152-бап. Тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін ұзарту
туралы өтінішхатты қарауы және мерзімдерді
есептеуі
1. Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхат тергеу судьясының жеке-дара қарауына жатады. Сот отырысына міндетті түрде прокурор қатысады. Отырысқа сондай-ақ күдіктінің қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі және өкілі қатыса алады, өтінішхаттарды қарау уақыты туралы уақтылы хабарланған кезде олардың келмеуі өтінішхаттарды сотта қарауға кедергі болмайды.
Сот күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы мәселені қарауға өзіне қатысты өтінішхат берілген адамды қатыстыру қажет деп тануға және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органға оны сот отырысына жеткізуді жүктеуге құқылы.
Күзетпен ұсталу мерзімін ұзартуға прокурор өтінішхат беріп отырған адам сот отырысына қатысуға құқылы, бұл жағдайда, сот тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органға оны сот отырысына жеткізуді жүктеуге құқылы.
2. Судья отырыстың басында қандай өтінішхаттың қаралуға жататынын жариялайды, келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, содан кейін енгізілген өтінішхат бойынша тараптардың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сол қалпында қалдыру қажеттігі тұрғысындағы дәлелдерін тыңдап:
1) күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қанағаттандыру;
2) күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту және бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны неғұрлым жеңілдеуіне өзгерту және оны қамаудан босату туралы қаулылардың бірін шығарады.
3. Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхат келіп түскен күнінен бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде қаралуға жатады.
4. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан жиырма төрт сағат бұрын іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға ол туралы хабарлауға міндетті. Егер күзетпен ұстаудың заңда белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін күдіктіні, айыптаушыны босату туралы не оларды күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы тиісті шешім келіп түспесе, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы оларды өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сағат ішінде іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға және прокурорға жолдайды.
5. Күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы осы баптың төртінші бөлігінің талаптарын орындамаған кезде заңда белгіленген жауаптылықта болады.
6. Күзетпен ұстау мерзімі күдіктінің күзетпен қамалған кезінен бастап оған тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаны туралы хабарлағанға және қылмыстық іс материалдарымен танысу құқығы түсіндірілгенге дейін есептеледі. Адамды күдікті ретінде ұстап алу уақыты, соттың шешімі бойынша психиатриялық немесе өзге де медициналық ұйымда мәжбүрлі түрде болу уақыты күзетпен ұстау мерзіміне есептеледі.
Күдіктінің және оның қорғаушысының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстауды тергеу судьясы осы Кодекстің 148, 151-баптарында көзделген тәртіппен санкциялайды және оның мерзімін ұзартады.
Күдіктінің және қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болуы осы Кодекстің 151-бабының бірінші – төртінші бөліктерінде белгіленген мерзімге кірмейді, бірақ оны сот жаза тағайындау кезінде ескереді.
7. Күдіктінің және қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болу мерзімін санкциялау туралы өтінішхат осы бапта көзделген тәртіппен және мерзімдерде қаралуға жатады.
Күдіктінің қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күзетпен ұстауда болу мерзімін тергеу судьясы қылмыстық істің көлемін, іске қатысатын адамдардың санын және іспен танысу уақытына әсер ететін өзге де мән-жайларды ескере отырып айқындайды.
8. Прокурор қылмыстық істі қосымша тергеп-тексеру жүргізу үшін қайтарған жағдайда, ол бойынша күдіктіні күзетпен ұстаудың шекті мерзімі аяқталмаған болса, ал бұлтартпау шарасын өзгертуге негіздер болмаса, прокурордың уәжді өтінішхаты бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясы күзетпен ұстау мерзімін бір ай шегінде ұзарта алады.
Сот қылмыстық істі осы Кодексте көзделген негіздер бойынша прокурорға қайтарған кезде, егер күдіктіні күзетпен ұстаудың шекті мерзімі аяқталмаған болса, ал бұлтартпау шарасын өзгертуге негіздер болмаса, нақ сол сот күзетпен ұстау мерзімін істі прокурор алған кезден бастап бір ай шегінде ұзартады.
9. Күдікті, айыпталушы сол бір іс бойынша, сондай-ақ онымен біріктірілген немесе одан бөліп алынған қылмыстық іс бойынша қайтадан күзетпен қамалған жағдайда, күзетпен ұстау мерзімі күзетпен өткізілген уақыт ескеріле отырып есептеледі.
10. Шет мемлекет іздестіріліп жатқан адамды Қазақстан Республикасына ұстап берген (экстрадициялаған) жағдайда, күзетпен ұстау мерзімі ол Қазақстан Республикасының аумағына келген күннен бастап есептеледі, ал адамды шет мемлекеттің аумағында экстрадициялық қамақ тәртібімен күзетпен ұстау уақыты жаза тағайындалған кезде жалпы күзетпен ұстау мерзіміне есептеледі.
РҚАО-ның ескертпесі!
11-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
11. Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстаудың осы бапта белгіленген мерзімін есептеу мен ұзарту тәртібі үкімнің күшін кассациялық немесе қадағалау сатысында іс жүргізудің нәтижесінде немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан адамға қатысты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша жою кезінде де қолданылады.
153-бап. Бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту
1. Бұлтартпау шарасының қажеттігі болмай қалған кезде оның күші жойылады немесе ол осы Кодекстің 136 және 138-баптарында көзделген негіздер мен мән-жайлар өзгерген кезде қатаңдығы неғұрлым жеңіл немесе неғұрлым ауыр шараға өзгертіледі.
2. Бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту қылмыстық процесті жүргізетін органның уәжді қаулысы бойынша жүргізіледі.
3. Прокурор санкциялаған, қолданған, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында оның нұсқауы бойынша таңдалған бұлтартпау шарасының күші прокурордың келісімімен ғана жойылуы немесе ол өзгертілуі мүмкін.
4. Қылмыстық қудалау органының бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою туралы қаулысына шағым жасау, наразылық білдіру осы Кодекстің 100 – 106-баптарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
5. Тергеу судьясы санкциялаған күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту, осы Кодекстің 145-бабының сегізінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, прокурордың келісуімен қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысы негізінде жүргізіледі.
6. Кепіл, күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шараларының күшін жою туралы қаулыға шағым жасау осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
154-бап. Қамқоршылыққа және мүлкінің қаралуына құқық
1. Ата-анасының немесе асыраушысының күзетпен ұсталуының, сол сияқты қылмыстық процесті жүргізетін органның басқа да әрекеттерiнiң нәтижесiнде қараусыз, күтусiз және күнкөріс қаражатынсыз қалған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ еңбекке қабiлетсiз адамдардың өздеріне қамқоршылық жасалуына құқығы бар, оны көрсетілген орган бюджет қаражаты есебiнен қамтамасыз етуге мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргізетін органның еңбекке қабiлетсiз адамдарды қарау, күту және мемлекеттiк әлеуметтiк көмек органдарына немесе медициналық ұйымға уақытша орналастыру жөнiндегi тапсырмасы қорғаншы және қамқоршы орган, сондай-ақ аталған ұйымдардың басшылары үшiн мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргізетін орган кәмелетке толмаған және еңбекке қабiлетсiз адамдарға қамқоршылық жасауды осы адамдардың келiсiмiмен олардың туыстарына сенiп тапсыруға құқылы.
2. Күзетпен ұсталуының, сол сияқты қылмыстық процестi жүргізетін органның басқа да әрекеттерiнiң нәтижесiнде мүлкi қараусыз қалған адамның өз мүлкiнің және өзіне тиесiлi жануарлардың қарауда болуына құқығы бар, оны көрсетілген лауазымды адам осы адамға оның өтiнуi бойынша және оның есебiнен қамтамасыз етуге мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргізетін органның адамның мүлкi мен оған тиесiлi жануарларға қарауды ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасы тиiстi мемлекеттiк органдар мен ұйымдар үшiн мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргізетін орган бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған адамға немесе басқа да мүдделi адамға осы бапқа сәйкес қолданылған шаралар туралы дереу хабарлайды.
19-тарау. ӨЗГЕ ДЕ ПРОЦЕСТІК МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫ
155-бап. Өзге де процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану
үшін негіздер
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган осы Кодексте көзделген қылмыстық істер бойынша тергеп-тексерудің, сот талқылауының тәртібін, үкімнің тиісті түрде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға осы Кодекстің 18-тарауында көзделген бұлтартпау шараларының орнына немесе солармен қатар өзге де процестік мәжбүрлеу шараларын: келу туралы міндеттемені, күштеп әкелуді, лауазымынан уақытша шеттетуді, мүлкіне тыйым салуды, жақындауға тыйым салуды қолдануға құқылы.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган осы Кодексте көзделген жағдайларда жәбірленушіге, куәға және іске қатысатын басқа да адамдарға процестік мәжбүрлеу шараларын: келу туралы міндеттемені, күштеп әкелуді, ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
156-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын
адамға және сотқа келу туралы мiндеттеме
1. Бұлтартпау шарасын қолдануға қажеттік болмаған, бұлтартпау шарасы қолданылмаған күдікті, айыпталушы тергеу әрекеттеріне немесе сот талқылауына қатысудан жалтаруы мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде не олар шақыру бойынша дәлелді себептерсіз іс жүзінде келмеген кезде аталған адамдардан шақыру бойынша қылмыстық қудалау органына немесе сотқа уақтылы келу, ал тұрғылықты жерін өзгерткен жағдайда ол туралы дереу хабарлау жөнінде жазбаша міндеттеме алып қойылуы мүмкін. Келу туралы міндеттеме алып қойылған кезде күдіктіге, айыпталушыға оны орындамаудың осы Кодекстің 140-бабының төртінші бөлігінде көзделген салдарлары туралы ескертіледі.
2. Қылмыстық қудалау органына не сотқа келу туралы жазбаша міндеттеме жәбірленушіден де және куәдан да алынуы мүмкін.
3. Келу туралы міндеттеме орындалмаған кезде осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы және бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.
4. Келу туралы міндеттеме орындалмаған кезде осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдарға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
157-бап. Күштеп әкелу
1. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә, жәбiрленушi шақыру бойынша дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда, олар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, соттың уәждi қаулысы бойынша күштеп әкелінуі (мәжбүрлеп жеткізілуі) мүмкін.
2. Шақырту туралы тиiсті түрде хабарланған адамның келмеуiнiң дәлелдi себептерi болып: адамды келу мүмкiндiгiнен айырған ауруы, жақын туыстарының қайтыс болуы, дүлей зілзала, адамды белгіленген уақытта келу мүмкiндiгiнен айыратын өзге де себептер танылады. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә және жәбiрленушi шақыру бойынша белгіленген мерзiмде келуге кедергi келтiретiн дәлелдi себептер туралы өздерiн шақырған органға хабарлауға мiндеттi.
3. Күштеп әкелу туралы қаулы күдіктіге, айыпталушыға, сондай-ақ куәға және жәбiрленушiге оны орындаудың алдында хабарланады, бұл олардың қаулыға қол қоюымен куәландырылады.
4. Күштеп әкелуді түнгi уақытта жүргiзуге болмайды.
5. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар, ал он сегiз жасқа толмаған адамдар – олардың заңды өкiлiне хабарланбастан, жүктi әйелдер, сондай-ақ дәрiгердiң куәландыруына жататын денсаулық жағдайы бойынша өзiнiң жатқан орнынан кете алмайтын немесе кетпеуге тиiс науқастар күштеп әкелінуге жатпайды.
6. Соттың күштеп әкелу туралы қаулысын – сот приставы немесе iшкi iстер органы; прокурордың, анықтаушының, тергеушiнiң қаулысын анықтау, алдын ала тергеу жүргiзетiн орган немесе iшкi iстер органы орындайды.
158-бап. Лауазымынан уақытша шеттету
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде – тергеу судьясы немесе сот ісін жүргізу кезінде сот, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін негіздер болмаған кезде күдікті, айыпталушы, сотталушы осы лауазымда қала отырып, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға, қылмыспен келтiрiлген залалды өтеуге кедергi келтіреді немесе осы лауазымда болуымен байланысты қылмыстық іс-әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны лауазымынан шеттетуге құқылы.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында лауазымынан уақытша шеттету туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады және оны прокурорға жібереді.
Қаулыға қылмыстық істің лауазымынан шеттету қажеттігін растайтын материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
3. Прокурор ұсынылған материалдарды қарап, өтінішхатты қолдайды не оны қолдаудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Прокурор өтінішхатты қолдаған кезде өтінішхат пен іс материалдарының көшірмесін сотқа жібереді.
4. Тергеу судьясы лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау туралы өтінішхатты ол сотқа келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде тараптардың қатысуынсыз жеке-дара қарайды.
5. Тергеу судьясы өтінішхат пен ұсынылған іс материалдарын қарап, лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау туралы қаулыға не одан бас тартуға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
6. Күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны лауазымынан уақытша шеттету туралы қаулы оның жұмыс орны бойынша ұйым басшысына жiберiледi, ол қаулыны алғаннан кейiн үш тәулiк iшiнде оны орындауға және лауазымынан шеттету туралы өтінішхат мәлімдеген адамға ол туралы хабарлауға мiндеттi.
7. Лауазымынан шеттетiлген күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, егер олар өздеріне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа лауазымда iстей алмаса немесе басқа жұмысқа кiре алмаса, ең төмен бір жалақы мөлшерiнен кем емес ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақыға құқығы бар.
8. Лауазымынан уақытша шеттету шарасының күшін жою прокурордың келісімімен қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысымен жүзеге асырылады не қылмыстық істі сотта қарау барысында осы шараның қажеттігі болмай қалған кезде сот оның күшін жояды.
159-бап. Ақшалай өндіріп алу
Осы Кодекстiң 71, 78, 80, 81, 82, 90, 142, 144, 156 және 165-баптарында көзделген процестік мiндеттерді орындамағаны және сот отырысында тәртiп бұзғаны үшiн, адвокатты, прокурор мен сотталушыны қоспағанда, жәбiрленушiге, куәға, маманға, аудармашыға және өзге де адамдарға осы Кодекстің 160-бабында белгіленген мөлшерде және тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
160-бап. Ақшалай өндіріп алуды қолдану тәртібі
1. Осы Кодекстің 159-бабында аталған жағдайларда сот ақшалай өндіріп алуды қолданады.
2. Егер тиісті бұзушылыққа сот отырысы барысында жол берілсе, онда сот өндіріп алуды осы бұзушылық анықталған сол бір сот отырысында қолданады, соттың ол туралы қаулысы шығарылады.
3. Тиісті бұзушылыққа сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жол берілген болса, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам немесе прокурор бұзушылық туралы хаттама жасап, оны тергеу судьясына жібереді, ол оны сотқа келіп түскен кезден бастап бір тәулік ішінде қарайды. Сот отырысына өзіне ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін тұлға шақыртылады. Бұзушылық жасаған адамның дәлелді себептерсіз келмей қалуы хаттаманы қарауға кедергі болмайды.
4. Судья хаттаманы қарау нәтижесі бойынша елу айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдану немесе оны қолданудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Қаулының көшірмесі хаттаманы жасаған адамға және ақшалай өндіріп алу қолданылған адамға жіберіледі.
5. Сот ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде қаулының орындалуын үш айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға немесе ұзартуға құқылы.
161-бап. Мүлiкке тыйым салу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам үкiмдi азаматтық талап қою, басқа да мүлiктiк өндіріп алу немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгiнде орындауды қамтамасыз ету мақсатында мүлікке тыйым салу шараларын қолдануға міндетті.
Егер азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету негіздері сот тергеуі кезеңінде туындаса, сот үкім заңды күшіне енгенге дейін оны қамтамасыз ету шараларын қолдануға құқылы.
Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурордың келісімімен он күннен аспайтын мерзімге мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгілеуге құқылы.
2. Мүлiкке тыйым салу оның меншiк иесiне немесе иеленушiсiне арналған, осы мүлікке билiк етуге, ал қажет болған жағдайларда оны пайдалануға тыйым салудан не мүлiктi алып қоюдан және оны сақтауға беруден тұрады.
3. Тәркіленуге жататын мүлікті қарап-тексеру және сақтау тәртібі осы Кодекстің 221-бабында айқындалады.
4. Үкімді күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын, Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңдарында көзделген жағдайларда міндеттемелері қайта құрылымдануға жататын, қаржы ұйымдарының кредиторлары болып табылатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы азаматтық талап қою бөлігінде орындауды қамтамасыз ету шараларын қолдануға жол берілмейді.
5. Азаматтық талапкер немесе прокурор қойған азаматтық талапты қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүлiктiң құны талап қоюдың бағасынан аса алмайды.
6. Бiрнеше күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттерi үшін жауап беретiн тұлғалардың әрқайсысынан тыйым салынуға жататын мүлiктiң үлесiн айқындау кезiнде күдіктіге, айыпталушыға таңылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу дәрежесi ескерiледi, алайда, егер басқаларда мүлік болмаса, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тиiстi тұлғалардың бiрiнiң мүлкiне де толық мөлшерде тыйым салынуы мүмкiн.
7. Бiрiншi қажеттiлiк заттары болып табылатын мүлікке, сондай-ақ тізбесі заңнамада айқындалатын өзге де нәрселерге тыйым салуға болмайды.
8. Егер басқа тұлғалардағы мүлік күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде алынған не қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралы ретінде немесе экстремизмді, терроризмді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскери құралымды, қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыру үшін пайдаланылған не пайдаланылуға арналған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, ол мүлікке тыйым салынуы мүмкін.
Басқа тұлғалар күдіктінің, айыпталушының, сотталушының әрекеттерімен келтірілген зиян үшін заңға сәйкес материалдық жауаптылықта болған жағдайларда, олардың да мүлкіне тыйым салынуы мүмкін.
9. Тыйым салынуға жататын мүлік жасырылуы немесе жоғалтылуы мүмкін деп пайымдауға негіз болған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам соттың санкциясын алғанға дейін прокурорды және сотты жиырма төрт сағаттың ішінде хабардар ете отырып, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасасуды тоқтата тұру туралы қаулы шығаруға құқылы не осы мүлік алып қойылуы мүмкін.
162-бап. Мүлікке тыйым салу тәртібі
1. Мүлікке тыйым салу қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күдіктінің немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады.
Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын, қылмыстық істің куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулыда қылмыстық құқық бұзушылықтың қысқаша фабуласы, саралануы, күдікті, айыпталушы немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауапты тұлға туралы деректер, қойылған талап болған кезде тыйым салу ұсынылатын мүліктің құны, оның тұрған жері және мүлікке тыйым салу қажеттігі туралы түйіндер қамтылады.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулысы және оның материалдары тыйым салынуға жататын мүлік анықталған кезден бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей прокурорға ұсынылуға тиіс.
3. Прокурор мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдау туралы мәселені шешкен кезде мүлікке тыйым салу негіздерін қамтитын барлық материалдармен танысуға міндетті. Өтінішхат келіп түскеннен кейін алты сағат ішінде прокурор мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдау және қаулы мен тиісті материалдарды сотқа жіберу туралы шешім қабылдайды немесе өтінішхатты қолдаудан бас тартады.
4. Мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдаған жағдайда прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысымен келіседі, ал бас тартқан жағдайда уәжді қаулы шығарады.
5. Прокурордың мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдаудан бас тарту туралы қаулысына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жоғары тұрған прокурорға не өзінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар осы Кодекстің 105-бабының тәртібімен шағым жасауы мүмкін.
163-бап. Мүлікке тыйым салуды санкциялау тәртібі
1. Мүлікке тыйым салуды санкциялау құқығы – аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлiкке тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы прокурор қолдаған қаулысы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жері бойынша не күдіктінің, айыпталушының мүліктері анықталған жері бойынша прокурордың қатысуымен сот отырысында аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясының жеке-дара қарауына жатады. Сот отырысына, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының қорғаушысы және мүлік құнын айқындайтын маман қатысуға құқылы. Сот процеске қатысушыларға сот отырысының орны мен уақыты туралы уақтылы хабарлаған жағдайда, олардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
3. Тергеу судьясы отырыстың басында қандай өтінішхаттың қаралуға жататынын хабарлайды, сот отырысына келген тұлғаларға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан кейін прокурор мүлікке тыйым салуды санкциялау қажеттігін негіздейді, содан кейін сот отырысына келген басқа да тұлғалар тыңдалады.
4. Тергеу судьясы мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты қарап, мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салу туралы мәселені шешу кезінде тергеу судьясы мүліктің күдіктіге, айыпталушыға тиесілі екенін немесе оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылғанын не қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынғанын куәландыратын нақты мән-жайларды көрсетуге тиіс.
Мүліктің қылмыстық жолмен алынғаны туралы анық деректер бар болған, бірақ бұл мүлікті анықтау мүмкін болмаған кезде тергеу судьясы оған құны бойынша баламалы басқа мүлікке тыйым салуға құқылы.
5. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынуға жататын мүлiк, сотқа дейінгі iс жүргiзу барысында оның қаншалықты анықталғаны, сондай-ақ азаматтық талап қоюды қамтамасыз етуде тыйым салу жеткiлiктi болатын мүлiктiң құны, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін мүлікті сақтау орны туралы мәлімет көрсетiлуге тиiс.
Қажет болған кезде мүлікке тыйым салу туралы қаулы орындалуы үшін тиісті уәкілетті органға жіберілуі мүмкін.
6. Тергеу судьясының мүлікке тыйым салу туралы қаулысы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, күдіктіге немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндетыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауаптылықта болатын тұлғаға, сондай-ақ прокурорға, азаматтық талапкерге, жәбірленушіге жіберіледі.
7. Судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын сот орындаушысы орындайды.
8. Сот орындаушысы судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын орындау үшін мүліктің бар-жоғын тексереді, оның тізімдемесін жасайды, билігінде осы мүлік жатқан тұлғаларға мүлікті талан-таражға салуға немесе онымен өзге де әрекеттер жасауға жол берілмейтіні туралы жазбаша түрде ескертеді не тыйым салынуы мүмкін мүліктің жоқ екені туралы акт жасайды.
9. Мүлiкке тыйым салған кезде мүлiктiң құнын айқындайтын маман қатысуы мүмкін.
10. Мүліктің меншiк иесi немесе иеленушiсі қандай нәрселерге бiрiншi кезекте тыйым салу қажеттiгiн ұсынуға құқылы.
11. Тыйым салынған мүлiк алып қойылуы не тергеу судьясының қалауы бойынша жергiлiктi әкiмшiлiктiң, тұрғынжай-пайдалану ұйымының өкiлiне, осы мүлiктiң иеленушiсіне немесе өзге де тұлғаға сақтауға берiлуi мүмкiн, оларға мүлiктiң сақталуына жауапты екендігі ескертiлуге тиiс, бұл туралы қолхат алынады.
12. Банктердегi және кредиттік мекемелердегi шоттар мен салымдардағы ақшаға және өзге де құндылықтарға тыйым салу кезiнде осы шот бойынша шығыс операциялары тыйым салынған қаражат шегiнде тоқтатылады.
13. Мүлікке тыйым салуға қажеттілік жойылған кезде бұл шараның күші жойылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде тергеу судьясы санкциялаған мүлiкке тыйым салудың күшін жою қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысы негізінде прокурордың келісімімен жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |