Қазақстан Республикасынормативтік құқықтық актілерініңақпараттық-құқықтық жүйесі



бет10/42
Дата25.06.2016
өлшемі0.74 Mb.
#157316
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   42
111-бап. Дәлелдемелер ұғымы

      1. Заңды түрде алынған, олардың негізінде анықтау органы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, сот осы Кодексте айқындалған тәртiппен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген іс-әрекеттiң бар екенін немесе жоқ екенін, күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының бұл әрекеттi жасағанын немесе жасамағанын, оның кiнәлiлiгiн не кiнәсіздігін, сондай-ақ iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтайтын нақты деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
      2. Қылмыстық iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар нақты деректер: күдіктінің, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнің, қорғалуға құқығы бар куәнің, сарапшының, маманның айғақтарымен; сарапшының, маманның қорытындысымен; заттай дәлелдемелермен; процестік әрекеттердiң хаттамаларымен және өзге де құжаттармен белгіленеді.

      112-бап. Дәлелдемелер ретiнде жол берілмейтін нақты


                деректер

      1. Нақты деректер, егер олар осы Кодекстiң талаптары бұзыла отырып алынса, алынған нақты деректердiң анықтығына сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе істі сотта қарау кезiнде процеске қатысушыларды заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе құқықтарына қысым көрсету арқылы немесе қылмыстық процестiң өзге де ережелерiн бұзу арқылы ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкiн болса, оның iшiнде:


      1) азаптауды, зорлық-зомбылықты, қорқытуды, алдауды, сол сияқты өзге де заңсыз әрекеттер мен қатыгез қарым-қатынасты қолдану арқылы;
      2) қылмыстық процеске қатысатын адамға өз құқықтары мен міндеттері жөнінде түсiндiрмеу, толық немесе дұрыс түсiндiрмеу салдарынан туындаған оның жаңылысуын пайдалану арқылы;
      3) осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның процестік әрекетті жүргiзуiне байланысты;
      4) қарсылық білдірілуге жататын адамның процестік әрекетке қатысуына байланысты;
      5) процестік әрекетті жүргiзу тәртiбiн елеулі түрде бұзу арқылы;
      6) белгiсiз көзден не сот отырысында анықтала алмайтын көзден;
      7) дәлелдеу барысында қазіргі заманғы ғылыми бiлiмге қайшы келетiн әдiстердi қолдану арқылы алынса, дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi деп танылуға тиiс.
      2. Қылмыстық процесте нақты деректердiң дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуына жол бермеуді, сондай-ақ оларды шектеп пайдалану мүмкiндiгiн анықтау органы, анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот өз бастамасы бойынша немесе тараптың өтiнiшхаты бойынша белгiлейдi. Анықтау органы, анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе судья дәлелдемелерге жол бермеу туралы мәселені шеше отырып, әрбір жағдайда жол берілген бұзушылықтың нақты қалай көрініс тапқанын анықтауға және уәжді шешім қабылдауға міндетті.
      3. Егер күдіктінің, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтары, сарапшының, маманның қорытындысы, заттай дәлелдемелер, тергеу және сот әрекеттерiнiң хаттамалары және өзге де құжаттар қылмыстық iс материалдарының тізімдемесіне енгізілмесе, оларды айыптау негiзiне жатқызуға болмайды. Күдіктінің одан куә ретiнде алдын ала жауап алу барысында берген айғақтары дәлелдемелер ретiнде таныла алмайды және оларды оның жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы қолдануға, сондай-ақ күдіктіні айыптау негiзiне жатқызуға болмайды.
      4. Қылмыстық-процестік заңды бұза отырып алынған нақты деректер дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деректер деп танылады және олар айыптау негiзiне жатқызыла алмайды, сондай-ақ осы Кодекстiң 113-бабында көрсетілген кез келген мән-жайларды дәлелдеу кезiнде пайдаланыла алмайды.
      5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген бұзушылықтар арқылы алынған нақты деректер тиiстi бұзушылықтар және қылмыстық істі тергеп-тексеру барысында оларға жол берген тұлғалардың кінәлілігі фактісінің дәлелдемелері ретінде пайдаланылуы мүмкiн.

      113-бап. Қылмыстық iс бойынша дәлелденуге жататын


                мән-жайлар

      1. Қылмыстық iс бойынша:


      1) оқиға және қылмыстық заңда көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгiлерi (оның жасалған уақыты, орны, тәсілі және басқа да мән-жайлары);
      2) қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекеттi кiмнiң жасағаны;
      3) адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекеттi жасаудағы кiнәлiлiгi, оның кiнәсiнiң нысаны, жасалған іс-әрекеттiң себептері, заңдық және iс жүзiндегi қателiктері;
      4) күдіктінің, айыпталушының жауаптылық дәрежесi мен сипатына әсер ететiн мән-жайлар;
      5) күдіктінің, айыпталушының жеке басын сипаттайтын мән-жайлар;
      6) жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың салдарлары;
      7) қылмыстық құқық бұзушылықтан келтiрілген зиянның сипаты мен мөлшерi;
      8) әрекеттiң қылмыстық құқыққа қайшылығын жоққа шығаратын мән-жайлар;
      9) қылмыстық жауаптылық пен жазадан босатуға әкеп соғатын мән-жайлар дәлелденуге жатады.
      2. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша дәлелденуге жататын қосымша мән-жайлар – осы Кодекстiң 531-бабында, ал есі дұрыс емес адамдардың қоғамға қауіпті іс-әрекеттері туралы істер бойынша осы Кодекстің 510-бабында көрсетілген.
      3. Қылмыстық іс бойынша басқа да мән-жайлармен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабына сәйкес тәркіленуге жататын мүліктің заңсыз, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынғанын немесе осы мүліктен түскен табыс болып табылатынын не құқық бұзушылық қаруы ретінде не экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыру немесе өзгедей қамтамасыз ету үшін пайдаланылғанын немесе пайдалануға арналғанын растайтын мән-жайлар дәлелденуге жатады.
      4. Қылмыстық іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайлар да анықталуға жатады.

      114-бап. Дәлелдемелерсiз анықталатын мән-жайлар

      Мына мән-жайлар, егер тиiстi құқықтық рәсiмдер шеңберiнде:
      1) жалпыға белгiлi фактiлер;
      2) қазіргі заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсiпте жалпыға бірдей қабылданған зерттеу әдiстерiнiң дұрыстығы;
      3) заңды күшiне енген сот актісімен белгiленген мән-жайлар;
      4) адамның заңды бiлуi;
      5) адамның өз қызметтiк және кәсiби мiндеттерiн бiлуi;
      6) арнаулы даярлығы немесе бiлiмі бар екендiгiн растайтын құжатты ұсынбаған және арнаулы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа да мекеменi көрсетпеген адамда арнаулы даярлықтың немесе бiлiмнiң болмауы керiсiнше дәлелденбесе, дәлелдемелерсiз анықталған мән-жайлар болып саналады.

      115-бап. Күдіктiнiң, жәбiрленушiнiң, куәнің айғақтары

      1. Күдіктiнiң, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтары – олардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында осы Кодекстiң 26-тарауында белгiленген тәртiппен жауап алуда жазбаша немесе ауызша нысанда хабарлаған мәлiметтері.
      2. Күдіктi өзiне қарсы күдік жөнiнде, сол сияқты өзiне белгiлi, iс бойынша маңызы бар өзге де мән-жайлар мен дәлелдемелер туралы айғақтар беруге құқылы.
      3. Күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсін мойындауы оның кінәлі екендігі іс бойынша қолда бар дәлелдемелер жиынтығымен расталған кезде ғана айыптау негізіне жатқызылуы мүмкін.
      4. Жәбiрленушiден iс бойынша дәлелденуге жататын кез келген мән-жайлар туралы, сондай-ақ оның күдіктімен, басқа жәбiрленушiлермен, куәлармен өзара қарым-қатынасы туралы жауап алынуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi өзiнің хабардар болған көзiн көрсете алмаса, ол хабарлаған мәлiметтер дәлелдеме бола алмайды.
      5. Куәдан iске қатысты кез келген мән-жайлар туралы, оның iшiнде күдіктінің, жәбiрленушiнiң жеке басы мен өзiнiң олармен және басқа да куәлармен өзара қарым-қатынасы туралы жауап алынуы мүмкiн. Егер куә өзiнің хабардар болу көзiн көрсете алмаса, ол хабарлаған мәлiметтер дәлелдеме бола алмайды. Куә ретiнде жауап алынуға жатпайтын адамдардың хабарлары дәлелдеме болып табылмайды.
      6. Күдіктінің жеке басын сипаттайтын деректер туралы айғақтар айыптау негiзiне жатқызыла алмайды және олар жаза тағайындауға немесе жазадан босатуға байланысты мәселелердi шешу үшiн ғана дәлелдемелер ретiнде пайдаланылады.
      7. Жауап алу кезiнде осы Кодексте белгiленген тәртiппен қылмыстық iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдауға немесе қайталап айтуға қабiлетсiз деп танылған адамның айғақтары дәлелдеме болып табылмайды.
      8. Құқық қорғау органдарына немесе арнаулы мемлекеттік органдарға құпия негізде жәрдем көрсететін адам тікелей қабылдаған нақты деректер көрсетілген адамның келісімімен одан куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы ретінде жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
      Қылмыстық топқа енгізілген адамдар тікелей қабылдаған нақты деректер осы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жедел-іздестіру қызметін не жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органның лауазымды адамынан куә ретінде жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.

      116-бап. Сарапшының қорытындысы және айғақтары

      1. Сарапшының қорытындысы – осы Кодекстің талаптарына сәйкес ресімделген, сот-сараптамалық зерттеудің барысы мен нәтижелері көрсетілетін құжат.
      2. Сарапшының ауызша түсiндірмелерi ол бұрын берген қорытындыны түсiндiру бөлiгiнде ғана дәлелдемелер болып табылады.
      3. Сарапшының қорытындысы қылмыстық процестi жүргізетін орган үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда оның қорытындымен келiспеуi уәждi болуға тиiс.
      4. Сарапшының айғақтары – қорытындыны алғаннан кейін оның берген қорытындысын түсіндіру немесе нақтылау мақсатында жүргізілген жауап алуда ол хабарлаған мәліметтер.

      117-бап. Маманның қорытындысы және айғақтары



      1. Маманның қорытындысы – осы баптың үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес ресімделген және маманның алдына қылмыстық процесті жүргізетін адам немесе тараптар қойған мәселелер бойынша зерттеулердің мазмұны мен түйіндерін көрсететін, жазбаша түрде ұсынылған ресми құжат.
      Зерттеуді тағайындау, қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабар дайындау тәртібі, зерттеуді тағайындау және жүргізу кезіндегі күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің және оның өкілінің, куәның, қорғаушының құқықтары мен міндеттері, өздеріне қатысты зерттеу жүргізілетін тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктері, процеске қатысушылардың зерттеу жүргізу кезінде қатысу құқығы, зерттеу объектілеріне қойылатын құқықтық талаптар, күдіктіге, жәбірленушіге маманның қорытындысын ұсынудың тәртібі мен құқықтық салдарлары, зерттеу үшін үлгілер алудың негіздері мен тәртібі маманның зерттеу жүргізу ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Кодекстің  34 және 35-тарауларында белгіленеді.
      2. Қажетті зерттеулерді жүргізгеннен кейін маман өз атынан жазбаша қорытынды жасайды және оны өзінің қойған қолымен куәландырады.
      Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органының уәкілетті бөлімшесінің қызметкері жасаған, маманның жазбаша қорытындысы көрсетілген бөлімшенің мөрімен расталады.
      3. Маманның қорытындысында: оның ресімделген күні, зерттеу жүргізілген мерзімдер мен орын; тергеу әрекеті хаттамасының деректемелері, оған маманның қорытындысы, зерттеуді жүргізген маман туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы) қоса беріледі; маманның өзіне көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілгені туралы оның қойған қолымен куәландырылған белгі; маманның алдына қойылған мәселелер; зерттеу объектілері, олардың жай-күйі, қапталуы, мөрмен бекемделуі; қолданылған әдістер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, маманның алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндерінің негіздемесі мен тұжырымдалуы көрсетілуге тиіс.
      4. Маманның қорытындысын көрнекілейтін, осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер де қоса берілуге тиіс.
      5. Маманның ауызша түсіндірмелері оның бұрын берген қорытындысын түсіндіру бөлігінде ғана дәлелдемелер болып табылады.
      6. Маманның айғақтары – қорытындыны алғаннан кейін, оның берген қорытындысын түсіндіру немесе нақтылау мақсатында жүргізілген жауап алуда ол хабарлаған мәліметтер.
      7. Маманның қорытындысы қылмыстық процестi жүргізетін орган үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда оның қорытындымен келiспеуi уәждi болуға тиiс.

      118-бап. Заттай дәлелдемелер

      1. Егер қылмыстық құқық бұзушылық құралы болды деп пайымдауға негiз болса немесе оларда қылмыстық құқық бұзушылықтың iздері сақталып қалса немесе олар қоғамға қауіпті қолсұғушылық объектiлерi болса – нәрселер, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықты табу, iстiң нақты мән-жайларын анықтап алу, кiнәлi адамды анықтау не оның кінәлі екенін теріске шығару немесе жауаптылықты жеңiлдету құралы болуы мүмкiн ақша мен өзге де құндылықтар, нәрселер мен құжаттар заттай дәлелдемелер болып танылады.
      2. Осы Кодекстiң 221-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, заттай дәлелдемелер қылмыстық процестi жүргізетін органның қаулысымен iске қоса тiгiледi және үкiм немесе iстi тоқтату туралы қаулы заңды күшiне енгенге дейiн сонда болады. Заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру және сақтау тәртiбi осы Кодекстiң 221-бабында айқындалады.
      3. Қылмыстық істі тоқтату туралы шешім шығару немесе үкiм шығару кезінде заттай дәлелдемелер туралы мәселе шешiлуге тиiс. Бұл ретте:
      1) қылмыстық құқық бұзушылық құралы сот тәртібімен тәркiленуге жатады немесе тиiстi мекемелерге белгiлi бiр тұлғаларға беріледi немесе жойылады;
      2) ұстауға тыйым салынған немесе ұстауға шектеу қойылған заттар тиiстi мекемелерге берілуге жатады немесе жойылады;
      3) құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтiн заттар жойылуға жатады, ал мүдделi тұлғалардың немесе мекемелердің өтінішхаты болған жағдайда, оларға берiлуi мүмкiн;
      4) қылмыстық жолмен жиналған ақша және өзге де құндылықтар, сондай-ақ заңсыз кәсiпкерлiктің және контрабанданың нәрселері соттың шешiмi бойынша мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылуға жатады; қалған заттар заңды иелерiне берiледi, ал иелері анықталмаған кезде мемлекеттiң меншiгiне өтеді. Бұл заттардың тиесiлiгi туралы дау туындаған жағдайда, дау азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен шешілуге жатады;
      5) заттай дәлелдемелер болып табылатын құжаттар дәлелдемелерді сақтаудың бүкіл мерзiмi iшiнде іспен бiрге қалады не осы Кодекстiң 120-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртiппен мүдделi жеке немесе заңды тұлғаларға берiледi.
      4. Соттың, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы органдарының қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелерді, құжаттарды алып қою, есепке алу, сақтау, беру және жою тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      119-бап. Процестік әрекеттердiң хаттамалары

      1. Қылмыстық процестi жүргізетін адам тiкелей қабылдаған мән-жайларды куәландыратын, осы Кодекстiң қағидаларына сәйкес жасалған тергеу әрекеттерінің хаттамаларында қамтылған, сондай-ақ тергеу әрекеті барысында маман жүргізген қарап-тексеру, куәландыру, алу, тiнту, ұстап алу, мүлiкке тыйым салу, тануға ұсыну, үлгілерді алу, мәйiттi эксгумациялау, айғақтарды сол жерде тексеру, құжаттарды ұсыну, тергеу экспериментi, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу, заттай дәлелдемелерді зерттеу кезінде анықталған, сондай-ақ сот отырысының сот әрекеттері мен олардың нәтижелері көрсетілетін хаттамасында қамтылған нақты деректер қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
      2. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы ауызша арызды қабылдау кезінде жасалған хаттамаларда, ұсынылған нәрселер мен құжаттарда, айыбын мойындап келуiнде, тұлғаларға тиесілі олардың құқықтары мен оларға жүктелген мiндеттердi түсiндiруде қамтылған нақты деректер дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.

      120-бап. Құжаттар

      1. Егер жеке, заңды тұлғалар және лауазымды адамдар құжаттарда баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң қылмыстық iс үшiн маңызы бар болса, құжаттар дәлелдемелер деп танылады.
      2. «Жедел-iздестiру қызметi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары сақтала отырып алынған, құқыққа қайшы әрекеттер туралы нақты деректер тіркелген материалдар құжаттар болып табылады және олар қылмыстық процесте дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
      3. Құжаттар жазбаша да, өзге нысанда да тіркелген мәлiметтердi қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, сонымен бiрге, осы Кодекстiң 122-бабында көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алдырылған немесе ұсынылған түсiнiктемелер, түгендеулердің, ревизиялардың актiлерi, анықтамалар, салықтық тексерулер актілері, салық қызметі органдарының қорытындылары, сондай-ақ компьютерлiк ақпаратты қамтитын материалдар, фото- және кинотүсірілімдер, дыбыс- және бейнежазбалар да жатады.
      4. Құжаттар iске қосып тігіледі және оны сақтаудың бүкiл мерзiмi ішінде сонда сақталады. Алып қойылған және iске қосып тігілген құжаттар ағымдағы есепке алу, есептілік үшiн және өзге де құқыққа сыйымды мақсаттарда талап етiлген жағдайда, олар заңды иесiне қайтарылуы немесе егер iс үшiн залалсыз болатын болса, уақытша пайдалануға берілуі не олардың көшiрмелерi берiп жіберілуi мүмкiн.
      5. Құжаттардың осы Кодекстiң 118-бабында көрсетiлген белгiлерi болған жағдайларда, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.

16-тарау. ДӘЛЕЛДЕУ

      121-бап. Дәлелдеу

      1. Дәлелдеу iстi заңды, негiзді және әдiл шешу үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында дәлелдемелерді жинаудан, зерттеуден, бағалаудан және пайдаланудан тұрады.


      2. Күдіктінің, айыпталушының қылмыстық жауаптылық негiздерiнің және кiнәсiнiң бар екенін дәлелдеу мiндетi айыптаушыда болады.

      122-бап. Дәлелдемелерді жинау



      1. Дәлелдемелерді жинау сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы процесінде осы Кодексте көзделген процестік әрекеттерді жүргізу арқылы жүргізіледі. Дәлелдемелерді жинау оларды табуды, бекітуді және алып қоюды қамтиды.
      2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган процеске қатысушылардың өтінішхаттары немесе өз бастамасы бойынша өзінің іс жүргізуіндегі қылмыстық іс бойынша жауап алу немесе сарапшы немесе маман ретінде қорытынды беру үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен кез келген адамды шақыруға; осы Кодексте көзделген процестік әрекеттерді жүргізуге; коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді берудің және жария етудің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртібін сақтай отырып, жеке, заңды тұлғалардан және лауазымды адамдардан, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардан іс үшін маңызы бар құжаттар мен нәрселерді беруді талап етуге; уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан ревизия және тексеру жүргізуді талап етуге құқылы. Қылмыстық қудалау органы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ревизиялар мен тексерулер жүргізудің талап етілетіні туралы бір тәулік ішінде прокурорды хабардар етеді. Сот өз бастамасымен дәлелдемелер жинауға құқылы емес.
      3. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеруге немесе сот талқылауына қатысуға жіберілген қорғаушы, жәбірленушінің өкілі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу туралы тәртіпті сақтай отырып, жәбірленушіні қорғауды, оның мүдделерін білдіруді жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді:
      1) заңды тұлғалардан анықтамаларды, мінездемелерді, өзге де құжаттарды талап ету арқылы алуға құқылы.
      Мемлекеттік органдардан, қоғамдық бірлестіктерден, сондай-ақ өзге де заңды тұлғалардан анықтамаларды, мінездемелерді және өзге де құжаттарды қорғаушы, жәбірленушінің өкілі талап етіп алдыруы мүмкін. Көрсетілген заңды тұлғалар қорғаушыға, жәбірленушінің өкіліне олардың сұратқан құжаттарын немесе олардың расталған көшірмелерін он тәулік ішінде беруге міндетті;
      Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені қарау кезінде талап етіп алдырылатын анықтамалар, мінездемелер және өзге де құжаттар қорғаушыға екі тәулік ішінде ұсынылады;
      2) осы Кодекстің 272-бабының бесінші, тоғызыншы және оныншы бөліктеріне сәйкес шарттық негізде сот сараптамасын жүргізуге бастамашылық жасау;
      3) сараптама мекемесіне шарттық негізде тиісті сараптама жүргізу туралы сұрау салу жолдау;
      4) шарттық негізде маман тарту;
      5) қылмыстық іске қатысты ақпаратты білуі ықтимал адамдардың келісуімен, олардан сұрақ алу арқылы, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып алуға құқылы.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      4. Дәлелдемелер ретінде қылмыстық іске қосып тігу үшін ауызша да, жазбаша да нысандағы мәліметтерді, сондай-ақ нәрселер мен құжаттарды күдікті, айыпталушы, қорғаушы, жекеше айыптаушы, жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, сондай-ақ кез келген азаматтар мен ұйымдар беруге құқылы.
      Нәрселер мен құжаттар осы Кодекстің 125-бабының қағидалары бойынша бағаланғаннан кейін қылмыстық іске қосып тігіледі, ол туралы осы Кодекстің 119-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес хаттама жасалады.
      Қылмыстық процеске қатысушылардан және өзге де тұлғалардан заттар мен құжаттарды қабылдау осы Кодекстің 99-бабындабелгіленген тәртіппен өтінішхат негізінде жүзеге асырылады.
      5. Осы баптың үшінші бөлігі 1) тармағының талаптарын орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      123-бап. Дәлелдемелерді бекiту



      1. Нақты деректер процестік әрекеттердiң хаттамаларында тіркелгеннен кейiн ғана дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуы мүмкін.
      2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында хаттамаларды жүргiзу жауаптылығы анықтаушыға, тергеушiге және прокурорға, ал сотта – сот отырысына төрағалық етушi мен хатшыға жүктеледi.
      3. Тергеу және сот әрекеттерiне қатысушыларға, сондай-ақ сот талқылауында тараптарға осы әрекеттердiң барысы мен нәтижелерi тіркелген хаттамалармен танысу, хаттамаларға толықтырулар мен түзетулер енгiзу, осы әрекеттi жүргiзудiң тәртiбi мен шарттары жөнiнде ескертулер мен қарсылықтар айту, хаттамадағы жазбаларға өз редакциясын ұсыну, анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе соттың назарын iс үшiн маңызы болуы мүмкiн мән-жайларға аудару құқығы қамтамасыз етiлуге тиiс. Хаттамада тергеу және сот әрекеттерiне қатысушыларға олардың құқықтары түсiндiрiлгенi туралы белгi жасалады.
      4. Ауызша айтылған толықтырулар, түзетулер, ескертулер, қарсылықтар, өтінішхаттар мен шағымдар хаттамаға енгiзiледi, ал жазбаша нысанда баяндалғандары хаттамаға қоса беріледі. Сызып тасталған немесе кіріктіріліп жазылған сөздер немесе басқа да түзетулер туралы хаттама соңында қойылған қолдар алдында ескертпе жасалады.
      5. Тергеу әрекетiнiң хаттамасымен танысқан адамдар хаттаманың әрбір бетiне мәтiннiң соңғы жолының астына және хаттаманың соңына өзiнің қолын қояды. Сот отырысы хаттамасының бір бөлiгiмен танысу кезінде әрбір беттiң соңына не осы бөлiктiң соңына қолын қоюға құқылы.
      6. Анықтаушы, тергеушi, прокурор немесе сот ескертулермен немесе қарсылықтармен келiспеген жағдайда, бұл туралы қаулы шығарады.
      7. Заңда көзделген жағдайларда процеске қатысушылардың немесе басқа да адамдардың қайсыбіреуі тергеу әрекетiнiң хаттамасына қол қоюдан бас тартқан кезде анықтаушы, тергеушi немесе прокурор хаттамаға бұл туралы белгi жасайды, оны өзiнiң қолымен куәландырады.
      8. Заңда көзделген жағдайларда сот отырысының хаттамасында жазылған сот әрекетi туралы жазбаларға қол қоюдан бас тартылған кезде осы хаттамада белгi жасалып, оны сот отырысына төрағалық етушi мен хатшы өз қолдарымен куәландырады.
      9. Хаттамаға қол қоюдан бас тартқан адам бас тартуының себебiн түсiндiруге құқылы және бұл түсiніктеме хаттамаға енгiзiлуге тиiс.
      10. Егер процестік әрекетке қатысушы өзiнiң дене кемiстігі салдарынан хаттаманы өзi оқи алмаса немесе оған қол қоя алмаса, онда оның келiсiмiмен оның қорғаушысы, өкiлi немесе оның өзі сенім білдіретін басқа жеке тұлға хаттаманы дауыстап оқиды және оған қол қояды, хаттамада бұл туралы белгi жасалады.
      11. Дәлелдемелердi бекiту үшiн хаттамалар жасаумен қатар дыбыс-, бейнежазба, кино-, фототүсiру, бедерлер, баспа-таңбалар, жоспарлар, схемалар дайындау және ақпаратты түсіріп алудың басқа да тәсілдері қолданылуы мүмкiн. Тергеу әрекетiне немесе сот талқылауына қатысушының дәлелдемелердi бекiтудiң көрсетiлген тәсілдерін қолданғаны туралы пайдаланылған ғылыми-техникалық құралдардың техникалық сипаттамалары келтiрiле отырып, тиiсiнше тергеу әрекетiнің хаттамасында немесе сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
      12. Фонограммалар, бейнежазбалар, кинофильмдер, фотосуреттер, бедерлер, баспа-таңбалар, жоспарлар, схемалар, тергеу немесе сот әрекетiнiң барысы мен нәтижелерiн басқа да бейнелеулер хаттамаға қоса беріледi. Әрбiр қосымшада оған қатысты тергеу немесе сот әрекетiнiң атауы, орны, күнi көрсетiлген түсiндiрме жазба болуға тиiс. Бұл жазбаны iс бойынша сотқа дейiнгi тергеп-тексеру барысында – прокурор, анықтаушы немесе тергеушi және қажет болған жағдайларда, куәгерлер, ал сотта сот отырысының төрағалық етушiсі мен хатшысы өз қолдарымен куәландырады.

      



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет