Қазақстан Республикасынормативтік құқықтық актілерініңақпараттық-құқықтық жүйесі


-бап. Әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының



бет12/42
Дата25.06.2016
өлшемі0.74 Mb.
#157316
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   42
143-бап. Әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының
                байқауда ұстауы

      1. Әскери бөлім қолбасшылығының әскери қызметшiлер немесе оқу жиынына шақырылған әскери мiндеттiлер болып табылатын күдіктілерді, айыпталушыларды байқауда ұстауы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жарғыларында көзделген және осы адамның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ете алатын шараларды қолданудан тұрады.


      2. Әскери бөлiмнің қолбасшылығына осы бұлтартпау шарасы таңдалған күдіктің мәнi туралы хабарланады. Әскери бөлiмнің басшылығы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға байқауда ұстаудың орнатылғаны туралы жазбаша хабарлайды.
      3. Күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы таңдалған әрекеттердi жасаған жағдайда, әскери бөлiмнің қолбасшылығы ол туралы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға дереу хабарлауға мiндеттi.
      4. Өздерiне жүктелген байқауда ұстау жөнiндегi мiндеттердiң орындалмауына кiнәлi адамдар заңнамада көзделген тәртiптiк жауаптылықта болады.
      5. Осы бұлтартпау шарасы қолданылған кезеңде күдіктіні, айыпталушыны жауынгерлік кезекшілікке, жауынгерлік немесе қарауыл қызметін, гарнизон нарядының немесе бөлімнің (бөлімшенің) тәуліктік нарядының құрамында қызмет атқаруға тартуға жол берілмейді.

      144-бап. Кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру

      1. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының немесе басқа да сенiмге лайық адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкiмшiлiгiнiң қарауда ұстауына беру көрсетілген адамдардың қайсыбiрiнiң өзіне кәмелетке толмағанның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ету, оның ішінде оның үйден тыс жерде болуын шектеу және қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз басқа жерге баруына жол бермеу жөнінде жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
      2. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының және басқа да тұлғалардың қарауда ұстауына беру олардың жазбаша өтiнiшхаты бойынша ғана мүмкiн болады.
      3. Қарауда ұстауға қабылдау туралы қолхат алынған кезде ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкімшілігінің өкiлдерi кәмелетке толмаған адам жасады деп күдік келтірілген қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты туралы және олардың қарауда ұстау бойынша өздерiне қабылдаған мiндеттерiн бұзған жағдайдағы жауаптылығы туралы хабардар етiледi.
      4. Қарауына кәмелетке толмаған адам берiлген тұлғалар өздері қабылдаған мiндеттемелерді орындамаған жағдайда, оларға осы Кодекстiң  160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.

      145-бап. Кепiл



      1. Кепiл сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адамның, прокурордың немесе соттың шақыруы бойынша оларға күдiктiнiң, айыпталушының келуi жөнiндегi мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету үшiн сот депозитiне күдiктiнiң, айыпталушының өзiнiң не басқа адамның ақша енгiзуiнен тұрады. Тыйым салынатын басқа да құндылықтар, жылжитын және жылжымайтын мүлiк кепiл ретiнде қабылдануы мүмкiн. Кепiлдiң құндылығын және ауыртпалықтың жоқ екендiгiн дәлелдеу кепiлгерге жүктеледi. Аса ауыр қылмыстар жасады деп күдiк келтiрiлген адамдарға қатысты, сондай-ақ осы Кодекстің 148-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген жағдайларда кепiл қолданылмайды.
      2. Кепiл прокурордың санкциясымен не соттың, тергеу судьясының қаулысы бойынша ғана қолданылады.
      3. Кепiлдiң мөлшерi күдіктің ауырлығы, күдіктінің, айыпталушының жеке басы, қылмыстық іс-әрекеттің сипаты, кепіл берушінің мүліктік жағдайы ескеріле отырып айқындалады және: онша ауыр емес қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде – айлық есептiк көрсеткiштiң елу еселенген мөлшерiнен; ауырлығы орташа қылмысты абайсызда жасады деп күдік келтірілген кезде – айлық есептiк көрсеткiштің бір жүз елу еселенген мөлшерiнен; ауырлығы орташа қылмысты қасақана жасады деп күдік келтірген кезде – айлық есептiк көрсеткiштің екі жүз елу еселенген мөлшерiнен; ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде – айлық есептiк көрсеткiштің бес жүз еселенген мөлшерiнен кем бола алмайды.
      Айрықша жағдайларда, кепіл мөлшері мыналарға:
      1) асырауында кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, мүгедек туыстары бар, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы болып табылатын адамдарға;
      2) тұрақты табыс көзі жоқ адамдарға;
      3) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын, сондай-ақ бюджет есебінен әртүрлі әлеуметтік көмек түрлерін алатын адамдарға;
      4) кәмелетке толмағандар мен зейнеткерлік жастағы адамдарға қатысты төменгі мөлшерден аз мөлшерде қолданылуы мүмкін не осы сомаға баламалы өзге мүлік қабылдануы мүмкін.
      4. Күзетпен ұсталмайтын күдікті, айыпталушы, сотталушы не басқа тұлға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған, қолданылған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірмей тиісті шотқа қаражат салуға және растайтын құжатты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, сотқа ұсынуға міндетті.
      5. Кепіл ретінде басқа да құндылықтар, жылжитын немесе жылжымайтын мүлік берілген кезде кепіл беруші сол мерзімде оларды құқық белгілейтін құжаттарымен бірге қылмыстық процесті жүргізетін органға беруге міндетті.
      Осы Кодекстің 128-бабында көзделген тәртіппен ұсталған күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жағдайда, кепіл іс жүзінде енгізілгенге дейін тергеу судьясы осы Кодекстің 148-бабының жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады.
      Бұрын таңдалған күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы кепілмен ауыстырылған жағдайда, күдікті, айыпталушы кепіл іс жүзінде енгізілгеннен кейін ғана күзетілуден босатылады. Егер бұл кезге қарай осы Кодексте көзделген күзетпен ұстау мерзімдері біткен болса, онда олар кепіл енгізілгенге дейін ұзартылады.
      6. Кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған кезде күдіктіге, айыпталушыға – олардың міндеттері және оларды орындамаудың салдары, ал айыпталушы, күдікті болып табылмайтын кепіл берушіге – адамның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілетіні, айыпталатыны, жасалған іс-әрекет үшін заңда көзделген жаза, күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер және олардың шақыру бойынша келуі, сондай-ақ осы міндеттерді орындамаудың салдары түсіндіріледі.
      7. Кепiлдiң қабылданғаны туралы хаттама жасалады, онда – күдіктіге, айыпталушыға шақыру бойынша келу туралы міндеттердің түсiндiрiлгенi, ал кепiл берушiге күдікті, айыпталушы шақыру бойынша келуден жалтарған жағдайда кепiл мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылатыны туралы ескертiлгенi атап көрсетіледі. Хаттамаға осы бұлтартпау шарасын таңдаған лауазымды адам, күдікті, айыпталушы, сондай-ақ кепіл беруші басқа тұлға болса, ол қол қояды. Хаттама және соттың депозитiне кепiлдің салынғаны туралы құжат iс материалдарына қосып тігіледі, ал кепiл берушiге хаттаманың көшiрмесi табыс етіледі.
      8. Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған адамға қатысты осы Кодекстің 148-бабыныңсегізінші бөлігінде көзделген тәртіппен шығарылған қаулысына сәйкес кепіл енгізілген жағдайда, күзетпен ұстау орнының бастығы күдіктіге, айыпталушыға кепіл жөніндегі міндеттерді және оларды орындамаудың салдарын түсіндіруді жүзеге асырады.
      9. Егер күдікті, айыпталушы өздеріне жүктелген міндеттерді бұзбаса, бірақ күдіктіге, айыпталушыға қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылса, қылмыстық іс бойынша үкім немесе іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылса, кепіл берушіге кепіл нысанасы дереу қайтарылады.
      Егер күдікті, айыпталушы кепіл беруші болып табылса, сот азаматтық талап қоюдың, процестік шығындардың және өзге де мүліктік өндіріп алу қажеттігінің болуы кезінде кепіл тағдыры туралы мәселені қарай отырып, прокурордың өтінішхаты бойынша кепіл нысанасына не оның бір бөлігіне өндіріп алуды қолдану туралы шешім қабылдауға құқылы.
      Күдікті, айыпталушы болып табылмайтын кепіл беруші енгізген кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану оның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.
      10. Күдікті, айыпталушы үшін кепіл енгізген тұлға күдіктінің, айыпталушының қылмыстық процесті жүргізетін органға келуі жөніндегі міндеттерді орындауын бұдан әрі қамтамасыз етуге жағдайы келмейтіні туралы жазбаша өтініш жасаған жағдайда, егер күдікті, айыпталушы көрсетілген міндеттерді бұзбаған болса, кепіл нысанасы дереу қайтарылуға жатады.
      Қылмыстық істі түпкілікті шешетін үкім немесе қаулы шығарылған кезде, тиісінше, сот немесе қылмыстық қудалау органы сонымен бір мезгілде кепіл нысанасының тағдырын шешеді.
      11. Күдікті, айыпталушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттерді дәлелді себептерсіз орындамаған жағдайда, прокурор тергеу судьясына кепілді мемлекет кірісіне айналдыру туралы өтінішхат жібереді.
      Сот тиісті шешім қабылдайды, оған кепіл беруші осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жоғары тұрған сотқа шағым жасауы мүмкін.
      12. Кепіл нысанасы қайтарылған кезде кепіл берушіден кепілдің сақталуын қамтамасыз етуге жұмсалған сома өндіріп алынады.
      13. Кепілді қабылдау, сақтау, өткізу және мемлекет кірісіне айналдыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 145-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      146-бап. Үйқамақ

      1. Үйқамақ күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстамай, бірақ осы Кодекстің 147-бабында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен судья белгілеген шектеулер қолданыла отырып, оларды қоғамнан оқшаулауды білдіреді.
      2. Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты үйқамақ қолданылған кезде бір немесе бірнеше шектеу:
      1) тұрғынжайдан барлық уақытта немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салу;
      2) осы бөліктің 5) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, телефонмен сөйлесуге, хат-хабар жөнелтуге және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салу;
      3) белгілі бір адамдармен араласуға және кімді болса да үйінде қабылдауға тыйым салу;
      4) электрондық бақылау құралдарын қолдану және осы құралдарды өзімен бірге алып жүру міндетін жүктеу;
      5) бақылау мақсатындағы телефон қоңырауларына немесе өзге де бақылау сигналдарына жауап беру, анықтау органына немесе күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының мінез-құлқын қадағалауды жүзеге асыратын басқа да органға телефон шалу немесе оларға белгілі бір уақытта жеке өзінің келу міндеттерін жүктеу;
      6) күдіктіге, айыпталушыға немесе олардың тұрғынжайына байқау орнату, сондай-ақ олардың тұрғынжайына немесе оларға тұрғынжай ретінде бөліп берілген үй-жайға күзет қою;
      7) күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын және қоғамнан оқшаулануын қамтамасыз ететін басқа да шаралар қолданылуы мүмкін.
      Қажет болған кезде күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын қадағалау орнатылады.
      Қамақтағы адамның тұрғынжайдан шығуына белгіленген шектеулерді сақтауын қадағалауды жүзеге асырған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган тәуліктің кез келген уақытында оның тұрғылықты жерінде болуын тексеруге құқылы. Тексеру күндізгі уақытта екі реттен артық және түнгі уақытта бір реттен артық жүргізілмейді. Лауазымды адамның қамақтағы адамның тұрғынжайында болуына осы адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен жол беріледі және ол отыз минуттан аспауға тиіс.
      3. Соттың үйқамақ туралы қаулысында күдіктіге, айыпталушыға қолданылатын нақты шектеулер белгіленеді, сондай-ақ қадағалауды жүзеге асыратын орган немесе лауазымды адам көрсетiледi.
      4. Үйқамақтың мерзiмi, оны ұзарту тәртiбi осы Кодекстiң 151 және 547 – 551-баптарында белгiленген қағидаларда айқындалады.
      5. Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын орындау тәртібі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен айқындалады.

      147-бап. Күзетпен ұстау



      1. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және заңмен кемінде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, егер:
      1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
      2) оның жеке басы анықталмаса;
      3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын немесе процестік мәжбүрлеу шарасын бұзса;
      4) ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекет жасаса немесе жасырынса;
      5) оған ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе;
      6) оның бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталғандығы болса;
      7) оның қылмыстық әрекетті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, заңда бес жылдан аз мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.
      2. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды таңдау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын, қылмыстық істің расталған көшірмелері қоса беріледі.
      Осы бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы, сот алдында оны қолдануды санкциялау туралы өтінішхат оған қоса берілген барлық материалдармен бірге ұстап алу мерзімі біткенге дейін он сегіз сағаттан кешіктірілмей прокурорға ұсынылуға тиіс.
      3. Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өтінішхатын қолдау, күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы мәселені шешу кезінде күзетпен ұстау үшін негіздерді қамтитын барлық материалдармен танысуға міндетті және күдіктіден, айыпталушыдан жауап алуға құқылы. Прокурор ұсынылған барлық материалдарды зерделеп:
      1) өтінішхатты қолдау және бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені шешу үшін материалдарды сотқа жіберу туралы;
      2) өтінішхатты қолдаудан бас тарту және күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға негіздің болмауына байланысты күдіктіні күзетпен ұстаудан босату туралы;
      3) өтінішхатты қолдаудан бас тарту және қылмысты жасады деген күдіктің расталмауына байланысты күдіктіні босату туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қолдаған жағдайда, прокурор қылмыстық қудалау органының қаулысына келісім білдіреді. Бас тартқан жағдайда прокурор уәжді қаулы шығарады. Прокурор тергеу судьясына өзге бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат жіберуге құқылы.
      Күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы өтінішхатты қолдаудан бас тарту және күзетпен ұстаудан босату туралы қаулы мүдделі тұлғаларға жіберіледі. Көрсетілген қаулыға сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам не өзінің құқықтары мен мүдделерін немесе өзі өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар жоғары тұрған прокурорға осы Кодекстің  106-бабындакөзделген тәртіппен шағым жасай алады.
      4. Сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адамның күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы прокурормен келiсiлген қаулысы, сондай-ақ оның негiздiлiгiн растайтын материалдар ұстап алу мерзiмi аяқталардан бұрын он екi сағаттан кешіктірілмей тергеу судьясына ұсынылуға тиiс, бұл туралы мүдделi тұлғалар хабардар етiледi.
      Ескерту. 147-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      148-бап. Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі


                бұлтартпау шарасын санкциялау туралы
                өтінішхаттарды қарауы

      1. Күзетпен ұстауды санкциялау құқығы – аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда – облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.


      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Тергеу судьясы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап сегіз сағаттан кешіктірілмейтін мерзімде, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты осы Кодекстің 56-бабында айқындалған тәртіпті сақтай отырып, прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының қатысуымен қарайды. Сот отырысына заңды өкіл мен өкіл де қатысуға құқылы. Сот отырысының орны мен уақыты туралы сот уақтылы хабарлаған жағдайда, көрсетілген процеске қатысушылардың келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
      Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
      3. Күзетпен ұстауды санкциялауға байланысты мәселелерді шешкен кезде тергеу судьясы істің көрсетілген бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән-жайларға қатысты материалдарын зерттеумен шектеледі.
      Қажет болған жағдайда судья қылмыстық істі талап етіп алдыруға құқылы.
      4. Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты күдіктінің, айыпталушының қатысуынсыз қарауына күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жарияланған немесе олар Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болған және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған кезде қылмыстық процесті жүргізетін органға келуден жалтарған жағдайларда ғана жол беріледі. Ұстап алынған жағдайда күдікті, айыпталушы таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігін қарау үшін тергеу судьясына жеткізіледі.
      5. Тергеу судьясы отырыстың басында қандай өтінішхаттың қаралуға жататынын хабарлайды, сот отырысына келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан кейін прокурор күдіктіні күзетпен ұстауды бұлтартпау шарасы ретінде таңдаудың қажеттігін негіздейді, содан соң күдікті, айыпталушы және сот отырысына келген басқа да тұлғалар тыңдалады.
      Прокурордың осы өтінішхатын қарау барысында күдікті, айыпталушы және олардың мүддесінде қорғаушы үйқамақ немесе кепіл түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
      6. Тергеу судьясы үйқамақты, кепілді қолдануды санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарған жағдайда, прокурор оған осы Кодекстің 107-бабында белгіленген қағидалар бойынша наразылық білдіруге құқылы.
      7. Тергеу судьясы күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қарау нәтижесі бойынша күзетпен ұстауды санкциялау туралы не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Тергеу судьясы екі ай мерзімге күзетпен ұстауды санкциялау үшін жеткілікті негіздер барын байқамаса, он тәулікке дейінгі мерзімге күзетпен ұстауды не үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын немесе кепілді қолдануды санкциялауға құқылы.
      8. Тергеу судьясы, аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулы шығарған кезде осы баптың тоғызыншы бөлігінде көзделгеннен басқа жағдайларда, күдіктінің, айыпталушының осы Кодекстің 140-бабының үшінші бөлігінде көзделген міндеттерді орындауын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатын кепіл мөлшерін айқындауға міндетті.
      Тергеу судьясының, соттың қаулысында кепіл енгізілген жағдайда күдіктіге, айыпталушыға осы Кодекстің 140-бабындакөзделген міндеттердің қайсысы жүктелетіні, оларды орындамаудың салдары, кепіл мөлшерін таңдаудың негізділігі, сондай-ақ оны қолдану мүмкіндігі көрсетіледі.
      Күдікті, айыпталушы не басқа тұлға кепілді кез келген уақытта тергеу судьясының, соттың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулысында белгіленген мөлшерде енгізуге құқылы.
      9. Тергеу судьясы, сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулыны шығарған кезде:
      1) адамға жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қылмыс жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған;
      2) адамға қылмыстық топтың құрамында қылмыс, сондай-ақ өзге де террористік және (немесе) экстремистік қылмыстар жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған;
      3) күдікті, айыпталушы сот ісін жүргізуге кедергі жасайды немесе тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер бар болған;
      4) күдікті, айыпталушы бұрын таңдалған кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын бұзған жағдайларда, кепіл белгілемейді.
      10. Өзіне қатысты тергеу судьясының қаулысы шығарылған адамға сол қаулы дереу табыс етіледі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, жәбірленушіге және күдікті, айыпталушы отырған күзетпен ұстау орны мекемесінің бастығына жіберіледі және дереу орындалуға жатады.
      11. Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстауды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
      12. Аудандық немесе оған теңестірілген соттың күзетпен ұстауды санкциялаудан бас тарту туралы қаулысының күші жойылған жағдайда, облыстық немесе оған теңестірілген соттың күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстауды санкциялау туралы мәселені қарауы осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      13. Тергеу судьясы, сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарғаннан кейін күзетпен ұстау қажеттігін негіздейтін жаңа мән-жайлар туындаған кезде ғана сотқа нақ сол қылмыстық іс бойынша нақ сол адамға қатысты көрсетілген бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатпен қайтадан жүгінуге болады.
      14. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 135-бабында белгіленген тәртіппен, күдіктіге бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылғаны туралы оның туыстарын хабардар етуге міндетті.

      149-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау


                қолданылған күдіктілерді ұстау

      Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктілер тергеу изоляторларында ұсталады. Оларды ұстаудың тәртiбi мен жағдайлары заңнамада айқындалады.

      150-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау
                қолданылған күдіктілерді, айыпталушыларды және
                сотталушыларды ұстап алынғандар ұсталатын
                орындарда ұстау

      1. Өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны тергеу изоляторына жеткізу жердiң шалғайлығына немесе тиiстi қатынас жолдарының болмауы немесе тергеу әрекеттерiн жүргiзу немесе iстi сотта қарау қажеттігі салдарынан мүмкiн болмаған жағдайларда, мұндай адамдар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның прокурор не тергеу судьясы не сот бекіткен қаулысымен отыз тәулiкке дейiн – уақытша ұстау изоляторларында, ал әскери қызметшілер гауптвахтада ұсталуы мүмкін.


      Мұндай адамдарды күзетпен ұстаудың тәртiбi мен жағдайлары заңнамада айқындалады.
      2. Өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктіні, айыпталушыны және сотталушыны тергеу әрекеттерін жүргiзу үшiн бiр тергеу изоляторынан екінші бір тергеу изоляторына ауыстыру (этаппен апару) прокурордың қаулысы бойынша не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның прокурор бекіткен қаулысы бойынша жүзеге асырылады.

      151-бап. Күзетпен ұстау мерзiмдерi және оларды ұзарту


                тәртiбi

      1. Осы Кодексте көзделген ерекше жағдайлардан басқа, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күзетпен ұстау мерзімін екі айдан асыруға болмайды.


      2. Судья санкциялаған күзетпен ұстаудың қысқа мерзімін екі айға дейін ұзарту қажет болған кезде прокурор ол аяқталардан бір тәулік бұрын тергеу судьясына қосымша жиналған материалдары бар тиісті өтінішхатты енгізеді. Тергеп-тексеруді екі айға дейінгі мерзімде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда және бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою үшін негіздер болмаған кезде бұл мерзімді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның аудандық (қалалық) және оған теңестірілген прокурормен келісілген уәжді өтінішхаты бойынша тергеу судьясы – үш айға дейін, ал тергеп-тексеруді үш ай мерзімде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда және күдіктіні, айыпталушыны одан әрі күзетпен ұстау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен және олардың орынбасарларымен келісілген уәжді өтінішхаты бойынша тергеу судьясы тоғыз айға дейін ұзартуы мүмкін.
      3. Күзетпен ұстау мерзімін тоғыз айдан астам, бірақ он екі айдан аспайтын мерзімге дейін ұзартуды аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясы аса ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген адамдарға қатысты істің ерекше күрделілігіне орай, қылмыстық iстi өзінің іс жүргізуіне қабылдаған тергеу бөлімі бастығының не прокурордың не тергеу, жедел-тергеу тобы басшысының облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен келісілген уәжді өтінішхаты бойынша жүзеге асыруы мүмкін.
      4. Аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін он екі айдан астам, бірақ он сегіз айдан аспайтын мерзімге ұзартуына айрықша жағдайларда, аса ауыр қылмыстар, қылмыстық топтың құрамындағы қылмыстар, сондай-ақ өзге де террористік және (немесе) экстремистік қылмыстар жасады деп күдік келтірілген адамдарға қатысты, қылмыстық қудалау органының орталық аппаратының тергеу бөлімшесі басшысының не қылмыстық iстi өзінің іс жүргізуіне қабылдаған прокурордың, тергеу, жедел-тергеу тобы басшысының облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор бекіткен және Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен, оның орынбасарларымен келісілген уәжді өтінішхаты бойынша жол беріледі.
      5. Күзетпен ұстау мерзімін одан әрі ұзартуға жол берілмейді, күзетпен ұсталып отырған күдікті, айыпталушы дереу босатылуға жатады.
      6. Күзетпен ұстау мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы өтінішхат келісу үшін аудандық (қалалық) прокурорға және оған теңестірілген өзге де прокурорларға күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан он тәулік бұрын ұсынылады және прокурор өтінішхатты ол келіп түскен кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.
      7. Күзетпен ұстау мерзімін үш айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтінішхат келісу үшін прокурорға күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан он бес тәулік бұрын ұсынылуға тиіс және прокурор өтінішхатты ол келіп түскен кезден бастап бес тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.
      8. Күзетпен ұстау мерзімін он екі айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтінішхат келісу үшін прокурорға күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан жиырма тәулік бұрын ұсынылуға тиіс және ол келіп түскен кезден бастап бес тәуліктен аспайтын мерзімде қаралады.
      9. Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қарап, прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысына келісім береді және оны күзетпен ұстау мерзімін ұзартудың негізділігін растайтын қылмыстық істің материалдарымен бірге тиісті сотқа дереу жібереді не оны келісуден уәжді түрде бас тартады. Прокурор күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қолдамаған жағдайда, күдікті, айыпталушы күзетпен ұстау мерзімі аяқталғаннан кейін дереу босатылуға жатады.
      10. Күзетпен ұстау мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы өтінішхат сотқа – күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан жеті тәулік бұрын, күзетпен ұстау мерзімін үш айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтінішхат – он тәулік бұрын, күзетпен ұстау мерзімін он екі айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтінішхат – он бес тәулік бұрын ұсынылады.
      11. Қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болу мерзімін санкциялау туралы өтінішхат күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан бес тәулік бұрын келісу үшін прокурорға ұсынылуға тиіс және оны прокурор келіп түскен кезден бастап бір тәуліктен асырмай қарайды.
      Прокурор қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болуы мерзімін санкциялау туралы өтінішхатты қарап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысымен келіседі және оны күзетпен ұстау мерзімін санкциялау қажеттігін растайтын қылмыстық іс материалдарымен бірге дереу сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған жер бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясына жібереді. Прокурор күдіктінің күзетпен ұстауда болуы мерзімін санкциялау туралы өтінішхатты қолдамаған жағдайда, ол күзетілуден дереу босатылуға жатады.
      12. Қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстауда болу мерзімін санкциялау туралы өтінішхат тергеу судьясына күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан үш тәулік бұрын ұсынылады.

      



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет