1.1.1 Қазақстандағы ғылым мен техника саласындағы аударманың қалыптасуы мен салалық терминдер сөздіктерінің түзілуі
Қазіргі таңда Қазақстанда аударма түрлі салаларда жүзеге асырылуда. Осы кезеңге дейін салалық аударманы аудармашыларды даярлайтын жоғарғы оқу орындарында негізінен Ауызша (ілеспе және бірізді) аударма, Жазбаша аударма, Көркем аударма, Ғылыми-техникалық аударма, Техникалық аударма немесе Ақпараттық аударма пәндері арқылы оқытып келсе, бұдан былай бұл аударма түрлеріне қоса салалық аударма бағыттарына үйрету қажеттілігі туып отыр. Өйткені жаһандану дәуірінде еліміздің экономикасы түрлі салаларда бірдей даму үстінде және халықаралық байланыстардың кеңеюімен байланысты аудармашыларға берілетін жаңа бағыттағы материалдардың да түрлері көбеюде. Әр саланы аудару үшін белгілі бір саладағы құзыретті аудармашылардың болуы шарт.
Ғылыми-техникалық аудармадағы басты аударма бірлігі болып табылатын терминдер анық әрі нақты мағынаға ие болуы керек. Түпнұсқа тілі мен аударылатын тілдердегі ұқсас стильдердің лингвистикалық ерекшеліктері көбінесе сәйкес келе бермейді. Ғылыми-техникалық мәтінді аудару кезінде ғылыми әдебиеттің тиісті бөлімінде аударылатын тілде бұрыннан белгілі терминдер қолданылады. Ғылыми мәтіндегі аударманың маңызды практикалық міндеттерінің бірі – кірме терминдер үшін ең тиімді нұсқаны ана тіліндегі сөздер мен кірме сөздерден дұрыс таңдай білу.
1920-1930 жылдар аралығында термин атауы қабылданғанға дейін түрлі атаулармен айтылып келді: түрлі салаларға байланысты терминдерді пән сөздері деп атаса, өзге тілден енген жаңа терминдерді шет сөздер немесе жат сөздер деп атап келді. Пән сөздері дегеніміз қазіргі салалық терминдерге сәйкес келсе, жат немесе шет сөздер қазіргі жаһандану кезеңіндегі интернационалды терминдерге сәйкес келеді.
Қазақ тілінің тау-кен терминдерін ғылыми түрде біріздендіру өткен ғасырдың 50-жылдарында академик Қ. Сәтбаевтың бастамасымен қолға алынып жүйелене бастады. Қазіргі жаһандық «төртінші индустриялық революция» аясында Қазақстанның тау-кен саласының әлеуеті халықаралық деңгейде өсуде, яғни тау-кен терминдерінің қоры түрлі жаңа технологиялар атаулары мен құрылғылар атауларымен толықтырылуда. Дегенмен қазіргі күнге дейін тау-кен терминологиясының қалыптасу жолдары пәнаралық байланыстар аясында сипатталмай келді. Тау‑кен ісі саласындағы мемлекетаралық жобалар, халықаралық конгрестер, конференциялар мен келісімшарттардың жүргізілуі салалық аудармашы мамандарына деген сұраныстың артып отырғанын байқатып қана қоймай, сонымен бірге сала аудармасының негізгі бірлігі болып табылатын тау‑кен терминдерінің жүйеленуі мен терминологиялық сөздіктердің тапшылығын да көрсетеді. Мұның себебін тау-кен саласының терминдерін жүйелеуді өткен ғасырдың 50‑жылдарында академик Қ. Сәтбаевтың бастамасымен қолға алынып, кейін Кеңес үкіметінің құлауымен байланысты тау-кен өндірісінің кәсіпорындарының жабылуымен де түсіндіруге болады.
Тау-кен саласындағы терминдену процесі әлі де жалғасуда, себебі әлемде болып жатқан төртінші өнеркәсіптік революцияға байланысты, Қазақстан Республикасының тау-кен өндірісі индустриялық революцияның екінші толқынын бастан кешіруде және ұдайы даму мен жетілу үстінде. Тау-кен терминдері – бұл тілдің лексикалық қабаты, салалық ғылымның терминжүйесін, қызметі мен өрісін кеңейтетін бірден-бір фактор.
Қазақстандағы тау-кен өндірісінің салалық терминдерінің аударылуын сипаттамас бұрын тау-кен саласының әлемдегі және Қазақстандағы даму кезеңдеріне тоқталып өтсек. Әлемдегі ғылыми‑техникалық өндірістің дамуы мен қалыптасуы мынадай төрт кезең арқылы көрсетілген (кесте 1):
бірінші индустриялық революция (XVIII-XIX);
екінші индустриялық революция (1870-1914);
үшінші индустриялық революция (1980-ші жылдардан бастап);
төртінші индустриялық революция (2016-шы жылдардан бастап).
Кесте 1 – Ғылыми-техникалық өндірістің әлемдегі және Қазақстандағы дамуы
Әлемдегі тау-кен өндірісі
|
Қазақстандағы тау-кен өндірісі
|
Бірінші индустриялық революция
(XVIII-XIX)
|
Индустриялық революция
(1950-жылдардан бастап)
|
Екінші индустриялық революция
(1870-1914)
|
Ғылыми-техникалық революция
(1960-1980)
|
Үшінші индустриялық революция
(1980-жылдардан бастап)
|
Жаһандану немесе глобализация
(1990-жылдардан бастап)
|
Төртінші индустриялық революция
(2016-жылдардан бастап)
|
Төртінші индустриялық революция
(2016-жылдардан бастап)
|
Ескерту – Автор құрастырған
|
Қазақстан әлем картасындағы жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иемденеді және қазба байлықтары алуан түрлі. Әлемдік ғылыми-техникалық өндірістің дамуы еліміздегі тау-кен өндірісінің қалыптасуы мен салалық аударманың дамуына жол берді (кесте 1):
индустриялық революция (1950-ші жылдардан бастап);
ғылыми‑техникалық революция (1960-1980);
жаһандану немесе глобализация (1990-шы жылдардан бастап);
төртінші индустриялық революция (2016-шы жылдардан бастап).
Әлемдегі және Қазақстандағы тау-кен өндірісінің даму кезеңдерін салыстыра отырып ғылым мен техника саласындағы дамудың бірқатар айырмашылықтарын анықтадық. Батыс елдерінде индустриялық революция XVIII-XIX ғасырларда дамыса, Қазақстанда тек 1950-ші жылдарда ғана басталды. Ал қазіргі таңда Қазақстан әлемнің дамыған елдерімен қатар төртінші индустриялық революцияны бірдей басынан кешіруде. Батыс елдерінің бірнеше ғасырда жеткен жетістіктерін еліміз 70 жылда өткерді. Ал бұл еліміздің ғылым мен білім салаларына да талапты күшейтеді.
Тау-кен өндірісінің дамуы ежелгі түркі халықтарынан, соның ішінде қазақ жерінен бастау алғанымен, батыста ғылыми түрде жүйеленіп, технологиялармен байытылған. Кейін ғылым мен техника жетілдіріліп, индустриялық революцияның қарқынды дамуымен байланысты түрлі озық технологиялар мен құрал-жабдықтар батыс елдерінде жасалып, техника тілі жаңа терминдермен байытылған.
Қазақстандағы тау-кен өндірісінде салалық аударма жасау үшін аудармашының көмекші құралдары ретіндегі анықтағыштар, сөздіктер мен глоссарийлердің көбісі әліпби жүйесімен жүйеленген және әр терминге бірнеше нұсқадан берілген. Сондықтан қазіргі заман талабына сай салалық терминдерді салалық аудармада еркін пайдалану мақсатында сала терминдерінің электрондық тезаурусын құру қажеттілігі туып отыр.
Мұндай электрондық тезаурустар халықаралық стандарттарға сай жасалуы тиіс. Сонымен бірге терминдердің электрондық дерекқорлары басқа да халықаралық терминологиялық сөздіктер мен дерекқорлардың метадеректерімен өзара байланыста болуы шарт. Бұл дегеніміз ақпараттық жүйе мамандары мен сала мамандарының аудармашыларымен бірігіп интеграция және коллаборация жұмысын жүргізу қажеттілігін туғызады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандартына сәйкес, тау‑кен өндірісінде салалық аударма кезінде жасалатын бірқатар құжаттар бар (кесте 2).
Кесте 2 – Тау-кен өндірісіндегі салалық аударма орындалатын құжаттар
Қазақ тілі
|
Ағылшын тілі
|
Орыс тілі
|
1
|
2
|
3
|
ТЭН
|
FS
|
ТЭО
|
Техника-экономикалық негіздеме
|
Feasibility Studies
|
Технико-экономическое обоснование
|
Алдын ала ТЭН
|
Pre-FS
|
Пред-ТЭО
|
Алдын ала техника-экономикалық негіздеме
|
Pre-Feasibility Studies
|
Пред-технико-экономическое обоснование
|
Техникалық спецификация
|
Technical Specifications
|
Техническая спецификация
|
Инвестициялық меморандум
|
Investment Memoranda
|
Инвестиционный меморандум
|
Шарттар мен келісімшарттар
|
Agreements and Contracts
|
Соглашения и контракты
|
EPC келісімшарты
|
EPC Contract
|
EPC контракт, Договор подряда
|
Мердігерлік және жеткізілім шарты
|
Turnkey Contract
|
Договор подряда и поставки
|
Сатып алу шарты
|
Purchase Agreement
|
Договор о покупке
|
Алдын ала сатып алу шарты
|
Offtake Agreement
|
Договор о покупке будущей продукции
|
Қаржылық есептілік
|
Financial Statements
|
Финансовая отчетность
|
Ескерту – Автор құрастырған
|
Аударматану тұрғысынан әр пән саласының терминологиясын теориялық жағынан негіздеп, жүйелеп, жіктеп және біріздендіру үшін мынадай басты мәселелерді қарастыру қажет.
Ғылым мен білімнің арнайы пән саласының тұжырымдамаларын санаттары мен кластары бойынша жүйелеу.
Ұғымдардың қолданыстағы ғылыми анықтамаларын нақтылау немесе жаңа анықтамалар жасау.
Терминдерге тезаурустық, құрылымдық, классификациялық талдау жасау.
Терминдерді терминологиялық өрісі, жүйесі бойынша функционалдық талдау жасау арқылы, олардың ішіндегі көпмағыналы немесе сәтсіз жасалған терминдерді талдап, ең тиімдісін қалдыру.
Терминдерді біріздендіру арқылы ұғымдар жүйесі мен терминологиялық жүйенің бір мағыналы сәйкестігін қамтамасыз ету қажет. Берілген терминологиялық жүйеде бір ұғымға бір ғана термин сәйкес келуі керек. Терминологиялық норма жалпы лингвистикалық нормаға негізделгенімен, кейде кәсіби қызметкерлердің ауызекі қолданысында сәйкес келе бермеуі мүмкін, мысалы, кен ісі мамандарның арасында ауызекі түрде кеңінен қолданыста жүрген дОбыча руды терминінің лингвистикалық нормаларға сай айтылу түрі добЫча руды болып қалыптасқан.
Сала терминдерінің терминологиялық жүйесін жіктеп, сала терминдерін кодтау керек, мұны нормативтік сөздіктер мен халықаралық стандарттар негізіне сүйене отырып жасау шарт. Терминологияны кодтаудың нәтижесінде нормативтік сөздіктер, халықаралық стандарттарың шарттары мен талаптарына жауап беретін терминдердің сөздіктері мен кең ауқымды тезаурустары жасалады.
Қазіргі таңда терминологиялық жүйелерді онтологиялық және замануи тезаурустық жүйеде жіктеу мынадай халықаралық стандарттарға бағытталуы тиіс: ГОСТ Р 7.0.91-2015 (ISO 25964-1:2011), ISO 25964-2:2013, ISO 25964-1:2011, ҚР СТ 34.022-2006, ҚР СТ 34.019-2005 (ISO/IEC 12207:1995, MOD), ҚР СТ 34.002-2004, ANSI/NISO Z39.19-2005, ANSI/NISO Z39.50-2003, ISO/IEC 13250:2003, ISO/IEC 13250:2000, ИСО МЭК ТО 12182-2002, ҚР СТ 34.005-2002, ISO 2788:1986, ISO 5964:1985.
Салалық терминдер арнайы бір ғылым саласының қолданысындағы ұғым атауы ретінде ғылыми тілге немесе салалық тілге қызмет етіп қана қоймай, тілдік ортада дами отырып, терминдiк сипатқа ие болады. Ғалымдар терминдердің ғылыми жетістіктер мен технологиялардың дамуымен байланысты қоғамда орын алатын əлеуметтік қажеттiлiктен туатындықтан, көптеген терминдердің ерекшелiктерi бір тiлдiң өзiне ғана тəн себептермен түсiндiруге келе бермейтінін айтады [77; 78, б. 91].
Жұмысымызда қарастыратын қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі түрлі өндіріс пен ғылым салаларының лексикалық қабаты салалық терминдерден құралады. Белгілі бір ғылым саласында аударма жасауды жүзеге асыру үшін ең алдымен сол салаға тəн немесе салаға қатысты терминдер жүйесі жасалып, жіктеліп және құрастырылады. Осы пән салаларындағы терминдер жүйесі ғылыми сипатқа ие болып, пән салалары материалдарын аударуда аударманың өзге түрлерінен ажырататын мынадай басты айырмашылықтары бар:
ғылым мен техника салалары мәтіндерін аударуда тек жалпы лексиканы ғана емес, түпнұсқа тілі мен аударылатын тілдердегі нақты терминологияны терең білу;
сала мәтіндерін аударуда нақты терминдерді қамтитын түпнұсқа мәтінінің мағынасын дәл жеткізу;
сала мәтіндерін аударуда терминдердің басқа тілде берілуінде ауытқулардың болмауы;
салалық аудармада диаграмма, график тәрізді қосымша өңдеуді қажет ететін материалдардың көптеп кездесуі және т.б.
Ғылым мен техника салаларындағы мәтін – бұл көптілді мамандар арасындағы техникалық және ғылыми ақпарат алмасудың құралы. Ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі кезеңінде білімнің кейбір салаларындағы арнайы терминология басқа салаларға да көптеп енуде, яғни ғылым мен білім салаларының арасында пәнаралық және салаларық байланыстар орнатылуда. Мысалы, тау‑кен саласындағы техникалық әдебиеттер мен құжаттарды аудару үшін бір мезетте тек аударма және түсіндірме сөздіктерді ғана емес, сонымен бірге геология мен геодезия, металлургия, химия, энергетика, экономика үшін салалық сөздіктерді қолдану қажет. Салалық аударма қатаң ғылыми-техникалық стильде, дәл және эмоциясыз жасалуы керек.
Пән салаларына арналған аударма көбіне дерлік сөзбе-сөз болып көрінгенімен, ондағы анықтамалар мен терминдер толық түсіндіріліп, бейімделуі керек, яғни мәтін арнайы техникалық терминдерге толы болғанымен, оларды түсіну оңай болуы шарт.
Терминдер ғылым мен техниканың белгілі бір саласында қатаң тәртіппен анықталған мағынаға ие сөздер немесе сөз тіркестері болғандықтан, олар өндіріс саласының кез келген аясына тән ұғымдардың, процестердің және заттардың атауларын дәл көрсетуі керек. Термин ұғымдарын дұрыс анықтау үшін ең алдымен оның терминологиядағы қай ғылым мен техника саласына жататындығын анықтау қажет, яғни ол терминдердің басқа да терминдермен қатынасы мен байланысына мән беру қажет. Мысалы, қорытпа терминінің металл терминіне тура қатысы бар және оған тікелей байланысты, себебі қорытпа бірнеше таза металдардың қоспасы арқылы алынатын өнім. Ал қорытпаның болат, жез, құрыш, қола, дюралюминий тәрізді түрлері, қорытпа терминіне тікелей қатысты, себебі аталған қорытпаның түрлері бірнеше металдың қоспасы арқылы алынатын өнім түрлері болып табылады. Сонда аталған болат, жез, құрыш, қола, дюралюминий терминдерінің металға қатысы қорытпа термині арқылы байланысады. Осы себепті ғылыми-техникалық аудармада көптеп кездесетін салалық терминдерді дұрыс аудару үшін терминдердің морфологиялық құрылымын, оларды жалпы сөздерден ажырататын мағыналық ерекшеліктерін, терминдер мен терминдік тіркестердің негізгі түрлерін, олардың құрылымдық ерекшеліктерін және қолдану ерекшеліктерін білу шарт.
Қазақстанда ғылым мен өндірістің, экономика мен мəдениеттің қарқынды дамуымен байланысты жаңа терминдер қатары жылдан-жылға толықтырыла түсуде. Әсіресе тау-кен терминдері тек қана тау-кен саласының аясында ғана емес, сондай-ақ, кен орындарын барлау барысындағы іргелес ғылымдар саласымен, яғни геология, геофизикамен, оларды өндіріп, байыту барысында түрлі құрылғылар мен технологиялармен, одан әрі маркетингтік мақсат пен нарық қатынасы аясында қаржы және экономикамен, кен өндіру мен сату барысындағы құжаттарды реттеу мен ресімдеуде заң және заңнамалармен тығыз байланыса отырып, тау-кен терминдері жаңа салалық терминдер тобымен толықтырылуда.
Тағы бір атап өтетін жайт, ұзақ жылдар бойы өндіріске қатысты сала терминдерінің техникалық терминдер деп аталып келгені баршамызға мәлім. Осыған Р. Құдайбергеновтің 50000 терминнен құралған қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдеріндегі «Техникалық терминдер сөздігі» дәлел бола алады [79]. Мұнай және газ, энергетика, геология, металлургия, тау‑кен терминдерін аударумен бірнеше жылғы практикалық және зерттеу жұмыстарының нәтижесінде әр пән саласының терминдеріне жалпы техникалық терминдер деген атау аударматанудың жаңа талаптарына сай емес екенін мойындап, ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, салалық термин деп атаған дұрыс деп есептейміз [80, б. 538; 81, с. 55].
Кейбір салалық терминдер бір салада бірнеше мағынаға ие бола алады немесе керісінше саласына қарай түрлі балама арқылы беріледі. Мысал ретінде ұңғыма терминін алсақ, мұнай-газ саласында well, ал тау-кен саласында borehole деп аударылады. Себебі ағылшын тіліндегі well терминінің құдық деген де мағынасы бар, ал мұнай табиғатта жер астында сұйық түрінде кездесуі себепті, мұнай ұңғымасына well атауын берген. Ал тау-кен саласындағы ұңғыма құрғақ жер бедерін бұрғылау процесі арқылы алынатындықтан borehole, яғни бұрғылау нәтижесінде ұңғып алынатын жер асты тесігі деген мағынада қолданылады. Кен орны термині де орыс тілінде месторождение деп бір ғана терминмен берілсе, ағылшын тілінде мұнай саласындағы кен орны oil field немесе deposit, ал тау‑кен саласындағы кен орны ore field немесе deposit деп беріледі.
Салалық терминологияны тіларалық байланыста зерттеген ғалымдар Ш. Құрманбайұлы мен Ж. Бейсенованың пайымдауларына сүйене отырып, сала терминдеріне қатысты аударманың бұл түрін дәстүрлі түрде қолданылып келген техникалық немесе ғылыми-техникалық аударма деген тіркестің орнына, салалық аударма деген тіркесті қолданған жөн деп есептейміз. Салалық аударма бірден-бір дұрыс терминді таңдауды міндеттейді. Сала терминдерін салалық аударуда қойылатын басты талап – сөз тіркестерінің немесе терминдердің аудармасының дәлдігі және мәтінді түсінудегі екіұштылыққа жол бермеуі. Ғылым мен техника саласы әдебиеттерін аударуды кәсіби түрде орындау үшін пән саласын білумен қатар, берілген сала терминологиясымен қоса тілдерді жетік меңгеру шарт.
Қазақстан Республикасында салалық аударма аясында мемлекеттік тілді дамытуға зор мән берілуде. 1999-2000 және 2012-2014 жылдары Мемлекеттік терминологиялық комитеттің басшылығымен жасалған 31 томдық салалық терминологиялық сөздіктер, 2017 жылдан бері «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы осының куәсі. Аталған бағдарламамен «Ұлттық аударма бюросы» айналысуда. Осы жоба аясында аталған ұйым гуманитарлық салалар бойынша әлемнің жетекші жоғарғы оқу орындарында пайдаланылатын ең үздік деп танылған оқулықтарды қазақ тіліне аударуды жүзеге асыруда. Қазіргі таңда 31 томдық салалық терминологиялық сөздіктер цифрландырылып, Мемтерминкомның веб-сайтына орналастырылған (Termincom.kz). Өкінішке қарай, терминологиялық сөздіктің алфавиттік жүйе бойынша құрастырылған салалық сөздіктері замануи платформалар талабына сай келе бермейді, яғни автоматтандырылған ақпарат іздеу машинасының талаптарына сай жасалмағандықтан, мәтінді автоматты өңдеу және іздеу кезінде мұндағы терминдер машина бағдарламаларына көріне бермейді.
Тілде жаңа ұғымдар мен атаулардың пайда болуы ғылым мен техника саласындағы жаңалықтармен тығыз байланысты. Түрлі пән салаларындағы өзгерістер, әлеуметтік және экономикалық қатынастардың жаңа күйге ауысуы тіршілігімізге жаңалықтар енгізіп, тілімізде жаңа терминдер мен атаулардың пайда болуына әсер етеді. Мысалы, соңғы жылдары таунхол, вебинар, тренинг, аутсорсинг тәрізді тың терминдер біртіндеп тілімізге кірігіп қолданылып жатыр. Дегенмен қазақ тіліндегі салалық терминжасам ұлт тілі негізінде де, дайын сөзжасамдық үлгілер негізінде де өзіндік жаңа формалар мен терминдік парадигмалардың пайда болуын атауға болады.
Тау-кен өнеркәсібінің терминдері әлемдегі индустриялық прогресс нәтижесінде қалыптасады, сондықтан тілдің лексикалық құрамын жақсартатын геофизика, геология және басқа да қосымша салалармен байланысты тілдің арнайы лексикасының аймағы болып табылады. Басқаша айтқанда, ғылыми-техникалық және әдеби тіл нормаларымен тікелей байланыста дамып келе жатқан тау-кен өндірісінің терминологиялық лексикасы іскерлік және кәсіби тілдің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Сондықтан тау-кен өндірісінің терминдері нақты, қысқа, анық, нақты және бір мәнді болуы керек. Тілде мұндай талаптардың бәрін дерлік орындау кейде мүмкін болмай жатады, әсіресе түрлі жүйелі қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде бірдей сақтау біршама қиындықтар әкеледі.
Әрбір ұлттық терминологияның көп бөлігін байырғы қалыптасқан терминология ғана емес, жаңа атаулар қатарын өзге тілден қабылданған терминдер құрайды. Бұл құбылыс жаһандану жағдайында терминология саласындағы кірме сөздер процесі жүріп жатқанын және оны саналы түрде реттеудің қажеттілігін көрсетеді. Терминология саласындағы неологизация құбылысына саналы түрде басқарылатын фактор тән. Түрлі ғылыми және өндірістік сала мамандары өздеріне қатысты терминдер құрамын жай ғана қабылдап қоя салмай, арнаулы терминологияның терминдер жүйесі ретінде қалыптасуы мен жетілдірілуін ескерулері тиіс.
Ғылыми-техникалық даму кезінде жаңа терминдердің жасалуы мен терминологиялық жүйелердің пайда болуы объективті құбылыс болып саналады. Жаңа терминдер мен терминологиялық жүйелер ғылым мен техниканың дамуымен, жаңа қоғамдық қатынастар пайда болуымен байланысты дүниеге келетіндігі баршаға мәлім. Салалық терминдерді ғылыми-өндірістік қызметтің өзгеше бір өнімі деп санауға болады [82].
Индустрияландырудың қарқынды дамуымен байланысты ғылыми‑техникалық терминдер, оның ішінде салалық терминдер, тау-кен терминдерінің негізі қазақ‑орыс тілдерінде қалыптаса бастады. Осы орайда, тау-кен терминдерімен бірге басқа да пән сөздері, яғни салалық терминдер сөздіктерін құрастыру науқаны А. Байтұрсынұлы, Е. Омаров, Қ. Кемеңгерұлы, Н. Қаратышқанов, т.б. ғалымдардың басшылығымен жүзеге аса бастады [83-85].
Жоғарыда атап өткеніміздей, ғылым мен техника саласындағы аударманың негізін құрайтын терминдерді зерттейтін ғылым саласы терминологияның дербес ғылыми бағыт ретінде дамуына шолу жасайтын болсақ, тіл білімінің аталған саласы М. Кабренің пікірінше 1930 жылдардан бастау алады [3, р. 5]. Салалық терминдердің жалпы терминдік сипатқа ие болып жүйеленуінің практикалық, эмпирикалық алғышарттары XIX ғасырдың 20‑жылдарынан бастау алды. Бұған дәлел Еуропадағы ғылыми‑техникалық прогрестің дамуымен тікелей байланысты жинақталған түрлі салалық терминдер сөздіктерінің жүйеленіп және басылуын айтамыз.
Ғылым мен техника салаларына арналған терминологиялық сөздіктерді түзу мәселелерін ең алғаш Еуропаның сала мамандары көтерді. J. Loudon (1829) [86], B. Silliman (1832) [87], Th. Lounsbury (1876) [88]; G. Vidyarthi (1893) [89], L. Van Hook (1905) [90] ғылыми терминдердің негізін қалайтын сөздік қорларды жинақтады.
Ботаника терминдерін G. Lloyd (Botanical Terminology: Or Dictionary Explaining the Terms Most Generally Employed in Systemic Botany. Edinburgh, 1826) [91]; тарих, зоология, ботаника, минералогия, геология және метеорология терминдерін J. Loudon (The Magazine of Natural History and Journal of Zoology, Botany, Mineralogy, Geology and Meteorology. London, 1829); медицина және стоматология терминдерін Ch. Harris (Dictionary of Medical Terminology and Dental Science and the Collateral Sciences. Philadelphia, 1854) [92]; Архимедес еңбектері терминдерін T. Heath (The Works of Archimedes. Cambridge, 1897) [93]; философия және психология терминдерін J. Baldwin (Dictionary of Philosophy and Psychology. The Macmillian company, 1901) [94]; пайдалы қазбалар, минералогия және геология терминдерін F. Mohs (Treatise on Minerology or the Natural History of the Mineral Kingdom. Edinburgh, 1825) [95]; пайдалы қазбалар терминдері мен олардың синонимдерін J. Nickles және R. Bassler (A Synopsis of American Fossil Bryozoa including Bibliography and Synonymy: bulletin of the United States Geological Survey No. 173. Washington, 1900) [96] сөздіктерге жинақтады. Аталған сөздіктерге сала мамандары пән саласына қатысты сөздерді, яғни терминдерді белгілі бір тәртіп бойынша жинақтады.
Қазақстандағы салалық терминдердің басты алғышарттары XX ғасырдың 20-жылдарында қалана бастады. Қазақстанда толыққанды салалық терминдер сөздіктері пайда болғанға дейін алғашқы қазақ сөздіктеріне Орынборда 1906 жылы басылып шыққан «Орысша-қазақша (қырғызша) қысқаша сөздікті», 1925 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Қазақша-орысша тілмашын» жатқызуға болады. 1926 жылы Қызылордада Н. Қаратышқановтың редакциясымен «Пән сөздері» де басылып шықты [97]. Олардан өзге, 1931 жылы «Атаулар сөздігі» де шықты [98]. Сол кезеңде 1931 және 1935 жылдары «Терминологиялық сөздік», ал 1936 жылы Қызылордада «Қазақ тілінің терминдері» жарық көрді [99].
Алғашқылардың бірі болып салалық терминдер сөздігін құрастырған «Физика пән сөздері» кітабының авторы Е. Омаров, Н. Қаратышқанов, І. Ағыбайұлы болды [83]. Аталған салалық терминдер сөздіктері «Орысша-қазақша әскерлік атаулары», «Атаулар сөздігі», «Терминологиялық сөздік» деген атпен басылып шыға бастады [Орысша-қазақша әскерлік атаулары, 1926; Атаулар сөздігі, 1931; Терминологиялық сөздік, 1931]. Бұл сөздіктерде орыс тілінің терминдері қазақ тіліне аударылды.
Қазақстанда 1940-1990 жылдар аралығында 150-ден астам терминологиялық сөздіктер шығарылған. 1991-2003 жылдар аралығында тағы 100-ден астам сөздіктер құрастырылып, басылып шықты. Олардың ішінде айырықша атап өтетініміз мыналар: 1974-1986 жылдары А. Ысқақовтың басшылығымен шыққан Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің он томдығы; академик І. Кеңесбаевтың басшылығымен Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі (1977); Орысша-қазақша сөздік (1954, 1978, 2003); Қазақ тілінің сөздігі (1999); 8 тілді қамтитын Түркі тілдерінің сөздігі (1996, 1999) [100].
Соңғы жылдары сөздіктер саны көптеп шықты, олардың ішінде салалық терминдер сөздіктері, қостілді, көптілді, техникалық терминдер, синонимдер, орфографиялық, орфоэпиялық, фразеологиялық, диалектологиялық, т.б. сөздіктері шығарылды.
Тау‑кен саласына қатысты техникалық терминологиялық сөздіктеріне қатысты айтатын болсақ Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Қ. Сәтбаевтың бастамасымен 1957 жылы ғылыми-зерттеу институттары өз мамандықтары бойынша терминологиялық сөздіктер жасау жөніндегі жұмыстарды бастап, осы іргелі жұмыстың нәтижесінде мынадай сөздіктер басылып шықты:
Металлургия өнеркәсібі терминдерінің қысқаша орысша-қазақша сөздігі (Е. Бекмұхаметов) [101];
Металлургия өнеркәсібі, тау-кен ісі және физика терминдерінің орысша-қазақша сөздігі (А. Машанов, А. Мусин, Ғ. Айташев) [102];
Орысша-қазақша терминология сөздігі. Математика, физика және астрономия терминдері қамтылған (М. Әмірбаев, Қ. Бектаев, Р. Бөкейханов, О. Жәутіков, Б. Оразбаев, М. Сәтбаев) [103];
Геология терминдерінің орысша-қазақша қысқаша сөздігі (А. Машанов, Ж. Сыдықов, А. Әбдірахманов) [104];
Орысша-қазақша терминология сөздігі. Тау-кен істері (М. Бакаев, Қ. Нұғыманов, З. Сейдуалиев, Ш. Ыбыраев, О. Ұлықбеков) [105];
Орысша-қазақша механизм мен машиналардың терминологиялық сөздігі (Ө. Жолдасбеков, А. Әбдірахманов) [106];
Химия терминдерінің орысша-қазақша сөздігі (Б. Бірімжанов, С. Омаров) [107];
Машина жасау жөніндегі орысша-қазақша сөздік (Д. Серікбаев, Ө. Жолдасбеков, С. Тәжібаев, А. Әбдірахманов) [108];
Ауыл шаруашылығын механикаландырудың орысша-қазақша сөздігі (К. Мыңбаев, М. Шыныбаев, М. Байміров) [109];
Су техникасы терминдерінің орысша-қазақша сөздігі (Ә. Әбдірахманов, Б. Манақбаев) [110];
Гидрогеология мен инженерлік геология жөніндегі орысша-қазақша терминологиялық сөздік (Ж. Сыдықов, Ф. Қабиев) [111];
Теориялық механика терминдерінің орысша-қазақша сөздігі (Ө. Жолдасбеков, М. Сағитов) [112].
Аталған сөздіктердің барлығы 1993 жылға дейін шықты. 2000 жылы әр саланың жетекші мамандары өз үлестерін қосқан, 155000 сөзді қамтитын Терминологиялық комиссия бекіткен орысша-қазақша және қазақша-орысша 31 томдық салалық терминологиялық сөздіктер шығарылды. Осы 31 томдық еңбектің тау‑кен саласының терминдеріне арналған сөздігін талдау арқылы, сала терминдері толыққанды, ұдайы толықтырылмағандығын байқадық. Терминком бекіткен «Кен ісі және металлургия» саласының терминдеріне дәстүрлі тезаурустық сараптама мен құрылымдық талдау нәтижелері келесі тарауда толығырақ берілген.
Қазақстан ғылымында терминография тек лексикография қағидаттарын негізге алған тәжірибелік терминография сипатында ғана дамыды. Терминдер сөздігін шығару арнайы мәселе ретінде теориялық терминография тұрғысынан ғана қарастырылып келді. Оның әсері кейінгі жылдары көптеп шығарылған терминологиялық сөздіктер сапасына өз әсерін тигізбей қойған жоқ.
Салалық терминологиялық сөздіктерді пән салалары бойынша түзу, жасау турасында Ш. Құрманбайұлы, Е. Әбдірәсілов, С. Құлманов сынды ғалымдар басшылыққа алынуы тиіс маңызды мәселелерге назар аударды [80, 538 б.].
Біріншіден, терминологиялық сөздіктердің мақсаты мен қызметі оның құрылымымен үйлесімді болуы қажет. Екіншіден, терминологиялық сөздіктерде қолданылған тәсілдер тиімді болуы керек, әсіресе бұл өзге тілден аударма арқылы енетін терминдерге қатысты. Үшіншіден, терминологиялық сөздіктердің жүйені біртұтас бейнесін бере алу қабілетінің болуы, яғни терминологиялық жүйе ғылымның пән саласының ұғымдары туралы толық түсінікті бере алу мүмкіндігін қамту шарт.
Қазіргі таңда тау-кен өндірісінде салалық аударма жасауға қажетті аудармашыға жаңа кәсіби талаптар мен құзыреттер қойылған. Халықаралық стандарттармен бекітілген анықтамаға сүйене отырып («Engineering competent translation» – EPMG ұсынған анықтама, 2004) «Техника саласындағы құзыретті аударма» (аударған – А.Б.) деп құзыретті техникалық аудармашы орындаған аударманы атаймыз.
Өз кезегінде құзыретті техникалық аудармашы тек аударылатын тіл (SL – source language, ИЯ – исходный язык) мен аударатын тілді (TL – target language, ПЯ – переводящий язык) еркін меңгеріп қана қоймай, салалық аударма пәні мен терминдерін терең түсінуі қажет. Ал аудармашының көмекші құралдары болып табылатын кәсіби анықтағыштар, көптілді сөздіктер мен салалық глоссарийлердің көбісі әліпби жүйесімен жүйеленген және әр терминге бірнеше нұсқадан берілген. Сондықтан қазіргі заман талабына сай салалық терминдерді салалық аудармада еркін әрі ыңғайлы пайдалану мақсатында салалық терминдердің электрондық тезаурусын құрастыру қажеттілігіне баса назар аударамыз.
Тау‑кен терминдерін аударудағы күрделі мәселелердің бірі – ол қазақша-ағылшынша онлайн сөздіктер мен қазақ тілінің корпусының болмауы. Қолданыстағы электрондық деректер базалары // https://sozdik.kz/, http://termincom.kz/termins, https://www.multitran.com/, http://www.mining-enc.ru/ ақпаратты жедел іздеуге қойылатын талаптарға ұдайы жауап бермейді. Электрондық форматтағы үштілді сөздіктің болмауы себепті, қазақ-ағылшын тілді аударманы орындау үшін көбінесе орыс тілін дәнекер тіл ретінде пайдалануға тура келеді.
Жоғарыда аталған мәселелердің шешімін көп тілді қазақша-орысша-ағылшынша сөздіктердің тың жаңа түрін жасау деп танимыз. Мұндай замануи аударманың талаптарына жауап беретін сөздіктердің жаңа буыны басқарылмалы интероперабельді тезаурус болып табылады.
Тау-кен терминдерінің басқарылмалы интероперабельді тезаурусын құрастыру Қазақстанның басқа да пәндік бағыттары үшін көптілді сөздіктерді жасауға үлгі бола алады. Тау-кен өнеркәсібіне арналған көптілді тезаурус теориялық жағынан ғана емес, сонымен бірге практикалық маңыздылыққа ие. Қазақстанда алғаш рет жүргізіліп отырған жоба аясында РҒА СБ Есептеу технологиялары институтында сынақтан өткен Zthes деректер схемасы негізіндегі заманауи сандық әдістер қолданылады // http://db4.sbras.ru/elbib/data/admin/adm.phtml.
Біздің жұмысымыздың практикалық нәтижесі ретінде жасалған басқарылмалы тезаурусымызға құрылымдық жағынан мейлінше сәйкес келетін идеографиялық сөздіктер түзу бойынша Ресейдің Ю. Караулов, О. Баранов тәрізді ғалымдары айналысқан болатын [113, 114]. Орыс ғалымдары идеографиялық немесе семантикалық сөздіктерді тек бір тілде, яғни орыс тілінде ғана жасауға тырысты. Мұндай сөздіктердің бір тілде жасалуы себепті осы сөздіктердің нәтижесін аудармашы қызметінде пайдалану мүмкін болмай отыр. Аталған мәселеге қоса тағы бір кемшілігі – бұл біртілді сөздіктерде пән салалары бір‑бірінен таза ажыратылмаған.
Салалық аударма саласындағы аудармашылар компьютерлік технологиялар қарқынды дами бастағаннан бері түрлі электрондық сөздіктерді еркін қолданыста пайдаланып келді, атап айтсақ, Sozdik.kz, Termincom.kz, Мультитран, ABBYY Lingvo, Prompt, Slovoed, DICT, FreeDict, Free On-line Dictionary of Computing, WordNet, Мультилекс, т.б.
Қазіргі таңда Қазақстан аудармашыларының көпшілігіне қолжетімді, белсенді қолданатын электрондық сөздіктер мыналар: Мультитран, Sozdik.kz және Termincom.kz. Мұндай электрондық сөздіктер арқылы қажетті терминдерді іздеу барысында көп варианттылық мәселесі туындайды, яғни бір терминге бір нұсқа емес, бірнеше нұсқа жарысып беріледі.
Осы орайда сөзіміз көрнекі болу үшін мысалдар қарастырайық. Бәріміз білетіндей, елімізде салалық аудармалардың көпшілігі ағылшын‑орыс, орыс‑ағылшын немесе орыс‑қазақ, қазақ‑орыс тілдері арқылы жүзеге асады (сурет 2).
Ағылшын‑қазақ немесе қазақ‑ағылшын аудармалары дәнекер тілдің қатысы арқылы орындалады. Бұл туралы біз Social Inclusion журналында басылған «Controlled Multilingual Thesauri for Kazakh Industry-Specific Terms» тақырыбындағы мақаламызда толығырақ тоқталдық [115].
Сурет 2 – Қазақстандағы салалық аударманың дәнекер тілдің қатысы арқылы жасалуы
Ескерту – Автор құрастырған
Мысалы, тау‑кен ісі мен металлургия саласында жиі кездесетін brass және латунь терминдерін электрондық сөздіктерден іздестірейік.
Алдымен ағылшын‑орыс тілді сөздіктерге жүгінеміз. Аталған терминге Мультитран сөздігі ағылшын тіліндегі мынадай нұсқаларын берсе: composition metal, lattin, composition-metal, brasses, yellow metal, latten, latten brass, copper-zink alloy, latten alloy, CuZn, admiralty brass, malleable brass, ал орыс тілінде мынадай нұсқаларын ұсынады: желтая медь, латунь, высший военный чин, медная посуда, медная посуда, вкладыш подшипника, вкладка, прокладка, патрон, т.б.
Бұл сөздіктердегі терминдердің жарыспалығы мен варианттылық деңгейінің жоғары екенін төмендегі суреттерден көруге болады (суреттер 3, 4).
Сурет 3 – «Brass» терминіне Мультитран сөздігінің ұсынатын орыс тіліндегі баламалары
Ескерту – Әдебиет негізінде құралған [116]
Сурет 4 – «Латунь» терминіне «Мультитран» сөздігінің ұсынатын ағылшын тіліндегі баламалары
Ескерту – Әдебиет негізінде құралған [116]
Мультитран сөздігінде қазақ тілі қамтылмағандықтан, термин іздеудегі келесі кезеңді Termincom.kz сөздігінен іздейміз. Termincom.kz сөздігі латунь терминінің семантикалық баламасы болып келетін жез терминін бірнеше салаларға қатысты етіп, мынадай нұсқаларды береді (сурет 5):
|