Бір жұмадан кейін Оспан шақырған еді. Сонда бардым. Оспан ақ сарбас айтып, мал сойып той жасады. Барлық мәселені бастан ақыр Оспанға баяндап өттім. (160) Оспан:
- Орыс үкіметі мен монғол үкіметі бізді келістіріп бір алдады. Оның алдайтының сонау 1942 жылдың өзінде-ақ түсінген едім. Ол кезде орыстар мен монғолдар герман-жапон соғысының ауыр күндерін басынан өткізіп жатыр еді. “Осындай қиын жағдайда бізге бір мүмкіндік туа ма?” деп ойлаған едік. Олардың мақсаты ауыр кезеңде шикізат тауып алу және Шың Сысайдан өш алу еді. Сол үшін жын ойнатты. Шығыс Түркістан тәуелсіз ел болады деп бізді түсіріп кетті. Оның үстіне Шынжаңда орыс пен монғолға бергі елу жылда жауаптасып келген Алтай қазағы еді. Сондықтан осы қазақты ептеп құртуды ойлаған екен. Елді айдау саясаты Алтай халқын мол дәулеттен айырып қойды. Дәл осы жерден бізді тақырға отырғызып кетті. Ал екінші жақтан кенді қазірге дейін тегін әкетіп жатыр. Мұнайды тегін алу үшін Ахметжан, Ысқақбек, Дәлелханды қолдарына ұстап алды. Олар да қанша жасайды дейсің, орыс екеш орыс екені рас болса, - деді.102
- Мен сіздерге жарнамамен тоқтамды қолға ұстап отырып қалған жерде қалайық деген едім. Бүгін сол қалған жерге келіп тірелдік, - дедім. Оспан:
- Орыстан да, монғол үкіметінен де Дәлелханнан да, үш аймақ атты үкіметтен де қол үздім. Аса сенімді ақыл беретін Әлиханнан айрылдық. Бұл бізді Іле үкіметінен айрылуға әкеп соқпай қоймайды. Сарт қашанда табанының қышыры жоқ халық еді. Әкбар қозғалыс бастаса, оны сарттар қызғанып, сыртынан атып тастапты. Керей жиналып Дәлелханмен тату болыңыздар деп жатыр. Бірақ Дәлелханның не істегелі отырғанын бұл Керей жете түсіне алмай отыр. Орыстар да Құлжада жасырын жиын ашып, Оспан мен Қалибекті сыртынан атып тастау туралы қаулы алды. Оның ішінде Дәлелхан бар екен. (161) Мұны мен сенген Дәлелхан емес, бөгде ағайын хабар беріп отыр. Осындай адаммен қайтіп ағайынның тату болуы керек? Мен де орыстарға “Әлиханды қайтарып алып кел. Татулықты сонан басталық. Кең қазатын болсаң, тоқтам жасалық. Жердің жаратылыс байлығының иесі бізбіз. Шаруашылық қимылды біз өзіміз жүргіземіз.103 Қолымызда әскери өкімет болады” дедім.
- Осының бәрін өзің жақсы білесің, - деді.
Мен тұрып:
- Сіз қайтадан Сарсүмбеге кіріп алсаңыз, ептеп Дәлелханды тұғырға қондыралық. Бүкіл халық бізді жақтайды. Тіпті орыстардың консулын айдап шығалық. Консул алып беру жөнінде біздің орыспен жасаған тоқтамдарымыз жоқ қой, - дедім. Оспан:
- Дәлелханға күшіміз жетеді. Консулды айдауға болмайды. Оның келуі жөнінде мемлекеттік тоқтамдар бар екен. Енді бітім жасаймыз деп отырғанда қытай мен орыс арасында қайшылық туып, іс тағы да бұзылады. Халық күйзеліп кетеді. Халықаралық жағдайды күзетіп тұралық. Саясатшылардың дүниедегі ең біріншісі болып орыстар біздің пайдамызды басқаларға айырбастап отыр. Болашақта сол досы, орыстың сазайын тартқызатын болады. Сен жайында орыс консулы “Нұрғожайдың бітім іздегені, тыныштық іздегені қате іс емес. Оның айтпай кеткені қате. Қашып кеткені қате. Ол үшін бір жылдық түрме жазасын берсе болады” депті. Ең ақырда бүкіл Жәнтекей ұран салған соң, олардың да шарасы қалмады, - деді.
11 тармақты бітімнің біреуінде үш аймақтың орынбасар уәлилерін демократиялық өлкелік үкімет белгілейді. Оңтүстіктегі жеті аймақтың уәли орынбасарлары үшін үш аймақ адам жібереді делінген.104 Алтайдың орынбасар уәлиі міндетіне Ноғайбайұлы Түркістан жанында бір жолдасымен келе жатса, Дөрбелжін (162) қаласында орыстар ұрғызып өлтіріпті. Шәмсидін ұлы Нұсратты ғана өлтірмей алып қалған. Осының барлығына Дәлелханның тікелей қатынасы бар. Жалғыз мылтықпен жүргенде де жаратқан Құдай сақтаған. Ұзақтан бері бағы жанбаған қазақтарды осындай аламестер құртып келе жатыр. Қазақстан мен Монғолиядағы қазақтарға да орыс, монғол бандиттері білгенін істетіп келеді.
“Ит ала болса, бөрі азығы” деп Абылай сонау ертеде айтқан еді. Сол қазақ қазірге дейін бөрі азығы болып келе жатырмыз. Біз қазақтар өзімізге қашып келген өзбек, ұйғыр, татар, сібе, солаң қатарлы адамдарды сіңіріп алып едік. Сол адамдарының барлығы бүгін орысқа жағымпазданып отыр. Әсілінде Тары Би айтқандай, ондайларды келсе ішке араластырмай, жолатпау керек екен. Құлжадағы тараншы, татар, өзбек, ұйғыр, сібе, солаң арамызда қандай іс істеп отыр? Басқа күн туғанда Абылай “Алаш туған болмас, ағаш құман болмас” деп өте тура айтқан екен.
Оспанның Алтайдан кетуі
1946 жылы 3 маусымда Қу Үйде Оспан мен Дәлелханды татуластыру шарасы ойластырылды. Дәлелханды жиырма адаммен әкеліп, Оспанның аяғына жығатын он екі Абақ Керей билерінің кеңесі болып өтті. Бұл уақытта мен түрмеде болғандықтан кеңестің мазмұнынан азырақ Оспанның өзі айтқан сөздерінен ғана мәлімет бере кетейін. Сол кезде Қу Үй жиналысында басқа да болған кеңестерден сөз қозғамадым. (163)
Мен бірнеше уақыт Оспан үйінде әңгімеде болдым. Сонау 1930 жылдан бері болып жатқан ахуалдарды бір рет зерттеп қорытындыладық. Әсіресе 1932 жылғы сәуір айында Шығыс Түркістан тәуелсіз ел деп жариялаған кездегі халықаралық жағдайдың туу себептерін еске алдық.
Сол жылдары Ресей әлі күшейе қоймаған. Қытай Күн Сандаңы105 қашып орыс шекарасына келген еді. Коминдаң Америкаға сүйеніп, батыс терістік бес өлкені “сен биле мұсылмансын” деп Ма Пұпаңды белгіледі. Ма Пұпаң Коминдаң Нанжиң өкіметінің 36 дивизиясы деп Ма Жұң Юңды Шынжаңға өткізгенде, осы күштен Шынжаңды сақтап қалу үшін орыстар Шығыс Түркістан тәуелсіз ел деп жариялап, Қожаниязды тапқан еді. Бұл арада Жын Шурын қашқан соң Шың Сысайды қолына қондырып алып, Қожаниязды құлатып жоғалтып жіберді де Коминдаңға Шың Сысайды қарсы қойды. Сөйтіп бір көпірден орыстар ептеп өтіп өз шаруашылығын оңдап алды. Шың Сысайды Шынжаңдағы таптық күреске салып айналдырып қойды да шикізаттарды тауыса алмай жұтып жатты. Шың Сысай Ресейліктерге “Шынжаңның шикі затын, кен байлықтарын неге алып жатырсыздар?” дей алмады. Өйткені орыстар Шың Сысайды бір түрлі қиын жағдайда қалдырып, қарсақ жортпас қара адырға салып жіберген еді.
Сонау 1921 жылдың өзінде Коминтерн Шынжаңда Шығыс Түркістан елі болу үшін олардан бір “социал демократтар атты партия құру керек” деп қаулы алған болса да, оны орыстар іске асырмай қойды. 1942 жылғы 20 қарашада жарияланған Шығыс Түркістан жарнамасының күйі мен жайы осы. Міне бүгін біз соның ең соңғы нәтижесін көріп отырмыз.
Ал десе аясына алады Алтай,
Көргенде көңілге күй салады Алтай.
Сұлудай торғын киіп бұлт жамылып,
Арқаға әлденеше қарады Алтай. (164)
Арқадан тәуелсіздік келеді деп Арқаға үш рет қарады. Қайыр қазақтарға тәуелсіздік алып беретін қайраткерді тарих бізге орыстан да, монғолдан да, қытайдан да туғызып бере алмайды. Біздің қорытындымыз енді осы. Ондай болса, қытайдың Сан Мын Жұйын да көрелік.
Оның пайда зияны айрылған соң барып, оның да қортындысын шығаралық. Сан Мын Жұйдың партиясының күйі де халықарада үстем болып отырған жоқ. Ұлттық ақыны (құқықты) танимын депті ғой. Дей келіп өз пікірімізді қорытындылап, “Біз орыс өкіметінен де, монғол өкіметінен де, уақытша Іле өкіметінен де, тіпті Дәлелханнан да іргемізді аштық. Бізге енді сіздермен байланыс жасау қажет. Сондықтан телеграмма аппаратын адамымен жіберіп берсеңіздер.” деп Сарбас Нүсіпбайға үш жолдасын беріп, Үш Бұлақ жолымен барып, Жан Же Жұңнан хабар әкелуге жіберілді. Екі ауыл көшіп Жебетіге келдік. Осы жұртта Оспан шешесінің асын берді. Нүсіпбай барып, Жан Же Жұңнан хабар ала алмай, дәл сол кеткен жұрттың өзінде қайтып келді. Дәл сол жерде жанына екі адам қосып, Қанатбайды қайта жібердік. Бұлар да қос атпен Үш Бұлақ жолымен Жан Же Жұңға барды. Жан Же Жұң:
- Сендердің орыс пен монғолдан айрылғандарың рас па? - деп сұрапты. Қанатбай:
- Айрылмасақ неге келеміз? - депті.
Жан Же Жұң Яң Кайшын дейтін радиосисты қосып жіберіп беріпті. Оспан аулы Күртіде отырғанда алып келді. Осы жерде Қалман әкесі Ақыт, шешесі Үкіжанға ас берді. Дәлелханды асқа шақырған еді. Оның орнына Тастембай келді. Ас тарады. Қанатбайдан Түркістанның өлтірілуінің мән-жайын ұқтық. Түркістаннан жіберілген Алтайдың уәлилік таңбасын орыстардың Дөрбелжін ауданындағы шпиондары тартып алып қалыпты.
Ендігі таңба Бәйтік жолы арқылы жіберіледі деп гүңсе жіберілген екен. “Таңбаны алып Әлен Уаң, Сүлеймен Сарыбай барады. Және бірнеше жүз түйе (165)әскери қажетті заттар, бұл, шай жіберіледі. Шонжы – Бәйтік арқылы барады. Бірақ Бәйтік тауында Қалқаның қарауылы бар. Сіздер Бәйтік тауына қарауыл жіберіңіздер” депті.
Мен Оспаннан:
- Осы қарауылға мен барайын. Мал-жанымды Қалқа шауып кетті. Бір рет өш алсам, - деп талап қойдым. Бұдан бұрынырақ талап етіп өтініш жазғанымда Оспан мақұлдамаған
- Тыныш тұралық. Жақсылық істейміз деп бір кезде жабысқан Қалқаның өзі еді. Бүгінгі жамандық ойлаған да өзі. Алладан күтсін. Бір таудан айрылдық. Тағы бір тауға арқа сүйейміз деп тұрғанда одан да айрылып қалып жүрмелік, - деген болатын.
Осы жолы менің талабымды бекітіп, 24 адам алып жүріп кеттім. Құсайұлы Зарлықан қатарлы сенімді адамдарды таңдап алдым. Күртідегі Оспандікіне барып, рұқсат қағазыма таңба басқызып алдым. Үш күн, үш түн жүріп Бәйтікке бардым да Оранбұлақтың шатына бекіндім. Қойыртақыда қарауыл бар ма деп тексерген едік. Ол жер иен екен. Жаныма үш кісі алып, Нарын Қарағайты және Қожыртыға бардым. Қожыртының теріскейіне қар жауған екен. Онда жайылған жылқы ізі көрінді. Жерді шалып, қайтадан қосқа келдім.
Сегіз адамды сол шатқалға тастап, қосар аттарды баққызып Қожырты мен Үлкен Қарағайтының арасындағы дөңнің үстінде алты үй бар екен. Қожыртының суына жақындап, кезеңге шыға келсек, 300 ат, 40 түйе баққан әскерлер енді ғана аттарын жинап қосқа кетіп бара жатыр екен.
- Жасырын жағынан тосып отыр, - деп Зарлықанды жібердім.
- Оқ атпа, сездіріп алмалық, - дедім. Бір қанша адаммен барып, малды айдап шықтық. Малдың енді бір шетінде қарауылдап жүрген бес әскерге кезігіп қалып, қоршап алып, бесеуін де өлтіріп, мылтығын, аттарын қоса алдық. Үйден бір әскер қорқып шыға алмады. (166)
Біз малды алып шыққаннан кейін Зарлықан қарауылды тастап, бізге қарай жүргенде артқы жағынан атқан оқ оның атына тиді. Және менің атыма да оқ тиді. Адам аман болып, Қожыртыны өрлеп, малды айдап жолға шығып едік. Артымыздан 12 адам қуып келді. Олармен атысып, төртеуін өлтірдік. Қалғаны қашты. Жиыны 9 мырыш, 300 ат, 40 түйені алып, Оранбұлаққа қайтып келдік те тоқтамастан Өндірқараға түсіп кеттік. Жолдастардың мылтық түсіргендерін өзіне бердім. Екі түйе, бес аттан олжа бердім. Қалған малдарды Қалқа менің малымды талап алып кеткендіктен өзім алдым.
1946 жылы қыркүйекте Дәлелхан Алтайдың азат болған тойына Оспанды шақыртып Тастембайды жіберіпті. Өткен жылы сол базардан Оспан көшіп шыққанда өзінің орнына Уатқанды қойып кеткен болатын. Осы жолы да, Оспан өзі бармай, “Менің орныма Уатқан қатынассын” деп Тастембайды қайтарып жіберді.
Оспан ауылының жанындағы Ақ Үй Соғыс Комитеті кетіп қалғандықтан тағы да іс жүргізетін бір комиссариат құрдық. Екі үй кеңсе тігілді. Қапас мүпти, Әбдірахман Би, Қасен зәңгі, Ақмолла, Сұмғазы сол кеңседе отырып іс жүргізетін болды. Оспанды қорғайтын бір гарнизон әскери күш, 200 адам шығарылып, оның бастығына Жылқыайдар белгіленді.
Үрімжіден келген радиосист қытайға бір үй тігіліп берілді. Үрімжімен қолма қол сөйлесіп отырдық. Үрімжі – Шонжы Алтай сауда жолын аштық. Оспанға өкімет таңбасын Әлен Уаң әкелмекші еді. Әлен ауырып қалып, таңбаны Сарбай, Сүлеймен, Жанымханұлы Хамит алып келді. Осылармен бірге 500 түйе бұл, шай келді. Ел мен ел арасында сауда болып жатты. Жаңа құрылған іс басқару комиссариаты той жасады.
Сонымен қыс болды. Қар жауды. Оспан өкімет таңбасын тапсырып алып, Өндірқараға (167) көшіп келді. Алдыңғы келген қытай қашып кетіп, оның орнына Жүніс Дүнген келіп орналасты. Оспанға аударушылық қызметіне Құрманбай Тиянақұлы, Татай Қасымұлы орналасты. Оспан аулы Өндірқараға қонғаннан кейін комиссариат мекемесінде Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл ауданындағы бізге қарасты болып жіктеліп отырған халықтардың тұрмыс күйлерін, қорғаныс күйлерін зерттедік.
Ел ішінде екі беткей болып отырған Уатқан, Ләтіп, Нәзір тәйжі, Қалман қазы қатарлы адамдарды қайту керек деген мәселе туралы кеңестік. Кейбіреулер:
- Қолға алып кісендеп қамап тастау керек, - деді. Енді біреулер:
- Ұзақ жылдар өзімізбен бірге қар жастанып, мұз төсеніп төңкеріс істеді. Сонымен бірге олар өзімізбен бір туған, ет бауыр туыс. Жау жағадан алғанда, бөрі болып олар етектен ала қоймас. Оларда қазіргі жағдайдан біраз қорқу бар шығар. Өйткені біз орыс өкіметінен, монғол өкіметінен, Құлжадағы уақытша өкіметтен де, Сарсүмбе қаласындағы Дәлелханнан да қол үзіп қалдық. Төрт жағымыз бірдей жау. Бізде қазір белгілі сүйеніш жоқ, - деді.
Сонымен Шың Сысай кетіп, У Жу Шүн келген соң, Сан Мын Жуимен бітім жасадық. Бұл қытай тарихтан бері үлкен керекке жарамай келген осал халық. Сол жақтан орыс-монғол келіп әскери күшпен соғатын болса, онда қытайдың айырып алатын күші жоқ. Қытайдың он жылдан бергі соғысу ахуалын өзіміз жақсы біліп алған едік. Енді біз осы адамдармен сырластық істерін жүргізелік деп кеңестік.
Комиссар мекемесі мен Оспан аулын қорғау әскерін молайтып, полк етіп құрдық. Оның сыртында үш аудан халқының бәрінде мылтық бар. Монғол шекарасына, атап айтқанда Дәлелханмен екі ортаға шекара руларын әскерге алмай солардың өзін сол жерге қарауыл етіп белгілеу керек деп қаулы алып, оларды орналастырдық.
Мен Жанымханұлы Хамит, Өмірзақұлы Жанатты алып, Нәзір тәйжіге жүріп кеттім. Ол адамға барып жоғардағы ел өміріндегі тоқталып отырған барлық жағдайды айттым.
- Енді қайтеміз? Қайту керек? Тағы да бұғып қөру керек пе? Әлде болса, болмағанда үш аудан халқы өлсек бір шұнқырда, тірі болсақ бір төбеде боламыз ба? (168) Біз үш аудан халқы ұлы бірлік істеген уақыттарда, жаудың 50-60 мың құралды армиясын жойып, жүздеген самолеттерін, мыңдаған танкілерін қиратып, бүгінгі бауырластарымызды сақтаған едік. “Төртеу тең болып, төбедегі бақытты түсіріп алған да едік”. Кәнеки бізге не ақыл айтасыз? Мені сіздерге Оспан батыр жіберді, - дедім.
Ақыры Нәзір тәйжі барлық жақтан мақұл болып Оспанды қорғауға уәде беріп, інісі Сұлтанды маған қосып берді. Уатқан, Ләтіп олар да түгелдей жолдастарын ертіп, Оспан жанына келіп серт беріп қайтты. Бол жолы жалғыз Қалман келмей қалды. Манат та Дәлелханнан шығып Оспанға оралды. Уатқан, Ләтіп елдеріне жылқы айдап барып келген болатын. Салық тәйжі бір жиын ашқан кезінде өзі бірге болып Оспанды қорғауға мақұл болды. Туысқандық, сырластық бізді аз болса да тағы да бір рет бірлестірді. Шәри зәңгі әуелден берекенің ішінде болатын.
Оспан маған:
- Қалманды ұстап әкелуге кетемін. Нұрғожай өзі аттанып маған келе қойсын, - деп адам жіберіпті.
Мен дереу келсем, Оспандар аттанып Ақыт аулына барған екен. Қалман қашып кетіпті. Біз Оспанға:
- Туыс емес пе? Қаттылық істемеңіз, - деп сабасына түсіріп, Ақыт мешітіне апарып бесін оқыттырдық. Енді бір жағынан Ақыт туыстарын әрекеттендіріп үш сиыр, бір қанша қой сойдырып қойдық. Сонымен Оспан Ақыт үйіне келіп түсіп, түстік тамақ жеді. Оспан отырып:
- Қалман мен шақырсам келмеді. Әкесінің орнын бұлдады ғой. Мен өзім сәлем берейін деп келдім, - деп қойды.
Оспан бұл жолы қатты кәр төгіп келген еді. Біз ол кісінің бір жолғы ашуын тілеп алдық. Оспан жүрерде:
- Қалманның мені сыйламағаны, әкесі Ақытты сыйламағаны шығар, қайыр. Қашып кеткен екен. Қазез мешіт имамы сен бол, - деп Қазезді аулына ертіп қайтты.
Біз жиын ашардан бұрын Өмірұзақ залың Манатпен өкпелесіп 20 адамымен қашып, Оспандікіне келіп жатқан еді. Артынан Манат өзі келіп Оспанға қосылған еді. Сөйтіп үш аудан арасындағы қайшылықтар сырласу арқылы реттелді. (169)
Жаз шыға Дәлелхан соғыс бастайды екен деген сыбыстар ел ішін аралай бастады. Манатты 200 әскер беріп, Дәлелханмен екі ортаға қарауылға жіберді. Қапас батыр Бурылтоғай елімен Сарсүмбе ауданының екі арасына қарауылға жіберілді. Көп өтпей “Бес жүз әскермен Бәделхан шығыпты” деген хабар дүңкілдеп тұрды.
- Біз үш аудан елі соғыстан қорықпаймыз. Он жыл соғысып, соғыс дегеніміз әбден әдеттегі істерге айналып алған. Өлтіріп тұрсақ, өліп тұрсақ, ол біз үшін “қазылық пен шәйіттік” - деп қоятын едік.
Бұл жердегі ең жаман іс мынау болды. Екі жағымыз да қазақ едік. Бауырдың бауырды өлтіруі біздің санамыздан өтпеді. Оның ішінде менің санамнан тіпті өтпеді. Мен жатсам-тұрсам да “Енді не істеу керек? Жау десе жарғақ құлағым жерге тимейді. Жауды құртып, жеңіп болғанша тамақ ішпейтін әдетім бар еді. Мына жау деп отырғанымыз қазақ еді. Қазақ ішінде өзімізбен бірге туған Абақ Керейдің ұл-қызы еді. Япырай орыс пен монғолдың өзімізді өзімізге салып кеткені неткен сұмдық еді!
Неткен жадыгерлік!
Неткен аянышты тірлік!
Неткен бақытсыздық!
Неткен надандық!
Неткен қараңғылық!
Он жыл соғысып, қазақ үшін қан кешілгенде енді бауырдың оғынан өлеміз бе деген ойлардың бірі кіріп, бірі шығып тыншымды кетіріп жатты.
Дәл осы кезде 30 адаммен Бәделқан алдын тосып жер шалып кел деп маған бұйрык келді. Мен бұйрық бойынша жетіп келсем, екі аудан ортасында Меркіт Ыбырайхан үкірдай елі бар екен. Және Есіргеп Тыштай ауылдары бар екен. Сол жылы Мұсахан өлген еді. Алдымен Мұсахан үйіне барып сәлем беріп сол үйге Құран оқыдық. (170)
Мүрсәлім қыстан құр шыққан қарагер атын Қапасқа берді. Ыбырайхан үкірдай қарала атын маған берді. Екі ат бит домалап түсетіндей тойынған екен. Ол елге:
- Кеуделеп барып малдарыңды қоздата беріңдер, - дедім.
Сол ауылдан шығып, жер шалып екі тұмсық айналсақ, үш адаммен Ежен Бейсі кезіге кетті. Амандасып болған соң жөн сұрадым.
- Ертіске баратын ретің көрінбейді. Жер шалып Дәлелханға шпион болып, тың тыңдап жүрсің ғой. Атаң істемеген істі Оспан істесе жаман болмаған еді. Ең аяғы Дәлелханың болып, Мәми аулың болып Оспанның кәдірін көре алмадыңыздар. Мен қазақты қазақпен соғыстырмай Оспан мен Дәлелханды татуластырсам, - деп жүрмін дедім.
Олардан айрылып қайта келіп Қапасқа айттым.
- Қазақ өзімізбен өзіміз соғыспалық. Қазақтың қанын төкпелік. Бұл елдер қашанда біздікі. Қойларын қоздатып жата берсін. Дәлелхан елдің ылғи соғыс көрмеген жас баласын алып келеді. Олар біздің бір шарпуымызға келмейді де босқа қырылады, - дедім.
Қапас мақұл болды. Біз қайтып кеттік. Бәделхан ілгерілеп келмеді. Қайтып елге барсам “Бекторов, Могтонов саяси комиссарлар болып, Іледен Түсіпқан жынды шпион әскер бастап, Бурылтоғайдан түсіп өрлеп келеді” деген хабар келіп жатыр екен.
Оспан 200 әскермен Түсіпқан шпионды қарсы алуға тағы да мені жіберді. Мен әскерлер мен аттарын ыңғайлап алып, өзенді құлдап жүріп кеттім. Мен әскерді алып Сойтыға барсам, ондағы қарауыл Манат ел қыдырып ойын-күлкімен жатыпты. Ат-көліктерін де қырға шығарып жіберген екен.
Сол жерде алдымыздан шыққан Өмірұзақ залыңның әйелі, жанында Қыстаубай Бұрынбай молланы ертіп Манат жатқан жерге келдік. Түсіпқан шпион Манатқа хат жазыпты. “Манат талай қарабет болған едің. Осы жолы біз келдік. Тағы қарабет боласың ба? Қай жолмен жүресің? Жолыңды таңдап ал. Біз келдік. Осы жолы қолға түссең, атқа сүйретіп өлтіремін” деп жазыпты. Хатты оқыдық та:
- Мына сатқын тыңшы, кәр шпионның күшін қара. Тәуекел Алла. Қазақты қазаққа әкеп салу әлгінің ісі ме екен? (171) Ол да орыстың сұмдығы қой, - дестік.
Біз әскерлерді алып, Бітеудегі Мақан молланың аулына бардық. Құсайынбай, Әділхан би, Әбдірахман би, Расұл залың, Мұштәри, Шарбақбай, Сарбай, Сағатай қатарлы ел адамдары Мақан молланың үйіне жиналды. Кейін Тиянақбай, Қажыбай зәңгі де келді. Оларға ашық айттым:
- Оспанмен соғысқалы орыстар Түсіпқан полкін әкеліп, Бурылтоғайға төгіпті. Мен осымен соғысқалы келдім. Алтай тауы жақта Қапастар атысып жатыр. Енді біздің бұл өзен бойынан атыс бермеуге мүмкіндік болмай қалды. Дәлелхан жақ болсаңдар рұқсат. Құлдай көшіңдер. Оспан жақ боламын десеңдер, өрлей көшіңдер, - дедім.
- Барлығы Оспанға барамыз, - деп уәде беріп, өрлеп кетті.
Мен әскерімді алып, түнделетіп жүріп Деңнің керішіне бардым. Сол жерге барғанда ел арасы сұйықтап үзіле бастады. Әскерді кейін тастап 30 адаммен жер шалып ілгеріледім. Өрлей көшкен Қыстаубай Сабыр қажының қыстауына барып түстік. Аздан соң бір Қыстаубай молла құлдап кетіп бара жатып:
- Жау өрлеп келе жатыр, - деп жетектеген түйесі бар қайта қашып келді.
Сол керіштің Алтай жағында жүретін тағы бір жол бар еді. Соны қарауылдап, жаудың алдын алып тұра қалдық. Жер шалып келе жатқан екі әскер көрінді. Оларға мылтықтың құндағын жоғары көтеріп едік.
- Өз адамдарымыз, - деп жетіп келді. Олар жанымызға келгенде ұстап алып қосқа жібердік. Байжұма деген збот бастығы екен. Жиыны 13 адам бірінің артынан бірі келіп, барлығы қолға түсті. Оларды артқы шепке қоя бердік. Ол адамдардан келе жатқан әскердің ахуалын сұрадық.
- Абайсызда басамыз деп Құм жақтан келе жатыр, - деді.
Біз де Құмға шықтық. Біз оларды бұрын көрдік. Әбден жақындап қалғанда бізді көрді де:
- Ойбай құйыршық мұнда екен, - деп жалт берді.
Сол қойнауда өзенге жақын тұрған бір ескі қорған бар екен. Сол қорғанның ор жағына біз барып: бұрын қарауыл орнын алып қойдық. Біз аз адам болғандықтан бір үлкен қорғанның ығына сиып кеттік. Олар қалың әскер болғандықтан кіші-кірім жерге симайды. Қарауыл бізде болғандықтан елу атар пулеметті төгіп-төгіп жіберіп едік. Бүкіл бір үлкен қойнау жарым сағат ішінде адам мен ат өлігіне (172) үйіліп қалды. Қырылғаннан қалғаны қайта қашты. 80 адам өлген екен. 80 адамды тірідей қолға түсіріп алдық. Бізден бір адам, Ителі Дәлелхан Қасенұлы жаралы болды.
Біздің артымыздан Оспанға бағынып келген Борбыжап әскерлері жәрдемге келді. Түн бойы шпион сатқын қызай Түсіпқан әскерін өзенге де, жыраға да, тоғамға да қамап алып, аяусыз қырдық. Бастықтары орыс екен. Таң ата қашты. Жау қашқан соң біз шегініп, Дүреге келіп бас-аяғымызды жинап, адамдарды түгендедік. Елден келген хабарда:
- Ақдалаға қарай көштік. Шауқарға барамыз, - депті.
Қолға түскен 80 адамды атын, азығын беріп, жеріне қайтарып жібердік. Қазақ бен қазақтың соғысқаны, соншама қазақ жастарының қырылғаны менің идеяма сыймады. Мен Оспанға барып:
- Бәйтікке шығып кетелік, - деп едім. Оған көнбеді. Сұпты Күртіге қарай көшті. Мен елге хош айтып өзіме қараған туыстарымды алып Үрімжіге қарай көштім.
Жол бойы Ішбенін қағы, Отау Керіш, Шөмішбай, Көкбастау, Ханоба, Аштысу, Үшқұдық қатарлы жерлерді басып Пукан ауданының Өлеңді қобы деген жерінен барып шықтық. Үшқұдықтан су құйып алып үш күн көштік. Сонда барып Өлеңді қобыда суға іліндім. Ташанға барып жерлестім. Оспан:
- Нұрғожай біздің жанымызда жоқ, жау қырып кетті ме? Жоқ сіздер жаққа кетті ме? - деп Жанымханға телеграмма беріпті.
Алдымыздан Жанымхан адам шығарып іздеген болса да олар шөлден қорқып ілгерілеп бара алмапты. Өзіміз аман-есен жетіп барып орныққаннан соң Сүлеймен екеумізді Жанымхан шақырған екен. 30 адам ертіп Үрімжіге бардым. Алтайдағы болған уақиғаны демократиялық өлкелік өкіметке баяндадым. (173)
Достарыңызбен бөлісу: |