Қазақстан Республикасының Заңы Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы



бет2/3
Дата13.06.2016
өлшемі390.93 Kb.
#133736
1   2   3
заңмен реттеледі.

 

12-бап. Жүкті әйелдер мен аналардың денсаулық сақтауға



құқығы

1. Ана болуды мемлекет қорғайды және көтермелейді.

2. Жүкті әйелдер медициналық көмек сұраған кезде тұратын жеріне қарамастан, жүктілікті сақтау мен бала туу бойынша тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде тегін консультация алуға, тексерілуге, емделуге және диспансерлік бақылауда болуға құқылы.

Жүкті әйелдер ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына әсері болатын аурулардың жекелеген түрлерін амбулаториялық деңгейде емдеу үшін дәрілік заттармен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тегін қамтамасыз етіледі.

3. Әйел ана болу туралы мәселені өзі шешуге және отбасын жоспарлау мен өз денсаулығын сақтау мақсатында, ықтиярсыз жүктіліктен сақтанудың қазіргі заманғы әдістерін epікті түрде таңдауға құқылы.

4. Ана болуды қорғау:

1) ұрпақты болу жасындағы әйелдерді тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде жыл сайынғы медициналық тексеріп-қарау, диспансерлеу және сауықтыру жүргізу;

2) науқас баланы күтіп-бағу үшін стационарға түскен кезде әйелдердің ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына тікелей әсері болатын негізгі ауруларды медициналық айғақтар бойынша емдеу арқылы қамтамасыз етіледі.

5. Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың жұмыс уақытының режимі, жүктілігі мен босануы бойынша демалысы, еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.



 

13-бап. Балалардың денсаулық сақтауға құқығы

1. Мемлекет балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етеді, олардың дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, адамгершілік және әлеуметтік дамуы үшін қажетті өмір сүру жағдайларына құқықтарын іске асырады.

2. Мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер арнаулы медициналық және балаларды оңалту, сауықтыру ұйымдарының желісін дамытуды қамтамасыз етеді және олардың қызметі үшін қажетті жағдайлар жасайды.

3. Балалардың міндетті мерзімдік медициналық тексеріп-қараудан өтіп тұруға және тұрақты диспансерлік бақылауда болуға, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде емделуге және сауықтырылуға құқығы бар.

4. Амбулаториялық емдеу кезінде балалардың жекелеген санаттары аурулардың кейбір түрлері бойынша Қазақстан Республикасының дәрілік заттар туралы заңнамасында көзделген тәртіппен дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.

5. Балаларды стационарлық емдеу кезінде:

1) дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтіп-бағуға мұқтаж үш жасқа дейінгі балаларды күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға ауырып қалған баланы күтіп-бағуға байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріліп, онымен медициналық ұйымда бірге болу мүмкіндігі жасалады.

Біреудің күтіп-бағуына мұқтаж үш жастан асқан балалар ауруларының тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді;

2) бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана баланы күтіп-бағу үшін стационарда болған барлық кезеңде медициналық ұйымдағы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

6. Мектеп жасындағы балалар стационарлық, қалпына келтіру, санаториялық емделу кезеңінде стационар, оңалту орталығы, санаторий жағдайында үздіксіз білім алуға құқылы.

7. Мүмкіндігі шектеулі балалардың, сондай-ақ АҚТҚ инфекциясын жұқтырған, ЖҚТБ-мен ауыратын, кәмелетке толмаған балалардың білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында тегін әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуға құқығы бар.

8. Балалардың өздерінің денсаулығын қорғау саласында білім алуға және тәрбиеленуге құқығы бар.

9. АҚТҚ инфекциясын жұқтырған балалардың балалар үйлері мен жалпы мақсаттағы оқу-тәрбиелеу ұйымдарында болуға құқығы бар.

 

14-бап. Азаматтардың өз денсаулығының жай-күйі және



денсаулыққа әсері болатын факторлар туралы

ақпарат алу құқығы

1. Азаматтардың:

1) осы Заңның 29-бабының ережелерін сақтаған кезде ұсынылатын, өз денсаулығының, жұбайы (зайыбы), жақын туыстары денсаулығының жай-күйі туралы ақпарат алуға;



2) аурудың профилактикасы, диагностикасы, ауруды емдеу және медициналық оңалту әдістері туралы, қоршаған ортаның жай-күйі, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын қоса алғанда, денсаулыққа әсері болатын факторлар туралы мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде ең анық ақпаратты тегін алуға;

3) дәрілік заттарды бөлшек саудада сатумен айналысатын фармацевтикалық қызмет объектілерінен және (немесе) субъектілерінен, сондай-ақ медициналық ұйымдардан дәрілік заттардың сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы ақпарат алуға;

4) денсаулық сақтау ұйымдарынан емдеудің ықтимал әдістері, тәсілдері және клиникалық сынаулардың салдары туралы ақпарат алуға құқығы бар.

2. Азаматтың денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты тексеру және (немесе) емдеу жүргізетін медицина қызметкері осы Заңның 29-бабының ережелері сақталған кезде тікелей науқасқа, оның жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына, заңды өкілдеріне береді.

3. Азаматтың өз денсаулығының жай-күйін көрсететін медициналық құжаттамамен танысуға және сол бойынша басқа мамандардан консультациялар алуға құқығы бар. Егер медициналық құжаттарда үшінші тараптың мүддесі қозғалмаса, азаматтың талабы бойынша оған өз денсаулығының жай-күйін көрсететін медициналық құжаттардың көшірмелері беріледі.

 

15-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық



қызметкерлері мен лауазымды адамдарының

әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) азаматтардың

шағымдану құқығы

1. Көрсетілген медициналық көмектің сапасына қанағаттанбаған азаматтар денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық қызметкерлері мен лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) уәкілетті органға не сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

2. Азаматтардың уәкілетті органның қорытындыларына келіспеушілік білдіріп, көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына сараптама жасауға тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқығы бар.

 

16-бап. Азаматтардың медициналық көмек



алудан бас тарту құқығы

1. Осы Заңның 17-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың немесе оның заңды өкілінің медициналық көмек алудан бас тартуға құқығы бар.

2. Медициналық көмек алудан бас тартқан кезде азаматқа немесе оның заңды өкіліне, аурудың ықтимал салдары туралы түсінікті түрде түсіндірілуге тиіс.

3. Медициналық көмек алудан бас тарту, оның ықтимал салдары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарға жазу арқылы ресімделеді және оған азамат не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.



Азамат не оның заңды өкілі медициналық көмек алудан бас тартуға қол қоймаған жағдайда, медициналық құжаттамаға бұл туралы тиісті жазуды медицина қызметкері жүзеге асырады және қол қояды.

Кәмелетке толмаған балалардың не іс-әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілдері аталған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан жағдайда, медициналық ұйымның олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншы және қамқоршы органға және (немесе) сотқа жүгінуге құқығы бар.

 

17-бап. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек



көрсету

1. Азаматтың келісімінсіз медициналық көмек көрсетуге:

1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы;

2) айналасындағы адамдарға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші;

3) психикасының ауыр түрде бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші;

4) психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші және қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты жол беріледі.

2. Он сегіз жасқа толмаған адамдарға және заңда белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді олардың заңды өкілдері береді. Заңды өкілдері болмаған кезде медициналық көмек көрсету туралы шешімді консилиум қабылдайды, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде, медициналық ұйымның лауазымды адамдарын және заңды өкілдерді кейіннен хабардар ете отырып, тікелей медицина қызметкері қабылдайды.

3. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін немесе соттың шешімі бойынша жалғастырылады.

 

18-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау және нығайту



жөніндегі міндеттерi

1. Азаматтар айналасындағыларға қауіп төндіретін жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшін медицина қызметкерлерінің, денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының нұсқамаларын орындауға міндетті.

2. Стационарлық және амбулаториялық емделудегі адамдар медициналық ұйымдардың қолданыстағы режимін сақтауға міндетті.

3. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес профилактикалық медициналық тексеріп-қараудан өтуге міндетті.

4. Жүкті әйелдер жүктіліктің он екі аптасына дейінгі мерзімде медициналық есепке тұруға міндетті.

5. Қазақстан Республикасының азаматтары өз денсаулығын сақтаудың қамын жасауға міндетті.



 

19-бап. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар



азаматтардың міндеттерi

1. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар азаматтар медициналық ұйымдардың талап етуі бойынша тексерілуден өтуге және емделуге міндетті.

2. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар азаматтар тексерілуден және емделуден жалтарған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәжбүрлеу тәртібімен куәландыруға және емдеуге тартылады.

3. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегетін азаматтарды мәжбүрлеп емдеуге жіберудің негіздері мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

4. Айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар және бұл ауруынан хабардар азаматтар медициналық көмек алуға барған кезде медицина персоналын өзінің ауруы туралы хабардар етуге міндетті.

 

20-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың



денсаулық сақтау құқықтары мен міндеттерi

1. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар медициналық көмекті Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен алады.

2. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты міндеттерді орындайды.

 

 

4-тарау.



Азaмaттapдың жекелеген санаттарына медициналық және

медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің ерекшеліктерi

 

21-бап. Әскери қызметшілерге, ұлттық қауіпсіздік, ішкi

істер органдарының, әділет органдары

қылмыстық-атқару жүйесінің, өртке қарсы күрес

қызметінің, қаржы полициясының қызметкерлеріне,

олардың отбасы мүшелері мен осы ведомстволардың

зейнеткерлеріне медициналық көмек көрсету

Әскери қызметшілерге, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының, әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесінің, өртке қарсы күрес қызметінің, қаржы полициясының қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелері мен осы ведомстволардың зейнеткерлеріне медициналық көмек Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұйымдастырылады.

Қызметін өткеріп жатқан жерде немесе тұрғылықты жерінде олар болмаса немесе ведомстволық медициналық ұйымдарда тиісті бөлімшелер, мамандар не арнайы жабдықтар болмаса, медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетіледі.

 

22-бап. Туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық



көмек көрсету

1. Туберкулезбен ауыратындар міндетті медициналық байқауға алынуға және емделуге тиіс, олар тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.

2. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратындар міндетті түрде ауруханаға жатқызылуға және емделуге тиіс.

 

23-бап. Диабетпен және қатерлі ісік ауруларымен ауыратын



науқастарға медициналық көмек көрсету

Диабетпен және қатерлі ісік ауруларымен ауыратын науқастар міндетті медициналық байқауға алынуға, емделуге және тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілуге тиіс.

 

24-бап. Көбінесе жыныстық жолмен берілетін жұқпалы



аурулармен ауыратын, ЖҚТБ және АҚТҚ инфекциясын

жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету

1. Көбінесе жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарға медициналық көмек уәкілетті орган белгілеген тәртіппен көрсетіледі.

2. ЖҚТБ және АҚТҚ инфекциясын жұқтырған науқастарға медициналық көмек Қазақстан Республикасының арнаулы заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.



 

25-бап. Психикасы және мінез-құлқы бұзылудан



(аурулардан) зардап шегетін адамдарға

медициналық-әлеуметтік көмек көрсету

Психикасы және мінез-құлқы бұзылудан (аурулардан) зардап шегетін адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету және оларды оңалту Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

26-бап. Бас бостандығы шектеулі азаматтарға медициналық



көмек көрсету

Бас бостандығы шектеулі, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық көмек уәкілетті орган және ішкі істер, әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесі, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс уәкілетті органдары айқындайтын тәртіппен  көрсетіледі.

 

 

5-тарау.



Медицина қызметкерлерінің медициналық көмек

көрсету кезіндегі құқықтары мен міндеттерi

 

27-бап. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік құқықтары

1. Медицина қызметкерлерінің мамандығы бойынша және біліктілік деңгейіне сәйкес кәсіптік қызметке құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, медицина қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың араласуына тыйым салынады.

 

28-бап. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерi



Медицина қызметкерлері:

1) егер мұндай таңдау тексерілу нәтижелері бойынша көзделген болса, онда пациентті емдеудің әдістері мен тәсілдерін, сондай-ақ медициналық мақсатта пайдаланылатын құралдар мен бұйымдарды таңдау мүмкіндігі туралы хабардар етуге;

2) өзінің қызметтік міндеттеріне сәйкес медициналық көмек көрсетуге;

3) кәсіптік міндеттерін орындау кезінде өздеріне мәлім болған дәрігерлік құпияны сақтауға міндетті. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана ашуға жол беріледі;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да міндеттерді орындауға міндетті.

 

29-бап. Дәрігерлік құпия



1. Медициналық көмекке жүгіну фактісі, азаматтың денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат пен оны тексеру және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер дәрігерлік құпияны құрайды.

2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, оқыту, кәсіптік, қызметтік және өзге де міндеттерді орындау кезінде дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтер белгілі болған адамдардың оларды жария етуіне жол берілмейді.

3. Пациентті тексеру мен емдеу мүддесіне орай, ғылыми зерттеулер жүргізу, осы мәліметтерді оқыту процесінде және өзге де мақсаттарға пайдалану үшін дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімімен басқа азаматтарға беруге рұқсат етіледі.

4. Азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді беруге мынадай жағдайларда:

1) өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз азаматты тексеру және емдеу мақсатында;

2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар таралу қатері болған кезде;

3) тергеу немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың және (немесе) соттың сұрау салуы бойынша;

4) кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкілдерін хабардар ету үшін;

5) азаматтың денсаулығына зақым құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілді деп есептеуге негіздер бар болған кезде жол беріледі.

 

 

6-тарау.



Медициналық қызметтегі жекелеген қатынастарды реттеу

 

30-бап. Хирургиялық араласу, қан құю және диагностиканың

инвазиялық әдістерін қолдану тәртібi

1. Хирургиялық араласу, қан құю, диагностиканың инвазиялық әдістері науқастардың жазбаша келісімімен қолданылады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, психикасы бұзылудан (аурулардан) зардап шегетін науқастарға, он сегіз жасқа толмаған адамдарға хирургиялық араласу, қан құю, диагностиканың инвазиялық әдістері олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен жасалады.

2. Медицина қызметкерлері тіршілік сақтау айғақтары бойынша хирургиялық араласуға кірісіп кеткен және оны тоқтату осы адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруіне байланысты мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, келісім кері қайтарып алынуы мүмкін.

3. Хирургиялық араласуды, қанды және оның препараттарын құюды, диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдануды кідірту науқастың өміріне қауіп төндіретін, ал науқастың немесе оның заңды өкілдерінің келісімін алу мүмкін болмаған жағдайда, дәрігер немесе консилиум науқасты немесе оның заңды өкілдерін қолданылған шаралар туралы кейіннен хабардар ете отырып, шешім қабылдайды.

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет