Іскерлік туризм Қаланың керемет көріністері аясында өткізілетін ресми кездесулерден тұратын кешен. Іскерлік туризм саласы түрлі елдің өкілдері келіп қатысатын кездесулер, конференциялар мен көрмелер, сонымен қатар іссапарларды ұйымдастыруды қамтиды. Мұндай іскерлік саяхат барысында әдетте маңызды құжаттарға қол қойылады, ұйымдар түрлі келісім-шарттар жасасады. Іскерлік шаралар ғажайып жағажай, әдемі қалалық панорамалар немесе танымал көрікті жерлер маңында өткізілген жағдайда саяхатшылардың іскерлік сапарын бос уақытында демалумен, түрлі жерлерде қыдырумен біріктіруге мүмкіндігі болады (“bleisure”).
Қазақстан іскерлік және MICE туризмінің дамуы бойынша өңірде көш бастап келеді. Бұл бағыттағы еліміздің басты қаласы Астана, ірі форумдар мен іскерлік келіссөздерді өткізуге арналған ең үлкен әрі көпшілікке танымал халықаралық орталықтардың біріне айналды. Айта кету керек, Қазақстанда туризмнің осы түріне қажетті инфрақұрылымның барлығы бар. Сондықтан да, тек астанамыз ғана емес, басқа ірі қалалар да ресми-іссапарлар, тимбилдинг, корпоративтік тренингтер өткізетін орындар ретінде танылып келеді.
Белсенді туризм Альпинизм, тау шаңғысымен сырғанау, атпен және жаяу серуендеу, шатқалдарға аттану және т.б. Белсенді туризм – тау шыңдарын тынымсыз зерттеушілер, долы толқындарды сүйер жандар және белсенді өмір салтын ұстанушылар үшін таптырмайтын демалыс. Ол белсенділікті қажет ететін барлық демалыс түрін, яғни атпен және жаяу серуендеу (хайкинг, трекинг), каньондар мен үңгірлерді зерттеу, дайвинг, джип тур, багги тур және басқаларын қамтиды, және әдетте жаңалық ашумен, қиындықты жеңумен қатар жүреді.
Британдық бэкпекерер қоғамының (British Backpacker Society) нұсқасы бойынша Қазақстан 2019 жылы белсенді туризмге ең қолайлы елдер тізімінде 5-орынға ие болды. Еліміздің табиғаты бай байтақ жерін, белсенді демалысқа деген әлеуетін ескерсек, бұған таңғалудың қажеті жоқ. Әрине, белсенді саяхатшылардың сүйікті орындарының саны жағынан асқар таулар, көптеген ұлттық парктер, сарқырамалар мен шатқалдарға бай Алматы облысы көш бастап тұр, алайда, табиғи ландшафттары тіпті ең талғампаз туристерді таңғалдыратын Маңғыстау облысы оған бәсеке бола алары сөзсіз.