Екі аудан елін қайтарып алып келдік. Қазірінше қуатты күшке айналдық. Бұл жағдайды көріп онан арман тұс-тұстан данышпандар шығып, Ақ Үй Соғыс Комитетіне пікір ұсынды. Қалған Керейді көшіріп әкеліп, жаудан айырсақ деп гу-гу етіп жатты. Қуатты күшке айналамыз деп қымызға, айранға, етке тойған аламестер үкіметіміздің есін шығарып жатты. Бұл пікірді Соғыс Комитеті тез мақұлдады. Ол “Керей қайда сыяды? Оншалық қалың малды қылышын сүйретіп қыс келгенде қайда апарамыз?” демеді.
- Монғолия қойнын ашып тұр. Ел қыстайтын жер көп, - деп гуілдеп жатты.
Бұл қылығымыз орыстардың да, монғолдардың да қажетіне жарайтындай болып шықты. Ақ Үйдегі Ресейден келген қазақ азаматтарының идеяларынан мұндай іс істеу өтпеді. Бірақ Богдонов, Мәжіктер бір жерден шығып алды да, оған Қалқабай мен Дәлелхан өмешектеп (113) қосыла кетті. Оспан да қосылмаған еді. Ол:
- Алтайда қыс қатты. Бес аудан бұл жақта сыятын жер табылмайды, - деген болса да Ақ Үйде жоғарғы басымдылықтағы генералдар бұл пікірді бекітіп жіберді.
Оның соңғы сырын біз кейін түсіндік. Баратын адамның бірі тағы мен болдым. Өйткені Сарсүмбе ауданына қарайтын ел бүкіл Жәнтекей еді. Елдің аяғы Барқы, Есағасы, Қазыбек, Шақабай, Тасбике, Түкбай, Базарқұл, Есіргеп, Жарылқап, Құлтайболат, Елшібай, Таңырық, Елкелді, Есдәулет болып, бүкіл Сүйінбай сонда деп Жәнтекей болғандығым үшін Соғыс Комитеті мені бұйырды. Мен Шағанқолдағы Нәзір, Әсен, Сақсайбай еліне әскер жинап, 300 адамды алып, Қараңғы Тоғайға бардым. 300 адам жинап Молқы жақтан Кәмел батыр келді. 250 әскер жинап Бурылтоғай елінен Манат келді.77
Осы жылы шілде айында Үрімжіден Қалман, Қарақас Жолдыбайды алып қашып келген болатын. Оспан Қалманды қажетке жаратпады. Әрі оған сенім байламады. Соңғы кезде Жолдыбайдан тығулы наған шықты. Бандит Шың Сысай өзін атып кел деп жібергендігінен күдіктеніп Оспан Жолдыбайды атқызып тастаған.78
Жәнібек туын Зарыққан маған әкеліп берді. Ол туды әкеліп Қараңғы Тоғайға тігіп қойдым. Мал сойып мәуліт оқып, Жәнібек туы алдында бүкіл әскерлер серт беріп, кәлима шаһадат оқыды. Қалманды әкеліп, мәуліт оқыттырып, шариғат сөйлеттірдік. Қалман биік стол үстіне шығып уағыз сөйледі. Ол сөзінде:
- Ислам жолындағы күрестерде қан төгу, ел талау емес. Бірақ басқалар жағынан ұрлық істеліп, жер суыңды тартып алса, адамға жамандық істеліп, халқыңды езетін болса, оған қарсы тұру керек. Мұндай жолда жауды өлтірсең, қазы боласың. Өлсең шәйіт боласың. Қыямат махшарда сұрақсыз иман иесі сол адам болады. Барлықтарыңыз Оспанды басшы деп таныған соң; оның комиссары Оспанға адал болу керек. Ал мына тұрған әскери міндет өтеген азаматтар әр қайсыларыңыз өз комиссарларыңыздың бұйрығына шартсыз бой ұсынуларың керек. Шәйіт шарттарының ең басты ережесі - бұйрыққа шартсыз бой ұсыну. Ең жоғарғы соғыс қолбасшысы болған Кәмелдің әміріне шартсыз бой ұсыну - Алланың әмірі дегендік. Құдай жолы осы дегендік, - деді. (114)
Барлық армия қол жайып бата оқыды. Сол күні кешкісін, атап айтқанда 1944 жылы қыркүйектің басы еді. Соғыс Комитеті барлық істерді жөнге салуға Әлихан полковникті қосып берді. Әлихан, Кәмел үшеуіміз арнаулы бір үй алдық. Бес күн жүріп Қандығатай құйғанындағы Қызылқайынға жетіп келдік. Ол жерде қалған ел бар екен. Есіргеп Бұзай тобы, Тасбике Мәмила тобы, Табын Бейсі елі еді. Түн жастанып тұс-тұсқа бөлініп түсіп алдық. Бір топ әскер Жаңжұн бұлақтан келіп түсті. Бір бөлік адам Күбіні айналып, Буыршын қара жолын кесіп тастадық. Бір бөлім әскерлер Жеті қырқадан айналып келіп, қаланы қоршап тастады. Айтан, Тұлты, Шеміршектегі елді Ертіске айдап түсірдік.
Кескілескен соғыс болды. Қытайдың айналадағы қорын бір-ақ сыпырып алдық. Қытайдың қор бағып жатқан Тұлтыдағы 300 әскерін түсіріп, қырып тастадық. Оның ішінен қазақ тілін білетін бір Қытайды тірі қолға түсірдік. Ол баланы қағаз беріп, еліне жібердік. “Елдеріңіз өрге көшсін. Біз халыққа жау емеспіз. Егер Өралтайға көшу мүмкіндіктеріңіз болмаса, көшіп үлкен қаланың ішіне кіріп алыңыздар. Қаланың сыртында соғыс болатын болғандықтан ол уақытта зиян тартып қаласыздар” деп жазылған еді. Бала қайтып барды. Дүрбі салып көріп отырдық. Құржалар дереу жиналды. Кешке таман екі адам біз айтқан төбеге қарай сөйлесу үшін барды. Біз ұран салып, Тұлты бойына келіп түстік. Өкіл:
- Біз көше алмаймыз. Бұйрықтарыңыз бойынша қалаға кірсек, - дегендіктен біз оларға тимедік. Рұқсат еттік. 20 ат, 20 кілем тарту әкеліп берді. Тартуларын алмадық. 300 жерде жиналған шөптерді от оқпен атып өртеп жібердік. Өртенген түтін Тұлтыдан Сарсүмбе қаласына дейін қаптап, қара тұман басып кетті. Ол жердегі әскерлер қашып шықты. Оларды тірі қоймай, қырып тастадық. Тұлты районын тартып алдық. Онан соң Табын Бейсі еліне “Көшіңдер”, деп едік. Олар “Біз кедейміз. Көше алмаймыз”, дегендіктен оларға рұқсат бердік. Олар да он неше ауыл Жосатыға көшіп түсіп кетті.
Кәмел Ақ Үй Соғыс Комитетімен арада радиомен сөйлесіп, бұйрық алып тұрды. Алдыңғы саптағы соғысқа мен тіке араластым. Әскерлер ішінен Бүркітбай бастық:
- Өлтірілген 13 адамның кегін аламыз. Шоқай залыңды өлтірсек, - деп Кәмелге барган екен. (115) Әпендінің құнын даулау әскер ортасында сөз болып жатты. Үш полк Мамат әскерлері Бурылтоғай, Жеті Аралдағы елді айдап келуге кеткен болатын. Олардан хабар әлі келмеді. Соғыс үйі Төсте Тоғамының көмейінде болатын. Сәрсүмбедегі ел бастықтары шыға алмады. Сырттағы ел бастықтарын сол жерге шақырып жинап алдық. Келген ел бастықтары әскерлер ортасындағы сөздерді естіп, ренжулер болды. Кәмелге өш алу пікірлері жетіп келгенде, комитетке мен де бардым.
- Біз өш алу үшін келмедік. Егер Өгізшібай, Мәмила, Шоқай, Тұрдыханды өлтіретін болса, оны Оспан өзі қолымен істеп көрсін. Оспанның қолында жоғарғы сот мекемесі бар. Ел көшіп барғаннан кейін бұл жұмысты солар басқарсын, - деп тоқтатып тастадым.
Ел адамдарынан 60-тан астам адам келді. Шоқай, Шоратай, Тұрдыхан, Өгізшібай, Мәмила, Наурызбай, Жамылиқа болып, қалғандары ел ішіндегі адамдар, қала ішіндегі жиынға кетіп шыға алмады. Оларға біз мынаны айттық.
- Сіздерді Саржайлауда айдап келуге бұйрық алған едік. Ол кезде жағдай жар бермеді. Қытайдың бізбен соғысу үшін қажетті соғыс қоры сіздер болып отырсыздар. Не бізбен бірге қозгалыс істемедіңіздер. Біз ұдайы он жылға таяу соғыс жүргіздік. Қытай сіздердің аттарыңызды көлік қып мініп, қойларыңызды ішіп жеп бізді де, қазақ момын шаруаларын да аяусыз өлтіріп жатыр. Не ол, не бұл болмадыңыздар. Содан бері санағанда ұдайы соғысқа қазір 13 жыл болып отыр. Енді көшіреміз деп келдік. Көшкілеріңіз келмесе Оспан мен Дәлелханға адам жіберіп ұғысыңдар. Оған дейін біз жаумен соғысып қорғаныс алып тұралық, - дедік.
Олар осы пікірге мақұл болып, Тұрдыхан, Шоратай, Ырысжан, Бектұрсын қатарлы төрт адамды Оспан мен Дәлелханға жіберіп қойды. Біз де Оспанға ел пікірін радио арқылы жалғастырып жатқан едік. Елді Ертіске жинап алып, бұйрық тосып жаттық. Жеті Арал елін айдап Манат келді. Олардан 13 адам шәйіт болған екен. Елді Бура Сарқарынынан әкеліп түсірді. Буыршын елінен Орсақ зәңгіге қараған 30 ауыл көшіп келді.
Сарсүмбені қоршап бір ай жаттық. Оспан мен Дәлелханнан “Елді өрлетіп көшірсін” деген телеграмма келді. (116) Бұйрық бойынша 4.500 үйден артық елді өрлетіп көшірдік. Қу Ертіске келдік. Алдымызда Үш Арғылтайда тосып жатқан қуатты жау бар болатын. Елге белгі беріп Үш Арғылтай аузына күшті қарауыл жібердік. Сарбастау мен Қойбағарға елді аман іліндіріп алу керек еді. Елдің алды Қу Ертіс Шақабай тоғамында, арты Сарбұлақ құйғанында болатын. Үйдің іргесі сыятын жер болмады. Осындайда жылқы айдап келе жатқан Тәукебайды “байлығыңды көрсеттің, жүгімді бастың” деп бір Тасбике жігіт атып тастапты. Осыған бір күн айналып құн белгісін беріп, ертеңінде елді көшірдік.
Елдің алды Сарбастауға барғанда жау қозғалды. Кәмел, Манат, үшеуіміз алдыңғы шептегі жаумен соғыс жүргіздік. Түнде үш қойшы жолдан адасып, 4.000 қоймен қытай қолына түсіп кетті. Жау қарауылынан 40-тан астам адам өлтіріп, елді Шағанқол Қарасу Қойбағар жолымен Секпілтай Шанқанға алып шығардық. Елді бұйрық берген Оспан мен Дәлелханға өткіздік. Біз барсақ Қапас, Жақсыбай басшылығындағы 400 әскер Шонжы, Нори, Жемсары, Пукаң, Сандұя, Құтыби, Санжыдан көптеген елді айдап, Құмға шығарыпты. Бұл жылы қыс ерте түсіп, қар ерте жауды.
Ел қалың, мал қалың. Мал қыстайтын жер жоқ. Кешегі малға қойнын ашып тастайтын монғол үкіметі жалт беріп, “қытайдың бізге пікірі болып жатыр” деп жалғыз күнде Қалқа жеріне малды өткізбей, ондағы Алтай елін қайта айдап тастады. Қобық, Жеменей, Қаба елінің малын Жеменей жолымен Әріпбай полковник, Қаба ауданының малын Қаби полковник Қазақстанға өткізіп жіберді. Қабидың Алтай қазағына тигізген пайдасы осы болды. Оның әскері алақандай Қаба ауданының қаласын ала алмай, жөткеліп қашып кетіп соның зардабынан Қабадағы Қытай әскерлері 120-дан астам бұқараны қырып кетті. Есдәулет Ислам оққа ұшты. Оспан мен Дәлелхан да Қалқа жеріне келмей, Моншық Қызылдың түбіне қыстады. Бұл кезде Ақ Үй Соғыс Комитетінің билігі де, Алтай Соғыс Комитетінің билігі де Қалқабай қудың қолына өтіп кеткен еді. Оспанды Қалқабай аңдып сөйлетпейтін болды. Оспанның үйіне әр кім өзі барып сөйлесе беретін еді. Ал Қалқабай Оспан үйіне адам енгізбей қойды. Бұл жағдайды Оспанның өзі де жақтырмады. Біз де жақтырмадық. Қарт Зұңли болған Сүлеймен Бектұр далада қалды. Осы құбылып тұрған құбылыстар бізге (117) өзгеше жағдайларды сездіріп тұрғандай болды.
Достарыңызбен бөлісу: |