«Тоғызқұмалақ» ойынының негіздері.
Стратегиясы мен тактикасы. Бұл есеп ойыны, творчестволық ойын екенін естен шығармай, қалай болса солай бастап, отаудағы құмалақтарды мақсатсыз жүре беруден сақ болу керек. Жүріске мән бермеу ойынның сапасын төмендетеді, оның нәтижесінде, ойыншының көңіл-күйіне де кері әсері тигізеді. Ойынға творчестволық тұрғыдан қарау қажет. Сонда ғана аса күрделі де, қызықты ойынның табиғатын терең түсінесіз.
Ойыннан шығатын нәтиже ең алдымен сайысқа түсіп отырған екі адамның ақыл-ойымен, творчестволық жеңімпаздығымен, тәжірибесімен тығыз байланысты. Сондықтан ойынды байыпты түрде бастап, әрбір жүрістің алдына позицияларға тарта ойнау керек.
Алға қойған мақсатты жүзеге асырудың жоспары болады. Осындай жоспарлы ойынның әрбір кезеңдеріне сай, жасалған тартыстың жалпы барысын, негізгі бағытын – стратегия деп, ал қолданылған жеке айла-тәсілдерді тактика деп атайды. «Тоғызқұмалақ» ойынын жаңадан үйренуші адам әрбір ойында бірінші жүрістен бастап-ақ өзінің алдына айқын стратегиялық жоспар қойып ойнауды дағдыға айналдыру керек.
Сонымен, стратегия «Тоғызқұмалақ» ойынының негізгі принциптерімен, айла-тәсілдерімен де тығыз байланысты екен.
Жалпы стратегия мен тактика бір-бірімен тығыз ұштасып, әрі бір-бірін толықтырып тұрады. Сондықтан кезінде бірнеше тактикалық әдістерді қолдана біліп, стратегиялық жоспар құрған ойыншы тек спорттық нәтижеге ғана ие болып қоймастан, үлкен творчестволық өсу жолына түседі. Демек, талапкер
«мүлдем жоспарсыз ойнағаннан, жаман болса да жоспар құрып ойнау жүз есе артық» деген қағиданы ұстануы тиіс.
Тоғызқұмалақ ойынының принциптері.
Ойын кезінде тартыс алғашқы жүрістерден-ақ шиеленісе түседі. Дойбы, шахмат ойындарындағы сияқты тастарды жинақтап, шабуыл, қорғанысқа даярлау деген сирек жағдай. Өйткені ақ жағының алғашқы жүрісі-ақ бірнеше құмалақтарды ұтып алуға жеткізеді. Сондықтан ойыншы бірден ойланады. «Қай отаудан жүрсем екен?», «Ойынды қалай бастасам екен?», «Құмалақтарды отауларда қалай орналастырсам екен?», «ойынның басында ғана ма, әлде ойынның соңына дейін үздіксіз есептеп отыру қажет пе?». Міне, осындай сұрақтардың тууы да заңды.
Біз позицияларындағы тактикалық және стратегиялық жоспарларды талдамас бұрын жас таплапкерлерді осы қойылған сұрақтар төңірегінде туған ойынның негізгі принциптерімен таныстырып өтейік.
Бұл принциптер мыналар:
а) тақта үстіндегі ойын күштеріне жауапкершілікпен қарау;
ә) отаудағы құмалақтарды өрістете білу немесе оң жақ отаулардан бастап ойнау;
б) жүрістерді есептеу.
Ойын күштеріне жауапкершілікпен қарау. Бұл принцип бойынша - ешбір мақсатсыз, жоспарсыз, ойламай өз жағындағы отаудағы құмалақтарды қарсыласына ұтқыза беруге және отаудағы құмалақтар санын азайтуға болмайды. Өз отауларындағы құмалақтар санын кеміту және ұтқыза беру оның күшін әлсіретеді, көбіне ол ойыншыны ұтылысқа әкеліп соқтырады. Сондықтан отаудағы құмалақтар санына ойынның басынан жауапты қарау керек.
«Тоғызқұмалақ» ойынындағы негізгі мақсат бірінші жүрістен бастап-ақ қарсы жақтың жүрістерін тарылтып, дұрыс позицияға ие болу. Бұған жетудің басты шарттарының бірі – тақта үстінен жақсы орындар «жаулап» алу, яғни құмалақтардың ойнау күшін дұрыс өрістете білу немесе оң жақтан бастап ойнау.
Есептеп отырып ойнау. «Тоғызқұмалақ» ойынында жүрісті есептеу жолы өте көп. Тек өз жүрісінің ғана мақсатын белгілеу, есептеу керек емес, қарсы жақтың да мақсатын біліп, жүрісін мұқият есептеп отыру керек. Бұл принципті сақтамаған жағдайда, яғни есептен жаңылу, жалығу және есептеуде қате жіберу ұтылысқа әкеліп соқтырады.
Достарыңызбен бөлісу: |