АзаттықтыҢ өшпес рухы Нұрғожай батырдың Естеліктері ЖӘне оспан батыр



бет36/38
Дата09.06.2016
өлшемі1.04 Mb.
#124171
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

80 Қытай орталық үкіметі 1944 жылы қыркүйекте Шың Сысайды ауылшаруашылығы министрі етіп тағайындап орынан алды. Оның орнына У Жұң Шинді сайлады. У Жұң Шин Үрімжіге келгеннен кейін Сұн Ятсеннің үш принципінің арқасында өлке бойынша тыныштық болады; демократия іске асыралады; ұлттар арасында бірлік күшейеді; түрмедегілер босатылады деп уәде берді. Жаналтай, Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 50-бет; Алптекін И. Doğu Türkistan Davası. İstanbul, 1981, 170-бет.

81 Сүгірбаев көпшілік халықтың малы қыстан негізінен аман шыққанын айта келіп біраз адамның аштан өлгенін де жасырмайды: “Дегенімен, қары қалың, аязы қатты кейбір жерді қыстаған халықтың малы жұтайды. Осының салдарынан 1945 жылдың басында кейбір адамның тұрмысында түрліше, әдауір қиыншылық болады. Тіпті аз санды түтін “аштан өліп, көштен қаларлық” күйге түсіп қалады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 85-бет. Дәлелхан Жанымханұлы естелік кітабында Алтайда ашаршылық болғанын растайды. Тіпті мұның салдарынан үкіметке бағынулардың болғанын айтады: “1944 жылдың күзінде Оспан батырдың әскерлері Сарсүмбе және Буыршын халқын әскери күшпен Өралтайға апарған екен. Қыста Сырт Монғолияға барып қыстапты. Қар қалың жауып, жұт болып, мал қырылып, ашаршылықтан адамдар да өліпті. Сондықтан да 1945 жылы жаз шыға салысымен кембағал адамдар қашып көшіп, өз мекеніне келе бастаған. Манат батыр бағынғаннан кейін бұл кедейлердің келуіне жол ашылған. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 53-бет.

82 Сүгірбаев, 1945 наурызда Кәмел мен Қуанышбайды Жүкейлердің өлтіргенін жазады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 84-бет.

83 Монғолия өзінің ішкі министрлігінің Баян-Өлгейдегі бөлімшесінде қызмет істейтін Қалқабайды Оспанға ақылшы ретінде жіберіп оның барлық жағдайын жетік игерумен міндеттейді. Әбілқасымұлы бұл жағдайдан мазасыздан Оспанның кейде оны “Қалқабай, демалсаңшы, түнде жазасың, күндіз жүргізесің, жұмысың ауыр ғой” деп қағып қалатынын айтады. Әбілқасымұлы С. “Оспан батыр”. Оспан батыр. Алматы 2007, 11-бет.

84 Патыхан 1945 жылы маусым айының ондары шамасында Дәлелхан Сүгірбаевтің 700 партизан тобын басқарып Сарсүмбеге аттанғанын растағанмен, жаудың қоршауында қалған Дәлелханды Нұрғожайдың аман алып қалғанын айтпайды. Тіпті керісінше, Дәлелханның соғыстағы сәтсіздігінің себебі ретінде Нұрғожайды көреді. Оның сөзінше Нұрғожайдың армияның әр қимылын жауға жеткізген тыңшылық әрекеті салдарынан Дәлелхан сәтсіздікке ұшыраған. Бұған дәлел ретінде сол соғыста оққа ұшып ауыр жараланып әл үстінде жатқан Қасейін батырдың ымдағанын көрсетеді. Одан әрі Қасейін батырды Нұрғожайдың өлтіргенін де алға тартады. Ол былай дейді: “Қасейін мойнынан жараланып әл үстінде штапқа келтірілгенде тілден әлдеқашан қалған еді. Көңілін сұрай келген Дәлелхан Сүгірбаевті көргенде ол ортан саусағы мен сұқ саусағын шығарып, онан соң бірін бүгіп, бірін қалдырды. Бұл ишараны өзгелер “атойлап алға шыққан екеу едік. Біріміз өліп, біріміз қалдық.” деген мазмұнда түсінеді. Осылай түсінудің де себебі бар: Соғыста екі жақ бір төбеге қатты таласады. Осы уақытта Нұрғожай мен Қасейін екеуі бірінші болып әлгі төбені алады. Басқалар артынан барғанда, Қасейін жараланып Нұрғожай оның басын сүйеп отырады. Дәлелхан Сүгірбаев бұл ишараны басқаша түсінеді. Себебі: Оқ Қасейіннің мойнының қиғаш сол жақ артынан тиген – Демек оқ қарсы алдынан емес, арт жағынан келген. Ал Қасейіннің екі саусағының бірін бүгіп бірін қалдыруы “Алдымен барған екеу едік. Біріміз бірімізді мерт қылдық.” дегені. Сөйтіп Қасейінді өлтіруші қанды қол да, Сарсүмбеге шабуыл жасаған тұста Қоминдаңмен астасып хабар беріп отырған да осы Нұрғожай деген қорытынды жасайды Дәлелхан. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 96-90-бет.

85 Сүгірбаев Нұрғожайдың осы кезде бағынып кеткенін алға тартады: “1945 жылы 6 айда Жанымханның руластығын көлденен тартып шырғалауы арқылы төңкеріске опасыздық жасап, Қоминдаңға бағынып кеткен. 8 айда Жанымхандармен бірге “заман өзгерісінде” пайдаланатындар қатарында айырпланмен Үрімжіге келтірілген. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 123-бет.

86 Дәлелхан Жанымханұлы да әкесі, ағасы Хамит және Әлен Уаңның У Жушидің шақырыуы бойынша Сарсүмбеден Үрімжіге ұшақпен кеткенін айтады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 54-бет.

87 Патыхан Нұрғожайдың Үрімжіге баруына басқаша сыйпат беріп былай дейді: “...Сарсүмбедегі Қоминдаң жақ Нұрғожайға еріп кеткен Кенен, Райымжан, Шөлтек секілді адамдарды партизандар арасына “жансыз” етіп жібереді. Олардың берген мәліметі бойынша Қоминдаң мансаптылары бір жағынан қорғаныс жұмыстарын онан ары күшейтеді. Енді бір жағынан “Алтай қолдан кетер болса, қапы қалмаудың қамын жасап Әлен Уаң, Жанымхан Тілеубердіұлы [Сүгірбаев кітабында Жанымханның әкесін барлық жерде Тілеуберді деп көрсеткен. Дұрысы Тілеубайұлы – Ә. Қ.], Нұрғожай, Сүлеймен Бектұрұлы, Сарыбай сияқтыларды айырпланмен, Шәмши, Дәлелхан Әленұлын автомобилмен Үрімжіге жолға салады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 94-95.

88 Сол кезде қалада болған Дәлелхан Жанымханұлы, қаланың қиын жағдайда тұрғанын мына сөздермен суреттейді: “Мен ертесі генерал Уаңға барып амандаса отырып жағдайды кеңестік, генерал: “Жағдай өте қиын, келешек үмітсіз, -деді. Басқа артық бір нәрсе демеді. Мен де сұрамадым. Екі күннің ішінде дайындалып, қаланы босатуға кірісті.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 54-бет.

89 Сәмитұлы бұл жағдайға байланысты былай дейді: “Кеңес Одағы және Қытай сынды екі үлкен мемлекет өз мүдделері жолында бірлесіп алды да, Шығыс Түркістан деген республика өз жайында қалды. Енді оның қуыршақ бастықтары екі қожайынның ортасында қалып, екеуіне кезек жалпақтап, айтқандарын бұлжытпай орындамасқа шарасы болмады. Сөйтіп олар осы жолғы келісім арқылы Шығыс Түркістан респуликасын жоғалтып, оны Қытай үкіметінің қол астына бағындырып беріп бір-ақ тынды. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 143-бет. Осындай жағдайды Дәлелхан Жанымханұлы да баяндауда: “...Көтерілісшілермен 1945 жылы 10 айда келіссөз басталды. Соғыс әрекеттері тоқтатылды. Орталық Қытай өкіметінің уәкілі генерал Жаң мен Шығыс Түркістан уәкілдері арасындағы келіссөз жоғарыда айтылғандай 1945 жылы 10 айда басталған болса да Шығыс Түркістан деген атауға келіспей, ақыры Үрімжіде тұрған Совет консулының араға кіріп, жарастыруымен Шығыс Түркістан Халық Республикасы деген аттың ресми күшін жойып, “Халық Уәкілдері” деген атпен келіссөз жүргізуді шешкен. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 59-бет.

90 Әлихан төре 1946 мамырда Ләтіп арқылы Оспанға жіберген хатында былай деген: “Бітім жасадық [бұл жерде Үрімжімен жасалған келісім айтылып отыр – Ә. Қ.] деп Шығыс Түркістанды қызылдар иелеп алмақшы. Біз мақсатымызға жете алмадық, күрес әлі аяқталған жоқ. Іленің тағдырын мен қолда ұстаймын. Алтайда сен мықты тұр.” Зәкенұлы Т. Шығыс Түркістанның құлауы // Атамұра. 27 Наурыз 1988, 16-бет.

91 Нұрғожай батырдың бұл ойын сол кезде жасалған Ялта келісімі растауда. Кеңес Одағы, АҚШ және Ұлы Британия жетекшілері 1945 жылы ақпан айында Ялтада құпия келісімге қол жеткізіп онда Сталиннің сыртқы Монғолияның тәуелсіз болуы жөніндегі ұсынысына қолдау білдірілді. Осы орайда Қытайдың Чан Қайшı үкіметіне қысым жасалды. 9 шілде күні Чан Қайшı Кеңес Одағының Қытайдың Шынжаңдағы егемендігіне кепілдік беруі және Шынжаң көтерілісін жаншуға қолдау көрсетуі шартымен аталған талапты мақұлдады. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 164-166-бет. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 132-133-бет. Ялта келісімінің шарттары үшін қараңыз: Wang D. Under the Soviet shadow the Yining incident ethnic conflicts and international rivalry in Xinjiang 1944-1949, 423-424-бет.

92 Шың Сысайдың Кеңес Одағымен байланыстары 1938 жылы шарықтау шегіне жетті. Сол жылы тамыз айында жасырын түрде Мәскеуге барған оны Сталин үш рет қабылдады. Сонымен қатар оған ешкімге жасалмаған ерекшелік жасалып КОКП (Большевик) мүшелігіне қабылданды. 1859118 мүшелік нөмір берілген Шың Сысай тікелей КСРО Политбюросына қарады. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 131-бет.

93 Сүгірбаев Доскеновты бір көнсе саған көнеді деп Оспанға әдейі жіберген еді. 1990 жылдардың аяғында Алматыда қайтыс болған Доскеновты Оспан бөлек бір үйде бірер күн күткізіп әзер қабылдаған. Әбілқасымұлы С. “Оспан батыр”. Оспан батыр. Алматы 2007, 12-13-бет.

94 Сүгірбаев бұл уақиғаны растап былай дейді: “...1945 жылы 11 айдың орта шенінде Шаңшияу Доскенов арнайы Оспянға барып оны Сарсүмбеге келіп бастықтық міндетін тапсырып алуға үй ішімен көшіріп әкеледі. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 114-бет.

95 Оспан батыр 1945 жылы 10 қазанда 300 атты әскермен Сарсүмбе қаласына келді. Мекеме бастықтары және ақсақалдар, жалпы халық құттықтап, қызу қарсы алды. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 57-бет.

96 Бұл турасында Сүгірбаев былай жазады: “...үлкен мәжіліс болды. Бұл уақытта Оспан Көктоғайда өз ауылында болатын. Оны шақыртқан еді. Келмеді. Үлкен мәжіліс ашылатын болып шақыртып екі рет адам жіберді. Мұнда да оны – мұны сылтауратып келмей қойды. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 104-бет. Жақсылық Сәмитұлы болса бұл мәселеде былай дейді: “1945 жылы қыркүйектің 20-ы мөлшерінде Әлихан төре, Ахметжан Қасыми қатарлы Шығыс Түркістан республикасының басшылары Құлжадан Алтайға келіп он неше күн тұрып қайтады. Осы кезде Ахметжан Алтайдағы әр ұлт, әр сала халқымен бірнеше рет кеңес өткізіп бұқаралық жиындар ашып, Алтай төңкерісі үш аймақ төңкерісінің бір бөлегі деп қаралатынын, Алтай әкімшілік мекемесін құрып, оның Құлжадағы уақыттық үкіметтің басшылығына бойсұнатындығын және оның құрамындағы негізгі басшылардың есімдігін жариялайды. Бұл жиынға Оспан батырды ерекше ұсыныспен шақыртады. Әлихан төре мен Ахметжан Қасымидың Алтайға келуінде екеуінде екі түрлі мақсат болады. Ахметжан Қасыми Алтайды өз қолына қарату үшін алдымен Оспан батырды шырғалап қолға түсірмек болады. Ал, Әлихан төре болса Оспанмен оңаша сөйлесіп, оны өз жағына тартып, Кеңес Одағының шеңгеліне түсіп, жоғалып құрып бара жатқан Шығыс Түркістан республикасын Оспанмен бірлесе отырып құтқарып қалмақ болады. Бірақ Оспан Әлихан төрені де Ахметжан Қасымилер сияқты Кеңес Одағының жіберген қуыршақ бастықтары санап онымен кездесуге қызықпайды. Бірақ кейін 1946 жылы наурыз айында Әлихан төрені түсіне бастаған Оспан батыр оған арнаулы адам жіберіп хат жолдайды. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 144-бет. Әлихан төре сол кездегі өзінің ұстанған саясатын Ташкенде өмірінің соңына таман бір тілшіге былай деп баяндаған: “Менің сол кездегі мақсатым – тәуелсіз Шығыс Түркістан республикасын құру еді. Кеңес Одағының соғыста көп көмек бергені рас. Бірақ кейін шұғыл бұрылыс жасады. Қоминдаң үкіметімен бейбіт келісім жасай бастағанда-ақ ниеттері белгілі болды. Осыған қарап менің де пейілім бұзылды. Соғыстың Манас шекарасынан ары бармай тоқтап қалатынын да білдім. Сол үшін басқа шара іздедім. Алтайдағы Оспан батырға, Сауан бойындағы Қалибек батырға кісі жібердім. Солармен бірлесіп ынтымақтасуды мақсат еттім. Солардың күшімен Шығыс Түркістан Ислам республикасын аман сақтап қалуды ойладым. Бірақ уақыт, жағдай оған жар бермеді. Аяғы өзімді де үкімет басынан тайдырып әкетті. Сонда, 145-бет. Оспан батыр болса 1947 жылы Қытай генералы Сұң Чиланға айтқан сөзінде Әлиханды қолдайтынын білдірген. Ол былай деген: “1944 жылы Іле оқиғасы болған кезде мен Іледегі қазақтардың бастығы Әлиханмен біріншіден, Шынжаңды Кеңес Одағына қаратпау, екіншіден діни сенімді батыл қорғау жөнінде астыртын келіскен едім. Осы екі негізгі пікірге Әлихан мақұлдық білдірген соң ғана мен Ыле оқиғасына қатынасып, олардың қолдаушысы болдым” Сонда, 236-бет.

97 Жаң Жежұң кейін, атап айтқанда 1946 жылы наурызда табысты бола алмаған У Жұң Шин қызметінен алынғаннан кейін оның орына қызметке тағайындалады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 59-бет.

98 Бұл уақиғаны Сүгірбаев басқаша баяндайды: “Жанымхан бұл келгендерді [Өзіне Оспанның хатын әкелген Мұқаметжан Мүрсәлімұлы, Кенен, Ердіқанды айтып отыр – Ә. Қара] өз шаңырғында 3-4 күн қондырып (бұл Қоминдаңдық қожайындарына мәлімдеп, олардан нұсқау алғанша жасаған аялы еді) қайтарды. Сонымен бірге Қапаспен бетбе бет сөйлесіп жағдайды толығырақ ұғысып, жан – жақты пікір ауыстырып қайту үшін Нұрғожайды Кенендерге қосып жібереді. Бірақ Нұрғожайдың бұл жерге келгенін басқалар сезіп қалады. Қоминдаңмен астасып отырғандығы әшекереленіп қалатын болған соң Қапастар “Ел ішіне жансыздап келіп жүрген жерінен ұстап алдық.” деп Салық пен Уақыттың (бұл екеуі сол кезде Көктоғай ауданының бастығы және бастықтың орынбасары еді) жіберген адамы Сейпілдер арқылы аймақтық өкіметке тапсырып береді. Нұрғожай: “Айрылысып кеткеніме көп уақыт болды. Қатын баламның жай – күйін біліп қайтуға ғана келген едім. Ешқандай бөтен ниетім болған емес.” деп шынын айтпайды. Аймақтық сақшы мекемесі оны да тексеріп көрмек болып қамап қояды. Оспанның оған арашашы болуға батылы бармайды. Әйткенменен Оспан – Жанымхан (шынына келгенде Оспан – Қоминдаң кертартпашылдары) ортасындағы алғашқы жалғасу қысқаша осылай басталады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 123-124-бет.

99 Кеңес Одағы өзінің саясаттарына қайшы келген Әлихан төрені 1946 жылы мамыр айында орнынан жасырын түрде алып тастайды. Бір-ақ түнде жоқ болып кеткен Әлихан төренің қайда кеткенін ешкім білмей қалмады. Үкімет адамдары болса оның Құлжаның Арасан деген жерінде демалып жатқанын айтады. Үкімет бұдан басқа мәлімет бермей уақыт өткізіп халыққа оны ұмытқызып жіберуге тырысады. Негізінде оны Кеңестік қызметкерлер Ташкенге алып қашқан еді. Әлихан төре кейін Ташкенде бір тілшіге басынан өткендерді былай деп әңгімелеген: “Бір күні кешке тамақ ішіп болып, үйімде демалып отыр едім. Күн батып бара жатқан кез болатын. Бір полковник жетіп келді де: “Өте тығыз жұмыс шығып қалды. Үкімет кеңсесіне тез жүре қойыңыз” – деді. Кителімді кидім де сыртқа шықтым. Машинада алдында бір полковник, сол жақ орындықта бір полковник отыр екен. Мен артқы орындыққа келіп отырдым. Он жағымнан жаңағы полковник келіп жайғасты. Мен күнде осылай жүретінмін. Машина қозғалды да үкімет үйіне қарай жүрді. Үш қақпаның үлкен жолына келгенде, қара жолға шыққаннан кейін оң жақта үкімет үйі болушы еді. Сол араға барғанда машина оңға бұрылмады. Солға қарай бұрылды. Бұл жол Кеңес Одағынан бір-ақ шығады. “Жігіттер, үкімет үйі былай қалды ғой” деп едім, әлгілердің біреуі: “Қария, бұйрық осы, енді түзу отырыңыз”, - деді. Сөйтті де қалтамда кішкене наганым болушы еді, соны суырып алды. Содан Жаркенттен бір-ақ шығарды. Жаркентте ұшақ тосып тұр екен. Соған отырғызды да Өзбекстанның бір жеріне әкеліп түсірді. Сонымен осы арадағы бір мешітті тапсырып, тыным қылды.” Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 144-145-бет. Ресейлік архив деректері де, КСРО Ішкі Істер Министрлігі мен Мемлекеттік Хауіпсіздік Комитетінің 1946 жылы 17 маусым күні Әлихан Төре Сабирхожаевті Кеңес Одағына кері шақырғанын атап өтеді. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 169-бет.

100 Дәлелхан Жанымханұлы, Оспан батырдың 1947 жылы наурыз айының орта шенінде Сарсүмбе қаласынан Көктоғайдағы аулына көшкенін айтады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 63-64-бет.Сүгірбаев Оспанның көшкенін былай деп көрсетеді: “...1946 жылы 4 айда Оспан “денсаулығым жақсы емес, жайлауға шығып демаламын” деген сылтаумен Сарсүмбеден көшіп Көктоғай ауданының Күрті деген жеріне барып алады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 126-бет. Арада үш ай өткеннен кейін Дәлелхан Сүгірбаев қасына Әбілмәжін ғұң, Көкенай тәйжі, Тәстекбай, Нәби қажы үкірдай және Көксеген биді ертіп Оспанды қайта Сарсүмбеге келуге көндіру үшін Көктоғайдағы ауылына барады. Үш күн талқылау болып өтініш жасалса да Оспан райынан қайтпайды. Бармайтын себебін былай деп айтып береді: “1. Әлихан төре келгенде мені тоспастан Алтай аймағын Шығыс Түркістан Республикасының бір аймағы деп пікірлеспестен қоса салған. 2. Сабағат салмастан мекеме бастықтарын өздері меңгеріп, басқарып Қазақстандықтарды орналастырған. 3. Шығыс Түркістан Республикасының президенті Әлихан төрені кім орнынан алды? Менің хабарым болмады. 4. Естуімше, Шығыс Түркістан деген атты жойып Қытаймен 11 тармақты келісімге қол қойды. Одан да хабарым болмады. 5. Көктоғайда демалысқа келіп жацам елімді шауып, малын бұлап, Көктоғай халқын айдап көшіріп әкетті. Осының бәрін істеп отырған Совет Одағы және оның құрған қуыршақ өкіметі. Мен ешкімге қол жаулық бола алмаймын. Мен бұрыннан коммунизмге қарсы едім. Және бұл күресімді соңғы демім біткенше алып барамын. Мен Қытайға қарсы емеспін. Алдымен сендер Қытайды тауып, бірлесіп отырсыңдар. Мен де бірлесіп отырмын. Ол коммунист емес. Мен де кім коммунизмге қарсы тұрса, соған қосыламын. Маған шен керек емес. Қысқасын айтқанда, қалаға қайтып бармаймын, - деді.” Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 64-65-бет. Бұдан соң Оспанды қайта Сарсүмге келуі үшін Генерал Ысқақбек, Генерал Сүгірбаев және Алтайдағы Совет консулы да әрекет жасайды. Бұл туралы Дәлелхан Жанымханұлы былай дейді: “Оспанның демалысқа шыққан кезінде үш аймақтың әскери қолбасшысы генерал-лейтенант Ысқақбек, Алтайдағы қолбасшы генерал-майор Дәлелхан Сүгірбаев және Алтайдағы Совет консулы Оспан батырдың Сартоғайдағы ауылына барады. Оспан үш күнге дейін бұларды үйіне жолатпайды. Төртінші күні дегенде жолығуға рұқсат етеді. Совет консулы сөз бастап:

  • Арада кейбір түсініспестіктер бар. Оның үшін ағат кеткен істерді кешіріңіз. Жаңа келісімге келейік. Жалпы Алтай халқына, әсіресе Айтуған табына ерекше жәрдемде боламын, бұған сөз беремін, - деп портфеліндегі бір алтын медальді шығарып, батырға ұсынады. Батыр қолына алып:

  • Мен моншақ тағатын қатын емеспін. Сен тағып ал, - деп жанында отырған зайыбы Баянға береді. Сонымен сөз кесіліп, үшеуі қонақ үйге шығып кетеді. Арада Қанатбай бастық және бірнешеуі батырға келіп:

  • Бұларды жібермейік немесе атып өлтірейік немесе ұстап Үрімжіге әкетейік, - дейді. Батыр олардың ешбіреуін қабыл көрмейді:

  • Елшіні ұстауға да, өлтіруге де болмайды, - дегендіктен үшеуі сол күні келген жеңіл машинамен Сарсүмбеге қайтып кетеді. Сонда, 62-бет.

101 Сүгірбаев, Нұрғожайды абақтыдан босатқанның Оспан екенін алға тартады. “Көшерінде [Оспанның Сарсүмбеден Көктоғайға көшуі айтылып отыр – Ә. Қ.] қоярда қоймай жүріп Нұрғожайды түрмеден босаттырып әкетеді. Дәлелхан Сүгірбаев оның мұнысына бірлікті, ынтымақты көздеп амалсыз жол береді.” Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 126-бет.

102 Расында да Үш Аймақ Төңкерісі табысқа жете бергенде Дәлелхан Сүгірбаев, Ахметжан Қасыми, Әбдікерім Аббасов, Ысқақбек Мононов және Шынжаң Демократиялық Төңкеріс Партиясы Үрімжі Аймақтық Комитетінің өкілі Лу Жи сынды оның жетекшілері бір айырплан апатында қаза табады. Ол уақиға туралы Сүгірбаев былай деп мәлімет береді: “Шынжаң бейбіт жолмен азат болар қарсаңында Жұнғо [Қытай] Халық Республикасының дүниеге келуін әлемге жариялау тұрғысынан ашылмақ болған 1- кезекті мемлекеттік саяси мәслихат кеңесінің бірінші мәжілісіне қатынасу үшін Үш Аймақ Төңкерісінің Ахметжан бастаған басшыларымен бірге Дәлелхан Сүгірбаев “Жұнғо Халық саяси мәслихат кеңесіне дайындық комитетінің” меңгерушісі Мау Зыдұңның ұсынысы бойынша Бейжинге бара жатып 1949 жылы 8 айдың 27 күні бұрынғы Совет Одағының Байқал өңірі әуе кеңістігінде айырплан шырғалаңымен бақытқа қарсы 43 жасында қаза болды. Шырғалаңның мән – жайы былай болған.

Дәлелхан Сүгірбаевтар 8 айдың 22 күні Құлжадан автомобильмен аттанып Алматыға барады. Одан соң Совет Одағы Үкіметі жақ дайындаған арнаулы айырпланға отырып Иркуцки қаласына барғаннан кейін әуе райы өзгерісімен үш күн аял болып қалады. Бейжинде ашылатын мәжілістің уақыты таяп қалғандығы себепті әуе райының нашар болғанына қарамай 4- күні өкілдер: алдағы бекет Ұланбатыр аэродромының әуе райы ашық болса, бүгін аттансақ деген пікірді айтады. Ақырында олар Иркуцкиден көтеріледі. Байқал көлі өңірінің әуе кеңістігіне ілінгенде жаңбырлы тұманға жолығады. Оның үстіне тағы бір қырсыққа жолығады – айырпланның компасы жұмыс істеуден қалады. Бағдарды айыру мүмкіндігінен айрылған айырплан алды – артындағы аэродромдарға “қатерге жолықтық” деп хабар береді. Екі жақтан дереу бірнеше шарлаушы айырпландар шығып, оларды іздейді. Амал не? Соқыр тұманда біріне бірі жолыға алмайды. Жолаушы айырплан тұманды жарып шығу үшін барынша әуелеп ұшып, екі сағаттан аса уақыт әрекеттенсе де еңбек зая кетеді. Оның үстіне Ұланбатырға жететіндей ғана құйылған жанар зат әбден таусылады. Айырплан Байқалдың батыс оңтүстік жағындағы таудың бір заңғар шоқысына соғылады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 227-228-бет. Үш аймақ жетекшілерінің қазасы не себептен екені белгісіз жұртшылықтан үш бойына жасырылды. Бұл турасында Жақсылық былай дейді: “Сол жылы күзде, яғни қараша айында Сейпиден Әзези Құлжа қаласына келді. Ел жиылып аэдромға шығып қарсы алды. Және онан бірінші сұралған сұрақ: “Біздің көсемдеріміз қайда?” – деген сауал болды. Оған Сәйпиден: “Кешкі сағат бесте ОҚАҚ-ы клубына келіңдер, - деді. ОҚАҚ-ы дегеніміз сол кездегі Құлжадағы ұйғыр, қазақ, қырғыз клубы еді. Кешке қарай ел сонда жиналды. Клубқа жиналған қалың елдің алдында Сәйпиден көз жасын ағызып жылап тұрып: “Біздің көсемдеріміз – сүйікті адамдарымыз Пекинге кетіп бара жатқан жолында 28 Тамыз күні ұшақ апатынан қазаға ұшырады” – деп қаралы сөз сөйледі. Олар жөніндегі тұңғыш хабар халық жұртшылығына үш айға жақын уақытта осылай естіртілді. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 157-158-бет. Шетелдік ғалымдар осы апаттың табиғый ма, қастаңдық әрекеті ме екендігінін таласты екенін айтады. Forbes A. Warlords and muslims in Chinese Central Asia. London – New York, 1986, 221-222-бет. Баймирза Хайит Кеңес Одағының жақтасы Дәлелхан Сүгірбаевпен жолдастарының Кытай Коммунистік үкіметін тану турасында көңілсіздік сыңай байқатқандықтарын, өйткені олардың өздерінің өз алдына бір үкімет құру ойларының болғанын айтады. Міне сондықтан олар 1949 жылы 15 тамызда Алматыға шақырылған. Хайит Б. Türkistan Rusya ile Çin arasında. Ыстамбұл, 1975, 330-бет.



103 Сүгірбаев та Оспанның Кеңес Одағының өздерімен келісім – шартшыз кен қазуына үзілді – кесілді қарсы шыққанын атап өтуде: “1936 жылы Шың Сысай өкіметінің ұсынысы бойынша Совет Одағының кен барлаушылары жұмыс жүргізген 1937 жылы 7 айда Шың Сысай Москваға барғанда Сталинмен тікелей қол қойысқан келісім бойынша, 1941 жылы 5 айдан бастап Совет Одағы үкіметі машина – жабдық, инженер – техник, қаржы шығарып ашқан, кейін Шың Сысай Нанжиң үкіметінің қойнына кіріп, Совет Одағынан бет бұрғандықтан Шың Сысай өкіметінің әр алуан қысымына ұшыраған, сонымен бірге дүниежүзілік екінші соғыс шиеленісіп, Совет үкіметі адам күшін, заттық күшін неміс басқыншыларына қарсы алдыңғы майданға жұмылдыруға тура келген соң 1943 жылы 7 айда уақыттық тастап кеткен Көктоғай кеніне 1946 жылы 6 айдың басында Совет Одағының кен ашушылары қайта оралып орналасады. Бұдан хабар алған Оспан көсемсіп абырой таба қалу мақсатымен өзінің жемтіктестеріне, сойыл соғуларын, басқа да кейбір жұрт беделділерін шақырып жыйын ашып:

- Жер менікі тұрса, орыстар бұл жерге менің рұқсатымсыз неге келеді? Оларды қуалап жіберу керек! – деп тұлан тұтады. Сүгірбаев П. Алтай Арпалыстары. Үрімжі, 1995, 129-130-бет.



104 1946 жылы 6 мамырда орталық өкімет уәкілі Жаң Жежұң, халық уәкілдері Рахымжан, Әбілхайыр төре (ұйғыр), Ахметжан Қасыми қол қойған тоқтамның тармақтары: 1. Сайлау құқығын тану; 2. Дін еркіндігі құқығын тану; 3. Жалпы қатынас істері қытайша және ұйғырша болып жазылады; 4. Бастауыш және орта мектептер ұлттың ана тілінде тілінде болуы; 5. Ұлттық мәдениет және көркем өнерді еркін дамыту; 6. Баспасөз, жиналыс өткізу еркіндігі болуы; 7. Баж істерін тәртіпке салу; 8. Халықтың ел ішінде және шетелде сауда істеу еркіндігін тану; 9. Өлкелік өкіметті қайта құру. Өкімет мүшесі 25 болып, Орталық өкімет оның 10 мүшесін тікелей сайлай алады. Қалған 15 мүшесін аймақтағы халық сайлайды; 10. Ұлттық армия құруға жол беріледі; 11. Екі жақ қолға түскен тұтқындарды тоқтамға қол қойғаннан кейін 10 күн ішінде еліне қайтарады. Жаналтай Д. Қилы заман қиын күндер. Алматы, 2000, 59-60-бет. Түпкі нұсқасы Тайван Тарих Институтының архивінде сақтаулы осы келісімнің толық мәтіні үшін қараңыз: Benson L. The Ili rebellion the moslem challenge to chinese authority in Xinjiang 1944-1949, 185-187-бет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет