Жазылым термині - «жазу» деген мағынаны емес, «жаза білу, ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін, қағаз бетінде сауатты жеткізе білу» дегенді білдіреді. Жазылым - тілдік тұлғалардың графикалық, фонемалық жүйесіне негізделген: лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық, әдістемелік ерекшеліктерге қатысты тілдік материалдың мазмұны мен формасын бірдей қамтитын адамдардың ұзақ мерзімдегі қарым-қатынасына мүмкіндік жасайтын күрделі тарихи әрекет. Жазылым, біріншіден, әріптің, сөздің графикалық таңбасы арқылы іске асады; екіншіден, бұл графикалық таңбалар белгілі бір фонемалық, мағыналық қасиетке ие болады; үшіншіден, жазылым құбылысында сөйлесім әрекетінің барлық түрі қатысады; төртіншіден, жазу үстінде тіл үйренуші адам сөйлемнің мазмұн-мағынасына ғана емес, формасына да көңіл аударуға мәжбүр болады; бесіншіден, жазылым қағаз бетіне түскен материалдың түсінікті, жүйелі болуына тікелей байланысты жүзеге асырады. Ғалымдардың қалыптасқан пікір бойынша, жазылым үш бөліктен құралады: а) себеп-салдарлық; ә) аналитикалық-синтетикалық; б) орындалымдық.
.Ш.Оразбаеваның пікірінше, жазылым бірнеше құрылымдық кезеңнен тұрады да, көпсалалы болады: 1) қажеттіліктен пайда болатын себеп; 2) себептің ойда, санада бейнеленуі; 3) ойдың сөз арқылы тізбектелуі; 4) сөздің графикалық әріптермен таңбалануы; 5) жазудың екінші адамға түсінікті болып, берілген хабарды білдіруі. Жазылымның лингвистикалық мазмұнын белгілейтін мәселелер мыналар: 1) графика; 2) орфографика; 3) жазып алу; 4) жазбаша сөйлеу.
Тыңдалым - «аудирование» деген терминнің білдіретін мағынасы - есту арқылы түсіну. Бұл термин айтылған не техникалық аппараттарға жазылған аудиомәтіндегі сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау және түсіну деген ұғымды білдіреді. Тыңдалымды жете меңгеру оған қатысты мынадай белгілерді үйретумен байланысты: 1) басқа дыбыстардан тілдік дыбыс толқынын, олардың ерекшеліктерін ажырата білу; 2) аудиолық тілдік тұлғалардың мағынасы мен мәнін дұрыс қабылдай білу; 3) мәтіннен қажетті деректі тауып, пайдалана білу; 4) тыңдалымға қатысты негізгі көрсеткіштерді жан-жақты меңгеру. Тілді үйретуде тыңдалымның маңызы мен ерекшелігін белгілейтін ең басты көрсеткіш - тыңдалымға арналған мәтін, яғни аудиомәтін. Тілді үйрету барысында тыңдалымның сапалы болуы екі факторға байланысты: а) объективтік фактор, ә) субъективтік фактор. Тыңдалымға арналған мәтін әртүрлі ерекшелігіне сай таңдалады.
1) үйренетін тілдің айрықша белгілері мен тілдік ерекшелігіне қарай;
2) тақырыбына қарай;
3) мазмұнына қарай;
4) қатысымдық тұлғалардың құрылымына қарай. Мәтінмен жұмыс хабарды түсіну дәрежесіне қарай әр түрлі мақсатты көздейді: а) мазмұнды толық түсіну; ә) ең басты ойды түсіну; б) бөлшектеп түсіну; в) ақпаратты өз қажетіне қарай нақтылап түсу.
Тыңдалымды жете меңгеру үшін қойылатын талаптар:
1) тыңдауға ұсынылатын мәтінде, әңгімеде, пікірде айтылатын басты ой түсінуге жеңіл болуы керек;
2) үннің ырғағы мен әуені дұрыс естілуі қажет;
3) тілді жақсы үйрену үшін, тыңдалым бірінші сабақтан бастап үздіксіз жүргізілуі тиіс;
4) оқушының тілге қатысты білімі мен дайындығы ескерілген жөн;
5) тыңдалымға қатысты жұмыстардың бәрі бақылауға алынған дұрыс.
Тыңдалымды меңгерудің әдістемелік екі жолы бар: а) нақты көрініс арқылы; ә) көрнекілік арқылы. Үйренуші мен үйретушінің көзбе-көз не бірін-бірі көрмей қарым-қатынаста болу ыңғайына қарай тыңдалым екі түрге бөлінеді: біріншісі - тіке тыңдалым, екіншісі - аралық тыңдалым.
Қатысым әдісі арқылы оқыту дегеніміз – өзінде теориялық және білімдік оқу мазмұны іске асатын, оқушыларда өмірлік қатысым дағдылары мен білімді қалыптастыратын, шығармашылық амал - тәсілдерді қамтитын, мәнерлі де жатық сөйлеуге баулитын оқу.
Бастауыш сыныпта қазақ тілін қатысым әдісі арқылы оқытуда меңгерілетін құзіреттіліктің бірі – қатысымдық құзіреттілік.
Достарыңызбен бөлісу: |