АзаттықтыҢ өшпес рухы Нұрғожай батырдың Естеліктері ЖӘне оспан батыр



бет35/38
Дата09.06.2016
өлшемі1.04 Mb.
#124171
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

41 Сүгірбаев Қапас, Шердиман, Тескембай секілді бастықтардан бірнеше адамның жіберілгенін айтады. Осы өкілдер Сұлубай айтып Уақыт Қалелұлы жазып Оспан мен Қабидың мөрі басылған хатты да ала кетеді. Олар бірнеше күн жүріп разы-хош болысып қайтады. Монғолия олардың әрбіріне бірден маузер, Оспанға арнайы бір автомат, бір дүрбі, Қаби Бітімшіұлына бір маузер сәлемдеме жібереді. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 48-бет. Монғол деректерінде бұл кездесудің 1943 жылы 14 қыркүйекте болғаны және Оспан тарапынан Жолдыбай, Жанәбіл және атқосшы Нұх деген үш өкіл жіберілгені айтылады. Осы кездесуде төрт тармақты келісім жасалған: 1. Келесі кездесу 1943 жылы қыркүйектің 30-ы күні болады. 2. Қажет болған жағдайда ұлт-азаттық күрестің сарбаздарының отбасы мүшелері монғол жеріне паналайды. 3. Келісімге келушілер ақ тумен алдын ала белгі береді. 4. Оспан батырға жіберілетін монғол өкілдері “майор Дэмбэрэлден батыр Оспанға” деген құпия “пароль” арқылы кездесу жасалады. Осы құжат монғол, қазақ тілінде екі дана жасалып, екі жақ құпия сақтауға алды. Бірақ 30 қыркүйектегі кездесуге Оспан сақтық жасап өзі бармай Жанәбіл, Шердиман және Қапас бастаған өкілдерін жіберді. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 111-114--бет.

42 Генерал Мәжік бұл кездесу 1943 жылы 30 қыркүйекте Хайыртындаваа асуында болғанын айта келе былай дейді: “Алайда бұл жолғы кездесуге Оспанның өзі келмеді. Ол ұлы мен інілерін жіберіп, өзінің 4 қазан күні жолығатынын айтыпты. Оспанның мұнысы – біріншіден сақтық, екіншіден жеке басының дүниеқоңыздығы қозып бізден әлі де мол сый-сияпат, дүние-мүлік дәметкендігі еді. Сондықтан біз оларды жылы шыраймен қарсы алып, әр адамға маузер мылтық, дүрбі, қара барқыт мата сыйлап жөнелттік.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 67-бет.

43 Монғол деректерінде Жамба деген бүркеншік атпен аталуда. Ол, Б.Дұйнхэржав атындағы Ішкі Істер Министрінің орынбасары, шекара отряд бастығы, бригада командирі екен. Бұл туралы қараңыз Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 114-115-бет.

44 Мұндай сұрақты кейін Оспан батырмен кездескен Монғолия президенті Чойбалсан да қояды. Кездесуде Чойбалсан Оспанға “Сіздер келешекте қандай, қалай тіршілік етеміз деп ойлайсыздыр?” – деген тосын сауал қояды. Оспан мүдірмей “Мен Алтайдай елді мекенімді сонда ұсталып Қытай түрмесінде отырған сан жүздеген бауырларымды азат ету үшін өмір сүріп жүрмін”, деді. Маршал Чойбалсан “Сіз ойыңызды қалай жүзеге асыра аласыз?” деген екінші сауалға болса Оспан батыр “Алтай жерінде қазақтар ғана емес ұйғыр, торғауыт, ұранхай сияқты ұлт-ұлыстары қазір Қытай шеңгелінен шығуға талпынып, елді мекендерін азат ету үшін, тәуелсіз еркін өмір сүру үшін ой-сана, мақсат-мүдделерін біріктіріп күреске шықты. Біз көтеріліске қатысушы бұқараға бірігіп, оларға қолдау көрсете алсақ табысқа жетеміз. Сонымен қатар, біз моңғол мемлекетімен тіл табыса келіп, келешекте ынтымақтасуды көздейміз. Сіздің елден қару-жарақ алуға көмек берулеріңізді өтініш еткіміз келеді.” Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 91-92-бет

45 Естелікте “Шын Түркістан” немесе “Шін Түркістан” делінуде. Бұл жердегі “шын” немесе “шін” қазақ тіліндегі “шынайы, шындық” деген сөз емес, түрік тіліндегі “Чин”, яғни “Қытай” деген сөзден бұзылып айтылып отыр.

46 1933 жылы 12 көкекте күшпен билікті тартып алған Шың Сысай Кеңес Одағына жақтас екенін мәлімдеді. Сондықтан КСРО Компартиясы Орталық Комитеті Политбюросы 3 тамызда “Шынжаңға байланысты жұмыстар жөніндегі ережелерді” ортаға салды. Онда үкіметтің Шың Сысайды қолдайтыны және Шынжаңды Қытайдан бөліп әкететін саясат пен ұрандарға қолдау көрсетілмейтіні атап өтіледі. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 155-бет.

47 Нұрғожайдың бұл күдігі орынсыз емес еді. Өйткені генерал Мәжік естелігінде қазақты қазаққа қырғызу үшін байланысқа енгендіктерін жасырмайды: “МХР премьер министрі, маршал Х.Чойбалсан МХРПП ОК-нің бас хатшысы, армияның саяси басқармасының бастығы, армия комиссары Ю.Цэдэнбал жолдастар мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін дереу ұйымдастырып, олардың тікелей басшылығында Қоминдаң басқыншылары мен Оспан бандыларына қарсы күрес жүргізудің тактикалық тұрғыдан терең ойластырылған жоспары әзірленген еді. Ең алдымен қытайдың жауыз әскери билеушілері мен Оспан бандыларының өзара қайшылығын пайдаланып, оларды бір-біріне айдап салып бірін-біріне құрттыру – біздің негізгі мақсатымыз болды.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 62-бет.

48 Монғолдың Батын Дорж (1914-1982) деген генералының бүркеншік аты. Ол өзінің 1973 жылы Ұланбатырда жарияланған “Отан үшін соққан жүрек” атты естеліктерінде “менің сол кездегі бүркеншік атым Мажиг болатын” деуде. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 75-бет. Оның осы бүркеншік аты Монғол емлесі бойынша “Мажиг” деп жазылады. Бірақ біз қазақтар арасында кеңінен қолданылған Мәжік деген емлені қолдануды жөн көрдік.

49 Бұл кездесу туралы генерал Мәжік былай дейді: “Бұл кездесу Бұлғын өзенінің бойында тігілген “Ақ ордада” өткен еді. “Ақ орда” дегеніміз қазақ тілінде үгіт-насихат парақтарын тарататын далалық шағын баспахана үшін тігілген үй. Біз алдымен Оспанға арнап соятын бірнеше қойды сыртқа байлап, тал қиып, мол отын дайындадық. Мұсылмандар өз қолымен бауыздамаса, бөтен діндегі адамдардың сойған малын жемейтін болғандықтан, біз осылайша қойларды тірідей дайындап қойдық. Оспан уәделі мерзімде келді. Қасында жүз шақты қарулы сарбазын ертіп алыпты. Жүрісі өте айбынды. Ал, менің қасымда тұрған 7-8 адамның бірінде де қару-жарақ жоқ. Біз ниетіміздің ақ екендігін білдіру үшін әдейі қарапайым кейіп танытқанбыз. Оспан қайын ағасы Сұмғазы мен Сүлеймен бастаған нөкерлерін ертіп, ішке енгенде, шеріктері үйді неше қабат қоршап алды. Мен Оспанға мейлінше ұғынықты қарапайым тілмен әңгімелесіп, заманның қазіргі тынысы, қазақ халқының көрген бейнеті, Қоминдаңның басқыншылығы мен езгісі, олардың басқа ұлттарды жек көріп кемсіту саясаты туралы ашық айтып, “егер сіздің тарап нағыз халық мүддесі үшін Қоминдаңға қарсы күресетін болса, біз көмектесуге дайынбыз” деп мәлімдедім. Оспан менің сөзіме сенген ниетін білдіріп, өздеріне қажетті қару-жарақ пен бұйымдарды сұрағандықтан береміз деп уәде жасадым. Ал, Оспан Қоминдаңға қарсы күресем деп серт берді. Келіссөз аяқталған соң, Оспан жағы қойларды бауыздап сойып асып жеді.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 67-68-бет.

50 Сұлубайдың Оспанды құтқаруын Сүгірбаев де әңгімелейді: “Бала Ертістегі атыста Оспанның атына оқ тиіп қолға түсуге айналады. Осы тұста Сұлубай жаңбырша құйып тұрған оққа қарамай, тізгін ұшында Оспанды мінгестіре қашып құтылдырып кетеді. Сөйтіп ол көзге түсіп батыр атағын алады.” Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 47-бет.

51 Бұл уақиғаны генерал Мәжік растап былай дейді: “1943 жылы 5 желтоқсан күні Қоминдаңның 200-ге жуық әскері шекарамыздың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп шеқара қарауылына, Оспан лагеріне шабуыл жасайды. Алайда олардың арам ойлары жүзеге аспай, 22 әскерінің өлі денесін біздің жерде қалдырып, өздері қашып-пысып жоғалды. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 69-бет.

52 Жәді Шәкенұлы Оспан батыр туралы мақаласында бұл уақиғаны растап былай дейді: “1943 жылдың соңында Оспан Өралтайдың Бұлғын деген жерінде қосының ретке салып Жәнібектің ақ туын алып шығады. Ақ тудың алдында жүрелеген мыңдаған сарбаз қолын қызыл қанға батырып “Тірі болсақ бір төбедеміз, өлсек бір шұңқырдамыз. Халықтың кегі үшін аттан түспейміз. Жауды қуып шықпайынша, бел шешпейміз. Өлсек шәйіт, тірі болсақ қазымыз”, деп ант береді. Мойындарына ақтық байлап, жаназа оқытады.” Шәкенұлы Ж. “Алтайдың ақиық батыры”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 137-бет.

53 Бүркітбай батыр (1906 – 1944) туралы берілген бір мәліметте оның Алтай үкіметінің бастығы Тау Бау Сыйға емес, қажынәби Досқайұлын өздеріне қосылуға Оспанның сәлемін жеткізуге жіберілгені және 1944 жылы атылғаны айтылады: “1943 жылы қараша айында көтерілісшілер өздеріне қосып алмақ болған Қажынәби Досқайұлына Оспан батырдың сәлемін жеткізуге Бүркітбайды Сарсүмбе қаласына аттандырады. Себебі Қажынәбиге Бүркітбай нағашы болып келетін-ді. Сонымен қатар Бүркітбайдың ержүрек, елпектігі, тілді-ауыздылығы ескеріліп, оны Оспан батыр осы жұмысқа таңдайды. Өкінішке орай қасындағы серіктерімен Шірікши ауданында Қоминдаңшылар қолға түсіріп, Сарсүмбедегі Шың Сысай армиясына тапсырады. 1944 жылы Бүркітбай батырды қасындағы бірнеше адаммен Сарсүмбеде атады.” “Бүркітбай батыр”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 174-бет.

54 Мәтінде қай тіл екені жазылмапты. Бірақ кейінгі сөздерден оның қазақ тілін азырақ білетінін аңғарып “қазақ” деген сөзді біз қостық.

55 Сүгірбаев та Коминтерннің, яғни ІІІ Интернационалдың қолдауы болғанын мойындап былай дейді: “Сол тұста Совет Одағы Коммунистік Партиясын өзек еткен Үшінші Интернационалдың (жай сөзбен айтқанда, Сталин дәуіріндегі Совет Одағының) қолдауында болғаны сияқты, Үш Аймақ Төңкерісі де бұрынғы Совет Одағының қолдап қостауы мен жан-жақты көмегі арқасында пайда болған.” Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 204-бет. Сталиннің Шынжаң саясаты және оның себептері мен нәтижелері үшін қараңыз: Wang D. Under the Soviet shadow the Yining incident ethnic conflicts and international rivalry in Xinjiang 1944-1949, 414-418-бет.

56 Генерал Мәжік пен Оспан батыр 1943 жылы 5 қазан күні Қайырты асуында кездесіп келісім шартқа қол қояды. Ол келісімде Оспан өзінің баласын екі адаммен бірге (біреуі орыс азаматы) Монғолия өткізіп әскери қару-жарақты үйренеді. Осы мезетте өз адамдарын Монғол жеріне жібермей Коминдаң әскерімен күресуді жалғастырады. Бұл келісімде монғолдардың дінге шек қоймауы, коммунизм насихатын жүргізбеуі, қандай да бір жағдайда қазақтарды ұстап қыспаққа алмауы ерекше атап өтіледі. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 114-115-бет.

57 Монғолияның Оспан батыр бастаған көтерілісшілермен ынтымақ жасау үшін бұрыннан дайындалғаны байқалып отыр. Бірақ Сүгірбаев бұл ынтымақтастықтың көтерілісшілер тарапынан бастатылғанын алға тартады. Ол сонымен қатар “Халықтың Шың Сысай Өкіметіне Қарсы Ұйымы” мен “Алтай Қазақтарының Көркейю Комитеті” атында басшылық ұйтқы ұйымдастырылғанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 48-49-бет.

58 Маршал Чойбалсан 1944 жылы Оспан батырмен болған кездесуде “Сіздердің әділетті күрестеріңіз табыспен аяқталатын болса, Қазақ елі де біздің тәуелсіз республикамыздай бола алады”, дейді. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 92-бет.

59 Осы кезде Қазақстаннан 150-дей адам арнайы курстардан өткізіліп жіберілген. Азаттық радиосына 1980 жылдардың басында Қазақстаннан келіп қызмет істеген Махмет Құлмағамбетовқа ағасы Кенжағараның айтуынша, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бүкіл ел бойынша таңдал 150 қазақты Алматыда жинаған. Бұлар судья, прокурор, адвокат, Кеңес және партия апаратының мүшелері сияқты жауапты орындарда қызмет істейтін азаматтар еді. Олар Орталық Комитетте Шығыс Түркістанның жағрапиясы, оның халқы, ауылдардың аттары, рулық қатынастары, тіпті жеке адамдардың аттары мен олардың байланыстары туралы арнайы курстардан өткізілді. Оларға қазақтың ескі салтына жарай киімдер тіккізілді. Қазақ ер тоқымымен монғол аттары, қоржын, қару-жарақ сияқты заттар беріліп жүк таситын вагондармен Семей облысына жіберілді. Олар аттарына мініп сол жерден тек Кеңестік жағында күзет болған Кеңес – Қытай шекарасынан ар жаққа өтіп кетті. Кулмагамбетов М. Восточнотуркестанская операция // Континент. 1984, № 42, 242-243-бет.

60 КСРО Компартиясы Орталық Комитеті Политбюросы 1943 жылы 4 мамырда Шынжаң үшін осындай ұйымдастырулар турасында шешім қабылдаған еді. Онда Шың Сысайды Шынжаңдағы билік және құқықтарынан аластату үшін бірқатар шараларды қолдану қажеттілігіне көрсетілді. Төңкерістік ұйымдар мен Шынжаң үшін төңкерістік кәдірлер дайындау туралы қарар қабылданды. Сонымен бірге Шынжаңмен шекаралас Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда “ұлттық даму топтары” үшін арнайы басқарушылар мен келешекте Шынжаңдықтармен бірге жұмыс істейтін үгіт-насихат жүргізуші қайраткерлер дайындайтын бірнеше оқу орындарын ашу туралы да шешім қабылданды. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, s. 156-бет.

61 Бұл кездесу Маршал Чойбалсанның талабы бойынша іске асырылды. Бұл туралы генерал Мәжік маршал Х.Чойбалсанның 1944 жылы 15 ақпан күні Ұланбатырдан машинамен шығып 23 ақпан күні кешкісін Қобда аймағының Бұлғын ауылынын Анагтолғой деген жердегі әскери қосынға келіп түскенін айта келіп былай дейді: “...Маршал Х.Чойбалсан шекаралық әскери бөлімшелерді аралап кездесулер өткізгеннен кейін: “Оспанға жолығайын”, - деді. Мен Оспанға “Маршал кездеспекші” деп хабар бердім. Оспан бұл пікірді ризашылықпен құптады.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 71-72-бет.

62 Сұраған Рахметұлы монғол деректері бойынша жасаған зерттеулері бойынша осы кездесуде Оспанның өзінің толық қаруланған 10 нөкерімен көптеген оқ қағар сақшыларының қорғауында келгенін, олардың киген киімі де өте айбынды, түстері сұсты екенін айтады. Оспанның қатарында Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының кеңесшісі Сүлеймен Бектерұлы, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының кеңесшісі Келес батыр, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының әскери қолбасшысы Сұлубай батыр, Уақит Қалелұлы, Әсей Рысханұлы, Шердиман Оспанұлы, Қапас Тіркешұлы, Шығыс Түркістан ұлт – азаттық қозғалысының бас қолбасшысының оққағары Сұмғазы, Мұхаметжан, Александр Черняев болғанын келтіреді. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 87-88-бет.

63 Генерал Мәжік кездесуде мемлекет басшысын қорғау үшін төтенше шаралар істелгенін былай деп баяндайды: “Біз мемлекет басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және Оспанның сеніміне селкеу түсірмеу үшін қаруланған әскердің көзге түспеуін қалап, кездесу болатын үйдің маңына окоп қазып, оған қарулы жауынгерлерді кіргізіп, тасалап қойдық. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 72-бет.

64 Маршал Чойбалсанның қасында Ішкі Ыстер Министрі, генерал-лейтенант Б.Шагдаржав, Ішкі Істер Министрінің орынбасары, генерал-майор Б.Дорж, Ішкі Істер Министрінің орынбасары, генерал Б.Дүйнхэржав, Әуе күштерінің командирі, генерал М.Зайсанов, Әскери маман полковник Сүхбаатарын Галсан, Қобда отрядының командирі, полковник Ж.Ламжав; Кеңес Одағының өкілдерінен Моңғол еліндегі Кеңес Одағы елшісі, КГБ генерал полковнигі И.А.Иванов, Байқал – әскери округінің командирі, генерал полковник И.Ковалев, Қорғаныс Министрінің кеңесшісі, КГБ генералы А.Рубин, НКВД барлау бөлім бастығы, генерал майор Лампанг, Ішкі Істер Министрінің кеңесшісі, генерал майор Греднеев, Ішкі Істер Министрінің орынбасарының кеңесшісі, генерал майор Ф.С.Попов; Баян-Өлгей аймағының өкілдері аймақтық партия комитетінің бірінші хатшысы, шекарашыларға көмектесуші топ бастығы Ш.Ноғай, Ішкі Істер бөлім бастығы О.Қалқабай, Ішкі Істер бөлімінің кеңесшісі, Қазақстан азаматы Жағыпар, Ыбырай Тоқтағанұлы, шекара офицері Мардан Маңғылұлы болған. Рахметұлы С. “Оспан батыр және маршал Чойбалсан”. Оспан батыр. Алматы, 2007, 87-88-бет.

65 Бұл кездесу 1944 жылы 14 қаңтарда болған. Кездесуде Кеңес Одағының Монғолиядағы елшісі И.А.Иванов, Сталин және Молотов болды. Чойбалсан Оспанның жағдайын түсіндіргеннен кейін оған қарумен көмектесудің дұрыстығын атап өтеді. Бұл пікірді қолдаған Сталин армия генералы А.Антонов, Байқал сыртқы округінің командирі М.Ковалев екеуін шақырып мәселені түсіндіріп Оспанға деп Чойбалсан құзырына 400 винтовка, 200 ППШ, сирақты 6 пулемет, 30 қол пулемет, 5 дүрбі беруді тапсырады. Ол сонымен осы қару-жарақтарды атуды үйрететін мамандарды да Оспанға жіберілуін әмір етеді. Тойшанұлы А. “Оспан Исламұлы туралы монғол деректемелері” Оспан батыр. Алматы, 2007, 76-77-бет.

66 Маршал Чойбалсанның кеңсе ісінің бастығы және хатшысы Пунцагийн Шагдарсүрэн “Мен білетін Чойбалсан” атты 2000 жылы Ұланбатырда жарық көрген еңбегінде Чойбалсанның Оспанға берілетін қару – сайманның әрбіреуінен үстелдің үстіне қойып тамашалатып барлығы 400 винтовқа, 200 ППШ, 6.000 винтовқа оғы, 5 дүрбі табыс етіп, бұл саймандарды меңгруді арнайы мамандардың үйрететінің айтты. Тойшанұлы А. “Оспан Исламұлы туралы монғол деректемелері” Оспан батыр. Алматы, 2007, 80-бет.

67 Зайсановты осылай атап отыр.

68 Маршал Чойбалсанның кеңсе ісінің бастығы және хатшысы Пунцагийн Шагдарсүрэн бұл уақиғаға қуә болып былай дейді: “Маршал содан кейін Оспан тобына біздің елдің әскери әуе күшінің қолбасшысы, генерал М.Зайсановтың ИЛ-16 ұшағын тамашалатты. Зайсанов ұшақтың күш – қуаты туралы мәліметтерді қазақ тілінде баян етіп, одан кейін әуеге көтеріліп, жауынгерлік неше түрлі мәнерлерді жасады. Зайсанов жерге келіп қонғанда Оспан мен оның батырлары қайран қалып, ыстық ықылас танытып мәз болысты. Маршал еліміздің жастары, оның ішінде қазақ азаматы қазіргі заманның озық техниқасын біліктілікпен игергенін көрсету үшін М.Зайсановты ұшағымен бірге бұл сапарға әдейі ертіп келген еді. Тойшанұлы А. “Оспан Исламұлы туралы монғол деректемелері” Оспан батыр. Алматы, 2007, 80-81-бет.

69 Монғолиялық зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Лхамжүрэнгийн Бат-Очирдың Чойбалсан туралы еңбегінде Чойбалсанның көмекке әкелген қару – жарақты Оспанның сарбаздары 105 түйеге артып алып кеткенін айтады. Тойшанұлы А. “Оспан Исламұлы туралы монғол деректемелері” Оспан батыр. Алматы, 2007, 77-бет.

70 Генерал Мәжік бұл кездесу туралы толық мәлімет береді: “...1944 жылы 5 наурыз күні сағат 12-де Оспанның өкілі Келес, ұлы Шердиман маршал Х.Чойбалсан қонаққа шақырып келді. Маршал бұл тілекті құптап, нөкерлерімен бірге Бұлғын өзенінің Майхантолғой деген жерінде орналасқан Оспанның үйіне барды. Олар маршалға арнайы үй дайындаған екен. Оспанның қару асынған шеріктері үйдің екі босағасына қаз – қатар сапқа тұрып Оспан өзі әскери қолбасшыларымен бірге есік алдына шығып, маршал бастаған меймандарды зор салтанатпен қарсы алды. Бұл тігілген қазақтың кәдімгі еңселі үйі еді. Үйдің ішіне айналдыра кілем – кілше төсеп, торғын – торқадан шымылдықтар құрыпты. Төрге үстел жасап, оның үстіне кілем жапқан екен. Үстелдің артына қонақтар отыратын ұзын орындық орнатып, оны да кілеммен қаптап қойыпты. Шағын төрт темір пеш бар, оларға бір адам от жағып отыр.

Маршал адамдармен амандасып үйге енген соң Оспан мүйізді ақсарбас қойды алдырып, қонақтардан ықылас сұрады. Одан кейін үстелге жайылған ақ дастарханға бауырсақ, қант секілді түрлі тағамдарды әкеліп төкті. Шәй берген шәугімге ожау батырып, шыны аяққа құйып ұсынатын әдеттері бар екен. Меймандар ауқаттанып жатқанда әнші – күйшілер алма – кезек кіріп келіп, әр түрлі дауыспен ән шырқап, тұлпардың шабысын, өзеңнің ағысын елестетіп музыка ойнады.” Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 73-74-бет.



71 Генерал Мәжік естеліктерінде 1943 жылы 8 желтоқсан күні Қоминдаңның үш ұшағы шекарамызды бұзып жерімізге 28 бомба тастап, өрісте жүрген малга зиян келтірген деуде. Дорж Б. “Оспанға қатысты оқиғалар”. Оспан батыр. (Монғол тілінен қазақшаға аударған Ақеділ Тойшанұлы), Алматы, 2007, 69-бет.

72 Шын аты Герил болған монғол. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 146-бет.

73 Шынай Рахметұлы Монғол ұшақтарының 1944 жылы 12-13 наурызда Оспан батырға көмек бергенін айтады. Рахметұлы Ш. Оспан батыр. Баян Өлги, 1995, 49-бет.

74 Қолжазбада 104-тен кейінгі екі бет 140а және 140б деп нөмірленген.

75 Бұл уақиғаны Сүгірбаев та растайды: “1944 жылы 5 айда партизандардың бір реткі қатты соққысына ұшыраған Қоминдаңның Көктоғай қалашығындағы жендеттері, қала тұрғындарынан 40 неше бейуаз бұқараны қырғанда Оспанның 18 жастағы қызы Кәбире мен 14 жастағы ұлы Байдолланы Мәмейдің [Оспан батырдың әйелі – Ә. Қ.] көз алдында кескілеп өлтіреді. 11 жастағы ұлы Кәри мен 9 жастағы қызы Сапияны 20 неше метр тереңдіктегі құдыққа тірі тастайды. Онан соң кезек Мәмидің өзіне келеді. Қорлыққа шыдамай, жанынан түңілген ол тасып жатқан өзенге бір-ақ секіреді. Қоминдаң шеріктері жапа – тармағай оқ шығарғандарымен бірде – бірі дарыта алмайды. Соңынан қуа атқылауға таяу маңда бекініс алып жатқан партизандардан қорқып батылдары бармайды. Бір неше жүз метр жерге ағып барып бір иенде талықсып жатқан жерінен Мәмейді партизандар құтқарып кетеді.” Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 109-110-бет. Оспанның басқа балалары жөнінде Сүгірбаев мынадай мәліметтер келтіреді: “Пансия деген қызы 1942 жылы Шың Сысай өкіметі Оспанға жіберген елшілермен бірге барып сол беті әкесінің қасында қалып қойғандықтан бұл жолғы қырғынға ілікпейді. Қалған үш ұлы – Шердиман, Нығыметолла, Нәби 1941 жылдан бастап Оспанның өзімен бірге болады. Сонда, 110-бет.

76 Сүгірбаев ел айдау саясатынын “балықты судан айыру” стратегиясы деп атап өтеді: “1944 жылы 6 айда төңкерісшілер қанатын аймақ көлеміне жаю үшін нақты қимылға кірісті. Алдымен Дәлелхан Сүгірбаевтің бастауымен төңкеріс жетекшілері әскери істер мәжілісін ашты. Тұтас Алтайдың нақты жағдайына сай қалашықтарды алуға және жау әскерімен кеңірек соғысуға асықпау, оның есесіне халық бұқарасын толық аттанысқа келтіріп, төңкеріс шебіне тарту, сөйтіп жауды “судан айрылған балықтың күйіне түсіру” стратегиясын белгіледі. Сонда, 58-бет.

77 Сүгірбаевтың сөздері де осы жағдайды растауда: “Халық бұқарасы көптен армандап, асыға күткен төңкерістік қимыл Алтай өңіріндегі 7 ауданның бәрінде жарыққа шығады. Төңкеріс жетекшілері бұған қанағаттанып тоқмейілсіп қалмайды. “Темірді қызуында соғуды” жөн көріп Қоминдаң кертарпашыларының қанды шеңгелінде қалып отырған Сарсүмбе, Буыршын халықтарын да қатарларына алып, жауды онан әрі оқшау қалдыру үшін 1944 жылы 9 айдың ішінде Кәмел, Нұрғожай, Әбдірәсұл басқарған 500 кісілік қомақты партизан бөлімін осы екі ауданға аттандырады. Олар айналасы 20 шақты күн ішінде Сарсүмбе халқының бәрін, Буыршын халқының жартысын Алтай тауын бөктерлете көшіріп, Көктоғай мен Шіңгілдегі көтерілісшілер тобына қосады. Сонда, 67-68-бет.

78 Оспанды өлтіруге бағытталған көптеген қастаңдық әрекеттер жасалған. Олардың барлығы Шың Сысай тарапынан емес, Оспан кейін бөлініп шыққан кейін Үш аймақшылдар тарапынан да болған. Сейітхан Әбілқасымұлы осы әрекеттердің Мәскеудің нұсқауымен Моңғолия тарапынан іске асырылуға тырысылғанын айтады. Ол мақаласында Тескенбай, Тұтан Хамитұлы, Сағадай Үбгінұлы сияқты Оспанның ауылана келіп өлтіруге ұмтылғандардың бірнешеуінің атын атайды. Әбілқасымұлы С. “Оспан батыр”. Оспан батыр. Алматы 2007, 13-16-бет.

79 Сүгірбаев Көктоғай өңіріндегі қардың қалыңдығынын бір-бір жарым метрге дейін жеткенін және температураның минус 35-40 болғанын айтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 75-бет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет