555-бап. Кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы,
демпингке қарсы, өтемақы баждарын
төлеу мерзімдерін бұзу
Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.06.2015 № 317-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Төлеушілердің, оның ішінде кеден өкілі, уәкілетті экономикалық оператор мәртебесі бар тұлғалардың кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын белгіленген мерзімдерде төлемеуі, сол сияқты шартты түрде шығарылған тауарларды негізгі кедендік декларациялау үшін кедендік алымдарды, кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден босатуды беруге байланысты мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдалану кезінде, сондай-ақ кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын кезең-кезеңмен төлеуді көздейтін кедендік рәсімдерді жүргізуге тауарларды мәлімдеу кезінде кедендік декларацияны беру мерзімдері бұзылған жағдайда төлемеуі –
жеке тұлғаларға – отыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. 555-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.06.2015 № 317-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
556-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс
органының кедендік төлемдердің, салықтар мен
өсімпұлдардың төленуге тиісті сомаларын
белгіленген мерзімдерде төлеу туралы талабын
орындамау
Кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуді қамтамасыз ету тәсілдері қолданылған кезде төлеуші кедендік төлемдерді және салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайларда банктің, сақтандыру ұйымының, кепілгердің кедендік төлемдердің, салықтар мен өсімпұлдардың төленуге тиісті сомаларын белгіленген мерзімдерде төлеу туралы мемлекеттік кіріс органының талабын орындамауы –
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
557-бап. Банктердің және банк операцияларының жекелеген
түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан
Республикасы мемлекеттік кіріс органдарының
шешiмдерiн орындамауы
Мемлекеттік кіріс органдарының кедендік төлемдердi, салықтарды және өсімпұлдарды өндiрiп алу туралы немесе кедендiк төлемдерді, салықтарды және өсімпұлдарды төлеушiнiң шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешiмдерiн банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың кiнәсiнен орындамау
заңды тұлғаларға екi жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
558-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс
органдарының талаптарын орындамау
Кедендік декларациялауды, кедендік жете тексеруді, кедендік декларацияларды тексеруді, кедендік тексеруді жүзеге асыру, тауарлармен және көлік құралдарымен жүк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізу кезінде кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың және өзге де тұлғалардың Кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген, мемлекеттік кіріс органдары мен олардың лауазымды адамдарының талаптарын, сондай-ақ кедендік бақылау үшін қажетті өзге де талаптарды орындамауы -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
30-тарау. КӨЛІКТЕГІ, ЖОЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ
БҰЗУШЫЛЫҚТАР
559-бап. Темiржол көлiгiнде қозғалыс қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу
1. Темiржол арқылы ат-арба көлігімен (шаналармен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу -
ескерту жасауға немесе бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Темiржолды, қорғаныштық ағаш екпелерін, қардан қорғайтын қоршауларды және басқа да жол объектiлерiн, сигнал беру және байланыс құрылыстары мен құрылғыларын бүлдiру –
жеке тұлғаларға – бес, заңды тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жүктердi тиеу және түсiру кезiнде белгiленген көлемдердi сақтамау –
жеке тұлғаларға – бес, заңды тұлғаларға он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Темiржолдарға поездар қозғалысының бұзылуын туындатуы мүмкін заттар төсеу, тастау немесе қалдыру –
жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Белгiленбеген жерлерде темiржол арқылы өту –
ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Қазақстан Республикасының темiржол көлігі туралы заңнамасының талаптарын
1) теміржол желісінің станциялық және магистральдық жолдарын және темір жол кірме жолдарын күтіп-ұстау;
2) теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жылжымалы составты, техникалық құралдарды, теміржолдың жасанды құрылыстарын күтіп-ұстау, пайдалану және жөндеу кезінде жасалған бұзушылық –
жеке тұлғаларға – үш, лауазымды адамдарға – жеті, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – сегіз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларын жылжымалы теміржол составының қалпына келтіруге келмейтін жағдайға дейін зақымдануына әкеп соққан бұзушылық –
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларын соның салдарынан жылжымалы составты ағыту және жөндеуге беру талап етілетін көлемде зақымдауға жол берілген бұзушылық –
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Тасымалдау процесіне қатысушылардың уәкілетті органға теміржолдардағы қауіпсіздік бойынша жол берілген бұзушылықтар туралы ақпаратты теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларында белгіленген мерзімдерде бермеуі -
лауазымды адамдарға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
560-бап. Темiржол көлiгi құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу
1. Жүк поездарында заңсыз жүрiп-тұру, поезд жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, қажетсiз ретте поезды заңсыз тоқтату –
жеке тұлғаларға бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Поездар вагондарының терезелерi мен есiктерiнен қоқыстарды және өзге де заттарды тастау, поезд жүрiп бара жатқан кезде сыртқы есiктердi заңсыз ашу –
жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
561-бап. Жылжымалы теміржол составын мемлекеттік
тіркеусіз немесе қайта тіркеусіз пайдалану
1. Жылжымалы теміржол составын уәкілетті органда мемлекеттік тіркеусіз немесе қайта тіркеусіз пайдалану -
жеке тұлғаларға – екі, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жеті, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) –
жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – жеті, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
562-бап. Ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарын және
олардың iшкi жабдығын бүлдiру
Ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарын, атап айтқанда, темiржол көлiгiнде жолаушылар вагондарын және локомотивтердi, теңiз және өзен көлiгiнде кемелердi, автобустарды, троллейбустарды, трамвайларды бүлдiру, сондай-ақ олардың iшкi жабдығын бүлдiру –
жеке тұлғаларға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
563-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін
пайдалану тәртібін бұзу
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану, атап айтқанда әуе кемелерінің және басқа да ұшу аппараттарының ұшуы, Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде атыстың, зымырандар ұшырудың барлық түрлерiн өткiзу, жарылыс жұмыстары және материалдық объектiлердiң қозғалуымен байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн:
1) ұшу жоспарын ұсынбай (бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде хабардар етпей) және (немесе) ұшуды орындауға рұқсатсыз және (немесе) әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қызметті жүзеге асыруға рұқсатсыз қызметті жүзеге асыру;
2) саны рұқсатта көрсетілгеннен артық әуе кемелері тобының ұшуы;
3) әуе кемелерінің әуе кеңiстiгiн пайдалану режимдерін сақтамауы;
4) мәжбүрлі түрде қону және қосалқы әуеайлаққа жіберу жағдайларынан басқа, әуе кемелерінің ұшу жоспарында көрсетілмеген әуеайлаққа қонуы;
5) әуе кемесінің Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің рұқсатынсыз, тыйым салынған аймақ және шек қойылған аймақ аумағының үстінен ұшып өтуі;
6) ұшу қауіпсіздігіне анық қатер төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе кемелерінің тік, ұзына бойына, қапталдан эшелондауды сақтамауы, әуе трассаларынан, жергілікті әуе желілерінен, маршрут осьтерінен белгіленген нормалардан артық қашықтыққа ауытқуы;
7) ұшу қауіпсіздігіне анық қатер төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе кеңістігін пайдаланушылардың әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару органдарының командаларын орындамауы түрінде жасалған бұзушылық -
жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер -
құқық бұзушылық жасаудың құралы болған зат тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – он бес, лауазымды адамдарға жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
564-бап. Ұшу қауіпсіздігі қағидаларын бұзу
1. Әуеайлақ ауданында әуеайлақтарды тану үшін қабылданған таңбалық белгілер мен құрылғыларға ұқсайтын қандай да бір белгілер мен құрылғыларды орналастыру немесе әуежай, әуеайлақ әкімшілігінің рұқсатынсыз пиротехникалық бұйымдарды жағу немесе құстардың топталып жиналуына ықпал ететін, әуе кемелерінің ұшуы үшін қауіпті объектілер орнату –
жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ғимараттар мен құрылыстарда түнде және күндіз көрінетін таңбалық белгілерді немесе құрылғыларды орналастыру туралы қағидаларды орындамау –
жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Әуеайлақ жабдығын, әуеайлақ белгілерін, әуе кемелері мен олардың жабдығын бүлдіру –
жеке тұлғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Әуежайлардың (аэровокзалдардан басқа), әуеайлақтардың, ұшуды радиомен және жарықпен қамтамасыз ету объектілерінің аумағы бойынша тиісті рұқсатсыз жүріп өту немесе көлікпен өту –
жеке тұлғаларға бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Жолаушының әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігі қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай туындатса, –
жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
565-бап. Кәсіптік даярлықтан өтпеген не тиісті біліктілігі жоқ авиация персоналын жұмысқа жіберу
Кәсіптік даярлықтан өтпеген не тиісті біліктілігі жоқ авиация персоналын жұмысқа жіберу –
лауазымды адамдарға – қырық, заңды тұлғаларға алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
566-бап. Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу
1. Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын әуе кемесіндегі адамның әуе кемесі командирінің немесе экипаждың басқа да мүшелерінің өкімдерін орындамауы түрінде жасаған бұзуы, егер осы адамның іс-әрекеті ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірмесе, –
үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ұшудың барлық кезеңдерінде әуе кемесінің бортында ұялы, транкингтік байланыс қызметтерін, әуе кемесін жермен жүру, биіктікті алу, қонуға бет алу кезеңдерінде тұрмыстық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану -
ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірiншi және екінші бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер –
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
567-бап. Тасымалдаушының кінәсінан рейс орындалмаған
немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш
келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан
рейс кідіртілген, орындалмаған кезде
тасымалдаушының жолаушыға қызметтер көрсету
жөніндегі міндеттерді орындамауы не тиісінше
орындамауы
1. Тасымалдаушының кінәсінан рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідіртілген, орындалмаған кезде тасымалдаушының Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жолаушыға қызметтер көрсету жөніндегі міндеттерді орындамауы не тиісінше орындамауы –
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) –
бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
568-бап. Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны қасақана
жасыру
Авиациялық оқиғаны, оқыс оқиғаны немесе бұлар туралы мәліметтерді қасақана жасыру не ақпаратты бұрмалау не борттағы немесе жерүстіндегі объективтік бақылау құралдарын немесе авиациялық оқиғамен немесе оқыс оқиғамен байланысты басқа да дәлелдеме материалдарды бүлдіру немесе жою –
жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға – отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
569-бап. Әуе кемелерін пайдаланудың қауіпсіздік
қағидаларын бұзу
1. Осы баптың екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, әуе кемелерін ұшуды орындауға жіберу тәртібін не ұшуға дайындау және оны орындау қағидаларын бұзу, егер бұл әрекеттер абайсызда жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқса, –
жеке тұлғаларға әуе кемесін басқару (әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету) құқығынан алты ай мерзімге айыра отырып, отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға, лауазымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Уәкілетті органның рұқсатынсыз ұшуды орындауды бастауға тыйым салынған ақаулар болған кезде не жолаушылар сыйымдылығы (жүк сыйымдылығы) нормаларын немесе әуе кемесінің ұшу массасы немесе орталықтануы бойынша шектеулерді бұза отырып әуе кемесінде ұшу –
әуе кемесінің командиріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе әуе кемесін басқару құқығынан бір жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.
3. Әуе кемесін басқаруға құқығы жоқ адамның оны басқаруы – қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген не мемлекеттік және тіркеу тану белгілері жоқ не азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органда есепте тұрмаған не көрінеу жалған мемлекеттік және тіркеу тану белгілері бар әуе кемесін басқару –
әуе кемесінің командиріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе әуе кемесін басқару құқығынан бір жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.
5. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кеме және ұшу құжаттамасы жоқ әуе кемесін басқару не өзімен бірге әуе кемесінің осы түрін басқару құқығына құжаттары жоқ ұшу экипажы мүшесінің әуе кемесін басқаруы –
қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген не мемлекеттік және тіркеу тану белгілері жоқ, не азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органда есепте тұрмаған не көрінеу жалған мемлекеттік және тіркеу тану белгілері бар не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кеме және ұшу құжаттамасы жоқ не ұшу немесе кабина экипажы жасақталмаған не уәкілетті орган беретін рұқсатсыз оны пайдалануға тыйым салынған ақаулары бар, не жолаушылар сыйымдылығы (жүк сыйымдылығы) нормалары немесе әуе кемесінің ұшу массасы немесе орталықтануы бойынша шектеулер бұзылған әуе кемесін ұшуға жіберу, сол сияқты әуе кемесіне қызмет көрсетуге осыған құқығы жоқ немесе масаң күйдегі адамды жіберу не оның әуе кемесіне қызмет көрсетуі –
жеке және лауазымды адамдарға – қырық, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Бортында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген іздеу және авариялық-құтқару құралдары жоқ әуе кемелерінің ұшуды орындауы –
жеке және лауазымды адамдарға – қырық, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Авиация персоналы куәлігін бүлдіру немесе жоғалту –
жеке тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
570-бап. Авиациялық қауіпсіздік талаптарын бұзу
1. Авиациялық қауіпсіздік қағидаларын бұзу –
заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әуежай, әуеайлақ аумағының периметрі қоршауларын күтіп-ұстау жөнінде шаралар қолданбау, егер бұл іс-әрекет авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға әкеп соқпаса, –
заңды тұлғаларға төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
571-бап. Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау
қағидаларын бұзу
1. Автомобиль көлігімен тасымалдауды қоспағанда, жолаушыларды, багажды және жүктерді халықаралық тасымалдау қағидаларын бұзу –
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Автомобиль көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу –
жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. 571-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
572-бап. Жолаушыларды, багажды немесе жүктерді
автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде
жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің
бұзылуы
1. Мыналарды:
1) қауiптi жүктердi автомобильмен тасымалдауды;
2) жолаушыларды, багажды және жүктердi автомобильмен халықаралық тасымалдауды;
3) жолаушыларды, багажды автомобильмен облысаралық қалааралық, тұрақты және ауданішілік тасымалдауды;
4) жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық қаларалық, ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық) тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асырған кезде жүргiзушiлердiң еңбек және демалыс режимiн тiркейтiн бақылау құрылғыларынсыз (тахографтарсыз) немесе ақауы жоқ осындай құрылғыларын ажыратып не толтырылмаған диаграммалық дискiлермен немесе бұрын пайдаланылған диаграммалық дискiлердi қолдана отырып не электрондық (цифрлық) тахографтарды қолданған жағдайда электрондық карточкаларды пайдаланбай, сол сияқты жүгiзушiлердiң еңбек және демалыс режимiн күнделiктi тiркеу парақтарын жүргiзбей (бақылау құрылғысының ақауы болған жағдайда) автокөлiк құралын пайдалану –
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Автокөлік құралдары жүргізушілерінің жолаушыларды, багажды немесе жүктерді автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде еңбек және демалыс режимін бұзуы –
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
573-бап. Қазақстан Республикасында автомобильмен
тасымалдаудың рұқсат беру жүйесiн халықаралық
қатынаста қолдану қағидаларын бұзу
1. Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңнамасында көзделген жағдайларда, шетелдiктердiң немесе шетелдiк заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында автомобильмен халықаралық тасымалдауды рұқсатсыз немесе арнайы рұқсатсыз жүзеге асыруы –
автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiне – жиырма бес, заңды тұлғаларға бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Отандық тасымалдаушының рұқсат ету карточкаларында көрсетiлмеген автокөлiк құралына отандық тасымалдаушының шетелдiк рұқсатты пайдалануы –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Отандық тасымалдаушының шетелдiк рұқсаттар бланкiлерiн басқа отандық тасымалдаушыға беруi –
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне қырық бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Халықаралық қатынаста жолаушыларды және багажды тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде жүргiзушiнiң келiсiлген жол жүру маршрутының схемасын бұзуы –
он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Шетелдiк тасымалдаушының Қазақстан Республикасында автомобильмен тасымалдаулардың рұқсат беру жүйесiн халықаралық қатынаста қолдану қағидаларына сәйкес ресiмделмеген отандық рұқсатты пайдалануы –
автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiне жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Достарыңызбен бөлісу: |