Сонымен жүз адам екі төбені барып алдық. Сұлубай екеуміз Сартоғай жақтағы төбені барып қолға түсірдік. Жақсыбай, Шыбарайғыр Қапас, Зарыққан басшылығында әскерлер Ұтыбұлақ жағындағы төбені алды. Бір сағаттан соң жау әскерлері құлдап біздің үстімізге жетіп келді. Жер қар еді. Жау қарақұрым болып келе жатты. Алдарынан төрт пулеметті бірдей сақылдатып қойдық. Үш сағат аттық. Отыбұлақ жағындағы төбені қытай өлгеніне қарамай басып шаншып өтіп кетті. Ол төбедегі біздің әскерлерден, ішінде Боранбай бастық бар, жеті адам шәйіт болды. Біз жақтағы төбенің қарауылында жау өліктерінен атты адам жүре алмады. Жерге жарық түсе, жау өлгеніне қарамай алға ілгеріледі. Өйткені оларға ажал таяп тұрды. Біз де бұл төбені босатып, Сартоғай жақтағы адырға шегіндік. Осы қарауылға келген соң Сұлубай батыр осы төбенің астында бір қысаң бар еді. Сол жерден бір тосып қалайын деп 13 адамды алып кетіп қалды. Жанында менің інім Кәбіл бар еді. Бір сағат өтпей Кәбіл жылап қайта шауып келді.
- Сұлубай оққа ұшып кетті, - деді.
Мен де шауып барсам, жау оғы маңдайынан тиген екен. Тілсіз сұлық жатыр екен. Дереу Оспан мен Мәжікке телефон бердік.
- Әскерге шегін, - деп бұйрық бердім. Біз де жиналдық. Қытай әскері де жиналып, Сартоғайға түсіп кетті.
Бұл соғыста Кәмел батыр Көк Адыр шайқасында асқан ерлік істеді. Бір төбенің бауырында қытайлар окоп жасап алып төңкерісшілерді пулемет күшімен жүргізбеді. Жер окоп еді. Кәмел жеңіл киініп, көк аяқ атқа мініп, мауазерді сақылдатып қойып, “Жәнібек” деп ұран салып, окоптағы қытайды пулеметімен арғы қабаққа алып шығып кетті. Кәмелді жаратқан Құдайымның құйып тұрған пулемет оғынан қалай қорғағандығын адамдардың ауызша айтып екінің біріне түсіндіруі мүмкін емес еді. Біз оны көзбен көрдік. Сұлубай өлген соң Кәмел батыр Шығыс Түркістан армиясының ең жоғарғы бастығы болып белгіленді.
Біз Сұлубайды орап алып кетуге дайын болып жатқанымызда екі адаммен жылап еңіреп Кәрет келді.
- Шіңгіл ауданы көшті. Бүкіл елді айдады. Құтқарып қалу керек пе, жоқ па? (101) Елді Шонжыға апармақ. Қазір Тақырбастауға келіп қондық, - деді.
Оны қойып тұрып Сұлубайды машинаға салып, бір күн жарым түнде арқа сапқа жеткіздік. Мәскеуден айырпланмен доктор келіп, дереу тексеріп көріп
- Адам болмайды. Миы ағып кетіпті, - деді.
Сұлубай ертеңінде қайтыс болды. Ол “Біз қазақ малды баққан момын едік, соғысты бұрын көріп жатылмаған” деп қарауылға шыққанда мауазерді қолына жұлып алушы еді. Аса мерген, аса жүректі, Оспанға оқ тигенде жауды қойша қырып көтеріп алып шыққан ерекше күштің иесі болған ер Сұлубай Шығыс Түркістанның ең жоғарғы соғыс Генералы атағына ие болды. Ол “Қайқая шапқан қарагер, қайрылар ма екен қайран ел” деп ұлты үшін шыбын жанын құрбан етті. Мұса мергеннің өлуі, Сүлеймен батырдың өлуі, Сұлубай батырдың өлуі соңғы тарихта біз үшін орны толмайтын ауыр қазалар болды.
Қош Мұса мерген!
Қош Сүлеймен!
Қош Сұлубай!
Қош Бүркітбай!
Алға – алға – алға – алға. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы Сұлубайдың сүйегін Бұлғын қалпағындағы менің әкемнің жанына жерледік. Ол жерге соғыста өлген көптеген шәйіттерді әкеліп жерлеген еді. Сұлубай өлді. Асқар таудан айрылдық. Бүкіл армия Сұлубайға аза білдірді. Сұлубайдың табыты алдында ант беріп, ұлт-азаттық қозғалысын мәңгі бақи жүргізуге серт бердік. Сол күні семьясына естірттік.
Жарқылдап рагит жайды айдар
Жалынды оттың өртіне
Ол жүрген жоқ бақ іздеп
Қашпады бақтан бойды ұрлап
Міне осындай ер еді. (102)
ШіҢгілге жорық
Соғыс Комитеті Шіңгіл елін айырып қашуға бұйрық берді.
- Кім барады? - дегенде,
- Мен барамын, - деген адамнан елу адам таңдап алынып елу қосар атпен жіберілді. Елу батыр, елу қосар атпен елді қуып, Қарамайлының Тақырбастау деген жеріне жетіп елді қайырып алдық. Бұл жер көп судың астынғы жағы еді. Онда Қамысты бастау дейтін тағы бір су бар еді. Ол уақытта Сартоғай Келеңсай аузында жау армиясы жатқандықтан, біз Нармантының шығыс жағындағы кенеремен жүрдік. Қуып жетіп Шіңгіл шәнін барлық әскерімен өлтіріп, елді қайта айдадық. Шәннің аударушысы Жанымхан қарсыласқандықтан оны да атып тастадық. Біз оған қолындағы шән діяласын тапсыруды талап етіп едік. Ол діяланы бермеді. Елді көшіріп отырып Қарасу қайырымынан асырып, Баянбай Қызыл Шілікке әкеп орналастырдық. Келген ел Құл мен Халықбай Шақабай елі еді.
Біз Лузықұйды қуғанда оның тірі қалғаны Сартоғай-Келең сайының аузына жиналып сонда жатыр еді. Ол жерде ол жауды қоршап тұрып елді өткізіп кеттік. Ел ішінде Нәзір, Ләтіп, Жылқыайдар бар еді. Және Көксеген, Уатқан, Қайымғазы бар еді.
Елді айдап келіп Нәзірдің үйіне қондым. Қапас пен Тоқтыбай Молқыларға қонбай, бөлек жатып алды. Олар:
- Көксеген, Уатқан, Жылқыайдарды Оспанға байлап апарамыз. Бұлар туыс тұрып бізге қосылмады. Жауды қамдап отыр, - деп соқты.
Уақиғаны Нәзір маған айтқандықтан
- Біз сіздерді туыс деп жаудан айырып қалдық. Және ауданды босатып алдық. Олармен сөйлесейік, - деп мойнымдағы маузерді Нәзірдің мойнына салдым.
Ертеңінде Баянбайдікіне және бір апайымыздың үйіне барып амандық білдіріп құран оқыдым. Ол үй тай сойды. Қонақасыға Қапас бен Тоқтыбай да келді. Қапасқа “Біз бұл елді туыс деп жаудан айырып қалдық. Ел бастықтары өз еркімен Оспанға барып амандассын. Оспан қамай ма, қоя бере ме? Өзі білсін. Олардың қорытындысын Оспан мен Мәжік өзі шығарсын”, деп едім. Олар да бұл пікірге мақұл болды.
Сол екі арада Ақ Үй Соғыс Комитеті бізге “қайтып келсін” деген бұйрық жіберіпті. Нәзір, Ләтіп, Уатқан, Жылқыайдар, Көксеген қатарлы бес адамды алып жүріп кеттік. Оспан Нәзір мен Уатқанды Шіңгіл ауданына (103) әкім және орынбасар әкім етіп белгіледі. Оларға өздеріңді өздерің қорға деп 200 бесатар берді.
- Сонымен бірге үкіметке жыл сайын беретін бажыларың болушы еді. Сол бажыны бізге тапсырып тұрыңдар, - деп тапсырды. Ел бастықтары бұл пікірге мақұл болып разы хоштық пен аттанып кетті.
Осы кездерде бандит Шың Сысай “Қазақ қолына мылтық түссе, бізді оңдыратын емес. Алтай қазағын Үрімжіге жөткеп алу керек.” деп қарар шығарды. Оспан күшін әлсірету үшін Шіңгіл, Көктоғай, Бурылтоғай қатарлы үш аудан халқын Үрімжі ауданына айдап әкелуге бұйрық берді. Сол жылы Көктоғай Арал елінен Құсайын Солтыкен залыңның елін айдап, Сарсүмбе қаласынан өткізіп жіберді. Бурылтоғай елін де айдап өткізіп жіберді. Аралдағы бір бөлім Қарақас, Ителі, Арал Шақабай және Жігіт Молқы, Қажыбай, Момынбай елдерін бөліп алып, Қу Ертіс алқымында қалып қойды.
Осы жағдайға байланысты Ақ Үйде төңкерісшілер жиын ашып, Сұлубайдың орнына Кәмел батырды белгіледік. Ал Кәмел батырдың орынбасары етіп мені белгіледі (яғни Нұрғожай). Біздің соғыс құрылысымыз жоғарыдағы тоғыз комиссар, яғни тоғыз полковник өз күшін сақтап қалды. Маған 130 адаммен Аралда қалған елді айдап келуге бұйрық берілді. Кәмел батыр, Қапас батыр екеуіне де өз әскерлерімен Сартоғай Келең сайындағы жау армиясын қоршап жатуға бұйрық берілді. Көк енді ғана шығып, мал енді ғана қоздай бастаған еді. Бұл мезгіл, сәуір мен мамырдың арасы еді. Мен жол жүріп, Сарбастау бөктеріне келдім. Менен бұрын Зейнел 15 адаммен Арал елінен жесір тартып алуға Оспаннан рұқсатсыз кеткен еді. Пішайдың қызы Қажақынның келіні болатын. Ол кезде олардың қызды бермегені рас болатын.
Ал екінші жақтан Манат та Оспаннан рұқсатсыз 20 адам алып өзінің жесірі болған Халықтың қызын алып келуге кетеді. Үшінші жақтан Шыбарайғыр Қапас та Оспаннан рұқсатсыз 13 кісі алып ат тауып алу үшін кетіп қалады. Қапастың ерткен әскерлері менің полкімнің адамдары еді. Біз бұл уақиғаны мәлімдегеннен кейін Оспан:
- Оларды түгел ұстап, мылтығын тартып алып, өздерін маған байлап әкел, - деп бұйрық берген еді. (104)
Мен Сарбастауға барғанда қызды тартып әкеле жатқан Зейнел мен Кәшапат кезікті. Олардың мылтығын сыпырып алып Зейнел мен Кәшапатты байлап, бес адаммен Ақ Үйге жібердім. Зейнел байлауын шығарып алып қашып кетті. Кәшапатты мылтығын алып Нұрданға қосып бердім. Олар барған соң Оспан оларды кісендеп тастапты. Қызды Нұрдан зәңгіге тапсырып бердім.
Біз Есенқарада үлкен қара жолды басып өткен көп аттың ізіне жолықтық. Сол жердегі Тасбастауға келгенде алдымыздан 13 адаммен Қапас кезікті. Одан алдымен ел ахуалын сұрадық.
- Ел Итектің басындағы тақыр мен Тұрдыбек бастауына жиналып, Сарсүмбеге көшеміз деп дайындалып жатыр, - деді.
Қапасты алып 20 адаммен қос атпен елге жүріп кеттім. Әскерді Тасбастауға бекіндіріп, Көктоғай жақтан қарауыл ұстауды бұйырдым. Алдымен елдің қойған қарауыл адамдарына кезіктік. Олар менен шүйінші сұрады:
- Келгеніңіз жақсы болды. Ел кеткелі жатыр еді, -деді.
Біреу шақырып ауылына алып келді. Оның арасында ел адамдары қаптап келіп амандасты. Әбдірахман, Рақыш, Тұғылдың Қасені, Шарбақбайдың Мұштәри, Молқыдан Қажбай, Зал зәңгі Боранбайұлы келгенде “Ал қалай көшесіздер?” деп едім.
Оспанға қарай көшеміз, - деді. Қалың ел өрлей көшті. Есенқарамен жүргізіп Тасбастауға әкеліп түсірдік. Кешінде Қасендікі шақырып бір қой сойып, қонақ қылып, тілеу тіледі.
- Есенқараның үлкен жолында қалың аттың ізі бар. Көктоғайға әскер кеткен секілді, - деп едік.
Олар да:
- Екі мың әскер Көктоғайды көшіруге кетті деп естідік, - деді.
Олар жау болғандықтан жол тосуы мүмкін деп екі жаққа қарауыл жіберілді. Шалғыр Құйғанына 30 адаммен Жәмет кетті. Үш Арғылтай құйғанына 30 адаммен Шыбарайғыр Қапас кетті. Таң ата қойдың етін жедік. Шалғыр жақтан мылтық дауысы дамылсыз атыла бастады. Көктоғай жақтан жаудың бізді іздеп келіп, біздің қарауылға кезіккені мәлім болды. Таң ата елді көшірдік. Біз жауға дайындық көруге Балекең Арғылтайының аузына бардық.
Сайды құлдап келе жатқан жаумен уағдаласқандай кезіге кеттік. Жаудың бір бөлімі Ушаға асып түспек еді. Біз оған да жол қоймадық. Ел ат-азық көмегін беріп кетті. Осы жерде табан тіреп үш күн соғыстық. (104а)74 Адай және Әли Омарұлы қатарлы төрт адам шәйіт болды. Еренхан жаралы болды. Шалғыр қарауылынан бір адам шәйіт болды. Қара жолдан айрылған жау біздің алдымыздан келіп шықты. Үшінші күні ақшамда бізді алмақ үшін жау армиясы зеңбірек күшін барынша іске салды. 16 полкке біз дағы дәл ме дәл қарсы тұрдық. Олар қарауылды ала алмағандықтан бір қуысқа келіп қамалды. Арамызда бір ғана қырат бар еді.
Күн батып, түн көрпесін жамылғанда, бізден 30 адам гранат күшін істетіп басып кірдік. Қалың қытай айсыз қараңғыда бірін бірі өлтірді. Жау қашып, Көк Құдыққа барып тығылды. Таң ата екі айырплан келді. Жерге жақындай алмай әскер үстіне келіп қағаз тастады. Біздің Сартоғайға жіберген қарауылымыз бар еді. Соның ішінен қос атпен Қажы Кәрім келді. Жау жақын қалды. Оспанға телеграмма бердік.
- Бір бөлім жауды қиратып едік. Сартоғайдан үш мың атты әскер келе жатыр. Оны қайтеміз, - дедім.
- Шегініп келіңдер, - деп әмір келді.
Жаудан 400 түйе, 300 сиыр, 350-дей мылтық түсіріп алып, Теректі Арғылтайына шығып кеттік. Жау мылтығы тайпаң екен, көбі керекке келмеді. Жаудан бір адам қашып келді. Ол Жетпісхан Сәтіпұлы екен. Ол ауылда лаушы екен.
- Неге шегіндіңіздер. Қытайлар бағынбақ болып жатыр еді, - деді. Біз оған:
- Біріншіден, оқ азайды. Екіншіден, Сартоғайдан жәрдемге үш мың атты әскер келе жатыр. Бізге хабар келді. Оның үстіне Оспаннан әмір келді, - дедік.
Лаушы болып бізге қашқан Рабайұлы Қамиланды атып тастаған. Қайтып елге келдік. Онан соң Ақ Үй Соғыс Комитетіне қайта оралдық. Менің жанымда телеграмма беріп отыратын Ақ Үй адамдарынан Ахмет бар еді.
Біз аман-есен қайта келгеннен кейін Оспан бізге мынаны айтты:
- Сіздер өте жақсы істедіңіздер. Егер Сартоғайды қоршаған Қапас шегінбеген болса, сіздер ол жауды біртұтас жоятын едіңіздер, - деді. Қапастан 15 адам шәйіт болды деп ұқтырып қойды. Оспан бізге:
- Бұл жолы үш жақсы іс істедіңіздер. Біріншісі, ел аман құтқарылып келді. (104б) Екіншісі, менің бұйрығымды орындап Зейнелдің мылтығын тартып алып, қызды иесіне бердіңіздер. Үшіншісі, жау әскерін мейлінше қырып жойдыңыздар. Бірақ Қапастың табансыздығынан сіздердің нәтижелерің суға кеткендей болды, - деді.
Маған бір дүрбі, бір пистолет сыйлық берді. Осы кезде Оспан ауылы Көк Үйде еді. Біз барғаннан кейін Үш Көлге көшті. Біздің ауыл және Ноғайбай ауылы Темірті жайлауына бардық. Кәмел батыр жаралы болатын. Ақ Үй Соғыс Комитеті Көктоғай қаласын алу үшін 800 адам аттандырды. Уақытша соғыс жұмыстарын басқару үшін Кәмелдің орнына Ләтіп белгіленді. Құрмаш полковник соғыс планын сызып шықты. Барлық әскер ертеңінде жолға шығып, Шалғырға келіп түстік. Екі күн ерулеп әрбір полк атыс ұяларына қарай бөлінді. Қапас әскерлері үлкен көпір жақтағы тұмсықтан Тапаты жағындағы кезеңнен орын алды. Бұл кезеңге қарасты бес қарауыл төбе бар еді. Олардың барлығы да жау қолында болып окоптарын қазып, мықты иеленіп алған болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |