үшiн заңмен көзделген соттылығы өзгертiле алмайды.

3. Мемлекет заңда белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша жәбірленушiге сот әдiлдiгiне қол жеткiзуiн және келтiрiлген залалдың өтелуiн қамтамасыз етедi.

13-бап. Жеке адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеу

1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процеске қатысушы адамдардың абыройын түсiретiн немесе қадiр-қасиетiн кемiтетiн шешiмдер мен iс-әрекеттерге тыйым салынады, адамның жеке өмiрi туралы мәлiметтердi, сонымен бiрдей осы Кодексте көзделмеген мақсаттар үшiн адам құпия сақтау қажет деп санайтын жеке сипаттағы мәлiметтердi жинауға, пайдалануға және таратуға жол берiлмейдi.

2. Қылмыстық процестi жүргiзушi органдардың заңсыз әрекеттерiнен адамға келтiрiлген моральдық зиян заңда белгiленген тәртiппен өтелуге тиiс.

2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 14-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

14-бап. Адамның жеке басына тиiспеушiлiк

1. Осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi де қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұстауға, қамауға алуға немесе өзгеше түрде бас бостандығынан айыруға болмайды.

2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда ғана және қамауға алынған адамға сотқа шағымдану құқығын бере отырып, тек соттың санкциясымен ғана қамауға алуға және күзетпен ұстауға жол берiледi. Адам прокурордың санкциясынсыз жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ғана ұсталуы мүмкiн. Күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмiмен ғана жол берiледi. Күзетпен ұсталмаған адамды сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмi немесе соттың санкциясы бойынша жол берiледi.

3. Әрбiр ұсталған адамға ұстаудың негiзi, сондай-ақ ол жасады деп сезiк келтiрiлген немесе айыпталған қылмыстың заңдық сипаттамасы дереу хабарланады.

4. Сот, қылмыстық iзге түсу органдары заңсыз ұсталған немесе қамауға алынған, немесе медициналық ұйымға заңсыз орналастырылған не заңда немесе үкiмде көзделгендегiден артық мерзiмге күзетпен ұсталған адамды дереу босатуға мiндеттi.

5. Қылмыстық процеске қатысушы адамдардың ешқайсысына күш қолдануға, қатал немесе адамның қадiр-қасиетiн түсiретiн әрекет жасауға болмайды.

6. Ешкiмдi де адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiп туғызатын iс жүргiзу әрекеттерiне қатысуға тартуға болмайды. Адамның жеке басына тиiспеушiлiктi бұзатын iс жүргiзу әрекеттерi адамның не оның заңды өкiлiнiң еркiне қарсы осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.

7. Өзiне қатысты жолын кесу шарасы ретiнде қамауға алу таңдалған адамды, сондай-ақ қылмыс жасады деген сезiкпен ұсталған адамды қамауда ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қауiп туғызбайтын жағдайларда жүзеге асырылуы тиiс.

8. Заңсыз бас бостандығынан айыру, өмiрi мен денсаулығына қауiптi жағдайда ұстау, оған қатал қарау салдарынан азаматқа келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген тәртiппен өтелуге тиiс.

15-бап. Қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау

1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган қылмыстық процеске қатысушы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оларды жүзеге асыру үшiн жағдай жасауға, процеске қатысушылардың заңды талаптарын қанағаттандыруға уақытылы шаралар қолдануға мiндеттi.

2. Азаматқа қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде оның құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы салдарынан келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген негiздер мен тәртiп бойынша өтелуге тиiс.

3. Жәбiрленушiнi, куәнi немесе қылмыстық процеске қатысушы өзге де адамдарды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiн немесе өзге де жақын туыстарын өлтiрумен, күш қолданумен, мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен, не өзге де заңға қарсы қауiптi әрекеттермен қорқытқандығына жеткiлiктi негiздер болған кезде қылмыстық процестi жүргiзушi орган өз құзыретi шегiнде бұл адамдардың өмiрiн, денсаулығын, абыройын, қадiр-қасиетiн және мүлкiн қорғауға заңда көзделген шараларды қолдануға мiндеттi.

16-бап. Жеке өмiрге қол сұқпаушылық. Хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудiң, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясы

Азаматтардың жеке өмiрi, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркiмнiң жеке салымдар мен жинақтардың, хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудiң, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясына құқығы бар. Қылмыстық процесс барысында бұл құқықтарды шектеуге заңда тiкелей белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.

17-бап. Тұрғын үйге қол сұқпаушылық

Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Тұрғын үйге онда тұратын адамдардың еркiне қарсы кiруге, оны қарауға және тiнту жүргiзуге заңда белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.

18-бап. Меншiкке қол сұқпаушылық

1. Меншiкке заңмен кепiлдiк берiледi. Ешкiмдi де соттың шешiмi болмайынша өз мүлкiнен айыруға болмайды.

2. Iс жүргiзу әрекеттерiнiң барысында адамдардың банктегi салымдарына және басқа да мүлiктерiне тыйым салу, сондай-ақ оны алу осы Кодексте көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.

19-бап. Кiнәсiздiк презумпциясы

1. Әр адам оның қылмыс жасағандығы үшiн кiнәлiлiгi осы Кодексте көзделген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз деп саналады.

2. Ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес.

3. Айыпталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күдiк оның пайдасына түсiндiрiледi. Қылмыстық және қылмыстық iс жүргiзу заңын қолдану кезiнде пайда болған күмәндер де айыпталушының пайдасына шешiлуi тиiс.

4. Айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол ақиқат дәлелдердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуы тиiс.

20-бап. Қайта соттауға және қылмыстық iзге түсуге жол берiлмеуi

Ешкiмдi де нақ бiр қылмыс үшiн қайтадан қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

21-бап. Сот әдiлдiгiн заң мен сот алдындағы теңдiк негiздерiнде жүзеге асыру

1. Сот әдiлдiгi барша жұрттың заң мен сот алдында теңдiгi негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында ешкiмдi де шыққан тегi, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайы, жынысы, нәсiлi, ұлты, тiлi, дiнге қатысы, сенiмдерi, тұрғылықты жерi бойынша немесе өзге де кез келген мән-жайлар бойынша қандай да болсын кемсiтушiлiкке ұшыратуға болмайды.

3. Қылмыстық iзге түсуден иммунитетi бар адамдарға қатысты қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң шарттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Кодекспен, заңдармен және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен айқындалады.

22-бап. Судьялардың тәуелсiздiгi

1. Судья сот әдiлдiгiн атқару кезiнде тәуелсiз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады.

2. Соттың сот әдiлдiгiн атқару жөнiндегi қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi және ол заң бойынша жауапқа тартылады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi.

3. Судьялар тәуелсiздiгiнiң кепiлдiгi Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңмен белгiленген.

ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 23-бап өзгертілді



23-бап. Сот iсiн жүргiзудi тараптардың бәсекелестiгi мен тең құқықтылығы негiзiнде жүзеге асыру

1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу айыптау және қорғау тараптарының бәсекелестiгi мен тең құқықтылығы принципiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Қылмыстық iзге түсу, қорғау және iстi соттың шешуi бiр-бiрiнен бөлiнген және оларды әртүрлi органдар мен лауазымды адамдар жүзеге асырады.

3. Сотталушыға тағылған айыпты дәлелдеу мiндетi айыптаушыға жүктеледi.

4. Қорғаушы сотталушыны қорғаудың заңда көзделген барлық құралдары мен әдiстерiн пайдалануға мiндеттi.

5. Сот қылмыстық iзге түсу органы болып табылмайды, айыптау немесе қорғау жағында болмайды және құқық мүдделерiнен басқа қандай да болсын мүдделердi бiлдiрмейдi.

6. Сот объективтiлiктi және бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың өз iс жүргiзу мiндеттерiн орындауы және өздерiне берiлген құқықтарын жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдай туғызады.

7. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы тараптар тең құқықты, яғни оларға Конституциямен және осы Кодекспен өз айқындамаларын қорғауға бiрдей мүмкiндiк берiлген. Сот, iс жүргiзу шешiмiн, зерттеуге қатысу тараптардың әрқайсысына бiрдей негiзде қамтамасыз етiлген дәлелдерге ғана негiздейдi.

8. Тараптар қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында өзiнiң айқындамасын, оны дербес және сотқа, басқа да органдар мен адамдарға тәуелсiз қорғаудың әдiстерi мен құралдарын таңдайды. Сот тараптың өтiнiшi бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртiппен қажеттi материалдарды алуға жәрдем көрсетедi.

9. Мемлекеттiк айыптаушы мен жеке айыптаушы белгiлi бiр адамның қылмыстық iзiне түсудi жүзеге асыра алады немесе заңда көзделген жағдайларда қылмыстық iзiне түсуден бас тарта алады. Сезiктi мен айыпталушы өзiнiң кiнәсiн еркiн жоққа шығара алады немесе өзiн кiнәлiмiн деп мойындай алады. Азаматтық талапкер талап арыздан бас тартуға немесе азаматтық жауапкермен бейбiт келiсiм жасасуға құқылы. Азаматтық жауапкер талап арызды мойындауға немесе азаматтық талапкермен бейбiт келiсiм жасасуға құқылы.

10. Сот тараптарға бiрiншi және аппеляциялық сатылар бойынша істі қарауға қатысу құқығын қамтамасыз етедi, айыпталушы және оның қорғаушысы iстi қарау кезiнде, қадағалау тәртiбiмен, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша жiберiледi. Сот әрбiр қылмысты iстi қараған кезде айыптау тарабының мемлекеттiк не жеке айыптаушысы болуға тиiс. Сот iстi қарағанда тараптардың қатысуы мiндеттi болатын басқа да жағдайлар осы Кодекспен айқындалады.

2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)



24-бап. Iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеу

1. Сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы iстi дұрыс шешуге қажеттi және жеткiлiктi мән-жайларды жан-жақты толық және объективтi зерттеу үшiн заңда көзделген барлық шараларды қолдануға мiндеттi.

2. Қылмыстық iзге түсу органдары нақты деректердi анықтайды, солардың негiзiнде iс үшiн мәні бар мән-жайлар белгiленедi.

3. Қылмыстық iстi қараушы сот объективтiлiк пен бейтараптылықты сақтай отырып, айыптау және қорғау тараптарына олардың iстiң мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеу құқықтарын жүзеге асыруы үшiн қажеттi жағдай туғызады.



3-1. Осы Кодекстің 361-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сот істегі бар және сот отырысында тараптар табыс еткен дәлелдемелерді зерттеудің қажеттілігі мен жеткіліктілігі мәселелері бойынша тараптардың пікірімен байланысты емес.

4. Айыпталушыны әшкерелейтiн де, ақтайтын да, сондай-ақ оның жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар iс бойынша анықтауға жатады. Қылмыстық процесті жүргізуші орган күдіктінің, айыпталушының кінәсіздігі немесе кінәлілік дәрежесінің аздығы туралы, сондай-ақ оларды ақтайтын не жауап­тылығын жеңілдететін дәлелдемелердің бар екендігі туралы барлық мәлімдемелерді, сондай-ақ іс материалдарын дәлелдемелер ретінде жинақтау және бекіту кезінде тергеудің рұқсат етілмеген әдістерінің қолданылғаны туралы мәлімдемелерді тексеруге тиіс.

 

2006.16.01. № 122-III ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)



25-бап. Дәлелдемелердi iшкi сенiм бойынша бағалау

1. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өздерiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды, бұл орайда заң мен ар-ожданды басшылыққа алады.



Алқаби дәлелдемелерді қаралған дәлелдемелердің жиынтығына негізделген өзінің ішкі нанымы бойынша бағалайды, бұл ретте ар-ожданды басшылыққа алады.

2. Ешқандай дәлелдеменiң күнi бұрын белгiленген күшi болмайды.

26-бап. Сезiктiнiң, айыпталушының қорғануға құқығын қамтамасыз ету

1. Сезiктiнiң, айыпталушының қорғануға құқығы бар. Олар бұл құқығын осы Кодексте белгiленген тәртiппен жеке өзi де, қорғаушының, заңды өкiлiнiң көмегiмен де жүзеге асыра алады.

2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган сезiктiге, айыпталушыға, олардың құқықтарын түсiндiруге және олардың айыптаудан заңмен тыйым салынбаған барлық құралдармен қорғану мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың жеке және мүлiктiк құқықтарын қорғауға шаралар қолдануға мiндеттi.

3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық процестi жүргiзушi орган сезiктi, айыпталушы қорғаушысының iске қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

4. Сезiктi, айыпталушы қорғаушысының және заңды өкiлiнiң қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуы сезiктiге, айыпталушыға тиесiлi құқықтарды кемiтпейдi.

5. Сезiктi, айыпталушы қылмыстық iзге түсу органдарына айғақтар беруге, қандай да болсын материалдар беруге, оларға қандай да бiр жәрдем көрсетуге мәжбүр етiлмеуге тиiс.

6. Сезiктiнiң, айыпталушының онымен бiрлесiп қылмыс жасады деп айыпталған адамға қатысты қылмыстық iстi қарау кезiнде де өзiне тиесiлi қорғану құқығының барлық кепiлдiктерi сақталады.

27-бап. Куәлiк айғақтар беру мiндетiнен босату

1. Ешкiм өзiне, жұбайына (зайыбына) және ауқымы заңмен айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақтар беруге мiндеттi емес.

2. Дiни қызметшiлер өздерiне iшкi сырын ашуға сенiм бiлдiрген адамдарға қарсы куәлiк беруге мiндеттi емес.

3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларда аталған адамдар айғақтар беруден бас тартуға құқылы және ол үшiн қандай да болсын жауапқа тартуға болмайды.

28-бап. Бiлiктi заң көмегiне құқықты қамтамасыз ету

1. Қылмыстық процесс барысында осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес бiлiктi заң көмегiн алуға әркiмнiң құқығы бар.

2. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегi тегiн көрсетiледi.

29-бап. Жариялылық

1. Қылмыстық iстердi талқылау барлық соттар мен барлық сот сатыларында ашық жүргiзiледi. Сот талқылауының жариялылығын шектеуге ол мемлекеттiк құпияны қорғау мүдделерiне қайшы келгенде ғана жол берiледi. Сонымен бiрге iске қатысушы адамдар өмiрiнiң жеке жақтары туралы мәлiметтердi жариялауды болдырмау мақсатында, сондай-ақ оны жәбiрленушiнiң, куәнiң немесе басқа да iске қатысушы адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының қауiпсiздiк мүдделерi талап ететiн жағдайларда кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша, жыныстық қылмыстар туралы iстер және басқа да iстер бойынша соттың дәлелдi қаулысымен жабық сот талқылауына жол берiледi. Жабық сот отырысында сот процесiнiң сотқа дейiнгi сатысында сот шешетiн қылмыстық iзге түсуді жүзеге асырушы органның iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар да қаралады.

2. Iстер мен шағымдарды жабық отырыста қарау осы Кодексте белгiленген барлық ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады.

3. Соттың үкiмi мен iс бойынша қабылданған қаулылар барлық жағдайларда ашық жарияланады.

2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 30-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)

30-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлi

1. Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған жағдайда сот iсiнде мемлекеттiк тiлмен бiрдей орыс тiлi немесе басқа да тiлдер қолданылады.

2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілін­де немесе өзге тілдерде жүргізу қажет болған жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы дәлелді қаулы шығарады.

3. Iс бойынша iс жүргiзiлген тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi бiлмейтiн iске қатысушы адамдарға сотта өзiнiң ана тiлiнде немесе олар бiлетiн басқа тiлде өтiнiш жасау, түсiнiк және айғақтар беру, өтiнiш бiлдiру, шағым жасау, iстiң материалдарымен танысу, сөйлеу, осы Кодексте белгiленген тәртiппен аудармашының қызметiн тегiн пайдалану құқығы түсiндiрiледi және қамтамасыз етiледi.

4. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы адамдарға олар үшiн заң күшiмен қажеттi iстiң басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiне аудару тегiн қамтамасыз етiледi. Сот процесiне қатысушы адамдарға соттағы айтылғандардың басқа тiлде болған бөлiгiнiң сот iсiн жүргiзу тiлiне аудармасы тегiн қамтамасыз етiледi.

5. Қылмыстық процестi жүргiзушi органдар процеске қатысушыларға осы Кодекске сәйкес оларға сот iсiн жүргiзу тiлiнде тапсырылуы тиiс құжаттарды тапсырады. Бұл ретте қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiн бiлмейтiн адамдар үшiн сот iсiн жүргiзудiң осы адамдар таңдаған тiлiнде жазылған құжаттарының куәландырылған көшiрмесi қоса берiледi.

31-бап. Iс жүргiзу әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдану бостандығы

1. Сот пен қылмыстық iзге түсу органының әрекеттерi мен шешiмдерiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.

2. Әрбiр сотталған адамның осы Кодексте белгiленген тәртiппен үкiмдi жоғары тұрған сотқа қайта қаратуға, сондай-ақ кешiрiм жасау немесе жазаны жеңiлдету туралы сұрауға құқығы бар.

3. Шағымды берген адамға зиян келетiн немесе ол мүдделерiн көздеп берiлген адамға зиян келетiн етiп қолдануға жол берiлмейдi.

3-тарау. Қылмыстық ізге түсу

32-бап. Жеке, жеке-жариялы және жариялы iзге түсу мен айыптау iстерi

1. Жасалған қылмыстың сипаты мен ауырлығына қарай қылмыстық iзге түсу мен сотта айыптау жеке, жеке-жариялы және жариялы түрде жүзеге асырылады.

2. Осы Кодекстiң 33-бабында аталған қылмыстар туралы iстер жеке айыптау iстерi болып саналады, жәбiрленушiнiң өтiнiшi бойынша ғана қозғалады және оның айыпталушымен бiтiсуiне орай қысқартылуға тиiс.

3. Осы Кодекстiң 34-бабында аталған қылмыстар туралы iстер жеке-жариялы айыптау iстер болып саналады, жәбiрленушiнiң шағымы бойынша ғана қозғалады және тек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 67-бабында көзделген жағдайларда ғана жәбiрленушiнiң айыпталушымен бiтiсуiне орай қысқартылуға жатады.

4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында аталғандарын қоспағандағы қылмыстар туралы iстер жариялы айыптау iстерi болып саналады. Бұл iстер бойынша қылмыстық iзге түсу жәбiрленушiнiң шағым беруiне қарамастан жүзеге асырылады.

05.05.00 ж. № 47-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 33-бап өзгертілді



33-бап. Қылмыстық iзге түсу жеке түрде жүзеге асырылуы мүмкiн қылмыстар

1. Қылмыстық iзге түсу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 105, 111-баптарында, 123, 129, 130, 136, 140, 142-баптарында, 144-бабында (бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде), 145-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 188-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 300-бабында (бiрiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша жеке түрде жүзеге асырылуы мүмкiн.

2. Егер әрекет дәрменсiз немесе басқаға тәуелдi жағдайдағы не басқа да себептер бойынша өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетiнше пайдалануға қабiлетсiз адамдардың мүдделерiн қозғайтын болса, прокурор жеке айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде де iс қозғауға құқылы.

05.05.00 ж. № 47-II    ; 2005.22.11 № 90-III  ҚР  Заңдарымен 34-бап өзгертілді



34-бап. Қылмыстық iзге түсудi жеке-жариялы түрде жүзеге асыру

1. Жеке-жариялы тәртiппен жүзеге асырылатын қылмыстық iзге түсу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 103-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 104-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 117-бабында (бiрiншi және екiншi бөлiгiнде), 120-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 121-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 135, 139-баптарында, 144-бабында (үшiншi бөлiгiнде), 176-бабында (бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде), 184-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), (184-1-бабында (бірінші бөлігінде),  187-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 188-бабында (екiншi бөлiгiнде), 189, 200-баптарында, 226-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 227-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 228-бабында, 229-бабында (бiрiншi бөлiгiнде), 296-бабында (бiрiншi бөлiгiнде),327-бабында (бiрiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде басталмайды және қылмыстық iс бойынша iс қозғалмайды.

2. Егер әрекет дәрменсiз немесе басқаға тәуелдi жағдайдағы не басқа да себептер бойынша өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетiнше пайдалануға қабiлетсiз адамдардың мүдделерiн қозғайтын не басқа адамдардың, қоғамның немесе мемлекеттiң елеулi мүдделерiн қозғайтын болса, прокурор жеке-жариялы айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде де iс қозғауға құқылы.

35-бап. Коммерциялық немесе өзге де ұйымның арызы бойынша қылмыстық жауапқа тарту

Егер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 8-тарауында көзделген әрекет мемлекеттiк кәсiпорын болып табылмайтын тек қана коммерциялық немесе өзге ұйымның мүдделерiне зиян келтiрсе және басқа ұйымдардың мүдделерiне, сондай-ақ азаматтардың, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне зиян келтiрмесе, қылмыстық жауапқа тарту осы ұйым немесе уәкiлеттi орган басшысының арызы немесе олардың келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.

36-бап. Қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырудың жалпы шарттары

1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу мiндеттерiн орындау мақсатында қылмыстық iзге түсу органы өз құзыретi шегiнде қылмыстың белгiлерiн тапқан әрбiр жағдайда қылмыс оқиғасын белгiлеуге, қылмыс жасауға кiнәлi адамдарды анықтауға, оларды жазалауға заңмен көзделген барлық шараларды қолдануға, сонымен бiрдей кiнәсiз адамдарды ақтау шараларын қолдануға мiндеттi.

2. Қылмыстық iзге түсу органы жәбiрленушiге сот әдiлдiгiне қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге және қылмыспен келтiрiлген зиянды өтеу шараларын қолдануға мiндеттi.

3. Қылмыстық iзге түсу органы қылмыстық процестегi өзiнiң өкiлеттiгiн қандай да болсын органдар мен лауазымды адамдарға тәуелсiз және осы Кодекстiң талаптарына қатаң сәйкес түрде жүзеге асырады.

4. Қылмыстық iс бойынша объективтi зерттеу жүргiзуге кедергi келтiру мақсатында қылмыстық iзге түсу органына қандай түрде болса да ықпал ету заңмен белгiленген жауаптылыққа әкеп соқтырады.

5. Қылмыстық iзге түсу органының заңға сәйкес қойылған талаптарын барлық мемлекеттiк органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар және азаматтар орындауға мiндеттi. Аталған талаптарды орындамау заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 37-бап өзгертілді




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет