ПЕЙІЛДІ сын. Ықылас, көңілі кең, адал ниетті. Ақырында кең пейілді кемпір-
шал баланы молда шақыртып сүндетке отырғызып, атын қазақша Қасым қойып;
біржолата бауырларына басты (І.Есенберлин, Шығ.). Сүйеу қарт соңғы қозысын сойып,
қазан көтертті. Қайын енесі де пейілді (Ә.Нұрпейісов, Сергелдең). Бұндай достыққа
үлкендер мейірлі, кішілер пейілді болса, әрине, жемісі мол ғой (М.Әлімбаев, Тәрбие.).
513.
ПЕЙІЛІ АШЫҚ Көңілі, пиғылы таза. Пейілін маған деген ашық та анық,
Тұрасың жұпарыңды шашып қалып. Басыңа күн түскенде, паналадым Бауырыңа,
жаным анам, қашып барып (Т.Молдағалиев, Шақырады.).
514.
ПЕЙІЛІ КЕҢ Қолы ашық, мырза, жомарт, ақкөңіл. Пейілі кең, дастарқаны мол
Бердекеңе елі разы болып тарасқан-ды (М.Неталиев, Үлкен жол.). Қой үстіне бозторғай
Жұмыртқалап ол күнде, Жарлы жан жоқ Алашта, Бай пейілі кең еді (М.Жұмабаев,
Шығ.). Ала көйлек, ақкөңіл, Алақан – ашық, кең – пейіл. Ағайын мен абысынға,
Көрсетпеген бір зейіл. Насиқаға теңеу жоқ, Бұл сөзімде желеу жоқ (К.Әзірбаев, Таңд.
шығ.).
515.
РАҚЫМШЫЛ сын. Мейірбанды, қайырымшыл, рақымды. Түсіне қарағанда
шырайлы, рақымшыл екендігін күлімсіреген көзі, жылы ұшыраған жүзі білдіріп-ақ тұр
(А.Тоқмағамбетов, Жыр.). Жалпы адам қамы үшін күреске аттанған рақымшыл, адал
жандар (С.Мыңжасарова, Замандас.). Бұл жігіттей рақымшыл жігіт кездесе берер ме
маған? (А.Тоқмағамбетов, Әке.). Қазіргі студенттерге мұндай сезім таныс, не бейтаныс
па, ізетті, рақымшыл адамдар арасында ондай-ондайды айту артық, не кем ол жағын
білмеймін…(Қазақтар хақында).
516.
РИЯСЫЗ сын. 1. Шын ықылас, адал жүректен істелген, қалтқысыз, бүкпесіз.
Сыр алыспаған жас жігіт бәрін де риясыз көңілмен, жеркенбай, іркілмей істейді
(Ғ.Мүсірепов, Шығ.). Басқа адамдардың жақсы өмір сүруі үшін жасаған риясыз
еңбегіне өзін бақытты санайтын (Семья тәрбиесі). Академик Қ.И.Сәтбаев қалдырған
ғылыми мұра мен даңқты дәстүрді қастерлеп сақтай білу – оның нұрлы бейнесіне деген
құрмет-ізет, ол Қаныш Имантайұлының өзі сияқты қажымайтын-талмайтын риясыз
еңбекқор болуға үндейді (Қаныш аға). 2. Ысырапсыз, шығынсыз. Бұл жолда риясыз
жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген ғана кісі істің кәмәлатына жетпек (Абай, Тол. жин.).
517.
Достарыңызбен бөлісу: |