Дәл осы кезде Қалқабай мен Дәлелхан Сарсүмбе қаласын аламыз деп 700 әскер жинады. Мен қарсы шықтым.
- Қазір мал арық, ел аш. Керек десең әскер мінетін тың ат та жоқ. Аштан өліп жатқан қазақ әлі бар. Кім ат береді? - дедім.
Сонау ең бірінші құрылымдағы тоғыз комиссардың бәрі өліп, жалғыз мен қалған едім. Сөзім Қалқабай мен Дәлелханға ұнамады. Әскерді құрап алып, олар жүріп кетті. Мен Сұпты Күртідегі үйіме барған едім.
Он күнге жетпей Оспан 30 бесатар, көптеген оқ артқызып бұйрық жіберді:
“Қалқабай Дәлелхандарды Сарсүмбеден қытай армиясы, Борбыжап армиясы, Манат армиясы, ақ орыс болып төрт жақтан қоршап алыпты. Алынып кету қаупінде тұр. Сен өз әскеріңді алып, күн-түн демей жүріп, оларды құтқар!”
Мен дереу 150 адамды іріктеп алып жүріп кеттім. Жолға шығып Қандытай құйғанына барғанда Қатыранды (Шыбарайғыр) бір хат жазып Жанымханға (131) жібердім.
“Жанымхан Кау Жоянмен сөйлесіп Алтайды Оспанға өткізіп беру жағдайы болатын болса Ошырқажы тамынан екі жақ екі ақ боз атпен үш сағат сөйлессек” деп едім.
Олар да сөйлесуді талап етіп еді. “Маған Дәлелханды құтқару бұйрығы берілген. Бұл жолы сөйлесе алмаймыз. Егер Абитаннан адам жіберіп тілдесу қажет болса, бір сағат, көп болса екі сағат уақыт табармыз” деп белгі жіберіп бердім.
Қатран ақшамға дейін келмеді. Таң атқан соң Абитаннан жүріп кеттік. Біздің берген белгіміз көрінбеді. Шеміршектегі Ұйғыр Бақты Тамына барғанда демалып тамақтандық. Сонда Қатранды ертіп Жанымханның күйеу баласы Уақит келді. Жанымхан былай депті:
“Дәлелханды соғыстырмай алып қайт. Соғыс біртірдеп тоқтасын. Осы кезде Коминдаң өз ішінде ала болып тұр. Манат өздігінен бағынған. Онда да қорқыныш бар. Борбыжап да жаман қорқынышты жағдайда тұр. Кау Жоян Уаң Силиңмен соғыса алмай, Сан Мын Жұйды қабылдап, Алтайды Оспанға бере салып кеткісі келіп тұр. Олар елден айрылды. Бір ғана қаланы иелеп тұр. Азық-түлік торабы кесіліп қалды. Сондықтан У Жуши де барлық қысымнан құтылу үшін Алтайды Оспанға бергісі келіп тұр.”
Уақитқа бір бесатар, мың оқ бердім.
- Дәлелханды ептеп шегіндіріп алып кетейін. Сіздер партизан соғысын жүргізбеңіздер. Уаң Силиң ескі Шың Сысайдың құйрығы болғандықтан бізбен соғысуды талап етсе, онда ондық күшіміз бар. Арадағы қатынасты үзіп алмаңыздар, - дедім.
Мен Қуанбайға барсам, Буыршыннан қалың арбамен астық келеді екен. Жаудың негізгі армиясы атақты Көз Ян полкі екен. Оларды төрт жақтан қоршап алып, аяусыз соғыс жүргіздім. Олардың тау жағында Дәлелхан жатыр. Ой жағынан біз келдік. Олармен тіресіп соғысып, Көз Янды қолға түсірдім. Полковник екен. “Ат па” десем де қоста қалған әскерлер оны атып тастапты. Қорын бірақ түсіріп алдық. (132)
Монғол Борбыжап әскерлері Көз Янды құтқаруға келді. Олармен бір төбеге таласып барып, ақыры біз алдық. Ол жалт беріп құржаның тамына кіріп кетті. Жаныма таңдап он адам алып арық ішімен еңбектеп отырып, тамның жанына таяп барып едім. Қалқажанға оқ тиіп кетті. Оны қайтарып жібердік. Және бір Қыстаубай бала оққа ұшып кетті. Оны да қайтарып жіберіп, терең жыраның ішіне кіріп алып жақындадым. 71 атар автомат бар еді. Қақпаны атып едім. Қақпаның тас талқаны шықты. Есік ашылып кетті. Ат пен адам көрінеу қалып еді. Автоматты құйғалы тұр едім. Тамның артынан шығып алып қашты. Он адам, 15 ат өлігі қалыпты. Күн батып кетті. Әскерлермен Қуанбай мешітіне жиналдық. Тексерсек екі адам жаралы екен. Басқалар дін аман. Арба, өгіз, түйе, астық сыймады. Астықты тастың арасына апарып тығып қойдық. Арбаны өртеп жібердік. Жанымханға хат беріп “Астықтарды халыққа алғызып бөліп бер” дедік.
Дәлелханды қоршаған Көз Ян, Борбыжап қиратылған соң ақ орыс пен Манат қашып кетіп, оларды аман-есен жаудан айырып алдық. Оларды құтқарып қалғандығым үшін Монғолия да, Дәлелхан да маған сеніп кетті. Дәлелхан:
- Ертең Қарашілікке келіңіздер. Сіздердің бізді құтқарып қалғандықтарыңыз үшін той жасаймыз. Ұланбатырға, Богдановқа, Мәжікке, Оспанға телеграм жолдадым. Олардан құттықтау келеді, - деді.
Жаралы адамдарды елден түскен олжамен қайтарып жібердік. Ертеңінде Қарашілікте жиналып, көп өгіз сойып, той қылдық. Оспаннан, Генерал Мәжіктен құттықтау телеграм келді.
“Нұрғожай батырдың 150 адамдық күшпен жеті жүз адамдық Көз Ян полковникті жойғандығы, сатқын Борбыжаптың 300 адамдық күшін талқандап тастағандығы, он мыңдаған қытай әскерінің азық қорын тартып алғандығы үшін ең жоғарғы атақ Шығыс Түркістан Ақ Үй Соғыс Комитетінің І- орынбасары деп белгіледік”, деген әмір келді. (133) Сол жолғы соғыс линиясының орынбасары да мен болып қалдым. Оспан, Мәжік қол қойыпты.84
Ертеңінде ақылдастық. Мен тұрып:
- Қайталық, ат арық. Көлік семірсін, - дедім.
Дәлелхан:
- Шұңқырды басып, Қалутанға шығып, Үштас жайлауына шығып кетелік. Ат көлік сонда семірсін, - деді.
Үрімжі үкіметімен келіссӨз
Мақұл болып жүріп, Таралаңға барып қонып, ертеңінде Бұғыатарға бардық. Шабуыл жерлерін тексердік. Өткел аузында әскер бар екен. Уарыс әскерлері, Манат, Борбыжап әскерлері түгел сол жерге барып алыпты. Сонымен Жуантерекке ойысып түсіп судан өтіп, Түнкені басып, Әміраштайға жетіп бардық. Бірақ алдымыздан ақ орыс әскерлері өткізбеді. Қасейін батыр оққа ұшты. Азық та азайғандықтан ол жерден қайтып, Алағақ Шәку бейітіне келдік.
Қасейін, Кенен, Қали Буыршынға жер шалып барып, 200-ден астам әскер атын алып келді. Қасейінді жаназалап Түнкеге қойып кеттік. Жолдан Жылқыайдар, Ақмолланы жүз адаммен Әріпбайға жібердік. Елге барып ат семіртіп, бір айдан соң қайтып келетін болып жүріп кеттік.
Біздің артымыздан жүрген қытай қарауылдары Бурылтоғайдан келе жатқан Смағұл молланы атып кетті. Және астық-азық іздеп шыққан Ақылбай баласы Сұлтания ішінде 11 адамды атып кетті.
Алағақты басып Сайырдан асып, Көз Ян өлген жерге келдік. Қаратасқа келіп Ақтеке адырларын басып, Тұлтының аяғындағы Сарқамысқа келіп қондық. Артымыздан Манат, Борбыжап, ақ орыс әскерлері қуып келіп, Қарағаш маңында тоқтап қалды. Тәңертең біздің әскерлер жүріп кетті. Мен 40 адаммен артында қалып едім. Тастембай айналып еді.
- Жүре беріңдер, азырақ кешігіп жүремін, - дедім.
Жанымда Кенен, Нәби, Көкей, Жылқышыбай, Сансызбай бар еді. Біздің хабарымызды естіген соң үкімет адамдары да алдымыздан шықты. (134)
- Тастембайға ат айдап қайтамын, - дедім де Борбыжап пен Уарысқа Қатранды жібердім. Біз-қару жарағымызбен сақшының ішіне келіп түстік. Атты бағуға әкетті. Мылтықтарды бір үйге жинадық. Ер тоқымды бір үйге жинадық.
- Ісіміз асығыс. Бізді шақырғанда үш сағат деген еді. Жауап алып қайтсақ - дедім.
Қала ішіндегі қазақ бастықтарынан Әлен Уаң, Шәмси, Мұқаш, Қажнәби, Кау Жұ Ян мекемесінде екен. Бізді сол жерге апарды. Ол жерге хат жазып жүрген Жанымхан келмеді.
Мен ол адамдарға мынаны айттым.
- Нанжиң үкіметі Шынжаңға У Жушиді жіберген екен. Маған У Жуши Алтай өкілі деп таңба беріп сіздерге сөйлесуге бұйырған еді. Әскеріміз жүріп кетті. Қағаз жіберген Жанымхан қажы келсе екен, - деп талап еттім.
Кау Жоян тұрып:
- Бұл болса - мемлекет ісі. Үш сағат ішінде қандай жауаптасуға болады. Болмаса үш күн қалыңыздар, - деді.
Оған да мақұл болдым. Нәби, Жылқышыбай, Кенен, Көкейді мен жатқан үйге жатқызды. Әскерлерді алып кетті. Екі күн жаттық. Жолдастарымды кезек-кезек апарып, сұрақ қылады. Түн ортасында Көкейді алып кетіп, екі сағаттан соң әкеліп тастады. Оларға мен ренжідім.
- Сендерді кім шақырып жатыр, - деп сұрадым. Олар маған ренжіп:
- Торға жаңылып түсіппіз. Сендер қаланы іштен бұзғалы отырсыздар. Нұрғожай өтірік айтып отыр деп тергеу жүргізіп жатыр. Ұрмаса да ұрғаннан артық, Шәмси тергеу жүргізіп жатыр, - десті.
Тәңертең есік қағып Шәмси кірді. Ол сәлем берді. Мен алмадым.
- Менің шешем бір қой қалжа жеген. Сен Базарқұл болсаң, менің Шақабай жолдастарымды не үшін тергеуге аласың? Мені шақырған кәрит Жанымхан қайда? Мен екеуіңнің біріңді атамын. Мені өлтірсен қазақтың бір қатыны буаз. Оспан да құрып қалмайды, - дедім.
Шәмси кетіп қалды. Бір сағаттан соң (135) Жанымхан келді.
- Сіз бізді шақыртып алып, сұраққа тартқызып қойғаныңыз не? Не үшін шақырдың? Екі күннен бері неге келмедің? Мұндай болғанда сіздер Сан Мын Жұйды қабылдамаған екенсіздер. Кәменосқа ұқсап тұрсыздар, - дедім.
Жанымхан ойланып тұрып:
- Шәмсиға кәменос деген сөзіңді айттын ба? - деді.
- Айттым, - деп едім.
- Бұл адамдарда әлі де Шың Сысайдың әсері бар болып отыр. Ертең сағат онда бір адам шақырады. Сол адамға барлық пікіріңді қорғанбай айт, - деді.
Сағат онда Кәрманбай ертіп, Кау Жоянға апарды. Сөзімді дұрыс аудара алмады. Осыған байланысты ренжіп едім.
- Кім аудару керек? - деді.
- Мұқаш аударса, - дедім.
Дереу телефон соғып Мұқашты алғызды.
- У Жуши бізге әмір беріп, қан төкбей келісім арқылы іс істеуді тапсырған еді. Он аймақ өлке Үрімжіде болмақ. Кау Жоян өзі келсін. Алтай уәлиі міндетін Оспан өткізіп алсын дейді деген еді. Біз үш сағат сөйлеспек едік. Қазір үш күн болды.85 Тез жауап бермесеңдер, менің семьяма қиын күндер туылады. Оспанды бақылап отырған Қалқа әскерлері бар, - дедім.
Осыдан кейін Кау Жоян:
- Біз өз ішімізде келісе алмай жатырмыз. Уан Силиң біздің пікірімізді қабылдамады. Оның қолында әскери күш болғандықтан, біз сіздерге жауап бере алмай отырмыз. Мен У Жушидің пікірін қабылдаймын. Ақылдасып көрелік, - деді.
- Оспанмен тіл алысу шарты бола ма, жоқ па? - дейді.
- Уақыт өтіп кетті. Біз қазір бір жұма жатып қалдық. Артқы жақты білу үшін Кененді жіберелік, - дедім.
Олар мақұл көрді. Кененді жібердік. Кенен төрт күнде барып, қайтып келді.
- Жұрт жатыр, адам жоқ. Мал-жан жоқ, - деп келді.
Енді екі күннен кейін Сүлеймен мен Сарыбай қашып келді. Нұрғожай бағынып кетті деп Қалға әскерлері мен Молқы әскерлері (136) Сүлеймен ауылдарын, Сарыбай ауылдарын түк қоймай малдарын талап алып, ауылдарын шауып кеткендіктен төрт кісімен Кәбіл, Қажыбай қашып шыққан екен.
Ол екеуі Қандығатай жолымен Жаң Жұн бұлақ басына келіп түскенде, қытай әскерлеріне кезігіп қалғандықтан қытайлар ол екеуін атып кетіпті. Ауылдан 17 адамды қолға алып оның ішінен менің баурым Шаймардан және Ермекұлы Шаймардан, Келесұлы Әбілмәжін қатарлы төрт адамды Монғолияға әкетпек екен. “Оспан малдарын шауып алыңдар. Адамдарына тиіспеңдер” деп алып қалыпты. Егер біздің ауыл шабылмай тұрған болса, онда Әлен Уаң бастық бір қанша ел бастықтары алып, Оспанға баратын едім. Жоспар бұзылып кетті. Осындай қайғылы уақиғалар болып жатқанда мені Кау Жоян шақырып
- Не ойлап тұрсың? Қандай жоспарың бар? - деді.
- Бауырларым өліпті. Малым шабылып кетіпті. Өкілдік алып келген істерді уағында шеше алмадыңыздар, - дедім.
- Сіздердің барлық залалдарыңызды өкімет өз үстіне алады. Оларды біз төлейміз, - деп көңіл аулады.
- У Жуши маған берген қағазында Алтайға барып осыны жеткізе білсең, қайтып Алтайдан айырпланмен Үрімжіге алғызамын деген еді. Енді менің қарарым Үрімжіге кету, - дегенімде қуанғанынан ұшып түрегелді.
- Уаң Силиң екеуміздің арамыздағы қайшылықтан сіздің жұмысты қалай шешуді білмей отыр едім. Мен Үрімжіге телеграмма берейін, жауабын ертең алыңыз, - деді. Ертеңінде Үрімжіден хабар келді.
1945 жылы 8 мамыр күні айродромға жетіп барсам, Әлен Уаң баласымен, Жанымхан баласы Хамитпен келді.86 Менің жанымда Нәби бар еді. Сүлеймен өзінің Бұқар деген баласын ертіп келді. Сарбай зәңгі қосылып сегіз адам айырпланға отырып бір сағат 55 минутта аман-есен Үрімжі қаласына жетіп бардық.87 (137)
Бұлғын Шіңгіл Ақ Үй Соғыс Комитетінің бұйрығына сай 1944 жылы қыркүйекте шеру тартып Буыршын, Алтай, Бурылтоғай елдерін жинап айдап, Шіңгіл ауданына әкеліп орналастырған едік. Жеменей, Қаба аудандарының халықтарын Шығыс Қазақстанға айдап өткен болатынбыз. Онымен Шіңгіл, Көктоғай, Бурылтоғай, Алтай, Сарсүмбе, Буыршын, Жеменейдегі қытай өкіметтері мен қытай армияларын ашықтырып барып қырып тастауды жоспарлаған едік. Алтайға келетін екі үлкен жол, оның бірі Шонжы арқылы Сартоғай жолы, енді Тарбағатай арқылы келетін Қобық жолы болып, бұл жолдарды әскери күшпен кесіп тастаған едік.
Әсіресе күшті жол Бәйтік жолын Кәмел батыр, Қуанышбай әскерлері күзеткен. Онан соң Үрімжіден төтелеп келетін Үш Бұлақ Құм жолын мен күзетіп едім. Көктоғай мен Шіңгіл арасындағы қарауыл, Көктоғай мен Қаратүңке арасындағы қарауыл, Сарсүмбе мен Көктоғай арасындағы қарауылдар жіберіліп, қытай күштерін бір-бірінен хабарсыз тастаған едік. Көктоғай, Қаратүңке – Сартоғай Келең аузы, Дабысын, Қарамайлыдан Шонжыға дейін бес жүз километрлік қытай қорғаныстарының барлығын кесіп-кесіп тастап отырдық. Үрімжі Бурылтоғай арасында Үш Бұлақ Отын Қозы жолдарына да мықты күзетшілер қойылды.
Біздің әскерімізде қор болмайды. Бүкіл дүниеде мұндай қарапайым әскерге ие болған басқа бір де бір мемлекет болмаған екен. Азығымыз бір ағаш арпа талқан ғана болатын. Қойдың бір құйрығын ерітіп, сол талқанға араластырып, тұлыпқа салып алып айлап жылдап соғысып келдік. Ат, ертоқым әскердің өзінен. Киімі әскердің өзінен. Мылтықты жаудан тартып алып отырдық. Алтай тауының сұрапыл суықтары, қаһарлы қатты борандары, торғайдай болып түсетін қарлары, бұршақ болып жауып тұратын жауындары, дүрілдеп сілкініп (138) тұратын таулары, бүкіл тауларды қаптаған мың жастан екі мың жасқа келген қарағайлары сияқты өзіндік ерекшеліктері бар. Тіпті Қайсадан бұрын туған қарт қарағай самырсындары талай ғасырдан бергі көрген-білгендерін бізге жеткізіп отырғандай сезілетін. Жер бауырының шалғайлықтары, ол жазықтарда жүгіріп бара жатып ұшып өліп жататын иттер де табиғаттың Алтайдағы қатал мінезін бізге түсіндіріп тұратын.
1944 жылдың қысы, міне осы қыстың өзі болды. Дабысын, Сартоғай, Қаратүнке, Көктоғай қатарлы төрт орында және Монғолия шекарасы Жарынтыдағы 60 мыңнан артық жатқан Шың Сысай әскерінің азыққа жиған қой, өгіз, мінетін аттарын түгелдей тартып алып, олардың қолын тазалап жібердік. Жолдармен машиналар жүре алмады. Әрі біздің қарауыл, әрі жауған қалың қар оған бөгет болды.
Достарыңызбен бөлісу: |