Сөйлесім әрекеті және оның түрлері
Қатысым әдісі арқылы оқыту дегеніміз – өзінде теориялық және білімдік оқу мазмұны іске асатын, оқушыларда өмірлік қатысым дағдылары мен білімді қалыптастыратын, шығармашылық амал - тәсілдерді қамтитын, мәнерлі де жатық сөйлеуге баулитын оқу.
Қатысымдық бағдарлы оқыту арқылы белгілі бір тіл туралы білім берілмейді. Қарым- қатынас құралы тілдің өзін қалай қолдану керек, сол жөнінде оқытылады, яғни сол тілде сөйлеу басты мақсатқа алынып оқытылады. «Қатысымдық әдіс дегеніміз - оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын; тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым- қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі»
Қатысым әдісінің негізгі мақсаты - тіл үйренушілерді бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетіне баулу. Е.И.Пассов бұл жөнінде былай дейді: «Готовить учащегося к участию в процессе иноязычного общения нужно в условиях иноязычного общения, созданного в классе. Это и определяет сущность коммуникативного обучения, которая заключается в том, что процесс обучения является моделью общения» .
Қатысымдық әдістің басты белгісінің бірі - тілді үйретуді күнделікті өмірде жүзеге асыру, сабақты практикалық жағынан жан-жақты қамтамасыз ету. Мұнда оқу сырттай немесе жеке ара күйде іске аспайды, адамдардың іс жүзіндегі өзара іс-әрекеті үстінде, ауызба-ауыз сөйлесуі, тілдесуі арқылы болады.
Қатысымдық бағдарлы оқу әрекетінің маңызды құрылымдық элементтерінің бірі – қатысымдық тапсырмалар тіл үйренушілердің орындайтын дәстүрлі тілдік, грамматикалық тапсырмаларындай емес, қатысымдық дағдыларды қалыптастыруға бағытталып, сөйлеу әрекетінің барлық түрін дамытуға негізделе жүргізіледі
Адамдар өзара сөйлесу, түсінісу, пікір білдіру үшін адам өміріндегі күрделі үдеріс - тілдік қатынасқа түседі. Тілдік қатынастың маңыздылығына ғалым А. Байтұрсынов былайша тоқталған:
«Тіл - адамның адамдық белгілерінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді» [9, 8].
Өмірде алуан түрлі құбылыстар бар. Олар: табиғат құбылыстар мен қоғамдық құбылыстар болып екіге бөлінеді. Тіл қоғамдық құбылыстардың қатарынан орын алады. Ол - қыр-сыры мол, күрделі құбылыс.
Жоғарыдағы пікірлерден тілдік қатынастың адам өміріндегі мағыздылығын көреміз.
Тілдік қатынасқа түсу үшін белгілі бір сөздерді, сөз тіркестерін, сөйлемді қолданамыз. Осылайша, адам тіл амалдарын пайдалану арқылы пікір, ой білдіреді. Демек, тілдік бірліктердің сыртқа шығып, қолданыста жүзеге асып, адамдар арасында қарым-қатынас жасауда көрініс табу формасын сөйлеу деп айтамыз. Сөйлеу - ойдың тілдік құралдар арқылы сыртқа шығуы.
Қазақ ғалымдарының ішінде сөйлеуге қатысты алғаш пікір айтқандар - А. Байтұрсынов пен Қ. Жұбанов.
А. Байтұрсынов өзінің «Тіл - құрал» атты еңбегінде: «Сөйлеу - адамның белгілі бір мәселеге қатысты толық, түсінікті ойын білдіреді», - деп атап өткен болатын.
Ал Қ. Жұбанов: «Сөйлеген адам өзіне сөйлемейді, басқа біреуге сөйлейді. Мен не деп сөйлесем де, басқа біреуге өзімнің ойымнан хабар беру үшін сөйлеген болам. Сөйлеудегі мақсат - біреудің екінші біреуге өзінің ойын білдіруі», - деп өз пікірін білдіреді.
Сөйлеу тек тіл бірліктерінің көмегімен сыртқа шығады. Оған Ф. Оразбаеваның мына бір пікірі дәлел: «Сөйлеу, әдетте, тіл дыбыстарынсыз және олардың айтылу, қабылдау үдерістерінен тыс болуы мүмкін емес».
Сонымен жоғарыдағы пікірлерден шығатын қорытынды: сөйлеу дегеніміз - іштегі ойдың тілдік құралдар арқылы сыртқа шығуы.
Сөйлеу жоғары деңгейде жүзеге асу үшін сөйлеудің бес әрекеті іске асуы керек.
Сөйлесім әрекеті - әр түрлі ғылым өкілдерін қызықтырған күрделі мәселе. Сөйлесім әрекетін көптеген авторлар белгілі бір хабарды, ойды, ақпаратты баяндау, яғни екінші біреуге жеткізу деп түсіндіреді. Немесе тілдік қарым-қатынас дегеніміз - адамдардың бір-бірімен тіл арқылы белгілі бір ақпаратпен пікір алмасу деген пікірді айтады. Осындай тәжірибелерге сүйене келіп, сөйлесім әрекетін бес түрге бөліп қарастырамыз. Олар: оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім. Сөйлесім әрекетінің барлық түрлеріне тән ең басты көрсеткіш: ол - түсіну. Бір адам екінші бір адамның айтқанын түсінбесе, ұқпаса, онда пікірлесу де, сөйлесу де жүзеге аспайды. Сөйлесім әркетіне қатысты айту да, оқу да, жазу да, есту де, тілдесу де белгілі бір хабарланған, баяндалған ойды түсінуге негізделеді.
Сөйлеу әрекетінің үш түрін - тыңдалым, айтылым, тілдесімді - тілдесудің ауызша түріне, екі түрін - оқылым мен жазылымды - жазу түріне жатқызады. Бұлайша бөлу, тілдесудің үш түрінің бір-бірінен едәуір алшақтығы бар екенін көрсетеді. Ол мәтін көлемінен де, ондағы синтаксистік құрылымнан да, жалпы тілдесу кезіндегі сөздер санынан да байқалады. Мұнымен қоса ауызша тілдесу кезінде есту арқылы қабылданса, жазбаша тілдесу кезіндегі ақпарат көру арқылы қабылданады. Сондықтан жазбаша тілдесу көру арқылы қабылданып, түсіну дағдысын талап етсе, ауызша тілдесу тыңдай отырып, қабылдап, түсініп, жауап беру дағдысын талап етеді.
Сөйлеу әрекетінің үш түрін өнімді әрекетке, екі түрін баяндау әрекетіне жатқызады. Өнімді талдау кезінде өз сөзін өзі құрайды, басқаша айтқанда, өзі білетін, өзіне таныс сөздерден таңдай отырып, өзі құрастырады. Ал баяндау әрекетінде тыңдап немесе оқып отырған адам айтушы мен жазушыдан келген ақпаратты оқи, тыңдай отырып, бақылап, барлап, қорытып барып жауап ьереді. Оның беретін жауабы өзіне келген ақпаратқа тәуелді.
Сөйлеу әрекетінің бес түріне оқыту төмендегі қажеттіліктерді талап етеді:
1. Сөйлеу әрекетінің әрбір түрі өз бетінше іске асады. Алайда әрқайсысы өзіне қажет дағдылардың дамуын талап етеді.
2. Сөйлеу әрекетінің ауызша түрлеріне ауызша, жазбаша түрлеріне жазбаша жұмыс түрлері арқылы бақылау орнату қажет.
3. Оқыту кезінде оқыту мақсатына сәйкес сөйлеу әрекетінің бір түрінің ерекше басымекендігіне қарамастан, сабақтың тиімді өтуі үшін мұғалімнің сөйлеу әрекетінің бес түрін шеберлікпен үйлестіре білуді талап етеді.
Оқушының сөйлеу әрекетінің түрлерін меңгеруі туралы:
а) оқушының өзге тілде жаза білуі дегеніміз - өз ойын, пікірін жазбаша бере білуі, бірақ ол оқулықтан немесе басқа бір дайын дүниеден әртүрлі тапсырмасы бар жаттығуларды орындау немесе көшіріп жазып алу емес;
ә) оқушының өзге тілде оқи білуі дегеніміз - оқытудың әр деңгейі талап ететіноқу түрлерін (қарап оқу, түсініп оқу, ізденіп оқу), оқи отырып түсіну нормаларын меңгеруі деген сөз. Алайда ол дайын мәтінді қатесіз, мүдірмей дауыстап оқып шығу емес. Егер қатесіз, мүдірмей, дауыстап оқуды ғана меңгерсе, онда ол техникалық дағдыны ғана меңгерген болып шығады.
б) оқушының өзге тілде сөйлей білуі дегеніміз - оқытудың әр деңгейі талап ететін сұхбаттасу нормаларын меңгеруі. Оқыған немесе оқыған мәтін мазмұнын оқытудың әр деңгейі талап ететін мазмұндау нормалары бойынша айтып бере білуі. Бірақ ол оқушының мәтін мазмұнын жаттап алып айтып беруі немесе дайын сұхбаттарды жаттап алып айтып беруі емес. Бұл сөйлей алу немесе сөйлеу емес, бұл тек сөйлеу дағдысының дамуын ғана көрсетеді.
в) оқушының өзге тілде тыңдау алуы дегеніміз - тыңдаған сұхбатты түсініп, баяндай білуі. Бұл тек қана алдын ала жаттап алған сұхбатты тыңдай сала айтып беруі емес. Ол тек тыңдауға қажетті дағдының қалыптасуына ғана көмектеседі.
г) оқушының өзге тілде тілдесе білуі дегеніміз - кез келген тақырыпта, кез келген адамның сұрағына жауап беріп, өз ойын, өз пікірін ашық айта білуі. Яғни бұл әртүрлі тақырыптағы диалогтарды жаттап алып, тілдесу емес. Еркін тілдесуіге түсу үшін оқушы тілді еркін меңгеруі керек.
Оқылым - графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананың нәтижесінде қабылдай отырып, сауатты, дұрыс, мәнерлеп, ұғынықты оқу және одан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу. Оқылым, біріншіден, ой мен мидың бірлескен жұмысына байланысты болады, екіншіден, жазылған графикалық таңбалардың тізбегін дұрыс танып білуге қатысты, үшіншіден, мұнда осы таңбалардың ішкі мән-мағынасын дұрыс түсінудің мәні зор. Осындай ерекшеліктер іске асқан жағдайда ғана оқылған материалдан керек ақпараттар жинақталып алынып, оқушының қажетіне жарайды.
Сөйлесім әрекетінің ерекше бір түрі ретінде оқылымның маңызы:
1) тіл үйренуші оқылым арқылы бүкіл тілдік қатынасқа қажетті ақпараттан хабардар болады және оны тілдік қарым-қатынаста керегіне жаратады;
2) оқылымның нәтижесінде әдеби, мәдени, әлеуметтік салалардағы жылдар бойы жиналған адамзаттық тәжірибелер бір кезеңнен екінші кезеңге өтіп, адамдардың қарым-қатынасын жетілдіреді, білімін арттырады, ішкі ой-санасын байытады. Ойлау қабілеті мықты дамыған адамның сөйлеу қабілеті де ерекше болады;
3) оқылым әрекеті арқылы көңілге түйгенін тіл үйретуші жинақтайды, сұрыптайды, тұжырымдайды. Мұның өзі уақыт өте келе сарапқа түсіп, өмірде, ғылым мен техникада жаңа ізденістердің шығуына жол ашады. Адамның қоғамдағы рөлі артады, коммуникация үдерісі дамиды.
Оқылым үдерісінде 4 негізгі компонент үздіксіз қатысып отырады:
көру мүшелері;
2) ойлау мүшелері;
3) тілдік тұлғалардың таңбалық тізбегі;
4) қатысымдық тұлғалардың мағыналық тізбегі.
Сонымен қатар бірнеше қосымша компоненттер қатар жұмыс істейді: 1) дыбыстау мүшелерінің қимыл-қозғалысы; 2) дауыстап оқу; 3) есту мүшелерінің жұмысы; 4) тілдік материалдар жиынтығы.
Тіл үйрету барысында жүргізілетін оқуды әдіскерлер бірнеше түрге бөледі: аналитикалық оқу, синтетикалық оқу, дайындықты оқу, дайындықсыз оқу, аударма арқылы оқу, аудармасыз оқу, негізгі оқу, қосымша оқу, танымдық оқылым, зерделік оқылым, ізденімдік оқылым, көрсетімдік оқылым. Оқылым 2 түрлі формада жүзеге асады. Бірі - іштей оқу, екіншісі - дауыстап оқу. Дауыстап оқу жылдамдығына қарай тез оқу және баяу оқу деп те бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |